Егіндікөл ауданында 35 жылдан кейін алғаш рет әлеуметтік автобус бағыты іске қосылды
Егіндікөл ауданының Спиридоновка ауылының тұрғындары аудан орталығына жайлы қоғамдық көлікпен қатынау мүмкіндігіне ие болды. Ауыл халқы үш онжылдық бойы күткен тұрақты автобус бағыты шілде айының басынан бастап өз жұмысын бастады.
Ауылдық жерлердегі өмір сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі – көлік қатынасының қолжетімділігі. Спиридоновка ауылының тұрғындары үшін Егіндікөлге қатынау мәселесі ұзақ жылдар бойы өзекті болып келді. Соңғы 35 жыл ішінде ауыл мен аудан орталығы арасында тұрақты автобус қатынасы болмағандықтан, тұрғындар емханаға бару, мемлекеттік мекемелерде қажетті құжаттарды рәсімдеу және басқа да маңызды шаруаларын шешу кезінде айтарлықтай қиындықтарға тап болды.
Бұл мәселе тұрғындардың аудан басшылығымен өткен кездесулерінде көтерілді. Халықтың өтінішіне құлақ асқан жергілікті билік мәселені шешу жолдарын қарастырып, нәтижесінде жаңа әлеуметтік автобус бағытын іске қосты.
«Бұл бағыттың ашылуы – аудан тұрғындарымен бірлескен жұмыстың нәтижесі. Біз олардың өтінішін назарға алып, тұрақты автобус қатынасын ұйымдастыруға мүмкіндік таптық. Жаңа маршрут ауыл тұрғындарының аудан орталығына қатынауын әлдеқайда қолжетімді әрі ыңғайлы етеді деп сенемін», – деді Егіндікөл ауданының әкімі Юрий Курушин.
Енді бұрын жолай көлік іздеуге немесе такси қызметіне қомақты қаржы жұмсауға мәжбүр болған тұрғындар аудан орталығына еш қиындықсыз қатынай алады. Ұзындығы 24 шақырым болатын бағытта 15 жолаушыға арналған автобус аптасына үш рет қатынайды.
Жобаның әлеуметтік маңызына ерекше көңіл бөлінді. Жол жүру ақысы тұрғындарға қолжетімді деңгейде – 400 теңге болып белгіленді. Ал мүгедектігі бар азаматтар үшін жол жүру тегін. Бұл әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдауға бағытталған маңызды шешімдердің бірі.
«Біз бұл автобусты көптен күттік. Енді аудан орталығына еш қиындықсыз барып, ауруханаға қаралып, қажетті шаруаларымызды бітіріп, белгіленген уақытпен ауылға қайта аламыз. Бұл біздің ауыл үшін өте маңызды», – дейді Спиридоновка ауылының тұрғыны Людмила Николаевна.
Егіндікөл – Спиридоновка әлеуметтік автобус бағытының іске қосылуы ауданның көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Алдағы уақытта да жергілікті билік ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға және әлеуметтік маңызы бар қызметтердің барша тұрғын үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.
🏆 Көкшетау қаласы алғаш рет республикалық спартакиаданы қабылдайды
2026 жылғы 11–17 шілде аралығында Ақмола облысында жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында республикалық спартакиада өтеді.
Ауқымды спорттық іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен 1200-ден астам мемлекеттік қызметші қатысады. Биыл республикалық спартакиаданы өткізу құқығы алғаш рет Ақмола облысына беріліп отыр.
Жарыс бағдарламасына спорттың 10 түрі енгізілген. Оның ішінде үлкен теннис пен киберспорт алғаш рет ресми бағдарламаға қосылды.
Спартакиаданың негізгі алаңы – халықаралық талаптарға сай келетін Kokshe Arena көпфункционалды спорт кешені. Сонымен қатар жарыстар Көкшетау қаласының бірқатар заманауи спорт нысандарында ұйымдастырылады.
Республикалық спартакиада мемлекеттік қызметшілер арасында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға және тәжірибе алмасуға бағытталған.
