Month: July 2026 (Page 5 of 39)

29 шілде — Халықаралық жолбарыстар күні Даланы дүр сілкіндірген айбар қайта оралды…

29 шілде — Халықаралық жолбарыстар күні Даланы дүр сілкіндірген айбар қайта оралды…

Бір кездері қазақ даласын еркін кезген Тұран жолбарысы табиғатымыздың айбыны, жабайы әлемнің шынайы қожайыны болды. Өкінішке қарай, адам әрекетінің салдарынан бұл ерекше жыртқыш туған мекенінен біржола жоғалып кетті.

Бүгінде Қазақстан табиғат тарихындағы маңызды миссиялардың бірін жүзеге асырып келеді — Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралту. Бұл – тек бір жануарды қалпына келтіру емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қайта жаңғыртуға бағытталған ауқымды экологиялық жоба.

Осы игі бастамада «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты ерекше рөл атқарады. Резерват аумағында жолбарысқа қолайлы табиғи орта қалыптастырылып, оның қорек базасы мен биоалуантүрлілігін сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы Нидерландтан, ал 2026 жылы Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстары жеткізілді. Қазіргі таңда резерваттың арнайы вольер кешенінде жалпы саны алты жолбарыс бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл – Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта оралту жобасын жүзеге асырудағы маңызды кезеңдердің бірі.

Жолбарыс – жай ғана жыртқыш емес. Ол – табиғаттың күш-қуатын, еркіндігін және экожүйенің саулығын білдіретін маңызды белгі. Жолбарыс бар жерде табиғаттың тепе-теңдігі сақталады.

Табиғатты қорғау – болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Әрбір қорғалған орман, әрбір сақталған жануар мен өсімдік келер ұрпаққа қалдыратын ең қымбат мұрамыз.

Жабайы табиғаттың үні ешқашан өшпесін, ал Тұран жолбарысы қайтадан қазақ даласының айбынына айналсын! https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1265058?lang=kk

Құрылтай сайлауы – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың көрінісі.

Құрылтай сайлауы – ел болашағына жауапкершілікпен қараудың көрінісі.
23 тамыз күні елімізде жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін алғаш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи кезең. Алдағы бес жылда ел дамуына бағыт беретін заңдар мен шешімдердің қабылдануына ықпал ететін өкілдерді таңдау – әрбір азаматтың азаматтық жауапкершілігін айқындайтын маңызды қадам.
Зеренді ауданының Аналар кеңесі еліміздің тұрақты дамуы, қоғамдық келісім мен бірліктің нығаюы әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты екенін атап өтеді. Әсіресе, отбасы құндылықтарын дәріптеп, жас ұрпаққа үлгі көрсететін аналардың қоғамдағы рөлі ерекше. Балаларымыздың бойына елжандылықты, заңға құрметті және азаматтық жауапкершілікті сіңіру – біздің ортақ міндетіміз.
Құрылтай сайлауы – халықтың пікірін білдіруге, ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетуге берілген мүмкіндік. Әрбір дауыс – мемлекетіміздің ертеңіне қосылған нақты үлес.
Бүгінде елімізде әділетті қоғам құру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осы өзгерістердің табысты жалғасуы азаматтардың белсенділігі мен саяси мәдениетіне тікелей байланысты.
Осыған орай, Зеренді ауданының Аналар кеңесі аудан тұрғындарын 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына белсенді қатысуға шақырады. Өз таңдауыңызды жасап, ел болашағына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымыңызды білдіріңіз.
Бірлігіміз бекем, мемлекетіміз мәңгі болсын!
А.Малик – Зеренді ауданы Аналар кеңесінің төрағасы

Саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының географиялық ауқымын кеңейтіп келеді.

