Category: Без рубрики (Page 8 of 258)

Жастарға заң мен тәртіптің маңызы түсіндірілді

Жастарға заң мен тәртіптің маңызы түсіндірілді

Ақмола облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Осы бағытта Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ ұйымдастыруымен А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің алғашқы курс студенттерімен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында кездесу өтті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау қажеттілігін түсіндіру және қауіпсіз қоғам құрудағы әр азаматтың жауапкершілігін арттыру.

Іс-шараға құқық қорғау және бақылау органдарының өкілдері қатысып, студенттерге күнделікті өмірде кездесуі мүмкін құқықтық мәселелер бойынша маңызды ақпарат берді.

Кездесу барысында Ақмола облысы ПД Есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Разия Талгатовна Курсанова есірткі қылмысының алдын алу және есірткінің заңсыз айналымына байланысты жауапкершілік мәселелеріне тоқталды.

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің бөлім аға прокуроры Ақерке Сайлауқызы Мұқанова құқықтық статистика және азаматтардың құқықтық сауаттылығына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Ал Көкшетау қаласы ПБ Қоғамдық қауіпсіздік бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің аға инспекторы, полиция майоры Ботагоз Болатхановна Садвакасова жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың құқықтық жауапкершілігі және қауіпсіз мінез-құлық мәселелері жөнінде айтып өтті.

Ақмола облысы Экономикалық тергеу департаменті Талдау және тәуекелдер басқармасының аға уәкілі Мадина Даулетқызы Алиева экономикалық және қаржылық құқық бұзушылықтардың алдын алу, заңсыз қаржылық әрекеттерден сақтану қажеттігіне назар аударды.

Спикерлер жастарға заңды білу тек құқықтық жауапкершіліктен сақтану үшін ғана емес, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін де маңызды екенін атап өтті.

Кездесу еркін форматта өтіп, студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Мамандар жастардың сұрақтарына нақты жауап беріп, құқықтық мәселелер бойынша практикалық кеңестерін бөлісті.

Мұндай кездесулер жастардың құқықтық сауатын арттырып қана қоймай, қоғамдағы қауіпсіздік пен заңдылықты қамтамасыз етуге деген жауапкершілігін қалыптастыруға ықпал етеді. Заңды білу және оны құрметтеу – құқықтық мәдениеті жоғары, қауіпсіз қоғам қалыптастырудың маңызды негіздерінің бірі.

Көкшетауда “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында ауқымды профилактикалық акция өтті

Көкшетауда “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасы аясында ауқымды профилактикалық акция өтті

Көкшетауда “Заң мен тәртіп” тұжырымдамасын және нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған Кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде 80-ге жуық қатысушыны біріктірген ауқымды профилактикалық акция өткізілді.

Акцияны Көкшетау қаласының полиция басқармасы мен “Жастар Рухы” жастар қанаты ұйымдастырды. Іс-шара Ақмола облысы Полиция департаменті, Көкшетау қаласы әкімдігі, жастар ресурстық орталығы, қалалық прокуратура, “Ес бол Qory” фронт-офисі және еріктілердің, оның ішінде есірткі қылмысы үшін бұрынғы сотталғандардың қатысуымен өтті.

Рейдтің негізгі міндеті есірткінің заңсыз айналымымен байланысты интернет-ресурстарды жарнамалайтын жазуларды анықтау және жою болды. Акцияға қатысушылар қаланың әртүрлі учаскелерін аралап, ғимараттардың қасбеттерін, қоршауларды және осындай жарнама орналастырылуы мүмкін басқа да объектілерді аралап шықты.

Нәтижесінде есірткіге сілтемелері бар 13 жазба анықталып, боялды. Тексеру көрсеткендей, бұл интернет-ресурстар бұрын бұғатталған, бірақ жазулардың қалалық ортада қалған. Акция барысында олар толығымен жойылды.

Сонымен қатар, іс-шара тек есірткі граффитиімен күреспен шектелмеді. Рейдтің маңызды бөлігі халықпен ақпараттық – түсіндіру жұмыстары болды. Қатысушылар қала тұрғындарымен сөйлесіп, профилактикалық буклеттер таратты, есірткі жарнамасын тарату және орналастыру жауапкершілігі туралы айтты.

Интернеттегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы еске салынды, банктік карталарды, шоттарды және дербес деректерді үшінші тұлғаларға беру тәуекелдері, сондай-ақ дропперлікке тартудың салдары туралы айтылды.

Рейдтің келесі кезеңі Зеренді саяжайларының ауданына шығу болды. Акцияға қатысушылар учаскелік инспекторлармен бірлесіп саяжай алабының көшелерін жаяу аралап шықты. Аралау барысында күдікті жазуларға, есірткі жарнамасының ықтимал орындарына, сондай-ақ профилактикалық қызығушылық тудыруы мүмкін үйлер мен басқа да объектілерге назар аударылды.

