Month: August 2026 (Page 16 of 40)

Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

Sarap сарапшылары сайлау науқанының аралық қорытындыларын талқылады

2026 жылғы 20 тамызда Ақтөбе қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстандық қоғамдық даму институты «Сайлау – 2026: сайлау науқанының аралық қорытындылары және дауыс беру алдындағы жұмылдыру» тақырыбында «SARAP» сарапшылар клубының көшпелі отырысын өткізді.

Отырыс барысында сарапшылар ағымдағы сайлау науқанының аралық қорытындыларын, қоғамдық-саяси үдерістердің динамикасын және халықтың электоралдық белсенділік деңгейін талқылады. Дауыс беру қарсаңындағы азаматтардың көңіл күйіне, олардың сайлау үдерісіне қатысуына, сондай-ақ саяси партиялардың үгіт-насихат жұмысының негізгі бағыттарына ерекше назар аударылды.

Сараптамалық талқылауға Астана қаласының, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының қоғамдық-саяси, академиялық және ғылыми-зерттеу орталарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, үкіметтік емес сектор мен азаматтық қоғамның өзге де институттарының өкілдері қатысты.

Отырысты Қазақстандық қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқанова ашып, сайлау науқанының қазіргі кезеңінің ерекшеліктеріне тоқталды. Спикер қазіргі сайлау науқанының маңызды ерекшеліктерінің бірі ретінде партиялардың бағдарламалары мен саяси ұстанымдарын ашық талқылауға мүмкіндік беретін, сайлаушылардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп, саяси бәсекенің мазмұнды дамуына ықпал ететін теледебаттардың өткізілуін атап өтті. «Сонымен қатар, сайлау – қоғамдық-саяси үдерістің соңғы нүктесі емес. Дауыс беру аяқталғаннан кейін қоғам алдындағы жауапкершілік одан әрі арта түседі. Сайлауалды кезеңде айтылған бастамалар мен азаматтардың сұраныстары нақты шешімдерде жалғасын табуы маңызды. Сондықтан сайлаудан кейін де мемлекет, саяси партиялар, азаматтық қоғам және сарапшылар арасындағы диалогты сақтау қажет», – деп атап өтті.

ҚҚДИ Институционалдық талдау және реформалар орталығының басшысы Риззат Тасым сайлау науқанының қазіргі кезеңіне шолу жасап, оның негізгі үрдістері мен өңірлердегі электоралдық үдерістердің ерекшеліктеріне тоқталды: «Азаматтар ел дамуының негізгі саяси бағдарларын кеңінен қолдайды. Стратегиялық мақсаттарға қатысты қоғамдық ұстанымдардың ұқсастығы ерекше мәнге ие. Бұл Қазақстан дамуының негізгі бағыттары бойынша орнықты қоғамдық консенсустың қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Мұндай ортақ түсінік елдің ұзақ мерзімді мақсаттарын дәйекті әрі жүйелі жүзеге асыру үшін берік қоғамдық негіз қалыптастырады».

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ президенті Арман Елдесов қоғамдық сұраныстармен мазмұнды жұмыс істеп, салмақты шешімдер қабылдай алатын кәсіби Құрылтай қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. «Бүгінде азаматтар анағұрлым ақпараттанған, қоғамда болып жатқан қоғамдық-саяси үдерістерді жақсы түсінеді және саяси институттардың қызметіне саналы түрде баға береді. Сонымен бірге саяси өкілдіктің сапасына қойылатын талаптар да артып келеді. Бұл тұрғыда Ақтөбе азаматтық белсенділіктің жоғары деңгейін және тұрғындардың қоғамдық-саяси күн тәртібіне қызығушылығын көрсетіп отыр», – деді сарапшы.

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры Нарқазы Қартжан жастардың қоғамдық-саяси белсенділігінің жоғары екеніне назар аударып, студенттермен тұрақты жұмыс олардың нақты сұраныстарын, қызығушылықтарын және елде болып жатқан үдерістерге көзқарасын түсінуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Жастармен тікелей жұмыс істей отырып, біз олардың сұраныстарын, қызығушылықтары мен үміттерін жақсы білеміз. Бүгінде жастар қоғамдық-саяси үдерістерді жіті қадағалап, өз ұстанымдарын ашық білдіреді және ел үшін маңызды мәселелерді талқылауға дайын. Біз жастардың саяси белсенділік деңгейінің айтарлықтай жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан олардың үнін естіп қана қоймай, жастардың елдің қоғамдық және саяси өміріне мазмұнды қатысуына жағдай жасау маңызды», – деп мәлімдеді.

