Category: Без рубрики (Page 75 of 260)

Құрылтай — Қазақстанда тіркелген жеті саяси партияның атынан өкілдік ететін 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент

Құрылтай — Қазақстанда тіркелген жеті саяси партияның атынан өкілдік ететін 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент.

Көппартиялы парламент қоғамның барлық топтарының мүдделерін неғұрлым дәл көрсетуге мүмкіндік береді, саяси бәсекелестікті дамытады және биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді.

Толығырақ – бейнематериалда.

Құрылтай #Сайлау2026 #23тамыз #Қазақстан #Парламент #Құрылтай2026 #СаясиРеформа #Сайлау #ҚазақстанЖаңалықтары

Сайлауға не үшін бару керек?

Сайлауға не үшін бару керек?

Біріншіден, сайлауға барудың ең маңызды себебі — Қазақстанның барлық азаматына Конституциямен берілген дауыс беру құқығы. Осылайша біз мемлекетті басқару үдерісіне қатыса аламыз.

Толығырақ – бейнематериалда.

Құрылтай #Сайлау2026 #23тамыз #Қазақстан #Парламент #Құрылтай2026 #СаясиРеформа #Сайлау #ҚазақстанЖаңалықтары

Құрылтай сайлауы күні тіркелген жеріңізде болмасаңыз, қалай дауыс бере аласыз?

Құрылтай сайлауы күні тіркелген жеріңізде болмасаңыз, қалай дауыс бере аласыз?

Сіз өзіңіздің учаскелік сайлау комиссияңызға жазбаша өтініш беріп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсетуіңіз қажет. Комиссия сізге есептен шығару куәлігін береді.

Толығырақ – бейнематериалда.

Құрылтай #Сайлау2026 #23тамыз #Қазақстан #Парламент #Құрылтай2026 #СаясиРеформа #Сайлау #ҚазақстанЖаңалықтары

Ақмола облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Ақмола облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды

Ақмола облысында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры қол қойып, өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырмандық белсенділікті арттыруға негіз қалады.

Салтанатты рәсім Көкшетау қаласындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет мекемелерінің, кітапхана саласының, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиында сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.

– Кітап оқу мәдениетін дамыту – өңіріміздің болашағына салынған инвестиция. Мемлекет, білім беру ұйымдары, кітапханалар мен қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіру арқылы кітапты балалардың, жастардың және барлық тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз қажет, – деді ол.

Өз кезегінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев жобаның негізгі мақсаты кітап оқуды насихаттау ғана емес, қоғамда тұрақты оқырмандық мәдениетті қалыптастыру екенін айтты.

– Адамдарды кітап оқуға, оқығанын талқылауға ынталандыратын тиімді жүйе құру – басты міндетіміз. Ақмола облысы бұл бастаманы табысты жүзеге асыратын өңірлердің бірі болады деп сенеміз, – деді қор басшысы.

Кездесу барысында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері жобаны іске асырудың өзекті бағыттары жөнінде пікір алмасты.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өңірде «Оқитын мектеп» жобасы аясында 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам оқушы, 6 мыңға жуық педагог және 3 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Мектептерде 480-ге жуық коворкинг кеңістігі ашылып, кітапхана қорлары 330 мыңнан астам көркем әдебиетпен толықтырылған. Сонымен қатар, 100 мектеп пен 20 колледжде автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе енгізілген.

Меморандум аясында тараптар кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітапхана инфрақұрылымын жетілдіру, әдістемелік қолдау көрсету, ағартушылық жобалар мен ақпараттық науқандарды бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ Ақмола облысында жобаның орындалуын үйлестіретін арнайы жобалық кеңсе құрылмақ.

Айта кетейік, меморандумға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев қол қойды.

Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізілуде

Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізілуде

Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың 23 тамызына Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен аталған сайлау науқанын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Ақмола облысында дауыс беру күні барлығы 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға 4520 сайлау комиссиясының мүшесі тартылады.
Сайлау комиссияларының барлық мүшелері Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заң талаптары бойынша оқытудан өтіп, білімдерін тестілеу арқылы растайды.
2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімдерімен жұмыс жүргізуді бастайды.
Сайлау науқаны басталған күннен бастап сайлау комиссияларының мүшелері үшін демалыс және мереке күндері кезекшілік ұйымдастырылды.
Сайлаушылардың өз сайлау учаскесін оңай анықтауы үшін «Сайлау Ақмола Бот» Telegram-боты іске қосылды.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуді тексеруге арналған 199 сервис, сондай-ақ азаматтарды жедел тіркеуге арналған 8 сервис жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сайлаушыларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында 21 Call-орталық қызмет көрсетеді.
23 шілдеде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саяси партиялардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 679 арнайы орын белгіленді.
20 шілдедегі жағдай бойынша Ақмола облыстық сайлау комиссиясы дауыс беру барысын тәуелсіз бақылауды жүзеге асыру үшін 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымды аккредиттеді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы бойынша сайлаушыларды ақпараттандыру бекітілген медиа-жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларының желісі арқылы барлығы 539 ақпараттық баннер дайындалып, облыстың барлық елді мекендерінде орналастырылды.
Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын ақпараттық материалдар жарияланып келеді. Сонымен қатар «Көкше» телеарнасында және LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетілуде.
Сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары мен мекенжайлары бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жарияланып, барша азамат үшін ашық қолжетімді.
Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасына сәйкес, сайлау күніне 10 күн қалғанда әрбір сайлаушыға жеке түрде сайлауға шақыру қағазы жеткізіледі. Онда сайлаушыға қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік беретін арнайы QR-код орналастырылады.

🔎 2026 жылғы 11-20 шілде аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығы. 

🔎 2026 жылғы 11-20 шілде аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығы.
 
Талдау көрсеткендей, көбіне жалған ақпаратты тарату ұғымдарды алмастыру, нақты деректерді контекстен бөліп алу, мезгілінен бұрын қорытынды жасау және анонимді дауысты хабарламалар жіберу сияқты ортақ сценарийлер бойынша жүзеге асқан.
 
➡️Фейк: Салық органдары азаматтардың жинақтарын тұрақты бақылау үшін олардың банктік шоттары мен депозиттеріне қол жеткізе алады.
 
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті: Салық органдары жеке тұлғалардың банктік және депозиттік шоттарына нақты уақыт режимінде қол жеткізе алмайды және азаматтардың жинақтарына бақылау жүргізбейді.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарлама мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін асыра көрсетуге және азаматтар үшін маңызды болып табылатын жеке қаржы мәселелерін пайдалануға негізделген. Әдетте заңнаманың жекелеген нормалары немесе талқыланып жатқан бақылау шаралары толық әрі жаппай бақылау тетігі ретінде бұрмаланып түсіндіріледі. Мұндай ақпарат негізсіз үрей тудырып, қаржы жүйесіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Ал шын мәнінде, мемлекеттік органдардың құқықтық өкілеттіктері қолданыстағы заңнамамен және банк құпиясын сақтау талаптарымен қатаң шектелген.
 
➡️Фейк: «Қордай» шекаралық өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы талапқа сай емес жағдайда тұр.
 
ҚР ҰҚК Шекара қызметі: Тексеру жүргізілді, аталған мәліметтер расталған жоқ.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда оқиғаның мән-жайын объективті бағалауға мүмкіндік бермейтін фото және бейнематериалдар қолданылған (видео фильтр арқылы жасалуы мүмкін). Мемлекеттік рәміздерге қатысты жарияланымдар аудиторияның эмоциялық реакциясын тудырып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралады.
 
➡️Фейк: Жолаушылар орындығындағы пакетке «қауіпсіздік белдігі тағылмағаны» үшін жүргізушіге айыппұл салынды.
 
Алматы қ. Полиция департаменті: Алдыңғы жолаушылар орындығында тұрған пакет заң бұзушылық нысаны болып табылмаған және ол салынған айыппұл туралы қаулыға ешқандай қатысы жоқ.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұнда ақпаратты контекстен бөліп алу арқылы манипуляция жасаудың кең таралған тәсілі қолданылған. Ресми материалдардың мазмұнын бұрмалау, оқиғаны сенсациялық түрде түсіндіруге және мемлекеттік институттарға деген сенімсіздікті қалыптастыруға бағытталған.
 
