🇰🇿 Қазақстанда әскери реформаның негізгі бағыттары таныстырылды
Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева отырыс барысында әскери реформаның негізгі ережелерін таныстырды. Жоспар әскер жасақтаудың халықаралық тәжірибесін, заманауи ұрыс жүргізу тәсілдерін және отандық мамандардың ұсыныстарын ескере отырып әзірленген.
Құжат мемлекеттің әскери жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын қайта қарау, басқару және қорғанысты жоспарлау тетіктерін жетілдіру, Ұшқышсыз жүйелер күштерін құру және армияның негізгі компоненттерін нығайту көзделген.
Реформаның маңызды бағыттарының бірі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңдік жүйесіне көшу. Алғашқы алты айда сарбаздар оқу орталықтарында даярлықтан өтсе, келесі алты айда әскери бөлімдерде қызмет атқарып, жауынгерлік даярлыққа басымдық беріледі.
Сонымен қатар әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесіне ерекше назар аударылады. Әскери консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру, әскери тәртіпті нығайту және жарғыға қайшы әрекеттердің алдын алу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «Адал азамат» тұжырымдамасы негізінде «Жас айбын» бірыңғай әскери-патриоттық даярлық жүйесін дамыту, мамандандырылған әскери мектептер желісін кеңейту және бастапқы әскери даярлықты жетілдіру көзделген.
🎯 Реформаның басты мақсаты – кәсіби даярлығы жоғары, заманауи технологияларды меңгерген және әскери тәртібі берік армия қалыптастыру.
Мемлекет басшысы әскери реформа мәселелері бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізді
🔹Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті.
🔹Негізгі мәселе – әскери реформа жоспарының жобасы.
🔹Мемлекет басшысы еліміздегі ауқымды өзгерістерді ескере отырып, қорғаныс саласын реформалау жөнінде ұсыныстар әзірлеуді және оны Қауіпсіздік Кеңесінің қарауына енгізуді тапсырды.
🔹Президент қысқа мерзімде заманауи, ұтқыр әрі технологиялық тұрғыдан озық армия құрудың айрықша маңызына назар аударды.
– Қарулы күштердің сапасын өзгерту міндеті қойылды. Өзгерістер басқару ісін, әскери қызметшілерді даярлауды, кадр саясатын, әскери білім беруді, қорғанысты жоспарлау мен технологиялық жарақтандыруды қамтуға тиіс. Әскери қызметтің қауіпсіздігіне, әскерге басшылық ету мәдениетіне және мемлекет ресурстарын тиімді пайдалануға айрықша мән беру керек. Армияның қоғаммен қарым-қатынасы да өзгеруге тиіс. Кешенді реформа қажет. Бұл істе толыққанды шешімдер қабылданбайынша, көздеген нәтижеге жету мүмкін емес, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Зерендіде халықаралық «Қансонар-2026» турнирі қорытындыланды
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлының есімімен аталатын халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі мәресіне жетті. Республика күні қарсаңында өткен жарысқа Қазақстанның өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген саятшылар қатысып, бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудан бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев ұлттық спортты дамыту мен дәстүрлі мұраны сақтаудың маңызын атап өтті.
«Құсбегілік – қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі. Осындай халықаралық жарыстар ұлттық спортты дамытуға, дәстүрімізді дәріптеуге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді», – деді Досұлан Айтбаев.
Айдарлы ауылының таңдалуы да өңірдің тарихи мұрасымен байланысты. Зеренді жерінде саятшылық өнерінің өзіндік орны бар. Ауыл тарихында Дүйсен би Есенберліұлы мен оның Алабас атты бүркіті туралы деректер сақталған. Ал турнирдің Мәсіп Батырханұлының есімімен аталуы – құсбегілік өнерге үлес қосқан тұлғаның мұрасын ұлықтау белгісі.
Жарысқа Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген 58 жастағы Нұрғайып Ыдырысұлы да қатысты. Құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысатын саятшының айтуынша, оның жеті атасы да бүркіт баптаған. Ол «Қансонар» турниріне биыл төртінші рет қатысып, екі жастағы бүркітін алып келген.
Турнир нәтижесі бойынша жеңімпаздар үш бағытта анықталды.
Бүркіт баптау:
1-орын – Уәлихан Шыңғыс (Ақмола облысы);
2-орын – Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы);
3-орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы).
Қаршыға баптау:
1-орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы);
2-орын – Ерасыл Серкбекұлы (Астана қаласы);
3-орын – Ақжол Карчиганов (Ресей).
Ителгі баптау:
1-орын – Теміралі Төлегенұлы (Қарағанды облысы);
2-орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы);
3-орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия).
Осылайша, Ақмола облысының құсбегілері екі бағыт бойынша жүлдегер атанды.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық саятшылық өнерін насихаттап, отандық және шетелдік құсбегілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Дәстүрлі жарыс қазақтың құсбегілік мұрасын сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.
