Month: August 2026 (Page 10 of 40)

55 жыл бірге: Исеновтер отбасы дауыс берді

55 жыл бірге: Исеновтер отбасы дауыс берді

Жарты ғасырдан астам, нақтырақ айтқанда, 55 жыл отасқан Елжас пен Бақытжан Исеновтер отбасы үшін биылғы жыл ерекше. Дауыс беру күні ерлі-зайыптылар Қызылжар ауылындағы №2 сайлау учаскесіне бірге келді. Бұл – олардың ондаған жылдар бойы жалғасып келе жатқан ортақ дәстүрі.

Исеновтер үшін бүгінгі күн – ұзақ жылдарға созылған отбасылық тарихтағы тағы бір маңызды сәт. Олар 55 жыл бойы бірге өмір сүріп, өмірдің қуанышы мен қиындығын қатар өткерді, берекелі шаңырақ құрып, ең бастысы – өзара сыйластық пен қолдауды сақтай білді.

80 жастағы Бақытжан Молдабайқызы мен жұбайы сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Бұл олар үшін алғашқы дауыс беру емес. Дегенмен, ел өміріндегі әрбір маңызды сәтті олар әлі күнге дейін бірге қарсы алады.

«55 жыл ішінде талай нәрсені бірге өткердік. Қуанышты сәттер де, қиын кезеңдер де болды. Бірақ ең бастысы – әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп келеміз. Бүгін де бірге келдік. Еліміздің өміріне араласуға мүмкіндік бар кезде, оны пайдалану керек деп ойлаймыз. Балаларымыз бен немерелеріміз, шөберелеріміз бейбітшілік пен береке-бірлікте өмір сүрсе дейміз», – дейді ерлі-зайыптылар.

Исеновтер отбасының тарихы – тек отбасылық адалдықтың ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының да үлгісі. Жылдар өте ел өзгерді, балалар өсіп, немере мен шөбере сүйді. Алайда отбасы мен қоғам өміріндегі маңызды сәттерге бірге қатысу дәстүрі өзгерген жоқ.

Бүгін де Елжас пен Бақытжан Исеновтер өз таңдауларын бірге жасады. Олардың 55 жылдық ғұмыр жолы – берік отбасы өзара сенімге, сыйластыққа және қандай жағдайда да қатар қадам баса білуге негізделетінінің жарқын көрінісі.

Жастар алғашқы Құрылтай сайлауында белсенділік танытып жатыр

Жастар алғашқы Құрылтай сайлауында белсенділік танытып жатыр

Бүгін сайлау учаскелерінде жастардың белсенділігі айқын байқалады. Жас қазақстандықтар дауыс беруге келіп қана қоймай, сайлау процесін ұйымдастыруға да өз үлестерін қосып жүр. Астанада учаскелердегі жұмысқа «Жас сайлаушылар клубының» мүшелері атсалысуда.
Жас волонтерлер азаматтардың сұрақтарына жауап беріп, сайлау учаскесінде бағыт-бағдар көрсетуде, сондай-ақ алғашқы Құрылтай депутаттарын сайлаудың маңызы туралы ақпарат беріп жатыр. Бүгін елорданың өзінде қалалық сайлау комиссиясымен бірлесіп клубтың 29 мүшесі жұмыс істеп жатыр.
«Бүгін біз ерікті ретінде азаматтарға көмектесіп, сұрақтарына жауап беріп, қайда бару керектігін түсіндіріп жүрміз. «Жас сайлаушылар клубы» – жастарға сайлау процесіне тікелей қатысуға мүмкіндік беретін әрі оның ашықтығын арттыруға ықпал ететін бастама», – дейді клуб мүшесі Темірлан Мақұбаев.
Клуб мүшелерінің айтуынша, жастар қазірдің өзінде елдің қоғамдық өміріне белсене араласуға ұмтылып келеді.
«Біз, жастар, қазірдің өзінде Қазақстанның қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрміз. Әрбір азаматтың ел болашағына өз үлесін қосып, азаматтық ұстанымын білдіруге мүмкіндігі болуы керек деп санаймыз», – дейді клуб мүшесі Еркежан Қазбек.
«Жас сайлаушылар клубының» мүшесі, Нұрдәулет Мұқтарбек бүгін сайлауға келген әрбір азаматқа шын жүректен алғыс айтатынан жеткізді. «23 тамызда әр азамат сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасауы маңызды. Сайлауға бейжай қарамау – азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Бұл – еліміздің болашағына оң өзгеріс әкелетін маңызды қадамдардың бірі» – деп бөлісті.
«Жас сайлаушылар клубы» үшін мұндай жұмыс алғаш рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұған дейін оның мүшелері наурыз айындағы референдум қарсаңында жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға атсалысқан.

Олимпиада чемпиондары мен өнер қайраткерлері ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауында дауыс берді

Олимпиада чемпиондары мен өнер қайраткерлері ел тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауында дауыс берді

Бүгін Қазақстанда еліміздің тарихындағы алғашқы Құрылтай депутаттарының сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беруге белгілі мәдениет қайраткерлері, Олимпиада чемпиондары, басқа да спортшылар мен шығармашылық сала өкілдері де қосылып жатыр. Олар еліміздің әр қаласындағы сайлау учаскелеріне келіп, еліміз үшін маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға өз үлестерін қосты.
Дауыс берген танымал тұлғалардың бірі – Қазақстанның халық әртісі, 96 жастағы Бибігүл Төлегенова. Опера әншісінің Алматыдағы үйінде дауыс беруіне жағдай жасалды. Өз таңдауын жасағаннан кейін Бибігүл Төлегенова биылғы сайлаудың айрықша мәніне тоқталды. «Бұл – Құрылтайға алғашқы сайлау. Мен өз таңдауымды жасадым. Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз деп ойлаймын», – дейді опера әншісі.
Сайлауға қазақстандық олимпиада қатысушылары да белсенді қатысып жатыр. Мәнерлеп сырғанаудан 2026 жылғы қысқы Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыдағы №382 сайлау учаскесінде дауыс берді. Ал спорттық гимнастикадан 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Нариман Құрбанов №229 учаскеде өз таңдауын жасады. Бұл орынның спортшы үшін символдық мәні бар: сайлау учаскесі Нариман бала кезінде барған №80 балабақшада орналасқан.
Бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Назым Қызайбай оқу-жаттығу жиынында жүрген Алматы облысының Жаңашар ауылында дауыс берді. Ол алдын ала есептен шығару куәлігін алып, Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте орналасқан сайлау учаскесіне келді.
«Мен үшін дауыс беруге қатысу – өз ұстанымымды білдіріп, ел болашағына үлес қосу мүмкіндігі. Әр азамат өзінің таңдауы маңызды екенін түсінуі керек. Бүгін сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышымды орындадым», – деді спортшы.
Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да есептен шығару куәлігін пайдаланып, Астанада дауыс берді. Оның айтуынша, мұндай сайлау елімізде алғаш рет өтіп отыр және жаңа Құрылтай Қазақстанның дамуына тың серпін бере алады.
Белгілі ауыр атлет Денис Ұланов та дауыс беруге қатысқанын хабарлады. Спортшы үшін сайлау – өз пікірін білдіріп, ел болашағын айқындауға саналы түрде қатысудың мүмкіндігі.
«Бірлесе отырып, қоғамның дамуына ықпал етіп, жарқын болашақ құра алатынымызға сенемін. Сондықтан мен өз таңдауымды жасадым!» – деп жазды спортшы әлеуметтік желіде.
Қонаев қаласында «Қазақстан Барысы» турнирінің жеңімпазы, белгілі балуан Руслан Әбдіразақов дауыс берді. Спортшы өз шешімі мен нәтижесіне жауапкершілікпен қарауға дағдыланғанын айтып, ел үшін маңызды оқиғалардан шет қалмауды жөн санайтынын жеткізді. Оның сөзінше, ортақ болашағымыздың қандай болатыны және балаларымыздың қандай ортада өсетіні әр азаматтың таңдауына байланысты.
Алматыда дзюдодан әлем чемпионаттарының екі дүркін жүлдегері, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та Құрылтай депутаттарын сайлауда өз таңдауын жасады.
«Осындай маңызды оқиғадан шет қалғым келмеді. Баршаңызға сәттілік тілеймін. Елімізде әрдайым бейбітшілік орнап, Қазақстанымыз өркендей берсін», – деді спортшы.
Ал Семейдегі №84 сайлау учаскесіне белгілі әзілкеш, «Жайдарман» ойындарының шебері Еркебұлан Еңкебаев келді. Ол әр азаматтың дауысы – ел болашағына қосқан жеке үлесі екенін атап өтті.