Ақмола облысынан 21 спортшы Жапониядағы Азия ойындарына қатысады

Ақмола облысынан 21 спортшы Жапониядағы Азия ойындарына қатысады

Ақмола облысының 21 спортшысы Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан намысын қорғайды. Олар бокс, триатлон, баскетбол, волейбол және садақ ату сынды спорттың тоғыз түрінен бақ сынайды. Бұл туралы брифингте Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин айтып берді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Ойындар 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Нагоя қаласы мен Айти префектурасында өтеді. Ақмола облысының құрамында бокстан Азия чемпионы Оразбек Асылқұлов пен Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері Аян Бейсенбаев бар. Сондай-ақ облыстың тағы сегіз спортшысы Қазақстанның баскетболдан әйелдер құрамасына енді.

«Азия ойындарына қатысу – спортшылар мен жаттықтырушылардың үлкен еңбегінің нәтижесі. Қазір басты міндет – жинаған спорттық бабымызды сақтап, команданың жарысқа лайықты қатысуына барлық жағдайды жасау», – деді Ардақ Төлендин.

2023 жылы Ханчжоуда өткен алдыңғы Азия ойындарында Ақмола облысының атынан 15 спортшы өнер көрсетті. Сол кезде өңір қоржынына екі медаль түсті: Карина Ибрагимова бокстан күміс, ал Аян Бейсенбаев триатлоннан қола жүлде иеленді. Биыл облыс құрамындағы спортшылар саны 21-ге жетті.

«Спортшыларымыздың ойындарда республикалық және халықаралық жарыстарда көрсеткен дайындық деңгейін көрсете алғаны біз үшін маңызды. Барлық командаға лайықты өнер көрсетуді тілейміз», – деді Ардақ Төлендин.

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министріне арналады.

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министріне арналады.

Құрметті Арман Оразбайұлы!

Мемлекет басшысы Құрылтай сессиясының ашылуында ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға ерекше мән беруді атап: «Ұлттың жадын күмәнді дерекпен, бұрмаланған мәліметпен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді», – деді.

Бұл – ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға мемлекеттік деңгейде жүйелі көзқарас қажет екенін көрсетеді.
«Әділет» саяси партиясының ұстанымы – әділдік ұлттық сана мен болмыстың негізгі қағидасының бірі болуы тиіс. Ал әділдік тарихи шындыққа объективті көзқарастан басталады.
Бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты
көп алады.

Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді.

Өкінішке орай, әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған
дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет.
Бұл мәселе тарихпен ғана шектелмейді. Халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмыстарды азаматтардың толық біле бермейтініне көз жеткіздік.

Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде.
Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет.

Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс.
Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет.

Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді.
Сондықтан ақпараттық кеңістіктегі бәсеке – ұлттық санаға ықпал ететін бәсеке.

Осыған байланысты Үкіметтен:

  1. Ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағытының бірі ретінде айқындауды;
  2. Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды;
  3. Тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды;
  4. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды;
  5. Тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды сұраймыз.

Құрметпен,
«Әділет» Фракциясының депутаты Шолпан Каринова

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке арналады.

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке арналады.
Тақырыбы: ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың тиімділігі туралы.
Құрметті Саясат Нұрбекұлы!

Еліміздің Ата Заңында адам капиталы, білім, ғылым және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде белгілінген.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында ғылым, білім және өндіріс өзара байланыссыз жұмыс істеп келген жүйеден бас тартып, экономика сұранысына тікелей қызмет ететін, әрі жаңа өндіріс салаларын қалыптастыратын біртұтас «ғылым – білім беру – өндіріс» моделіне көшу жарияланды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің ресми сайтында жарияланған мәліметтерге сәйкес соңғы алты жылда республикалық бюджеттен ғылымға бөлінетін қаржы алты есе өсті. 2023 жылдан бастап ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын ішкі шығындар екі еседен астам өсіп, 2026 жылға қарай 121,5 млрд теңгеден 260 млрд теңгеге ұлғайған. Сонымен қатар, 2025 жылы 241 инновациялық жобаның іске асырылғаны, 1 200-ден астам зерттеудің аяқталғаны және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру бағдарламаларының кеңейтілгені хабарланған.

Алайда еліміздегі ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың экономикалық әсері туралы ақпарат қолжетімді емес. Зерттеу жұмыстарының шамамен 80%-ы мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.
Бюджет тапшылығы жағдайында қаржыландыру көлемі мен іске асырылған жобалардың саны ғана емес, мемлекет салған инвестициялардың нақты қайтарымын бағалау маңызды.

