Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады.
Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірталастары барысында ұсынған болатын.
Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды.
Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі.
Ақмола облысында жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды
Бурабай ауданындағы Райгородок кен орнында Zijin RG Gold компаниясының жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысына орай естелік капсула салынды. Капсулаға болашақ ұрпаққа арналған жолдау салынып, оны 2076 жылы ашу жоспарланып отыр.
Жаңа фабриканың қуаты жылына 10 млн тонна кенді құрайды. Жоба іске асқаннан кейін кешеннің жалпы өңдеу қуаты жылына 16 млн тоннаға жетіп, алтын өндіру көлемі 12 тоннадан асады.
Жоба аясында өндірістік және көлік инфрақұрылымы дамып, заманауи автоматтандыру жүйелері енгізіледі. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнес пен мамандар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.
Бүгінде Zijin RG Gold компаниясында 1,8 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 51%-ы – Ақмола облысының тұрғындары.
Райгородоктағы жаңа жоба – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам.
Шортандыда «Таза мекен – таза сана» экологиялық акциясы өтті
Ақмола облысының Шортанды ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза мекен – таза сана» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға 200-ден астам адам қатысып, елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуына өз үлестерін қосты.
Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ туған өлкені абаттандыруға және оның тазалығын сақтауға қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету.
4 қыркүйек күні Шортанды кентінің орталық саябағында өткен акцияның ашылуына Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров қатысты. Іс-шара барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының белсенді қатысушылары марапатталды.
Экологиялық акцияға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам өкілдері, жастар, еріктілер, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары атсалысты.
Акцияның ашылуынан кейін қатысушылар орталық саябақтың аумағын және оған іргелес учаскелерді тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сондай-ақ қоғамдық орындар ретке келтірілді.
Сол күні сағат 12:00-де Шортанды кентіндегі №2 мектепте экологиялық мәдениет пен жеке жауапкершілік мәселелеріне арналған «Тазалық – өзіңнен» атты экологиялық дәріс өтті. Жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Шолпан Ахметова және қазақ күресінен бапкер, «Дала қырандары» бастамашыл тобының үйлестірушісі Орал Айдын Ғабитұлы сөз сөйледі.
Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың тазалықты сақтаудағы жеке жауапкершілігі туралы айтылды.
«Таза Қазақстан – таза мекен – таза сана!» ұраны аясында өткен акция тұрғындарды туған өлкенің тазалығын сақтауға, елді мекендерді абаттандыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Әлемнің 113 елінен 3000 спортшы қатысып VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының додасы тартысты ойындармен, жарқын жеңістермен, жаңа рекордтармен толығуда. Қазақстан құрамасы ойындардың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. Аударыспақтан (эр эңиш) 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, осы ойындардың екі дүркін жеңімпазы Ізбасаров Сырым байырғы қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Аударыспақтың алтын салмағы 90 келіде ел үмітін ақтаған Өткелбай Дарын қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлде иегері атанды. Аса ауыр салмақта жарыс жолына шыққан Еркінұлы Нұржан қола жүлдені қанағат тұтты. Құсбегіліктен (куш салуу, далба, буркут) ел құрамасы сапында 9 спортшы келген болатын, соның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, «қаршыға» бойынша Жалғасұлы Серікболсын «Жебе» деген құсымен алтын, «бүркіт» бойынша Қошқаров Арман «Алғыр» атты қыранымен күміс, «ителгі» бойынша Бабажан Бақдәулет «Ұшқыр» атты құсымен күміс, «ителгі» бойынша Кенжетаев Ерлан «Ақбалық» атты құсымен қола медаль алды. Ойындар бағдарламасына көшпенді елдердің 14 түрлі күресі енсе, жарыстың үшінші күнінде отандастарымыз самбо мен қырғыз күресінен (кыргыз курөш) өнер көрсетті. Самбодан Сапар Болат (+98 келі) алтын, Нығметов Еркебұлан (79 келі) мен Бейсенбаев Жандос (64 келі) қола жүлдеге ие болды. Қырғыз күресінен ауыр салмақтағы балуанымыз Жұмағали Алмас (+100) ақтық сында қырғыз елінің спортшысына есе жіберді. Жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған арқан тартыстан (аркан тартыш) құрама мүшелері бүгін де алтын жүлде олжалады. Кеше спортшыларымыз «8×8» бағдарламасы бойынша ақтық сында қырғыз елінен басым түсіп, алтын алса, бүгін «4×4» бағдарламасының ақтық сынында ирандық спортшыларды жеңді. Сондай-ақ, қол күрестен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола алып, медальдар қоржынын толтырды. Білек күшін алтынға айырбастаған спортшылар: Айдархан Нұрдәулет (-90, оң қол, сол қол), Құттымұратов Медет (+90, оң қол, сол қол), Устинов Данил (-80, сол қол), Сыдыкжан Малена (+65 келі, оң қол, сол қол) (оң қолдан бөлек, сол қолдан бөлек медаль жиынтығы бар). Ертең, 4 қыркүйекте, спортшыларымыз 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады: көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн, тазы жарысы бойынша жарыстар өтеді.
