Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Құрылтай депутаттары сайлауында дауыс берді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесіне барып, Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауында дауыс берді.
Тұсаукесер, ретро және кино кейіпкерлері: Құрылтайға алғашқы сайлау күнін қазақстандықтар мерекелік көңіл-күйге ұластырып жатыр
Түс ауа еліміздегі сайлау учаскелері тек бюллетень алып, дауыс беріп шығатын орыннан гөрі мерекелік алаңға көбірек ұқсай бастады. Учаскелерде ерекше көңіл күй орнаған. Бір жерде тұсаукесер рәсімі өтіп жатса, енді бір жерде 90-жылдардың көрінісі қайта жаңғырды. Ал дауыс беру кабинасының жанынан Чарли Чаплинді, «Канье Уэстті», ежелгі грек патшасын немесе тіпті «кофе-адамды» кездестіруге болады. Ақтөбеде Люлиндер отбасы дауыс бергеннен кейін №49 сайлау учаскесінде кішкентай Максимнің тұсауын кесті. Домбыраның үнімен, шашу шашылып, ақ тілектер айтылған сәтте бүлдіршіннің тұсауы кесілді. Ал алдына бірнеше сыйлық қойылып, таңдау ұсынылғанда Максим «Абайдың қара сөздері» кітабына қол созды. Осылайша отбасылық дәстүр мен елдік маңызы бар оқиға бір сәтте тоғысқан ерекше көрініс пайда болды. Батыс Қазақстан облысының Янайкин ауылында сайлау жастық шаққа саяхатқа ұласты. 1990 жылғы түлектер сайлау учаскесіне сол дәуірдің стилінде киініп, сол кезеңге тән көліктермен келді. Дауыс берер алдында олар би билеп, өткен күндердің атмосферасын қайта жаңғыртты. Ретро көңіл күйді Семейде де жалғастырды: қаланың екі тұрғыны дауыс беруге арнайы стильденген образбен келіп, мұны шаһардың тарихи сипатын тағы бір еске салуға деген ниетімен түсіндірді. Ал одан әрі сайлау учаскелеріндегі образдардың географиясы тіпті кеңейе түсті. Теміртауда грек этномәдени бірлестігінің өкілдерімен бірге Одиссей, Пенелопа және Телемах бой көрсетті. Астанада «Агамемнон» роликпен келсе, Ақсуда «Чарли Чаплин» де сайлау учаскесіне дәл осылай жетті. Алматыда қала тұрғындарына жақсы таныс кейіпкерге айналып үлгерген жергілікті «Канье Уэст» тағы да жұрт назарына ілікті. Ал сайлаушылардың бірі тіпті кофе стақанының костюмін киіп келген. Шығыс Қазақстанда арнайы образ ойлап табудың қажеті де болмады. Сүңгуір маман су астындағы жұмысынан кейін гидрокостюмін шешпестен бірден дауыс беруге аттанды. Ал Батыс Қазақстан облысының тұрғыны Замир Казиев нағыз «сайлау марафонын» жасады. Таңертең даладағы жұмысынан кейін ол сайлау учаскесіне алдымен атпен, одан кейін трактормен, автокөлікпен және велосипедпен жетті. Дауыс берген соң осы жолдың бәрін кері бағытта тағы жүріп өтуі керек. Ақтөбелік аналар да танымал интернет-трендті сайлау күніне бейімдеді. Олар үйдегі күнделікті тірліктен бірден дауыс беруге шыққандай, сайлау учаскесіне үй киімімен келді. Осы қызу офлайн өмірмен қатар 16 сағаттық телемарафон да жалғасып жатыр. Тікелей қосылымдар, интерактивтер мен эфирлер Астана, Алматы, Шымкент қалаларын және АҚШ-тан Қытайға дейінгі шетелдік сайлау учаскелерін бір ақпараттық кеңістікке тоғыстырды. Түскі уақыт жақындаған тұста да сайлау учаскелеріндегі адам легі толастар емес. Кей жерлерде кезек қалыптасып, сайлау жәшіктері бюллетеньдерге тола бастағаны байқалады. Бүгін кезек бәріне ортақ. Дауыс беру үшін өз кезегін Алматы қаласының әкімі де, Түркістан облысының әкімі де күтуге тура келді.
