Алғашқы курс студенттеріне пайдалы ақпараттар берілді.
Оқу маусымы басталып, облыс орталығына өңірімізден және өзге өңірден студенттер оқуға түсіп жатыр. Жаңа оқу жылының басталуына орай оқу орындарында, соның ішінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және басқа да жоғары оқу орындарында бірінші курс студенттеріне арналған «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша түсіндіру жұмыстары мен құқықтық кездесулер өткізу жоспарлануда. Аталған шара Ақмола облысы полиция департаменті, Көкшетау қаласы полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен, Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы университетінің қабырғасында өткізілді. «Заң және тәртіп» нарративінің мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін нығайту, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру, құқықтық теңдікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау норма болып табылатын тұрақты қоғам үшін жағдай жасау болып табылады. Іс-шараға ювеналды полиция, жол патрульдік полициясы, киберқауіпсіздік және есірткіге қарсы бөлімінен полиция қызметкерлері спикер ретінде қатысып, жастарға қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын-алу шаралары бойынша мағлұматтармен бөлісті. Шара барысында жастар арасындағы құқық бұзушылық пен заңға қайшы келетін әрекеттер жайлы тақырыптар қозғалып қана қоймай, олармен еркін форматта ашық диалог алаңы жүзеге асырылды. «Есірткі қылмыстарына тарту тәсілдеріне ерекше назар аудару керек. Жасөспірімдерге «курьер болып жұмыс істе», «бір затты апарып бер», «ештеңе болмайды», «бәрі заңды» деген сияқты ұсыныстардың артында заңсыз әрекеттер пайда болып, жаза. Заң білместік – жазаланудан босатылмайды. Сол себептен, осы жерде айтылып жатқан барлық ақпараттарды мұқият тыңдап, достарыңызбен бөлісу абзал болады» – дейді Ақмола облысы ПД, есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Курсанова Разия Талғатқызы. «Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуынан бастау алады. Сол себептен бүгінгі өткізіп жатқан кездесудің жастармен жасөспірімдерге берері мол деп санаймын. Алдағы уақытта өзге оқу орындарында аталмыш бағдарламамен кездесулер ұйымдастыру жоспары әзірленген» – дейді өз сөзінде облыстық ЖРО маманы Ақжайық Қоныс. Шара соңында жастар сұрақтар қойып, сапалы әрі нақты жауаптарын алды.
2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында өндірілген жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі, жедел деректер бойынша, 70 948 693,3 млн теңгені құрады.
Нақты мәнде ЖІӨ өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті.
Нақты мәнде ең жоғары өсім мына салаларда байқалды: құрылыс – 15,2%, өңдеу өнеркәсібі – 9,8%, көлік және қоймалау – 7,1%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 5,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4%.
2026 жылғы қаңтар–маусым айларында ЖІӨ-дегі тауарлар өндірісінің және қызметтер өндірісінің үлесі тиісінше 36,4% және 55,4% құрады. ЖІӨ өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп – 28,6% құрады.
ЖІӨ өсіміне ең жоғары үлесті өңдеу өнеркәсібі – 1,25 пт, көтерме және бөлшек сауда – 0,93 пт және құрылыс – 0,79 пт қосты.