Саяси партиялар сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының географиялық ауқымын кеңейтіп келеді. Кандидаттардың сайлаушылармен кездесулері қалалар мен ауылдарда ғана емес, өндіріс орындарында, түрлі мекемелерде, тіпті қоғамдық көліктерде де орын алып жатыр. Соңғы уақытта қоғамдық көлік тұрғындармен тікелей пікір алмасатын тиімді алаңдардың біріне айналып келеді.
Әрбір саяси партия сайлаушылармен байланыс орнатудың өзіндік тәсілін қалыптастыруға ұмтылып жатыр. Дегенмен, сайлауалды күн тәртібінің негізгі өзегін азаматтарды күнделікті толғандыратын мәселелер құрайды. Олардың қатарында өңірлерді дамыту, өнеркәсіп пен кәсіпкерлікті қолдау, экология, жұмыспен қамту, білім беру, әлеуметтік саясат және қалалық инфрақұрылымның сапасын арттыру мәселелері бар.
«Әділет» партиясы «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында еліміздің бірқатар өңірін аралап шықты. Көшпелі кездесулермен қатар Жетісу облысында тұрғындармен өзара байланыс пен қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған «Әділет желкені» атты акция ұйымдастырылды. Сонымен қатар партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Екатерина Смышляева сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын түсіндіретін қысқа бейнероликтер топтамасын бастады. Ол бейнеүндеулерінде бағдарламаның негізгі басымдықтарын еркін форматта, көлік тізгінінде отырып әңгімелейді. Алғашқы бейнеролигі Рудный мен Жітіқара қалалары арасындағы жұмыс сапары кезінде түсірілді.
Павлодарда партия кандидаттары қала тұрғындарымен тікелей қоғамдық көлікте жүздесіп, трамвайдағы күнделікті сапарды ашық пікір алмасу алаңына айналдырды. Негізгі іс-шаралар Маңғыстау облысында өтті. Мұнда партия өкілдері тұрғындармен кездесіп қана қоймай, еңбек ұжымдарымен, мұнай-газ және балық шаруашылығы саласының мамандарымен, теңіз сервистік компанияларының қызметкерлерімен, кәсіподақ өкілдерімен және өндіріс ардагерлерімен жүздесті.
Кездесулер барысында еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндірістік және порт инфрақұрылымын жаңғырту, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту, өнеркәсіпті өркендету, кадр даярлау және цифрлық экономикаға қажетті мамандарды әзірлеу мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Жаңаөзен қаласының жұмысшы жастарымен өткен кездесулерде заманауи технологияларды енгізу, жаңа өндірістерді дамыту және адами капиталды нығайту мәселелері сөз болды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) Ақмола және Қарағанды облыстарында сайлаушылармен кездесулер өткізді. Ал Алматыда өткен футбол матчында партияның рәміздері бейнеленген киіммен алаңға жүгіріп шыққан азаматқа қатысты оқиға ақпараттық кеңістіктің назарын аударды. Полицияның мәліметінше, ол ұсталып, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін оған қатысты әкімшілік іс қозғалды.
Көкшетауда партия өкілдері Eurasia Group кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесіп, жалақы деңгейі, еңбек жағдайы мен қауіпсіздігі, әлеуметтік кепілдіктер және өңірлік экономиканы дамыту мәселелерін талқылады. Ал Қарағандыда өткен кездесуде педагогтер қауымдастығының өкілдерімен, өңір белсенділерімен және тұрғындармен білім беру, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, жер қатынастары және тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты.
«Байтақ» партиясының сайлауалды іс-шараларында экологиялық күн тәртібі негізгі бағыттардың бірі ретінде қалып отыр. Алайда әр өңірде көтерілетін мәселелер жергілікті ерекшелікке сай қалыптасып жатыр. Тараз қаласында партия өкілдері мамандандырылған колледж студенттерімен кездесіп, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, «жасыл» экономиканы дамыту және экологиялық жауапкершілік мәселелерін талқылады.
Ақтөбеде кандидаттар «Алтын Орда» шағынауданының тұрғындарымен кездесіп, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, қалалық ортаның жай-күйі және жасыл аймақтардың тапшылығы мәселелеріне тоқталды. Шығыс Қазақстан облысында басты назар самырсын ормандарын сақтауға аударылса, Алматы облысында партия өкілдері алматылық апорт өсірумен айналысатын бағбандармен жүздесті. Ал Жамбыл облысындағы «Қызыл Жұлдыз» тұрғын алабында өткен кездесуде суару жүйесін жетілдіру, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, қалдықтарды бөлек жинау жүйесін енгізу және электр энергиясымен қамтудағы үзілістер мәселелері көтерілді.
Қазақстан халық партиясы (ҚХП) бұл жолы қоғамдық акцияларға басымдық берді. Алматыда партия концерттік бағдарламаны тұрғындармен ашық пікір алмасу алаңымен ұштастырған «Мәңгілік классика» атты мәдени акция өткізді. Сонымен қатар партия Respublica және «Ақ жол» партияларының кеңселері маңында кездесу ұйымдастырып, ҚХП өкілдері азаматтар мен аталған партиялардың қызметкерлеріне өздерінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Бұдан бөлек, ҚХП өкілдерінің мәлімдемелері саяси оппоненттерді сынға алумен қатар өрбіді. Партияның сынының негізгі нысаны ЖСДП болды. ҚХП өкілдерінің пікірінше, ЖСДП бұрыннан қоғамдық талқыда жүрген әлеуметтік бастамаларды өздерінің сайлауалды ұсыныстары ретінде көрсетуге тырысуда. Мысал ретінде зейнет жасын төмендету бастамасы айтылды. ҚХП мәліметінше, бұл мәселені партия он жылдан астам уақыт бойы тұрақты түрде көтеріп келеді. «Архаика – бұрыннан белгілі бастамаларды өз жаңалығың ретінде көрсету. Зейнет жасын төмендету – дұрыс ұсыныс. Бірақ Қазақстан Халық партиясы бұл мәселені он жылдан астам уақыттан бері көтеріп келеді», – деді партия мүшесі Бейбіт Құсайынов.
Сондай-ақ партияның бастамасымен еліміздің бірден жиырма қаласында «Кәне, құшақтасайық!» атты науқаны өтті. Оның аясында қатысушылар бір-біріне жылы лебіз білдіріп, жүздеріне күлкі сыйлап, символикалық түрде құшақтасуға шақырылды.
«Ауыл» партиясының сайлауалды кездесулерінде өңірлерді кешенді дамыту мәселелері негізгі тақырыптардың біріне айналды. Қосшы қаласындағы мәдени-спорт кешенінің қызметкерлерімен өткен кездесуде қаланың қарқынды өсуіне байланысты туындаған мәселелер, жаңа мектептер салу, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және инженерлік инфрақұрылымды дамыту қажеттілігі талқыланды. Партия сайлаушылармен кездесулер барысында өңірлердің жан-жақты дамуына басымдық беріп келе жатқанын айтты партия төрағасы.
Батыс Қазақстан облысында партия активімен кездесу өтіп, сайлауалды науқанның негізгі міндеттері талқыланды. Сонымен қатар партия өкілдері тұрғындармен байланыс орнатудың түрлі тәсілдерін қолдануға ұмтылуда. Дәстүрлі кездесулермен қатар Құрылтай депутаттығына кандидат Қарақат Әбден сапарларының бірінде туған-туыстарымен бірге таба нан пісіріп, отбасы құндылықтары мен ұлттық дәстүрлердің маңызын дәріптеді.
«Ақ жол» демократиялық партиясы кәсіпкерлер қауымдастығымен кездесулер сериясын жалғастырды. Көкшетауда кандидаттар NOVOPACK кәсіпорны мен Қазақстан аграрлық-индустриялық корпорациясында (ҚАИК) болып, отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы машина жасауды дамыту, шағын және орта бизнесті өркендету, сондай-ақ жұмыспен қамту, инфляция, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелерді талқылады. Сонымен қатар партия өкілдері Көкшетау қаласындағы №1 сүт зауытының жұмысымен танысып, өндірісті жаңғырту бағыттарын қарастырды.
Алматыда партия кандидаттары «Magnum» ЖШС ұжымымен кездесіп, сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды.
Өңірлердегі үгіт-насихат жұмыстарымен қатар әлеуметтік желілерде алдағы сайлауға арналған азаматтық бастамалар да көрініс табуда. Партия «Өзгерістер жолы» атты онлайн-жобаны іске қосты. Жоба аясында Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындарының бірі сайлаушылардың ұсыныс-тілектерін партияға жеке жеткізу үшін велосипедпен Астанаға жолға шықты. Сапар барысында ол блог жүргізіп, бағыты туралы баяндап, жолай елді мекендердің тұрғындарымен кездесуде. Олар өз ұсыныстары мен тілектерін жолдап, жиналған барлық өтініштерді жоба авторы елордаға жеткен соң партия өкілдеріне табыстауды жоспарлап отыр.
Өңірлердегі сайлауалды үгіт жұмыстарының бүгінгі көрінісін «Respublica» партиясы түйіндеді. Партияның негізгі назары өндіріс саласының өкілдерімен және жастармен кездесулерге аударылды. Кандидаттар «Восток-Молоко», AN Group және «Қазмырыш» кәсіпорындарында болып, еңбек ұжымдарымен кадрлық әлеуетті нығайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, салық саясаты, кәсіпкерлік жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау және отандық өндірісті қолдау мәселелерін талқылады.
Өндіріс орындарындағы кездесулермен қатар Өскемен қаласында партия жақтастарының форумы өтіп, онда кәсіпкерлікті дамыту, жастарды жұмыспен қамту және креативті индустрияларды ілгерілету мәселелері қарастырылды. Дәстүрлі кездесулерден бөлек, партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Маргарита Боярова цифрлық платформаларды да белсенді пайдаланып келеді. Ол Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында оқырмандарымен тікелей байланыс орнатып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын түсіндіріп жүр.
Бүгінде сайлауалды науқан еліміздің барлық өңірін дерлік қамтып отыр. Үгіт-насихат жұмыстарының форматы да сан алуан: өндіріс орындарындағы кездесулерден, қоғамдық акциялардан бастап оқу орындарындағы пікірталастар мен тұрғындармен ашық диалогтарға дейін. Алайда өткізілетін іс-шаралардың форматына қарамастан, сайлауалды күн тәртібінің негізгі өзегін өңірлерді дамыту, экономиканы нығайту, әлеуметтік саланы жетілдіру, экологиялық мәселелер және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға қатысты өзекті тақырыптар құрайды.

