Month: August 2026 (Page 17 of 40)

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ТҮПКІ ТЕТІГІ – ӘДЕБИЕТ

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ
ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНІҢ ТҮПКІ ТЕТІГІ – ӘДЕБИЕТ
(Сындарлы уақыттағы қаламгерлік жайлы ой)
Жаңа заман, жаңа уақыт, тіпті мейлінше жаңарған, жан-жақты жетілген, ойжетпеске қол жете бастаған қоғамда өмір сүре бастадық. Бұл – біздің тағдырымыз! Бізге бұйырған бақ! Енді қалай? Байқап қарасақ, соңғы 30-40 жылда адам да, қоғам да, тіпті бүкіл әлем де күрт өзгерді, кісі танымастай кейіпке ауысты. Техника заманы туды. Әлеуметтік желі – интернет алға озды. Ол ғана емес, жасанды интеллект «атқа қонды», мойындауымыз керек, қаласақ та, қаламасақ та, өмір-тіршілігімізге тереңдеп, бойлап енді. Міне, осындай өзгермелі заманда адамдардың алға озған ой-санасымен санаса отырып, жұмыла жұмыс істеп, бірге ілесіп, әсіресе тәрбие-тәлім мектебін ақсатып алмау – қай мемлекеттің де алға ұстар негізгі мақсаты болмас па?
Жиырма бірінші ғасырдың алғашқы ширегі алдымызға қандай-қандай толғақты міндеттер мен «сыйлы» сыбағалар тарту етті? Ең алдымен, бұны баса айтуымыз керек, адам тәрбиесі алдыңғы кезекке шықты: болашақ қоғамның иесі де, шын қожасы да – жас толқын, келешектің ұрпақтары. Демек, олардың тағдырына ғана емес, тәрбиесі мен тәртібіне де, кім болып өсетініне де, тіпті, күні ертең мемлекет «тағдырын» кімдердің қолына «қиналмай тапсырып» кете алатынымызды да анық-қанық біліп отырғанымыз әбден керек болады. Осы орайда, өзіміз сайлаған Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев батыл ұсынған «Жаңа Қазақстан» һәм «Әділетті Қазақстан» идеясының басты ұстанымы өзінен-өзі айқындала түседі.
Бұл ретте зиялы топқа, әсіресе қалам ұстаған барша қаламгерлер «армиясына» артылар салмақ жүгі күн санап ауырламаса, жеңілдемейтіні өзінен-өзі белгілі. Біздің алдымызда, қадірлі қалам ұстаған қауым, қандай жауапты міндеттер күтіп тұр? Осы жайында ойға келген пікірімізді бүгіп қалмай, бірер ауыз сөз айталық.
Жазылған, жазылып жатқан әрбір көркем туындылардың айтар ойы мен ұсынар қағидаты айқын да дәл, жас оқырманның ойындағыны дөп басатын және оқыған үстіне оқи түсіп, өмірлік ұстанымына игі ықпалын тигізіп, күрескерлік қабілетін арттыра түскені мақұл. Бұл не дерсіз?
Бірінші. Біз соңғы жылдары көбіне өткенді күңірене еске алып, тарихқа кеткен есемізді еселеп айтып, «апырмай, нені бастан өткермедік» деген сыңайда сөз саптауды қалыпты жағдайға айналдырып бара жатқандаймыз. Ал, бұның астарында жас ұрпақты жігерлендіруден бұрын, алға ұмтылдырудан бұрын, «қап, қап» дегізіп, еңсесін езе түсу синдромы тасаланып тұрған жоқ па? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы жұртшылығымен кездесу кезінде (21.03.2026): «…Қазақ халқының өткен тарихын қасіретке толы күрделі тарих деп күмәнсіз айтуға болады, оның бәрін жақсы білесіздер. Бірақ, қазіргі заманда бұл тақырыпты қайта-қайта айтып, қара бұлтты төндірудің, мұңға батудың қажеті жоқ» деп айта келе, одан соң «алға қарай зор үмітпен қарап, ілгерілеу заманына сай өз болмысын өзгертіп, бейімдеп өмір сүру» керектігіне негізгі басымдық берді. Дұрыс па? Біздіңше, дұрыс ой. Демек, қазіргі уақыт жігерлендіруші, қанаттандырушы, ой мен қиялға ұшқырлық сыйлайтын шығармалар көбірек жазылғаны мақұл болар? Бізге, расында, «қоңыр мұңды қолтықтаушы» емес, айбынды, күрескер, алға қарай нық сеніммен ұмтылушы кейіпкер (қай саланың маманы болса да) барынша көп керек заман туғанын мойындауымыз парыз.
