Сайлаушылардың ұсынысынан нақты шешімдерге дейін: «Әділет» партиясының Партиялық бақылау комитеті өңір тұрғындарының өтініштерін қарады
Кейінгі үш айда «Әділет» партиясына тұрғындардан келіп түскен әрбір алтыншы ұсыныс-тілек жолдардың жай-күйіне қатысты жолданды. Барлығы 7 мыңнан астам өтініштің 1173-і жол инфрақұрылымымен байланысты болып отыр. Осы мәселе еліміздің 14 өңірінде бірінші орынға шығып, Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында күн тәртібінің өзегіне айналды.
Сайлау өткеннен кейін де азаматтардың ұсыныс-тілегі бойынша жұмыс жүргізілуде. Осы мақсатта партияда Adilet.365 цифрлық платформасы мен 1490 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істеп тұр. Солар арқылы өңірлердің, соның ішінде шалғай ауылдардың тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін жеткізе алады. Келіп түскен өтініштерге талдау жасалып, ең өзекті мәселелер Құрылтай депутаттары мен жауапты ведомство өкілдерінің қатысуымен партияның бейінді органдары қарауына шығарылады.
Партиялық бақылау комитетінің алғашқы отырысында өңірлердегі жолдардың жай-күйіне баса назар аударылды. Атап айтқанда, Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу, Ұлытау және Абай облыстарының тұрғындары көтерген мәселелер қаралды. Олардың қатарында жолдардың бүлінуі, жөндеу жұмысының ұзаққа созылуы, шалғай ауылдарда сапалы жолдардың болмауы және жол жабынының мерзімінен бұрын тозуы сынды мәселелері бар.
Партиялық бақылау комитетінің төрағасы, Құрылтай депутаты Марат Қожаев атап өткендей, осы мәселелерді шешу ісі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер аясында өте өзекті болып отыр. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бастамасы инфрақұрылымды ауқымды жаңғыртуды көздейді. Оның айтуынша, жоспарланған жобалардың жүзеге асырылуын қамтамасыз етумен ғана шектелмей, жұмыс сапасына, белгіленген мерзімдердің сақталуына және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылау жүргізу жұмысын күшейту маңызды. Себебі инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесі өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатына тікелей әсер етуге тиіс.
«Әділет» партиясы азаматтардың әрбір өтінішіне жіті назар аударады. Көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына қол жеткізу – біз үшін аса маңызды. Біздің ортақ міндетіміз – уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жүргізе отырып, жолға қатысты жұмыстың сапалы орындалуын, белгіленген мерзімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етуге күш салу. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, өз құзыреті шеңберінде тиісті шаралар қабылдау үшін құзыретті құқық қорғау органдарына жүгінуді көздеп отырмыз. Түптеп келгенде, бұл күш-жігердің барлығы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», – деді Марат Қожаев.
Отырыс барысында түйткілді учаскелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, Жетісу облысы Арқарлы ауылы маңындағы жолдың жай-күйі, Атырау – Орал тас жолындағы жөндеу жұмысының ұзаққа созылуы, Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ кен орнына апаратын жол, сондай-ақ Қарағанды облысындағы Ақадыр – Мойынты учаскесі назарға алынды.
Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылішілік жолдарға асфальт төсеу және Түркістан облысындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізін жөндеу мәселелері қаралды. Ұсынылған ақпаратқа сәйкес, соңғы нысанның 22 шақырымы жөнделді. Қалған 34 шақырымындағы жөндеу жұмысын келесі құрылыс маусымында жүргізу жоспарланып отыр.