🥇🇰🇿 ЕРНҰР СҮЛЕЙМЕН – ЧЕМПИОН! VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен 60 келі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді! 🏆
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді 2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.
Апта ішінде пияз – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға төмендеді.
Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.
Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.
Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – килограмына 155 теңге.
Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда – 183 теңге деңгейінде қалыптасты.
Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді – килограмына 315 теңге.
Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.
*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.
Департаментке жүгінуден кейін тоңазытқыштың кепілдік қызметіне қатысты дау реттеліп, тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды
Күн сайын Көкшетау қаласының тұрғындары түрлі тауарлар сатып алып, әртүрлі қызметтерді пайдаланады: тұрмыстық техника сатып алады, сервистік орталықтарға жүгінеді, ұйымдармен келісімшарттар жасайды. Алайда кейде сатып алынған тауардың сапасы немесе көрсетілген қызмет күтілген нәтижеге сәйкес келмей жатады. Мұндай жағдайларда тұтынушы өз құқықтарын біліп, қайда және қалай көмек алуға болатынын түсінуі маңызды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды әділ шешуге бағытталған. Ақмола облысында тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Азаматтардың өтініштері мен мамандардың көмегінің арқасында көптеген даулы мәселелер сотқа дейінгі тәртіппен шешілуде. Жұмыс жүргізілген кезеңдердің бірінде өңір тұтынушыларына жалпы сомасы 53 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Бұл көрсеткіш азаматтардың құқықтарын қорғау тетігінің тиімділігін көрсетеді. Нақты мысал: Көкшетау тұрғынына ақаулы тоңазытқыштың толық құны қайтарылды Осындай мысалдардың бірі — Көкшетау қаласы тұрғынының өтініші. Азамат құны 199 990 теңге болатын тоңазытқыш сатып алған. Алайда сатып алғаннан кейін бірнеше ай өткен соң тұрмыстық техника істен шыққан. Кепілдік жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, ақау қайта пайда болып, тауарды әрі қарай пайдалану мүмкін болмаған. Тұтынушы өз құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының нормаларын түсіндіріп, сатушыға қойылатын талаптарды ұсыну тәртібі және тауардан кемшілік анықталған жағдайда тұтынушының құқықтары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде дау реттеліп, сатушы тұтынушының талаптарын негізді деп таныды. Сатып алушыға сапасыз тауар үшін төленген қаражаттың толық сомасы — 199 990 теңге қайтарылды. Бұл жағдай тұтынушының сапалы тауар талап етуге, ал заң талаптары бұзылған жағдайда тауарды жөндеуді, ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқығы бар екенін көрсетеді. Тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігі күшейтілуде Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілуде. Кәсіпкерлер сатып алушылардың заңды талаптарын орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылады. 2025 жылғы 15 наурыздан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптарын бұзудың жекелеген түрлері бойынша ескерту орнына әкімшілік айыппұлдар қолданылуда. Атап айтқанда, тұтынушының өтінішін уақытылы қарамау, тауарды айырбастау немесе қайтару туралы заңды талаптарды орындаудан бас тарту сияқты жағдайлар үшін жауапкершілік қарастырылған. Айыппұл мөлшері: • жеке тұлғалар үшін — 5 АЕК; • шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 10 АЕК; • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 15 АЕК; • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 25 АЕК. Мұндай шаралар сатушылардың жауапкершілігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған. Тұтынушылар өз құқықтарын қалай қорғай алады? Мамандар Көкшетау тұрғындарына келесі қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады: • тауарды сатып алғанын растайтын чектерді, шарттарды, кепілдік талондарын және басқа да құжаттарды сақтау; • тауарды сатып алу және қызмет көрсету талаптарын мұқият зерделеу; • кемшілік анықталған жағдайда сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша талап қою; • ұйымдармен жүргізілген хат алмасуларды және жауаптарды сақтау; • мәселені өз бетінше шешу мүмкін болмаған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгіну. Заң тек азаматтардың қаржылық мүдделерін ғана емес, сонымен қатар олардың қауіпсіз, сапалы тауар алуға және тауар немесе қызмет туралы толық әрі нақты ақпарат алуға деген құқықтарын қорғайды. Өз құқықтарын білу әділдікті қалпына келтіруге мүмкіндік береді Көкшетау тұрғынының ақаулы тоңазытқыш үшін 199 990 теңгені қайтарып алуы — өз құқықтарын білу және уақтылы көмекке жүгіну арқылы тұтынушының мүддесін тиімді қорғауға болатынын көрсететін нақты мысал. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау — тек заң талаптарының сақталуын бақылау ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен бизнес арасындағы өзара сенімді қарым-қатынасты қалыптастыратын маңызды құрал. Халықтың құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын, тауарлар мен қызметтер нарығындағы жауапкершілік те арта түседі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті
Департаментке жүгінгеннен кейін кір жуғыш машинаны кепілдікпен қызмет көрсетуге қатысты дау оң шешімін тапты – тұтынушыға тауар жаңасына ауыстырылды
2026 жылғы 14 шілдеде Ақмола облысының тұрғыны құны 219 990 теңге тұратын кір жуғыш машина сатып алды. Алғашқы кір жуудан кейін техника қосылмай қалды. Сатып алушы тауарды ауыстыруды немесе төленген ақшалай қаражатты қайтаруды талап етіп, дүкенге жүгінді, алайда бастапқыда бас тарту алды. Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Сатушымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін дау сотқа дейінгі тәртіппен реттелді: сатушы ақаулы кір жуғыш машинаны жаңасына ауыстырды, ал тұтынушының құқықтары толық қалпына келтірілді. Егер тұтынушы ретінде сіздің құқықтарыңыз бұзылса, жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Кассалық чекті, кепілдік талонын және сатып алуды растайтын басқа да құжаттарды сақтаңыз. Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың өтініштерін қарайды, консультациялық көмек көрсетеді және өз құзыреті шегінде тұтынушылар мен сатушылар арасындағы дауларды реттеуге ықпал етеді. Өз құқықтарыңызды қорғау — әрбір тұтынушының заңды құқығы!
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті
Департаментке жүгінгеннен кейін смартфонға кепілдік қызмет көрсетуге қатысты дау шешіліп, тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды
Ақмола облысының тұрғыны 420 000 теңгеге смартфон сатып алған. Алайда бірнеше күн пайдаланғаннан кейін құрылғы өздігінен өшіп, заряд қабылдамай қалған. Сатып алушы сатушыға ақшасын қайтару туралы талаппен жүгінген, алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған. Осыдан кейін ол Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш жолдады. Департамент мамандары тұтынушыға оның құқықтарын түсіндіріп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдем көрсетті. Нәтижесінде сатушы сатып алушының заңды талабын орындап, тауардың толық құны – 420 000 теңгені қайтарды. Бұл жағдай тұтынушылардың құқықтары бұзылған кезде мәселені назардан тыс қалдырмау қажеттігін көрсетеді. Уәкілетті органға уақтылы жүгіну өз заңды мүдделеріңізді қорғауға және әділ шешімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті
Департаментке жүгінгеннен кейін ас үй гарнитурына қатысты дау реттеліп, тұтынушыға сапасыз элементтер қосымша ақысыз ауыстырылды
2026 жылғы 12 маусымда азамат жиһаз дүкенінен құны 480 000 теңге болатын ас үй гарнитурын сатып алған. Тауар жеткізіліп, орнатылғаннан кейін тұтынушы бірқатар кемшіліктерді анықтаған: жиһаздың алдыңғы беттерінде зақымдар болған, сондай-ақ кейбір жиһаз элементтері тапсырыс кезінде көрсетілген өлшемдерге сәйкес келмеген. Сатып алушы анықталған кемшіліктерді жою туралы сатушыға талап қойған. Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін азаматқа өз құқықтарын қорғау тәртібі бойынша консультациялық көмек көрсетілді. Өтінішті қарау нәтижесінде сатушы тұтынушының талаптарын қанағаттандырып, 2026 жылғы 20 маусымда ас үй гарнитурының сапасыз элементтерін қосымша ақысыз ауыстырды.
Тұтынушыларға кеңес: тауарға тапсырыс беру кезінде шарт талаптарын мұқият тексеріңіз, төлемді растайтын құжаттарды және тауарды қабылдап алғаныңызды растайтын құжаттарды сақтаңыз. Өз құқықтарыңызды білу даулы жағдайларды шешуге және өз мүдделеріңізді қорғауға көмектеседі.
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті