🌱 Бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы.
Табиғатты қорғап, туған өлкеміздің көркін сақтайық. Әрбір тазалыққа бағытталған іс – «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаудың нақты көрінісі.
🌱 Бүгінгі тазалық – ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағы.
Табиғатты қорғап, туған өлкеміздің көркін сақтайық. Әрбір тазалыққа бағытталған іс – «Таза Қазақстан» бастамасын қолдаудың нақты көрінісі.
♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.
Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.
Елорда саябақтарында профилактикалық рейдтер өтіп жатыр Астанада «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы мен «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында қоғамдық орындардағы тазалықты сақтау бойынша рейдтер тұрақты түрде жүріп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Елордадағы барлық ауданның саябағы мен демалыс орнында тұрғындарға қоршаған ортаны таза ұстаудың маңызы түсіндіріліп жатыр. Кезекті рейд Байқоңыр ауданындағы Ататүрік саябағында өтті.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері қоғам тәртібін бақылап, демалушыларға түсіндіру жүргізді. Тұрғындарға саябақ аумағын ластамау, қоқысты арнайы жәшіктерге тастау, гүлзарлар мен жасыл желекке ұқыпты қарау керек екені айтылды. Сонымен қатар экология мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ақпарат жадынамалары таратылды.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы полиция басқармасы Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің басшы орынбасары, полиция майоры Абзал Әбілдаевтың айтуынша, тазалықты сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында рейдтерді тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Негізгі мақсатымыз – тұрғындар мен қала қонақтарының табиғатқа және қоғамдық орындарға ұқыпты қарауына ықпал ету. Саябақтар мен демалыс орындарының тазалығы – қаланың көркі. Сондықтан тазалықты сақтау әр азаматтың жауапкершілігі екенін түсінуіміз қажет», – дейді полиция майоры.
Оның айтуынша, түсіндіру жұмысына қарамастан, кейбір азаматтар ескертулерге бейжай қарап, қоқысты арнайы жәшіктерге тастамайды. Сонымен бірге саябақтарда пикник ұйымдастырғаннан кейін қоқыстарын жинамай кететін жағдайлар да кездеседі.
Тазалық мәдениетін қалыптастыруда тұрғындардың өз жауапкершілігі де маңызды. Алматыдан елордаға қонаққа келген Айман есімді тұрғын Ататүрік саябағында немерелерімен күн сайын серуендейтінін айтты.
«Балаларға кішкентайынан тазалықты үйрету керек. Немерелеріме жеген балмұздақ пен тәттінің қағазын қоқыс жәшігіне тастау, гүлдерді жұлмау және айналаны ластамау керегін үнемі айтып отырамын. Тазалық әркімнің өзінен басталады. Осындай мәдениет қалыптастырсақ, қаламыз да әрдайым көрікті әрі таза болады», – дейді ол.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, рейдтердің негізгі мақсаты – азаматтарды жазалау емес, қоғамдық жауапкершілікті арттыру. Қоғамдық орындарды таза ұстау, табиғатқа ұқыпты қарау және ортақ кеңістікті күтіп ұстау – барша тұрғынның міндеті.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы түсіндіру және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да елорданың барлық саябағы мен демалыс орындарында жалғасады.

Қазақстан Өзбекстанға өсімдік майын жеткізуде көшбасшылық орнын сақтап қалды
Қазақстан қатарынан екінші жыл Өзбекстан нарығына өсімдік майларын жеткізетін ең ірі экспорттаушы ел болып қалып отыр.
2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы мамырға дейін Қазақстанның май өңдеу өнімдерінің Өзбекстанға экспорты 553 мың тоннаға жетті. Бұл өткен маркетингтік жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,8 мың тоннаға немесе 31%-ға артық.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның Өзбекстандағы өсімдік майлары нарығындағы үлесі 90%-дан асты. Соңғы бес маусым бойы жеткізілім көлемі тұрақты түрде өсіп келеді.
Сонымен қатар, май өңдеу саласы өнімдерінің жалпы экспорт көлемі де артып отыр. Маркетингтік жылдың тоғыз айында Қазақстан шетелге өсімдік майын, күнжара мен шротты 944 млн АҚШ долларына экспорттады.
Экспорттан түскен табыс 2024/2025 маркетингтік жылының қыркүйек-мамыр кезеңімен салыстырғанда 331 млн АҚШ долларына немесе 54%-ға өсті. Болжам бойынша, ағымдағы маркетингтік жылдың соңына қарай өсімдік майы, күнжара және шрот экспортының көлемі 1,15 млрд АҚШ долларынан асады.
Сыртқы нарыққа жеткізілімнің артуы отандық қайта өңдеу саласының дамуының нәтижесінде қамтамасыз етілуде. Қазіргі уақытта Қазақстандағы майлы дақылдарды өңдеу қуаты жылына 5,2 млн тоннадан асады, оның ішінде 4,4 млн тоннасы күнбағыс тұқымын өңдеуге тиесілі. Бұл Өзбекстандағы жалпы өңдеу қуатынан 700 мың тоннаға артық.
Жаңа кәсіпорындарды салу және іске қосу есебінен 2028 жылға қарай Қазақстанның май өңдеу саласының өндірістік қуатын жылына 8 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.
Қазақстанның май өңдеу өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Сонымен қатар, еліміз Орталық Азия мемлекеттерінің күнбағыс шротына деген қажеттілігін толық қамтамасыз етіп, күнбағыс майын экспорттау бойынша әлемде алтыншы орында тұр. Алдағы уақытта сала әлемдегі ең ірі үш экспорттаушының қатарына еніп, экспорттық түсімді 2 млрд АҚШ долларына дейін жеткізуді көздеп отыр.