Комитеттегі жұмыс тобының жетекшісі, Құрылтай депутаты Ербол Данағұлов жол саласындағы жүйелі мәселелерге тоқталды. Ұсынылған мәліметтерге сәйкес, зерттелген жол материалдары сынамаларының шамамен үштен бірі белгіленген талаптарға сәйкес келмеді. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органдар кейіннен жол сапасына қатысты заң бұзушылықтар анықталған 1,5 мыңға жуық нысанды қабылдап алды. Мысал ретінде ол Тараз қаласындағы жағдайды келтірді. Мұнда іс жүзінде әлі басталмаған жөндеу жұмысы үшін қол қойылған актілер негізінде 250 миллион теңгеден астам қаражат төленді.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі мен тас жолдардың қысқы мезгіліне дайындығына да ерекше назар аударылды. Отырыс барысында келтірілген деректерге сәйкес, әрбір бесінші жол-көлік оқиғаласы жол инфрақұрылымындағы кемшіліктерге байланысты орын алады. Ал қар басып қалу қаупі бар учаскелердің тек шамамен 10%-ы ғана қар тоқтататын қоршаулармен жабдықталып отыр.
Қаралған нысандардың әрқайсысы бойынша мемлекеттік органдардың бейінді өкілдері мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс барысы, кідіріс себептері және түйткілдерді жоюдың жоспарланған мерзімі туралы ақпарат берді. Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаровтың мәліметінше, бүгінде Көкшетау – Петропавл учаскесі құрылысын бастауға дайындық жүргізілуде. Жұмысты 2027 жылы бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 37 автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жалғасуда. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделуде.
Отырысты қорытындылай келе, «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев жол нысандарының нақты жай-күйін тікелей жергілікті жерлерде бағалау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, Комитет проблемалық учаскелерге барып мониторинг жүргізуді, жауапты ведомстволармен өзара іс-қимыл жасауды және қабылданған шаралардың орындалуын бақылауды жоспарлап отыр.
«Біз «Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатына сүйенеміз. «Халықтық құрылыс» және «Таза Қазақстан» жобалары аясында Комитет проблемалық нысандарға мониторинг жүргізіп, тұрғындардың өтініштеріне тікелей жергілікті жерлерде ден қоюды және анықталған кемшіліктердің жойылуын бақылауды көздеп отыр», – деп түйіндеді Ержан Жылқыбаев.
Отырыс қорытындысы бойынша Партиялық бақылау комитеті түйткілді жол нысандарына одан әрі мониторинг жүргізуді, мемлекеттік аудит барысында анықталған заң бұзушылықтардың жойылуын, сондай-ақ мердігер ұйымдардың кепілдік міндеттемелерінің орындалуын бақылауды көздейтін қаулы жобасын негізге алды.
Сондай-ақ отырысқа қатысушылар «Таза Қазақстан» бастамасы аясында жол жиегіндегі орман алқаптарын күтіп-ұстау мәселесін қаулы жобасына енгізу туралы ұсынысқа қолдау білдірді.
Сайлаушылардың ұсыныс-тілегімен жұмыс істеу барысы барлық негізгі бағыт бойынша жалғасады. Азаматтардың өтініштері Партиялық бақылау комитетінің күн тәртібін қалыптастыру, мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын іздестіру жұмысының өзегі болмақ. Ал көтерілген түйткілді мәселелерді қарау нәтижесі уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілетін кейінгі мониторинг нысанасына айналады.
Сонымен қатар мәслихат депутаттарын сайлау науқаны аясында партияның ресми сайтында https://adilet-partiyasy.kz/ru/reception/nakazy сілтемесі бойынша «Мәслихат депутаттарына ұсыныс-тілек» бөлімі ашылды. Азаматтар арнайы электрондық нысан арқылы өз ұсыныстарын жолдап, қаласы, ауылы немесе ауданындағы өзекті мәселелерді көтере алады. Ол үшін тіркелу немесе электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалану талап етілмейді. Нысанды толтыруға шамамен үш минут уақыт кетеді. Келіп түскен өтініш-тілектер тиісті өңірлік штабтарға жолданып, мәслихаттардағы «Әділет» партиясы кандидаттарының күн тәртібін қалыптастыру кезінде ескеріледі.
Алаяқтар жасанды интеллектіні жиі пайдаланады: қалай алданбауға болады?