Жұмыс үстінде де таңдаудан тыс қалмады: курьер мен жеткізуші дауыс берді

Жұмыс үстінде де таңдаудан тыс қалмады: курьер мен жеткізуші дауыс берді

Қосшы қаласындағы №740 сайлау учаскесіне дауыс беруге қызмет көрсету саласының өкілдері жұмыс киімімен келді. Курьер мен жеткізуші күнделікті жұмыс кестесіне қарамастан, уақыт тауып, өздерінің азаматтық таңдауын жасады.

Олардың жұмыс күні әдетте тапсырыстарды уақытылы жеткізу, тұрғындардың өтініштерін орындау және қала ішінде үздіксіз қозғалыспен өтеді. Соған қарамастан, сайлауға қатысу үшін арнайы уақыт бөліп, №740 учаскеге бірге келді.

«Жұмысымыздың қарқыны жоғары болғанымен, сайлауға қатысуға уақыт табуға болады деп ойлаймын. Бүгін өз таңдауымызды жасап, кейін жұмысымызды жалғастырамыз. Әр азаматтың дауысы маңызды», – деді қатысушылардың бірі.

Жұмыс киіміндегі курьер мен жеткізушінің сайлау учаскесіне келуі тұрғындардың назарын аударды. Бұл көрініс азаматтық белсенділіктің мамандыққа немесе жұмыс кестесіне қарамай, әр адамның күнделікті өмірінің бір бөлігі бола алатынын көрсетті.

Сайлау учаскесінен шыққан соң қызметкерлер өз жұмыстарына қайта кірісіп, күнделікті міндеттерін жалғастырды. Осылайша олар еңбек ету мен азаматтық жауапкершілікті қатар алып жүруге болатынын өз үлгісімен көрсетті.

Көкшетауда 100 жастағы Евдокия Беккер дауыс берді

Көкшетауда 100 жастағы Евдокия Беккер дауыс берді

Сайлау күні Көкшетау қаласының 100 жастағы тұрғыны Евдокия Беккер сайлауға қатысты. Жасына байланысты сайлау учаскесіне өздігінен баруы қиындағандықтан, учаскелік комиссия мүшелері оның үйіне барып, дауыс беруді жылжымалы жәшік арқылы ұйымдастырды.

Евдокия Александровна комиссия мүшелерін қуанышпен қарсы алды. Аздап толқығанына қарамастан, ол дауыс беруге қатысуға ниетті екенін бірден білдіріп, рәсімнің тәртібіне қатысты түсіндірмелерді мұқият тыңдады.

Оның өмір жолы Қазақстанмен тығыз байланысты. Евдокия Беккер Архангельск облысынан комсомол жолдамасымен Қазақстанға тың игеруге келген. Осында бухгалтер мамандығын меңгеріп, кейін Арықбалық ауданынан Көкшетау қаласына қоныс аударған соң ұзақ жылдар бойы Горпромторгта еңбек етті. Ол ғұмырында бірде-бір сайлауды жібермеген.

Бүгін бұл дәстүр жалғасын тапты. Комиссия мүшелері дауыс беру тәртібін түсіндіргеннен кейін, Евдокия Александровна тізімге қол қойып, бюллетеньді алып, жылжымалы сайлау жәшігіне салды.

«Егер дауыс беруге мүмкіндік болса, оны пайдалану керек деп әрдайым ойлайтынмын. Жүз жасқа келсем де, сайлауға қатысқым келеді. Елімізге бейбітшілік, ал жастарға жарқын болашақ тілеймін», – деді Евдокия Беккер.

Дауыс бергеннен кейін ол комиссия мүшелеріне алғысын айтып, дендеріне саулық тіледі.

100 жастағы көкшетаулықтың сайлауға қатысуы – өмір бойы ұстанып келе жатқан азаматтық дәстүрінің жалғасы. Оның таңдауы аға буынның ел болашағына деген жанашырлығы мен жауапкершілігін көрсетеді.