Аталған іс-шара Ақмола облысының заманауи спорт инфрақұрылымының әлеуетін көрсетіп, өңірдің республикалық деңгейдегі ірі спорттық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге дайын екенін тағы бір мәрте айқындайды.
Қазақстан Президенті Құрылтай депутаттарының сайлауын 23 тамызға тағайындау туралы Жарлыққа қол қойып, сайлау науқанының практикалық кезеңіне ресми түрде бастау берді. Бұл кезең мемлекеттік жүйені жаңарту үшін ерекше маңызға ие және саяси партиялар, кандидаттар мен сайлаушыларға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Сайлау күнінің алдын ала жариялануы науқанға қатысушыларға алдағы саяси бәсекеге дер кезінде дайындалуға, ал азаматтарға партиялардың бағдарламаларымен танысып, саналы таңдау жасауға мүмкіндік берді.
23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Оның қоғамдық маңызы зор, өйткені дәл осы сайлау арқылы азаматтар өкілді мемлекеттік билік органдарын қалыптастыруға қатысады.
Сайлаушылардың белсенділігі халық билігі қағидатының іс жүзінде жүзеге асуына мүмкіндік береді. Азаматтар сайлауға неғұрлым белсенді қатысқан сайын, қоғамның пікірі соғұрлым толық ескеріледі. Ал әрбір дауыс елдің болашақ саяси бағытын қалыптастыруға қосылған маңызды үлес.
Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Конституциялық заңының 40-бабының тәртібінде
ҮНДЕУ
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Мемлекет басшысының Жарлығына (01.07.2026 ж. №1338) сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды.
Оны дайындау мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен егжей-тегжейлі регламенттелген.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен (01.07.2026 ж. №26/41) аталған сайлауды Дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Көрсетілген Күнтізбелік жоспарға сай 2026 жылғы 2 және 23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 2026 жылғы 23 шілдеде, сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгiт басталады.
Ол 2026 жылғы 22 тамыз, сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 2-тармағына сай партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгiт жүргізуге жол берілмейді.
Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады.
Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауаптылық көзделген.
Егер параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.
Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды.
Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, сол сияқты онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.
Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 104-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабына сәйкес жаза көзделген.
Сонымен бірге жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеледі.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағында көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назарларыңызды аудартамыз.
Нақты айтқанда, осы заң нормасына сай бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде, сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді.
Осы талаптарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабына сәйкес жауаптылық көзделген.
Мазмұндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Е. Өтегенов
Полиция жүргізушілерді Ақмола облысының жолдарында қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады
Ақмола облысы полицейлерінің пікірінше, жылдамдық режимін, қауіпсіз қашықтықты сақтау және зейінділік, әсіресе демалыс күндері көлік ағыны едәуір артатын Астана – Петропавл автожолындағы жол-көлік оқиғаларын болдырмауға мүмкіндік береді. Жаңбырлы ауа-райына байланысты жол жамылғысы тайғақ болады, тежеу қашықтығы және сырғанау қаупі артады. Жолдың жекелеген учаскелерінде қолайсыз ауа-райы жағдайында ұсынылған жылдамдық 50 км/сағ дейін, бұл туралы жол белгілері ескертеді. 3 шілдеде сағат 12:30 шамасында Астана-Петропавл автожолының 217-ші шақырымында болған ауыр жол – көлік оқиғасы үндеуге себеп болды. Changan және Hyundai автокөліктерінің соқтығысуы нәтижесінде бір жолаушы көз жұмды, зардап шеккендер де бар. Полицейлер жүргізушілерді жылдамдық режимін қатаң сақтауға, қауіпсіз қашықтықты сақтауға, кенет маневрлер мен тоқтаулардан аулақ болуға және жылдамдықты таңдағанда ауа-райын ескеруге шақырады.
129 дроппер анықталып, 400-ден астам адам интернет-алаяқтардың құрбаны болған: Ақмола облысында киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілді
Жыл басынан бері Ақмола облысында интернет-алаяқтықтың 412 дерегі тіркелді. Өңірлік полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, интернет-алаяқтықпен күрес құқық қорғау органдары жұмысының басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Биылғы жылдың басынан бері 114 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, алаяқтарға ұрланған қаражатты аудару үшін өздерінің банк карталары мен есепшоттарын ұсынған 129 дроппер анықталды. Кейін бұл қаражат халықаралық ақша аудару жүйелері арқылы шығарылып немесе криптовалютаға айырбасталады. Мұндай әрекеттер қылмысты ашу мен кінәлілерді анықтауды едәуір қиындатады.