Екінші. Халқымыздың ежелден жалғасып келе жатқан атадәстүрі бар, салт-санасы бар, әдеп пен мәдениет мектебі бар. Біз, қаламгерлер, осы әдеп-мәдениет деген «асыл қазына» жолын қаншалық деңгейде өз шығармаларымызға батыл кіргізіп, тәрбие тетігіне айналдыра алдық? Ойдан шығарып отырған сөз-бастау емес бұл. Ел Президенті медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде (18.06.2026): «…Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуы тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық» деп нақтылап көрсетті. Көркем әдебиет, достар-ау, ең бірінші кезекте адамға ой салушы, анықтап айтсақ, тәрбиелеуші құрал ғой. Егер шығармадағы кейіпкер (мейлі өмірде болған, мейлі ойдан шығарылған болсын) әдептілік пен ізеттілікті, құрмет пен сыйластықты, мәдениет пен мейірімділікті мүлде мансұқ еткен, аузына не түссе соны айта салатын, өзіне жеңіл, бірақ «өзгеге ауыр» тиетінін ескермейтін, былайша айтқанда, өнегесінен гөрі «опындырар әрекеті» басым түсіп жатса, одан ұтарымыз қайсы? Біздің жастау күнімізде бір ғана «Тимур және оның командасы» (А.Гайдар) шығармасы қаншама миллиондаған жас ұрпақтың санасын жаулап алып, шетімізден «тимуршы» болып кете жаздаған жоқ па едік? «Менің атым -Қожа» (Б.Соқпақбаев) повесін жастана жатып оқып, кітап кейіпкерінен адалдық, турашылдық, бірсөзділік іспетті көп жақсы қасиеттерді үйреніп, бойға сіңіргеніміз жасырын ба?
Енді осы жоғарыдағы екі мысалдың айналасында кішкене ойтұжырым жасап алуға да болатындай. Қазіргі заманда жастарды, жас ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, жақсы тәрбие берудің төте жолы – әрбіреуін кітап оқуға жетелеу! Кітап оқыған, кітаптың мән-мазмұнын терең түсініп, барынша бойына сіңіре білген жас өскін ешқашан көргенсіз, тексіз, ұятсыз, қайырымсыз ұрпақ болмақ емес. Бола алмайды да.
Кітап – тәрбиеші! Кітап – әдеп! Кітап – кісінің жан әлемін тазартушы, сәулелендіруші. Шуақтандырушы! Егер осы тұжырымға бас изеп, ой тоқайластырар болсақ, ендігі кезекте қазіргі қалам ұстаған азаматтарға жүктелер жүк те, салмақ та ауырлай түспек. Неге?
Өйткені, қаламгерлер алдында заманауи, шыншыл, тартымды оқиға қиюластыру, дара образ (инженер ме, дәрігер ме, мұғалім бе, дипломат па, бәлкім ірі кәсіпкер…) ойластыру, өзгеше кейіпкер таңдау және ол шығарманы кез-келген оқырман оқитындай деңгейде қызғылықты етіп жазып шығу міндеті айбарақтап тұр. Кейіпкер, әрине, әр түрлі саланың маманы болып жатса, ол жақсы-ақ. Тіпті солай алу керек те! Бірақ, кез-келген қаламгер кез-келген мамандық иесінің толыққанды образын (талас-тартыс үстінде, қым-қиғаш пікірлер сайысы деңгейінде, т.б.) жасауға қауқарлы ма? Ол оңай «асу» ма? Бұл – үлкен сұрақ! Талант дейсіз бе? Әлбетте, алдымен керегі – хас таланттың аршындап шабуы! Төгілте жазуы! Көркемдік деген алып шыңға бауырлап емес, қалықтап ұшып, емін-еркін құлаш ұруы! Содан соңғысы – келер заман ұрпақтары алдындағы әуезе етіп айтар азаматтық жауапкершілік. Жазғаныңның арғы астарында, кейіпкерің кім болса да, «мынадай ойым бар еді» дейтіндей, жүрек жылытар жарық сәуле нұр шашып тұрса кәні? (Әрине, ол – кейіпкердің жан әлеміндегі бұлқыныстар мен толғаныстардан бастау алып жатады ғой).
Қысқасы, Мемлекет басшысы бар қазаққа арнап, ұран етіп ұсынғандай, «Кітап оқитын ұлтқа» айналудың басты тетігі, тіпті негізгі кілті, құрметті қаламгер бауырлар, енді сіз бен біздің қолымызда! Тоқырап қалмай, ізденіс үстіне ізденіс, жаңа заманның өнегелі де өміршең кейіпкерін сомдап, (кейде жағымды емес, жағымсыз образ арқылы да меңзеу-ой, сақтандыру-ой айтуға болады), оқырманды өзіне баурайтын жаңа туындылар туғызуға деген құлшыныс сезімі бір сәт те суымағаны керек-ақ! Осы ой қиялымыздан шықпай, әрдайым мазалап отырса, нұр үстіне нұр!