Ақмола облысында жас жұбайлар дауыс беруге бірге келді

Ақмола облысында жас жұбайлар дауыс беруге бірге келді

Ақмола облысында бірнеше жас отбасы үшін дауыс беру күні ерекше мәнге ие болды. Кейбірі некелерін дауыс беру қарсаңында қиса, енді бірі бірнеше күн бұрын ғана шаңырақ көтерген. Бүгін олар жаңа отбасы мәртебесінде сайлау учаскелеріне бірге келіп, өз таңдауларын жасады.

Станислав пен Лаура Сенько дауыс беру күні қарсаңында некелерін ресми түрде тіркеген. Бүгін жас жұбайлар сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс беруге қатысты.

«Отбасылық өмірімізді енді ғана бастап жатырмыз. Сондықтан жаңа мәртебедегі алғашқы күндеріміздің бірін бірге өткізіп отырғанымыз біз үшін ерекше. Бүгін сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық», – дейді Станислав пен Лаура Сенько.

Дауыс беруге бірге келген тағы бір жас отбасы – Мұрат Дәуренбек пен Әлия Алтынбек. Олар 2026 жылғы 18 тамызда некелерін тіркеген. Бүгін ерлі-зайыптылар №284 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Жас жұбайлар үшін бұл – шаңырақ көтергеннен кейінгі алғашқы ортақ әрі маңызды сәттердің бірі. Олар сайлау учаскесіне бірге келіп, өз таңдауларын жасап, бұл күнді отбасы тарихындағы тағы бір ерекше оқиғамен толықтырды.

Осылайша, қос жұп үшін бүгінгі күннің орны бөлек болды. Отбасылық өмірдің басталуымен қатар, оларды біріктірген тағы бір маңызды ортақ оқиға – дауыс беруге бірге қатысу болды. Жас отбасылар үшін сайлау учаскесіне бірге келу олардың жаңа өмір жолындағы алғашқы есте қаларлық сәттердің біріне айналды.

Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзушылық байқаған жоқпыз – ШЫҰ байқаушылары

Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзушылық байқаған жоқпыз – ШЫҰ байқаушылары

Қазақстанда алғашқы Құрылтай сайлауы ойдағыдай өтіп жатыр. Бұл туралы елордада Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығындағы баспасөз мәслихатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы миссиясының өкілі, ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Т.Р. Мидхун мәлім етті.
Оның айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өкілдері Қазақстан Республикасының Құрылтайына депутаттарды сайлаудың дайындығына және оны өткізу барысын халықаралық деңгейде байқау үшін белсенді түрде қатысып жатыр.
Айта кетейік, ШЫҰ өкілдері Қазақстанға 20 тамызда келіп, сайлау алдында дайындық жұмыстарын бағалау үшін түрлі сайлау учаскелеріне барған.
– Бүгін таңертеңгі сағат 6:30-дан бастап біздің топ Астананың түрлі аудандарындағы бірнеше сайлау учаскесін аралады. Қазіргі уақытқа дейін біз ешқандай заң бұзу дерегін байқаған жоқпыз және ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, процестің әлі де жалғасып жатқанын атап өткім келеді. Біздің команда сайлау процесін байқауды жалғастырада, сондықтан ертең осы жұмысты қорытындылаймыз. Атап айтқанда осы уақытта күрделі мәселелер болған жоқ. Меніңше, бәрі ойдағыдай өтіп жатыр, – деді ол.
ШЫҰ миссиясы аясында Ұйымға мүше алты мемлекеттен келген 17 байқаушы аккредиттелді. Олардың қатарында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің заң шығарушы, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, осы мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық өкілдіктерінің қызметкерлері, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының лауазымды тұлғалары бар.
Осы орайда ол миссия мүшелері бүгін сайлау учаскелері ашылған сәттен байқаушы ретінде жұмыстарына кіріскенін айтты. Байқаушылар дауыс беру процесінің ұйымдастырылуын, сайлаушыларға жасалған жағдайларды және учаскелік комиссиялардың жұмысын зерделеді. Бұл ретте миссия өкілдері Астана қаласы мен Ақмола облысы аумағына барды.