Маңғыстау облысының басқарушы, сервистік компаниялар және мүлік иелері бірлестіктері қауымдастығының төрағасы, облыстық Қоғамдық кеңестің мүшесі Қайырғали Қалмұқанов азаматтардың заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейту қажеттігіне назар аударып, адамдардың практикалық тәжірибесі мен сұраныстары қабылданатын шешімдерде көрініс табуы тиіс екенін атап өтті. Ол мысал ретінде төрт заңды талқылау мен әзірлеуге қатысқан өз тәжірибесін келтірді: «Заң шығару үдерісіне кәсіби саясаткерлер мен сарапшылар ғана емес, қарапайым азаматтар да белсендірек қатысуы маңызды. Кейіннен заңнамалық шешімді талап ететін мәселелермен жергілікті жердегі адамдар тікелей бетпе-бет келеді. Бізде мұндай тәжірибе бар – төрт заң бойынша жұмысқа қатысып, өз ұсыныстарымызды енгіздік және азаматтардың пікірі шынымен де маңызды екенін көрдік. Сондықтан қоғамның заңнаманы жетілдіруге тікелей қатысуына көбірек мүмкіндік жасау қажет».

М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің шұғыл және жедел медициналық көмек кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Айнұр Донаева денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер мен әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтерге қатысты азаматтардың сұраныстарына тоқталды: «Электоралдық көңіл күй мен сайлаушылардың мінез-құлқы айқын өңірлік ерекшелікке ие. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасы жалпы қоғамдық күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып табылады».

Атырау қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Арман Баженов азаматтардың сайлау үдерісіне қатысу белсенділігі мен өңір тұрғындарының негізгі қоғамдық сұраныстары жөнінде пікір білдірді: «Жақын арада еліміздің тарихындағы тұңғыш Құрылтайдың құрамы айқындалады. Өңірлік Қоғамдық кеңестің төрағасы ретінде Халық Кеңесінің Құрылтаймен өзара іс-қимылының басталуын үлкен қызығушылықпен күтемін. Жаңа институционалдық модель азаматтық қоғамның заң шығару үдерісіне қатысуын кеңейтудің, қоғамдық бастамаларды ілгерілетудің және азаматтардың мүдделерін заңнамалық деңгейде білдірудің нақты тетігін қалыптастырады. Бұл қоғам мен мемлекет арасындағы мазмұнды диалог үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, халық билігі қағидаттарын нығайтады».

Батыс Қазақстан облысы Жазушылар одағының мүшесі Әділет Орынбасаров өңірдегі қоғамдық көңіл күй, азаматтардың сайлау үдерісіне көзқарасы және қоғамдық-саяси белсенділігі туралы пікір білдірді. «Батыс Қазақстан облысының шығармашылық зиялы қауым өкілдері түрлі партиялардың өкілдерімен кездесулерге белсенді қатысып, олардың бағдарламаларына қызығушылық танытты және қоғам үшін аса маңызды мәселелерді көтерді. Науқан барысында «Таза Қазақстан» қағидаттары, әділдік пен өзара құрмет мәселелері ерекше өзектілікке ие болды. Партияаралық диалогтың мазмұнды әрі әдепті сипатта өтуі бұл құндылықтардың бүкіл электоралдық кезең бойы сақталғанын көрсетті. Бұл жоғары саяси мәдениет пен ел болашағына деген ортақ жауапкершіліктің көрінісіне айналды».

Ақтөбе облысының Азаматтық орталығының төрағасы Әлішер Мәжит өңірдегі азаматтық қоғамның қазіргі жағдайына және қоғамдық ұйымдардың сайлау үдерісіне қатысуына тоқталды: «Электоралдық үдерістің қарқынды әрі мазмұнды өткен кезеңінде азаматтар барлық партиялардың саяси платформаларымен танысып, олардың бастамаларын салыстыруға және өз ұстанымдарын айқындауға мүмкіндік алды. Ендігі кезекте бақылаушы позициядан жауапты таңдау жасауға көшу ерекше маңызды. Дауыс беруге қатысу – берік азаматтық ұстанымның көрінісі әрі елдің болашағына нақты ықпал ету мүмкіндігі. Бүгінде әрқайсымыз үшін белсенді азаматтық ұстаным танытып, саяси үдерістің жауапты қатысушысы болу маңызды», – деді спикер.

Сарапшылар дауыс беру алдындағы азаматтарды жұмылдыру мәселесіне ерекше назар аударды. Маңызды факторлар ретінде азаматтардың сайлау туралы хабардар болуы, саяси партиялар мен сайлаушылар арасындағы коммуникация, қоғамдық ұйымдардың ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қатысуы, сондай-ақ жастардың электоралдық белсенділігін арттыру атап өтілді.

Қатысушылар қазіргі сайлау науқанында дәстүрлі үгіт-насихат тәсілдерімен қатар әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар мен теледебаттардың белсенді қолданылып отырғанын атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, бұл азаматтардың саяси ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтіп қана қоймай, партиялардың сайлаушылар алдындағы бағдарламалық және коммуникациялық жауапкершілігін де арттырады.

🔹Астанадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

🔹Астанадағы Достық үйінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

📍Астана қаласының Достық үйінде жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға қолдау көрсетуге бағытталған республикалық «Мектепке жол» жобасы аясында қайырымдылық акциясы өтті.