Бұл сайлауға жоғары баға беремін – Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары
Қазақстандағы алғашқы Құрылтай сайлауын бақылауға келген халықаралық байқаушылар дауыс берудің ұйымдастырылуына назар аударды. Солардың қатарында Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары Сикандар Сұлтан Раджа да бар. Ол Астана қаласындағы 228 сайлау учаскесіндегі дауыс беру барысын бақылап, сайлаудың ұйымдастыру деңгейін жоғары бағалады. Оның айтуынша, сайлау учаскелеріндегі ұйымдастыру деңгейі мен тәртіп мәселесі ерекше әсер қалдырған. Пәкістандық байқаушы бақылау барысында сайлау процесіне қатысушылармен пікір алмасып, олардың атқарып жатқан жұмыстарына жауапкершілікпен қарайтынына көз жеткізген. «Біз жаңа ғана сайлау учаскесінде болдық. Ондағы тәртіп пен ұйымдастыру деңгейі бізге өте жақсы әсер қалдырды. Сонымен қатар халықаралық байқаушылардың бұл процеске үлкен қызығушылық танытып отырғанын көрдік», деді Сикандар Сұлтан Раджа. Халықаралық байқаушының айтуынша, әртүрлі мемлекеттердің өкілдері Қазақстандағы сайлау процесіне қызығушылық танытып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Пәкістанның Сайлау жөніндегі бас комиссары Қазақстанның сайлау жүйесіндегі цифрлық шешімдерге де назар аударған. Орталық сайлау комиссиясының цифрлық жобаларымен танысу барысында бірқатар бастамалардың халықаралық тәжірибе тұрғысынан қызығушылық тудырғанын атап өтті. «Біз Орталық сайлау комиссиясының цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарымен таныстық. Бұл біз үшін де пайдалы болды. Көптеген бастамаларды озық тәжірибе ретінде қарастыруға болады. Біз бұл жерден көп нәрсе үйрендік», – деді шетелдік байқаушы. Қазақстанда сайлаушыларға ақпарат беруді және сайлау процесін ұйымдастыруды жеңілдететін цифрлық сервистер де қолданылуда. Мәселен, ОСК сайлаушылардың сайлау учаскесіндегі тіркелуін тексеруге мүмкіндік беретін онлайн сервистерді іске қосқан. Сөз соңында Сикандар Сұлтан Раджа Қазақстандағы Құрылтай сайлауы елдің дамуы мен мемлекеттің нығаюына оң әсерін беретін тілге тиек етті. «Мен бұл сайлауға жоғары баға беремін. Өйткені осы сайлау арқылы жалпы сайлаушылардың өкілдері тікелей сайланады. Менің ойымша, бұл елдің одан әрі дамуына және мемлекеттің нығаюына ықпал етеді. Себебі бұл – қоғамның кең топтарының қатысуын қамтамасыз ететін неғұрлым инклюзивті сайлау болады», – деді Пәкістан Бас сайлау комиссары. Бұл сайлау Қазақстанның жаңа бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтайды қалыптастыруға бағытталған. Қазіргі сайлау науқаны аясында 145 депутатты сайлау көзделген. Сондықтан шетелдік байқаушылар үшін бұл науқанның мәні тек дауыс беру процесін бақылаумен шектелмейді. Олар жаңа саяси институттың қалай қалыптасып жатқанын, сайлау технологияларының қалай қолданылатынын және азаматтардың сайлау процесіне қатысуын да бағалап отыр.