Тәртіп пен тазалық – ұлттық идеологияның алтын діңгегі
«Таза Қазақстан» – дақпырт пен даңғазадан ада, жалған іс пен жалаң сөз араласпаған, тазалықты ту еткен, өскен жер, өнген ортаны өркендеткен өзекті бастама. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған акция бүгінде жалпыхалықтық қолдауға ие болды.
Бауыржан ОМАРОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі: – «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылы 8 сәуірден жүзеге асырыла бастады. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы бұл жұмыстардың аса маңыздылығын ерекше атап өтті. Елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшеміне айналатын болды.
Бұл тұжырымдар мемлекеттің басты құжаттарына да енгізіле бастады. Табиғатты аялау қажеттігі жаңарған Конституциямызда алғаш рет көрініс тапты. Президенттің осыдан екі жыл бұрынғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет» деп нақты міндет қойылды. Демек, бұл – жалпыхалықтық іс. Бұған әр адам атсалысуға тиіс. Себебі бұл жай міндет емес, Президент айтқандай, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының орындалуы – конституциялық міндет».
Мәселеге әр қырынан келуге болады. Алдымен, ойға оралатыны – айналаны аялау, яғни қоршаған ортаны қорғау. Сыртқы әлемнің сұлулығын сақтау. Ауаның да ақысы, судың да сұрауы бар екенін ұмытпау. Яғни өзіміз өмір сүріп жатқан кеңістіктің тазалығын қамтамасыз ету. Осы тұрғыдан Президенттің: «Халықтық сипат алған науқанның мақсаты – экологиялық сана қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру», деген сөзін әрдайым есте ұстауымыз қажет.
Екінші, мемлекетімізді көркейту. Тазалық ұғымын басты өлшем етіп алу. Яғни туып-өскен, өніп-өркендеген ел-жұртыңның, аяулы атамекеніңнің тазалығы. «Біз «Қазақстан – ортақ үйіміз» деп үнемі айтамыз. Сондықтан еліміз таза, тартымды, мәдениетті болуы керек», деп Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, ортақ үйдің орнықты дамуы – келелі келешектің кепілі.
Үшінші, өзіміз мекен етіп жатқан жеріміздің тазалығы. Әр шаңырақтан шуақтың кетпеуі. Мерейлі мекеннің мәртебелі болуы. Әр тұрғынның берекелі баспанасында тазалық ұғымының салтанат құруы. Ел басшысы осыған орай «Тазалық әр үйден басталуы керек» деген тұжырым жасады.
Төртінші, ұрпақты тазалыққа баулу. Тазалық табалдырықтан бастау алады. Туған үйіңнің табалдырығынан. Басқан баспалдағыңнан. Құтты қадамыңнан. Жүрген жолыңнан. Шарлаған шақырымыңнан. Беттеген белесіңнен. Шыққан шыңыңнан. Қысқасы, тазалық пен тәрбиенің түйісетін тұстары көп. Президенттің: «Кішкентай кезінен тазалыққа үйренген бала кейін жауапкершілігі жоғары, саналы азамат болып өседі. Елге жанашыр болады», деген сөзін осы тұрғыдан түйсінген жөн.
Бесінші, сананы тазарту. Бойдың тазалығын, ойдың тазалығын сақтау. Тегінде мұны бесінші қатарға емес, бәрінің алдына, яғни бірінші қатарға қойсақ та болар. Өйткені сана дегеніміз – бір-бірімен тығыз байланысқан тұтас дүниенің өзегі. Сана тазарса, барлық нәрсе тазарады. Тазару жаңаруға, жаңару жаңғыруға бастайды. Осының бәрі Мемлекет басшысының мына тұжырымынан туындайды: «Таза Қазақстан» – озық ойлы қоғам құруға арналған идеологиялық тұғырнаманың ажырамас бөлігі. Бұл – тек қоршаған ортаның тазалығын емес, ой мен сана тазалығын сақтау деген сөз». Біз бүгін осы бағыттағы жұмыстардың қалай жүзеге асырылып жатқаны жөнінде әңгімелесеміз.
Сонымен, әңгімемізді «Сана тазармай, қала мен дала тазармайды» деп бастадық. Ендеше, сана қалай тазармақ? Ол қалай іске асады? Оған сіздер қандай үлес қоса аласыздар? Қай тұрғыдан атсалысуларыңыз мүмкін? Міне, өздеріңізбен бірге осы жөнінде сөз қозғаймыз.
Қоршаған ортаның тазалығы адамның ішкі тазалығынан, яғни сананың жаңғыруынан бастау алады. Осы орайда «Таза Қазақстан» мемлекеттің экологиялық саясаты мен ұлттың ішкі мәдениетін тоғыстыратын басты идеологиялық тұғыр. Ысырапшылдықты тыйып, тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ табиғатқа тұтынушылық көзқарастан арылу – бүгінгі буынның келер ұрпақ алдындағы перзенттік аманаты. Демек, қала мен даланы қоқыстан, ал қоғамды енжарлықтан арылтудың жалғыз жолы – әрбір азаматтың ортақ іске деген жауапкершілігін терең түйсініп, ең алдымен санасын тазартуы.
