Category: Без рубрики (Page 46 of 260)

ЖИ сайлау науқандарының жаңа шындығына айналып келеді – сарапшы

ЖИ сайлау науқандарының жаңа шындығына айналып келеді – сарапшы Жасанды интеллект сайлау науқандарының жаңа құрамдас бөлігіне айналып, саяси контент өндіру тәсілдерін өзгертіп қана қоймай, сайлау үдерісіне деген сенімге қатысты жаңа тәуекелдерді де туындатып отыр. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Алматыда ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңында қоғам қайраткері Ерлан Смайлов мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктерінің бірі – саяси партиялардың генеративті жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануы. Бұл әсіресе медиаконтент өндіру саласында айқын байқалады. Өйткені жаңа технологиялар контент әзірлеуге кететін уақыт пен қаржылық шығындарды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

Нейрондық желілерді баяндамалар мен мәтіндер әзірлеуге, партиялардың бағдарламаларын талдауға, үгіт-насихат материалдарын, пікірлерді, кескіндерді, аудио және бейнематериалдарды жасауға пайдалануға болады. Нәтижесінде саяси контент өндіру үдерісі жылдам әрі қолжетімді бола түсуде.

«Жасанды интеллект бүгінде жай ғана жаңа технология емес – ол мемлекеттік күн тәртібінің, қоғамдық пікірталастың және тікелей саяси бәсекенің бір бөлігіне айналып келеді. Бұл үрдіс сайлауалды бағдарламалар деңгейінен-ақ байқалады», – деді Ерлан Смайлов.

Сарапшының айтуынша, ЖИ тақырыбы партиялардың теледебаттары барысында да көтерілуде. Мәселен, саяси партиялардың бірінің бағдарламасында кемінде 5 млн қазақстандықты жасанды интеллект құралдарын қолдануға оқыту және ЖИ негіздерін мектеп бағдарламасына енгізу міндеті қойылған. Бұл жаңа технологияларға деген көзқарастың біртіндеп саяси күн тәртібі мен партиялар арасындағы бәсекенің дербес элементіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар генеративті жасанды интеллекттің кең таралуы жаңа тәуекелдерді де туындатады. Контент өндірудің жеңілдеуі дезинформация мен дипфейктерді таратуға, сондай-ақ қоғамдық пікірді манипуляциялауға қосымша мүмкіндік береді. Смайловтың айтуынша, мұндай технологиялар жекелеген кандидаттардың, сайлау науқанының және мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіру мақсатында пайдаланылуы мүмкін.

«Қазіргі сайлау науқаны жасанды интеллект бірден екі қырынан көрініс табатын алғашқы науқандардың бірі болуы мүмкін: бір жағынан, ол саяси уәделердің тақырыбына айналса, екінші жағынан, саяси күрестің технологиялық құралы ретінде қолданылуда. Сондықтан мәселе енді ЖИ-дің сайлауда қолданылу-қолданылмауында емес, технологиялық даму саяси ақпаратқа және жалпы сайлау үдерісіне деген сенімге нұқсан келтірмеуі үшін оны пайдаланудың қандай қағидалары мен ережелері қалыптасуы керектігінде», – деп атап өтті сарапшы.

Ерлан Смайлов ЖИ-дің дамуы сайлау үдерісінің алдына қойып отырған үш негізгі сын-қатерге тоқталды.

Бірінші сын-қатер сенім мәселесімен байланысты. Сайлаушы үшін саясаткердің шынайы мәлімдемесін жасанды түрде жасалған немесе өзгертілген контенттен ажырату барған сайын қиындай түсуде. Қазірдің өзінде интернет кеңістігінде партия жетекшілерінің, шоу-бизнес өкілдерінің бейнесі мен есімдері дезинформация таратуға бағытталған роликтерді жасауда пайдаланылған жағдайлар тіркелген. Олардың қатарында Баян Алагөзова, Ермұхамет Ертісбаев, Айдарбек Ходжаназаров және басқа да тұлғалар бар. Осыған байланысты тиісті теріске шығаруларды Бас прокуратура, Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы және аталған тұлғалардың өздері жариялаған.

