Category: Без рубрики (Page 41 of 260)

🔹Өнімділіктен цифрландыруға дейін: Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігі артып келеді

🔹Өнімділіктен цифрландыруға дейін: Ақмола облысында агроөнеркәсіптік кешеннің тиімділігі артып келеді

Ақмола облысында егін жинау науқаны қарқын алып келеді. Өңірдің барлық аудандарында шаруалар алқаптарға шығып, бүгінгі таңда басты міндеттердің бірі – науқанды ұйымдасқан түрде, оңтайлы мерзімде және өнім сапасын жоғалтпай өткізу. Осы мәселелер Бурабай ауданында өткен ауқымды агрокеңесте талқыланды. Жиынға облыстың 200-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушісі қатысты. Жиында қалыптасқан жағдайды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин талқылады.
Ақмола облысы дәстүрлі түрде еліміздің негізгі астық өндіретін өңірлерінің бірі болып саналады. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 5,6 млн гектар алқапқа орналастырылса, оның 4,5 млн гектарын дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар құрайды. Егіс алқаптарын әртараптандыру аясында майлы дақылдардың көлемі 838 мың гектарға дейін ұлғайтылды.

Қазір барлық аудандарда егін жинау жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінде шаруалар 800 мың гектардан астам дәнді дақылды жинап, 978 мың тонна астық бастырды. Орташа өнімділік гектарына 12,2 центнерді құрайды. Жалпы, биыл облыста шамамен 8 млн тонна ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жоспарланып отыр.

Биылғы науқанға өңір толық техникалық дайындықпен кірісті. Егін жинау жұмыстарына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған, машина-трактор паркінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге науқанды өткізу үшін 81 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар шамамен 433 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.

Техниканы жаңарту жұмыстары да жалғасуда: жыл басынан бері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 1,1 мың техника сатып алған, оның 842-сі жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында алынған.

«Бүгінде аграрийлердің алдында тұрған міндет – өнімді жай ғана жинап алу емес, оны сапалы әрі оңтайлы мерзімде жинау. Ол үшін қажетті жағдайлар жасалды: техника, жанар-жағармай материалдары мен тыңайтқыштар қамтамасыз етілді. Біздің міндетіміз – егін жинау науқанын ұйымдасқан түрде өткізу және туындаған мәселелерді жедел шешу», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.

t.me/Aqmola_region

ҚАЗАҚСТАН МЕН АУСТРАЛИЯ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТІП ЖАТЫР

ҚАЗАҚСТАН МЕН АУСТРАЛИЯ ЖОҒАРЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ САЛАСЫНДАҒЫ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ КЕҢЕЙТІП ЖАТЫР

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Аустралияның Мёрдок университетінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту және Семей қаласында Аустралия университетінің филиалын ашу перспективаларын талқылады.
Кездесуге Шәкәрім университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Думан Орынбеков, Басқарма мүшесі – интернационалдандыру және инновациялар жөніндегі проректоры Ерасыл Дулатбай, Мёрдок университетінің Жаһандық байланыстар жөніндегі проректордың орынбасары Саймон Джон МакКирди, Тамақ өнеркәсібін дамыту перспективалары институтының проректоры Питер Мостин Дэвис, сондай-ақ Мёрдок университетінің Дубай кампусының атқарушы директоры және стратегиялық серіктестік жөніндегі директоры Мохамед Абдулхалек Мохамед Ба қатысты.
Кездесу аясында Шәкәрім университеті мен Мёрдок университеті өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Құжат академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, бірлескен білім беру және зерттеу бастамаларын іске асыруға, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын кеңейтуге, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге, сондай-ақ сарапшылар мен зерттеушілер алмасуға бағытталған.
Келіссөздердің негізгі тақырыптарының бірі – Шәкәрім университетінің базасында Мёрдок университетінің филиалын ашу мүмкіндігі болды. Тараптар филиалды құру мен оның жұмыс істеу моделін, кадр даярлаудың перспективалы бағыттарын, сондай-ақ бастаманы іске асыруға қатысты академиялық, ұйымдастырушылық және инфрақұрылымдық мәселелерді талқылады.
Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды бағыттарға ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жоғары білікті кадрлар даярлау, ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру және білім беру үдерісіне халықаралық тәжірибені енгізу бар.
Мёрдок университетінің филиалын ашу Қазақстан мен Аустралия арасындағы жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, озық білім беру және ғылыми тәжірибелер трансферіне, адами капиталды дамытуға және өңірдегі халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған перспективалы бастама ретінде қарастырылуда.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен білім беру және ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, сондай-ақ Семей қаласында Мёрдок университетінің филиалын ашу мәселесін одан әрі пысықтау жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Күту мен таңдау: сайлау науқаны барысында қазақстандықтардың электоралды көңіл-күйі қалай өзгерді?