  • Миссия мүшелері дауыс беру учаскелерін еркін аралап, бақылау бағыттарын өз бетінше айқындауда. Біздің жұмысымыз үшін қажетті жағдайлар жасалған, – деді Т.Р. Мидхун.

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының бақылаушылары: Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының бақылаушылары: Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының халықаралық бақылаушылары Алматыдағы алты сайлау учаскесіне барды. Миссия өкілдері азаматтардың белсенділігін, дауыс беру үдерісінің ашықтығын, сайлау комиссиясы мүшелерінің жоғары деңгейдегі дайындығы мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға сайлауда жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Бақылаушылар барған учаскелерде заң бұзушылық тіркелмеген.
Алматыда жұмыс істеген топтың құрамына Түркия, Әзербайжан мен Қырғызстан парламентінің өкілдері кірді. Олардың қатарында ТМПА-ның Құқықтық мәселелер мен халықаралық қатынас жөніндегі комиссиясының мүшесі, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Филиз Кылыч; ТМПА-ның Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселе жөніндегі комиссиясының мүшесі, Әзірбайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов; ТМПА-ның Білім, мәдениет, әлеуметтік және гуманитарлық мәселе жөніндегі комиссиясының төрағасы міндетін атқарушы, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Ұлықбек Карыбек уулу мен ТМПА Бас хатшысының орынбасары міндетін атқарушы Бектур Базакечев бар.
Филиз Кылычтың айтуынша, сайлау учаскелерінде тыныш әрі қолайлы жағдай қалыптасып, комиссия қызметкерлері өз міндетін жақсы меңгерген.
«Сайлау учаскелері өте жақсы дайындалған. Әсіресе көру қабілеті бұзылған және мүгедектігі бар басқа да адамдар үшін барлық қажетті жағдайды жасағаны көрініп тұр. Жауапты тұлғалар сайлауды ұйымдастыру мәселесін жақсы біледі екен, жоғары деңгейде дайындалған», – дейді Филиз Кылыч.
Ол мұндай жұмыстың Түркияда да жүргізілетінін атап өтті. Алайда Қазақстанның дауыс беруге қолжетімді жағдай жасау тәжірибесі ерекше назар аударуға лайықты екенін айтты. Түркия өкілі өтіп жатқан сайлауды бүкіл түркі әлемі үшін маңызды оқиға деп атап, Құрылтайдың жаңа құрамына сайланатын депутаттарға сәттілік тіледі.
«Бұл сайлау қазақ халқына, Қазақстан Республикасы мен бүкіл түркі әлеміне игілік әкелсін деп тілеймін. Бауырлас Қазақстанмен ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түседі деп үміттенемін», – деп ағынан жарылды ол.
Әзірбайжан Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Мамедов саяси бәсекелестікке және сайлауға жеті партияның қатысып отырғанына назар аударды. Оның айтуынша, әртүрлі саяси күштер сайлауда елдің дамуына қатысты түрлі көзқарасты, дүниетаным мен тәсілді білдіреді.
«Сайлауға жеті партияның қатысуының өзі – демократия. Бұл – демократия мерекесі, өйткені мұнда жеті түрлі пікір, жеті түрлі дүниетаным мен жеті түрлі саяси көзқарас ұсынылған. Жалпы, Құрылтай дәстүрі барлық түркі халықтарына тарихи тұрғыдан жақын. Біздің ата-бабаларымыз маңызды мемлекеттік шешімді дәл осындай жиында қабылдаған. Сондықтан Қазақстанның бұл қоғамдық диалог формасын қайта жаңғыртып жатқанына қуаныштымыз. Бұл – исі түркіге ортақ тарихи мұра», – деді Хикмет Мамедов.
Дауыс беру күніне дейін миссия өкілдері саяси партиялармен кездесіп, сайлау науқанының барысын талқылады. Бақылаушының айтуынша, кездесуге қатысушылар сайлауға кедергі келтіретін ешнәрсені байқамаған.
Хикмет Мамедов жаңа бір палаталы Құрылтайдың құрылуы маңызды шешімдер қабылдайтін ұлттық дәстүрге сәйкес келетінін де атап өтті. Ол Қазақстан азаматтарының саяси ерік-жігеріне құрмет білдіріп, жеңісті сайлаушылар қолдаған партия иеленуі тиіс екенін айтты.
Қырғызстан өкілі Ұлықбек Карыбек уулу бақылаушылардың алты сайлау учаскесіне барғанын хабарлады. Оның айтуынша, дауыс беру ұлттық заңнама мен демократиялық стандартқа сәйкес ұйымдастырылған.
Бақылаушылар дауыс беру құпиясының сақталуына, комиссиялардың жұмысының ашықтығы мен азаматтардың белсенділігіне назар аударды. Учаскелерде әр жастағы сайлаушылар, оның ішінде жастар мен аға буын өкілдері болды. Демалыс күні болғанына қарамастан, тұрғындар дауыс беруге келіп, бақылаушылар барған учаскеде белсенділік жоғары болған.
Бектур Базакечев миссия өкілдерінің Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясымен, саяси партиялармен және сайлау үдерісінің басқа да қатысушыларымен кездесулер өткізгенін айтты. Бұл кездесулер учаскелердің дайындығы мен дауыс беруді ұйымдастыру барысы туралы ақпарат алуға мүмкіндік берген.
«Сайлаушының учаскеге келуінен бастап бюллетеньді жәшікке салуына дейінгі бүкіл үдерістің ашық, жария әрі ешқандай қысымсыз өтіп жатқанын көрдік», – деді ол.
Бақылау дауыс беру аяқталып, бюллетеньдер саналғанға дейін жалғасады. Осыдан кейін миссия өзінің қорытынды есебін ұсынады.
23 тамыздағы сайлау жаңа бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлау жөніндегі алғашқы сайлау болды. Оның құрамына бірыңғай жалпы ұлттық сайлау округі бойынша партиялық тізімдермен сайланатын 145 депутат кіреді. Депутаттық мандат үшін жеті саяси партия бақ сынап жатыр.