Екінші сын-қатер жалған және дәйексіз материалдарды өндіру мен таратқаны үшін жауапкершілікке қатысты. Жасанды интеллектіні пайдалану мұндай контент үшін кімнің жауап беруі тиіс екенін анықтауды күрделендіреді: сұранысты қалыптастырған автор ма, контентті пайдаланушы ма, оны таратқан тұлға ма, технологиялық платформа ма, әлде оны әзірлеген компания ма?

Үшінші сын-қатер қоғамның жаңа ақпараттық ортаға дайындығымен байланысты. Сарапшының пікірінше, бұл мәселені тек заңнамалық реттеу арқылы шешу жеткіліксіз. Генеративті технологиялар кеңінен тараған сайын азаматтардың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау, дереккөздерді тексеру және манипуляциялық контентті ажырата білу қабілетінің маңызы арта түседі.

«ЖИ сауаттылығы мен сыни ойлауды дамыту бүгінде тек білім беру саласының ғана емес, саяси күн тәртібінің де маңызды міндетіне айналып отыр», – деп атап өтті Смайлов.

Сонымен қатар сарапшы Қазақстанда жасанды интеллектіні қолданудың заңнамалық және этикалық негіздері қалыптасқанын атап өтті. Оның пікірінше, бұл саяси және ақпараттық кеңістікте жаңа технологияларды ықтимал деструктивті мақсатта пайдалануды шектеуге мүмкіндік береді.

Ерлан Смайловтың пікірінше, технологиялардың қоғам өміріне кеңінен енуі қазіргі сайлау науқанын бұған дейінгі науқандардан түбегейлі ерекшелендіріп отыр. Жасанды интеллект саяси коммуникация құралдарын өзгертіп қана қоймай, партиялардың бағдарламаларының мазмұнына және ақпараттық тәуекелдердің сипатына да ықпал етуде. Бұл өз кезегінде отандық саяси технологиялардың дамуының жаңа кезеңін қалыптастыруда.

«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтті. Іс-шараны ҚР Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Онлайн форматта пікірталасқа Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар қосылды.

Өңірлік сайлаушының талғамы әркелкі: сарапшы партиялық науқандардың жаңа логикасы туралы

Өңірлік сайлаушының талғамы әркелкі: сарапшы партиялық науқандардың жаңа логикасы туралы Саяси партияның өңірлердегі табысы көбіне оның жергілікті өкілдерінің беделіне және сайлаушылардың әртүрлі топтарының сұраныстарын ескере білу қабілетіне байланысты. Бұл туралы Алматыда өткен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен мәлімдеді.

Сарапшының айтуынша, сайлаушы үшін партия тек оның орталық басшылығы мен жалпыұлттық бағдарламасы арқылы ғана таныла бермейді. Өңірлік деңгейде саяси күштің негізгі өкілі көбіне нақты кандидат, депутат немесе партияның жергілікті филиалының басшысы болады.

Сондықтан жергілікті саясаткерлердің кәсібилігі, ашықтығы, халықпен диалог орната білуі және азаматтардың өтініштеріне жауап беруі тұтастай партияның қоғамдық қабылдануына тікелей ықпал етеді. Ал есептіліктің болмауы, уәделердің орындалмауы және өңірлік өкілдердің беделіне қатысты мәселелер тіпті танымал партиялық брендке деген сайлаушылардың сенімін әлсіретуі мүмкін.

«Сенім тек үгіт-насихат кезеңінде ғана емес, бүкіл саяси цикл барысында қалыптасуы қажет. Ол халықпен тұрақты жұмыс істеу, ашық әрі түсінікті есептілік, партияның өңірлерде тұрақты болуы және оның өкілдерінің жетістіктерімен қатар, жіберген қателіктері үшін де жауапкершілік алуға дайын болуы арқылы орнығады», – деп атап өтті Жеңісбек Төлен.