📃Күту мен таңдау: сайлау науқаны барысында қазақстандықтардың электоралды көңіл-күйі қалай өзгерді?

Құрылтай депутаттарын сайлау қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2026 жылғы 13 маусым мен 17 тамыз аралығында DATAMetrics (ҚСЗИ тапсырысы бойынша), Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ), Еуразиялық интеграция институты, Демократия институты және Қоғамдық саяси институты жүргізген жеті әлеуметтанулық зерттеудің деректерін талдады.

Салыстырмалы талдауға сәйкес, Қазақстанда сайлау науқаны барысында азаматтардың дауыс беруге дайындығы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отыр. Сонымен қатар, өз таңдауын әлі айқындамаған сайлаушылар саны азайып, партиялық таңдаулардың көрінісі барған сайын айқындала түсуде.

Барлық жеті зерттеуде, олардың жүргізілу мерзімі, әдіснамасы және іріктеу көлемі бойынша айырмашылықтарына қарамастан, азаматтардың дауыс беруге дайындық деңгейінің көрсеткіштері бір біріне ұқсас.

DATAMetrics нәтижелеріне сәйкес, респонденттердің 75,6%-ы сайлауға қатысуға ниетті екенін білдірген. Ал, Еуразиялық интеграция институтының екі зерттеуінде бұл көрсеткіш 72,1 және 73,2%-ды, ҚҚДИ зерттеулерінде 75,1% және 70,3%-ды, Қоғамдық саяси институтының зерттеуінде 72,3%-ды, сондай-ақ Демократия институтының зерттеуінде 73,1%-ды құрады.

Осылайша, электоралды белсенділік көрсеткіштері 70,3% және 75,6% аралығындағы диапазонда орналасып отыр. Ең төменгі және ең жоғары көрсеткіштер арасындағы айырмашылық небәрі 5,3 пайыздық тармақты құрайды. Бұл тұрақты үрдіс сауалнамаға қатысқандардың шамамен оннан жетеуі немесе одан да көп бөлігі науқан барысында сайлау учаскелеріне баруға ниетті екенін мәлімдегенін көрсетеді.

Сонымен қатар, әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштер аға буын өкілдері арасында электоралды белсенділіктің жоғары екенін көрсетті. ҚҚДИ мәліметтеріне сәйкес, аға буын өкілдері арасында бұл көрсеткіш 80,7%-ды құраса, жастар арасында 69,4%-ды құрайды. Дауыс беруге дайындық, сондай-ақ жоғары білімді азаматтар арасында да жоғары.

Соңғы екі айдағы көзге түскен үдерістердің бірі – партиялық таңдауларын әлі жасамаған сайлаушылар санының азаюы.

ҚСЗИ тапсырысы бойынша DATAMetrics компаниясы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес, партиялық таңдауын әлі айқындамағандардың үлесі 22,6%-ды құраған.

Еуразиялық интеграция институтының алғашқы өлшеуінде бұл көрсеткіш 14,2%-ға дейін төмендесе, ҚҚДИ телефон арқылы жүргізген сауалнамада – 10,9%-ға, Еуразиялық интеграция институтының екінші зерттеуінде – 8,4%-ға, ал Қоғамдық саяси институтының соңғы өлшеуінде 5,3%-ға дейін төмендеген.

