Category: Без рубрики (Page 10 of 259)

Радиофармацевтика ауруды анықтап емдеуге қалай көмектеседі

Радиофармацевтика ауруды анықтап, емдеуге қалай көмектеседі

Радиация медицинада ауруды анықтап қана қоймай, оны дәл емдеуге мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Ядролық физика институтының мамандары радиофармацевтикалық препараттардың қалай өндірілетінін және олардың заманауи диагностика мен емдеудегі рөлін түсіндірді, деп хабарлайды Malim.kz.

Емдейтін радиация: радиофармацевтика заманауи медицинаға қалай көмектеседі
“Радиация” деген сөз көп адамның бойында алаңдаушылық тудырады. Алайда қазіргі медицинада радиация қатаң бақылауды қажет ететін құбылыс қана емес, ауруларды анықтауға, ағзалардың қызметін бақылауға және науқастарды емдеуге мүмкіндік беретін дәлме-дәл құралға айналды. Физика, химия және медицина тоғысқан жерде медицинаның жеке бір бағыты – ядролық медицина қалыптасты.

Ядролық медицинаның маңызды бағыттарының бірі – радиофармацевтикалық препараттар. Бұл – құрамында аз мөлшерде радиоактивті изотоп бар арнайы дәрілік заттар. Ағзаға енгізілгеннен кейін мұндай препарат белгілі бір тіндер мен ағзаларға таралып, сол жерлерде жиналады. Мәселен, кейбір қосылыстар сүйек тінінде көбірек жинақталса, енді біреулері жүректің, қалқанша бездің және басқа ағзалардың қызметін зерттеуге мүмкіндік береді. Арнайы медициналық аппараттар – позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) және бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томография (ОФЭКТ) – препараттан бөлінетін сәулеленуді тіркеп, дәрігерге нақты диагноз қоюға көмектеседі.

Ядролық медицинаның басты ерекшелігі де осында: ол ағзаның құрылымын ғана емес, оның қалай жұмыс істейтінін де зерттеуге мүмкіндік береді. Кей жағдайда зат алмасу үдерістеріндегі өзгерістер анатомиялық бұзылыстар көзге анық байқалмай тұрып-ақ пайда болады. Сондықтан мұндай әдістер бірқатар онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және басқа да ауруларды диагностикалауда аса маңызды.

Радиация емдеу мақсатында да қолданылады. Мұндағы принцип дәрілік затты қажетті нысанаға дәл жеткізуге ұқсайды. Радиофармацевтикалық препарат оның әсері қажет болатын аймақта барынша көп жиналатындай етіп таңдалады. Радиоактивті изотоп аз ғана қашықтықта энергия бөліп, қажетті жасушаларға әсер етеді. Бұл ретте мамандардың негізгі міндеті – препараттың қажетті мөлшерін дәл есептеп, емдеудің тиімділігі мен қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету.

Радиофармацевтикалық препараттың бір ғана шағын дозасының артында үлкен еңбек жатыр. Алдымен радиоактивті изотоптарды алу, олардан препарат дайындау, оның сапасын тексеру және медициналық мекемеге жеткізу қажет. Бұл үдерісте уақыттың маңызы ерекше. Себебі көптеген медициналық изотоптардың жартылай ыдырау кезеңі қысқа, сондықтан олардың белсенділігі уақыт өте келе төмендейді. Осыған байланысты радиофармацевтикалық препараттарды өндіру жоғары дәлдікті, жақсы үйлестірілген жұмысты және физиктер, химиктер, инженерлер, дәрігерлер мен басқа да мамандардың тығыз ынтымақтастығын талап етеді.

Осы тізбекте Ядролық физика институтының (ЯФИ) орны ерекше. Көпшілік үшін мұндай мекеме ең алдымен іргелі ғылыммен және күрделі физикалық қондырғылармен байланысты. Алайда ЯФИ мамандарының ғылыми зерттеулерінің нәтижелері нақты практикалық қолданысқа ие. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында да маңызды бағыттар бар. Арнайы қондырғылардың көмегімен кейін радиофармацевтикалық препараттар жасау үшін пайдаланылатын радиоактивті изотоптарды алуға болады.