Жасанды интеллектінің дамуы алаяқтарға адамдарды алдаудың жаңа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Олар адамның дауысын және бейнесін қолдан жасап, банк, мемлекеттік орган немесе жақын туыстарының атынан жалған хабарламалар мен бейнежазбалар таратуы мүмкін.
Алаяқтықтың қандай түрлерінен сақ болу керек?
Жақын адамның дауысын қолдан жасау. Туысыңыздың атынан қоңырау шалып, шұғыл түрде ақша аударуды сұрауы мүмкін.
Жалған инвестициялық ұсыныстар. Танымал тұлғалардың бейнесін пайдаланып, жоғары табысқа уәде беретін жалған жобаларды жарнамалайды.
Банк қызметкері болып хабарласу. Шотыңыздағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтып, SMS-кодты немесе банк деректерін сұрайды.
Басшының атынан жалған тапсырма беру. Қызметкерлерден шұғыл ақша аударуды немесе құпия ақпаратты жіберуді талап етеді.
Өзіңізді қалай қорғауға болады?
Қоңырау шалушының кім екенін басқа байланыс арнасы арқылы тексеріңіз.
Асығыс шешім қабылдамаңыз және қысымға берілмеңіз.
Құпиясөздерді, PIN-кодтар мен SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге айтпаңыз.
Инвестициялық ұсыныстардың заңдылығын ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз және белгісіз қосымшаларды орнатпаңыз.
Есте сақтаңыз! Таныс адамның дауысы немесе шынайы көрінетін бейне оның жеке басын растауға жеткіліксіз. Кез келген қаржылық операцияны жасамас бұрын ақпараттың дұрыстығына көз жеткізіңіз.
Егер алаяқтардың арбауына түсіп қалсаңыз, дереу банкке хабарласып, құқық қорғау органдарына жүгініңіз.
«Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!»: ІІМ отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы республикалық акция бастады
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету мақсатында Threads әлеуметтік желісінде «Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!» атты республикалық акцияны бастады.
Акцияның негізгі мақсаты – отбасындағы зорлық-зомбылыққа тап болған немесе осындай жағдайдың куәсі болған азаматтарға көмек көрсету, олардың өтініштерін тыңдау және тиісті шаралар қабылдау.
Енді азаматтар Threads әлеуметтік желісі арқылы өздерін толғандырған мәселелер бойынша өтініш қалдырып, сұрақтарына жауап ала алады. Қажет болған жағдайда полиция қызметкерлері көрсетілген мекенжайға барып, заң аясында тиісті шаралар қабылдайды.
Сонымен қатар, өтініш білдірушілер өз мәселелері бойынша кеңес пен түсіндірме алу мүмкіндігіне ие. Акцияға өзге де мемлекеттік органдар, қоғам өкілдері, дағдарыс орталықтары мен Отбасын қолдау орталықтары қатысып, өтініштерді өз құзыреті шегінде қарайтын болады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық – үнсіз қалуға болмайтын мәселе. Әрбір азамат көмек сұрауға құқылы, ал әрбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс.
«Бізден сұраңыз. Біз қасыңыздамыз!» акциясы – азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы кері байланысты нығайтуға, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды бастама.
Ақмолада оқушылар құқықтық мәдениетті әзіл арқылы дәріптеді
Ақмола облысында «Заң мен тәртіп» қағидатын насихаттауға бағытталған оқушылар арасындағы көңілді тапқырлар сайысы өтті.
Іс-шараны Ақмола облысының прокуратурасы облыстық білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырды.
Байқауға облыстың төрт ауданынан келген оқушылар мен «Жас ұрпақ» клубының мүшелері қатысты. Қатысушылар әзіл мен тапқырлықты ұштастыра отырып, өз өнерлерін ортаға салып, шығармашылық қабілеттері мен сахна мәдениетін көрсетті.
Сайыстың негізгі мақсаты – жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамыту, белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыру, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеу және құқықтық сауаттылығын арттыру.