Шағын модульдік реакторлар

Шағын модульдік реакторлар – Қазақстанның болашақ энергетикасының жаңа бағыты Шағын модульдік реакторлар әлемдік атом энергетикасын дамытудың ең перспективті бағыттарының бірі Шағын модульдік реакторлар бүгінде әлемдік атом энергетикасының ең перспективалы бағыттарының бірі саналады. Қазақстан да бұл технологияны ұлттық энергетикалық жүйені жаңғырту мен энергетикалық қауіпсіздікті нығайтудың маңызды құралы ретінде қарастырып отыр. Осыған орай Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев шағын және жетілдірілген модульдік реакторлардың ерекшеліктері, оларды елімізде енгізу мүмкіндіктері, сондай-ақ Ядролық физика институтының Қазақстанның атом саласын дамытудағы стратегиялық рөлі туралы айтып берді.

Шағын модульдік реакторлардың (SMR) қуаты, құрылымы және салыну тәсілі тұрғысынан дәстүрлі ірі ауқымды энергия блоктарынан түбегейлі айырмашылығы неде?

Шағын модульдік реакторлар (ШМР, немесе SMR) бүгінгі таңда әлемдік атом энергетикасын дамытудың ең перспективті бағыттарының бірі болып саналады. Бұл технологияға деген қызығушылық қарқынды түрде артып келеді: қазіргі уақытта әлемде ШМР 80-нен астам жобасы әзірленуде. Бұл бағытқа атом энергиясын пайдалануда көпжылдық тәжірибесі бар мемлекеттер де, ядролық саласын енді ғана дамыта бастаған елдер де атсалысуда. Шағын модульдік реакторлар дегеніміз не? АЭХА (МАГАТЭ) анықтамасына сәйкес, ШМР – бір энергия блоктың электрлік қуаты 300 МВт дейін жететін заманауи ядролық реакторлар, бұл дәстүрлі атом энергия блоктары қуаттылығының шамамен үштен бір бөлігін құрайды.

ШМР негізгі артықшылығы олардың ықшам және модульдік конструкциясы. Өлшемдерінің салыстырмалы түрде кіші болуының арқасында мұндай реакторларды ірі атом электр станциялары құрылысына сәйкес келмейтін алаңдарда орналастыруға болады. Жабдықтардың айтарлықтай бөлігі зауытта дайын модульдер түрінде жасалып, кейін құрылыс алаңына жеткізіледі және сол жерде құрастырылады. Мұндай тәсіл құрылыс мерзімін қысқартуға, күрделі шығындарды азайтуға және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді. Көбіне нақты бір алаңның ерекшеліктерін ескере отырып, жобаланатын және құрылыс кезінде жиі кідірістерге тап болатын қуаты жоғары дәстүрлі энергия блоктарына қарағанда, ШМР жоғары стандарттау деңгейіне ие және электр энергиясына деген сұраныстың артуына қарай кезең-кезеңімен пайдалануға берілуі мүмкін.

Технологияның белсенді даму сатысында тұрғанына қарамастан, әлемде қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған ШМР жобалары бар. Олардың қатарына Қытайдағы HTR-PM жоғары температуралы газбен салқындатылатын атом электр станциясын және Ресейдегі «Академик Ломоносов» қалқымалы атом жылу-электр станциясын жатқызуға болады.

Сонымен қатар, шағын модульдік реакторларды өнеркәсіптік пайдалану тәжірибесі әзірге шектеулі болып қалып отыр. Осы себепті де көптеген мемлекеттер бұл технологияны енгізуге әлі де сақтықпен қарап, қауіпсіздік, экономикалық тиімділік және нормативтік реттеу мәселелеріне баса назар аударуда. Қазіргі уақытта жаһандық деңгейде ШМР технологияларын жетілдіруге, олардың сенімділігін растауға және кең ауқымды коммерциялық қолданысқа енгізуге бағытталған ҒЗТҚЖ қарқынды жүргізіліп жатыр.

Шағын модульдік реакторлар Қазақстанның 2050 жылға дейінгі ядролық энергетиканы дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясында (ірі АЭС кейін) қандай орын алады?

