Республика күні қарсаңында «Отаным десем ,ойыма…» атты челленджге түрлі сала мамандары қосылып, Отан ұғымының өздері үшін нені білдіретінін бөлісті.
Әр маманның жүрегіне жақын ойы мен шынайы тілегі тоғысқан бұл бастама – туған жерге деген сүйіспеншілікті, елге деген құрмет пен ортақ жауапкершілікті дәріптейді.
Отанға деген махаббат – туған жерді қадірлеуден, адал еңбек етуден және еліміздің дамуына үлес қосудан басталады.
«Қазақтың тарихи және философиялық ойы тұтас зерделенуі керек»
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты, саясаттанушы Айдос Сарым қазақ әдебиеті мен журналистикасындағы қалыптасқан бағыттарды қайта зерделеп, гуманитарлық ғылымдарды жаңаша дамыту қажеттігін атап өтті.
Оның пікірінше, тарихи сын, тарих философиясы, тарихнама, әлеуметтану, филология және құқық философиясы салаларындағы еңбектерді жаңадан жазу қажет. Қазақстанның тарихи, философиялық және әлеуметтік ойы көне дәуірден бүгінге дейінгі кезеңді тұтас қамтуы тиіс.
Бұл туралы ол «Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясында өткен талқылауда айтты.
«Тарихымыздың жарқын жеңістері мен жетістіктерін де дәріптеуіміз керек»
ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров ұлттық тарихты танытуда қайғы-қасіретті кезеңдермен қатар, халқымыздың жарқын жеңістері мен жетістіктерін де дәріптеу маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, тарихи сананы қалыптастыруда күмәнді деректер мен бұрмаланған мәліметтерге жол бермей, өткеннен тағылым алу қажет.
Бауыржан Омаров ұлттық тарих пен әдебиетті тек нәубет пен азап жылдарының шежіресі ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Алдағы жұмыстарда халқымыздың бай тарихын, тағылымды тәжірибесі мен жетістіктерін кеңінен насихаттауға мән беру керектігін жеткізді.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы.
ҚР Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров Мемлекет басшысының тарихты шынайы деректерге сүйеніп, біржақты көзқарастан ада күйде зерделеу жөніндегі ұстанымына тоқталды. Оның айтуынша, тексерілмеген мәліметтер мен ойдан құрастырылған қаһармандарды оқу материалдарына енгізу жас ұрпақтың тарихи санасына кері әсер етуі мүмкін.
Бауыржан Омаров Президент көтерген міндеттердің бірі – ұлттық тарихты тек қайғы-қасірет тұрғысынан баяндаудан арылып, халқымыздың қиындықтарды еңсерген қуаты мен жетістіктерін де көрсету екенін атап өтті. Оның пікірінше, тарихи оптимизмді қалыптастырып, өткеннен тағылым алу арқылы болашаққа сеніммен қарау маңызды.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы.
«Өткенге құрметпен қарап, болашаққа сеніммен қадам басуымыз керек»
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Бауыржан Омаров ұлт мүддесіне адал қызмет еткен тарихи тұлғалардың өмірі мен ұстанымдарын жас ұрпаққа үлгі етудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл міндет тек тарихшыларға емес, жалпы зиялы қауымға жүктеледі.
Сондай-ақ ол ұлттық тарихтың халықты біріктіруге, жасампаздыққа жетелеуге қызмет етуі керектігін айтты. Өткенге құрметпен қарап, болашақтың қандай болатыны өз қолымызда екенін ұғыну маңызды екенін жеткізді.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы аясындағы талқылаудан.
Тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған халқымыздың қиындықтарды еңсеріп, елдігін сақтап қалғанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі кезеңде халықтың рухын көтеріп, бірлігін нығайту маңызды. Сондай-ақ ол қазақ тілінде білім алушылар санының артуын оң өзгеріс ретінде бағалады.
«Егемен Қазақстан» газетінің «Санаткер ұлт» жобасы.
Қазақстанның сауда кәсіпорындары Республика күніне орай арнайы ұсыныстар әзірледі
Қазақстанда Республика күніне орай ұйымдастырылған Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары жалғасуда. Қазіргі таңда Republic Day акциясына 232 сауда-ойын-сауық орталығы, сауда орталығы мен сауда үйі қосылды. Ал Bereke Fest акциясына 417 сауда желісі қатысуда.
Акцияларға дайындық алдын ала басталды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі жергілікті атқарушы органдармен және аумақтық департаменттермен бірлесіп, сауда ұйымдарымен үйлестіру жұмыстарын жүргізді, ұйымдастыру мәселелерін пысықтап, қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз етті.
Бастамаға отандық өндірушілер мен сауда кәсіпорындары да қосылып, сатып алушыларға арнайы ұсыныстар дайындады.
«Республика күні – баршамыз үшін маңызды мереке. Қазақстандық бренд ретінде біз акцияны қуана қолдадық. Мерекеге орай тауарлардың жекелеген түрлеріне 20% жеңілдік белгіледік»,- деді MSQ дүкенінің директоры Ғазиза Алданова.
