Алматыда студенттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты басталды

  • Алматыда студенттер арасындағы тұңғыш FIDE командалық әлем чемпионаты басталды

4–9 тамыз аралығында Алматыда FIDE World University Team Chess Championship финалы өтуде. Жарысқа әлемнің 16 университетінің командалары, оның ішінде Оксфорд, Кембридж және Гарвард өкілдері қатысуда. Қазақстан намысын Қазақ ұлттық спорт университеті, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Almaty Management University командалары қорғайды.

🇰🇿 Турнирдің Алматыда өтуі Қазақстанның әлемдік шахмат қозғалысындағы позициясының нығайып келе жатқанын көрсетеді. Жарыс университеттер арасындағы білім мен тәжірибе алмасуға, халықаралық байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.

Шахмат Қазақстанда білім беру құралы ретінде де белсенді дамып келеді. 200-ден астам студент «Шахмат педагогы» Minor бағдарламасы бойынша білім алса, 31 жоғары оқу орнында шахмат біліміне қатысты бағдарламалар іске асырылуда. QyzPU базасында KazChessLab оқу-әдістемелік зертханасы ашылды.

♟️ Сонымен қатар 4–5 тамызда 8–18 жас аралығындағы Қазақстан мен әлемнің жасөспірімдер құрамалары арасында матч өтеді. Жарыс ұлдар мен қыздар арасында рапид және блиц форматтарында ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры – 15 млн теңге.

Жарыстарды FIDE, ҚР Туризм және спорт министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қазақстан шахмат федерациясы және Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастыруда.

Баратай ауылында Конституциялық құндылықтар талқыланды

Баратай ауылында Конституциялық құндылықтар талқыланды
Зеренді ауданының Баратай ауылында «Конституциялық құндылықтар және ауылдың дамуы» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.
Кездесуді Баратай ауылдық округінің әкімі Е. Қожабеков жүргізіп, іс-шара барысында Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Жиында заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ әр азаматтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар ауылдың қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективалары талқыланып, абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл аумағын көркейту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағыттары бойынша пікір алмасылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Округ әкімі тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, ұсыныстар назарға алынатыны айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституциялық құндылықтарды құрметтеу, заң талаптарын сақтау және туған ауылдың дамуына белсенді атсалысу – ортақ жауапкершілік екеніне тоқталды.

Қазақстандықтардың 72,3%-ы жаңа Құрылтай үшін дауыс беруге дайын

Қазақстандықтардың 72,3%-ы жаңа Құрылтай үшін дауыс беруге дайын

Қоғамдық саясат институты сауалнамасының нәтижелері 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы туралы халықтың хабардар болу деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Зерттеу деректеріне сәйкес, респонденттердің 89,4% алдағы сайлау туралы хабардар («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда Құрылтай сайлауы өтетіні туралы білесіз бе?»): 55,2% сайлау туралы толық хабардар екенін, тағы да 34,2% сайлау туралы естігенін, бірақ егжей-тегжейлі білмейтінін мәлімдеді.

Құрылтай сайлауы туралы хабардар болу деңгейі респонденттердің жас ерекшелігіне тікелей статистикалық тәуелді екені байқалады: респонденттің жасы ұлғайған сайын оның сайлау туралы хабардар болу деңгейі де арта түседі. Сайлау туралы хабардар болу деңгейі ауыл тұрғындары арасында жоғары.

Әлеуетті электоралды белсенділік көрсеткіші де азаматтардың дауыс беруге дайындық деңгейінің жоғары екенін көрсетеді. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 72,3% Құрылтай сайлауына қатысуға ниетті екенін мәлімдеді («Сіз 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауында дауыс беруді жоспарлап отырсыз ба?»). Сонымен қатар, респонденттердің 11,9% дауыс беруге қатысуды жоспарламайтынын мәлімдеді. Ал 15,8% әлі нақты шешім қабылдамаған, оның ішінде жауап беруге қиналған респонденттердің 0,5%-ы бар.

Әлеуетті электораттың басты ерекшеліктерінің бірі оның сабақтастығы болып отыр. Атап айтқанда, сайлауға қатысуға ниетті респонденттердің 87,6% 2026 жылғы 15 наурызда өткен жаңа Конституцияны қабылдау жөніндегі республикалық референдумға да қатысқан («Сіз төменде көрсетілген сайлау науқандарының қайсысына қатыстыңыз/дауыс бердіңіз?»). Бұл елдегі негізгі саяси науқандарға үнемі қатысатын азаматтардың тұрақты тобы қалыптасқанын көрсетеді.

Сайлауға қатысуға ниетті азаматтардың электоралдық таңдауы бойынша «Әділет» партиясы алда келеді. Аталған партияға респонденттердің 67,3% дауыс беруге дайын екенін білдірді («Сіз Құрылтай сайлауында қай партияға дауыс бересіз?»). Партияны қолдау деңгейі 36-60 жастағы респонденттер, ауыл тұрғындары арасында жоғары екені байқалады. Атап өтерлігі, осы партияны қолдайтындар сайлауға қатысуға ниетті респонденттер арасында шоғырланған.