Қазақстан Республикасы Президентінің 2026 жылғы 15 сәуірдегі № 1233 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясына сәйкес, елімізде ШМР технологияларын белсенді дамыту қарастырылған.

Стратегияның негізгі бағыттарының бірі жалпы қуаттылығы 1200 МВт дейінгі ШМР базасында атом электр станцияларын салу болып табылады. Бұл жобаны іске асыру оның экономикалық тиімділігі расталған жағдайда және Қазақстан Республикасының Ұлттық энергетикалық желісін дамыту келешегін ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар стратегияда ШМР саласы бойынша бірқатар жүйелі міндеттерді шешу қарастырылған, оның ішінде:

өңірлік ерекшеліктерді, энергиямен жабдықтаудың сенімділігіне қойылатын талаптарды және жобалардың экономикалық тиімділігін ескере отырып, ұлттық жағдайларда ШМР қолданудың техникалық-экономикалық талдауын жүргізу;
ШМР технологияларын әзірлеу және жобалаумен байланысты ғылыми-зерттеу қызметіне қатысу;
ШМР орналастыру бойынша қолайлы аудандарды анықтау, оның ішінде энергия тапшылығы байқалатын өңірлерде және электр желілік инфрақұрылымы нашар дамыған аумақтарда орналастыру, сондай-ақ ескірген жылу электр станцияларын заманауи ядролық қуат көздерімен алмастыру мүмкіндігін қарастыру.
Бұдан бөлек, құжат аясында ШМР әзірлеумен айналысатын мамандандырылған бюро құру, сондай-ақ салалық институттар негізінде өнеркәсіптік реакторлар мен ШМР персоналын даярлауға арналған жаттығу кешендерін қалыптастыру көзделген. Бүгінгі таңда Ядролық физика институты өз аумағында ШМР симуляторын орнатудың түрлі нұсқаларын пысықтап жатыр.

Аталған шаралардың жиынтығы Қазақстанның ШМР технологияларын дамытуға жүйелі әрі ұзақ мерзімді көзқарас ұстанатынын көрсетеді. Мемлекет ШМР эксперименттік бағыт ретінде емес, елдің болашақ энергетикалық теңгерімінің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырады. Бұл технология тұтынушыларды үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етіп, ұлттық энергия жүйесінің тұрақтылығын нығайтады, сондай-ақ шалғайдағы және энергияға мұқтаж аймақтардың инфрақұрылымын заманауи үлгіде жаңғыртуға жол ашады.

Қазақстанда SMR/AMR технологияларын енгізу арқылы қандай түйінді міндеттер көзделіп отыр: көмірмен жұмыс істейтін станцияларды алмастыру, генерация көздерін орталықсыздандыру, шалғай өңірлерді энергиямен қамтамасыз ету, сутегі/тұщыландыру өндірісі және т.б.?

Жалпы алғанда, ШМР қолдану аясы кең, әмбебап энергия көзі болып табылады. Ықшамдылығы, модульдік құрылымы және пайдаланудағы икемділігі арқасында оларды электр энергетикасы мен өнеркәсіптің түрлі міндеттерін реттеуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның демографиялық және географиялық өзіндік сипатын ескерсек, ШМР жобалары Қазақстан үшін зор стратегиялық маңызға ие. Аумақтың ауқымдылығы, халықтың орналасу тығыздығының төмендігі, сондай-ақ шалғайдағы елді мекендер мен өнеркәсіптік нысандардың болуы ірі генерациялау қуаттарын салуды және ауқымды электр желілік инфрақұрылымды дамытуды барлық жағдайда экономикалық тұрғыдан ақтамайды. Осындай жағдайларда ШМР энергия тапшылығы бар және қол жеткізу қиын аймақтар үшін тиімді электр энергиясының көзіне айналып, энергиямен жабдықтаудың сенімділігін және ұлттық энергия жүйесінің жалпы тиімділігін арттыруға септігін тигізеді.

Бүгінгі таңда әлемде ШМР бірнеше технологиялық бағыттары әзірленіп жатқанын да ескеру қажет, олардың әрқайсысының өз артықшылықтары мен әлеуетті қолдану салалары бар. Сонымен, жоғары температуралы газбен салқындатылатын реакторлар (ЖТГР) электр энергиясын өндірумен қатар, төмен көміртекті сутегін өндіруге қажетті жоғары температуралы технологиялық жылуды да қамтамасыз ете алады. Мұндай сутегі өнеркәсіптің әртүрлі салаларында, соның ішінде металлургияда, химия өнеркәсібінде және көлік секторында қолданылуы мүмкін.

Сонымен қатар, ШМР ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың тікелей маңына орналастырып, оларды тұрақты әрі төмен көміртекті энергиямен қамтамасыз етуге болады. Бұл әсіресе электр энергиясын үздіксіз жеткізу өндірістің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып саналатын энергияны көп қажет ететін өндірістер үшін өзекті.

Осылайша, шағын модульдік реакторлардың Қазақстан үшін болашағы зор. Ел аумағының кеңдігі, халықтың орналасу тығыздығының төмендігі, шалғай өңірлерді дамыту қажеттілігі мен өнеркәсіптік инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігінің ұштасуы ШМР технологияларын отандық атом энергетикасын дамытудың ең перспективті бағыттарының біріне айналдырады. Олардың экономикалық тиімділігі мен технологиялық дайындығы расталған жағдайда, ШМР болашақта елдің энергетикалық теңгерімінің маңызды элементіне айналып, ірі атом электр станциялары мен басқа да электр энергиясын өндіру көздерін толықтыра алады.

Қазақстанның шағын модульдік реакторлар бойынша бағдарламаларға қатысуы ЯФИ озық ядролық технологиялар саласындағы ұлттық және өңірлік деңгейдегі құзыреттер орталығы ретіндегі рөлін қалай нығайтады?

