Month: July 2026 (Page 2 of 39)

Курчатовта атом энергетикасының қауіпсіздігі бойынша халықаралық конференция өтті

Курчатовта атом энергетикасының қауіпсіздігі бойынша халықаралық конференция өтті 2026 жылғы 21–23 шілде аралығында Курчатов қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында “Радиоактивті қалдықтарды түпкілікті оқшаулау – атом энергетикасының қауіпсіздігі мен орнықты дамуының негізгі элементі” тақырыбында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері жөніндегі Базалық ұйымының халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Атом индустриясын дамыту қауымдастығы. Конференция жұмысына Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения, Беларусь, Тәжікстан және Өзбекстанның бейінді министрліктерінің, реттеуші органдарының, ғылыми ұйымдары мен атом саласы кәсіпорындарының өкілдері қатысты.

Іс-шараны ұйымдастырушы — функцияларын “ТВЭЛ” АҚ (“Росатом” мемлекеттік корпорациясы) жүзеге асыратын ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің пайдаланылған ядролық отынмен, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық әрі радиациялық қауіпті объектілерді пайдаланудан шығару мәселелері жөніндегі Базалық ұйымы. Конференцияны қабылдаушы тарап – Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы. Қазақстан ТМД Базалық ұйымы тарихындағы алғашқы өңірлік филиалды ашады
Конференцияның басты оқиғасы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Базалық ұйымы жанындағы тұрақты жұмыс істейтін сараптамалық орган – Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы болды.

“Кеңес ТМД мемлекеттері арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға, тәжірибе алмасуға және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында келісілген тәсілдерді қалыптастыруға, сондай-ақ радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты ұлттық жүйелері мен уран мұрасы объектілерін оңалту жүйесін дамытуға ықпал етеді”, – делінген қауымдастық хабарламасында.

Кеңесті құру туралы бастаманы қазақстандық тарап ұсынды және ол 2026 жылғы 10 маусымда Алматы қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясының 27-отырысында қаралды. Кеңестегі тұрақты төрағалық Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына бекітілді.

Кеңестің құрылуы ТМД Базалық ұйымдарының бүкіл қызметі тарихындағы осындай сипаттағы алғашқы тетік болды. Бұл оқиға Қазақстан Республикасы Президенті 2026 жылғы 7 шілдеде қол қойған “Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы” Қазақстан Республикасының Заңының күшіне енуімен тұспа-тұс келіп отыр. Заң радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу объектілерінің бүкіл өмірлік циклін – орналастыру алаңын таңдаудан және түпкілікті оқшаулау пункттерін салудан бастап, объектілерді пайдаланудан шығару, жабу және кейінгі мониторингке дейінгі барлық кезеңді реттейді.

“Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы – Қазақстанның радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу және ядролық мұра объектілерін оңалту саласында жинақтаған тәжірибесінің мойындалуы, – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы РМК бас директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев. – ТМД Базалық ұйымдарының бүкіл тарихында мұндай тетік алғаш рет құрылып отыр және біз мұны Достастықтағы әріптестеріміз алдындағы зор жауапкершілік ретінде қабылдаймыз”. ТМД Базалық ұйымының Кеңес органының шешімдері
Базалық ұйымның Кеңес органы отырысының қорытындысы бойынша мынадай шешімдер қабылданды:

ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Ядролық мұра объектілеріне байланысты радиациялық-экологиялық қауіптерді жою кезінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің өзара іс-қимыл тұжырымдамасы» үлгілік құжатының жобалық нұсқасы мақұлданды;
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесі туралы ереже бекітілді; Кеңес органының мүшелеріне Кеңес құрамын қалыптастыруға жәрдем көрсету және кандидаттарды 2026 жылғы 30 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығының басшысына жолдау ұсынылды;
Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жөніндегі Өңірлік құзырет кеңесінің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспары мақұлданды. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйелерін дамыту
Конференция барысында қатысушылар радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйелерін дамыту, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, атом энергиясын пайдалану объектілерін пайдаланудан шығару және радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелерін талқылады.

Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің өкілі өз баяндамаларын оқып, саланы дамыту, инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін жетілдіру тәжірибесімен бөлісті. Қазақстан өз кезегінде қатысушыларды радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйесін қалыптастыру барысымен таныстырды.

“Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің орнықты ұлттық жүйесі кез келген мемлекеттің атом саласын қауіпсіз дамытудың негізі болып саналады. ТМД аясындағы тәжірибе алмасу әрбір елге осындай жүйені неғұрлым жылдам әрі сенімді түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді”, – деп атап өтті Ерболат Қоянбаев.

Халықаралық ынтымақтастық
Жекелеген сессия ядролық мұра объектілерін оңалту және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналды.

Қатысушылар радиациялық-экологиялық тәуекелдерді төмендетудің заманауи тәсілдерін қарастырып, ластанған аумақтарды оңалту жобаларын іске асыру тәжірибесімен алмасты және осы бағытта ТМД мемлекеттерінің өзара іс-қимылын одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Ерболат Қоянбаев: “Ядролық мұра объектілеріне байланысты тәуекелдер мемлекеттік шекараны мойындамайды, сондықтан оларды шешу жолдары да ортақ болуы тиіс. Қазақстан өңірдегі әріптестерімен аумақтарды оңалту бойынша жинақтаған тәжірибесімен бөлісуге дайын” – деп атап өтті.

Техникалық бағдарлама
Техникалық бағдарлама аясында конференцияға қатысушылар Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының ғылыми-зерттеу және тәжірибелік инфрақұрылым объектілерін аралады. Олардың қатарында Семей ядролық сынақ полигоны тарихының экспозициялық залы, “Тәжірибелік алаң” сынақ алаңы, “Байкал-1” зерттеу реакторлары кешені, Технологиялық біліктілік орталығы, зертханалық корпустар бар. Сондай-ақ қатысушылар ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысты.

“Конференцияны Курчатов қаласында өткізу біз үшін ерекше маңызды. Дәл осы жерде, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында, бүгінде Қазақстанның радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеудің ұлттық жүйесі қалыптасуда. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы заңның қабылдануы және төрағалығы Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына бекітілген Өңірлік құзырет кеңесінің құрылуы осы жұмыстың практикалық негізін қалыптастырады.

Біз ТМД бойынша әріптестерімізге көрсеткен сенімі үшін алғыс білдіреміз және Кеңестің қызметін радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу және уран мұрасы объектілерін оңалту мәселелері бойынша өңірдегі барлық мемлекеттердің мүддесі үшін келісілген шешімдер әзірленетін тұрақты сараптамалық алаң ретінде қамтамасыз етуге дайынбыз”, – деп қорытындылады Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығы РМК бас директорының орынбасары Ерболат Қоянбаев. Дереккөз: kaz.nur.kz

Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай Қазақстан соңғы жылдары атом өнеркәсібын жаңа сапалық деңгейге көтеріп

Атом саласындағы жаңа кезең: Қазақстанның бұл бағытта негізгі жетістіктері қандай Қазақстан соңғы жылдары атом өнеркәсібын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, табиғи уран өндіруші ел мәртебесінен жоғары технологиялық ядролық отын өнімдерін шығаратын мемлекетке айнала бастады. Бұл бағыттағы жетістіктер елдің жаһандық атом нарығындағы позициясын күшейтіп қана қоймай, болашақта ұлттық атом энергетикасын дамытуға берік негіз қалыптастырып отыр. Атом өнеркәсібі және жер қойнауын пайдалану департаментінің директоры Зурият Сауатова Қазақстанның атом саласындағы негізгі жетістіктері мен алдағы басым бағыттары туралы тарқатып айтып берді. Қазақстан енді тек уранды жеткізуші ғана емес
Зурият Сауатованың сөзінше, атом өнеркәсібі Қазақстан Республикасының экономикасында ерекше орын алады. Елімізде уранның ірі минералдық-шикізат базасы, оны өндіру және өңдеу бойынша көпжылдық тәжірибесі, дамыған ғылыми-өндірістік инфрақұрылымы, сондай-ақ ядролық отын компоненттерін дайындау саласындағы құзыреттері бар.