➡️Фейк: Ақмола облысындағы дала өртін сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілер толыққанды тамақпен қамтамасыз етілмеген.
 
Степногорск қаласының әкімдігі және Ақмола облысы ТЖД: Жеке құрам құрғақ азық-түлік жиынтығымен, ауыз сумен және ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өртті сөндіруге қатысушылар үшін қосымша ыстық тіскебасарлар мен сусындар ұйымдастырылды.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарламалар мемлекеттік органдардың жұмысы туралы теріс пікір қалыптастыруға және қоғамдық резонанс тудыруға бағытталған эмоционалды сипаттағы жазбалар мен фотоларға сүйеніп жасалған.
 
➡️ Фейк: Тараз қаласында автокөлікке атыс қаруынан оқ атылды.
 
Жамбыл облысының Полиция департаменті: Автокөліктің зақымдануы спорттық рогатканы қолдану салдарынан болған. Мүлікті зақымдау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұндай хабарламалар ресми тексеру аяқталмағанға дейін  тексерілмеген ақпаратты тарату салдарынан туындайды. «Атыс» немесе «қару қолдану» сияқты сөздерді пайдалану оқиғаның эмоционалды қабылдануын арттырады. Ал, іс жүзінде жағдай хабарламада айтылғандай қорқынышты немесе драмалық емес, әлдеқайда қарапайым болып шығады.
 
➡️ Фейк: Петропавл ЖЭО-2-де ірі апат болып, электр энергиясының ұзақ уақытқа өшірілу қаупі туындады.
 
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ: Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, апаттық жағдайлар  тіркелген жоқ, жабдық өндірістік кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.
 
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда «анонимді ақпарат берушілер» тәсілі қолданылған, бұл аудиторияда «жақын адамдардан алынған сенімді ақпарат» деген жаңсақ пікір қалыптастырады. Хабарламалар жеке чаттар арқылы жылдам тарап, халық арасында негізсіз дүрбелең мен алаңдаушылық туғызуға есептелген.

Дереккөз: AntiFakeCenter

Жақсы ауданында теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді

Жақсы ауданында теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді

Ақмола облысының Жақсы ауылында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында толық қайта жаңартылды. Ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.
«Вокзалдарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ақмола облысында 16 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Бұл – еліміздегі өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін күрделі жөндеуден өткен Щучинск, Шортанды, Макинск және Ақкөл вокзалдары пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы – кез келген елді мекеннің келбетінің айнасы. Бүгін біз жай ғана жаңартылған ғимаратты емес, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы, заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымды ашып отырмыз. Бұл Жақсы ауданының дамуына тың серпін береді», – деді Елдос Рамазанов.
Жақсы станциясының вокзалы тәулігіне 65 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген және бүгінде жаңартылған жағдайда жолаушыларды қабылдап жатыр. 1960 жылы салынған ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды, инженерлік желілер толық жаңғыртылды. Жолаушылар платформасының ұзындығы 503 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған санитарлық торап жабдықталды.
Жақсы станциясында 35 жылдан астам еңбек еткен теміржол саласының ардагері Атымтай-Жомарт Бөкембаев бұл өзгерістер вокзал тарихындағы ең ауқымды жаңғырту болғанын атап өтті.
«Бұрын вокзал көмірмен жылытылатын, ал қазір барлық жүйе жаңартылды. Ғимараттың іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келеді. Жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтары үшін барлық қолайлы жағдай жасалған», – деді ардагер.
Айта кетейік, қайта жаңғырту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүргізілді. Сонымен қатар компания жаңа теміржол желілерін салуды, магистральдық желіні жаңғыртуды, локомотивтер мен вагондар паркін жаңартуды және заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтитын теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр.
Жұмыс сапары барысында Елдос Рамазанов Жақсы ауылында салынып жатқан жастардың бос уақытын өткізу орталығы мен жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ Атбасар қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының орындалуын тексерді.

