Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.
Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.
Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.
Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.
⚡️ «Донат» үшін ойдан құрастырылған оқиға бас бостандығынан айыру жазасымен аяқталды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Threads әлеуметтік желісінде заңсыз қаржы жинау мақсатында көрінеу жалған ақпарат таратқан Астана қаласының 23 жастағы тұрғынына қатысты сот үкімі шыққанын хабарлайды.
«Тергеу барысында ер азамат жалған жарияланымды тек материалдық пайда табу мақсатында жариялағанын мойындады. Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады ҚР ІІМ.
Ведомствоның мәліметінше, жарияланым авторы мерзімді әскери қызметін өтеу кезінде жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылыққа ұшырағаны және өз өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы жалған ойдан құрастырып, әлеуметтік желі қолданушыларын қаржылай өзіне қаржылай көмек көрсетуге шақырған. Тексеру барысында аталған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтіні, сондай-ақ ер азаматтың мүлде мерзімді әскери қызметті өткермегені анықталды.
Бұдан бөлек, құқық бұзушы өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында кәмелетке толмаған танысын алдап, азаматтардан түсетін ақша аударымдарын қабылдау үшін оның банк шотын пайдаланған.
‼️ Бұл жағдай заңсыз пайда табу мақсатында көрінеу жалған ақпарат таратудың жазасыз қалмайтынын тағы бір мәрте көрсетеді. Қоғамдық пікірді манипуляциялау, азаматтарды алдау және басқа адамдарды, әсіресе кәмелетке толмағандарды құқыққа қайшы іс-әрекеттерге тарту Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады.

ЕЛДІ ДАМЫТАТЫН КӘСІБИ МАМАНДАР
Алдымызда үлкен саяси дода тұр. Құрылтай сайлауы. “Әділет” партиясының Құрылтай сайлауына арналған тізіміне Қазақстанның барлық өңірінен 186 үміткер енген. Олардың арасында ұстаздар, дәрігерлер, экономистер, өндіріс мамандары, мемлекеттік қызметкерлер мен қоғам белсенділері бар. Үміткерлердің 85 пайызы – саясатқа жаңадан келген адамдар.
Партия елдің әр саласын жақсы білетін мамандарды бір командаға жинаған. Мақсат – халықтың тұрмысын жақсартатын нақты шешімдер қабылдау. Яғни, жаңа кәсіпорындардың ашылуына жағдай жасау, жұмыс орындарын көбейту, кәсіпкерлерді қолдау, халықтың табысын арттыру, білім мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту.
Тізімдегі әр маман өз саласы бойынша жұмыс істейді:
🇰🇿Асхат Аймағамбетов – білім беру жүйесін дамыту мәселелерімен айналысады;
🇰🇿Бағдат Мусин – цифрлық қызметтерді жетілдіру және мемлекеттік қызметтерді халыққа қолжетімді етуді ұсынады;
🇰🇿Ренат Бектұров – қаржы мен инвестиция тарту арқылы экономиканы дамытуға назар аударады;
🇰🇿Владимир Басин – өнеркәсіпті дамытып, жаңа өндіріс орындарының ашылуына қолдау көрсетеді;
🇰🇿Геннадий Зенченко – ауыл шаруашылығын дамытуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға күш салады;
🇰🇿Зәуре Байсақова – әлеуметтік қорғау саласын жетілдіру, халыққа көрсетілетін әлеуметтік көмекті күшейту бағытында жұмыс істейді;
🇰🇿Динара Қайдарова – денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсарту мәселелерімен айналысады.
Тізімде еліміздің барлық өңірлерінің ерекшелігі ескерілген. Сонымен қатар жастар мен әйелдерге де шешім қабылдауға қатысуға мүмкіндік берілген.
“Әділет» партиясы кәсіби мамандардан құралған команда ретінде халықтың мәселесін көтеріп, елдің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, экономиканың өсуіне және әр отбасының тұрмысының жақсаруына бағытталған бастамаларды ұсынуды мақсат етіпті.