“Ұзақ уақыт бойы Қазақстан негізінен табиғи уранды жеткізуші ретінде қабылданып келді. Алайда, бүгінде ұлттық атом өнеркәсібі уран өндіруді, уран өнімдерін шығаруды, отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрастырмаларды дайындауды, ғылыми зерттеулерді, кадрлар даярлауды, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді қамтитын неғұрлым күрделі жүйе болып табылады. Қазіргі міндет тек уран өндірудегі көшбасшылықты сақтап қалу ғана емес, сонымен қатар анағұрлым жоғары деңгейде өңделген өндірістерді дамыту, өнімнің қосылған құнын арттыру және Қазақстанның болашақ атом энергетикасын қамтамасыз ету үшін жинақталған құзыреттерді пайдалану”, – дейді ол.

Сарапшының сөзінше, Қазақстанның басты артықшылықтарының бірі – уранның едәуір қорлары мен дамыған өндіруші өнеркәсіптің болуы. 2009 жылдан бастап еліміз табиғи уран өндіру көлемі бойынша әлемде бірінші орынды иеленіп келеді.

Уран игерудің жаңа әдісі
2025 жылы Қазақстанда уран өндіру көлемі шамамен 26 мың тоннаны немесе әлемдік өндірістің шамамен 40 пайызын құраған. Бұл елдің жаһандық уран нарығындағы жетекші рөлін растайды. Өндіру 14 кәсіпорында жүргізіледі, олардың көпшілігі халықаралық серіктестердің қатысуымен құрылған.

“Қазақстанда уран кен орындарын игерудің негізгі тәсілі жер асты ұңғымалық шаймалау әдісі. Бұл әдіс негізінен құмтас түріндегі кен орындарында қолданылады және кен денесін дәстүрлі карьер немесе шахта арқылы ашпай-ақ уранды алуға мүмкіндік береді. Технологиялық ұңғымалар жүйесі арқылы уранды еритін күйге ауыстыратын ерітінді уран құрамындағы қабатқа беріледі, содан кейін өнімді ерітінді жер бетіне көтеріліп, өңдеуге жіберіледі. Аталған тәсілді қолдану ауқымды кен қазбаларын жүргізбеуге, жер жұмыстарының көлемін айтарлықтай қысқартуға және топырақ жамылғысы мен ландшафттың бұзылуын барынша азайтуға мүмкіндік береді. Өндірістік процестер белгіленген талаптарға сәйкес технологиялық және экологиялық бақылаумен сүйемелденеді”, – дейді ол.

Қазақстанда өндірілетін уран экспортқа бағдарланған. Бұл валюталық түсімді қамтамасыз етеді, өндіріс орналасқан өңірлердің дамуына және атом энергетикасын пайдаланатын мемлекеттермен сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Атом өнеркәсібін одан әрі дамытудың маңызды бағыты Қазақстанның ядролық отын циклінің кезеңдеріне қатысуын дәйекті түрде кеңейту, оның ішінде анағұрлым жоғары деңгейде өңделген өнімді өндіру болып табылады. Жаңа өндірістік кезеңдерді игеру өнімнің қосылған құнын арттыруға, технологияларды дамытуға және мамандардың біліктілігін көтеруге ықпал етеді.

Ең маңызды жетістік
Зурият Сауатованың сөзінше, Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургиялық зауыты – уранды өңдеу саласындағы негізгі кәсіпорын. Кәсіпорынның жоғары технологиялық өнімдер шығаруда 70 жылдан астам тәжірибесі бар және уран, бериллий, тантал және ниобий өнімдерін шығаруға маманданған. Зауыттың уран өндірісі уран диоксиді ұнтақтарын, уранның шала тотығы-тотығын және отын таблеткаларын дайындауды қамтиды. Кәсіпорын өнімі ядролық отын өндіруде қолданылады және шетелдік тұтынушыларға жеткізіледі. Мұндай кәсіпорынның болуы Қазақстанға тек табиғи уран өндіруге ғана емес, сонымен қатар ядролық отын циклінің кейінгі кезеңдеріне қатысуға мүмкіндік береді. Бұл технологиялық даму, халықаралық кооперация және өнімнің жаңа түрлерін игеру үшін негіз жасайды.

