Category: Без рубрики (Page 5 of 309)

Қызылордада Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

Қызылордада Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды

Бүгін Қызылорда қаласында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басым бағыттарды кеңінен түсіндіру мақсатында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті.
Алдымен Қызылорда қаласындағы «Достық үйінде» зиялы қауым, азаматтық қоғам және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен кездесуге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мұрат Әбенов, Жанар Бимұратқызы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы және облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысты.
Келесі «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» энергетика саласының ардагерлері, жұмысшы мамандарымен өткен кездесуге Құрылтай депутаты Айдарбек Қожаназаров, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Мейрамбек Жұмашев, Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров және облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов қатысты.
Мемлекет басшысы болашақ экономикасына көшудің құқықтық негізін қалыптастыру үшін жаңа Азаматтық кодекс қабылдаудың маңызын атап өтті.
Бұл бастама экономикалық қатынастарды заман талабына сай жаңғыртуға, кәсіпкерлік қызметтің құқықтық кепілдіктерін нығайтуға және инвестициялық ахуалды жақсартуға бағытталған.
Елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Жолдауда әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарауға, азаматтардың экономикалық дербестігін қалыптастыруға баса мән берілген.
Электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз ету – елдің экономикалық дербестігі мен бәсекеге қабілетін айқындайтын маңызды фактор. «Еліміз 2029 жылға қарай қуат көзін артығымен өндіретіндей деңгейге жету керек» деген стратегиялық міндет қойылғаны белгілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңірінің ауыл шаруашылығы әлеуетіне ерекше тоқталып, күрделі климаттық жағдайға қарамастан, диқандар жүгері мен соя өсіруде нәтижелі жұмыс атқарып жатқанын айтты.
Осыған орай, кездесулерде экономиканы жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, заңнаманы жетілдіру, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелері қозғалды.
Сондай-ақ әлеуметтік саясатты жаңғырту, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, қоғамдық келісім мен ұлттық құндылықтарды нығайту бағыттары қамтылды. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің, әкімшілік кедергілерді азайтудың артықшылықтары сөз болды.
Қоғамдық даму мен идеологиялық тұрақтылық мәселелері де басқосулардың негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Кездесулерде республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы спикерлерінің Жолдаудың басым бағыттарын кеңінен түсіндіру бағытында жасаған баяндамаларына орай қатысушылар ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының өңірдегі жұмысы жалғасуда.
Алдағы уақытта топ мүшелері кәсіпкерлермен, білім саласының өкілдерімен және аудан тұрғындарымен де кездесіп, Жолдаудың негізгі бағыттарын кеңінен түсіндіруді және халықпен ашық пікір алмасуды жоспарлауда.

https://www.gov.kz/org/kyzylorda/press/news/details/1324369?lang=kk

Арқалық тұрғындары әуе қатынасының қайта жанданғанына қуанышты

Арқалық тұрғындары әуе қатынасының қайта жанданғанына қуанышты

33 жылдан кейін қайта іске қосылған Арқалық әуежайы тұрғындардың жолын жеңілдетті.

Бұған дейін Қостанай мен Астанаға пойызбен не көлікпен қатынаған жұрт енді діттеген жеріне әлдеқайда жылдам жетеді. Алматыға да екі сағатта ұшып баруға мүмкіндік бар.

Тұрғындар әуежайдың қайта жанданғанына дән риза.

Толығырақ: https://youtu.be/diVPPCm8tak

#Халықтыққұрылыс, #qarqyndyqurylys,
#БольшаяСтройка

Қатонқарағай тұрғындары жаңа әуежайды 20 жыл күткенін айтады

Қатонқарағай тұрғындары жаңа әуежайды 20 жыл күткенін айтады

Әуежай құрылысы басталғалы ауыл жаңарып, жаңа үйлер салынып, аудан көркейе түскен.

Қазір облыс орталығына жетуге 5-6 сағат кетеді. Жаңа әуежай іске қосылса, тұрғындардың жол жүру уақыты қысқарып, қатынас әлдеқайда жеңілдейді.