Заманауи технологиялар радиоактивті заттармен қатаң бақыланатын жағдайларда жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Препаратты өндіруден бастап оны пациентке қолдануға дейінгі әр кезеңде оның сапасы мен радиациялық қауіпсіздігіне қойылатын талаптар қатаң сақталады. Ал пациент үшін мұндай зерттеу көбіне қарапайым процедура ретінде өтеді: препараттың аз мөлшері енгізіледі, оның ағзада таралуы үшін белгілі бір уақыт күтіледі, содан кейін арнайы аппараттың көмегімен зерттеу жүргізіледі.

Бұл ретте “радиоактивті” деген сөздің өзі автоматты түрде “қауіпті” дегенді білдірмейтінін түсіну маңызды. Қауіп деңгейі сәулеленудің түріне, оның мөлшеріне, әсер ету ұзақтығына және қолданылу жағдайларына байланысты. Медицинада бұл параметрлерді мамандар алдын ала есептейді. Ал сәулелену көздерін пайдалану қажетті диагностикалық немесе емдік нәтижеге ең аз әрі негізделген, қатаң бақыланатын әсер ету арқылы қол жеткізу қағидатына негізделеді.

Бүгінде ядролық медицина барған сайын жоғары дәлдікке және жекелендірілген емдеу тәсілдеріне бет алып келеді. Әсіресе бір технологияны алдымен ауру ошағын анықтау, содан кейін сол ошаққа бағытталған ем жүргізу үшін пайдалану мүмкіндігі ерекше маңызды. Осылайша «анықтау және емдеу» қағидатына негізделген тәсіл қалыптасып келеді. Яғни диагностиканың нәтижелері дәрігерге әрі қарайғы емдеу тактикасын неғұрлым дәл таңдауға мүмкіндік береді.

Мұның бәрінің негізінде ғылыми білімнің нақты медициналық көмекке айналуы жатыр. Бөлшектер үдеткіштері, ядролық реакторлар, изотоптар мен ядролық технологиялар күнделікті өмірден алыс дүниелер сияқты көрінуі мүмкін. Алайда Ядролық физика институтының зертханасынан медициналық кабинетке дейінгі жол бұған мүлде керісінше екенін көрсетеді.

Кейде іргелі физика, химия және биология салаларындағы озық жетістіктер препарат құйылған шағын ғана құтының бойына тоғысып, дәрігерге ауруды дәлірек анықтауға, емдеу тәсілін дұрыс таңдауға және пациенттің сауығу мүмкіндігін арттыруға көмектесетін маңызды медициналық құралға айналады.
Андрей Гурин – Ядролық физика институтының Радиохимия және изотоптар өндірісі ғылыми-техникалық орталығы бастығының орынбасары.

«Жасампаздық – тек жай ұран емес ұлтты дамытудың тетігі»

«Жасампаздық – тек жай ұран емес, ұлтты дамытудың тетігі»

ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы жаңа дәуірдегі ұлттың жасампаздағы туралы пікір білдірді.

«Жасампаздықтықты идеология немесе ұстаным деп бөліп қарауға болмайды. Жасампаздық – біздің идеологиямыз да, ұлттық ұстанымымыз да. Оны ұлт ретінде дамуымызға, жаңа қасиеттерімізді қалыптастыруға мүмкіндік беретін құндылық, тетік, жол ретінде қарастыру керек. Ол тек – жай ғана ұран емес, тәрбие жұмысының бір бөлігі. Мемлекеттік идеология арқылы да әр адамға ұлттың жасампаздығын көрсетіп, түсіндіру керек», – дейді спикер.

«Қазақ – бақытты әрі жасампаз ұлт»

«Қазақ – бақытты әрі жасампаз ұлт»

«Біз ешкімнен кем емеспіз. Көршілерімізбен де, басқа мемлекеттермен де тереземіз тең. Өзімізден ұялып, өзгеден қуыстанып жүретіндей ештеңе жоқ. Тарихта қайғыға толы кезеңдерді бастан өткергеніміз рас. Өйткені біз содан өттік, өзімізді, ұлтымызды сақтап қалдық. Ал жоқ болып кеткен қаншама ұлт бар. Қазір өзінің туы, жері, мемлекеті жоқ халықтар да бар. Сондықтан біз – бақытты әрі жасампаз ұлтпыз», – деді ҚР Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы.