Жақын адамынан айырылу – кез келген отбасы үшін ауыр сынақ. Әсіресе қайтыс болған адам отбасының негізгі асыраушысы болып, отбасы табысының едәуір бөлігін қамтамасыз еткен жағдайда, оның салмағы одан әрі арта түседі. Осындай жағдайда отбасының өз күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын мүшелеріне мемлекет тарапынан асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер қарастырылған. Туа біткен мүгедектігі бар азаматтарға да жекелеген қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, оларға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы мөлшерінде қосымша төлем белгіленеді. Бұл қосымша төлем кәмелет жасына толғанға дейін, ал оқуын жалғастырған жағдайда – оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын мерзімге төленеді. Белгіленген жасқа толғаннан немесе оқуын аяқтағаннан кейін аталған қосымша төлем заңнамаға сәйкес тоқтатылады. Алайда белгілі бір төлемнің тоқтатылуы мемлекеттік қолдаудың толық тоқтағанын білдірмейді. Азаматтың жеке қажеттіліктеріне қарай заңнамада көзделген әлеуметтік қорғау шаралары одан әрі де көрсетіле береді. Олардың қатарында абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ұсынылатын оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтері бар. Тұрақты күтімді қажет ететін азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдарда да, үй жағдайында да көрсетілуі мүмкін. Осылайша, әлеуметтік қорғау жүйесі азаматтың өмірлік жағдайын, денсаулық жағдайын және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолдаудың түрлі тетіктерін қарастырады. Төлемдерді ұсыну тәртібі және әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары туралы толығырақ бейнематериалдан көріңіз.
ℹ️ Әлеуметтік желілерде Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда.
Жүргізілген тексеру нәтижесінде аталған дәйексөздің бұрмаланғаны анықталды. Никол Пашинян мұндай сөздер айтпаған.
Манипуляцияға Армения Үкіметі басшысының 3 қыркүйекте өткен брифингте журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Ереванның шешімдеріне сыртқы ықпалдың болуы туралы болжамға түсініктеме бере отырып, Никол Пашинян: «Сіздердің алдарыңызда Армян КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасады», – деп мәлімдеген.
Осылайша, оның сөзі Арменияның мемлекеттік шешімдерді өз бетінше қабылдау мәселесіне қатысты болған. Бұл контексте Қазақстан туралы ешқандай сөз айтылмаған.
Жалған ақпарат авторлары бастапқы жауаптағы жекелеген сөздерді өзгертіп, түпнұсқада болмаған сөз тіркестерін қосқан. Нәтижесінде мәлімдеменің бастапқы мәні өзгертіліп, ол Қазақстанға қарсы бағытталған пікір ретінде әдейі ұсынылған. Жауаптың түпнұсқалық мазмұны брифингтің бейнежазбасымен расталады. Толық жауап VERELQ жарияланымында берілген.
Мұндай манипуляциялар теріс көңіл күй қалыптастыруға және Қазақстан мен Армения халықтары арасында жасанды түрде түсініспеушілік тудыруға бағытталған.
⚠️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға, ақпараттың бастапқы дереккөзіне, жарияланған күні мен мәнмәтініне назар аударуға шақырады. Сондай-ақ, бұған дейін жарияланған жалған жазбаларды өшіріп, тиісті теріске шығаруды жариялауды сұрайды.
Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (250 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе заңда көзделген жағдайларда әкімшілік қамаққа алу).
Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық (7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру) қарастырылған.
Ақпараттық манипуляциялардың құралына айналмаңыз. Ақпаратты жарияламас және таратпас бұрын оның шынайылығын тексеріңіз.
🔵Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық басталды
📌Қазақстанда 7-13 қыркүйек аралығында өтетін Отбасы күніне арналған апталық басталды. Елімізде Отбасы күні дәстүрлі түрде қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді.
Апта бойы еліміздің өңірлерінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар өтеді.
Апталықтың әр күні жеке тақырыпқа арналады. Бағдарлама ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі және ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі секілді маңызды тақырыптарды қамтиды.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі өтеді.
📍🦩🌊Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді
«Қазсушар» РМК Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің су теңгерімін сақтау және биологиялық әртүрлілікті қорғау мақсатында жыл сайын жүргізілетін табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатқа 40 млн текше метр су жіберілді. Жұмыстарға кәсіпорынның үш филиалы – «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.
Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан және қоқиқаздар мен басқа да құстардың мекен ету ортасы.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Қазақстанның барлық аумағында табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жүргізеді. Су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін миллиардтаған текше метр су бағытталады.
Табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары кезінде «Қазсушар» РМК мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады, судың өтуіне тұрақты мониторинг жүргізіп, бақылауды қамтамасыз етеді.
Еске сала кетейік, су нысандарының сарқылуының алдын алу мақсатында былтыр қабылданған Су кодексіне алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажет судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі. Құжатта шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар да кеңейтілді. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі көзделген.
🗣️«Су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік экологияға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы алқаптарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін үлкен күш жұмсауда. Су үнемдеу технологиялары мен заманауи су есептеу құралдарын енгізу экономика мен қоршаған ортаның қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді»,
деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Макинскіде nomad álemi заманауи көшпенділер фестивалі өтті А. ж. 5 қыркүйекте Макинск қаласында food-холдинг aitas компаниясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған алғашқы nomad álemi фестивалі өтті. Бір күн ішінде фестиваль 6 мыңнан астам қонақты жинап, музыка, заманауи өнер, тарих, гастрономия, ұлттық ойындар, білім беру бағдарламасы және бүкіл отбасыға арналған түрлі белсенділікті бір алаңға тоғыстырды. Макинск nomad álemi фестивалінің үлкен сапарының алғашқы нүктесіне айналды. Фестивальдің келесі кезеңдері 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде және 19 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді. Фестивальдің дәл Макинск қаласында басталуы aitas үшін кездейсоқ емес. Бұл – холдинг қызметінің негізгі өңірлерінің бірі. Мұнда aitas компаниясының ірі кәсіпорындарының бірі – Макинск құс фабрикасы жұмыс істейді. Сондықтан компанияның 30 жылдығын жабық корпоративтік іс-шара ретінде емес, қызметкерлерге, олардың отбасыларына және өңір тұрғындарына арналған ауқымды фестиваль форматында атап өту туралы шешім қабылданды. «Ашық фестиваль форматы бүгінде холдингте жүріп жатқан өзгерістердің табиғи жалғасы ретінде пайда болды. Біз үшін мерейтой – бүгінгі кім екенімізді, қалай ойлайтынымызды және әрекет ететінімізді көрсетуге, сондай-ақ жолымыз бір адамдарды бір үлкен шаңырақтың астына жинауға мүмкіндік. Макинск – aitas жолының маңызды бөлігімен байланысты өңірлердің бірі. Мұнда біздің адамдарымыз еңбек етеді, өндіріс дамып, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл мерекені қаламен бірге бөлісіп, адамдарды мәдениет, шығармашылық және ортақ болашақ төңірегінде біріктіретін кеңістік құрғымыз келді. Біздің түсінігіміздегі заманауи көшпенді философиясы – тамырыңды ұмытпай, алға жылжу және қай жерде жүрсең де, сол жерде жасампаздық таныту», – деді aitas холдингінің негізін қалаушысы, инвестор және кәсіпкер Серік Толықбаев. nomad álemi фестивалінің негізінде көшпенділердің дүниетанымына деген заманауи көзқарас жатыр. Бұл – мұраның бүгінгі күні өнер мен музыкада, жерге және еңбекке деген қарым-қатынаста, қонақжайлықта, жаңашылдыққа ашықтықта және адамның өз бағытын сақтай отырып, алға ұмтылу қабілетінде қалай өмір сүріп, шабыт беріп келе жатқаны туралы әңгіме. Фестиваль аумағы Білім, Болашақ, Дастархан, Өнер, Ойын, Рух және Шаңырақ атты тақырыптық кеңістіктерге бөлінді. Олардың әрқайсысы көшпенділердің мәдени кодын заманауи тұрғыдан танытты. Әр адам жүріп өтетін жол Фестивальдің ерекше бөліктерінің бірі – «Мүшел жолы» иммерсивті кеңістігі болды. Бұл – адамның өмір жолын мүшел жас ұғымы арқылы танытатын авторлық жоба. Театрландырылған саяхат форматында қонақтар өмірдің түрлі