“Үлбі металлургиялық зауытының аумағында орналасқан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) Төмен байытылған уран банкінің маңызы ерекше. Ол тиісті мемлекеттің техникалық немесе коммерциялық әрекеттеріне байланысты емес себептермен жеткізуде іркілістер туындаған жағдайда АЭХА-ға мүше мемлекеттерді төмен байытылған уранмен қамтамасыз етуге арналған. Төмен байытылған уран банкі Қазақстанда орналасқан және АЭХА-ның басқаруында. Оның жұмыс істеуі халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанға деген жоғары сенімін және елдің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мен ядролық қаруды таратпау қағидаттарына бейілділігін растайды. Қазақстанда жылу бөлетін құрастырмалардың өнеркәсіптік өндірісін құру соңғы жылдардағы ең маңызды жетістік болды”, – дейді сарпашы.

Жылу бөлетін құрастырма ядролық отыны бар және ядролық реактордың белсенді аймағына жүктеуге арналған дайын құрылым болып табылады. Бұл сапасы мен қауіпсіздігіне айрықша қатаң талаптар қойылатын күрделі жоғары технологиялық өнім. Қазақстан-Қытай бірлескен «Үлбі-ТВС» кәсіпорны Үлбі металлургиялық зауытының базасында құрылды. Ол Қытай Халық Республикасының атом электр станциялары үшін француздық AFA 3G дизайнындағы жылу бөлетін құрастырмаларды өндіреді. Жобаны іске асыруға Қазақстан, Қытай, Франция, Германия және басқа мемлекеттердің кәсіпорындары мен мамандары қатысты. Қазақстандық тарап жаңа өндірістік технологияларды игерді, заманауи сапаны бақылау жүйелерін енгізді және білікті персонал даярлады.

Өнеркәсіптік өндіріс 2021 жылы іске қосылды, ал 2022 жылы дайын ядролық отынның бірінші партиясы Қытайға жеткізілді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша зауыт жобалық қуатына жетті – жылына төмен байытылған уранға шаққанда 200 тонна отын. Мұндай көлем жыл сайын шамамен алты заманауи энергетикалық реакторды отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 2025 жылы кәсіпорын 471 жылу бөлетін құрастырма немесе уран баламасында 214,7 тонна өнім шығарды, бұл өндірістің тұрақты өнеркәсіптік пайдаланылуын көрсетеді. Жылу бөлетін құрастырмалар өндірісін құру стратегиялық маңызға ие. Қазақстан алғаш рет тек табиғи уран мен отынның жекелеген компоненттерін ғана емес, сонымен қатар анағұрлым жоғары деңгейде өңделген дайын өнімдерді экспорттай бастады.

Қорытынды
Сарапшы Қазақстанның қазіргі атом өнеркәсібі енді тек табиғи уран өндірумен шектелмейтінін атап өтті. Елде уран шикізатын өңдеу, отын таблеткалары мен жылу бөлетін құрастырмаларды өндіру бойынша кәсіпорындар бар, сондай-ақ уранды байыту бойынша халықаралық жобаларға қатысады және АЭХА қызметіне белсене араласады.

“Табиғи уран өндіруден бастап дайын ядролық отын шығаруға дейінгі Қазақстанның ядролық отын цикліне қатысуын дәйекті түрде кеңейту соңғы жылдардың басты нәтижесі болды. «Үлбі-ТВС» зауытының жобалық қуатына шығуы Қазақстанның күрделі өндірістік технологияларды игеруге және ядролық отынның әлемдік нарығының толыққанды қатысушысы болуға қабілетті екенін көрсетеді”, – дейді ол.

Келесі кезең өзіміздің атом энергетикасын дамытумен байланысты болады. Ол тек АЭС салуды ғана емес, сонымен қатар реттеуші жүйені нығайтуды, кадрлар даярлауды, ғылымды дамытуды, қауіпсіздікті қамтамасыз етуді, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін құруды және сенімді отын стратегиясын қалыптастыруды талап етеді. Осылайша, Қазақстан толыққанды ұлттық атом кешенін қалыптастыру үшін қажетті алғышарттарға ие.