Оның пікірінше, белгілі бір өңірдегі партияның ұстанымын бағалау кезінде оның жергілікті деңгейдегі өкілінің беделіне, бұл өкілдердің тұрғындарға қаншалықты танымал екенін және сайлаушылар олардың қызметін нақты нәтижелермен байланыстыра ма, жоқ па деген мәселелерді ескеру маңызды. Сондай-ақ партия өкілдерінің дербес әрі кәсіби команда ретінде қабылдануы, өңірдің мәселелерін жалпы саяси ұрандармен шектелмей, жергілікті тәжірибеге сүйене отырып талқылай алуы да айрықша мәнге ие.

Сондықтан сарапшының пікірінше, өңірлік сайлау науқаны орталық деңгейдегі үгіт-насихаттың механикалық қайталануына айналмауы тиіс. Жалпыұлттық идеялар жергілікті мысалдармен, халыққа танымал өкілдермен және нақты жұмыс нәтижелерімен толықтырылуы қажет.

Жеңісбек Төлен өңірлік электораттың ішкі әркелкілігіне де ерекше назар аударды.

«Өңір – біртұтас сайлаушылар тобы емес. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Ал партияның табысы жергілікті команданың осы топтардың әрқайсысымен түсінікті әрі қолжетімді тілде диалог құра білуіне байланысты», – деп атап өтті сарапшы.

Оның айтуынша, облыс бойынша орташа көрсеткіштер халықтың жекелеген топтары арасындағы елеулі айырмашылықтарды жасыруы мүмкін. Бір өңірдің өзінде облыс орталығының тұрғындары, шағын қалалар мен ауылдардың, шалғай аудандардың тұрғындары, жастар мен аға буын өкілдері, кәсіпкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері, жалдамалы жұмысшылар және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатар өмір сүреді. Саяси белсенділік деңгейі де әртүрлі: партиялық таңдауы қалыптасқан азаматтардан бастап, әлі нақты шешім қабылдамаған сайлаушыларға дейінгі түрлі топ бар.

Сонымен қатар бір мәселенің өзі әртүрлі әлеуметтік топтардың өкілдері тарапынан мүлде өзгеше қабылдануы мүмкін. Мысалы, облыс орталығындағы жастар үшін жұмыспен қамту мәселесі сапалы жұмыс орындары мен мансаптық мүмкіндіктерге қатысты болса, шалғай аудандардың тұрғындары үшін ол бос жұмыс орындарының тапшылығы және басқа өңірлерге қоныс аудару қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін. Кәсіпкерлер үшін өңірдің дамуы әкімшілік кедергілерді азайтуды білдірсе, жалдамалы жұмысшылар үшін табыстың тұрақтылығы мен әлеуметтік кепілдіктер бірінші орынға шығады.

«Өңірдің басты мәселесі» туралы айтқанда, бұл мәселе нақты қай топ үшін басты екенін, сол топ қандай шешімді қолдайтынын және оны жүзеге асыруды қай саяси күшке сеніп тапсыруға дайын екенін анықтау қажет. Сондықтан электоратты тек географиялық тұрғыдан ғана емес, жас ерекшелігіне, өмір салтына, жұмыспен қамтылуына, сұраныстарының сипатына және саяси белсенділік деңгейіне қарай да сегменттеу маңызды», – деп атап өтті Жеңісбек Төлен.

«Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылар алаңы 13 тамызда Алматы қаласында өтті. Іс-шараны ҚР Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды. Талқылауға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Онлайн форматта пікірталасқа Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылар қосылды.