кезеңдерінен – есейу, өзгеріс, таңдау және бір өмірлік кезеңнен екіншісіне өту сәттерінен өтті. Әр адам бұл бағытты өзінің жеке жолы ретінде сезініп, ата-баба даналығына үңіліп, жеке өмірлік тәжірибесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды. Кеңістіктің негізінде адам өмірінің циклдік сипаты және ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім туралы түсінік жатыр. Бейнелер, әрекет және ерекше атмосфера арқылы «Мүшел жолы» дәстүр туралы жай ғана білуге емес, оны сезінуге және өзіне жақын мағыналарды табуға мүмкіндік берді. Осылайша фестивальдегі жол философиясы әр адамның жеке тарихына айналды. Көшпенділер тарихынан болашақ туралы әңгімеге дейін Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі Білім кеңістігі болды. Мұнда күні бойы дәрістер, пікірталастар және зерттеушілермен, бизнес пен креативті индустрия өкілдерімен кездесулер өтті. Әңгіме фестивальдің басты сауалынан басталды: заманауи көшпенді деген кім? Ол қандай? Тарихшы-медиевист Айболат Көшкімбаев көшпенділер мен жаһандану туралы айтты. Журналист әрі петроглифтерді зерттеуші Юрий Дорохов сақталған мәдени кодтар арқылы туған жер тарихын қалай тануға болатынына тоқталды. Креативті индустрия өкілдері көшпенділік феноменіне және оның қазіргі мәдениеттегі көрінісіне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті. Бағдарламада сөз құдіреті, дәстүрлі музыкалық аспаптар, тамақтану мәдениеті және гастрономиялық мұра тақырыптары да қамтылды. Сонымен қатар aitas компаниясының өз даму жолына да ерекше назар аударылды: өндірістік бизнестен ұлттық food-холдингке дейінгі өсуі, бизнес пен әлеуметтік қызметтің үйлесімі және компания үшін жол философиясының ең алдымен жасампаздықпен, жауапкершілікпен және даму мүмкіндіктерін көре білумен байланысы сөз болды. Осылайша Білім кеңістігі тек өткен тарих туралы емес, мәдени мұраның қазіргі адам өміріндегі орны туралы да диалог алаңына айналды. Дала өнеріне жаңа көзқарас Өнер кеңістігі өнерді, қолөнерді және таныс мәдени бейнелерді жаңа қырынан біріктірді. Галереяда қазақстандық суретшілер Дәурен Тасболатовтың, Шынар Қоғабайдың және Риза Есентаевтың жұмыстары ұсынылды. Әр суретші өзіндік көркем тіл арқылы мәдени мұра, дала және заманауи көшпендінің болмысы тақырыптарына назар аударды. Мұнда арт-шеберхана жұмыс істеп, перформанстар мен тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қонақтар шығармашылық үдерісті сырттай бақылап қана қоймай, оның бір бөлігіне айналды: әшекейлер мен аксессуарлар жасап, этникалық нақыштармен жұмыс істеп, дәстүрлі және заманауи техникалармен танысты. Күннің басты оқиғаларының бірі nomad álemi фестивалінің үш символының алғашқысы – «Бұлан» ұжымдық арт-нысанының жасалуы болды. Бұлан бейнесі аумақтың танымал символдарының бірі ретінде таңдалды. Нысанның негізін Астанадан келген суретшілер командасы дайындады, ал оны фестиваль қонақтары аяқтады: күні бойы олар конструкцияны жиналған пластик қақпақтармен толықтырды. Арт-нысан жүздеген адамның бірлескен еңбегінің нәтижесіне айналып, үлкен өзгерістер әр адамның үлесінен құралады деген қарапайым ойды еске салды. Фестивальден кейін «Бұлан» Макинск қаласында қалады. Макинск nomad álemi фестивалінің үш арт-нысаннан тұратын сериясын бастады. 