атом өнеркәсібі #атом саласы #Зурият Сауатова Дереккөз: Tizgin.kz

Ақмола облысында балаларға қаржылық қауіпсіздік негіздері түсіндірілді

Ақмола облысында балаларға қаржылық қауіпсіздік негіздері түсіндірілді

Сандықтау ауданындағы «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагерінде Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Біз және қаржылық қауіпсіздік» атты интерактивті ойын ұйымдастырды.

Іс-шара барысында балаларға қаржылық және цифрлық қауіпсіздіктің негізгі қағидалары түсіндірілді. Қатысушылар дропперліктің мәні, заңсыз қаржылық схемаларға қатысудың қауіптілігі және интернет-алаяқтықтан қорғану жолдары туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, лудоманияның зияны мен оның адам өміріне тигізетін кері әсері кеңінен түсіндірілді.

Кездесу барысында балалар сұрақтарға белсенді жауап беріп, түрлі өмірлік жағдайларды талқылау арқылы қаржылық қауіпсіздікке қатысты маңызды білімдерін толықтырды.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың қаржылық сауаттылығын арттыруға, сыни ойлау қабілетін дамытуға және цифрлық ортада қауіпсіз әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді.

Құрылтай депутаттығына үміткер жеті саяси партияның қатысуымен ұлттық дебат өтті.

Жеті партия, бір эфир және сайлауалды науқанның алғашқы саяси сыны Жеребе, Әдеп хартиясы және баршаға ортақ ашық микрофон – аптаның басты саяси кеші дәл осындай форматта өтті.
Сайлауалды науқан партиялардың сайлауалды бағдарламалары тікелей эфирде сынға түсетін жаңа кезеңге қадам басты. Кеше «Qazaqstan» телеарнасында Құрылтай депутаттығына үміткер жеті саяси партияның қатысуымен ұлттық дебат өтті. Бұл саяси дода сайлаушылармен кездесулерге толы аптаның басты оқиғасына айналып, бүкіл сайлау аптасының саяси күн тәртібін айқындады.

Ойын тәртібі: әділдік жеребемен айқындалды
Дебат ұйымдастырушылары кез келген ашық пікірталастағы ең басты мәселе – қатысушыларға тең жағдай жасалуын алдын ала шешіп қойды. Тікелей эфир басталар алдында партия өкілдері Әдеп хартиясына қол қойып, пікірталас барысында жеке басқа тиіспеуге міндеттеме алды. Ал сөз сөйлеу кезегі эфирге санаулы минуттар қалғанда, қатысушылардың көз алдында кездейсоқ сандар генераторы арқылы анықталды. Жеребе нәтижесінде партиялар мынадай ретпен орналасты: «Ауыл», «Байтақ», «Әділет», ЖСДП, «Ақ жол», Respublica және Қазақстан Халық партиясы.
Алматы медиаорталығының студиясында екі түрлі ахуал тоғысты. Бір жағынан, камералар, жүргізушілер мен сарапшылар қатысқан тікелей эфирдің қатаң әрі барынша жинақы атмосферасы сезілсе, екінші жағынан, өз кандидаттарын қолдауға келген партия жақтастары залға ерекше серпін мен жанды эмоция сыйлады.

