🇰🇭Камбоджа Премьер-министрі Қазақстанға шақырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстар орнағанына 30 жылдан асқанын атап өтті
– Бүгін энергетика секторындағы ықпалдастықты тереңдету мүмкіндігі туып отыр деп ойлаймын. Ведомстволарымызға өзара мүдделі бағыттарды анықтауды тапсыра аламыз. Қазақстан электронды үкімет бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізді әрі озық әзірлемелерге ие. Біздің министрліктеріміз осы салада тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, – деді Хун Манет.
🔹Кездесу барысында тараптар саяси диалогты, сауда-экономикалық байланыстар мен көпжақты алаңдардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту жайын жан-жақты талқылады.
🇰🇿🇰🇭Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа Премьер-министрі Хун Манет шағын құрамда келіссөз жүргізді
🔹Қазақстан Президенті мәртебелі мейманға ілтипат білдіріп, бұл сапар екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беретінін және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту перспективасына жол ашатынын айтты.
– Сапарыңыздың тарихи мәні зор деп санаймын. Өйткені бұған дейін Камбоджа премьер-министрлерінің Қазақстанға жолы түспеген. Ал Сіздің қазақ жерімен жеке байланысыңыз бар. Әкеңіз 1982 жылы елімізге келген екен. Бүгін екіжақты қарым-қатынастың ауқымды мәселелерін талқылаймыз. Қазақстан халқының еліңізге ықыласы ерекше. Көптеген отандасымыз Камбоджаға барып, оның көрікті жерлерімен танысқысы келеді. Елдеріміз арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесін пысықтауымыз қажет. Сондай-ақ гуманитарлық саладағы байланыстарды жандандырғанымыз жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🔹Президент Қазақстан мен Камбоджа табиғи байлығы мол елдер санатында екенін және аталған саладағы ықпалдастықты кеңейтуге болатынын айтты.
🔹Сонымен қатар келіссөздер барысында сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылатынын жеткізді.
120-дан астам іс-шара: Астанада Республика күні қалай атап өтіледі
25 қазанда Қазақстанда Республика күні атап өтіледі. Ұлттық мерекеге орай Астанада салтанатты, мәдени-танымдық, білім беру, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағыттағы 120-дан астам іс-шара жоспарланып отыр. Елорда тұрғындары мен қонақтарына арнап концерттер, көрмелер, спектакльдер, спорттық турнирлер, мерекелік акциялар, жаңа нысандардың ашылуы және басқа да шаралар ұйымдастырылады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Республика күніне орай елордада бірқатар жаңа нысан ашылады. Атап айтқанда, М. Төлебаев көшесі, 3 мекенжайында «TANYM SPORT» көпфункционалды кешені, ал Сұлтан Бейбарыс көшесі, 15 мекенжайында «TANYM ART» кешені жұмысын бастайды.
Сонымен қатар №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының қосымша ғимараты және №2 қалалық көпбейінді аурухананың қабылдау-диагностикалық кешенін ашу жоспарланып отыр. Ұлттық мерекеге орай Астанада мәдени-білім беру бағдарламасы да әзірленді. Оның аясында әдебиет пен өнер өкілдерімен кездесулер, ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, белгілі бір тақырыптағы кештер, пікірсайыстар және басқа да іс-шаралар өтеді.
20 қазанда сағат 17:00-де «Жастар» сарайында «Елім деп соққан жүрегім» атты патриоттық кеш өтеді. Сол күні елорданың барлық мектебінде Республика күніне арналған бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылады.
20-24 қазан аралығында елордалық мектептерде оқушылар арасында «Егер мен Президент болсам…» тақырыбында пікірсайыстар және «Менің елім – Қазақстан» атты сурет байқауы өткізіледі. 21 қазанда сағат 11:00-де Сәкен Сейфуллин музейінде «Ұлт рухын ұлықтаған Сәкен» атты мәдени-танымдық кеш өтеді. Сол күні Ақжан әл-Машани атындағы №92 мектеп-лицейінде Өтеген Сейітов атындағы «Болашақ прокурор» клубының қатысушылары арасында «QAZAQSTAN QUIZ» зияткерлік ойыны ұйымдастырылады.