Іс-шара барысында 50-ден астам балаға мектеп сөмкелері мен қажетті оқу құралдары табысталды. Сондай-ақ аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды.

Аталмыш бастама еліміздің өңірлерінде де жалғасып жатыр. Жамбыл облысында 36 балаға қолдау көрсетілсе, Тараз қаласында 75 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдары табысталды.

Көкшетауда акцияға бірнеше этномәдени бірлестіктің өкілдері қосылды. Ал Абай облысында мектептерге қажетті оқу және кеңсе құралдары берілді.

Айта кетейік, «Мектепке жол» республикалық акциясы жыл сайын 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Игі бастама мемлекеттік органдарды, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктерді ортақ қайырымдылық шараларына жұмылдырады. Жобаның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету.

Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтеді

📺Құрылтай сайлауы күні 16 сағаттық жалпыұлттық online-марафон өтеді
 
2026 жылдың 23 тамызына белгіленген Құрылтай сайлауы күні «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының ұйытқы болуымен ауқымды медиажоба – жалпыұлттық online-марафон өтеді. Марафон тікелей эфирде сағат 09:00-ден түнгі 00:30-ға дейін жалғасады.

Ел тарихында тұңғыш рет өтетін Құрылтай сайлауына арналған медиажоба барысында қоғамдағы өзекті тақырыптар талқыланып, сайлау барысынан үздіксіз ақпарат беріледі. Оған қоғам қайраткерлері, белсенді азаматтар, өз саласында жетістікке жеткен мамандар, БАҚ өкілдері, сарапшылар, блогерлер, спортшылар мен өнер жұлдыздары қатысады.

Іс-шара аясында бірнеше алаң жұмыс істейді. Басты сахнада түрлі тақырып бойынша спикерлер ой бөліседі. Touch Screen арқылы негізгі статистикалық мәліметтер мен Қазақстанның әр сала бойынша халықаралық көрсеткіштері ұсынылады. Әр 2 сағат сайын меншікті тілшілер шетелдегі дауыс беру нәтижелерін баяндайды.

Брифинг алаңында Орталық коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен шетелдік бақылаушылар және ҚР ОСК науқанға қатысты ресми ақпараттарды жариялайды. Өз саласында жетістікке жеткен тұлғалар мен қоғам белсенділері 5-7 минуттық мотивациялық және танымдық дәрістер оқиды. Дискуссия алаңында қоғамдық-саяси, әлеуметтік және экономикалық, тарихи-мәдени тақырыптар бойынша пікірталастар ұйымдастырылады. Экспресс-камерада жедел пікірлер мен қысқа сұхбаттар беріледі. Сонымен қатар викторина және әртүрлі ойын-сауықтық шаралар қарастырылған.

«Қарқынды құрылыс» жобасы аясында ел аумағында жүріп жатқан ауқымды нысандардың алаңдарынан тілшілер арнайы хабар таратады.

📎Марафонның басты ерекшелігі – Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылады. Эфир барысында үш мегаполистің тыныс-тіршілігі көрсетіліп, қалалардың көрікті жерлерінен репортаждар, тұрғындармен және түрлі сала өкілдерімен сұхбаттар ұсынылады. 

📌Жалпыұлттық online-марафон республикалық және аймақтық медиа ресурстрдың ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетіледі. Марафонға қатысты жедел жаңалықтар, маңызды ақпараттар «Онлайн марафон – 2026» Telegram (http://t.me/onlinemarathon2026) арнасында жарияланып отырады.

Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті

  • Саяси күштердің көшбасшылары «Басты дебат – 2026» алаңында кездесті

Құрылтай сайлауына санаулы күн қалды. 19 тамызда партиялар сайлауалды науқанның мазмұнды өткен соңғы күндерінің бірін өткізді. Кандидаттар мен партия өкілдері өңірлерде тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіби қауымдастықтармен кездессе, кешке жеті партияның көшбасшысы басты теледебатта бас қосты. Экономика, халықтың табысы, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік саясат және экология мәселелері дауыс беру алдындағы соңғы ірі саяси эфирдің негізгі тақырыптарына айналды.
«Әділет» партиясы Астанада Мүлік иелері бірлестіктері, ПИК, басқарушы компаниялар мен сала сарапшыларының қатысуымен тұрғын үй қорын басқару мәселелері жөніндегі республикалық диалог алаңын өткізді. Онда инженерлік желілерді жаңғырту және тұрғын үй қорын есепке алуды цифрландыру мәселелері талқыланды. Сондай-ақ партия өкілдері ТМД Парламентаралық Ассамблеясының халықаралық байқаушыларымен кездесті және Павлодар облысына сапарын «Богатырь Көмір», Екібастұз ГРЭС-1, Павлодар мұнай-химия зауыты және «Қазақстан алюминийі» өнеркәсіп кәсіпорындарының ұжымдарымен кездесулер арқылы аяқтады.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия еңбек құқықтары мәселелері бойынша кездесу, сондай-ақ Көкпекті ауылының тұрғындарымен және облыстық «Руханият» орталығында жастармен іс-шаралар өткізді. Талқылаулар барысында агроөнеркәсіптік кешен, экология, зейнетақымен қамсыздандыру және білімнің қолжетімділігі мәселелері қозғалды. Теледебаттардың бірінде болған жағдай да қоғамдық кеңістікте ерекше назар аударды. Кәсіпкер Әсем Болатжан ЖСДП төрағасының теледебат барысында Қазақстан Халық партиясынан ұсынылған әйел кандидаттарға қатысты «сәндидат» сөзін қолданғанына назар аударды.
«Байтақ» партиясы Алматы облысының Долан ауылында педагогтермен және Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының медицина қызметкерлерімен кездесіп, экология мен денсаулық сақтау мәселелерін талқылады. Аумағының бір бөлігі бұрынғы Семей ядролық полигонының аймағына жататын Павлодар облысының Май және Аққулы аудандарында топыраққа, су мен азық-түлік өнімдеріне радиациялық мониторинг жүргізу мәселелері талқыланды. Партия сондай-ақ Ұлытау облысында және Алматыдағы «Алатау Жарық Компаниясы» энергетикалық компаниясының ұжымымен кездесулер өткізді.
Қазақстан Халық партиясы ардагерлермен, «Үміт» дағдарыс орталығының қызметкерлерімен, сондай-ақ тәуелділігі бар адамдарға көмек көрсету орталығының мамандары және пациенттерімен кездесті. Кездесулер барысында рецептімен берілетін дәрі-дәрмектердің босатылуын бақылау, емделгеннен кейін қоғамға бейімделу және мектептердің психологтермен қамтамасыз етілуі мәселелері талқыланды.
«Ауыл» партиясы Павлодар облысында ғылым және білім саласының өкілдерімен, сондай-ақ Набережное ауылындағы «AndasAgro» шаруашылығының еңбек ұжымымен кездесті. Онда өсімдік және мал шаруашылығы мәселелері талқыланды.
«Ақ жол» демократиялық партиясы Ұлытау, Қостанай, Маңғыстау, Қызылорда, Алматы, Павлодар және Жамбыл облыстарындағы сайлауалды кездесулерін жалғастырды. Батыс Қазақстан облысында облыстық штаб өкілдері Бөрілі ауданы Жарсуат ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады.
«Respublica» партиясы Ақмола облысында концерттік бағдарлама мен көрме ұйымдастырылған жақтастар форумын, сондай-ақ кандидаттардың «Re Jastary» жастар қозғалысымен кездесуін өткізді.
«Басты дебат – 2026»
19 тамызда 24KZ телеарнасында («Хабар» агенттігі) «Экономикалық өсімнен азаматтардың әл-ауқатына дейін» тақырыбында «Басты дебат – 2026» өтті. Эфирге жеті партияның төрағасы қатысты: Айбек Дәдебай («Әділет»), Дания Еспаева («Ақ жол»), Нұрсұлтан Шоқанов (Қазақстан Халық партиясы), Қайрат Айтуғанов («Ауыл»), Асхат Рахимжанов (ЖСДП), Айдарбек Қожаназаров (Respublica) және Азаматхан Әміртаев («Байтақ»).
Сөз сөйлеу тәртібі бір күн бұрын, 18 тамызда өткен ашық жеребе арқылы анықталды. Дебат форматы төрт раундтан тұрды: бағдарламаларды таныстыру, қарсыластар мен көрермендердің сұрақтарына жауап беру, партиялар арасындағы тікелей пікірталас және қорытынды сөз сөйлеу. Эфир барысында барлық партияның штабынан тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, АҚШ, Қытай және БАӘ-дегі қазақстандықтармен телекөпір өтті. Көрермендер QR-код пен байланыс орталығы арқылы шамамен 59 мың сұрақ жолдады. Олардың арасында шетелден қойылған сұрақтар да болды.