Адами капитал – басты саяси бәсекенің өзегінде
Дебат модераторлары талқылаудың негізгі тақырыбы ретінде әрбір сайлаушыға тікелей қатысты мәселені – адами капиталды дамыту мәселесін таңдады. Әңгіме білім беру, әлеуметтік қолдау, жастардың мүмкіндіктерін кеңейту және болашақ экономикасына қажетті кадрларды даярлау төңірегінде өрбіді. Партиялар өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырумен ғана шектелмей, қай бастаманың тиімді екенін дәлелдеуге тырысты және студиядағы саяси қарсыластарының ұстанымдарымен ашық салыстырды.
Пікірсайысты «Ауыл» партиясы ауылды дамыту тақырыбымен бастады. Партия өкілі Серік Егізбаевтың айтуынша, қуатты мемлекет ең алдымен өңірлердің тұрақты дамуынан басталады. Сондықтан партия ауыл жастарына арналған білім беру квотасын сақтауды, жас мамандарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді және ауылдық жерде еңбек етуге ниетті азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді ұсынады.
«Байтақ» партиясы адами капитал тақырыбына экология тұрғысынан келді. Нұргүл Қадырбаеваның пікірінше, қоғам денсаулығы қоршаған ортаның жай-күйімен тікелей байланысты. Сондықтан экологиялық мәдениет те сауаттылық сияқты жас ұрпақтың тәрбиесіне жүйелі түрде сіңірілуі тиіс.
«Әділет» партиясы ең мазмұнды әрі қарқынды бағдарламалық ұстанымдардың бірін ұсынды. Партияның негізгі назары білім беру, ғылым және IT саласына қажетті кадрлар даярлауға ауды. Ренат Бектұров білім мен білікті мамандарға салынатын инвестицияны ел дамуының басты қозғаушы күші ретінде атап өтті. Залдағы жалпы әсер мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша, дәл осы ұстаным ең сенімді әрі нанымды шықты.
ЖСДП пікірталасты әлеуметтік әділеттілік тақырыбына бұрды. Тазабек Самбетбай еңбек құқықтарын қорғау, мұғалімдер, дәрігерлер және ғалымдардың табысын арттыру мәселелеріне тоқталып, әлеуметтік мәселелер шешілмейінше экономикалық өсімнің тұрақты болуы мүмкін емес екенін айтты.
«Ақ жол» партиясы кәсіпкерлік әлеуетті дамытуға басымдық берді. Олжас Нұралдинов жастардың тұрғылықты өңіріне қарамастан өз идеяларын жүзеге асыруына тең мүмкіндік жасалуы қажет екенін жеткізді.
Respublica технологиялық даму бағытын алға шығарды. Партия цифрлық экономиканы дамытуға, жаңа буын мамандарын даярлауға және өз жобаларын іске асыруға ниетті азаматтарды қолдауға басымдық беретінін мәлімдеді.
Қазақстан Халық партиясы сөзін әлеуметтік қорғау мәселесімен түйіндеді. Партия қолжетімді білім беру мен медицинаны қамтамасыз етуді, сондай-ақ азаматтарды қолдауда мемлекеттің белсенді рөлін күшейтуді негізгі басымдықтардың бірі ретінде атады.
Жекелеген пікірлер өткір болғанымен, дебат барысында шектен шыққан мәлімдемелер мен жеке басқа бағытталған шабуылдарға жол берілген жоқ. Қатысушылар бір-бірінің тұлғасын емес, идеялары мен бағдарламалық ұстанымдарын талқылады. Осындай сенімді ұстаным мен саяси ұстамдылықтың үйлесімі жалпы пікірталас аясында «Әділет» партиясын айрықша көрсетті.

Көрермен таңдауы: бір кеште 21 334 дауыс берілді
Ұлттық дебат партиялардың пікірсайыс алаңына ғана емес, осы сайлау науқанындағы көрермен көңіл күйін алғаш рет кең ауқымда бағалауға мүмкіндік берген маңызды алаңға айналды. Тікелей эфир барысында көрсетілген QR-код арқылы 21 334 адам дауыс берді. Сауалнаманы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы жанында аккредиттелген «Демократия институты» қауымдастығы жүргізді.
Дауыс беру қорытындысы бойынша – «Әділет» партиясы көрермендердің 67,1 пайыз дауысын жинады. Одан кейін «Ақ жол» – 9,9 пайыз, Қазақстан Халық партиясы – 8,2 пайыз, «Ауыл» – 5,4 пайыз, Respublica – 4,3 пайыз, ЖСДП – 2,2 пайыз және «Байтақ» – 2,1 пайыз көрсеткішпен орналасты. Ал көрермендердің 0,8 пайызы ешбір партияның ұстанымы өзін сендіре алмағанын мәлімдеді.
Көрермендердің эфир барысында әлеуметтік желілер арқылы жолдаған сауалдарының құрылымы да ерекше назар аудартты. Сұрақтардың 40,37 пайызы әлеуметтік мәселелерге арналса, 19,27 пайызы экономикаға, 16,51 пайызы мәдениетке, 13,76 пайызы саясатқа және 10,09 пайызы экология тақырыбына қатысты болды. Бұл көрермендердің ең алдымен өмір сүру сапасы мен әлеуметтік қорғалуы мәселелеріне басымдық бергенін көрсетті. Соның нәтижесінде дәл осы тақырыптар кеш бойғы пікірталастың негізгі өзегіне айналды.