22 қазан күні сағат 11:00-де Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топтың қатысуымен конференция өтеді. Сол күні сағат 11:00-де Орталық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында жазушы, драматург Жолтай Жұмат-Әлмашұлымен «Зерделі ұлт – кітап оқитын отбасынан басталады» тақырыбында кездесу ұйымдастырылады. Кейін кітапханада «Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты әдеби іс-шара өтеді. Ол кітапханада түн өткізу форматында ұйымдастырылады.
Сағат 19:00-де «Жастар» сарайында «Астана» эстрадалық-симфониялық оркестрі «Ұлы дала әуені» атты мерекелік концерттік бағдарламасын ұсынады.
23 қазанда сағат 10:00-де Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу өтеді.
Сағат 11:00-де М. Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов пен тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Күлпаш Ілиясованың елорданың белсенді жастарымен кездесуі өтеді. Кездесу «Байтақ елім – Қазақстан!» тақырыбына арналады.
Мерекелік іс-шаралар елорданың алты ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында да ұйымдастырылады. 23 қазанда сағат 11:00-де Р. Қошқарбаев даңғылы, 29/1 мекенжайында «Ән-жырым саған, Қазақстан» атты мерекелік концерттік бағдарлама өтеді. Сол күні кешке мәдени бағдарлама Мемлекеттік «НАЗ» би театрының концертімен жалғасады. Ұжым сағат 19:00-де «Аңсаған арман» атты концерт ұсынады. Сондай-ақ елорданың барлық алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.
Атап айтқанда, 24 қазанда Пригородный, Отау, Өнеркәсіп, Бағыстан, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Қорғалжын», «Жағалау», «Ататүрік», «Айғыржал» және «Жастар» гүлзарларында, сондай-ақ қалалық алаңда концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады.
Республика күні – 25 қазан күні де мазмұнды бағдарлама жоспарланып отыр. Сағат 11:00-де Өнер музейі келушілерді «Рухты ел» атты лекция-концертке шақырады. Ал М. Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры «Ер-Төстік туралы аңыз» ертегісін ұсынады.
Музыкалық жас көрермен театры сағат 16:00-де «Қазақстан өнерінің мақтаныштары» атты шығармашылық кеш өткізеді. Сағат 18:00-де «Абай – Тоғжан» музыкалық драмасын сахналайды. Осы уақытта Ә. Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театры «Жас Абай» спектаклін көрсетеді.
Бұдан бөлек, 25 қазанда әлеуметтік осал санаттағы балаларға Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Бәйтерек» монументіне экскурсиялар ұйымдастырылады.
Мереке күндері елорда тұрғындары мен қонақтары ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне де бара алады. Жәрмеңке 24-25 қазанда Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайындағы «Қазанат» ипподромының автотұрағында өтеді.
Жәрмеңкеде Қарағанды және Қостанай облыстарының шаруалары өз өнімдерін ұсынады. Сауда орындары сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Келушілер жаңа азық-түлік өнімдерін өндірушілердің өзінен тиімді бағамен сатып ала алады.
Республика күнін мерекелеу бағдарламасында кәсіби спортшыларды, жастарды және түрлі жастағы қала тұрғындарын біріктіретін спорттық жарыстарға да ерекше көңіл бөлінеді. 15-17 қазан аралығында «Барыс Аренада» жүзуден әлем кубогының кезеңі өтеді. Жарысты тамашалау үшін билет сатып алу қажет.
17-18 қазанда сағат 09:00-ден бастап Sana Sport спорт кешенінде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Астана әкімдігіне қарасты ұйымдардың қызметкерлері арасында волейбол турнирі өтеді. 19 қазанда Ақшоқы-2 мекенжайындағы Паралимпиадалық жаттығу орталығында көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында тоғызқұмалақтан Астана чемпионаты ұйымдастырылады. Ертеңінде, 20 қазанда, сағат 10:00-де осы орталықта есту және көру қабілеті бұзылған қатысушылар арасында шахматтан ашық қалалық чемпионат өтеді.
22 қазанда сағат 10:00-де Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында Есіл ауданының зейнеткерлері арасында шахмат турнирі ұйымдастырылады.