Толығырақ: https://youtu.be/diVPPCm8tak

#Қарқындықұрылыс, #qarqyndyqurylys,
#БольшаяСтройка

Семейде көпір салудың ерекше әдісі қолданылды

Семейде көпір салудың ерекше әдісі қолданылды

Семейдегі жаңа көпір елімізде бұрын қолданылмаған әдіспен салынуда. Металл құрылымдар жағада құрастырылып, өзеннің үстімен қарсы бетке жылжытылған.

Бұл тәсіл өзен арнасын өзгертпей, су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Құрылыстың басым бөлігінде отандық материалдар пайдаланылып, жұмыстарды қазақстандық мамандар атқарған.

Бұл туралы көпір құрылысының жетекшісі Серік Тауданбеков айтып берді.

Толығырақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан көріңіз. https://youtu.be/ccq6GTNQXAI

#Халқтыққұрылыс #БольшаяСтройка #Семей #qarqyndyqurylys

50 жылға шыдайтын көпір: Семейдегі жаңа өткелдің ерекшелігі неде?

50 жылға шыдайтын көпір: Семейдегі жаңа өткелдің ерекшелігі неде?

Семейде бүгінде небәрі екі көпір бар. Жүк көліктерінің қала ішінен өтуі жолдардың тозуына және кептелістің көбеюіне себеп болып отыр.

Жаңа көпір осы мәселені шешуге мүмкіндік бермек. Құрылыс сапасы ультрадыбыстық тексеру және тәуелсіз зертханалық сараптама арқылы бақыланады. Мамандардың айтуынша, қолданылған материалдар 50 жылға дейін қызмет етеді.

Толығырақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан көріңіз. https://youtu.be/ccq6GTNQXAI

#Халқтыққұрылыс #БольшаяСтройка #Семей #qarqyndyqurylys

Семейдің 2041 жылға дейінгі даму жоспары қандай?

Семейдің 2041 жылға дейінгі даму жоспары қандай?

Семейдің 2041 жылға дейінгі бас жоспарында қаланың инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілген. Атап айтқанда, жаңа әкімшілік-іскерлік орталық, арнайы экономикалық аймақ және энергия орталығы бой көтереді.

Сонымен қатар қалада тағы бірнеше көпір салу жоспарланған. Олар жағалауларды жаңа іскерлік ауданмен байланыстырып, қаланың айналма жолын Алматы және Өскемен бағытындағы тасжолдарға жалғайды. Бұл жобалар Семейдің көлік қатынасын жақсартып, шаһардың дамуына серпін бермек.

Толығырақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан көріңіз. https://youtu.be/ccq6GTNQXAI

#Халықтыққұрылыс, #qarqyndyqurylys,
#БольшаяСтройка #Семей #Көпір

«Кептеліс дегенді ұмытамыз»

«Кептеліс дегенді ұмытамыз»

Семей тұрғындары жаңа көпір құрылысына оң көзқарас білдіріп отыр. Олардың пікірінше, нысан пайдалануға берілген соң қаладағы көлік қозғалысы жеңілдеп, кептеліс мәселесі азаяды. Жаңа көпір қала тұрғындары үшін қолайлы қатынасқа жол ашпақ.

Толығырақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан көріңіз. https://youtu.be/ccq6GTNQXAI

#Халықтыққұрылыс, #qarqyndyqurylys,
#БольшаяСтройка #Семей #Көпір

Алматыда LRT, Семей мен Павлодарда жаңа көпір: Құрылыс қарқын алды

Алматыда LRT, Семей мен Павлодарда жаңа көпір: Құрылыс қарқын алды

Алматыда ұзындығы 18,3 шақырым болатын LRT желісі салынып жатыр. Оның бойында 24 аялдама қарастырылған. Қаланың батысы мен орталығын байланыстыратын жаңа көлік желісі мыңдаған тұрғынның жолға кететін уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Семейде де көлік қатынасын жақсартуға бағытталған көпір құрылысы жүргізілуде. Жаңа өткел қаладағы кептелісті азайтуға септігін тигізбек. Ал ескі көпір тұрғындардың серуендейтін демалыс орнына айналмақ.

Павлодарда заманауи технологиямен салынып жатқан жаңа көпірді 2027 жылдың мамырында пайдалануға беру жоспарланған. Ол көлік қозғалысын жеңілдетіп, тұрғындардың қауіпсіз қатынауына жағдай жасайды.