Құрылтай — Қазақстанда тіркелген жеті саяси партияның атынан өкілдік ететін 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент.
Көппартиялы парламент қоғамның барлық топтарының мүдделерін неғұрлым дәл көрсетуге мүмкіндік береді, саяси бәсекелестікті дамытады және биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді.
Толығырақ – бейнематериалда.
Сайлауға не үшін бару керек?
Біріншіден, сайлауға барудың ең маңызды себебі — Қазақстанның барлық азаматына Конституциямен берілген дауыс беру құқығы. Осылайша біз мемлекетті басқару үдерісіне қатыса аламыз.
Толығырақ – бейнематериалда.
Құрылтай сайлауы күні тіркелген жеріңізде болмасаңыз, қалай дауыс бере аласыз?
Сіз өзіңіздің учаскелік сайлау комиссияңызға жазбаша өтініш беріп, жеке басыңызды куәландыратын құжатты көрсетуіңіз қажет. Комиссия сізге есептен шығару куәлігін береді.
Толығырақ – бейнематериалда.

Ақмола облысы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қосылды
Ақмола облысында республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа облыс әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры қол қойып, өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға және оқырмандық белсенділікті арттыруға негіз қалады.
Салтанатты рәсім Көкшетау қаласындағы Достық үйінде өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, білім беру және мәдениет мекемелерінің, кітапхана саласының, қоғамдық ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында сөз сөйлеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды бағыт екенін атап өтті.
– Кітап оқу мәдениетін дамыту – өңіріміздің болашағына салынған инвестиция. Мемлекет, білім беру ұйымдары, кітапханалар мен қоғамдық институттардың күш-жігерін біріктіру арқылы кітапты балалардың, жастардың және барлық тұрғындардың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыруымыз қажет, – деді ол.
Өз кезегінде «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев жобаның негізгі мақсаты кітап оқуды насихаттау ғана емес, қоғамда тұрақты оқырмандық мәдениетті қалыптастыру екенін айтты.
– Адамдарды кітап оқуға, оқығанын талқылауға ынталандыратын тиімді жүйе құру – басты міндетіміз. Ақмола облысы бұл бастаманы табысты жүзеге асыратын өңірлердің бірі болады деп сенеміз, – деді қор басшысы.
Кездесу барысында ғылыми және сарапшылық қауымдастық өкілдері жобаны іске асырудың өзекті бағыттары жөнінде пікір алмасты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, өңірде «Оқитын мектеп» жобасы аясында 50-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 90 мыңнан астам оқушы, 6 мыңға жуық педагог және 3 мыңнан астам ата-ана қатысқан. Мектептерде 480-ге жуық коворкинг кеңістігі ашылып, кітапхана қорлары 330 мыңнан астам көркем әдебиетпен толықтырылған. Сонымен қатар, 100 мектеп пен 20 колледжде автоматтандырылған кітапханалық ақпараттық жүйе енгізілген.
Меморандум аясында тараптар кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау, кітапхана инфрақұрылымын жетілдіру, әдістемелік қолдау көрсету, ағартушылық жобалар мен ақпараттық науқандарды бірлесіп жүзеге асырады. Сондай-ақ Ақмола облысында жобаның орындалуын үйлестіретін арнайы жобалық кеңсе құрылмақ.
Айта кетейік, меморандумға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев пен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сақошев қол қойды.

Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауына дайындық жүргізілуде
Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың 23 тамызына Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен аталған сайлау науқанын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Ақмола облысында дауыс беру күні барлығы 759 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға 4520 сайлау комиссиясының мүшесі тартылады.
Сайлау комиссияларының барлық мүшелері Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заң талаптары бойынша оқытудан өтіп, білімдерін тестілеу арқылы растайды.
2 тамыздан бастап учаскелік сайлау комиссиялары сайлаушылар тізімдерімен жұмыс жүргізуді бастайды.
Сайлау науқаны басталған күннен бастап сайлау комиссияларының мүшелері үшін демалыс және мереке күндері кезекшілік ұйымдастырылды.
Сайлаушылардың өз сайлау учаскесін оңай анықтауы үшін «Сайлау Ақмола Бот» Telegram-боты іске қосылды.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде тұрғылықты жері бойынша тіркелуді тексеруге арналған 199 сервис, сондай-ақ азаматтарды жедел тіркеуге арналған 8 сервис жұмыс істейді. Бұдан бөлек, сайлаушыларға ақпараттық қолдау көрсету мақсатында 21 Call-орталық қызмет көрсетеді.
23 шілдеде сайлауалды үгіт-насихат кезеңі басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саяси партиялардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 679 арнайы орын белгіленді.
20 шілдедегі жағдай бойынша Ақмола облыстық сайлау комиссиясы дауыс беру барысын тәуелсіз бақылауды жүзеге асыру үшін 11 қоғамдық бірлестік пен үкіметтік емес ұйымды аккредиттеді.
Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы бойынша сайлаушыларды ақпараттандыру бекітілген медиа-жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда. Облыстық аумақтық сайлау комиссияларының желісі арқылы барлығы 539 ақпараттық баннер дайындалып, облыстың барлық елді мекендерінде орналастырылды.
Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарында апта сайын ақпараттық материалдар жарияланып келеді. Сонымен қатар «Көкше» телеарнасында және LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетілуде.
Сайлау комиссияларының құрамы, сайлау учаскелерінің шекаралары мен мекенжайлары бұқаралық ақпарат құралдарында және интернет-ресурстарда жарияланып, барша азамат үшін ашық қолжетімді.
Орталық сайлау комиссиясының тапсырмасына сәйкес, сайлау күніне 10 күн қалғанда әрбір сайлаушыға жеке түрде сайлауға шақыру қағазы жеткізіледі. Онда сайлаушыға қажетті ақпаратты жылдам алуға мүмкіндік беретін арнайы QR-код орналастырылады.