Көкшетаудағы эко-терминалдар: таза қалаға жасалған тағы бір қадам

Көкшетаудағы эко-терминалдар: таза қалаға жасалған тағы бір қадам

Көкшетау қаласында қалдықтарды бөлек жинауға арналған эко-терминалдар орнатылды. Заманауи фандоматтар пластикалық бөтелкелер мен алюминий құтыларды қабылдайды. Жиналған қалдықтар сұрыпталғаннан кейін одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі. Бұл бастама халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған және «Таза Қазақстан» республикалық бастамасының қағидаттарын қолдайды.

Эко-терминалдар Ақмола облысында да пайда бола бастады. Бурабай ауданында үш фандомат, ал Көкшетау қаласында тағы үш фандомат орнатылған. Құрылғылардың жұмыс істеу қағидаты қарапайым: пластикалық бөтелкені немесе алюминий құтыны арнайы бөлікке салу қажет. Жиналған ыдыстар сұрыпталып, одан әрі қайта өңдеуге жіберіледі.

Жүйені пайдаланушылар үшін қосымша ынталандыру шаралары да қарастырылған. Тапсырылған қаптама үшін бонустық ұпайлар есептеледі. Оларды жобаға қатысатын әлеуметтік серіктестердің қызметтерін пайдалануға жұмсауға болады.

«Мысалы, адам келіп, PET-бөтелкесін фандоматқа тапсырса, оған қосымша арқылы, айталық, 10 теңге есептеледі. Оны такси қызметіне пайдалануға болады, әлеуметтік серіктестеріміз бар. Сондай-ақ кофеханаларда, киім бутиктерінде, мейрамханаларда, кинотеатрларда пайдалануға мүмкіндік болады. Әлеуметтік серіктестеріміз неғұрлым көп болса, бұл шамамен бір ай уақыт алады деп ойлаймын, соғұрлым таңдау да, қызығушылық та арта түседі», – деді серіктестік басшысы Мариям Абишева.

Көкшетау қаласында эко-терминалдар әзірге үш жерде орнатылған: «Тәуелсіздік» алаңында кинотеатрдың жанында, жағалауда және Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің бас корпусында.

Қала үшін мұндай құрылғылардың пайда болуы полигондарға жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтып, кейін өндірісте қайта пайдаланылатын қайталама шикізат көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық әдеттерді қалыптастыру үшін әрдайым ауқымды шаралар қажет емес. Ең бастысы – қалдықтарды бөлек жинау біртіндеп қала тұрғындарының күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналуы.

Жаңа жүйені пайдаланушылар оның қолайлылығын атап өтуде.

«Бұрын бөтелкелерді қоқысқа тастайтынмын, қазір оларды “Sparklo” автоматына тапсырамын. Осы автоматтың арқасында жеткізу қызметтерін пайдалануға, маркетплейстерден сатып алуға және басқа да көптеген қызметтерге арналған қосымшаларда бонустар аламын. Үлкен қалаларда мұндай автоматтар бұрыннан бар. Сондықтан олардың біздің қаламызда да пайда болғанына өте қуаныштымын», – деді Көкшетау қаласының тұрғыны Адиль Бакинеев.

Сонымен қатар Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Салалық ведомствоның мәліметінше, бүгінде елімізде қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінің үштен бірінен азы сұрыпталып, қайта пайдаланылады.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры Дәулет Есмағамбетовтің айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болған. Оның 1,5 млн тоннасы сұрыпталып, қайта өңделген. Бұл жалпы көлемнің 30,6%-ын құрайды.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде 2,1 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болды. Сұрыпталған және қайта өңделген қалдықтардың көлемі 600 мың тоннаны немесе 27,7%-ды құрады.

Көкшетауда бұл жоба енді ғана қарқын алып келеді. Ұйымдастырушылар эко-терминалдар желісін кеңейтіп, жаңа әлеуметтік серіктестерді тартуды жоспарлап отыр. Бұл қала тұрғындарына қайта өңдеуге жіберілетін қайталама шикізат көлемін арттырып, ол үшін бонустар алуға мүмкіндік береді.