Тамара Вааль, «Власть» тілшісі:

Тамара Вааль, «Власть» тілшісі:
 
– Қасым-Жомарт Кемелұлы, жуырда Конституциялық сот жариялаған түсіндірмеге сәйкес, Сіздің Мемлекет басшысы ретінде Президент лауазымына қайта сайлануға құқығыңыз бар екен. Бұл жаңалық қоғамды елең еткізді. Сіз өз құқыңызды пайдаланып, 2029 жылғы Президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба? Президент сайлауы 2029 жылы өте ме, әлде кезектен тыс сайлау болуы мүмкін бе?
 
– Конституциялық сот осындай шешім қабылдады. Әлбетте, заң жүзінде менің қайта сайлануға құқығым бар. Бірақ алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте. Біз еліміздің алдында тұрған ауқымды міндеттерді еңсеруіміз керек. Тұтас Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, ең алдымен, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салуымыз қажет. Бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаржысын пайдалануға дайынмын. Халықтың игілігіне жарата алмасақ, қаражатты шетелдерде құнды қағаз ретінде ұстап отырудың қажеті қанша? Қаржыны жай ғана ұстап отыруға қарсымын. Қаражат халқымыздың, азаматтарымыздың игілігіне қызмет етуі керек. Әрине, әлемдегі жағдайға баса назар аударуымыз, жан-жақты талдауымыз қажет. Өздеріңіз білесіздер, геосаяси ахуал күрделі. Бұралаң жолмен жүргенімізге қарамастан, ел ішінде бейбітшілікті сақтап, дамуға қарай бет алып келеміз. Экономикалық өсім анық байқалады. Мұны негізгі халықаралық қаржы институттарының бағасы да растады. Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін.

t.me/aqorda_resmi

Содан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді

Содан кейін Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді

– Шын мәнінде, бүгін – еліміз үшін тарихи күн. Тұңғыш рет бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізіп отырмыз. Бұл – маңызды тарихи оқиға. Біз біртұтас ел болып, ауқымды реформалар жүргізіп жатырмыз. Мұны бәріңіз білесіздер, куә болып отырсыздар. Ойдағыдай нәтижелерге қол жеткіздік. Дегенмен алдымызда тұрған жұмыс ауқымды, мақсатымыз маңызды деп айтуға болады. Бүгінгі сайлау – осы жұмыстың бастауы ғана, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

t.me/aqorda_resmi

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