Осылайша, бірінші өлшемнен соңғы өлшемге дейінгі аралықта партиялық таңдауларын әлі жасамаған сайлаушылардың көрсеткіші 17,3 пайыздық тармаққа, яғни төрт еседен аса төмендеген.
Бұл динамика дауыс беру күнінің жақындауы, қоғамдық хабардарлықтың артуы және партиялық, ақпараттық, сондай-ақ үгіт-насихат науқандардың күшеюімен байланысты сайлаушылардың қалауларының біртіндеп нығая түсуін көрсетуі мүмкін.

Халықтың хабардарлық деңгейінің жоғары екенін қарастырып отырған соңғы өлшемнің нәтижелері де растайды. Қоғамдық саяси институтының мәліметтеріне сәйкес, респонденттердің 89,4%-ы тамыздың 23-і өтетін сайлау туралы хабардар. Олардың 55,2%-ы сайлау туралы ақпаратты жақсы біледі, ал 34,2%-ы сайлау өтетіні туралы естігенімен, егжей-тегжейлі ақпараттан хабардар емес.

Зерттеулерге жасалған салыстырмалы талдау «Әділет» партиясының тұрақты түрде көшбасшылық позицияны ұстап тұрғанын көрсетеді.

Оның көрсеткіші 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілген ҚСЗИ зерттеуіндегі 54,2%-дан 20 шілде мен 6 тамыз аралығында Демократия институты жүргізген зерттеуде 70,3%-ға дейін өскен. Бірінші және соңғы өлшемдер арасындағы айырмашылық 16,1 пайыздық тармақты құрайды.

«Ауыл» партиясы салыстырып отырған зерттеулердің барлығында екінші орында тұр, оның көрсеткіші 5,1 мен 7,3% арасында қалыптасқан.

Қалған саяси партиялардың рейтингтерінде салыстырмалы түрде айтарлықтай үлкен өзгерістер байқалмайды. Сонымен қатар, сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға қанша партия және нақты қай партиялар өтетіні әзірге ашық күйінде қалып отыр.

Әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелері «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасында үшінші және төртінші орындар үшін бәсекелестіктің сақталып отырғанын көрсетеді.

Сонымен қатар Қазақстан Халық партиясы мен қазіргі сайлау науқанына қатысып отырған жалғыз оппозициялық партия, яғни Жалпыұлттық социал-демократиялық партия арасында да жеке бәсекелестік желісі қалыптасқаны байқалады.

Осылайша, қарастырып отырған кезеңдегі негізгі динамика электоралдық рейтингте партиялардың орындарының өзгеруімен ғана емес, сондай-ақ таңдауын әлі жасамаған сайлаушылар санының азаюымен және көшті бастап келе жатқан партияның позициясының нығаюымен байланысты.

Сонымен қатар, азаматтардың таңдауына әсер ететін факторлар да әртүрлі. Қоғамдық саяси институтының зерттеуіне сәйкес, респонденттердің 44,4%-ы өзінің партиялық таңдауын жасауда олардың бастамаларының оң бағалануын басшылыққа алса, 29,2%-ы өзін осы партияның жақтаушысы деп санайды, 25,3%-ы Қазақстанның болашағын өзі таңдаған партиямен байланыстырады, ал 14,7%-ы партияның сайлаушылармен өзара іс-қимылына назар аударады.

Әлеуметтанулық динамика науқан барысында сарапшылар талқылауының негізгі тақырыптарының біріне айналды. 8 шілде мен 13 тамыз аралығында ҚСЗИ Астана, Алматы, Петропавл және Өскемен қалаларында жеті сараптамалық алаң өткізді.

8 шілдеде Астанада «Құрылтай сайлауы: конституциялық негіздер және саяси трансформация» тақырыбында және 16 шілдеде Алматыда «Құрылтай – заң шығарушы биліктің жаңа архитектурасының негізі» тақырыбында сараптамалық алаңдар ұйымдастырылды. 23 шілдеде Петропавл қаласында өткен «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» Ұлттық сараптамалық алаңында Қазақстанның жаңа конституциялық архитектурасы өңірлер тұрғысынан талқыланды.