Сол күні сағат 14:00-де «МУА» педагогикалық колледжінде Алматы ауданы колледждерінің студенттері арасында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
23 қазан күні сағат 10:00-де Қаламгерлер аллеясында Байқоңыр ауданының тұрғындары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылады. Қатысушылар тоғызқұмалақ, асық ату, армрестлинг және ләңгі тебу спорт түрлерінен бақ сынайды.
24 қазанда «Барыс Аренада» күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа арнайы билетпен кіруге болады.
Көкшетаудағы жаңа саябаққа «Таза Қазақстан» акциясы аясында 80 көшет отырғызылды
Республика күні қарсаңында Көкшетау қаласында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы мен абаттандыру айлығы аясында жаңа қоғамдық кеңістік – «Бірлік» саябағы салтанатты түрде ашылды. Қалалық жағалауға жақын, Достық үйінің маңында орналасқан жасыл аймақ тұрғындардың серуендеп, демалуына арналған кеңістікті кеңейтіп, қаланың бірыңғай жаяу жүргіншілер аймағын толықтырды.
Саябақтың ашылу салтанатында игі дәстүрдің негізі қаланып, өңірдің климаттық жағдайына бейімделген 80 түп сәндік ағаш көшеті мен көпжылдық шөп отырғызылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде жүзеге асырылып жатқан көгалдандыру жұмыстары туралы айтып өтті.
«Биыл өңірде 2,8 мың гектар аумаққа 16 миллионға жуық көшет отырғызылды. Соңғы бес жылда 11 мың гектар жерге 74 миллион ағаш егілді. Алдағы кезеңде отырғызылатын көшеттердің жалпы санын 150 миллионға жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы Көкшетаудағы «Көк шалғын», «Жаңа жағалау» және Щучинскідегі «Ұмай ана» саябақтары секілді жаңа демалыс аймақтарын құруға бағытталған маңызды жобаларға тоқталды. Бүгінде бұл орындар тұрғындар мен өңір қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналып келеді.
Бұдан бөлек, облыс әкімі экологиялық мәселелерді шешу және қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарлармен бөлісті.
«Бірінші тоқсанда қалдықтарды терең өңдейтін үш зауытты іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оның бірі Көкшетауда жылына 70 мың тонна, ал Зеренді және Бурабай аудандарындағы зауыттар әрқайсысы 40 мың тонна қалдық өңдей алады. Бұл курорттық аймақта жиналатын қоқысты толық өңдеуге және кейін оны халық шаруашылығында қайта пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.
Жаңа «Бірлік» саябағы қаланың жасыл аймақтар жүйесін толықтырып қана қоймай, экологиялық мәдениет пен қоғамдық келісім құндылықтарын тоғыстырған маңызды орынға айналды.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Алена Малькова-Солопова атап өткендей, мұндай қоғамдық кеңістіктерді қалыптастырудың тәрбиелік мәні зор.
«Достық үйінің жанында осындай саябақтардың ашылуы туған өлкені аялау мен оны таза ұстауға деген ұмтылысымыздың жасына да, кәсібіне де қарамастан баршамызды біріктіретінін көрсетеді. Жастар мен түрлі этнос өкілдерінің бірге ағаш отырғызуы өскелең ұрпақтың бойында шынайы патриотизмді, табиғатқа деген жанашырлықты және ортақ үйіміздің болашағына әрқайсымыз жауапты екенімізді сезінуді қалыптастырады», – деді ол.
Осындай игі экологиялық бастамалар Ақмола облысының барлық өңірінде жалғасуда. Аудандар мен қалаларда сенбіліктер мен абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, тазалық айлығы аясында туған өлкенің көркеюіне бағытталған көптеген пайдалы іс жүзеге асырылуда.
Ақмола облысының Көкшетау қаласында Республика күніне орай Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары өтеді.
Республика күнін мерекелеу қарсаңында Ақмола облысының Көкшетау қаласында 2026 жылғы 17 қазаннан басталып, 27 қазанға дейін қоса алғанда жалғасатын «Republic Day» және «Bereke Fest» республикалық акциялары өтеді. Акциялар аясында сатып алушыларға төмендетілген бағамен ұсынылатын тауарлардың кең таңдауы ұсынылады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қызу кезеңі 21–27 қазан аралығында күтіледі. Дәл осы күндері акциялардың негізгі бағдарламалары, арнайы баға ұсыныстары мен мерекелік жеңілдіктердің басым бөлігі өтеді. Сатып алушылар азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды тиімді шарттармен сатып ала алады.