Семейде Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Семейде Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын

Семейдің қос бөлігін жалғайтын жаңа көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Президент тапсырмасымен салынып жатқан көпір Шәкәрім даңғылы мен Тәңірбергенов көшесін байланыстырады.

Кірме жолдарымен қоса ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын өткелдің Ертіс өзені үстіндегі бөлігі 810 метрге жетеді. Тоғыз тіректің сегізі бүгінде дайын.

Жаңа көпір қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетіп, ауыр жүк көліктерінің қауіпсіз қатынауына мүмкіндік береді.

«Үлкен құрылыс» бағдарламасының толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар: https://youtu.be/medGu4lThhw

Төрт жылдағы түрлену: Абай облысында қандай өзгерістер болып жатыр?

Төрт жылдағы түрлену: Абай облысында қандай өзгерістер болып жатыр?

Ширек ғасырдан кейін қайта құрылған Абай облысында ауқымды өзгерістер басталды.

Облыс құрылған төрт жылдың ішінде жаңа жолдар салынып, тұрғын үйлер бой көтерді, өндіріс орындары ашылып, ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды.

Абай облысының төрт жылдағы дамуы мен жүзеге асырылған жобалар туралы «Үлкен құрылыс» бағдарламасының толық нұсқасын мына сілтеме арқылы көре аласыздар: https://youtu.be/medGu4lThhw

2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатт іске қосылмақ

2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатт іске қосылмақ Энергетика министрлігі елді сенімді әрі үздіксіз энергиямен қамтамасыз ету, генерациялау қуаттарын ұлғайту және қажетті электр энергиясы резервін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда.

2027 жылы Қазақстанда 845 МВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, Жамбыл ГРЭС-інде жалпы қуаты 210 МВт болатын 5 газтурбиналық қондырғыны, «МАЭК» ЖШС-де қуаты 160 МВт бу-газ қондырғысын, «Баскуат Энергопром» ЖШС жобасының бірінші кезеңі аясында жалпы қуаты 34,7 МВт болатын 5 газпоршеньді қондырғыны, сондай-ақ «Kazakhmys Energy» ЖШС-де қуаты 70 МВт бу-газ қондырғысын іске қосу көзделген.

Сонымен қатар, жалпы қуаты 570 МВт болатын жаңартылатын энергия көздері жобаларын іске асыру жоспарлануда. Олардың қатарында Алматы облысындағы қуаты 100 МВт күн электр станциясы, Қызылорда облысындағы жалпы қуаты 70 МВт болатын үш күн электр станциясы, Ақтөбе облысындағы әрқайсысының қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы, Қызылорда облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы, Түркістан облысындағы қуаты 50 МВт жел электр станциясы және Абай облысындағы жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел электр станциясы бар.

Жаңа қуаттарды іске қосу 2027 жылдың бірінші тоқсанында елдің электр энергиясына деген қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді. 2027 жылдың соңына қарай электр энергиясының шамамен 1,3 млрд кВт·сағ көлемінде профициті қалыптасады деп күтілуде.

Айта кетейік, 2026 жылы Қазақстанда шамамен 2,6 ГВт жаңа энергетикалық қуатты іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, төрт газ электр станциясын іске қосу, қолданыстағы екі электр станциясын кеңейту, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерінің 10 жаңа нысанын іске қосу көзделген. Дереккөз: gov.kz

Сайлауалды науқан: партиялар өңірлердегі жұмысын күшейтіп нақты уәделерге көшті

  • Сайлауалды науқан: партиялар өңірлердегі жұмысын күшейтіп, нақты уәделерге көшті

Сайлауға бір апта қалғанда партиялар өңірлердегі және қоғамдық кеңістіктегі белсенділігін арттыруды жалғастырып жатыр. 17 тамызда жұмыс орындары, отандық бизнесті қолдау, экология, баспана, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыту мәселелері басты назарда болды. «Әділет» сарапшыларға «111+ шешім» құжатын таныстырды, «Байтақ» кандидаттардың өңірлерге сапары туралы есеп берді, ал «Ақ жол» бизнес және банк секторы өкілдерімен несиелеу мен баспананың қолжетімділігі мәселелерін талқылады. Өз кезегінде ҚХП ЖСДП-мен пікірталасын жалғастырса, «Ауыл» өндіріс, логистика және экология мәселелеріне назар аударды.