Осындай тәрбиелік мәні бар іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңдылық пен қоғамдық тәртіп қағидаттарын кеңінен насихаттауға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамалардың бірі – «Халықтық құрылыс» бағдарламасы.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – халықтың сұранысына сай әлеуметтік нысандарды салу, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау.
Тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде қалай ескерілуі керек? Қоғамдық бақылаудың нақты нәтижесін қалай қамтамасыз етуге болады? Бұл мәселелер Көкшетау қаласында өткен Ақмола облысы қоғамдық кеңестерінің форумында талқыланды. Жиынға өңірдің аудан-қалаларынан келген өкілдер, мемлекеттік органдар мен сарапшылар қауымдастығы қатысып, Жаңа Конституция жағдайындағы қоғамдық кеңестердің жаңа міндеттерін сөз етті.
Бүгінде қоғамдық кеңестер жергілікті мәселелерді талқылауға, бюджетті жоспарлауға және мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуге қатысады. Дегенмен олардың жұмысының басты көрсеткіші нақты нәтижелермен өлшенуі тиіс. Атап айтқанда, тұрғындардың мәселелерінің шешілуі, ұсыныстарының ескерілуі және қабылданатын шешімдердің ашықтығы маңызды.
Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың айтуынша, өңір елімізде алғашқылардың бірі болып қоғамдық кеңестердің қызметін жүйелі түрде қолдауға кіріскен. Кеңес мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында тұрақты түрде оқыту семинарлары, тәжірибе алмасу кездесулері мен форумдар ұйымдастырылып келеді.
Форумда конституциялық өзгерістерге және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазандағы Жолдауында айқындалған міндеттерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыру және азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қозғалды.
«Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтар арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетігі болып қалуы тиіс. Қоғамдық ұсыныстар басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріліп, кеңестер олардың іске асырылуына жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізуі маңызды. Өңірлер мен ауылдық аумақтардың мәселелеріне, әлеуметтік қызметтердің сапасына, инфрақұрылымды дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі қажет», – деп атап өтті Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Рахметулина.
Сондай-ақ форум барысында аудандық және қалалық қоғамдық кеңестердің үздік жұмыс тәжірибелері таныстырылды. Қатысушылар жергілікті мәселелерді шешу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау бағытындағы тәжірибелерімен бөлісті.
Практикалық оқытуға да басымдық берілді. Қоғамдық кеңес мүшелеріне арнап үш тақырыптық шеберлік сабағы ұйымдастырылды. Алғашқысы қоғамдық бақылау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және «Заң мен тәртіп» қағидатына арналды. Екінші сабақта бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнату, тұрғындардың мәселелерін жария ету және заманауи коммуникация құралдарын пайдалану жолдары қарастырылды. Ал үшінші бағыт мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылына және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндіктеріне арналды.
Форум аясында қоғамдық кеңестердің жұмысына белсенді атсалысып жүрген азаматтар да марапатталды. Оларға Ақмола облысының әкімі атынан Алғыс хаттар табысталды.
Депозиттерге салық салынады деген ақпарат – жалған
Бұған дейін ресми түсіндірме берілгеніне қарамастан, Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желілерде жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген жалған ақпарат пен түрлі манипуляциялардың әлі де таралып жатқанын анықтап отыр.
❌ Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Үкіметте мұндай салық енгізу мәселесі қарастырылып жатқан жоқ.
«Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 430-бабына сәйкес, жеке тұлғалардың банктік салымдары (депозиттері) бойынша алатын сыйақысына жеке табыс салығы салынбайды», – делінген министрліктің ресми хабарламасында.
Осылайша, депозиттер бойынша сыйақыға салық енгізіледі деген мәлімдемелерінің заңнамалық негізі жоқ.
Сонымен қатар, заңда көзделген белгілер болған жағдайда, көрінеу жалған ақпаратты қасақана тарату әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілуі мүмкін.