Экологиялық жауапкершілік күнделікті қарапайым әрекеттерден басталады. Пластикалық бөтелкені немесе алюминий құтыны арнайы терминалға тапсыруға бірнеше секунд қана уақыт кетеді. Алайда әрбір осындай қадам қалдықтардың көлемін азайтып, қаламыздың тазалығын сақтауға өз үлесін қосады.

#ТазаҚазақстан #ЧистыйКазахстан #TazaQazaqstan #TazaChallenge

Степногорск қаласында 14 шақырым су құбыры қайта жаңғыртылды

Степногорск қаласында 14 шақырым су құбыры қайта жаңғыртылды

Степногорск қаласында шаһарды сумен қамтамасыз ететін магистральдық су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдан бері мамандар 14 шақырымға жуық желіні жаңартты.
Бұл – ТВНСП сорғы станциясынан Степногорск қаласына дейінгі учаске. Оның жалпы ұзындығы 35 шақырымнан асады. 2024-2025 жылдары 11,5 шақырым, ал биылғы жылдың басынан бері тағы 2,5 шақырым су құбыры қайта жаңғыртылды. Биыл 9 шақырым желіні жаңарту жоспарланып отыр.
Жұмыстарды «Мелиоратор» ЖШС атқарып жатыр. Жұмыстар күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Ең күрделі учаскелердің бірі Ақсу өзені арқылы өтетін бөлік болды. Бастапқыда су құбырларын өзеннің астынан көлденең бағытталған бұрғылау әдісімен жүргізу жоспарланған. Алайда мамандар жобалық тереңдікте тау жыныстарына тап болғандықтан, бұл әдісті қолдану мүмкін болмады.
Нәтижесінде құбырларды өзеннің түбімен жүргізу туралы шешім қабылданды. Ол үшін жұмыстар жүргізілетін кезеңде уақытша үйінді жасалып, жұмыс аяқталғаннан кейін ол толықтай алынып тасталды. Жұмыстарға шамамен бір ай уақыт жұмсалды. Бұл ретте өзен арнасы толық жабылған жоқ.
Су құбырларын қайта жаңғырту – Степногорск қаласының коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту жұмыстарының бір бөлігі. Қалада сондай-ақ нөсер кәрізінің нысандары мен «Степногорск Водоканалының» нысандарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар қаланың сумен жабдықтау және коммуналдық жүйелерінің сенімділігін арттыруға бағытталған.