Өңірлердегі үгіт-насихат жұмысы жалғасын тапты
Студияда ұлттық дебат өтіп жатқан сәтте өңірлердегі сайлауалды науқан да бір сәтке тоқтаған жоқ. «Әділет» партиясы Ұлытау және Ақмола облыстарында металлургтермен, дәрігерлермен, спортшылармен, аграршылармен және тұрғындармен кездесіп, отандық өндірушілерді қолдау мен азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылады.
ЖСДП жұмыспен қамту, білім беру және денсаулық сақтау тақырыптарына басымдық берді. «Байтақ» қалдықтарды қайта өңдеу мен жасыл экономиканы дамытуға бағытталған экологиялық бастамаларын таныстырды. Қазақстан Халық партиясы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қатысты медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесін жетілдіруді ұсынды. «Ауыл» ауылдық өңірлер тұрғындарымен кездесулерін жалғастырса, «Ақ жол» кәсіпкерлермен және шағын бизнес өкілдерімен пікір алмасты. Ал Respublica өндірісті жаңғырту мен жастар бастамаларын қолдау мәселелерін күн тәртібіне шығарды.
Сонымен қатар күн тәртібінде партияаралық саяси пікірталас та жалғасын тапты. «Ақ жол» партиясы Respublica-мен жария пікірталасты жалғастырып, оның сайлауалды бағдарламасындағы кезекті бастамалардың біріне күмән келтірді. Бұл жолы сынға банктерді антифрод-орталыққа міндетті түрде қосуды көздейтін ұсыныс ілікті. «Ақ жол» партиясының өкілі Юрий Лидің пікірінше, Respublica сайлаушыларға қолданыстағы заңнама аясында әлдеқашан жүзеге асырылған норманы жаңа бастама ретінде ұсынып отыр. Осылайша, оңшыл электорат үшін саяси бәсеке жаңа уәждермен жалғаса түсті.
Дегенмен дәл кешегі тікелей эфир жеті партияның сайлауалды бағдарламалары алғаш рет бір алаңда қатар салыстырылған маңызды кезең болды. Бұл пікірсайыс сайлаушыларға ұсынылған Қазақстанның болашағына қатысты жеті түрлі көзқарастың бір-бірінен нақты қалай ерекшеленетінін айқын көрсетті.

Қазақстанда ресми сайлауалды үгіт-насихат кезеңі жалғасып жатыр. Ол партиялық тізімдер тіркелгеннен кейін басталды.

Қазақстанда ресми сайлауалды үгіт-насихат кезеңі жалғасып жатыр. Ол партиялық тізімдер тіркелгеннен кейін басталды.

Саяси партияларға сайлаушылармен кездесулер өткізуге, пікірсайысқа қатысуға, сайлауалды үгіт-насихат жүргізуге және бағдарламаларын таныстыруға бір айға жуық уақыт берілген.

Партиялар 22 тамыз сағат 24:00-ге дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізе алады.

Одан кейін тыныштық күні басталады. Ал 23 тамызда әрбір қазақстандық өз таңдауын жасап, елдің болашағына ықпал ететін дауысын бере алады.

Қазақстанда 2026 жылдың I тоқсанында негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі артты

Қазақстанда 2026 жылдың I тоқсанында негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемі артты
2026 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша Қазақстанда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі азық-түлік өнімдерінің басым бөлігін тұтыну көлемі артты. Бұл деректер халықтың тұрмыс деңгейі бойынша үй шаруашылықтарына жүргізілген іріктемелі зерттеу нәтижесінде алынды.

Орта есеппен бір тұрғынға тоқсан ішінде 20,7 кг ет және ет өнімдері тиесілі болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 20,6 кг болған. Сүт және сүт өнімдерін тұтыну 57,2 литрден 58,1 литрге, жұмыртқа 52 данадан 54 данаға, көкөніс 18,3 кг 18,7 кг, картоп 11,3 кг 11,4 кг. дейін өсті. Сондай-ақ балық пен теңіз өнімдерін тұтыну 3,5 кг-нан 3,6 кг-ға дейін артты.