Еске салайық, екі акция аясында еліміздің барлық өңірінде тауарлардың жекелеген санаттарына 50%-ға дейін жеңілдік қарастырылған.
«Анвар» сауда желісінің менеджері Еркежан Мұхамадиеваның айтуынша, сатып алушылар сүт өнімдеріне, жармалар мен көкөністерге қызығушылық танытуда.
«Біз акцияға бір ай бойы дайындалдық. Серіктестерімізбен бірлесіп, бірқатар тауарды белгіледік. Сөрелердегі тауарлар азая бастаған сайын оны жедел толықтырып отырамыз. Акцияға қатысатын тауарлар Bereke Fest арнайы жапсырмасымен белгіленген»,- деді супермаркет директоры Жұлдыз Есімбетова.
Акциялар халыққа Республика күнін мерекелеу кезеңінде түрлі тауарларды арнайы ұсыныстармен сатып алуға мүмкіндік береді. Ал сауда ұйымдары үшін қосымша тұтынушы тартып, сұранысты қанағаттандырып және тауар айналымын күшейтуге бағытталған.
Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары 2026 жылғы 27 қазанға дейін жалғасады.
ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨПІРГЕ ҚҰЯТЫН БЕТОНМЕН СПОРТ АРЕНАСЫН САЛЫП ЖАТЫР🏗️
«Қызылорда Арена» құрылысының ерекшелігі тек көлемінде емес.
Нысанның негізгі қаңқасына М550 маркалы бетон құйылған. Құрылысшылардың айтуынша, мұндай беріктіктегі бетон ауыр жүк түсетін нысандар мен көпір құрылысында жиі қолданылады.
🏟️ Арена — 5 қабатты 👥 Әмбебап зал — 2,5 мың орын 🏊 Бассейн — 50 метр, 10 жолақ 👷 Қазір нысан шамамен 90% дайын
Ал бетонның беріктігі сонша, жұмысшылар қазір орындықтарды бекітудің өзінде қиналып жүргенін айтады.
💧Республика күні қарсаңында Ақмола облысында жаңа топтық су құбыры іске қосылды
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті жаңа топтық су құбырын іске қосты. Нысан Ақмола облысы Сандықтау ауданының үш ауылын орталықтандырылған сумен қамтамасыз етеді. Бұл елді мекендерде 1,1 мыңнан астам адам тұрады.
Жаңа су құбырын іске қосу рәсіміне Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Бұлан Тұрлыбеков пен Сандықтау ауданының әкімі Серік Құдабай қатысты.
🗣«Жаңа су құбыры Красная Поляна, Петриковка және Арбузинка ауылдарын ауызсумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады. Жоба аясында ұзындығы 22,1 шақырым су құбыры тартылып, су алуға арналған екі ұңғыма бұрғыланды. Сондай-ақ су жинау алаңы және сорғы станциялары бар екі су құбыры құрылыстарының алаңы салынды. Бұдан бөлек, 123 құдық орнатылып, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді»,
деді Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы Бұлан Тұрлыбеков.
Бас прокуратурада балалардың қауіпсіздігі және жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері талқыланды
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Отырысқа қатысушылар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллингтің, суицидтің және нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін талқылады.
Отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, Президенттің көмекшісі Елдар Толғанбаев, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы облыс прокурорларымен әкімдері қатысты.
Баяндамалармен Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов сөз сөйледі.
Соңғы үш жылда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Тек биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.
Балаларды қорғаудың практикалық тетіктерін талқылауды жалғастыра отырып, Динара Закиева қайталанған анықтау жағдайларын қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін атап өтті. Оларды жеке сүйемелдеу мақсатында отырысқа қатысушыларға «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген «BALAZHAN» бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Платформа орталық деңгейде және өңірлерде анықталған әрбір баланың жағдайын, проблемалардың туындау себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелері де қаралды.
Қауіп-қатерлерді ерте анықтау мақсатында Бас прокуратура «AiMap» IT-жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе есірткі сататын интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға мүмкіндік береді.
Цифрлық шешімдермен қатар, практикалық жобаларда жүзеге асырылуда.
Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында 2 400 бала анықталған. 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған. Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген.
Жамбыл облысының прокуратурасы бастамасымен 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7%-ға, кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстар 3,4%-ға, ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 54,5%-ға төмендеген. Осы тәжірибені республика көлемінде кеңейту ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық профилактиканы күшейтуге бағытталған міндеттер айқындалды. Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллингті, суицидтік тәуекелдерді және өзгеде қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші рөлді бекіту, профилактикалық жұмыстың көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу, сондай-ақ 111 байланыс орталығы арқылы кәмелетке толмағандарға құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды.
Бас прокурор «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында әлеуметтік желілерде балаларға арналған пайдалы білім беру контентін әзірлеу мен таратудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.