Жалпыреспубликалық науқанның бастамашылары Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар болды.
Акцияларды өткізу ұлттық мерекеге орайластырылған және халық үшін қажетті тауарлардың қолжетімділігін арттыруға, тұтынушылық сұранысты қолдауға әрі ішкі сауданың дамуына қосымша серпін беруге бағытталған. Отандық өндірушілер өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады.
Төменде әр акцияға қатысатын сауда нысандарының орналасқан мекенжайлары көрсетілген жеке тізімдері берілген.
Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
«Republic Day» республикалық акциясына қатысатын сауда нысандарының тізімі
«РИО» сауда және ойын-сауық орталығы — Көкшетау қ., С. Жүнісов көшесі, 7/1 «Электротоваров» сауда орталығы — Көкшетау қ., А. Пушкин көшесі, 46В «Жұмбақтас» сауда үйі — Көкшетау қ., П. Осипенко көшесі, 21 «Глобус» сауда үйі — Көкшетау қ., Н. Назарбаев даңғылы, 55 «Астана» сауда үйі — Көкшетау қ., Ю. Гагарин көшесі, 60 «Нұр» сауда үйі — Көкшетау қ., Н. Назарбаев даңғылы, 12 «Жібек Жолы» сауда үйі — Көкшетау қ., Т. Сүлейменов көшесі, 2д «Персона» әйелдердің сыртқы киім салоны — Көкшетау қ., Е. Әуельбеков көшесі, 109 «Арбат» сауда үйі — Көкшетау қ., Біржан сал көшесі, 46 «ЦУМ» сауда үйі — Көкшетау қ., А. Құнанбаев көшесі, 82 «Armand» сауда үйі — Көкшетау қ., А. Байтұрсынов көшесі, 59
«Bereke Fest» республикалық акциясына қатысатын сауда нысандарының тізімі
«Орда» супермаркеті — Ақкөл қ., Т. Бегельдинов көшесі, 26 «Аймер» супермаркеті — Көкшетау қ., Орталық шағынауданы, 24г «Лайм» супермаркеті — Көкшетау қ., Ақана сері көшесі, 137 «Inmart» супермаркеті — Көкшетау қ., Е. Әуельбеков көшесі, 41 «Кристалл» сауда үйі — Көкшетау қ., Уәлиханов көшесі, 173 «Союз» супермаркеті — Көкшетау қ., Наурызбай батыр көшесі, 138 «SMALL» супермаркеті — Көкшетау қ., Б. Әшімов көшесі, 228/1 «VOSTOK» көтерме маркеті — Көкшетау қ., Ж. Тәшенов көшесі, 129Б «Құлагер» көтерме маркеті — Көкшетау қ., Қызыл Жар көшесі, 20/1 «Семейный» супермаркеті — Көкшетау қ., Е. Әуельбеков көшесі, 128 «Восточный» базары — Көкшетау қ., Ж. Тәшенов көшесі, 129Б/5 «Союз» супермаркеті — Көкшетау қ., Ақана сері көшесі, 73 «Союз» супермаркеті — Көкшетау қ., Васильков шағынауданы, 26а «Союз» супермаркеті — Көкшетау қ., Васильков шағынауданы, 1
Республика күніне орай ауқымды жеңілдіктер: Қазақстанда Republic Day және Bereke Fest акциялары басталды
Республика күні қарсаңында еліміздемерекелік жеңілдіктер науқаны өтеді. 17 қазаннан Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, басқа да өңірлерде Republic Day және Bereke Fest республикалық акциялары басталды, мұнда тұтынушыларға төмен бағамен тауарлардың біраз түрі ұсынылған. Кейбір өнімдерді 10%-дан 50%-ға дейінгі жеңілдіктермен сатып алуға болады.