Сонымен қатар, бірқатар санаттар бойынша төмендеу байқалды. Атап айтқанда, жарма және дәнді дақылдар өнімдерін тұтыну 31 кг-нан 30,6 кг-ға дейін қысқарды. Майлар мен тоңмайларды тұтыну өзгеріссіз қалды. Жеміс, жидек пен жаңғақты тұтыну 17,5 кг-нан 17,4 кг-ға, қант, тосап және бал дытұтыну 10,8 кг-нан 10,3 кг-ға дейін азайды.

2026 жылдың I тоқсанында Қазақстанның бір тұрғыны орта есеппен 11,4 кг картоп, 6 кг бірінші сұрыпты ұннан дайындалған бидай наны, 6 кг сиыр еті, 4,8 кг алма, 4,6 кг құмшекер, 4,2 кг күріш, 3,1 литр айран, 2,6 кг макарон өнімдері, 2,4 литр шикі сүт, 2,1 кг жаңа немесе салқындатылған балық, 54 жұмыртқа және 0,3 кг қара шай тұтынған.

2026 жылдың I тоқсанында жан басына шаққандағы көкөніс тұтыну көлемі орта есеппен 18,7 кг болды. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 2,2% өсіп, 18,3 кг-нан 18,7 кг-ға жетті.

Қала тұрғындары ауыл тұрғындарына қарағанда көкөністі көбірек тұтынған. Қалалық жерде орташа көрсеткіш бір адамға 19,3 кг болса, ауылдық жерде 17,6 кг болды.

Көкөністі ең көп тұтыну Алматы қаласында тіркелді – жан басына шаққанда 23,2 кг. Одан кейін Жетісу облысы – 22,8 кг және Түркістан облысы – 21,4 кг. Ең төменгі көрсеткіштер Шығыс Қазақстан облысында – 16,5 кг, сондай-ақ Абай және Алматы облыстарында – әрқайсысында 16 кг болды.

Ет және ет өнімдерін тұтынудың ең жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан, Жетісу, Ақмола және Қарағанды облыстарында тіркелді. Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысында байқалды.

Анықтама

Азық-түлік өнімдерін тұтыну бойынша деректер тұрмыс деңгейі бойынша 12 000 үй шаруашылығын іріктеп зерттеу нәтижелері бойынша есептелген.

Орташа жан басына шаққандағы негізгі тамақ өнімдерін тұтыну – қарастырылып отырған кезең ішінде үй шаруашылығының бір мүшесінің орташа тұтынған тамақ өнімдерінің (әрбір өнімнің түрі бойынша бөлек) саны. Ол азық-түлік тауарларының жекелеген түрлерін тұтынудың көлемін үй шаруашылығының бар мүшелерінің санына бөлу жолымен есептеледі. Ірілендірілген топтар бойынша тұтыну құрамдастарды бастапқы өнімге қайта есептеу есебімен анықталады. Дереккөз: stat.gov.kz

«Ұлттық теледебат – 2026» саяси пікірсайысы барысынан

«Ұлттық теледебат – 2026» саяси пікірсайысы барысынан

Құрылтай сайлауына қатысатын жеті саяси партияның өкілдері «Ұлттық теледебат – 2026» саяси пікірсайысында бас қосты. Олар сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, елдің болашағына қатысты ұстанымдары мен ұсыныстарын ортаға салды.

ҰЛТТЫҚТЕЛЕДЕБАТ2026

📎Теледебат 5 кезеңнен тұрды.

📎Теледебат 5 кезеңнен тұрды. І кезеңде партия өкілдері сайлауалды бағдарламалары мен негізгі бастамаларын таныстырды. ІІ кезеңде қатысушылар адам капиталын дамытуға қатысты ортақ сұрақтарға жауап берді. ІІІ кезеңде партия өкілдері бір-біріне сұрақ қойып, бағдарламалық ұстанымдары бойынша пікір алмасты. ІV кезеңде көрермендерден түскен сұрақтарға жауап берілді. Қорытынды кезеңде партия өкілдері сайлаушыларға арнаған қорытынды сөздерін сөйледі.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