Қазақстан FIRST бағдарламасының қатысушысы болып табылады және оның аясында өткізілетін іс-шараларға белсенді түрде қатысады. Ел үшін бұл, ең алдымен, ШМР саласындағы халықаралық тәжірибені зерделеуге, атом энергетикасын дамытудағы заманауи тәсілдерге қол жеткізуге және отандық мамандардың кәсіби құзыреттілігін нығайтуға мүмкіндік береді.Мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу ұйымдарының және болашақ атом электр станциясы операторының өкілдері бағдарлама шеңберінде ұйымдастырылатын семинарларға, конференцияларға, техникалық кеңестерге, жұмыс кездесулері мен таныстыру сапарларына тұрақты түрде қатысып келеді. Өзара әрекеттестіктің осы үлгісі алдыңғы қатарлы технологиялық шешімдерді зерделеумен қатар, атом саласындағы жетекші әлемдік сарапшылармен және ұйымдармен кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді.

Қазақстанның ШМР саласындағы құзыреттерін дамытуда ЯФИ рөлі ерекше. Институттың түрлі экономика салалары үшін ядролық және радиациялық технологияларды зерттеу мен әзірлеу бағытында 70 жылға жуық мол тәжірибесі бар. Осы уақыт ішінде ЯФИ ядролық ғылым мен техника саласындағы ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін заманауи ғылыми және эксперименттік базаны қалыптастырды.

ШМР технологияларын дамыту тұрғысынан ЯФИ Жапонияның ғылыми ұйымдарымен ЖТГР әзірлеуді қолдауға бағытталған көпжылдық бірлескен зерттеу жұмыстарының маңызы ерекше. Бүгінде ЖТГР жоғары тиімділігі, қауіпсіздік деңгейінің жоғарылығы және сутегі өндіруде, сондай-ақ басқа да өнеркәсіптік процестерде қолданылатын жоғары температуралы технологиялық жылуды өндіру мүмкіндігінің арқасында ШМР дамытудың ең перспективті бағыттарының бірі ретінде қарастырылуда.

Сонымен қатар, ЯФИ-да қолданыстағы және болашақ буындағы ядролық реакторлардың қауіпсіздігін негіздеуге пайдаланылатын есептік және эксперименттік деректердің елеулі қоры жинақталған. Бұл зерттеулер озық реакторлық технологияларды одан әрі дамыту үшін берік ғылыми негіз қалыптастырады. Институттың ядролық инфрақұрылымын кеңейту жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді.

Болашақта ЯФИ ғылыми зерттеулерді, кадрлар даярлауды және халықаралық ынтымақтастықты біріктіретін озық ядролық технологиялар бойынша ұлттық құзыреттер орталығына айнала алады. Тиісті инфрақұрылымның дамуы мен тәжірибенің жинақталуына қарай мұндай орталық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы адам капиталы мен ғылыми-техникалық құзыреттерді дамыту бойынша жетекші өңірлік алаңдардың біріне айналу әлеуетіне ие.

Қазақстанның атом энергетикасын дамыту стратегиясында, оның ішінде шағын модульдік реакторлар бойынша перспективті жобаларды іске асыруда Алматы қаласындағы Ядролық физика институты қандай орын алады?

Қазақстан Республикасының 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясын іске асыру аясында ЯФИ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 70 жылға жуық ғылыми-зерттеу тәжірибесі, дамыған зерттеу инфрақұрылымы мен жоғары білікті мамандардан құралған кадрлық әлеуеті бар елдің жетекші ғылыми орталығы ретінде басты рөлдердің бірі беріледі.

Институттың эксперименттік базасының негізін Қазақстандағы бірден-бір көп мақсатты стационарлық ССР-Қ зерттеу реакторы құрайды. Оның мүмкіндіктері іргелі және қолданбалы зерттеулердің кең ауқымын жүргізуге, сондай-ақ атом энергетикасына арналған ядролық отын мен құрылымдық материалдарды сынақтан өткізіп, сипаттамаларын анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай зерттеулер жұмыс істеп тұрған энергетикалық реакторлардың қауіпсіз жұмыс істеуін ғылыми-техникалық тұрғыдан сүйемелдеудің және жаңа буындағы реактор қондырғыларын әзірлеудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

ЯФИ тағы бір бірегей объектісі нөлдік қуаттағы ядролық реактор – сындық стенд. Аталған қондырғы реактор физикасы саласында зерттеулер жүргізуге пайдаланылады және атом саласы үшін инженерлік және ғылыми кадрларды даярлаудың тиімді оқу-эксперименттік алаңы болып табылады. Қазіргі уақытта Институт болашақ мамандардың практикалық дайындық сапасын арттыруға мүмкіндік беретін сындық стендтің мүмкіндіктерін білім беру үдерісіне белсенді түрде енгізуде.

ЯФИ перспективті реакторлық технологияларды дамытуға ерекше назар аударады. ШМР дамытудың ең перспективті бағыттарының бірі ретінде қарастырылатын ЖТГР саласындағы зерттеулермен қатар (нақтырақ айтқанда, ЖТГР жетілдірілген модульдік реакторларға (AMR) жатады), Институт сұйық тұзды реакторлар (сондай-ақ AMR санатына кіреді) бойынша ғылыми-зерттеу және жобалау жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Бүгінгі таңда бұл технология қауіпсіздік саласындағы жоғары әлеуетінің, ядролық отынды тиімді пайдаланудың және атом энергиясын өнеркәсіпте қолдану аясында кеңейту мүмкіндіктері тұрғысынан IV буынды ең перспективті реакторлар қатарына жатады.

Халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың үздік үлгісі ретінде ЯФИ мен Жапонияның атом энергиясы агенттігімен (JAEA) көпжылдық серіктестігін атап өтуге болады. Аталған ұйымдар 15 жылдан астам уақыт бойы ЖТГР технологияларын дамытуға бағытталған ғылыми-техникалық тұрғыдан қолдауға, ең алдымен олардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ҒЗТКЖ бірлесіп жүзеге асырып келеді.

Осы кезең ішінде Жапония Үкіметінің қаржылық қолдауымен ЖТГР типті реакторларға арналған перспективті үш құрылымды изотропты ядролық отынды (TRISO) және функционалдық материалдарды зерттеуге бағытталған бірегей және техникалық күрделі реакторішілік эксперименттер сәтті орындалды. Алынған нәтижелер жаңа буын реакторларының технологияларын жетілдіру үшін қажетті ғылыми базаны дамытуға елеулі үлес қосты.