Екінші орынға 6,2% нәтижесімен «Ауыл» партиясы орналасты. Әрі қарай «Respublica» – 5,5%, «Ақ жол» – 4,8%, ЖСДП – 4,3%, ҚХП – 3,9%, «Байтақ» – 1,1% көрсеткіштерімен жайғасты.

Ал респонденттердің 1,6% барлық партияларға қарсымын деп дауыс беруді ниет етсе, 5,3% әлі шешім қабылдамағанын айтты.

Талдау нәтижелері партияны таңдауға ықпал ететін негізгі фактор («Жоғарыда көрсетілген партиялардың біріне дауыс беруіңізге негізгі себеп қандай?», респонденттің бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігі болды) – оның бастамаларына берілетін оң баға екенін көрсетті, бұл жауапты респонденттердің 44,4% таңдаған, екінші орында – респонденттердің белгілі бір партиямен тұрақты байланысты сезінуі ( «Мен – осы партияның жақтасымын» – 29,2%). Одан кейін «Қазақстанның келешегі осы партиямен байланысты» (25,3%) және «Партияның сайлаушылармен жұмыс істеу тәсілі маған ұнайды» (14,7%) деген пікір жиі кездеседі.

Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері азаматтардың алдағы Құрылтай сайлауына деген ынтасының жоғары деңгейде екенін және электоралдық жұмылдырудың жеткілікті дәрежеде қалыптасқанын көрсетеді.

Сауалнаманы Қоғамдық саясат институты 2026 жылғы 7-27 шілде аралығында ұлттық репрезентативті іріктеме негізінде жүргізді. Іріктеме көлемі – 18 жастан асқан 8000 респондент (17 облыс, Астана, Алматы, Шымкент қалалары). Іріктеме қателігі – ±1,19%. Деректерді жинау әдісі – жаппай сауалнама (face-to-face). Қоғамдық саясат институты деректерді ҚР «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына сәйкес ҚР Орталық сайлау комиссиясын 2026 жылғы 4 шілдедегі № KQ–26/14 жазбаша хабардар ету негізінде жариялайды.

Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау тетіктері күшейтілуде

Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау тетіктері күшейтілуде

Қаржылық алаяқтық бүгінде азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін өзекті қатерлердің бірі болып отыр. Алаяқтар банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде хабарласып, түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, азаматтарды несие рәсімдеуге көндіреді, жеке деректерін иемденіп, заңсыз қаржылық операциялар жасайды. Осыған байланысты елімізде азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер кезең-кезеңімен енгізілуде.

Соңғы жылдары іске қосылған тиімді құралдардың бірі – «Стоп-кредит» қызметі. eGov порталы арқылы кез келген азамат өз атына банк несиелері мен микроқарыздарды рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Тыйым туралы мәлімет барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына автоматты түрде жолданады. Егер қаржы ұйымы бұл шектеуді елемей несие рәсімдесе, жауапкершілік сол ұйымның өзіне жүктеледі.

Алаяқтардың ықпалымен рәсімделетін несиелердің алдын алу мақсатында елімізде «салқындату кезеңі» енгізілді. Ірі көлемдегі онлайн несие мақұлданғаннан кейін қаражат бірден берілмейді. Осы уақыт ішінде банк қосымша тексеру жүргізіп, клиенттің несие алуға деген ниетін қайта растайды. Бұл тәсіл алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар алғаш рет ірі көлемдегі кепілсіз несие рәсімдейтін азаматтарға, сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан тұлғаларға қатысты қосымша қауіпсіздік талаптары қарастырылған. Кейбір жағдайларда мұндай несиелерді қашықтан рәсімдеу шектеліп, банк бөлімшесіне жеке келу немесе мемлекеттік цифрлық сервистер арқылы қосымша растау қажет болады.

Қазіргі таңда биометриялық сәйкестендіру де міндетті қауіпсіздік шарасына айналды. Онлайн несие алу кезінде азаматтың жеке басы міндетті түрде биометриялық деректер арқылы расталады. Сонымен қатар банктер өтінім берілген құрылғыны, күмәнді әрекеттерді және телефонды қашықтан басқару белгілерін талдап, алаяқтық тәуекелі анықталған жағдайда операцияны тоқтата алады.

Қаржылық қылмыстардың алдын алуда 2024 жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Ұлттық Банкінің Антифрод орталығы маңызды рөл атқарады. Бұл жүйе банктерді, байланыс операторларын және құқық қорғау органдарын біріктіріп, күмәнді операцияларды жедел анықтауға, заңсыз ақша аударымдарын бұғаттауға және ұрланған қаражаттың шығарылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар SIM-карталарды тіркеу тәртібі де күшейтілуде. Жаңа нөмірлерді рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Байланыс операторлары алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ өз банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азаматтарға, яғни дропперлерге қатысты бақылау да күшейтілді.

Егер алаяқтар азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеп үлгерсе, ең алдымен банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет. Тергеу жүргізілген кезеңде өсімпұлдар мен айыпақыларды есептеу тоқтатылуы мүмкін. Ал қаржы ұйымы заңмен белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда, заңсыз рәсімделген берешек есептен шығарылуға жатады.