Көкшетауда өсіп келе жатқан қала үшін жаңа ЖЭО салынуда

Көкшетауда өсіп келе жатқан қала үшін жаңа ЖЭО салынуда

Көкшетау қаласында жылу және электр энергиясының тапшылығы мәселесін шешіп, қаланың одан әрі дамуына қажетті қуат резервін қалыптастыратын жаңа жылу электр орталығының құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жүргізіліп, қажетті инфрақұрылым қалыптастырылуда және сыртқы желілерді жобалау жұмыстары жалғасып жатыр.
Жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Жаңа ЖЭО-ның құрылысы Көкшетау қаласының өсуі мен қолданыстағы жылумен жабдықтау жүйесіне түсетін жүктеменің артуын ескере отырып қажет болып отыр.
Қалада жаңа тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар мен кәсіпорындар пайда болуда. Сонымен қатар жылу мен электр энергиясына деген қажеттілік те артып келеді. Жаңа станция қажетті қуаттарды қамтамасыз етіп, облыс орталығының одан әрі дамуына қажетті резерв қалыптастыруы тиіс.
ЖЭО шамамен 240 МВт электр энергиясын өндіреді, ал жылу қуаттылығы сағатына 820 Гкал-ға дейін жетеді. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін Көкшетау қаласының, оның ішінде Станционный кентінің 195 мыңнан астам тұрғынын жылумен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар станция шамамен 600 көппәтерлі тұрғын үйді ыстық сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Бұл – Көкшетау үшін асыра айтпай-ақ қояйын, тарихи оқиға. ЖЭО құрылысы көптеген мәселені, соның ішінде қаланың одан әрі кеңеюіне қатысты мәселелерді шешеді», – деп атап өткен болатын Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов.
Биыл қаңтар айында жобаға жаңа серпін берілді. Қазақстандық-сингапурлық консорциуммен келісімшарттар жасалды. Өңір басшысы атап өткендей, құрылыс барысында экологиялық талаптарға сәйкес келетін заманауи технологиялар қолданылатын болады.
Бұл отынды тиімдірек жағуға және зиянды шығарындыларды азайтуға мүмкіндік беретін «таза көмір» деп аталатын технологияға қатысты. Бұл болашақ станцияның жұмыс істеуі барысында экологиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.
Ал құрылыс алаңында қазірдің өзінде жұмыстар жүргізілуде. Алаңішілік автомобиль жолдары мен уақытша инженерлік желілерді салу жұмыстары аяқталуға жақын. Тапсырыс беруші мен мердігердің кеңселері құрылуда. Сондай-ақ болашақ ЖЭО-ның негізгі нысандары орналасатын аумақ дайындалуда.
Сонымен қатар сыртқы инфрақұрылым бойынша жұмыстар жалғасуда. Автомобиль жол өтпесін салу жөніндегі жұмыс жобасы мемлекеттік сараптамаға жолданды. Сондай-ақ шаруашылық-тұрмыстық кәріз және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау желілерінің жобалары сараптамаға ұсынылды.
Тағы бір маңызды кезең – негізгі жабдықтарды дайындау. Мердігерлермен техникалық ерекшеліктер келісіліп, жабдықтарды жеткізуге арналған шарттар жасалды. Алғашқы жеткізілімдер 2027 жылдан бастап күтілуде.
Жоба тек станцияның өзін ғана емес, оның жұмыс істеуіне қажетті инфрақұрылымды да салуды көздейді. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері шешілуде. Осы мақсатта Энергетика министрлігіне тиісті өтініш жолданды.
Көкшетау үшін жаңа ЖЭО тек жылу ғана емес, электр энергиясының да қосымша көзіне айналады. Бұл қаланың одан әрі өсуін ескерсек, аса маңызды. «Самұрық-Энерго» АҚ мәліметінше, 2035 жылға қарай Көкшетау қаласының жылу энергиясына деген қажеттілігі сағатына 840 Гкал-дан асуы мүмкін.
Осылайша, жаңа станция қажетті қуат резервін қамтамасыз етіп, қолданыстағы жүйеге түсетін жүктемені азайтуы тиіс. Бұл жаңа тұтынушыларды қосып, қаланың одан әрі дамуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта жоба белсенді іске асыру кезеңінде. Құрылыс алаңында дайындық жұмыстары жалғасып, бір мезгілде жобалау және жабдықтарды жеткізуге дайындық жүргізілуде. Құрылысты аяқтап, ЖЭО-ны пайдалануға беру 2029 жылға жоспарланған.
Көкшетау үшін бұл бүгінгі қажеттіліктерге ғана емес, қаланың алдағы өсуіне де есептелген жаңа жылу және электр энергиясы көзінің пайда болуын білдіреді.