Қызметтік иттер “Қарасора-2026” операциясы аясында 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті

Қызметтік иттер “Қарасора-2026” операциясы аясында 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті
1-ден 1 слайд. Қызметтік иттер “Қарасора-2026” операциясы аясында 90 есірткі қылмысының жолын кесуге көмектесті
20 шілде 2026 09:27

Көру саны:67
Ішкі істер министрлігі есірткінің заңсыз айналымына қарсы “Қарасора – 2026” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын жалғастыруда.

  • Маусым айынан бастап қарасора өсетін өңірлерде қарқынды жұмыс жүргізілуде. Операцияға полиция қызметкерлері, Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері қатысуда. Сонымен қатар тікұшақтар, дрондар және Жерді ғарыштан бақылау технологиясы қолданылуда.

Шу өңірі ерекше назарда. Мұнда дрондардың көмегімен жабайы қарасораның ондаған ошағы анықталып, жойылды. Сондай-ақ қызметтік иттер мен кинологтар тәулік бойы қызмет атқаруда. Олар автожолдарда, теміржол объектілерінде және есірткі тасымалдануы мүмкін бағыттарда тексеру жүргізуде.

Операция барысында қызметтік иттердің көмегімен 90 есірткі қылмысының жолы кесіліп, 550 килограмға жуық түрлі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді.

“Қарасора” операциясы есірткі қылмысына қарсы күрестегі тиімділігін дәлелдеуде. Заманауи технологиялар мен кешенді шаралардың арқасында қойылған міндеттер нәтижелі орындалуда.

“Заң мен Тәртіп” қағидаты аясында Ішкі істер министрлігі азаматтардың денсаулығын қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту бағытындағы жұмыстарын алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады, – деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Елдар Әбдікенов.

«Екінші қол» сервисі: алаяқтардан қорғанудың тиімді тәсілі

«Екінші қол» сервисі: алаяқтардан қорғанудың тиімді тәсілі

Қазіргі таңда телефон алаяқтары азаматтарды асығыс шешім қабылдауға итермелейтін түрлі айла-тәсілдерді қолдануда. Әсіресе егде жастағы адамдар жиі олардың құрбанына айналады. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында банктер «Екінші қол» сервисін енгізуде.

Бұл қызметтің жұмыс істеу қағидаты қарапайым. Клиент алдын ала өзі сенетін адамды – жұбайын, ересек баласын немесе жақын туысын таңдайды. Егер клиент ірі көлемдегі ақша аудару, қомақты қаражатты шешіп алу немесе депозитті жабу сияқты тәуекелі жоғары қаржылық операция жасамақ болса, банк сенімді тұлғаға қосымша растау туралы хабарлама жібереді.

Маңыздысы – сенімді тұлға клиенттің шотына немесе ақшасына қол жеткізе алмайды. Оның міндеті – операцияның клиенттің өз еркімен жасалып жатқанына көз жеткізу.

Мұндай қосымша бақылау алаяқтардың әрекетіне тосқауыл болады. Өйткені олар көбіне адамдарды қорқытып, асықтырып, жақындарымен ақылдасуға мүмкіндік бермеуге тырысады. Ал «Екінші қол» сервисі жағдайды сабырмен бағалап, дұрыс шешім қабылдауға уақыт береді.

Мамандар бұл қызметтің тек зейнеткерлерге ғана емес, цифрлық сервистерді сирек пайдаланатын немесе өз қаражатына қосымша қорғаныс жасағысы келетін барлық азаматтарға пайдалы екенін айтады.

Сонымен қатар, ешбір сервис қаржылық сауаттылықтың орнын баса алмайды. Сондықтан бөгде адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк картасының деректерін және CVV-кодын ешқашан хабарламаңыз, белгісіз адамдардың өтінішімен қосымшалар орнатпаңыз және күмәнді жағдайларда банктің ресми байланыс орталығына немесе жақындарыңызға хабарласыңыз.

Дереккөз: ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Fingramota.kz порталы. «Алаяқтардан қорғануға көмектесетін «Екінші қол» сервисі» материалы негізінде дайындалды.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