Ақмола облысында халықаралық «Қансонар-2026» турнирі өтуде
Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Айдарлы ауылында Мәсіп Батырханұлы атындағы халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі жалғасуда. Дәстүрлі додаға Қазақстанның он облысынан және шетелдерден келген құсбегілер қатысып, ұлттық саятшылық өнеріндегі шеберліктерін көрсетуде.
Биылғы жарысқа халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, Азия чемпионаттарының жүлдегерлері және ұлттық спорт түрлерінен жоғары нәтижелерге қол жеткізген тәжірибелі спортшылар жиналған.
Ақмола облысының спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар арасындағы бәсеке тартысты өтуде. Оның сөзінше, төрешілер жұмысына қатысты қатысушылар тарапынан наразылық болған жоқ.
Ақмола облысының намысын Ерлан Кенжетаев пен Игорь Кочевников бастаған құсбегілер қорғауда. Биыл өңір үшін тағы бір жағымды жаңалық бар. Жарысқа алғаш рет Ақмола облысынан қыз бала қатысып отыр. Ол құсбегілік өнерді екі жылдан бері меңгеріп келеді. Сонымен қатар ұлттық спортқа қызығушылық танытқан төрт жас спортшы да өз мүмкіндіктерін сынауда. Олардың ішіндегі ең жасы – 14 жастағы Ақмола облысының өкілі.
Ардақ Төлендиннің мәліметінше, бүгінде өңірдегі он спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері жүйелі түрде дамытылып келеді. Әсіресе Зеренді және Бурабай аудандарының спортшылары республикалық жарыстарда тұрақты түрде жүлделі орындарға ие болып, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында халықаралық додаларға қатысып жүр.
Турнирдің негізгі мақсаты – қазақтың ұлттық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, ата-бабадан аманат болып жеткен құсбегілік өнерді сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту. Осыған орай жарыс өтетін аумақта қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейтін этноауыл ұйымдастырылған. Мұнда шетелдік қонақтар ұлттық мәдениетпен жақынырақ танысып, асық ату және садақ ату бойынша көрсетілімдерді тамашалай алады.
Биылғы турнирге Түркиядан келген Мутлу да қатысуда. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр. Құсбегінің айтуынша, қазақ халқына және ұлттық саятшылық өнеріне деген ықыласы оны елімізге қайта-қайта оралуға жетелейді.
«Мен Қазақстанды да, қазақ халқын да жақсы көремін. Құсбегілік – ата-бабадан қалған ерекше өнер. Бұл жарысты мен жай ғана бәсеке деп қабылдамаймын. Мен үшін бұл – достарыммен, бауырларыммен қауышатын үлкен кездесу. Ең бастысы – достық пен бауырластық», – дейді Мутлу.
Ол Түркияда құсбегілік жарыстарын ұйымдастыруда бірқатар қиындықтар бар екенін атап өтті. Соған қарамастан, болашақта өз елінде де осындай халықаралық турнирлер өткізуге ниетті екенін жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық құсбегілерді Түркияға шақырып, тәжірибе алмасуға мүдделі екенін айтты.
Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық мұраны дәріптеумен қатар, әр елдің өкілдері арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашып отыр. Мұндай шаралар құсбегілік өнердің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына және қазақ мәдениетінің халықаралық деңгейде танылуына ықпал етеді.
Турнир қорытындысы бойынша бүркіт, ителгі және қаршыға бағыттарында үздіктер анықталады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар және арнайы сыйлықтар табысталады.
Көкшетауда заңдылық пен құқықтық тәртіп мәселелері талқыланды
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Қоғам және құқық: тәртіп үшін диалог» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шараға қоғамдық ұйымдардың өкілдері, белсенді азаматтар мен жастар қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау мәселелерін талқылау.
Диалог алаңының спикерлері ретінде заң ғылымдарының кандидаты, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің құқық кафедрасының меңгерушісі, Ақмола облысының Қоғамдық кеңесі мен Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Рахметулина және аталған университеттің құқық кафедрасының PhD докторы Ерлан Мырзаханов сөз сөйледі.
Кездесу барысында қатысушылар құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызын, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлін және жастар арасында заңға құрмет пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар қоғам мен мемлекет арасындағы сындарлы диалогті дамыту, қоғамдық ұйымдардың құқықтық мәдениетті арттыруға қосатын үлесі және азаматтардың заң талаптарын сақтау жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Ашық пікір алмасу форматында өткен іс-шара қатысушыларға өз ойларын ортаға салып, өзекті құқықтық мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік берді. Кездесу заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда мемлекет пен қоғамның бірлескен іс-қимылының маңыздылығын көрсетті.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау мен көбейту жолындағы күш-жігеріне тоқталды
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қазірдің өзінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Елімізде киік санының көбеюін осы жетістіктердің бірі ретінде атап өтуге болады.
– Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Президент.
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.
🔹Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы чех, неміс және мажар әріптестерімізбен бірге қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті.
🔹Президенттің пікірінше, Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажет.
– Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.