«Әділет» партиясы 17 тамызда сайлауалды бағдарламасын таныстыруды жалғастырды. Көтерілген тақырыптардың қатарында креативті индустрияларды дамыту, отандық өндірушілерді қолдау, қазақстандық компаниялардың мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуға қол жеткізуі, сондай-ақ білім беру мен түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері бар.

Сонымен қатар партия «Әділет сөзі» жобасын жалғастырып, Астанада «Құрылтай — 2026: сараптамалық көзқарас» кездесуін өткізді. Онда азаматтардың өтініштері, әлеуметтік зерттеулер мен сараптамалық талқылаулар негізінде әзірленген «111+ шешім» құжаты таныстырылды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Бурабайда флешмоб өткізді. Құрылтай депутаттығына кандидаттар мен партия белсенділері Абылай хан алаңында тұрғындармен кездесті. Қатысушылар партиялық рәміздер мен брендтелген киімдерді пайдаланды.

«Байтақ» партиясы экологиялық тақырыптар мен өңірлердегі кездесулерге арналған іс-шараларын жалғастырды. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінде биоалуантүрлілікті сақтау, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, экотуризм және инспекторлардың жұмысына қатысты мәселелер талқыланды.

Жамбыл, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау және Павлодар облыстарында партия өкілдері еңбек ұжымдары және тұрғындармен кездесті. Көтерілген мәселелердің қатарында ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау, қалдықтарды қайта өңдеу, қоршаған ортаның жағдайы, кәріз сулары, санитарлық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және салынуы жоспарланған өндірістік нысандар бар.

Қазақстанның Халық партиясы еңбек ұжымдары және түрлі сала өкілдерімен кездесулерін жалғастырды. Абай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында еңбек құқықтары, еңбек жағдайлары, цифрлық инфрақұрылым және жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Қостанай облысында ҚХП атынан кандидат Нұржан Бияқаев ЖСДП-ның еңбек қатынастары мен әлеуметтік саясат саласындағы ұсыныстарына тоқталып, осы мәселелерге қатысты партияның ұстанымын білдірді. «Халық үні» подкастында тұрғын үй саясаты мен баспананың қолжетімділігі мәселелеріне де назар аударылды. Сондай-ақ партия кандидаттар тізімінің гендерлік құрамы туралы мәліметтер ұсынып, әйелдердің өкілдігі мен еңбекақы мәселелерін көтерді.

«Ауыл» партиясы Шымкентте мұнай өңдеу зауытына логистикалық қызмет көрсететін «Қазығұрт – оңтүстік» кәсіпорнының ұжымымен кездесті. Партия төрағасы жұмысшылармен теміржол тасымалының тиімділігін, инфрақұрылымды жаңғыртуды, кадр даярлауды, еңбек жағдайлары мен өндірістің тұрақтылығын талқылады.

Атырау облысында партия белсенділері кандидат Нұртас Байжановпен бірге «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын өткізіп, Жайық өзенінің жағасын қоқыстан тазартты.

«Ақ жол» партиясы еңбек ұжымдары, бизнес және банк секторы өкілдерімен кездесулерін жалғастырды. Атыраудағы вагон жасау зауытында отандық өндірісті дамыту, несиелеу, ипотека, баспананың қолжетімділігі және дербес мәліметтерді коллекторларға беру мәселелері талқыланды.

Маңғыстау облысында партия өкілдері тұрғындармен және кәсіпкерлермен кездесіп, отандық өнімдерді қолдау, бизнесті қаржыландыру және қарыздардың қолжетімділігі мәселелерін қарастырды. Астанада «Engineering Services» компаниясының ұжымымен өткен кездесуде медициналық сақтандыру, салық салу және ипотекалық несиелеу мәселелері талқыланды.

«Respublica» партиясы азық-түлік қауіпсіздігі мен отандық өндірісті қолдауға басымдық бере отырып, өңірлерге сапарларын жалғастырды. Қостанай облысында кандидат Ернат Солтиев партия штабының кәсіпорындарға бару және еңбек ұжымдарымен кездесулерді қамтыған сапары туралы айтты.