30 шілдеде Астанада сарапшылар «Сайлау-2026» науқанындағы медианың және цифрлық платформалардың рөлін қарастырса, 4 тамызда Өскеменде жаңа саяси конфигурациядағы өңірлердің орны талқыланды.

Соңғы теледебаттардағы көрермендер дауыс беруінің аралық қорытындысы бойынша бірінші орында «Әділет» партиясы тұр.

Соңғы теледебаттардағы көрермендер дауыс беруінің аралық қорытындысы бойынша бірінші орында «Әділет» партиясы тұр. Оның өкілдерінің сөз сөйлеуіне сауалнамаға қатысқандардың 59,5 пайызы дауыс берген. Екінші орында – 14,4 пайызбен «Ауыл» партиясы, үшінші орында – 12,1 пайызбен Respublica.

Одан кейін Қазақстанның Халық партиясы – 4,2%, ЖСДП – 3,7%, «Ақ жол» – 3,4% және «Байтақ» – 2,1% көрсеткішке ие болды. Ал сауалнамаға қатысқандардың тағы 0,6 пайызы «Ешқайсысы ұнамады» деген нұсқаны таңдаған.

Теледебаттар көрермендерге кандидаттарды әлеуметтік желілерде алдын ала қалыптастырылған имиджінсіз көруге, олардың бағдарламаларын тікелей эфирде салыстыруға және өзекті мәселелерге қарсыластарының қалай жауап беретінін бағалауға мүмкіндік береді.

Құрылтай сайлауында дауыс берудің бес себебі

Құрылтай сайлауында дауыс берудің бес себебі

  1. Еркін әрі ашық сайлау арқылы билік пен мемлекетті басқарудың демократиялық қағидаттары жүзеге асырылады.
  2. Азаматтардың сайлауға қатысуына елдің одан әрі дамуы мен болашағы байланысты.
  3. Сайлауға қатысу – азаматтық ұстанымды білдірудің нақты көрінісі.
  4. Сайлаушылардың жоғары белсенділігі – сайлаудың әділ өтуінің кепілі.
  5. Қазақстанда ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Құрылтай сайлауы – осы реформаларды жүзеге асырудың маңызды кезеңдерінің бірі.

Сайлауалды науқан: соңғы күндердегі негізгі оқиғалар 40 мың шақырымнан астам жол, 16 өңір және қарсыластарға жаңа үндеу

Сайлауалды науқан: соңғы күндердегі негізгі оқиғалар 40 мың шақырымнан астам жол, 16 өңір және қарсыластарға жаңа үндеу – 15 және 16 тамыздағы сайлауалды науқан осындай көрсеткіштермен есте қалды. «Әділет» керуені экватор ұзындығынан да көп жол жүрді, ЖСДП «Ауыл» партиясына тікелей дебатқа шығуды ұсынды, ал басқа партиялар зауыттарда, егістік алқаптарында, клиникаларда, табиғи парктер мен IT алаңдарда сайлаушылармен байланыс орнатуды жалғастырды. Сайлауға бір апта қалғанда науқан өңірлерде ғана емес, қоғамдық-саяси кеңістікте де айқын көріне бастады.
«Әділет» партиясы Алматыда қаланың ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді. Ұлттық ғылым академиясында ғалымдар, жазушылар мен мәдениет қайраткерлері ғылымды дамыту және мәдени кодты сақтау мәселелерін талқылады. Farabi IT Hub алаңында IT қауымдастық өкілдерімен жеке кездесу өтіп, онда жасанды интеллектіні дамыту, технологиялық экспорт және отандық әзірлеушілерді қолдау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ партия қазақстандық ғалымдардың Сиверс алмасының жаңа сұрыбын шығару бойынша жұмыс істеп жатқанын және оған «Әділет» атауын беру жоспарланғанын хабарлады.