Жеребе қорытындысы бойынша бірінші болып Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров сөз сөйледі. Ол партияның соңғы үш жарым жылда атқарған жұмысы туралы айтып, азаматтар жиі көтеретін мәселелердің қатарында табыс пен бағаның өсуі бар екенін атап өтті. Сұрақтарға жауап беру барысында Қожаназаров цифрландырудың еңбек нарығына ықпалы, кадрларды қайта даярлау қажеттілігі және білім беру жүйесінің жұмыс берушілермен өзара іс-қимылы мәселелеріне де тоқталды. Қорытынды сөзінде партияның Мәжілістің қазіргі шақырылымындағы жұмысының нәтижелеріне баға беріп, вейптерді реттеу, әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарына түсуі, фермерлерді қолдау және мемлекеттік сатып алу мәселелерін қозғады.
«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев дебат барысында экологиялық туризмді дамыту, қоршаған ортаны қорғау және бюджет қаражатын пайдалану мәселелеріне тоқталды. Партия бағдарламасы туралы сұраққа жауап бере отырып, ол қаржылық заң бұзушылықтар туралы аудиторлық тексеру деректеріне сүйеніп, қолда бар ресурстарды тиімдірек пайдалану қажеттігін атап өтті.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Дания Еспаева дебат барысында табиғи ресурстардан түсетін табысты бөлу, аграрлық сектор мен жас отбасыларды қолдау мәселелерін қозғады. Партияның ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысы туралы сұраққа жауап бере отырып, ол Мәжілістегі фракцияның қызметіне тоқталып, қарастырылып жатқан бағыттардың қатарында агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау, салық шаралары және ауыл шаруашылығы техникасының лизингі бар екенін айтты. Сондай-ақ Еспаева партияның жас отбасыларды ипотекалық несиелеу саласындағы ұсыныстарын еске салды. Өз кезегінде ол «Әділет» төрағасына салықты көтермей, бюджет кірісін арттыру көздері туралы сұрақ қойды.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай дебат барысында жұмыспен қамту, ауыл тұрғындарының табысы және жасанды интеллект саласындағы дағдыларды дамыту мәселелеріне тоқталды. Бюджет кірістері туралы сұраққа жауап бере отырып, ол партияның экономика ауқымын кеңейтуге, орта бизнесті дамытуға, қаржыландырудың қолжетімділігіне және бизнеске түсетін салық жүктемесін арттырмай, экспортты ынталандыруға негізделген ұстанымын баяндады. Сондай-ақ Дәдебай ел ішінде шикізатты терең өңдеуді дамыту қажеттігін атап өтті.
«Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов дебат барысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шағын бизнесті және ауылдағы кооперацияны дамыту мәселелерін қозғады. Астық экспорты туралы айта келе, ол астықты терең өңдеу, тұқым шаруашылығын дамыту және импорттық тұқымға тәуелділікті азайту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ Айтуғанов аграрлық секторды цифрландыру, аграрлық ғылымды дамыту және еңбек өнімділігін арттыру мәселелеріне тоқталды. Өз кезегінде ол ҚХП төрағасына экономикалық құрылымы әртүрлі өңірлерде өмір сапасының бірыңғай стандартын қалыптастыру тәсілдері туралы сұрақ қойды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахимжанов сөз сөйлеу барысында еңбекақы төлеу, мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығыстарын бақылау, сондай-ақ халық табысының ішкі сұранысқа ықпалы мәселелерін қозғады. Қорытынды сөзінде ол партияның ұстанымы негізделген басты қағидаттарды атап, сайлауалды уәделердің орындалуына қоғамдық бақылау жүргізудің маңызын айтты.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов азық-түліктің, медицина мен білімнің қолжетімділігі, монополияларды реттеу, шағын және орта бизнесті қолдау және өңірлердің экономикалық мамандануын ескеру мәселелері туралы айтты. Ықтимал алимент қоры туралы сұраққа жауап бере отырып, ол қорды мемлекетке қайтарылған заңсыз иемденілген активтерден құралған қаражат есебінен қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Үгіт-насихаттың соңғы күнінің алдындағы күн партиялар басымдықтарының әлі де әртүрлі екенін көрсетті. Олар ауыл шаруашылығын қолдау мен халық табысын арттырудан бастап, экологиялық күн тәртібіне, әлеуметтік кепілдіктерге және бюджет шығыстарын бақылауға дейінгі мәселелерді қамтыды. Қорытынды дебатта жеті партияның өкілдері елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі мәселелерін талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды. Үгіт-насихат кезеңі аяқталғаннан кейін тыныштық күні өтеді, ал 23 тамызда дауыс беру болады.