Осыған байланысты төмендегі мәселелер бойынша нақты ақпарат ұсынуыңызды сұраймын:

  1. Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталған әрбір теңге бюджет қаражаты қандай көлемде экономикалық әсер, қосылған құн, салықтық түсім немесе экспорттық кіріс әкелді?
  2. Нәтижелері өндіріске енгізілген, коммерциаландырылған немесе жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берген ғылыми жобалар үлесі қандай?
  3. Ғылым мен технологиялардың жекелеген бағыттарының тиімділігіне салыстырмалы талдау жүргізіле ме? Қандай салалар ең жоғары экономикалық қайтарым көрсетеді, ал қай бағыттар практикалық нәтижелердің жоқтығымен сипатталады? Егер мұндай бағыттар анықталса, олардың төмен нәтижелілігінің негізгі себептері қандай?
    Жауапты Конституциялық заңға сәйкес беруді сұраймын.

Құрметпен, «Әділет» партиясы Фракциясының депутаты Т. Адамбеков

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы

«Әділет» партиясы Фракциясының сауалы

ҚР Премьер-министрдің орынбасары Қ.А. Бозымбаевқа бағытталады.

Тақырыбы: Алатау қаласының инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымын дамыту туралы (Smart City).
Құрметті Қанат Алдабергенұлы!

Мемлекет басшысы Қазақстанды цифрлық мемлекетке айналдыруға және жасанды интеллект пен жаңа технологияны экономиканың барлық саласына енгізуге ерекше мән беруде. Бұл – технологиялық жаңғыру ғана емес, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып, азаматтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.

Осы тұрғыдан алғанда, Алатау қаласының құрылысы ерекше мәнге ие. Президент айқындаған жаңа экономикалық модельдің нақты көрінісі болуы тиіс бұл жоба инвестиция, өндіріс, логистика және цифрлық технологияны бір жерге шоғырландырумен ғана шектелмеуі керек.

Президент тапсырмасымен Алатау қаласы құрылысының негізгі қағидалары жаңа Конституцияға енгізілді. «Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі туралы» конституциялық заң қабылданды.

Алатау – кезекті жаңа қала ғана емес, ол еліміздің технологиялық және экономикалық жаңғыруының маңызды алғышарттарының бірі.
Сондықтан Smart City ең алдымен smart өмір сүру ортасын қалыптастыруы тиіс.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшелерімен кездесуде қала тұрғындары өздерінің алаңдаушылығын жеткізгенін баса айтқымыз келеді. Қала құрамына енген елді мекендердің халқы базалық инфрақұрылым мәселесімен әлі бетпе-бет келіп тұр. Цифрлық трансформацияның толық нәтижесі туралы айту да қиындау. Сондықтан Алатаудың дамуын жаңа технологиялық нысандармен ғана емес, халықтың күнделікті өміріндегі нақты өзгерістермен ұштастыру маңызды.

Еңбек және Жетіген елді мекенінде соңғы жылдары бірқатар мәселе шешілді. «Келешек мектеп» салынды, заманауи фельдшерлік-акушерлік пункт іске қосылды, газ желілері тартылды. Жолдар мен электр желілерін жаңарту жұмыстары басталды. Жетігендегі теміржол өткелінің мәселесі жаңа көпірдің іске қосылуымен шешімін тапты.

Алайда әлі де проблемалар бар. Кей көшелерде абаттандыру аяқталмаған. Газ желісіне қосылу құны тұрғындар үшін қымбат. Әлеуметтік нысандарға білікті мамандар тарту мәселесі де өзекті. Бұл – жеке ауылдардың ғана емес, Алатау қаласының жаңа моделінің қаншалықты әділетті әрі тиімді қалыптасып жатқанын айқындайтын көрсеткіш.

Цифрлық мемлекет құру – тек қосымша камера немесе электронды қызмет енгізу емес. Оның мәні – азаматтың уақытын үнемдеу, мемлекеттік қызметті қолжетімді ету, инфрақұрылымды тиімді басқару және шешім қабылдауды нақты деректерге негіздеу, жалпы халықтың өмір сүруіне қолайлы орта жасақтау.

Сондықтан Алатау Smart City жобасы қала орталығындағы технологиялық шешімдермен ғана шектелмей, оның электрондық-әлеуметтік мүмкіндігі қала құрамына кіретін барлық елді мекендерге жетуі қажет.

Осы орайда сізден:

  1. Алатау қаласының барлық елді мекенін қамтитын инженерлік, әлеуметтік және цифрлық инфрақұрылымды дамытудың бірыңғай жоспарын бекітуді;
  2. Мектептер мен медициналық нысандарды қажетті мамандармен қамтамасыз етуді және цифрлық мемлекеттік қызметтерді барлық елді мекенге кезең-кезеңімен енгізуді;
  3. Алатау қаласының тиімділігін инвестиция көлемімен ғана емес, тұрғындардың өмір сапасы, инфрақұрылымға қолжетімділігі және мемлекеттік қызметтердің сапасы арқылы бағалайтын нақты көрсеткіштер жүйесін енгізуді сұраймыз!
    Депутаттық сауалға заңнамада көрсетілген мерзімде жауап беруіңізді қалаймыз!