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде «Марал», ал 19 қыркүйекте Алматыда «Тазы» арт-нысаны пайда болады. Ұлттық ойындар мен тірі дәстүрлер Ойын кеңістігінде мәдениетті тек тамашалап қана қоймай, оған тікелей қатысуға мүмкіндік болды. Қонақтар арқан тарту мен асық атудан жарысып, садақ атып, басқа да дәстүрлі ойындармен танысты. Бағдарламаның бір бөлігі ретінде тазы, бүркіт, түйе және жылқымен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл жануарлар ғасырлар бойы дала өмірінің ажырамас серігі болған. Театрландырылған қойылымдар дәстүрді музейлік реконструкция ретінде емес, әлі де шабыттандырып, адамдарды біріктіретін тірі мәдениет ретінде көрсетуге мүмкіндік берді. Даланың дәмі және бірге болу мәдениеті Ең көп келуші жиналған алаңдардың бірі – Дастархан кеңістігі болды. Мұнда гастрономия көшпенділер мәдениетімен танысудың тағы бір тәсіліне айналды. Ғалым-этнограф, «Қазақ асханасы. Дәмдер. Дәстүрлер» кітабының авторы Айгерім Мұсағажинова көшпенділер асханасы, тағамдар мен өнімдердің тарихы және олардың қазіргі гастрономиядағы орны туралы дәріс пен шеберлік сабағын өткізді. Қонақтар көшпенділердің ұмыт қалған және көпшілікке таныс емес тағамдарын танып, дәстүрлі дәмдер мен рецептердің бүгінгі күні қалай жаңа сипат алып жатқанын білді. Күні бойы гастрономиялық бағдарламаны аспаздық шеберлік сабақтары толықтырды. Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі «Дастархан – Көрісу» әлеуметтік перформансы болды. Ортақ дастархан басында бұрын таныс емес адамдар бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, дала мәдениетінде дастарханның неге тек ас ішетін орын ғана емес, кездесу, ашықтық және адамдар арасындағы байланыстың кеңістігі болғанын талқылады. Болашақ балалар көзімен Болашақ кеңістігі балалар мен болашаққа арналды. Жас қонақтар өздерінің болашақ ауылын құрып, ғылыми шоуларға, шығармашылық және музыкалық шеберлік сабақтарына, ұлттық ойындарға, интерактивті қойылымдарға және «Алға дэнс» Silent Disco бағдарламасына қатысты. Мамандықтар қалашығында балалар агроном, инженер, зертхана маманы, технолог және ветеринар рөлінде өздерін сынап көрді. Бұл – өндірістің, ауылдық аумақтардың және елдің азық-түлік саласының дамуына тікелей әсер ететін мамандықтар. Жаңа даланың әуені Рух сахнасында этникалық үн мен заманауи музыка тоғысты. Фестиваль бағдарламасында Steppe Sons, Арқайым, Тенгри, Dudeontheguitar, Arshat, Nasia from Asia, Yenlik, Үркер және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті. Ұлттық аспаптар, заманауи музыка және сахналық коллаборациялар мәдени мұраның өз болмысын сақтай отырып, әртүрлі буын үшін өзекті әрі заманауи бола алатынын көрсетті. Жанды музыка қонақтарды баурап, өзіне тартты. Музыканы тек тыңдап қана қоймай, жүрекпен сезінді. Дауыстар мен аспаптардың үні кеңістікті кернеп, сахна маңына адамдарды жинады және музыка ортақ сезімге айналатын ерекше атмосфера сыйлады. aitas жолы: дәннен отбасылық дастарханға дейін Фестивальде aitas холдингіне және компанияның дамуына үлес қосып жүрген адамдарға да ерекше назар аударылды. aitas киіз үйінде қонақтар дәннен дайын өнімге дейінгі интерактивті жолдан өтіп, өнімнің жасалу кезеңдерімен және холдингтің даму тарихымен танысты. Бұл сапардың соңғы нүктесі – дегустация болды. Макинскідегі nomad álemi қонақтары aitas компаниясының дүкен сөрелеріне шықпай тұрып-ақ жаңа өнімдерімен алғаш болып танысты. Бұл гастрономиялық саяхатқа шамамен 4 мың қонақ қатысты. Қонақтардың талғамы мен отбасы дәстүрлерінің жалғасы ретінде «Халық рецептер кітабы» жасалды. Онда фестиваль қатысушылары холдинг өнімдерін пайдалана отырып дайындалатын отбасылық тағамдары мен сүйікті рецепттерімен бөлісті. Компанияның 30 жылдығына орай қатысушылар aitas ұжымына өз тілектерін де қалдырды. Осылайша компания тарихы өндірістік көрсеткіштер арқылы емес, әр адамға түсінікті жолмен баяндалды: жерден, дәннен және әр адамның үлесінен отбасылық дастархандағы өнімге дейінгі жол. Макинск – ортақ жолдың бір бөлігі Алғашқы nomad álemi фестивалі aitas үшін қызметкерлерді, олардың отбасыларын және компанияны ортақ тарих пен ортақ болашақ байланыстыратын өңір тұрғындарын бір алаңға біріктіруге мүмкіндік берді.