Жүргізілген зерттеулердің жоғары сапасы халықаралық деңгейде кеңінен мойындалды. Осака қаласында өткен EXPO 2025 дүниежүзілік көрмесі аясында ЯФИ ғылыми ұжымы ЖТГР технологияларын дамытуға қосқан көпжылдық үлесі үшін Жапония Үкіметі мен Халықаралық ғылыми-техникалық орталықтың арнайы марапатына ие болды. Бұл марапат қазақстандық ғалымдардың кәсібилігіне және олардың зерттеу жұмыстары нәтижелерінің халықаралық ғылыми қоғамдастық үшін маңыздылығына берілген жоғары бағаның айқын дәлелі болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 26 қыркүйектеҒылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөйлеген сөзінде Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын құрудың стратегиялық маңыздылығын ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы Институттың ғылыми әлеуетін ескере отырып, бұл нысан еліміздегі жаңа ғылым қалашығының өзегіне айналуы мүмкін екенін айтты.

Жаңа зерттеу реакторының іске қосылуы есептік және эксперименттік зерттеулердің толық кешенін орындау үшін заманауи ғылыми-техникалық базаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. ЯФИ ғалымдары мен инженерлері жаңа зерттеу реакторының активті аймағының есептеулерін өз күштерімен орындауды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың күрделілік деңгейі қазіргі заманғы шағын модульдік реакторлардың (ШМР) ядролық бөлігін жобалау кезінде шешілетін міндеттермен салыстыруға болады. Сондықтан аталған жобаны іске асыру болашақта еліміздің осы бағыттағы ұлттық құзыреттерін қалыптастыруға, Қазақстанда ШМР жобалау мектебін дамытуға және шетелдік технологияларға тәуелділікті едәуір төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының атом саласын дамытудың 2050 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру аясында ЯФИ отандық атом энергетикасын дамытуды ғылыми-техникалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін жетекші ғылыми орталықтардың біріне айналып отыр. Эксперименттік базаны одан әрі дамыту, перспективті реакторлық технологиялар бойынша зерттеулер жүргізу, халықаралық ғылыми жобаларға қатысу және жоғары білікті мамандарды даярлау Институтқа Қазақстанның заманауи, қауіпсіз әрі бәсекеге қабілетті атом саласын қалыптастыруға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.

SMR/AMR технологияларының дамуы аясында, әсіресе олар орналастырылатын өңірлерде, ірі АЭС салыстырғанда ядролық энергетикасына қоғамдық көзқарас қалай өзгеруде?

Соңғы жылдары атом энергетикасына деген қоғам көзқарасынан біртіндеп өзгеруін байқауға болады. Егер бұл тақырып салыстырмалы түрде жақында ғана қоғам тарапынан сақтықпен қабылданса, бүгінгі күнде атом саласын дамытуға деген қызығушылық айтарлықтай артып келеді. Бұл үрдіс Қазақстанға ғана емес, әлемдік атом энергетикасының жаңа даму кезеңіне қадам басқан көптеген елдерге де тән.

Мұндай қызығушылық бірнеше факторға байланысты туындап отыр. Ең алдымен, заманауи ядролық технологиялар алдыңғы буын технологияларынан едәуір ерекшеленеді. Жаңа буынреакторлары, соның ішінде шағын модульдік реакторлар пассивті қорғаныс жүйелерін, заманауиматериалдарды және цифрлық басқару технологияларын қолдануға негізделген қауіпсіздіктіңжоғары деңгейіне ие. Сонымен қатар, электр энергиясына жаһандық сұраныстың өсуі, экономиканы көміртексіздендіру қажеттілігі және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру жағдайында көптеген мемлекеттер атом энергетикасын өздерінің ұзақ мерзімді энергетикалық теңгерімінің негізгі элементтерінің бірі ретінде қайта қарастырып отыр.

Көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, ірі энергетикалық объектілер, соның ішінде атом электр станциялары жұмыс істейтін немесе салынуы жоспарланып отырған өңірлердің тұрғындары мұндай бастамаларға көбінесе оң баға береді. Себебі, мұндай ауқымды жобаларды іске асыру аумақтардың кешенді дамуына ықпал ететіндігімен байланысты: жаңа жұмыс орындары ашылып, көліктік және инженерлік инфрақұрылым жүйелері дамиды, жергілікті бизнес қызметтеріне сұраныс артады, сондай-ақ инвестициялар тартылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша мүмкіндіктер ашылады.

Сондықтан бүгінгі таңда атом энергетикасы туралы талқылау тек технологиялық мәселелермен шектелмейді. Мұнда электр энергиясын өндіру туралы ғана емес, сонымен бірге экономиканы ұзақ мерзімді дамыту, мемлекеттің энергетикалық тәуелсіздігін нығайту, өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елдің ғылыми-технологиялық дамуы үшін жаңа мүмкіндіктер жасау туралы айтылып отыр.

электр #атом энергиясы Дереккөз: bairaqmedia.kz

Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт науқаны кезеңінде жалған ақпарат пен манипуляциялық контенттің таралу қаупі артуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

⚡️Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы бұған дейін Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт науқаны кезеңінде жалған ақпарат пен манипуляциялық контенттің таралу қаупі артуы мүмкін екенін ескерткен болатын.

Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде қазақстандық танымал тұлғаның бейнесі пайдаланылған жалған жарияланымның таралып жатқаны анықталды. Онда азаматтар саяси партиялардың бірін қолдауға және бұқаралық іс-шараға қатысуға шақырылады. Сонымен қатар, аталған тұлғаның атынан саяси партияны қолдағаны үшін ақшалай сыйақы берілетіні туралы жалған уәделер таратылуда.

Жарияланымда аты аталған тұлғаның өзі бұл ақпаратты ресми түрде теріске шығарып, оқырмандарына оның жалған екенін мәлімдеді.

📌 Орталық азаматтардың сайлау заңнамасының негізгі талаптарын білуінің маңыздылығына назар аударады. Көп жағдайда заң талаптарының өрескел бұзылуы осындай манипуляцияларды бірден тануға мүмкіндік береді.

Сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру қағидаларына сәйкес азаматтың бейнесін оның жазбаша келісімінсіз үгіт материалдарында пайдалануға тыйым салынады.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Сайлау туралы» Заңына сәйкес кандидатты немесе саяси партияны қолдау үшін ақшалай төлемдер, тауарлар, қызметтер, қайырымдылық көмек, лотереялар не өзге де материалдық игіліктерді уәде ету арқылы сайлау алдындағы үгіт-насихатты жүргізуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, таралып жатқан жарияланымда өткізілуі ресми түрде расталмаған бұқаралық іс-шараға қатысуға шақырулар бар. Рұқсат етілмеген бұқаралық іс-шараларға қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, сайлау алдындағы үгіт Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және тек уәкілетті субъектілер арқылы жүзеге асырылады.

‼️Азаматтарды мұндай жарияланымдарға сын тұрғысынан қарауға шақырамыз. Егер таратылып жатқан ақпарат заң талаптарына анық қайшы келсе, саяси қолдау үшін ақшалай сыйақы уәде етсе немесе танымал тұлғалардың бейнесін олардың келісімінсіз пайдаланса, оның шынайылығына күмәндануға толық негіз бар. Сайлау науқанының барысы туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алып, тексерілмеген хабарламаларды таратпаңыз. Дереккөз: AntiFakeCenter

Жалған адам ұрлау мен донат үшін төбелес: Қазақстанда 9 стример жауапқа тартылды

Жалған адам ұрлау мен донат үшін төбелес: Қазақстанда 9 стример жауапқа тартылды

Қазақстан Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілерде заңға қайшы контент таратқан тоғыз авторды әкімшілік жауапкершілікке тартты.

  • Құрметті азаматтар! Ішкі істер министрлігі “Заң мен Тәртіп” қағидатын басшылыққа ала отырып, цифрлық кеңістіктегі заңнаманы бұзған әлеуметтік желі қолданушылары – құқыққа қайшы контенттің тоғыз авторын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Аталған азаматтар лайк, қаралым және донат үшін ештеңеден тайынбай, шектен шығып жатыр. TikTok-тағы тікелей эфирлерде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер көрсетіп, қауіпті пранктер ұйымдастырып, адамдарды қорлауда. Ең өкініштісі – олардың әдепсіз әрекеттеріне күн сайын әлеуметтік желілердің өзге қолданушылары, әсіресе кәмелетке толмаған балалар куә болды. Мысалы, TikTok-та “Бауырсақ” лақап атымен Астана қаласының 37 жастағы тұрғыны Ештаева Индира Оразқызы тікелей эфир барысында балағат сөздер айтып, заңсыз контент таратқан. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін оған әкімшілік айыппұл салынды. Алматы қаласында 32 жастағы Батырбек Ақтөре Сейсембекұлы тікелей эфир кезінде балағат сөздер айтып, айналасындағыларды қорлаған. Сот шешімімен ол бес тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Шымкент қаласында 20 жастағы Сейдалиев Данияр аудиторияның назарын аудару мақсатында тікелей эфирде электрошокер қолданып, адам ұрлау көрінісін әдейі ұйымдастырып, эфир барысында балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған. Осы әрекеті үшін ол сегіз тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жамбыл облысында “Алтын қыз” лақап атымен 41 жастағы Қасымова Лайло Джубанышбекқызы бірнеше рет тікелей эфирге шығып, балағат сөздер айтып, құқыққа қайшы контент таратқан. Оған да әкімшілік айыппұл салынды. Сондай-ақ осы облыста 19 жастағы Байбек Жарқынай мен Танаберганов Асылжанның TikTok-та донат жинау және аудитория тарту мақсатында тікелей эфирде бір-біріне әдейі дене жарақатын салып, “хайп” үшін контент жасағаны анықталды. Екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы да ескертеміз. Анонимді аккаунттың немесе телефон экранының ар жағында жасырынып қаламын деп ойламаңыздар. Ішкі істер министрлігінде кез келген құқық бұзушының жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін барлық қажетті құралдар бар. Осындай әрбір құқық бұзушылық анықталады. Әрбір құқық бұзушы заңға сәйкес жауапқа тартылады. Алдағы уақытта да құқық бұзушылардың есімдерін тек алдын алу және профилактикалық мақсатта жариялап, көрсететін боламыз. Біз қоғамдық мінез-құлық мәдениетін бұзатын, жастарға теріс үлгі көрсететін, дөрекілік, зорлық-зомбылық, адамдарды қорлау, әдепсіз әрекеттер және қоғамдық тәртіпке қайшы басқа да іс-әрекеттер арқылы танымал болуға тырысатын тұлғалардан цифрлық кеңістікті жүйелі түрде тазартуды жалғастырамыз. Азаматтардың басым көпшілігі мұндай контентті құптамайды. Халық интернетте заң бұзатындарға қатысты шара қолдануды талап етіп, полицияға тікелей жүгінеді. Әрбір мұндай өтініш міндетті түрде қаралады. Заң мен Тәртіп – жай ғана ұран емес, бұл әрбір азамат үшін міндетті қағида. Ішкі істер министрлігі оның сақталуын шынайы өмірде де, цифрлық кеңістікте де мүлтіксіз қамтамасыз етуді жалғастырады, – деді департамент бастығы – ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.

Ақпарат көзі Polisia.kz сайтында: https://polisia.kz/zhalghan-adam-urlau-men-donat-ushin-tobeles-qazaqstanda-9-strimer-zhauapqa-tartyldy/

Елорданың Орталық саябағында тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша кезекті рейд өтті

Елорданың Орталық саябағында тәртіп пен тазалықты сақтау бойынша кезекті рейд өтті Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоғамдық тәртіп пен тазалықты қамтамасыз етуге бағытталған күнделікті профилактикалық рейдтер өтіп жатыр. Кезекті іс-шара елорданың Нұра ауданындағы Орталық саябақ аумағында өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Рейдке аудан әкімдігінің қызметкерлері, Нұра аудандық полиция басқармасының өкілдері және еріктілер қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау және қала тұрғындары мен қонақтарының экологиялық жауапкершілігін арттыру.