Азаматтарды ақпараттандыруда еш кемшілік жоқ – Түркиядан келген байқаушы Құрылтайдың алғашқы сайлауы туралы пікір білдірді Бүгін – Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлау күні. Дауыс беру барысы сайлау учаскелерін аралап, сайлау процесінің ұйымдастырылуымен танысып жүрген халықаралық байқаушылардың қатаң бақылауымен өтіп жатыр. Олардың қатарында Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Сердар Мутта да бар. Ол Қазақ ұлттық өнер университетінде орналасқан сайлау учаскесіне барып, дауыс берудің ұйымдастырылуына қатысты өз пікірін білдірді. Сердар Муттаның айтуынша, Түркия делегациясы Қазақстанда екі күннен бері жүр. Бір күн бұрын халықаралық байқаушылар Орталық сайлау комиссиясының төрағасы және мүшелерімен кездескен. Кездесу барысында оларға елдің сайлау жүйесінің ерекшеліктері мен дауыс беру тәртібі түсіндірілген. «Азаматтарды ақпараттандыруда ешқандай кемшілік жоқ екенін көрдік. Орталық сайлау комиссиясы бұл жұмысты кәсіби деңгейде жүргізіп жатыр», – деді Сердар Мутта. Халықаралық байқаушы азаматтардың қай сайлау учаскесінде дауыс бере алатынын алдын ала білуі үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Қажетті ақпарат электрондық сервистер, БАҚ және Орталық сайлау комиссиясының түсіндіру жұмыстары арқылы қолжетімді. Сердар Мутта сайлау учаскесіне барған кезде комиссияның жұмысымен, бюллетеньдерді беру тәртібімен және азаматтарға жасалған жағдаймен танысты «Біз дауыс беру барысын тікелей бақыладық. Сайлаушылар жеке куәлігін көрсетіп, бюллетень алады, жабық кабинаға кіріп, таңдауын жасағаннан кейін толтырылған бюллетеньді жәшікке салады», – деді ол. Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы мүгедектігі бар азаматтарға да барлық мүмкіндік жасалғанына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, сайлау учаскесінде көру және есту қабілеті бұзылған сайлаушыларға арналған жеке кабина мен арнайы жүйе қарастырылған. Сердар Муттаның пікірінше, қолжетімді ортаның қалыптасуы азаматтардың сайлауға қатысуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жойып, олардың демократиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді. «Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасалғанын көрдік. Бұл Орталық сайлау комиссиясының Қазақстанның әрбір азаматына айрықша мән беретінін көрсетеді», – деді ол. Елдің саяси жүйесіндегі өзгерістерге тоқталған Сердар Мутта Орталық сайлау комиссиясының өкілдері байқаушыларға конституциялық өзгерістер мен қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері туралы ақпарат бергенін жеткізді. Ол демократиялық институттарды дамыту үнемі жетілдіруді қажет ететін сабақтастыққа негізделген процесс екенін де атап өтті. «Демократияның дамып, күн сайын жаңа тетіктермен толығып, жоғары деңгейге көтеріліп келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл үдеріс алдағы уақытта да жалғасын табады деп үміттенеміз», – деді Сердар Мутта. Халықаралық байқаушының айтуынша, Қазақстандағы сайлау қалыпты жағдайда әрі мерекелік көңіл күйде өтіп жатыр. Ол азаматтардың дауыс беруге қатысуын елдің демократиялық дамуының маңызды бөлігі деп атады. Сөз соңында Сердар Мутта Қазақстан халқына ізгі тілегін білдіріп, екі ел арасындағы тарихи және мәдени байланыстың тереңдігіне айрықша мән берді. «Біз Қазақстан халқын дос әрі бауырлас халық деп қабылдаймыз. Қазақстан демократиялық даму жолында күн сайын тағы бір қадам алға баса берсін деп тілеймін», – деді ол. Түркия Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Түркістанды түркі әлемінің рухани астанасы деп атап, Қожа Ахмет Ясауи мұрасының Қазақстан мен Түркия халықтары үшін айрықша маңызға ие екенін айтты. Сердар Муттаның сапары Қазақстанда өтіп жатқан сайлауды халықаралық байқау аясында жүзеге асты. Дауыс беру қорытындысы бойынша халықаралық байқаушылар сайлау процесінің ұйымдастырылуына қатысты өз бағалары мен қорытындыларын ұсынады.