Толығырақ «Халықтық құрылыс» бағдарламасынан көріңіз. https://youtu.be/ccq6GTNQXAI

#Халықтыққұрылыс#qarqyndyqurylys
#БольшаяСтройка #Павлодар #көпір

Ақмола облысында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 330 келіден астам есірткі тәркіленді

Ақмола облысында «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 330 келіден астам есірткі тәркіленді

Ақмола облысында бес ай ішінде полиция қызметкерлері 331 келіден астам есірткі затын тәркілеп, есірткі зертханасының қызметін тоқтатты және тыйым салынған заттарды жеткізудің алты арнасын жапты. 1 маусым мен 30 қазан аралығында өткен «Қарасора-2026» операциясының қорытындысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Дархан Досанов баяндады.

Операция барысында есірткіге қатысты 135 қылмыс тіркелді. Оның ішінде есірткі сатудың 49 дерегі, күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қатысты 34 жағдай және құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсірудің 10 дерегі анықталды.

Целиноград ауданында полиция қызметкерлері синтетикалық есірткі өндіретін зертхананың қызметін тоқтатты. Астананың екі тұрғыны ұсталып, шамамен 10 келі психотроптық зат тәркіленді. Сондай-ақ есірткі жеткізу және сатудың алты арнасы жабылып, 14,4 келі тыйым салынған зат алынды. Бұдан бөлек, Таиландтан есірткі контрабандасының дерегі анықталды.

Жалпы тәркіленген есірткі көлемі 331 келіден асты. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 117 келіні құраған. Тәркіленген заттардың 142 келіден астамы синтетикалық есірткі болса, тағы 188 келісі каннабис тобына жататын есірткі заттары.

Операция барысында есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан 18 адам ұсталды. Солардың бірі – облыстың 36 жастағы тұрғыны. Ол бастапқыда есірткінің шағын партияларын таратумен айналысып, кейін ірі көлемдегі есірткіні сақтау және бөлшектеп қаптау ісіне көшкен. Ұстау кезінде одан екі келіден астам синтетикалық есірткі табылды.

Интернет арқылы есірткі саудасына қарсы күреске де ерекше назар аударылды. Полиция қызметкерлері есірткі жарнамасы мен оны сатудан табыс табу туралы ұсыныстар жарияланған сайттарға апаратын 440 сілтемені анықтады. «Антифрод» жүйесіне жалпы сомасы 36,3 миллион теңгені құрайтын 550 банк картасы мен шот туралы мәлімет енгізілді.

Сонымен қатар есірткі тұтынғаны үшін 510 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал көлік құралдарын есірткілік масаң күйде басқарған жүргізушілерге қатысты 217 әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды: еліміздің үш жетекші университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап қалды: еліміздің үш жетекші университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі Азияның үздік университеттерінің QS Asia University Rankings 2027 рейтингін жариялады. Қазақстан Орталық Азия елдері арасында көшбасшылық орнын сақтап, үш университеті рейтингтің алғашқы жүздігіне енген өңірдегі жалғыз мемлекет атанды. Биылғы рейтингке еліміздің 51 жоғары оқу орны енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті университетке артық.

QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет енді. Рейтингке енгізілген жоғары оқу орындарының саны бойынша Қазақстан Азияда 10-орынға тұрақтады. Соңғы үш жылда рейтингке қатысқан қазақстандық университеттердің саны 34-тен 51-ге дейін артты. Оның ішінде жеті жоғары оқу орны рейтингке алғаш рет енді.

Азияның үздік 100 университетінің қатарына Қазақстанның үш жоғары оқу орны кірді:

✔ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;

✔ Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;

✔ Satbayev University – 89-орын.

Қазақстандық жоғары оқу орындары арасында рейтингтегі орнын айтарлықтай жақсартқан университеттердің бірі – NU. Университет 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға ие болды. Осылайша, рейтингке екінші жыл қатарынан қатысып отырған оқу орны Азияның үздік 200 университетінің қатарына енді. Сондай-ақ Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті өз көрсеткішін 64 сатыға жақсартып, 618-орынға көтерілді.