Қазақстан құрамасы Халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды
2026 жылғы 13-21 шілде аралығында Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында 67-ші Халықаралық математикалық олимпиада (International Mathematical Olympiad, IMO) өтті. Әлемдегі ең беделді әрі ең көне зияткерлік білім жарыстарының біріне 117 мемлекеттен 700-ге жуық дарынды оқушы қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 күміс және 3 қола медаль жеңіп алды.
Күміс медаль иегерлері:

“Әділеттілік. Заң. Бірлік”: Шағалалы ауылында «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы өтті
Зеренді ауданының Шағалалы ауылдық кітапханасында «Әділеттілік. Заң. Бірлік» тақырыбында «Құқықтық мәдениет апталығы» аясында танымдық іс-шара ұйымдастырылды. Жиынға Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Е. Дәукенов қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Іс-шараның басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін нығайту, қоғамда әділеттілік қағидаттарын дәріптеу және азаматтардың құқықтық жауапкершілігін күшейту.
Кездесу барысында құқықтық әдебиеттер көрмесі таныстырылып, қатысушыларға қолданыстағы заңнамадағы өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері жөнінде кеңінен ақпарат берілді. Сондай-ақ заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және қоғамдағы бірлік құндылықтары төңірегінде еркін пікір алмасу ұйымдастырылды.
Осындай ағартушылық іс-шаралар құқықтық мәдениетті дамытуға, азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға және заң талаптарын құрметтеу дәстүрін нығайтуға ықпал етіп, қоғамның тұрақты дамуына өз үлесін қосады.

Қазақстанда 4,5 миллионнан астам әйел экономиканың әртүрлі салаларында еңбек етуде
2026 жылғы I тоқсанда халықтың жұмыспен қамтылуын іріктеп зерттеуі деректері бойынша, Қазақстандағы жұмыспен қамтылған әйелдер саны 4 527,1 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,6 мың адамға немесе 0,9% көп.
Олардың ішінде 3 602,0 мың адам (экономикадағы жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 79,6%) жалдамалы қызметкерлер болса, 925,1 мың адам (20,4%) өзін-өзі жұмыспен қамтығандар.
Жұмыспен қамтылған әйелдердің ең көп үлесі дәстүрлі түрде білім беру саласында шоғырланған. Бұл салада 902,2 мың әйел еңбек етеді, бұл жұмыспен қамтылған әйелдердің жалпы санының 19,9% құрайды. Екінші орында көтерме және бөлшек сауда саласы – 877,6 мың адам (19,4%), үшінші орында денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету саласы – 426,3 мың адам (9,4%). Сондай-ақ өнеркәсіпте 388,1 мың әйел (8,6%), ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 351,2 мың әйел (7,8%) жұмыспен қамтылған.
Бір жыл ішінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен операциялар саласында (+25,7%), әкімшілік және қосалқы қызмет көрсету саласында (+21,9%), көлік және қоймалау қызметінде (+16,2%) және өнеркәсіпте (+7,6%) тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде жұмыспен қамтылған әйелдер санының ең жоғары өсімі Қарағанды облысында (+7,8%), Ақтөбе облысында (+6,5%), Алматы қаласында (+6,3%) және Түркістан облысында (+6,1%) байқалды.
Қала халқы арасында жұмыспен қамтылған әйелдер саны ауылдық жерлермен салыстырғанда жоғары болды. Қалалық жерлерде жұмыспен қамтылған әйелдер саны 3 008,5 мың адамды құрады.

Сайлауалды науқан: партиялар арасындағы бәсеке күшейіп келеді Қазіргі сайлауалды науқан алғашқы күндерден-ақ бұрынғылардан айтарлықтай ерекшеленіп отыр. Бұрын үгіт кезеңі көбіне ресми кездесулер мен бағдарламаларды таныстырумен шектелсе, бүгінде партиялар әлеуметтік желілерді белсенді игеріп, дәстүрлі емес ашық форматтарды пайдаланып, бәсекелестерімен ашық пікірталасқа түсуде.
Үгіт-насихат науқанының алғашқы аптасының соңына қарай партиялар өз бағдарламаларын таныстыру кезеңінен сайлаушылардың назарын аудару жолындағы неғұрлым белсенді бәсекеге көшуде. Сайлауалды науқан қарқынды әрі мазмұнды сипат ала бастады.
«Әділет» партиясы бірқатар жария іс-шара өткізді. Түркістанда кәсіпкерлермен, аграршылармен және түрлі сала өкілдерімен кездесулерден кейін партия концерттік бағдарлама мен дрон-шоу қамтылған кешкі Open Air ұйымдастырды. Іс-шаралар барысында дене шынықтыру және спорт саласына қатысты мәселелер де көтерілді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) сараптамалық пікірталасқа басымдық беріп, сонымен бірге бәсекелестерінің бағдарламаларын ашық сынға алған алғашқы партиялардың бірі болды. Дөңгелек үстелде партия өкілдері бірқатар партия бағдарламаларының жекелеген ережелерін сынға алып, блогерлер мен шоу-бизнес өкілдерін партиялық тізімдерге енгізу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Бұдан бөлек, партия скандинавиялық жүріс бойынша республикалық спорттық акция өткізді. Акция ел өңірлерінде жалғасады.
«Байтақ» жасылдар партиясы өз науқанын экологиялық күн тәртібі төңірегінде жүргізуді жалғастыруда. Марафоннан бөлек, партия ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін дамытуға, биоалуантүрлілікті сақтауға және табиғат қорғау заңнамасын жетілдіруге арналған сараптамалық алаң құруға бастамашылық етті. Осылайша, партия өзінің бейінді тақырыбына берік екенін көрсетті.
Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) еңбек ұжымдарымен кездесулер барысында бәсекелестердің жекелеген ұсыныстарын сынға алды. Атап айтқанда, партия өкілдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеуді жою жөніндегі бастамаларға қарсы шығып, ЖСДП бағдарламасының әлеуметтік саясат саласындағы жекелеген ережелерін де сынға алды.
«Ауыл» партиясы дәстүрлі құндылықтар мен халықпен тікелей диалогқа басымдық беруді жалғастыруда. Республикалық штабын ашқаннан кейін партия өңірлерде брендтелген киіз үйлер орната бастады. Сонымен қатар партия өкілдері әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерді белсенді пайдаланып, азаматтардың сұрақтарына жауап беріп қана қоймай, партиялық тізімдердің құрамы мен кадр саясатын сынай отырып, бәсекелестерімен ашық пікірталасқа түсуде.
Науқанның үшінші күніндегі ең елеулі оқиғалардың бірі «Ақ жол» мен Respublica партиялары арасындағы өзара пікірталас болды. «Ақ жол» өкілдері Respublica бағдарламасының жекелеген тезистері партия өкілдерінің іс-әрекеттеріне қаншалықты сәйкес келетініне күмән келтіріп, мәлімделген қағидаттар мен партияның кейбір мүшелерінің қоғам алдындағы бейнесі арасындағы қайшылықтарды көрсетті. Бұған жауап ретінде Respublica «Ақ жолдың» өнеркәсіптік саясат саласындағы ұсыныстарын жеткілікті пысықталмаған әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қамтиды деп сынап, сонымен қатар отандық өндірісті дамыту жөніндегі өз көзқарасын ұсынды. Осылайша, қазіргі уақытта осы екі партия арасында ең елеулі ашық бағдарламалық пікірталас қалыптасты.
Жалпы, үгіт науқанының үшінші күні сайлау науқанының неғұрлым қарқынды кезеңге өткенін көрсетеді. Партиялар дәстүрлі емес коммуникация форматтарын барған сайын белсенді пайдаланып, танымал саяси бейне қалыптастыруға ұмтылып, бәсекелестерімен мазмұнды пікірталасқа түсуде. Нәтижесінде сайлауалды науқан мазмұнды әрі бәсекелі бола түсуде.