«Құрылтай сайлауы жоғары деңгейде өтіп жатыр»: Тәжікстаннан келген халықаралық байқаушы Бүгін Қазақстанда Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Дауыс беру барысы халықаралық байқаушылардың да бақылауында. Тәжікстан Республикасының Сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода сайлау үдерісінен алған әсерімен бөлісті. Ол халықаралық байқауға қатысуға шақырғаны үшін Қазақстан тарапына алғыс айтып, биылғы сайлау науқанының елде жүргізілген конституциялық реформа аясындағы маңызына тоқталды. «Биыл көктемде Қазақстанда конституциялық реформа жүргізілді. Ол елдің сайлау жүйесі мен заң шығарушы билігіне де қатысты. Бұл Қазақстанда мемлекеттік институттарды дамыту бағытында жүйелі әрі жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын көрсетеді», – деді Бахтиёр Худоёрзода. Халықаралық байқаушы дауыс берудің ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Оның айтуынша, қажетті дайындық жұмыстары жүргізіліп, сайлаушыларға сайлауды өткізу тәртібі туралы ақпарат берілген. «Сайлаудың жоғары деңгейде өтіп жатқанын көріп отырмыз. Жоспарлы дайындық жүргізіліп, сайлаушыларды ақпараттандыру толығымен қамтамасыз етілген. Сайлауды өткізуге байланысты барлық мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілген», – деді ол. Бахтиёр Худоёрзода өзі барған сайлау учаскелеріндегі жағдай туралы да айтып берді. Оның сөзінше, учаскелік комиссиялар азаматтардың өз таңдауын кедергісіз жасауына барлық қажетті жағдайды жасаған. «Біздің байқауымызша, сайлаушылар өз ұстанымын ашық білдіріп, өздері лайық деп санайтын партияға дауыс беруі үшін учаскелік комиссиялар барлық жағдайды жасаған. Олардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруына қандай да бір кедергі келтіріліп жатқанын көрген жоқпыз», – деді Тәжікстанның Сайлау және референдум жөніндегі орталық комиссиясының төрағасы. Ол биылғы сайлаудың конституциялық өзгерістерден және заң шығарушы биліктің жаңа моделі қалыптасқаннан кейін өтіп жатқанына байланысты айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Сөз соңында халықаралық байқаушы Қазақстан халқына толағай табыс тілеп, еліміздің одан әрі дамып, өркендей беруіне тілектестік білдірді.
Қазақстанда сайлау мерекелік көңіл-күйде өтіп жатыр – Армениядан келген байқаушы Армения Орталық сайлау комиссиясының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы Эрмине Арутюнян елордадағы Қ. Мыңбаев атындағы мектеп-лицейге барып, №131 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты. Армения Орталық сайлау комиссия делегациясы Қазақстан Орталық сайлау комиссиясының ресми шақыруымен дауыс беру басталардан бір күн бұрын елімізге келген. Эрмине Арутюнянның айтуынша, сапардың алғашқы сағаттарынан бастап халықаралық сарапшыларға сайлауға дайындық барысымен танысуға және сайлау учаскелерін аралауға мүмкіндік берілген. «Біз дауыс беруге бір күн қалғанда келдік. Кеше Орталық сайлау комиссиясының жұмысымен танысуға мүмкіндік алдық. Орталық сайлау комиссиясы атқарып жатқан жұмыстың ауқымы бізге ерекше әсер етті», – деді спикер. Ол Қазақстанға бұл алғашқы сапары емес екенін атап өтті. Халықаралық байқаушылар Қазақстанда атқарылған ауқымды жұмысқа ерекше назар аударған. Олардың айтуынша, сайлау инфрақұрылымы жоғары деңгейде әзірленген. Барлық рәсім қолданыстағы заңнаманың қатаң талаптарына сай әрі нақты жолға қойылған. Бұл сайлаудың барлық кезеңіндегі барынша ашықтықты қамтамасыз етеді. «Дауыс беру күні азаматтардың белсенділігі жоғары екенін көріп отырмыз. Демалыс күніне қарамастан, ел тұрғындары таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне белсенді түрде келіп жатыр. Дауыс беру барысы еш кедергісіз, бірқалыпты өтуде. Бұл әрбір сайлаушыға қолайлы жағдай жасалғанын көрсетеді», – деді Эрмине Арутюнян. Ол сайлау учаскелерінде мерекелік көңіл-күйдің орнағанын да атап өтті. «Армения Республикасының жүз пайыздық пропорционалды сайлау жүйесіне негізделген парламенттік жүйе аясында көпжылдық тәжірибесі бар. Сондықтан Қазақстанда осыған ұқсас тетіктердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын үлкен қызығушылықпен бақылап отырмыз. Қазіргі реформалар елдің алдағы саяси дамуының берік негізін қалайды», – деді Армения Республикасы Орталық сайлау комиссиясының халықаралық ынтымақтастық және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы. Халықаралық байқаушылардың жоғары бағасына ие болған негізгі бағыттардың бірі – Қазақстандағы сайлау үдерісінің цифрландырылу деңгейі. Сайлауға дайындық және оны өткізу барысында заманауи технологиялық шешімдердің, электронды сервистер мен инновациялық тәсілдердің қолданылуы жүйенің ашықтығы мен технологиялық тұрғыдан жетілгенін көрсетеді.
ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылары Құрылтай сайлауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылары Қазақстандағы Құрылтай алғашқы сайлауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сайлау комиссияларының дайындық деңгейін және азаматтардың белсенділігін ерекше атап өтті. Таңертең сайлау учаскелеріне барғаннан кейін миссия мүшелерінің дауыс беру барысына қатысты ешқандай ескертулері болған жоқ. ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының халықаралық байқаушылар тобының үйлестірушісі, Ресей Мемлекеттік Думасының Қорғаныс комитетінің төрағасы Андрей Картаполовтың айтуынша, миссия өкілдері таңертең бірнеше сайлау учаскесіне арнайы барған. Байқаушылар №192 учаскеде оның ашылу рәсіміне де қатысқан. Оның сөзінше, барған барлық учаскелер дауыс беруді өткізуге қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген. — Біз барған барлық учаскелердің ешқайсысын бөліп-жармай атап өткім келеді: ұйымдастыру деңгейі де, дайындық деңгейі де өте жоғары. Учаскелер сайлаудың заңнама талаптарына қатаң сәйкес өтуі үшін қажетті дүниемен толық қамтамасыз етілген. Бұл учаскелерде жұмыс істеуге тартылған қызметкерлер дайындықтан өткен, өздерінің функционалдық міндеттерін біледі және оларды толық көлемде орындай алады. Біз болған барлық учаскеде жағдай қалыпты әрі лайықты деңгейде өтіп жатыр. Адамдар үлкен ықыласпен келіп жатыр, олардың шын мәнінде өздері лайық деп санайтын үміткерлерге дауыс бергісі келетіні көрініп тұр. Олар кейін жаңадан сайланған Құрылтайдан өз орындарын табады, – деді А.Картаполов Халықаралық байқаушыларға жәрдемдесу орталығында өткен брифингте. Беларусь Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының Адам құқықтары, ұлттық қатынастар және БАҚ жөніндегі комиссиясының мүшесі Эдуард Северин азаматтардың сайлауға деген жоғары қызығушылығына мән берді. Оның айтуынша, демалыс күніндегі сайлаушылардың белсенділігі олардың елдің саяси өміріне араласуының айқын көрсеткіші. — Бүгін демалыс күні болғанына қарамастан, адамдар саяси үдерістерге, өз мемлекетінің саяси өміріне қызығушылық танытып отыр. Осы тұрғыда болған өзгерістер Қазақстанның мемлекет ретінде, саяси субъект ретінде, ҰҚШҰ мен ТМД мүшесі ретінде, сондай-ақ осы ұйымдарға кіретін достас мемлекеттердің серіктесі ретінде неғұрлым табысты, тиімді әрі тұрақты дамуына ықпал ететіні сөзсіз, — деді Северин. Қырғызстан Жогорку Кенешінің Аграрлық саясат, су ресурстары, жер қойнауын пайдалану, экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі комитетінің мүшесі Нилуфар Алимжанова сайлау күнін тарихи күн деп атады. Оның айтуынша, миссия өкілдері сайлау үдерісін үшінші күн қатарынан бақылап отыр. — Сайлау күні әзірге ешқандай ескерту жоқ, ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Барлығы қатаң заңнама талаптарына сай өтіп жатыр. Сонымен қатар, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін де барлық қажетті шаралар қабылданып, тиісті жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді. Адамдардың сайлауға деген қызығушылығы шынымен жоғары, – деді Н.