Қосшының инфрақұрылымы қалай өзгеруде: атқарылған жұмыстар

Қосшының инфрақұрылымы қалай өзгеруде: атқарылған жұмыстар

Қосшы қаласында қаланың қарқынды өсуіне тікелей байланысты мәселелер шешімін тауып келеді. Атап айтқанда, жылу, сумен жабдықтау, кәріз, газ және электр желілерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Бірқатар ірі жобалар аяқталса, кейбір нысандар бойынша жұмыстар әлі де жалғасып жатыр.
Қосшы қаласының инженерлік инфрақұрылымын дамыту Қазақстан Президентінің қаланы дамыту жөнінде берген тапсырмаларының қатарында. Бұл тек жаңа желілерді тарту ғана емес, сонымен қатар алдағы жылдары қаланы қажетті ресурстармен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы қуаттарды кеңейтуді де қамтиды.
Негізгі мәселелердің бірі – жылумен қамту. Қазіргі уақытта қуаттылығы 160 Гкал қазандық пен жылу желілерін реконструкциялау жобалары әзірленуде. Бұл ретте бірінші кезеңді биыл аяқтау жоспарланып отыр. Келесі жылыту маусымына дейін орталық қазандыққа қуаттылығы 45 Гкал болатын қазандық қосылуы тиіс. Ол қазіргі жылу тапшылығын жабуға мүмкіндік береді.
Келесі кезеңде қолданыстағы үш қазандықты ауыстыру жоспарлануда. Бұл Қосшыда тұрғын үй құрылысының одан әрі өсуін ескере отырып, қосымша қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сумен жабдықтау жүйесі де қосымша қуатқа ие болды. Қалада су құбыры желілерін салудың төртінші кезеңі аясында шамамен 64 шақырым құбыр тартылды. Нысан өткен жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілді.
Сонымен қатар кәріз жүйесіне қатысты мәселе де шешіліп жатыр. 2025 жылғы мамырда жаңа кәріздік тазарту құрылыстары кешенінің жобасы әзірленді. Алайда Қосшының жаңа бас жоспары бекітілгеннен кейін нысанның орналасатын жерін өзгерту туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта жеке инвестордың қатысуымен тәулігіне 20 мың текше метрге дейін су тазартатын жаңа кешен жобалануда. Жоба бойынша сараптаманы биыл аяқтау жоспарланып отыр.
Жеке жоба орталық кәріз коллекторы мен орамішілік желілерге қатысты. Қазіргі уақытта құжаттар мемлекеттік сараптамаға қайта жолдануда. Негізгі кәріз желілерінің диаметрін 300 миллиметрден 1000 миллиметрге дейін ұлғайту көзделген. Бұл жүйеге түсетін жүктемені азайтып, қаланың шығыс бөлігіндегі кәріздік сорғы станцияларының санын қысқартуға мүмкіндік береді.
Қосшыны газдандыру жұмыстары да соңғы кезеңге жетті. Қалада шамамен 409 шақырым газ желісі салынды. Бірінші іске қосу кешені 2025 жылғы қыркүйекте, ал екіншісі 2026 жылғы шілдеде пайдалануға берілді. Жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды.
Электр желілерін дамыту жұмыстары да жалғасуда. «Лесная Поляна» тұрғын алабында қажетті электрмен жабдықтау желілері салынып, жоба аяқталды. Тағы бір жоба аясында төртінші кезең бойынша шамамен 200 шақырым желі салу көзделген. Қазіргі уақытта шамамен 600 тірек орнатылып, трансформаторлық қосалқы станцияларға арналған жабдықтар дайындалуда. Жұмыстардың негізгі бөлігі 2026 жылға жоспарланған.

Көкшетауда су тазарту құрылыстарын реконструкциялау аяқталды

Көкшетауда су тазарту құрылыстарын реконструкциялау аяқталды

Көкшетау қаласында су тазарту құрылыстарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Технологиялық іске қосу жүргізілгеннен кейін Шағалалы су қоймасынан тазартылған су қаланың желілеріне беріле бастады. Кешеннің қуаттылығы тәулігіне 21 мың текше метрден 30 мың текше метрге дейін артты.
Жоба Қазақстан Президентінің тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылды. Оның басты мақсаты – қаланың өсуі мен тұтынушылар санының артуын ескере отырып, Көкшетау қаласын тазартылған сумен тұрақты қамтамасыз ету.
Қазір кешен тәулігіне 30 мың текше метрге дейін, яғни сағатына шамамен 1,4 мың текше метр су тазартуға қауқарлы. Бұл облыс орталығының шамамен 180 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Технологиялық іске қосу өткен жылдың 30 тамызында жүзеге асырылды. Осыдан кейін-ақ тазартылған су Көкшетау қаласының тарату желілеріне беріле бастады. Ал 23 қыркүйекте нысан ресми түрде пайдалануға берілді.
Реконструкциялау жұмыстары қаланың ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық жобаларының біріне айналды. Бастапқыда жұмыстарды 2020 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Алайда мерзім бірнеше рет кейінге шегерілді. 2023 жылы жобаға түзетулер енгізіліп, содан кейін жұмыстар жалғастырылды.
Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталып, нысандар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
Қуаттылықтың артуы қаланы қажетті көлемдегі тазартылған сумен қамтамасыз етуге және алдағы уақытта жүктеменің өсуіне байланысты қажетті қор қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл Көкшетау үшін жаңа тұрғын аудандардың салынуы мен қалалық инфрақұрылымның дамуын ескерсек, аса маңызды.
Нәтижесінде облыс орталығы тұрғындардың қажеттілігіне қызмет көрсетіп отырған, су тазарту өнімділігі жоғары жаңа кешенге ие болды.