Мамандардың айтуынша, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру. Азаматтарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкпен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласу ұсынылады.

Дереккөз: Fingramota.kz қаржылық сауаттылықты арттыру порталының материалдары негізінде дайындалды.

Елордалық бүлдіршіндер Тазабекпен бірге танымал селфи-трендті қолдады

Елордалық бүлдіршіндер Тазабекпен бірге танымал селфи-трендті қолдады

Тазалықтың символы Тазабек Астанадағы балабақшалардың біріне барып, экологиялық іс-шара аясында тәрбиеленушілермен бірге танымал селфи-трендке қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Түсірілім барысында Тазабек балалардың қасына кадрға күтпеген жерден шығып отырған. Ерекше формат бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын оятып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара бағдарламасына тәрбиеленушілердің ата-аналары ұйымдастырған «Бақша өнімдері» табиғи өнімдерінің қайырымдылық жәрмеңкесі мен қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың «Қалдықтан құндылыққа» көрмесі де енді.
Іс-шара ерекше көңіл күйде өтті. Ойын түрінде балаларға тазалық сақтаудың, табиғатқа ұқыпты қараудың, қалдықтарға жауапкершілікпен қараудың және жануарларға қамқорлық жасаудың маңызы түсіндірілді.

Ең төменгі жалақы алимент экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?

  • Ең төменгі жалақы, алимент, экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?

Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Кездесулерге еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар қауымы мен тұрғындар қатысады. Іс-шара барысында әлеуметтік қорғау, экономиканы дамыту, отандық өндірісті қолдау, құқықтық мемлекетті нығайту және мемлекеттік саясаттың өзге де басым бағыттары талқыланып жүр.
«Әділет» партиясы Ақтөбе облысында бірқатар іс-шара өткізді. Республикалық сайлауалды штаб өкілдері еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және қоғам белсенділерімен кездесті. Кездесулерде отбасыны қолдау, ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық және мемлекеттік істегі белсенділігі талқыланды. Сонымен қатар форумға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау, құқықтық мемлекетті дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігі, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заңға құрметпен қарау мәселесін көтерді. Кездесу барысында қатысушылар ұсыныс білдіріп, бастамаларын ортаға салды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Өскемен қаласында кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сарапшылардың, Құрылтай депутаттығына үміткерлердің қатысуымен республикалық кәсіподақтар конгресін өткізді. Іс-шарада ең төменгі жалақы мөлшері, тұтыну себеті, өндірісте жарақат алған қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетақы алуы және кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі талқыланды. Сонымен қатар инклюзия мен әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Байтақ» жасылдар партиясы экология және халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне арналған іс-шараларын жалғастырды. Алматы облысында мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен экологтардың қатысуымен Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында су ресурстарының қазіргі жай-күйі және алдағы бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттары талқыланды. Сонымен қатар партия кандидаттары Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелерімен және Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың ұжымымен кездесіп, экологиялық мәселелерді талқылады. Қызылорда облысында партия өкілдері Қызылорда – Арал бағыты бойында тұрғындармен кездесу өткізді.

Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік қорғау, инклюзия және отбасыларды қолдау мәселелеріне арналған кездесулерін жалғастырды. Партия өкілдері «Чувствуя жизнь» зағип және нашар көретін балалар орталығында барып, қолжетімді орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті қолдаумен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Сондай-ақ «Қорғау» дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды қорғау және алимент төлеу мәселесіне арналған кездесу өтті.
«Ауыл» партиясы республикалық сайлауалды штаб өкілдерінің Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылау үшін Қазақстанға келген ТМД-ға қарасты мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы делегациясымен кездесуін өткізді. Кездесу барысында сайлауалды науқанның барысы, штабтың жұмысы, сайлау науқаны аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар, партия бағдарламасының негізгі бағыттары, сондай-ақ сайлаушылармен өзара іс-қимыл және сайлауалды жұмысты қолданыстағы рәсімдерге сәйкес жүргізу мәселесі талқыланды.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы сайлауалды науқан аясындағы іс-шараларын жалғастырды. Қостанай қаласындағы Kostanay Plaza сауда-ойын-сауық орталығында ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Сонымен қатар Меркі қант зауытының еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырылып, онда өнеркәсіпті дамыту, өндірісті мемлекеттік қолдау және әлеуметтік саясат мәселелері сөз болды.

Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды. «Вега-Пром» ЖШС-де өткен кездесуде отандық өндірісті қолдау, өнеркәсіпті дамыту, «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ экономиканы цифрландыру және өндіріс секторын дамыту мәселелері талқыланды.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

ТазаҚазақстан

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.

ТазаҚазақстан

Айналаңды мәдениетпен нұрландыр!

Айналаңды мәдениетпен нұрландыр! Әдептілік, сыйластық және жауапкершілік – мәдениетті қоғамның басты белгілері. Жақсы қарым-қатынас пен игі іс өзіңнен басталады.

« Older posts

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