Қоқиқаздан халық өнеріне дейін: Қорғалжындағы Flamingo Fest немен таңғалдырады Қорғалжын ауданында өңір тұрғындары мен Астана және Қазақстанның басқа да қалаларынан келген қонақтарды жинаған екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Фестиваль Қорғалжын ауылының орталық алаңында ашылды. Салтанатты бағдарламаны Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі «Фламинго» хореографиялық қойылымымен бастады. Ашылу бағдарламасын Қорғалжын ауданынан келген «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.
Фестивальдің маңызы туралы айта келе, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев оның өткізілуі өңірдің табиғи және мәдени мұрасына назар аударуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қорғалжын өңірінің бірегей экожүйесін сақтау ерекше маңызға ие.
«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы — әлемдегі қызғылт қоқиқаздардың ең солтүстік ұялайтын мекені ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енген бірегей экожүйе. Осындай табиғи байлыққа ие болу — біз үшін үлкен мақтаныш. Оны сақтап, келер ұрпаққа аманат ету — әрқайсымыздың парызымыз», — деп атап өтті Досұлан Айтбаев.
Мұраны сақтау тақырыбын Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман жалғастырды. Ол мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, тұрғындар мен қонақтарды туған өлкенің ерекшеліктерімен таныстыруға және оның туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретінін айтты.
«Бүгінгі салтанатты іс-шара — өңіріміздің табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығы мен халық бірлігін нығайтатын игі бастама», — деп түсіндірді Ермек Нұғыман.
Оның айтуынша, жыл сайын мыңдаған қызғылт қоқиқаздың Қорғалжын өңіріне келуі әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен туристердің қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге табиғи көрікті жерлерді тек туризмді дамытуға негіз болатын нысан ретінде ғана емес, сақталуы баршаға ортақ міндет болып табылатын мұра ретінде қарастырған маңызды.
Бұл идея Flamingo Fest бағдарламасында да жалғасын тапты. Қазірдің өзінде орталық алаңда көрме алаңдары жұмыс істеп тұр. Flamingo Art аясында облыстың әр ауданынан келген суретшілер өз туындыларын таныстырса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қонақтарға қолөнер бұйымдарын ұсынып, көрме-жәрмеңке өткізуде.
Бағдарламаның жеке бөлігі қонақтарды табиғи көрікті жерлермен таныстыруға арналған. Фестиваль қатысушылары үшін қызғылт қоқиқаздар мекендейтін жерлерге экскурсия ұйымдастырылды. Гидтер мен мамандар қорық аумағының ерекшеліктері, оның табиғи маңызы және табиғатты қорғау аймағында өзін-өзі ұстау ережелері туралы әңгімелейді.