Ақмола облысында 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде

Ақмола облысында 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде

Өңірде 61 азамат төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімінен өтуде. Бұл тетік тұрақты табысы немесе жеткілікті мүлкі бар азаматтарға берешегін жеке жоспар негізінде кезең-кезеңімен өтеуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Тобыл Демесинов брифинг барысында атап өткендей, рәсім сот арқылы жүргізіледі. Азамат өтінішті өзі беріп, табысы, берешегі және мүлкі туралы мәліметтерді ұсынады.

Іс қозғалғаннан кейін берешекті өндіріп алу тоқтатылады. Сонымен қатар тиісті міндеттемелер бойынша тұрақсыздық айыбы мен сыйақы есептеу де тоқтатылады.

Егер сот төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін мақұлдаса, азамат үшін жеке жоспар әзірленеді. Онда төлемдерді бөліп төлеу немесе кейінге қалдыру, пайыздық мөлшерлемені төмендету, ай сайынғы төлем көлемін азайту немесе берешектің бір бөлігін кешіру сияқты шаралар қарастырылуы мүмкін.

Жоспарды орындау мерзімі, әдетте, бес жылға дейін созылады. Бұл ретте оның талаптары азаматтың нақты қаржылық жағдайы мен берешекті өтеу мүмкіндіктерін ескере отырып қалыптастырылады.

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс – Безопасные каникулы” акциясы аясында 1000-ға жуық бала профилактикалық жұмыстармен қамтылды

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс – Безопасные каникулы” акциясы аясында 1000-ға жуық бала профилактикалық жұмыстармен қамтылды

Ақмола облысында “Қауіпсіз демалыс-Безопасные каникулы” жазғы акциясы аяқталды. Жаз бойы полиция қызметкерлері балалардың сауықтыру лагерьлеріне барып, балалармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қауіпсіз демалысты қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық әңгімелер өткізді.
Биыл Ақмола өңіріне еліміздің барлық қалаларынан балалар келді. Полицейлер сауықтыру мекемелерінде демалып жатқан әрбір баланы профилактикалық және түсіндіру жұмыстарымен қамтуға тырысты.
Кезекті кездесу Зеренді ауданында “Парус ” балалар сауықтыру орталығында «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық-жедел профилактикалық іс-шарасы аясында өтті.
Полиция әр түрлі жастағы балалармен бірден екі кездесу өткізді. Балалардың жасын ескере отырып, құқық қорғаушылар оларға жол қауіпсіздігі ережелері, есірткі қолданудың салдары, буллингке қарсы іс-қимылдың маңыздылығы, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілік туралы айтып берді.
Полиция қызметкерлері балалардың жеке қауіпсіздігі, көшедегі және қоғамдық орындардағы қауіпсіз мінез-құлық мәселелеріне, сондай-ақ жазғы демалыс кезінде белгіленген ережелерді сақтау қажеттілігіне ерекше назар аударды.
Жазғы маусымда Ақмола облысының балалар сауықтыру лагерлерінде барлығы 1 000-ға жуық бала профилактикалық жұмыспен қамтылды.
Мұндай кездесулерді өткізу ықтимал құқық бұзушылықтардың уақтылы алдын алуға ғана емес, сонымен қатар балаларда қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын және өз қауіпсіздігі мен басқалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Атом электр станцияларында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері

Атом электр станцияларында радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің заманауи жүйелері

Атом энергетикасы туралы сөз болғанда, адамдарда туындайтын алғашқы сұрақтардың бірі – қауіпсіздік мәселесі. Қазіргі атом электр станцияларында радиациялық қауіпсіздік қалай қамтамасыз етіледі ? Қандай технологиялар ықтимал тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді? Неліктен мамандар АЭС қауіпсіздігі кез келген штаттан тыс жағдай туындағанға дейін қамтамасыз етіледі деп айтады? Осы және басқа да сұрақтарға ҚР ҰЯО РМК «Атом энергиясы институты» филиалының бас инженері Александр Геннадьевич Коровиков жауап береді. Қазіргі заманғы атом электр станцияларын талқылаған кезде, қауіпсіздік әрқашан басты басымдық ретінде айтылады. Неліктен?

Бұл шынымен де солай. Бүгінгі таңда қауіпсіздік кез-келген заманауи атом электр станциясын пайдаланудың негізгі принципі болып табылады. Сонымен қатар, біз бір техникалық шешім туралы емес, бір уақытта жұмыс істейтін инженерлік, ұйымдастырушылық және цифрлық жүйелердің тұтас кешені туралы айтып отырмыз.

Соңғы онжылдықтарда атом энергетикасы айтарлықтай өзгерді. Салада жаңа бақылау технологиялары, заманауи цифрлық басқару жүйелері және қатаң халықаралық талаптар пайда болды. Нәтижесінде заманауи атом станциялары радиациялық қауіпсіздік тұрақты бақылауда болатын жоғары технологиялық нысандар болады.

Қазіргі заманғы радиациялық қауіпсіздік жүйесінің негізі неде?

Бүкіл жүйенің негізі – тереңдетілген қорғаныс принципі. Оның мәні – қауіпсіздікті бірден бірнеше тәуелсіз деңгейлер қамтамасыз етеді. Егер қандай да бір себептермен олардың біреуі өз қызметін тоқтатса, қалғандары радиоактивті заттардың таралуына жол бермейді.

Бірінші тосқауыл – отын матрицасының өзі, ол отынның ішінде бөліну өнімдерін сақтайды. Келесі деңгей – жылу бөлетін элементтердің герметикалық қабығы. Содан кейін жылутасымалдағыш айналымының берік герметикалық контуры келеді. Соңғы қорғаныс тосқауылы – реактордың жаппай қорғаныс қабығы немесе сыртқы және ішкі әсерлерге төтеп бере алатын контайнмент.

Дәл осындай көп сатылы жүйе қазіргі заманғы атом электр станцияларының жоғары деңгейідегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Мамандар станциядағы радиациялық жағдайды үнемі қалай бақылайды?

Бұл міндетті радиациялық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі – РБАЖ орындайды.