🔎 2026 жылғы 11-20 шілде аралығындағы ресми теріске шығарулар жиынтығы.
Талдау көрсеткендей, көбіне жалған ақпаратты тарату ұғымдарды алмастыру, нақты деректерді контекстен бөліп алу, мезгілінен бұрын қорытынды жасау және анонимді дауысты хабарламалар жіберу сияқты ортақ сценарийлер бойынша жүзеге асқан.
➡️Фейк: Салық органдары азаматтардың жинақтарын тұрақты бақылау үшін олардың банктік шоттары мен депозиттеріне қол жеткізе алады.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті: Салық органдары жеке тұлғалардың банктік және депозиттік шоттарына нақты уақыт режимінде қол жеткізе алмайды және азаматтардың жинақтарына бақылау жүргізбейді.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарлама мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін асыра көрсетуге және азаматтар үшін маңызды болып табылатын жеке қаржы мәселелерін пайдалануға негізделген. Әдетте заңнаманың жекелеген нормалары немесе талқыланып жатқан бақылау шаралары толық әрі жаппай бақылау тетігі ретінде бұрмаланып түсіндіріледі. Мұндай ақпарат негізсіз үрей тудырып, қаржы жүйесіне деген сенімсіздікті қалыптастырады. Ал шын мәнінде, мемлекеттік органдардың құқықтық өкілеттіктері қолданыстағы заңнамамен және банк құпиясын сақтау талаптарымен қатаң шектелген.
➡️Фейк: «Қордай» шекаралық өткізу пунктінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы талапқа сай емес жағдайда тұр.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі: Тексеру жүргізілді, аталған мәліметтер расталған жоқ.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда оқиғаның мән-жайын объективті бағалауға мүмкіндік бермейтін фото және бейнематериалдар қолданылған (видео фильтр арқылы жасалуы мүмкін). Мемлекеттік рәміздерге қатысты жарияланымдар аудиторияның эмоциялық реакциясын тудырып, әлеуметтік желілерде белсенді түрде таралады.
➡️Фейк: Жолаушылар орындығындағы пакетке «қауіпсіздік белдігі тағылмағаны» үшін жүргізушіге айыппұл салынды.
Алматы қ. Полиция департаменті: Алдыңғы жолаушылар орындығында тұрған пакет заң бұзушылық нысаны болып табылмаған және ол салынған айыппұл туралы қаулыға ешқандай қатысы жоқ.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұнда ақпаратты контекстен бөліп алу арқылы манипуляция жасаудың кең таралған тәсілі қолданылған. Ресми материалдардың мазмұнын бұрмалау, оқиғаны сенсациялық түрде түсіндіруге және мемлекеттік институттарға деген сенімсіздікті қалыптастыруға бағытталған.
➡️Фейк: Ақмола облысындағы дала өртін сөндіруге қатысқан өрт сөндірушілер толыққанды тамақпен қамтамасыз етілмеген.
Степногорск қаласының әкімдігі және Ақмола облысы ТЖД: Жеке құрам құрғақ азық-түлік жиынтығымен, ауыз сумен және ыстық тамақпен толық қамтамасыз етілді. Сонымен қатар өртті сөндіруге қатысушылар үшін қосымша ыстық тіскебасарлар мен сусындар ұйымдастырылды.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл хабарламалар мемлекеттік органдардың жұмысы туралы теріс пікір қалыптастыруға және қоғамдық резонанс тудыруға бағытталған эмоционалды сипаттағы жазбалар мен фотоларға сүйеніп жасалған.
➡️ Фейк: Тараз қаласында автокөлікке атыс қаруынан оқ атылды.
Жамбыл облысының Полиция департаменті: Автокөліктің зақымдануы спорттық рогатканы қолдану салдарынан болған. Мүлікті зақымдау фактісі бойынша әкімшілік іс қозғалды.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Мұндай хабарламалар ресми тексеру аяқталмағанға дейін тексерілмеген ақпаратты тарату салдарынан туындайды. «Атыс» немесе «қару қолдану» сияқты сөздерді пайдалану оқиғаның эмоционалды қабылдануын арттырады. Ал, іс жүзінде жағдай хабарламада айтылғандай қорқынышты немесе драмалық емес, әлдеқайда қарапайым болып шығады.
➡️ Фейк: Петропавл ЖЭО-2-де ірі апат болып, электр энергиясының ұзақ уақытқа өшірілу қаупі туындады.
«СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ: Станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, апаттық жағдайлар тіркелген жоқ, жабдық өндірістік кестеге сәйкес жұмыс істеп тұр.
JAQ.OrtCom түсіндірмесі: Бұл жағдайда «анонимді ақпарат берушілер» тәсілі қолданылған, бұл аудиторияда «жақын адамдардан алынған сенімді ақпарат» деген жаңсақ пікір қалыптастырады. Хабарламалар жеке чаттар арқылы жылдам тарап, халық арасында негізсіз дүрбелең мен алаңдаушылық туғызуға есептелген.
Дереккөз: AntiFakeCenter