Рейд барысында саябаққа келушілерге ескерту мазмұнындағы ақпараттық парақшалар таратылды. Сонымен қатар мамандар қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы жәшіктерге тастау және табиғатқа жанашырлықпен қарау қажеттігін түсіндірді.

«Бүгінгі іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қана емес, экологиялық тәртіп мәдениетін қалыптастыру. Әсіресе жаз мезгілінде демалушыларды қоқыс қалдырмауға, табиғатты аялауға және тазалық сақтауға шақырамыз. Жастар арасында түсіндіру жұмысына ерекше көңіл бөлеміз. Заңға және қоршаған ортаға құрметті жастайынан қалыптастыру өте маңызды», – деді Нұра аудандық полиция басқармасы қоғамдық тәртіп бөлімінің бастығының орынбасары Азамат Әжібаев.

Елорда тұрғыны Әділет Омаров мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Бүгін отбасымызбен табиғат аясында серуендеуге шықтық. Біз балаларымызға қоғамдық тәртіпті сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды үнемі үйретеміз. «Таза Қазақстан» жобасын әрдайым қолдаймыз, оның маңызын үйде балаларымызға да, жұмыста әріптестерімізге де түсіндіреміз. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құрып, қоғамда тыныштық орнап, табиғатқа жанашырлық әр адамның өмірлік ұстанымына айналса екен деймін», – деді ол.

Мұндай профилактикалық іс-шаралар азаматтардың құқықтық сауатын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясындағы профилактикалық рейдтер Астананың барлық алты ауданында тұрақты түрде өткізіліп келеді.

законипорядок #заңментәртіп

Өңірдегі автожолдардағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілуде?

Өңірдегі автожолдардағы қауіпсіздік қалай қамтамасыз етілуде?

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалы өңірдегі республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойыншажұмыстарды жалғастыруда. Жұмыстар Ақмола облысы бойынша 2026 жылға арналған кешенді мақсатты бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Бағдарлама жол инфрақұрылымының сапасын арттыруға және жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Биыл өңірдегі республикалық маңызы бар автожолдарда 20 мың шаршы метрденастам метр аумақта шұңқырларды жөндеу жұмыстары жүргізілді. 

Сонымен қатар, жыл басынан бері «ҚАЖсервис» ЖШС Ақмола облыстық филиалы тарапынан 1 575 жол белгісі орнатылып және жаңартылды, сондай-ақ 84ақпараттық панно қойылды. Бұл шаралар жүргізушілердің ақпараттандырылуын арттыруға, жол бойында бағыт-бағдарды жақсартуға және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға мүмкіндік береді.

Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етудің қосымша құралдарына ерекше назараударылуда. Қазіргі таңда облыс автожолдарында 138 стробоскоп орнатылды. Мамандардың айтуынша, стробоскоптар апат қаупі жоғары танылған учаскелерде, жол қиылыстарында және көру мүмкіндігі шектеулі жерлерде өте тиімді. Себебіолар жүргізушілердің назарын аударып, жылдамдықты дер кезінде төмендетуге ықпал етеді.

«Жолдарды күтіп ұстау және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған кешенді шараларең алдымен жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға арналған. Жол жабынын уақытылы жөндеу, жол белгілерін жаңарту және заманауитехникалық құралдарды орнату республикалық трассалардағы сапарлардықауіпсіз әрі жайлы етеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады», — деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Ақмола облыстық филиалында.

Сонымен қатар, сәуір айынан бастап өңірде лазерлік қауіпсіздік жүйелері енгізілді. Олар жарық сызықтарын тікелей жолға проекциялап, жүргізушілерге жақсырақ бағдар алуға көмектеседі. Жаңа технология жол-көлік оқиғаларының санынайтарлықтай азайтады деп күтілуде. Лазерлік бағдаршамдар әсіресе түнгі уақытта және көру мүмкіндігі нашарлаған кезде тиімді. Жарық сызықтары жүргізушінің көру аймағында тікелей пайда болатындықтан, дәстүрлі жол белгілеріне қарағанда ақпаратты жылдам қабылдауға мүмкіндік береді.

Жалпы, автожолдарды күтіп ұстау және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып, тұрақты бақылауда тұр.

Жолдардың сапасын жасанды интеллект тексереді

Жолдардың сапасын жасанды интеллект тексереді

Ақмола облысында жаңадан жөнделген автомобиль жолдарының сапасын енді цифрлық платформа бақылайды. Жасанды интеллект элементтерімен жабдықталған интеллектуалды жүйе әрбір алынған үлгіні жеке тексеріп, тиісті сараптамадан өткізеді.

Жөндеу жұмыстары аяқталған жол учаскелерінде мамандар жолжабынының сапасын тексеру үшін сынамалар алады. Әрбір үлгіге арнайы QR-код беріледі, ал оның алынған орны картада автоматтытүрде белгіленеді. Мамандардың айтуынша, цифрлық технологияларолардың жұмысын айтарлықтай жеңілдеткен.

«Бұрын барлық актілер қолмен толтырылатын. Қазір бұл жұмыстар электронды планшет арқылы жүргізіледі. Барлығы ыңғайлы, толық цифрландырылған және адам факторынан болатын қателіктердің алдын алады. Сонымен қатар, нысанды фотофиксациялау мен сынама алу кезінде де үлкен артықшылық бар. Фотосуретте сынамаалынған орынның нақты геолокациясы автоматты түрде көрсетіледі», – дейді «Жол активтері сапасының Ұлттық Орталығы» РМК Ақмола облысы бойынша филиалының сапаны бақылау бөлімінің басшысыИгорь Стефан.

Цифрлық платформа барлық үдерістің ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз етеді. Алынған сынамалар нақты уақыт режиміндебірыңғай деректер базасына тіркеледі. Мамандардың айтуынша, мәліметтерді бұрмалау мүмкін емес. Себебі зертханаға жеткізілгенматериалдар жасанды интеллектімен жабдықталған заманауиқұралдар арқылы сараптамадан өткізіледі, бұл зерттеу нәтижелерінің дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