Ол жүздеген стационарлық датчиктерді, спектрометрлерді, дозиметрлерді және ақпаратты бірыңғай ақпараттық желіге беру құралдарын біріктіреді. Жүйенің басты ерекшелігі – бақылау үздіксіз және адамның қатысуынсыз жүзеге асырылады.

РБАЖ өндірістік жайлардағы және станция аумағындағы гамма-сәулелену дозасының қуатын тәулік бойы бақылайды, ауадағы радиоактивті аэрозольдер мен инертті газдардың көлемдік белсенділігін өлшейді, технологиялық ортадағы радионуклидтердің құрамын бақылайды, сондай-ақ қоршаған ортаға газ аэрозоль шығарындылары мен сұйықтардың төгілуін бақылайды.

Барлық ақпарат автоматты түрде орталық радиациялық бақылау пунктіне түседі, онда ол өңделеді, мұрағатталады және нақты уақыт режимінде мамандарға көрсетіледі.

Мұндай жүйелер өзгерістерге қаншалықты тез жауап бере алады?

Бірден дерлік.

Қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйелер радиациялық ортадағы шамалы өзгерістерді де анықтай алады. Егер бақыланатын параметрлер белгіленген деңгейге жетсе, жүйе автоматты түрде ескерту немесе авариялық сигналдарды қалыптастырады, ауытқудың пайда болу орнын анықтайды, ақпаратты оперативті персоналға береді және барлық оқиғаларды құжаттайды.

Бұл қажетті шешімдерді мүмкіндігінше тез қабылдауға және қорғаныс шараларын уақтылы жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Мұндай жүйелерде қандай заманауи технологиялар қолданылады?

Бүгінгі таңда радиациялық бақылау жүйелері жалпыстанциялық ақпараттық-басқару кешендерімен біріктірілген.

Цифрлық технологиялар, жасанды интеллект элементтері, резервтік байланыс арналары, өзін-өзі диагностикалау құралдары және автоматтандырудың жоғары дәрежесі қолданылады. Бұл үйлесім станцияның технологиялық параметрлерін және радиациялық жағдайды бір уақытта талдауға мүмкіндік береді, бақылаудың сенімділігін арттырады және маңызды ақпараттың жоғалуын болдырмайды.

Персоналдың қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етіледі?

Жұмысшыларды қорғау радиациялық қауіпсіздік жүйесінің міндетті бөлігі болып табылады.

Бақыланатын аймақтардағы жұмыстарды орындайтын әрбір жұмыскер алынған сәулелену дозасын тіркейтін жеке дозиметрмен қамтамасыз етіледі. Жұмыскерлер заманауи жеке қорғаныс құралдарын пайдаланады, үнемі медициналық тексеруден өтеді және міндетті түрде радиациялық қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытудан өтеді.

Сонымен қатар, сәулелену деңгейі жоғары болуы мүмкін аймақтарда қашықтан басқарылатын манипуляторлар мен роботтық кешендер кеңінен қолданылады. Бұл адамның ықтимал қауіпті жағдайларда болу уақытын азайтуға мүмкіндік береді.

Станцияның сыртындағы радиациялық жағдай бақыланады ма?

Әрине. Экологиялық мониторинг қауіпсіздік жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады.

Санитарлық-қорғау аймағында және бақылау аймағында радиациялық жағдайды бақылаудың автоматтандырылған посттары жұмыс істейді. Атмосфералық ауа, су, топырақ, өсімдіктер мен ауылшаруашылық өнімдерінің сынамалары үнемі зерттеліп отырады.

Мұндай бақылаулардың нәтижелері қазіргі заманғы атом электр станцияларын қалыпты пайдалану кезінде радиациялық жағдай табиғи фон деңгейінде қалатынын және белгіленген нормативтерге сәйкес келетінін растайды.

Егер штаттан тыс жағдай туындаса не болады?

Әрбір атом электр станциясы мұндай жағдайларға алдын-ала дайындалады.

Ол мақсатта авариялық ден қою жоспарлары әзірленеді, персоналдың жаттығулары және шұғыл қызмет бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығулар жүйелі түрде өткізіледі. Мұндай дайындық кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік береді және штаттан тыс жағдай туындаған жағдайда барлық қатысушылардың нақты өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

Қауіпсіздік талаптарының сақталуын кім бақылайды?

Бақылау бірден бірнеше деңгейде жүзеге асырылады.

Пайдаланылатын ұйымнан басқа талаптардың сақталуын ұлттық реттеуші органдар, сондай-ақ халықаралық ұйымдар тексереді. Сонымен қатар, атом электр станцияларын пайдалануға қойылатын талаптар әлемдік тәжірибені, ғылымның дамуын және жаңа технологиялардың пайда болуын ескере отырып үнемі жетілдіріліп отырады.

Қазіргі заманғы атом электр станциялары бүгінде бірнеше ондаған жыл бұрынғыға қарағанда қауіпсіз деп айта аламыз ба?