«Әділеттілік. Заң. Бірлік»: Зерендіде «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы өтті
Зеренді ауылының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде «Әділеттілік. Заң. Бірлік» тақырыбында «Құқықтық мәдениет апталығы» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Е.Дәукенов қатысып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығы мен заң үстемдігін нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру, қоғамда әділеттілік қағидаттарын дәріптеу және құқықтық жауапкершілікті күшейту.
Іс-шара барысында құқықтық тақырыптағы кітап көрмесі ұйымдастырылып, қатысушылар заңнамалық өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы ақпарат алды. Сонымен қатар, заң үстемдігі, қоғамдық тәртіп, азаматтық жауапкершілік және бірлік құндылықтары жөнінде ашық пікір алмасу өтті.
Мұндай іс-шаралар қоғамда құқықтық мәдениетті нығайтып, әр азаматтың заң талаптарын құрметтеуіне және елдің тұрақты дамуына өз үлесін қосуына ықпал етеді.

Аршалы мен Сарыоба станцияларында жаңартылған теміржол вокзалдары пайдалануға берілді
Ақмола облысында теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі ретінде Аршалы ауданы мен Сарыоба станциясында күрделі реконструкциядан өткен теміржол вокзалдары салтанатты түрде пайдалануға берілді.
Аршалы ауданындағы вокзал ғимараты алғаш рет 1945 жылы салынған болатын. Уақыт талабына сай нысан толықтай жаңғыртылып, ескі ғимарат іргетасына дейін бұзылып, оның орнына заманауи талаптарға сай жаңа вокзал бой көтерді. Жаңа ғимараттың аумағы бұрынғыдан 80 шаршы метрге кеңейіп, жолаушыларға арналған күту залы айтарлықтай ұлғайтылды.
Жоба жетекшісі Бекзат Төлестің айтуынша, вокзалда жолаушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінген.
– Ғимарат толықтай жаңадан салынды. Ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған күту бөлмесі мен санитарлық торап қарастырылған. Заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған вокзал барлық қазіргі стандарттарға толық сәйкес келеді. Жолаушылар легі көп болмаса да, тұрғындар үшін барлық қолайлы жағдай жасалды, – деді ол.
Сол күні Сарыоба станциясында да толықтай жаңартылған теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Бұрынғы вокзал 1938 жылы салынған. Ғимараттың техникалық жағдайы сын көтермейтін деңгейге жеткендіктен, оны толықтай бұзып, орнына жаңа вокзал салу туралы шешім қабылданған.
«Integra Construction» ЖШС Ақмола облыстық филиалының директоры Арман Нұрмұқановтың айтуынша, құрылыс барысында ескі ғимаратпен бірге инженерлік желілер де толық ауыстырылған.
– Жаңа вокзал қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бөлмелер, ана мен бала бөлмесі, арнайы санитарлық торап қарастырылған. Заманауи желдету, кондиционерлеу және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды. Сонымен қатар энергия үнемдейтін витраждар қолданылып, перронның 400 метрлік жағалау платформасы жаңартылды. Нысан толықтай тактильді навигациямен жабдықталған, – деді ол.
Сарыоба станциясының тұрғыны, теміржол саласының ардагері Серікбай Әбжанов бұл күнді көптен күткен қуанышты сәт деп бағалады.
– Мен осы жерде 1965 жылдан бері тұрамын, бүкіл еңбек жолым теміржолмен байланысты. Осы вокзалдан әскерге аттандық, жақындарымызды қарсы алып, шығарып салдық. Сондықтан бұл орынның әр тұрғын үшін орны бөлек. Бүгін жаңа, заманауи вокзалдың ашылғанын көру – үлкен қуаныш. Құрылысшылар мен теміржол саласының мамандарына алғыс айтамын. Елді мекендердің осылай көркейіп жатқанын көру ерекше әсер сыйлайды, – деді ардагер.
Жаңартылған Аршалы және Сарыоба вокзалдары өңір тұрғындарына қолайлы әрі қауіпсіз қызмет көрсетуге бағытталған. Заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған нысандар жолаушылардың сапалы қызмет алуына мүмкіндік беріп, теміржол көлігі саласының дамуына жаңа серпін береді.

© 2026 ЗЕРЕН
Theme by Anders Noren — Up ↑