Жақсы ауданында теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді
Ақмола облысының Жақсы ауылында күрделі жөндеуден өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан теміржол инфрақұрылымын жаңғырту бағдарламасы аясында толық қайта жаңартылды. Ашылу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ өкілдері, теміржол саласының ардагерлері және аудан тұрғындары қатысты.
«Вокзалдарды қайта жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Ақмола облысында 16 теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Бұл – еліміздегі өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін күрделі жөндеуден өткен Щучинск, Шортанды, Макинск және Ақкөл вокзалдары пайдалануға берілді. Теміржол вокзалы – кез келген елді мекеннің келбетінің айнасы. Бүгін біз жай ғана жаңартылған ғимаратты емес, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы, заманауи әрі қолжетімді инфрақұрылымды ашып отырмыз. Бұл Жақсы ауданының дамуына тың серпін береді», – деді Елдос Рамазанов.
Жақсы станциясының вокзалы тәулігіне 65 жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген және бүгінде жаңартылған жағдайда жолаушыларды қабылдап жатыр. 1960 жылы салынған ғимарат алғаш рет күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу барысында ғимараттың қасбеті мен ішкі бөлмелері жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды, инженерлік желілер толық жаңғыртылды. Жолаушылар платформасының ұзындығы 503 метрге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған санитарлық торап жабдықталды.
Жақсы станциясында 35 жылдан астам еңбек еткен теміржол саласының ардагері Атымтай-Жомарт Бөкембаев бұл өзгерістер вокзал тарихындағы ең ауқымды жаңғырту болғанын атап өтті.
«Бұрын вокзал көмірмен жылытылатын, ал қазір барлық жүйе жаңартылды. Ғимараттың іші де, сырты да заманауи талаптарға толық сай келеді. Жергілікті тұрғындар мен ауыл қонақтары үшін барлық қолайлы жағдай жасалған», – деді ардагер.
Айта кетейік, қайта жаңғырту жұмыстары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның өз қаражаты есебінен жүргізілді. Сонымен қатар компания жаңа теміржол желілерін салуды, магистральдық желіні жаңғыртуды, локомотивтер мен вагондар паркін жаңартуды және заманауи цифрлық технологияларды енгізуді қамтитын теміржол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі ауқымды бағдарламаны іске асырып жатыр.
Жұмыс сапары барысында Елдос Рамазанов Жақсы ауылында салынып жатқан жастардың бос уақытын өткізу орталығы мен жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ Атбасар қаласындағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстарының орындалуын тексерді.

© 2026 ЗЕРЕН
Theme by Anders Noren — Up ↑