‼️ Орталық азаматтарды, әсіресе қоғамда негізсіз алаңдаушылық пен әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін әлеуметтік-экономикалық мәселелерге қатысты ақпаратты таратуда жауапкершілік танытуға шақырады.
🔈Ақпаратты таратпас бұрын оның анықтығын ресми дереккөздер арқылы тексеріңіз.
ҚОСТАНАЙДА «QAZ TALKS» АЛАҢЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ ТҮСІНДІРІЛДІ
5 қарашада Қостанай қаласындағы Жастар сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауына арналған «Qaz Talks» диалог алаңы өтті.
Іс-шараға мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, мәдениет пен спорт, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Диалог алаңының спикерлері қатарында Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смышляева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Төлеген Күнәділов пен Рафаил Гаджибалаев, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Илья Скуб болды.
Кездесу барысында Жолдаудың негізгі бағыттары түсіндіріліп, реформаларды заңнамалық қамтамасыз ету, экономиканы дамыту, әлеуметтік саясатты жетілдіру, азаматтық қоғамның рөлін арттыру және этносаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша ақпарат берілді.
Алғашқы болып сөз алған Екатерина Смышляева елдегі ауқымды өзгерістерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Ол стратегиялық міндеттерді іске асыруда заманауи талаптарға сай келетін берік құқықтық негіз қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Төлеген Күнәділов азаматтық қоғамның реформаларды іске асыруға қатысуы, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік әділеттілік бағыттарын түсіндірді. Оның айтуынша, «Халықтық құрылыс» бастамасы аясында жүзеге асырылатын жобалар халықтың нақты қажеттіліктеріне бағытталуы тиіс. Осы ретте құрылыс сапасына, бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және жобалардың уақытылы орындалуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңызы ерекше. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік жауапкершілікті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аударылды.
Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағнаев Жолдауда көзделген экономиканың тұрақты өсуі, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және өңірлердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану бағыттарын түсіндірді. Экономикалық өсімнің халық табысының артуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және өмір сүру сапасының жақсаруына ықпал етуі маңызды екені айтылды.
Еңбек адамдарының мәртебесі мен жұмысшылардың әлеуметтік қорғалуына да ерекше назар аударылды. Бұл жөнінде «Қостанай облысы орман шаруашылығы кәсіпорындары қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы, орман шебері Максим Макрушин өз пікірін білдірді:
«Әрбір қызметкер үшін еңбегінің лайықты бағалануы, жалақысының жеткілікті болуы және қауіпсіз еңбек жағдайларының қамтамасыз етілуі маңызды. Сондықтан өндірісті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға бағытталған бастамалардың маңызы зор. Бұл өзгерістер тек жоспарлар мен бағдарламалар деңгейінде қалып қоймай, әрбір отбасының күнделікті өмірінен көрініс табуы қажет», – деді Максим Макрушин.
Әлеуметтік саясат мәселелеріне тоқталған Илья Скуб мемлекеттік қолдаудың атаулылығын арттыру, әлеуметтік осал топтарды қорғау және әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағыттарын түсіндірді.
Ал Рафаил Гаджибалаев қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту мәселелеріне назар аударды. Ол этномәдени бірлестіктердің қоғамдағы бірлік пен өзара құрметті қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті.
Іс-шара соңында қатысушылар спикерлерге сұрақтар қойып, Жолдаудың негізгі бағыттары бойынша қосымша ақпараттар алды.
Кездесу барысында белгіленген міндеттерді іске асыруда мемлекеттік органдармен қатар қоғамдық институттардың, бизнес өкілдерінің және азаматтардың да белсенді қатысуы маңызды екені атап өтілді. Негізгі мақсат – реформалардың нақты нәтижесін қамтамасыз ету, өңірлердің әлеуетін арттыру және халықтың әл-ауқатын жақсарту.
«Qaz Talks» диалог алаңы Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен түсіндіруге, қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап беруге және мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік берді.