«Әділетті Қазақстан үшін» партиясының мобильді керуені аралық қорытындысын жариялады: 23 күн ішінде қатысушылар 16 өңірді аралап, 40 мың шақырымнан астам жол жүрді. Бұл – экватор ұзындығынан да көп. Кестеге сәйкес, қалған күндері керуен Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарындағы бағытын аяқтауы тиіс.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Астанада мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) қызметі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ТКШ) мәселелері бойынша форум өткізді. Іс-шара барысында тұрғын үй қорын басқару және баспана иелерінің мүдделерін білдіру мәселелері талқыланды. Кандидат Талғат Тәтіков Ұлттық ТКШ палатасын құру туралы ұсыныс айтты. Сонымен қатар партия «Таза жағалау – таза су айдыны» экологиялық іс-шарасын өткізді. Оған қатысушылар су айдындарының бірінің жағалауын қоқыстан тазартып, ақпараттық тақтайшалар орнатты.

Партия төрағасы Асхат Рахымжанов «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғановқа өкілдер мен делдалдардың қатысуынсыз, блогер Динара Сәтжанның алаңында тікелей дебат өткізуді ашық ұсынды. Бұған дейін аталған алаңда ЖСДП мен Қазақстан Халық партиясының көшбасшылары арасында пікірталас өткен болатын.

«Байтақ» партиясы «Табиғат – ұлттық мұра» атты сараптамалық дөңгелек үстелдің кезекті кезеңін өткізді. Бұл жолы іс-шара «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ұжымымен ұйымдастырылып, биоалуантүрлілікті сақтау, браконьерлікпен күрес және экотуризмді дамыту мәселелері талқыланды. Кандидат Владимир Мартель Ш. Шөкин атындағы Қапшағай ГЭС-інің ұжымымен кездесті. Шамамен 60 адам қатысқан жиында гидроэнергетиканы дамыту, су ресурстарын ұтымды пайдалану және жаңартылатын энергия көздерінің рөлі сөз болды. Кандидат Алма Қараш пластик қалдықтар мәселесін жүйелі түрде шешу қажеттігін талқылады. Оның айтуынша, микро және нанопластик адам ағзасының тіндерінен де табылып жатыр. Ал мемлекет пен бизнестің міндеті – жекелеген өндірушілер арасынан кінәлілерді іздеу емес, қалдықтарды қайта өңдеу жүйесін қалыптастыру.

Сондай-ақ партия Астана мен Өскемен қалаларындағы медицина және білім беру салаларының ұжымдарымен кездесу өткізді. Бұдан бөлек, Маңғыстау, Жамбыл және Алматы облыстарындағы ауыл тұрғындары арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

Қазақстан Халық партиясы бір күн бұрын ЖСДП төрағасымен өткен дебаттың қорытындысына қатысты пікір білдірді. ҚХП төрағасы Нұрсұлтан Шоқынов екі партияның жекелеген идеологиялық ұстанымдарының ұқсастығын атап өтіп, сонымен бірге ұйымдастырушылық жұмыс ауқымы мен жақтастарының саны бойынша айырмашылықтарға тоқталды. Ол ЖСДП-ның сайлауалды бағдарламасына жеке тоқталып, оның бірқатар тармағын іс жүзінде жүзеге асыру мүмкіндігіне күмән келтірді. Сондай-ақ Шоқынов Мәжілістің өткен шақырылымындағы ЖСДП фракциясының қызметіне тоқталып, өзінің мәліметінше, осы кезеңде фракция заң қабылдауға бастамашы болмағанын айтты.

«Ауыл» партиясы Шымкентте «Қазығұрт – Оңтүстік» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Партия төрағасы Қайрат Айтуғанов кандидаттармен бірге мұнай және логистика салаларының өкілдерімен теміржол тасымалының тиімділігін арттыру және инфрақұрылымды жаңғырту мәселелерін талқылады. Түркістан облысында Айтуғанов жергілікті диқандармен бейресми жағдайда – егістік алқабындағы түскі ас үстінде әңгімелесіп, олардың аграрлық секторды дамытуға қатысты мәселелерін тыңдады.