Алимжанова. Ресей Федерациясы Кеңесінің Халықаралық істер комитеті төрағасының орынбасары Баир Жамсуев сайлау учаскелерінде азаматтардың еркін таңдау жасауына қажетті жағдайлардың жасалғанына назар аударды. Атап айтқанда, дауыс беруге арналған кабиналар толық жабдықталған және сайлаушылар қажетті ақпаратпен таныса алатын стендтер орналастырылған. — Сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелері негізінен мұндай іс-шараларды өткізуде мол тәжірибесі бар адамдар екенін ерекше атап өткім келеді. Олар тиісті оқудан өткен және дауыс беру учаскелеріне келген сайлаушылармен қажетті жұмысты тиісті әрі кәсіби деңгейде жүргізіп жатыр, – деді Жамсуев. Миссия жұмысының аралық қорытындысын оның үйлестірушісі Андрей Картаполов шығарды. Оның айтуынша, миссия мүшелері сайлау үдерісінің ұйымдастырылуы мен дайындық деңгейінің жоғары екенін, сондай-ақ азаматтардың дауыс беруге белсенді қызығушылық танытып отырғанын айтты. — Тағы да атап өткім келеді: біз болған барлық жерде заңнама талаптарының қатаң сақталуынан қандай да бір ауытқудың бірде-бір белгісін байқамадық. Менің ойымша, басқа жерлерден де мұндай жағдайды көрмейміз. Қазақстан халқын осы мерекемен құттықтаймын, баршаңызға зор денсаулық пен амандық тілеймін және халықтың еркін шынымен білдіретін азаматтар сайлансын, – деді Картаполов. Байқаушылар өз жұмыстарын жалғастырып жатыр. Олар қалалық сайлау учаскелерімен қатар, ауылдық жерлердегі учаскелерге де баруды жоспарлап отыр. Миссия сайлауды бақылау жұмысы аяқталғаннан кейін қорытынды тұжырымдарын ұсынады.
Ильясовтар отбасы «Ұрпақтар бірге» акциясына қатысты
Қосшы қаласында Ильясовтар отбасының бірнеше буын өкілі «Ұрпақтар бірге» акциясы аясында сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс беруге қатысты. Бірнеше ұрпақтың бір күнде бас қосып, өз таңдауын жасауы отбасы үшін жақындарымен бірге маңызды сәтті өткізудің және ұрпақтар сабақтастығын көрсетудің тағы бір мүмкіндігі болды.
Үлкен әулеттің ұйытқысы – 85 жастағы Қарлығаш Ильясова. Ол төрт баланың анасы, 12 немеренің, 33 шөберенің және екі шөпшектің әжесі. 2013 жылдан бері оның шаңырағында үш буын өкілі – Қарлығаш Ильясованың өзі, келіні және немере келіні бірге тұрады.
«Біздің отбасымыз үшін үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор болу өте маңызды. Маңызды күндері бірге болуға тырысамыз. Сондықтан бүгін бірнеше буын болып сайлау учаскесіне келдік. Бұл – отбасылық дәстүрлерімізді жалғастырудың тағы бір мүмкіндігі», – деді Қарлығаш Ильясова.
«Ұрпақтар бірге» акциясы бүгін Ақмола облысының қалалары мен аудандарындағы сайлау учаскелерінде ұйымдастырылуда. Ильясовтар отбасы үшін оған қатысу – бірнеше ұрпақты біріктіретін дәстүрлердің заңды жалғасы.
Әулетте үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық көрсетуге ерекше мән беріледі. Отбасы мүшелері маңызды күндерді бірге өткізуге тырысады. Бұл ұстаным балалар тәрбиесінен де көрініс табады.
Ильясовтардың немерелері мен шөберелері білімге, спортқа және шығармашылыққа белсенді қызығады. Олар түрлі олимпиадаларға қатысып, футбол және жүзумен айналысады, сурет салуды, кітап оқуды ұнатады. Отбасында бір дастархан басына жиналу, үлкендердің батасын алу, кітап оқу, табиғатты қорғау және қонақ күту дәстүрлері де берік сақталған.