    Құрметпен,
    «Әділет» Фракциясының мүшелері – Жанарбек Әшімжан, Снежанна Имашева, Бота Елеусізова, Нұрбақыт Теңізбаев, Мадияр Әмірғалиев

🇰🇷Спикер Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне ықылас танытып, Ұлттық Ассамблеяға арнайы келгені үшін алғыс айтты

🇰🇷Спикер Чо Чжон Шик Қазақстан Президентіне ықылас танытып, Ұлттық Ассамблеяға арнайы келгені үшін алғыс айтты

– Ең алдымен, Сізді конституциялық реформа және парламент сайлауының табысты өтуімен құттықтаймын. Бұл – Қазақстан халқының Сізге Президент ретінде артқан сенімі жоғары екенін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстан мен Корея түрлі саладағы ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтты. Сондықтан осы сапарыңыз аясында екі елдің қарым-қатынасы болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне қуаныштымын, – деді Чо Чжон Шик.

🟦Парламент төрағасы Қазақстан Кореяның Орталық Азиядағы ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі елдің энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ықпалдастығын арттырудың маңызы зор.

🟦Сонымен қатар Чо Чжон Шик екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар мен барыс-келіске көңіл толатынын жеткізді.

– Қазақстан мен Корея өзара тиімді ынтымақтастық пен ортақ игілік жолында алға қарай ілгерілей береді. Кореяның Ұлттық Ассамблеясы бұған барынша белсенді қолдау көрсетеді. Сонымен қатар келесі жылы көктемде Қазақстанда Орталық Азия мен Корея Республикасы парламент төрағаларының төртінші кездесуі өтеді. Аталған жиынға қатысуды жоспарлап отырмын. Сол кезде Сізбен Қазақстанда жүздесеміз деп үміттенемін, – деді Спикер.

🟦Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Корея Республикасы екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша ықпалдастықты нығайта түсетініне сенім білдірді.

t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Корея арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда заң шығарушы органдардың атқаратын рөліне тоқталды

– Жалпы, соңғы жылдары парламентаралық диалог айтарлықтай тереңдей түсті. Қазақстан Парламенті мен Корея Республикасының Ұлттық Ассамблеясы арасындағы байланыстар тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Осындай байланыстарды Құрылтай депутаттары белсенді түрде дамыта бермек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

🟦Президент екіжақты қатынастардың жекелеген аспектілеріне де назар аударды.

– Сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарымыз нығайып келе жатыр. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қазақстанда Корея капиталы бар мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Көптеген маңызды салада бірқатар бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Біздің мәдени-гуманитарлық байланыстарымыздың тамыры тереңде. Қазақстанда шамамен 120 мың корё-сарам қауымы, яғни этникалық корейлер тұрады. Олар халықтарымыз арасындағы достықтың «алтын көпірі» десек, артық болмайтын шығар. Өзіңізге белгілі, келесі жылы корей халқының Қазақстанға қоныс аударғанына 90 жыл толады. Бұл – тарихи уақиға. Екі мемлекет бірлесіп, осы айтулы межені жоғары деңгейде атап өтуіміз керек, – деді Президент.

t.me/aqorda_resmi

🇰🇿🇰🇷Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті

🇰🇿🇰🇷Президент Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері Чо Чжон Шикпен кездесті

🟦Қасым-Жомарт Тоқаев Чо Чжон Шикке ілтипат білдіріп, оны Корея Республикасы Ұлттық Ассамблеясының Спикері болып сайлануымен құттықтады.

🟦Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында Корея Президенті Ли Чжэ Мёңмен болған келіссөздердің нәтижесіне тоқталды.

– Мазмұнды әрі мағыналы кездесу болды. Біз екіжақты ықпалдастығымызды болашаққа бағдарланған жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру жөнінде маңызды уағдаластыққа қол жеткіздік, – деді Президент.

🟦Қасым-Жомарт Тоқаев Корея парламентінің өкілдеріне елімізде мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар туралы мәлімет берді.

– 1 шілде күні халқымыз жаппай қолдаған Конституция заңды күшіне енді. Бұл тарихи уақиға Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңғыру үдерісіне тың серпін береді деп ойлаймыз. Екі палаталы парламенттің орнына жаңа бір палаталы құрылым келді. Вице-Президент лауазымы пайда болды. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жасақталды. Оған қоса конституциялық мәртебесі бар бірегей консультативтік орган – Халық Кеңесі жұмысын бастады. Мақсатымыз – Әділетті, Күшті, Таза әрі Озық Қазақстанды құру, – деді Президент.

t.me/aqorda_resmi

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