Қазақстандық университеттер білім беру ортасының сапасы, академиялық ұтқырлық және халықаралық ынтымақтастық көрсеткіштері бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Рейтингтің 11 индикаторының жетеуі бойынша отандық жоғары оқу орындарының орташа көрсеткіштері Азия университеттерінің орташа деңгейінен жоғары болды.

Атап айтқанда, академиялық алмасу бағдарламалары аясында шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша Қазақстанның орташа көрсеткіші 58,8 балды құрады. Ал Азия бойынша бұл көрсеткіш 22,6 балға тең. Оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша отандық университеттер орта есеппен 52 балл жинаса, Азиядағы орташа көрсеткіш 34,6 балды құрады. Жұмыс берушілер арасындағы бедел көрсеткіші бойынша қазақстандық жоғары оқу орындары 38,8 балға қол жеткізіп, Азиядағы орташа деңгейден (24,9 балл) жоғары нәтиже көрсетті.

Еліміздің жетекші университеттері жекелеген индикаторлар бойынша да жоғары орындарға ие болды. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы және академиялық алмасу бағдарламалары бойынша шетелге шығатын студенттердің үлесі жөнінен Азияда 12-орынға тұрақтады. Ал академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті соңғы көрсеткіш бойынша 29-орыннан 18-орынға көтерілді.

Өз кезегінде NU халықаралық ғылыми ынтымақтастық индексі бойынша 24-орынға, ал шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша 26-орынға ие болды. Шетелдік оқытушылардың үлесі жөнінен Satbayev University 34-орынға тұрақтаса, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 52-орыннан 40-орынға көтерілді.

Қазақстандық университеттердің басқа да маңызды жетістіктері:

✔ 10 жоғары оқу орны оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша Азияның үздік 100 университетінің қатарына енді;

✔ 6 университет академиялық алмасу бағдарламалары бойынша шетелге шығатын студенттердің үлесі жөнінен алғашқы жүздікке кірді;

✔ 7 жоғары оқу орны шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша үздік 100 университеттің қатарынан орын алды;

✔ Қазақстандық университеттердің 48%-ы шетелдік оқытушылардың үлесі бойынша көрсеткіштерін жақсартты;

✔ Жоғары оқу орындарының 39%-ы оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы бойынша нәтижелерін арттырды.

Халықаралық академиялық ынтымақтастықтың кеңеюі, соның ішінде Қазақстанда шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалының ашылуы білім беру бағдарламаларын дамытуға, академиялық ұтқырлықты арттыруға және отандық жоғары оқу орындарының халықаралық байланыстарын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер туғызуда.

Рейтинг нәтижелеріне пікір білдірген QS Quacquarelli Symonds агенттігінің аға вице-президенті Бен Саутер Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші орнын сақтап отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, NU университетінің Азиядағы үздік 200 жоғары оқу орнының қатарына енуі ғылыми зерттеулерді қолдау мен жоғары білім беруді интернационалдандырудың маңызын көрсетеді. Сонымен бірге ғылымды қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар, ғылыми зерттеулердің халықаралық ықпалын арттыру негізгі міндеттердің бірі болып қала береді.

QS Quacquarelli Symonds агенттігінің өңірлік директоры Сергей Христолюбов та Қазақстанның халықаралық рейтингтегі өкілдігі кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, QS Asia University Rankings 2027 рейтингіне еліміздің 19 қаласынан 51 университет енген. Бұл нәтиже Алматы мен Астананың әлемдегі үздік студенттік қалалардың QS Best Student Cities 2027 рейтингіндегі орындарының жақсаруымен қатар, Қазақстанның өңірлік білім беру орталығы ретіндегі халықаралық танымалдығының артып келе жатқанын көрсетеді.

QS Asia University Rankings – QS Quacquarelli Symonds агенттігі әзірлейтін Азия университеттерінің халықаралық рейтингі. Жоғары оқу орындары академиялық беделі, түлектерінің жұмыс берушілер арасындағы сұранысы, білім беру ортасының сапасы, ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелілігі, халықаралық ынтымақтастық және академиялық ұтқырлық деңгейін қамтитын 11 индикатор бойынша бағаланады.

Рейтинг туралы қосымша ақпарат: www.topuniversities.com/asia-university-rankings.

https://www.gov.kz/org/sci/press/news/details/1323379?lang=kk
« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