Жасына қарамастан, Қарлығаш Ильясова белсенді өмір салтын ұстанып, үнемі жаңа дүниені үйренуге талпынады. YouTube желісіндегі бейнесабақтар арқылы тігін тігуді меңгеріп, жақындарына көрпе, жастық және басқа да бұйымдар жасап жүр. Сонымен қатар қазақ тіліндегі сөзжұмбақтарды шешуді де ұнатады.
Отбасылық құндылықтар әулет мүшелерінің кәсіби өмірінен де көрініс табады. Қарлығаш Ильясованың келіні Сұлуай көп жылдан бері педагог болып еңбек етіп келеді. Оның еңбегі 2025 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен атап өтілді.
Ильясовтар отбасы өз тарихын кейінгі ұрпаққа жеткізуге де ерекше мән береді. Қарлығаш Ильясованың 85 жылдығына орай қызы Бағила Саламатқызы бірнеше ұрпақтың отбасылық естеліктері мен тарихы жинақталған «Өмір жолындағы отбасылық естеліктер» атты кітап дайындаған.
Ильясовтар отбасының «Ұрпақтар бірге» акциясына қатысуы – ортақ құндылықтар мен маңызды оқиғалардың аға буын мен кейінгі ұрпақты қалай біріктіретінінің жарқын үлгісі. Бірнеше буынның сайлау учаскесіне бірге келуі олар үшін жай ғана дауыс беру емес, отбасылық дәстүрді жалғастырып, маңызды сәтте бір-біріне жақын болудың тағы бір көрінісіне айналды.
Құрылтай сайлауы күні жалпыұлттық онлайн-марафон өтіп жатыр
Бүгін, 23 тамызда, ел тарихында алғаш рет өтіп жатқан Құрылтай сайлауына арналған жалпыұлттық онлайн-марафон өтуде. Тікелей эфир 09:00-ден 00:30-ға дейін жалғасады.
Марафон аясында қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және тарихи-мәдени тақырыптар талқыланып, танымдық дәрістер, сұхбаттар, викториналар мен ойын-сауық форматтары ұсынылады. «Қарқынды құрылыс» жобасы аясында елдегі маңызды құрылыс нысандарынан арнайы репортаждар көрсетіледі.
📍 Астана, Алматы және Шымкенттен де тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, үш мегаполистің сайлау күніндегі тыныс-тіршілігі көрсетіледі.
Ақмола облысында еңбек ұжымы сайлауға велосипедпен келді Сайлау күні Ақмола облысының Жақсы ауылында еңбек ұжымы дауыс беруге барудың ерекше форматын ұйымдастырды. Қызметкерлер №472 сайлау учаскесіне велосипедпен бірге келіп, күнді белсенді қозғалыстан бастап, сайлауға қатысуды ұштастырды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Таңертең акцияға қатысушылар белгіленген жерде жиналып, кейін велосипедшілер колоннасы ауыл көшелерімен сайлау учаскесіне қарай бағыт алды. №472 сайлау учаскесіне жеткен соң ұжым мүшелерінің әрқайсысы өз таңдауын жасады.
«Біз сайлау учаскесіне велосипедпен бірге келуді жөн көрдік. Бұл – күнді белсенді бастаудың жақсы тәсілі. Сонымен қатар дауыс беруге қатысуды күнделікті өмір салтымызбен ұштастыруға болатынын көрсеткіміз келді», – деді акцияға қатысушылар.
Велошеруге қатысқан қызметкерлер сайлау учаскесіне бірге келіп, дауыс бергеннен кейін күнделікті жұмыстарына қайта оралды. Ұжым үшін бұл сапар тек ерекше форматтағы бастама ғана емес, маңызды күнді бірге өткізудің жақсы мүмкіндігі болды.
Сайлау күні Ақмола облысының әр түкпірінде осындай түрлі бастамалар ұйымдастырылып, тұрғындарды біріктіріп, ерекше көңіл күй қалыптастыруда. Жақсы ауылындағы велосипедпен келген еңбек ұжымының бастамасы да белсенді өмір салты мен азаматтық жауапкершіліктің қатар жүретінін көрсетті.