Полицияның мәліметіне сәйкес, интернет-алаяқтардың құрбаны түрлі салада еңбек ететін азаматтар болып отыр. Жыл басынан бері 20 мемлекеттік қызметші, 15 білім беру саласының қызметкері, 10 медицина қызметкері, өнеркәсіп кәсіпорындарының бес қызметкері, қызмет көрсету саласының 70 маманы, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен акционерлік қоғамдардың 80 қызметкері, сондай-ақ 55 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат зардап шеккен.
Ең көп таралған алаяқтық тәсілдерінің қатарында интернет-платформаларда жалған хабарландырулар жариялау, банк, құқық қорғау органдары, «Қазпошта», байланыс операторлары, коммуналдық қызметтер, емханалар, салық органдары мен Халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкерлері ретінде хабарласу бар. Сонымен қатар, алаяқтар жалған инвестициялық жобаларға қаржы салуды ұсынып, мессенджерлердегі аккаунттарды бұзып, туыстары немесе таныстарының атынан ақша аударуды сұрайды.
Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай қылмыстардың ашылу деңгейінің төмен болуы олардың басым бөлігінің трансшекаралық сипатта жасалуымен байланысты. Көп жағдайда қылмыскерлер басқа өңірлерде немесе шетелде болады.
Алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері еңбек ұжымдарында, білім беру ұйымдарында және жоғары сынып оқушыларымен тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Өңірде кең ауқымды ақпараттық науқан жалғасуда. Әлеуметтік желілерде цифрлық қауіпсіздікке арналған 900-ден астам бейнеролик жарияланды. Қоғамдық орындарда 46 полиция макеті мен 26 билборд орнатылып, Көкшетау қаласындағы 20 LED-экранда және қоғамдық автобустарда күн сайын профилактикалық бейнероликтер көрсетілуде.
Полиция азаматтарды цифрлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Атап айтқанда, бөгде адамдарға SMS-кодтарды, растау кодтарын, CVV-кодтарын және құпиясөздерді айтпау, күмәнді сілтемелерге өтпеу, құжаттардың фотосуреттерін мессенджер арқылы жібермеу, сондай-ақ асықтырып немесе психологиялық қысым көрсеткен жағдайда ақпараттың шынайылығын міндетті түрде тексеру қажет.
Сондай-ақ құқық қорғау органдары азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы банк және микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеуге ерікті түрде тыйым салу қызметін пайдалануға кеңес береді. Бұл шара алаяқтардың азаматтардың атына заңсыз несие рәсімдеу тәуекелін едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.
Алғашқы жұмыс күні қамауға алынды: Көкшетауда 19 жастағы есірткі салушы ұсталды
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері синтетикалық есірткінің кезекті таратушысының қызметін тоқтатты. Жас жігіт өзінің заңсыз “жұмысының” алғашқы күні-ақ қылмыс үстінде ұсталды. Есірткімен күрес полицейлерінің мәліметінше, ағымдағы жылдың басынан Ақмола облысының аумағында 24 есірткі курьерінің қызметі тоқтатылған. Құқық қорғау органдарының жұмысының арқасында 80 килограмнан астам синтетикалық есірткінің заңсыз айналымының жолы кесілді. Кезекті ұстау Көкшетауда орын алды. 19 жасар жас жігіт жедел қызметкерлердің назарына ілікті, ол “есірткі салушы” деп аталатын функцияларды орындау арқылы ақша таппақ болған. Алайда, алғашқы жұмыс күні ұсталды. Жеке тінту кезінде полиция қызметкерлері күдіктіден одан әрі таратуға арналған психотроптық затты 50 түйіншек тауып, тәркіледі. Алдын ала мәліметтер бойынша, жас жігіт жақында әскер қатарынан оралған. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары азаматтарды мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратылатын “жеңіл табыс” туралы ұсыныстардан аулақ болуға шақырады.