Сарапшылар «Сайлау-2026» сайлау науқанының негізгі үрдістерін талқылады

Сарапшылар «Сайлау-2026» сайлау науқанының негізгі үрдістерін талқылады 13 тамызда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырған «Сайлау-2026: саяси науқанның сипаты» сарапшылық алаңының отырысы өтті.

Талқылау барысында қоғамның көңіл-күйі мен қазіргі сайлау науқанының негізгі үрдістері, азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығы, партия таңдауға ықпал ететін факторлар, өңірлік ерекшеліктер, теледебаттар, саяси коммуникациялар және үгіт-насихат барысында жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар қатысушылар партиялар мен кандидаттарға деген сенімнің рөліне, сондай-ақ азаматтардың электоралдық таңдауын айқындайтын негізгі факторларға ерекше назар аударды.

Сарапшылық алаңның ерекшелігі – талқылауға Қазақстанның барлық өңірінен сарапшылардың онлайн-конференция форматында қатысуы болды. Бұл жалпыұлттық ахуалды өңірлердегі нақты жағдайға қатысты бағалаулармен толықтыруға және еліміздің әр бөлігіндегі сайлау науқанының сипаты мен қоғамдық көңіл-күйдегі айырмашылықтарды талқылауға мүмкіндік берді. Өңірлерден қатысқан сарапшылар пікірталасқа белсенді араласып, спикерлерге сұрақтар қойып, өз өңірлеріне тән сайлау науқанының өзекті мәселелері мен ерекшеліктерін ортаға салды.

Іс-шара барысында интерактивті QR-сауалнама да жүргізіліп, оған іс-шарадағы сарапшылар мен қонақтар, сондай-ақ өңірлерден қосылған қатысушылар қатысты. Сауалнамада қатысушылардан қазіргі сайлау науқаны мен партиялық үгіт-насихаттың сипатын бағалау, өз өңірлеріндегі науқанның ең айқын ерекшеліктерін атап көрсету және азаматтардың электоралдық таңдауына барынша ықпал ететін факторларды анықтау сұралды. Сауалнама нәтижелері өңделіп, іс-шара соңында сарапшылық алаң қатысушыларына ұсынылды. Бұл кәсіби қоғамдастықтың бағалауларын сарапшылардың баяндамалары мен пікірталас барысында айтылған тұжырымдармен салыстыруға мүмкіндік берді.

Сарапшылық алаңға саясаттанушылар, академиялық және сарапшылық қоғамдастық өкілдері, зерттеу және талдау орталықтарының мамандары, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ саяси коммуникациялар мен сайлау үдерістері саласының сарапшылары қатысты. Сарапшылар алаңды модератор ретінде саясаттанушы, баспагер Бақытжан Бұқарбай жүргізді.

Сарапшылар алаңның мазмұнды бөлімін аша отырып, Бақытжан Бұқарбай қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқына және қазіргі сайлау науқанындағы теледебаттардың рөліне қатысты сараптамалық шолу ұсынды.

Сарапшының айтуынша, 2026 жылғы 13 маусым мен 27 шілде аралығында түрлі зерттеу ұйымдары алты әлеуметтанулық зерттеу жүргізген. Олардың барлығы азаматтардың сайлауға қатысуға дайындығы тұрақты түрде жоғары екенін көрсетеді: респонденттердің 70,3–75,6 пайызы дауыс беруге қатысуға ниетті екенін мәлімдеген. Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 89,4 пайызы 23 тамызда өтетін алдағы сайлау туралы қандай да бір деңгейде хабардар.

«Біз айтарлықтай тұрақты көріністі байқап: он сайлаушының жетеуі дауыс беруге дайын екенін мәлімдеген. Бұл ретте қазақстандықтардың оннан тоғызына жуығы алдағы сайлау туралы қандай да бір деңгейде хабардар. Бұл азаматтардың қазіргі сайлау науқанына жеткілікті жоғары деңгейде тартылғанын көрсетеді», – деді Бақытжан Бұқарбай.