Мерекелік ұсыныстардың ең қарқынды кезеңі 21-27 қазан аралығында болады деп күтілуде. Акциялық бағдарламалар, арнайы баға мен мерекелікжеңілдіктердің басым бөлігі дәл осы күндері өтеді. Тұтынушылар азық түлік және азық түлік емес тауарларды тиімді бағамен сатыпалу мүмкіндігіне ие болады.
Ауқымды сатылымдар еліміздің үш мегаполисі мен басқа да өңірлерінің танымалсауда орталықтарында өтеді. Мәселен, Астанада Republic Day акциясына «MEGA Silk Way», «Хан Шатыр», Алматыда «MEGA Alma-Ata», «MEGA Park» және «Forum Almaty», Шымкентте – «Mega Planet» пен «Shymkent Plaza» сауда орталықтары қатысады. Ал Bereke Fest аясындағыарнайы ұсыныстар «Magnum», «SMALL», «Астықжан» және «GraMad» сауда желілерінің дүкендерінде қолжетімді болады.
Жалпы республикалық науқанның бастамашылары- Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар.
Аталмыш акциялар ұлттық мерекеге орай өткізіліп, халыққа қажетті тауарларды қолжетімді етіп, тұтынушылық сұранысты қолдауға, әрі ішкі саудаға қосымша серпін беруге бағытталған. Сонымен қатар отандық өндірушілерді қолдап, өнімдерін өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударылды.
Мерекелік сатылымдарға қандай сауда орталықтары мен дүкендер қатысатынын жергілікті атқарушы органдардың (әкімдіктердің) ресми интернет-ресурстарынан білуге болады.
Republic Day және Bereke Fest акциялары 27 қазанға дейін жалғасады.
Ақмола облысынан Шығыс Қазақстанға дейін: «Әділет» партиясы ауқымды экологиялық акцияны қорытындылады
«Әділет» партиясының жастар қанаты Шығыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» экологиялық road-эстафетасын қорытындылады. 13-16 қазан аралығында белсенділер Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын жүріп өтіп, шамамен 1 800 шақырым аумақты тазалады. Төрт күнде 150 тоннадан астам қоқыс жинады.
Бұл эстафета Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ұйымдастырылды. Оның мақсаты – аумақтарды қоқыстан тазартумен қатар, табиғатқа және қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Шығыс Қазақстан облысында эстафетаға қосылған Құрылтай депутаты Ерлан Сайыр осындай игі істің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай акциялар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау және тарихи ескерткіштерді сақтау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
«Табиғатты қорғау тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің міндеті емес, бұл – баршамызға ортақ іс. Сондықтан экологиялық мәдениет қалыптастыру ісін жастардан бастап, оған қоғамның барлық мүшесін жұмылдыру маңызды. «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаны қорғау және елді мекендердің тазалығын сақтау мәселелері қамтылды. Мұндай бастамалар осы қағидаттарды күнделікті өмірде жүзеге асыруға жол ашады», – деді Ерлан Сайыр.
Road-эстафета тек қалаларда ғана емес, шалғай ауылдарда да жастарды біріктіргені туралы «Әділет» партиясының жастар қанатының өкілдері айтып берді.
«Біздің мақсатымыз – жол бойындағы қоқысты тазалау ғана емес, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мәдениетін қалыптастыру. Осы жолы төрт өңірдің жастары бір мақсатқа жұмылып, шамамен 1 800 шақырым жол бойын тазалады және 150 тоннадан астам қоқыс жинады. Осындай игі іс әр азаматтың туған жеріне деген жауапкершілігін нақты іс арқылы көрсетуге мүмкіндік береді», – деді «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов.
Аумақтарды тазалаумен қатар, эстафета аясында ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізіліп, «Әділет» партиясының өкілдері алдағы жұмыста ескеру үшін олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинады. Сонымен қатар салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Қатысушылар тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғауға да ерекше көңіл бөлді. Олар «Вандализмге жол жоқ!» акциясы аясында Абай облысындағы Жидебай қорығының аумағы тазалап, Павлодар облысындағы Кемпіртас жартасын және Шығыс Қазақстандағы ежелгі Ақбауыр кешенін сақтау мен қорғауға шақырды.