Қазіргі заманғы радиациялық қауіпсіздік жүйелері өзара байланысты инженерлік, техникалық және ұйымдастырушылық шешімдер кешенін білдіреді.

Көп деңгейлі қорғаныс, үздіксіз радиациялық бақылау, цифрлық технологиялар, персоналды даярлаудың жоғары деңгейі және халықаралық талаптарды қатаң сақтау атом электр станцияларын сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Радиациялық қауіпсіздік бір реттік іс – шара емес, мыңдаған мамандардың күнделікті жүйелі жұмысы екенін түсіну маңызды. Олардың білімі, жауапкершілігі және үздіксіз технологияларды жетілдірудің арқасында атом энергетикасы біздің елдерімізде энергетикалық қауіпсіздік мен тұрақты дамуды қамтамасыз ететін электр энергиясын өндірудің ең сенімді және экологиялық таза көздерінің бірі болып қала береді.

Бұланды ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

Бұланды ауданында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі талқыланды

«Заң және тәртіп» жобасы аясында Бұланды ОКЖ-нің модельдік орталық аудандық кітапханасында «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ЖОҚ дейік!» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттау және қоғамда зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шараға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі аға инспектор, полиция майоры Женисова Заира Гомаровна, психологтар мен әлеуметтік педагогтар, Жастар ресурстық орталығының өкілдері, СПЧ-8 қызметкерлері және кітапхана оқырмандары қатысты.
Мамандар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлері, оның алдын алу шаралары, заңнамадағы өзгерістер, сондай-ақ зардап шеккендерге көрсетілетін құқықтық және психологиялық көмек туралы жан-жақты ақпарат берді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алды.
Іс-шара барысында кітапханашылар «Заң және тәртіп – қауіпсіз қоғамның кепілі» атты кітап көрмесіне шолу жасап, құқықтық мәдениетті арттыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталған әдебиеттерді таныстырды.
Сонымен қатар қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы қоғамның рөлі мен әр азаматтың жауапкершілігі туралы өз пікірлерімен бөлісті.

ЗаңЖәнеТәртіп

ТұрмыстықЗорлықЗомбылыққаЖолЖоқ

БұландыАудандықКітапханасы

ҚұқықтықСауаттылық

ОтбасылықҚұндылықтар

Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге заңмен тыйым салынған

Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуге заңмен тыйым салынған

Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу заң талаптарын бұзу болып табылады және заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғады.

Көшелер, аулалар, саябақтар, гүлзарлар, кіреберістер және өзге де қоғамдық орындар барлық азаматтар үшін қауіпсіз әрі жайлы болуы тиіс. Алкогольдік ішімдіктерді белгіленбеген орындарда тұтыну қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жанжалдар мен басқа да құқық бұзушылықтарға себеп болуы мүмкін.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері профилактикалық іс-шаралар жүргізіп, азаматтарға заң талаптарын түсіндіруде және қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салуда.

Заң талаптарын сақтау – әрбір азаматтың міндеті ғана емес, сонымен қатар қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз етуге қосқан үлесі. «Заң және тәртіп» қағидаты заңды құрметтеуден, айналадағы адамдарға сыйластық танытудан және қоғамдық тәртіпті сақтаудан басталады.

Құрметті азаматтар! Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішуден аулақ болыңыздар. Заң талаптарын сақтап, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарап, қауіпсіз әрі тыныш қоғам қалыптастыруға бірге үлес қосайық!

Көкшетауда «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Көкшетауда «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

15-30 тамыз аралығында Көкшетау қаласында балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған «Абайлаңыз, балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері жүргізушілер, ата-аналар және кәмелетке толмағандар арасында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Балалардың білім беру ұйымдарының маңындағы қауіпсіздігіне, жүргізушілердің жылдамдық режимін сақтауына, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін және Жол жүрісі қағидаларын сақтауына ерекше назар аударылуда.

Жаңа оқу жылының басталуымен қала көшелерінде балалар мен жасөспірімдердің саны артады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жүргізушілерді мектептер мен балабақшалардың, жаяу жүргіншілер өткелдерінің және балалар көп шоғырланатын орындардың маңында барынша мұқият болуға шақырады.

Сонымен қатар іс-шара барысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, оның ішінде есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Балалармен, ата-аналармен және педагогтермен заң талаптарын сақтау және құқыққа қайшы әрекеттердің жауапкершілігі туралы түсіндіру кездесулері ұйымдастырылуда.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және құқықтық мәдениетті арттыру — «Заң және тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарының бірі. Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі әрбір азаматтың жауапкершілігі мен қоғамдағы заң талаптарын сақтауынан басталады.

Құрметті ата-аналар мен жүргізушілер! Балалардың қауіпсіздігі — баршамызға ортақ жауапкершілік. Жол жүрісі қағидаларын сақтап, жолда мұқият болып, балалардың қауіпсіздігін бірге қорғайық!

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