Б. Бұқарбайдың пікірінше, азаматтарды ақпараттандыруда және саяси күштер туралы қоғамдық түсінік қалыптастыруда теледебаттардың рөлі айрықша. Ол ұсынған екі телебағдарламаның салыстырмалы деректері әртүрлі телеарналардың саяси пікірталасқа халықтың сан алуан топтарын тарта алатынын көрсетті.

Qazaqstan телеарнасындағы теледебаттарды 560 мың адам, ал «7 арнадағы» дебаттарды 1,45 млн адам көрген. Бұл ретте Qazaqstan телеарнасы негізінен 24 жасқа дейінгі жастарды, ал «7 арна» 55 жастан асқан көрермендерді көбірек қамтыған. Дебаттарға цифрлық ортада да қызығушылық жоғары болды: әлеуметтік желілерде 10 мыңнан астам мазмұнды жазба тіркеліп, YouTube пен TikTok платформаларында он мыңдаған пікір мен реакция байқалды.

Бақытжан Бұқарбайдың пікірінше, саяси ұстанымдардың ашық бәсекесі мазмұнды бағдарламалар, идеялар мен дәлелдерге негізделген жария саясат мәдениетінің дамуына ықпал етеді. Теледебаттар сонымен қатар қоғамға сындарлы саяси диалогтың үлгісін көрсетіп, азаматтардың сайлау таңдауына жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді.

«Тұран» университетінің Халықаралық қатынастар және дипломатия жоғары мектебінің директоры, саясаттанушы Нұрболат Нышанбаев та сайлау науқанындағы теледебаттардың рөліне талдау жасады. Оның пікірінше, дебаттар партияларды тек ұрандары мен қоғамдық имиджіне қарап бағалауға емес, олардың дәлел келтіру сапасын, құзыреттілігін, сынға жауап бере білу қабілетін және ашық саяси пікірталас жүргізу мүмкіндігін бағалауға жағдай жасайды.

Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Айгүл Сәдуақасова да электоралдық көңіл-күй динамикасына назар аударды. Ұсынылған деректерге сәйкес, сайлау жақындаған сайын нақты шешім қабылдамаған сайлаушылардың үлесі айтарлықтай төмендеген: алғашқы зерттеудегі 22,6 пайыздан соңғы зерттеуде 5,3 пайызға дейін азайған. Сарапшының пікірінше, бұл ақпараттық және үгіт-насихат науқанының белсенді жүргізілуі аясында сайлаушылардың саяси таңдауларының біртіндеп қалыптасып, электоралдық басымдықтардың шоғырлана түскенін көрсетуі мүмкін.

«Әрбір дауыс маңызды. Сайлауға қатысу – азаматтың конституциялық құқығын жүзеге асыру ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілігінің көрінісі. Сайлау учаскесіне келіп, азаматтар өз мүдделерін кімнің білдіретінін айқындайды және осылайша мемлекетті нығайтуға, оның одан әрі дамуына өз үлесін қосады», – деп атап өтті А. Сәдуақасова.

Қоғам қайраткері Ерлан Смайлов жасанды интеллектінің сайлау науқанына ықпалына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде ЖИ мәтіндер мен сөз сөйлеу мәтіндерін әзірлеуде, сондай-ақ бейне, аудио және визуалды контент жасауда белсенді қолданылып келеді. Бұл үгіт-насихат материалдарын дайындауға кететін уақыт пен шығынды едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.

«Бүгінде жасанды интеллект жай ғана технологиялық жаңалық емес – ол мемлекеттік күн тәртібінің, қоғамдық пікірталастың және саяси бәсекенің бір бөлігіне айналып келеді. Сонымен қатар жаңа мүмкіндіктермен бірге дезинформация, дипфейктер және саяси контентке деген сенімге қатысты жаңа сын-қатерлер де пайда болуда», – деп атап өтті Е. Смайлов.