Айта кетейік, экологиялық күн тәртібі «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі саналады. Бұл бағыттағы жұмыс тек тазалық пен абаттандыру мәселелерін ғана емес, табиғи және тарихи нысандарды сақтауды, сондай-ақ жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды да қамтиды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның сирек кездесетін жануарларды сақтау мен көбейту жолындағы күш-жігеріне тоқталды
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан қазірдің өзінде биологиялық алуантүрлілікті сақтау саласында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізгенін мәлімдеді. Елімізде киік санының көбеюін осы жетістіктердің бірі ретінде атап өтуге болады.
– Мұз дәуірін өткерген ежелгі жануардың даламыздағы экологиялық тепе-теңдікті сақтаудағы орны ерекше. Бүгінде киіктің әлемдік популяциясының 98 пайызға жуығы қазақ даласын мекен етеді. Егер елімізде 2003 жылы небәрі 21 мың бас киік болса, биыл көктемге қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллионға жетті. Сондай-ақ асқар тауларымыздың тұмарына баланатын қар барыстары популяциясын қалпына келтіру жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Ілбіс тіршілік ететін ортаның 70 пайызға жуығы еліміздегі қорғалатын аумақтарға тиесілі. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған ілбістің популяциясы қар барысын қорғау және жүйелі ғылыми мониторинг шараларының нәтижесінде шамамен 190-ға дейін көбейді. Бұған билік органдарының, ғалымдар мен халықаралық серіктестердің ұзақ жылдар бойы табанды әрі аянбай атқарған жұмысының нәтижесінде қол жеткізілді, – деді Президент.
🔹Қасым-Жомарт Тоқаев Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайтару жұмыстарына қолдау көрсеткені үшін Ресей Федерациясына және оның Президентіне, БҰҰ Даму бағдарламасына, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорына және басқа да халықаралық серіктестерге, үкіметтік емес ұйымдарға алғыс айтты. Сондай-ақ биыл шілде айында жетпіс жылдың ішінде алғаш рет жолбарыс табиғат аясына жіберілгенін жеткізді. Бұл Қазақстан үшін маңызды оқиға болды.
🔹Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы чех, неміс және мажар әріптестерімізбен бірге қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіру қолға алынғанын атап өтті.
🔹Президенттің пікірінше, Каспий теңізінің бірегей биоалуантүрлілігін қорғау қажет.
– Таяуда Түрікменстанда өткен алғашқы Каспий экология саммитінде шұғыл әрі үйлесімді шаралар қабылдауға шақырдым. Бұл нәзік экожүйеге орны толмас зиян келтіретін жағдайлардың алдын алу үшін қажет. Әсіресе, Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдатады. Соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайған. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақырамын. Арал қасіреті табиғи ресурстарды жауапсыз пайдаланудың салдары тым ауыр болатынын еске салады. Каспий теңізінің Арал тағдырын қайталауына жол бермеуіміз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🌳 Президент: «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық идеологияға айналып келеді
🔹Мемлекет басшысы жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орын алатын Қазақстан бірегей биоалуантүрлілігімен ерекшеленетінін айтты.
– Табиғаттың осы сыйын сақтау – жұрт алдындағы борышымыз, сондай-ақ халықаралық қоғамдастық алдындағы жауапкершілігіміз. Бұл құндылықтар Қазақстанның жаңа Конституциясында айқын көрініс тапты. Ел тарихында алғаш рет жоғары экологиялық мәдениет қалыптастыру мемлекеттіліктің негізін құрайтын қағидаттардың бірі ретінде Ата заңымызда бекітілді. Енді азаматтар табиғат пен оның ресурстарын көзінің қарашығындай сақтауға міндетті. Бұдан бөлек, азаматтардың өмірі мен денсаулығы үшін қолайлы қоршаған ортаны қорғау мемлекеттің маңызды мақсаттарының бірі ретінде белгіленді. Табиғат байлығын сақтау экономикалық өрлеумен қатар жүруі керек екеніне сенімдіміз. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы осы құндылықтарды арқау еткен. Бұл қозғалыс қарапайым экологиялық тазалық ауқымынан шығып кетті. Оның азаматтардың дүниетанымы мен өмір салтына ықпал ететін жалпыұлттық идеологияға айналып келе жатқаны қуантады, – деді Президент.