Күні бойы фестиваль бағдарламасы концерттік қойылымдармен жалғасады. Сахнада фольклорлық ұжымдар мен жас домбырашылар өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Ұлы дала әуені» халық музыкасы фестивалі өтеді.
Еске сала кетейік, биылғы Flamingo Fest Қорғалжын ауданы үшін екінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль алғаш рет былтырғы жылы Бытығай тарихи кешені аумағында өткізілген болатын. Биыл негізгі іс-шаралар ауыл орталығына көшіріліп, фестиваль алаңы аудан тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолжетімді бола түсті.
Ақмола облысында екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі басталды
Бүгін Қорғалжын ауылына Ақмола облысының түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Астана мен көршілес өңірлерден келген қонақтарды жинады. Олар екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалінде бас қосты. Қатысушылар өлкенің мәдениетімен танысып, оның табиғи мұрасы туралы көбірек білуге және өңірдегі ең таңғажайып құстардың бірі – қызғылт қоқиқазды көруге жиналды. Фестивальдің дәл осы жерде өтуі кездейсоқ емес. Қорғалжын өңірі ұлан-ғайыр даласымен және көптеген көлдерімен танымал. Дәл осы жерде әлемдегі қызғылт қоқиқаздардың ең солтүстіктегі ұялайтын мекені орналасқан. Бұл әсем құстар өңірдің символдарының біріне айналып, жыл сайын туристерді, фотографтар мен жабайы табиғат әуесқойларын қызықтырады. Фестивальдің алғашқы шымылдығын өнерпаздар ашты. Мерекелік бағдарламаны Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі бастады. Ұжым құстардың жеңілдігі мен әсемдігін би арқылы жеткізген «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынды. Музыкалық бағдарламаны Қорғалжын ауданының «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды. Алайда Flamingo Fest – тек өнерпаздардың өнерін тамашалау мүмкіндігі ғана емес. Қонақтар жергілікті шеберлердің өнері мен шығармашылығымен де танысады. Бағдарламада Flamingo Art көрмесі ерекше орын алады. Ақмолалық суретшілер туған өлкені өз туындылары арқылы бейнелейді. Олардың жұмыстарында кең дала, көлдердің айнадай жарқыраған беті және көпшілікке таныс табиғат көріністері көрініс табады. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда қонақтар қолөнер бұйымдарын тамашалап, жергілікті шеберлердің шығармашылығымен таныса алады. Одан кейін қонақтардың назары көпшілікті Қорғалжынға алып келген басты мақсатқа – қызғылт қоқиқаздарға ауады. Фестивальдің негізгі шараларының бірі – осы құстар мекендейтін жерлерге экскурсиялар. Қатысушыларға тәжірибелі гидтер мен қорық мамандары жетекшілік етеді. Сапар барысында олар жергілікті экожүйенің ерекшеліктері, қоқиқаздардың мекендейтін орындары және табиғи аумақта өзін ұстау ережелері туралы әңгімелейді. Еске сала кетейік, Flamingo Fest алғаш рет өткен жылы Қорғалжын ауданында ұйымдастырылған болатын. Фестиваль идеясы мәдениет, экологиялық ағарту және туризмді дамыту бағыттарын бір арнаға тоғыстырды. Облыс тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығы бұл форматтың сұранысқа ие екенін көрсетіп, биыл фестивальді қайта өткізу туралы шешім қабылданды. Бүгінде Flamingo Fest Қорғалжын өңірін оның басты байлығы – табиғаты, мәдениеті мен дәстүрлері арқылы танытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келеді. Ал жыл сайын осы өңірге қайта оралатын қызғылт қоқиқаздар Ақмола облысының бұл бірегей өлкесінің басты символдарының бірі болып қала береді. Фестиваль бағдарламасы кешке дейін жалғасады. Қонақтарды шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, көрмелер, шеберлер жәрмеңкесі және Қорғалжын өңірінің мәдениеті мен табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін экскурсиялар күтеді.