«Ақ жол» демократиялық партиясы Алматы, Қостанай, Қарағанды, Түркістан және Маңғыстау облыстарындағы кездесулерін жалғастырды. Партия төрағасы Дания Еспаева еліміздің әр өңірінен келген жекеменшік клиникалардың басшылары және дәрігерлермен кездесті. Қатысушылар лицензиялау, қаржыландыруға қол жеткізу және медициналық инфрақұрылымды дамыту мәселелерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша партия Медициналық инвестициялық альянспен және Медициналық инвестициялық одақпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

«Respublica» партиясы Қостанай облысындағы қаланы және 14 ауданды электр энергиясымен қамтамасыз ететін «ЭПК-Форфайт» электр желілік компаниясына барды. Ұжыммен кездесу барысында отандық өндірісті дамыту, сондай-ақ өңірлердегі білім беру және медициналық қызметтердің қолжетімділігі мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, партия өкілдері 1974 жылдан бері жұмыс істейтін және өнімнің 300-ден астам түрін шығаратын «Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасына барды.

Қостанайда жастармен ReTalks форматында бейресми кездесу және партияның ReWomen әйелдер қауымдастығының мерейтойлық 20-шы өңірлік форумы өтті. «Respublica» партиясының мәліметінше, аталған қауымдастық 22 мыңға жуық қатысушыны біріктіреді. Сонымен қатар партия Бурабай мен Көкшетаудың туристік орындарын аралауды қамтыған ReBus үгіт-насихат іс-шарасын өткізді.

Сайлауға бір апта қалғанда партиялар еңбек ұжымдарымен, бизнес және сарапшылар қауымдастығының өкілдерімен кездесулер өткізуді, сондай-ақ қоғамдық дебаттарға қатысуды жалғастырып жатыр. Соңғы күндері ҚХП мен ЖСДП өкілдері арасында дебат өтті. Бұдан бөлек, «Ауыл» партиясы қоғамдық пікірталас өткізуді ұсынды. Сонымен қатар партиялар өңірлердегі жұмысының ауқымын көрсетуді жалғастыруда. «Әділет» керуені өз бағытының экваторынан өтіп үлгерсе, басқа партиялардың штабтары еліміздің барлық дерлік өңірінде кездесулер өткізіп жатыр. Науқанның қорытынды аптасы бұдан да белсенді өтетін сыңайлы.

Сақ болыңыз: алаяқтар өздерін ҚМА қызметкерлеріміз деп таныстырып жүр

Сақ болыңыз: алаяқтар өздерін ҚМА қызметкерлеріміз деп таныстырып жүр

Қаржылық мониторинг агенттігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы қаражат жымқыру деректерінің жолын кесу бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тұста алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті.

Қаскөйлер өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, «анықталған заңбұзушылықтарды» алға тартып, медицина мекемелерінің басшыларын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытады. Сонымен қатар сыйақы берсе, жауапкершілікке тартпауға уәде етіп, ақша талап етеді.

Осындай алаяқтық схеманың жолы Түркістан облысында кесілді.

Екі адам өздерін Агенттік қызметкерлері ретінде таныстырып, алдау жолымен медициналық ұйымдардың бірінің басшысынан 15 млн теңге көлемінде ақша алуға тырысқан.

5 млн теңгені алғаннан кейін алаяқтар қалған 10 млн теңгені беруді талап еткен.

Осы жылғы 8 тамызда оларды Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері Агенттіктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен бірлесіп, қылмыс үстінде ұстады.

Сот сыбайластарға қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Тергеу жалғасып жатыр.

ҚМА ескертеді: жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтылуға көмектесеміз деп уәде беріп, ақша талап ету — заңсыз әрекет.

Мұндай деректер туралы ҚМА Call-орталығына 1458 нөмірі арқылы дереу хабарлау қажет.

Азаматтарды қаржылық мониторинг органдарына шақыру тек өндірістегі сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде, заңда белгіленген тәртіппен ресімделіп, жолданған ресми шақыру қағаздары негізінде ғана жүзеге асырылатынын ескертеміз.

Азаматтарды сақ болуға, арандатушылыққа және алаяқтардың айласына ермеуге шақырамыз.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