Сарапшының пікірінше, генеративті ЖИ-дің дамуы сайлау үдерісі алдында сенім, жасалатын контент үшін жауапкершілік және қоғамның жаңа ақпараттық ортаға дайындығы мәселелерін алға шығарады. Мұндай жағдайда ЖИ сауаттылығы мен сыни ойлауды дамыту тек білім беру саласының ғана емес, қоғамдық-саяси маңызы бар міндетке айналып отыр.

«Мир Евразии» ақпараттық-талдау журналының президенті әрі бас редакторы Эдуард Полетаев партияның жекелеген ұсыныстарының халық арасында танымал болуы өздігінен оған электоралдық қолдауға кепілдік бермейтінін атап өтті. Оның пікірінше, партия бағдарламасы мен сайлаушының түпкілікті таңдауының арасында сенім, кандидаттардың беделі және саяси команданың мәлімделген бастамаларды жүзеге асыра алатынына деген пікір сияқты маңызды факторлар бар.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Білім беру және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен электоралдық мінез-құлықтың өңірлік ерекшеліктеріне назар аударды. Оның айтуынша, сайлаушы үшін партия тек орталық басшылығымен ғана таныла қоймайды. Өңірлерде нақты кандидаттар, депутаттар мен партия филиалдарының басшылары маңызды рөл атқарады. Олардың беделі мен қызметі тұтастай алғанда саяси күшке деген қоғамдық көзқарасқа тікелей әсер етеді.

Сонымен қатар сарапшы өңірлік электоратты біртекті аудитория ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Тіпті бір облыстың өзінде облыс орталығы мен шалғай аудандар тұрғындарының, жастар мен аға буын өкілдерінің, кәсіпкерлер, бюджеттік сала қызметкерлері мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың сұраныстары едәуір ерекшеленуі мүмкін.

«Өңір – біртұтас сайлаушылар тобы емес. Ол әртүрлі әлеуметтік топтардың жиынтығынан тұрады. Ал партияның табысы жергілікті команданың осы топтардың әрқайсысымен түсінікті тілде сөйлесе білуіне байланысты», – деді Ж. Төлен.

Негізгі спикерлерден бөлек, талқылауға сарапшы-дискутанттар да қатысып, баяндамаларды толықтырды, балама бағалауларын ұсынды және сайлау науқанында қосымша назар аударуды қажет ететін факторларды атап өтті.

Пікірталас қорытындысы бойынша қатысушылар қазіргі сайлау науқанының электоралдық белсенділіктің жоғары әлеуетін, сонымен қатар саяси коммуникация формаларының өзгеріп келе жатқанын көрсететініне толталды. Теледебаттар мен цифрлық платформалар халықтың әртүрлі топтарын сайлау үдерісіне тарту мүмкіндігін кеңейтсе, сайлаушылардың таңдауына партия бастамаларының мазмұны мен кандидаттарға деген сенімнен бастап, жергілікті командалардың жұмыс сапасы және партиялардың сайлаушылармен тұрақты диалог орната білуіне дейінгі факторлардың тұтас жиынтығы барған сайын көбірек ықпал етуде.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

ТазаҚазақстан

🌿 Таза Қазақстан – әр азаматтың ортақ міндеті.

🌿 Таза Қазақстан – әр азаматтың ортақ міндеті.

Табиғатты қорғап, қоршаған ортаны таза ұстау – мәдениетті қоғамның белгісі. Есіңізде болсын, табиғатты ластағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік пен айыппұл қарастырылған.

ТазаҚазақстан

Әрбір табыстың артында маңдай тер мен табанды еңбек жатыр.

Адал еңбек – жетістіктің, тұрақтылықтың және жарқын болашақтың негізі. Еңбекқорлық пен жауапкершілік адамды жаңа белестерге жетелеп, қоғамның дамуына үлес қосады. Әрбір табыстың артында маңдай тер мен табанды еңбек жатыр.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