“Үздік әлеуметтік жоба 2026” байқауы

“Үздік әлеуметтік жоба 2026” байқауы


Достар, тамаша жаңалық!
Kazakhstan Growth Forum «AIQYN» сыйлығы аясында «Үздік әлеуметтік жоба 2026» байқауына өтінімдер қабылдау жалғасуда.
Бұл — инклюзия мен медицинадан бастап экология, білім беру және мәдениетке дейінгі қоғамды дамытуға нақты үлес қосып, адамдардың өмірін өзгертетін жобалар туралы баяндаудың бірегей мүмкіндігі.
Егер сіз көптің назары мен қолдауына лайықты жобаны жүзеге асырып жатсаңыз, өтінім беріп, оң өзгерістер көшбасшыларының қоғамдастығына қосылып үлгеріңіз!
Өтінімдерді қабылдау 30 қыркүйекке дейін (қоса алғанда) ашық.
Өтінім беру сілтемесі: https://kgforum.bitrix24.site/crm_form_tguet/

Танк әскерлері күні: Қазақстан Қарулы күштерінде экипаждардың даярлығы заманауи ұрыс жағдайларына сай жетілдірілуде

Танк әскерлері күні: Қазақстан Қарулы күштерінде экипаждардың даярлығы заманауи ұрыс жағдайларына сай жетілдірілуде

Бүгін, 15 қыркүйекте, Қазақстан Қарулы күштерінде танк әскерлері күні аталып өтуде. Бұл – қызметі бронды-танк техникасымен байланысты әскери қызметшілер мен ардагерлердің кәсіби мерекесі, деп хабарлайды ҚР Қорғаныс министрлігі.
Атаулы күн тарихи оқиғамен байланысты. 1942 жылғы 15 қыркүйекте Шымкент теміржолының жас еңбекшілері майданға «Қазақстан комсомолдары» деген жазуы бар 46 Т-34 танкін тапсырған. Танк колоннасын жасақтауға арналған қаражат жинауға республика жастарының барлығы атсалысты.

Бүгінде танктер жалпыәскери ұрыстың маңызды элементтерінің бірі болып қала береді. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарының, жоғары дәлдіктегі қарудың және заманауи барлау құралдарының кеңінен қолданылуы бронды техниканы пайдалануға деген тәсілдерді өзгертті. Оның тиімділігі көбіне жалпыәскери топ құрамындағы барлау, атыс және маневрлік құралдармен өзара іс-қимылға байланысты.

Қазақстан Қарулы күштерінің бронды техникасына техникалық қызмет көрсету және күрделі жөндеу жұмыстарын «Семей инжиниринг» АҚ жүзеге асырады. Орталық Азиядағы осы бағыттағы жалғыз кәсіпорын армия қару-жарағындағы бронды техниканың барлық түріне күрделі жөндеу жүргізудің толық техникалық және технологиялық циклін қамтамасыз етеді.

Қарулы күштерде танкистерді даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Экипаждың үйлесімді іс-қимылы, жауынгерлік машинаны кәсіби басқару және қойылған міндеттерді дәл орындау дағдылары сабақтар, оқу-жаттығулар мен әскери маневрлер барысында пысықталады.

Танк бөлімшелеріне офицерлер даярлауды Алматыдағы Құрлық әскерлерінің әскери институты жүзеге асырады. Ал кіші мамандар Гарнизонның оқу орталығында даярлықтан өтіп, қажетті кәсіби білім мен практикалық дағдыларды меңгереді.

Танкистердің қазіргі заманғы даярлығы алдыңғы буындардың тәжірибесін жаңа тактикалық тәсілдермен және бронды техниканы қолдану әдістерімен ұштастырады. Әскери қызметшілер заманауи ұрыс алаңының талаптарын ескере отырып, атыс жүргізу, жауынгерлік машиналарды басқару және бөлімше құрамында іс-қимыл жасау дағдыларын жетілдіруде.

Дереккөз: ortcom.kz

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