Ақмола тұрғыны полицейлерге алаяқтар ұрлап кеткен ақшаны қайтаруға көмектескені үшін алғысын білдірді
Ақмола облысының тұрғыны Алтынай Даржанова Атбасар ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері— жедел уәкіл Ғалымжан Мархабат пен тергеуші Айдын Әубәкіровке интернет-алаяқтар ұрлап кеткен ақшаны қайтаруға көмектескені үшін алғысын білдірді. Әйелдің айтуынша, ол өздерін инвестициялық платформаның қаржылық кеңесшісі етіп таныстырған алаяқтардың құрбаны болды. Жоғары пайда алу сылтауымен қаскүнемдер оны шамамен 4 миллион теңге аударуға көндірді. “Алаяқтар мені қорқынышты қаржылық шұңқырға түсірді. Мен моральдық қысым көріп, қарыздар мен несиелерге батып кеттім, маған біреу көмектесе алатынына сенбедім”,-деп жазады ақмола тұрғыны. Достарының кеңесі бойынша әйел полицияға жүгінген. Тергеу ісі жедел уәкіл Ғалымжан Мархабат пен тергеуші Айдын Әубәкіровке тапсырылды. Жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жүргізумен қатар, полиция қызметкерлері өтініш берушіге практикалық көмек көрсетті: заңгерлерге жүгіну және азаматтық сотта істі қарау үшін қажетті материалдарды дайындау. Нәтижесінде полицейлер қысқа мерзімде дропперлердің жеке басын анықтады және заңгерлермен бірлесіп жұмыс жасау арқылы әйел ұрланған ақшаның көп бөлігін қайтара алды. Хатының соңында Алтынай Даржанова полиция қызметкерлеріне қамқорлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді. “Олар Қазақстанның барлық құқық қорғау жүйесінің беделін қол жетпейтін биіктікке көтерді”, — деп атап өтті ол хатта.
Бурабайдың ерекше табиғаты қорғалған: демалыс күндері полиция 70-тен астам бұзушылықтың алдын алды
“Бурабай” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында “Таза Қазақстан” шеңберінде қоғамдық тәртіпті, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және табиғат қорғау заңнамасын сақтауға бағытталған мемлекеттік инспекторлар мен полиция қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шаралары жалғасуда. Өткен демалыс күндері ғана полицейлер 70-тен астам құқық бұзушылықтың жолын кесті. Олардың қатарында-жол қозғалысы ережелерін бұзу, сондай-ақ табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын сақтамау фактілері бар. Бірлескен рейдтердің қорытындысы бойынша МҰТП инспекторлары 10 бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Атап айтқанда, сегіз адам-жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына көлік құралымен кіргені үшін. Тағы бір азамат туристік қызметті рұқсат құжаттарынсыз жүзеге асырғаны үшін, біреуі орманды ластағаны үшін жауапқа тартылды. Мамандар еске салады, жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан тыс көліктердің қозғалысы ұлттық саябақтың бірегей экожүйесіне зиян келтіреді, жер жамылғысын зақымдайды және өсімдіктерді жояды. Саябақ аумағында туристік қызметті жүзеге асыру үшін белгіленген тәртіппен “Бурабай” МҰТП-мен шарт жасасу және әрбір туристік рейске маршруттық парақтарды ресімдеу қажет. Бірлескен рейдтер ең көп баратын туристік орындарда тұрақты негізде жүргізіледі. Олардың басты міндеті — бұзушылықтарды анықтау ғана емес, сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алу, Бурабайдың табиғи мұрасын сақтау және демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция мен “Бурабай” МҰТП әкімшілігі өңірдің тұрғындары мен қонақтарын заңнама талаптарын сақтауға, табиғатқа ұқыпты қарауға және есте сақтауға шақырады: әрбір бұзушылық сөзсіз жауапкершілікке әкеп соғады, ал Бурабайдың бірегей табиғатын сақтау әрбір келушіге байланысты.