Көкшетауда партия өкілдері «Қазақстандық агроинновациялық корпорация» ЖШС-не барып, ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамыту және отандық өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылады. Партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков жеңілдетілген лизинг пен утильалым тақырыптарына тоқталды. Сонымен қатар цифрландыру, тауарларды таңбалау және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелері қарастырылды.

Осылайша, 17 тамызда партиялар сайлауалды науқанын бірден бірнеше бағыт бойынша жалғастырды. «Әділет» сарапшыларға «111+ шешім» құжатын таныстырып, креативті индустриялар мен отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған бастамаларын ілгерілетуді жалғастырды. ЖСДП Бурабайда үгіт-насихат флешмобын өткізсе, «Байтақ» экологиялық күн тәртібі мен өңірлердегі кездесулерге, ҚХП еңбек құқықтары, денсаулық сақтау, баспана және цифрлық инфрақұрылым мәселелеріне назар аударды. «Ауыл» өндірісті, логистиканы дамытуға және экологиялық іс-шараларға, «Ақ жол» бизнесті қолдау, несиелеу мен баспананың қолжетімділігіне, ал Respublica азық-түлік қауіпсіздігі, цифрландыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне басымдық берді. Сайлауға санаулы күн қалғанда партиялар еңбек ұжымдары, бизнес өкілдері және өңір тұрғындарымен жұмысын жалғастырып, бір мезгілде өздерінің бағдарламалық басымдықтары мен бәсекелестерінен ерекшеліктерін көрсетуге тырысып жатыр.

23 тамызда салмақты әрі саналы таңдау жасау үшін әр партияның саяси бағдарламасын мұқият зерделеу маңызды.

23 тамызда салмақты әрі саналы таңдау жасау үшін әр партияның саяси бағдарламасын мұқият зерделеу маңызды.

Мәселен, «Әділет» партиясы білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау секілді өмірлік маңызды салаларға нақты басымдық берген. Сонымен қатар энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру және өңірлерді дамыту сияқты стратегиялық бағыттарды да айқындаған.

Бұл бағыттардың барлық партияның сайлауалды платформаларында қалай көрініс тапқанын салыстырып көріңіз. Дауыс беру нәтижесі әр адамның пікіріне байланысты. Сіз маңызды заңдар мен шешімдер қабылдайтын өкілдерді таңдайсыз. Сайлауда әрбір қазақстандықтың дауысы маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде

Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауды «Заң және Тәртіп» қағидаты негізінде, ашық әрі барлық қатысушыларға тең жағдай жасай отырып өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Осы қағидаттарды басшылыққа ала отырып, Құрылтай сайлауына қатысушы партиялардың өкілдері ел өңірлеріндегі жұмыс сапарларын жалғастыруда. Кандидаттар сайлаушыларға өздерінің саяси бағдарламаларының негізгі бағыттарын түсіндіріп, онда өңірлік мәселелерге ерекше мән беріп отыр.

Мәселен, «Әділет» партиясы өңірлік саясаттың тиімділігі игерілген қаражат көлемімен емес, халықтың суға, жолға, интернетке, дәрігерге, мектепке және жұмысқа қолжетімділігімен өлшенетінін атап көрсетеді.

Жекелеген, нақты мәселелерді шешу арқылы Қазақстан дамуының жалпы бағыты қалыптасады.

Қонысбай ауылында маңызды мәселелер талқыланды

Қонысбай ауылында маңызды мәселелер талқыланды
Қонысбай ауылдық округінің әкімі Ж.Еслямбеков ауыл тұрғындарымен «Конституция құндылықтары және өңірдің дамуы» тақырыбында кездесу өткізді.
Кездесу барысында Конституцияда бекітілген азаматтардың құқықтары мен міндеттері, заң мен тәртіпті сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындардың өзекті ұсыныстары мен мәселелері талқыланды.
Кездесуде алдағы 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауының маңызына да ерекше назар аударылды. Тұрғындарға Құрылтайдың елдің қоғамдық-саяси дамуындағы рөлі, азаматтардың сайлау арқылы өз ұстанымын білдіруінің маңыздылығы түсіндірілді.
Ауыл әкімі тұрғындарды сайлау үдерісіне белсенді қатысып, өз таңдауын жауапкершілікпен жасауға шақырды. Себебі әрбір азаматтың таңдауы – елдің болашағына, өңірлердің дамуына және қоғамның одан әрі нығаюына қосылған үлес.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ашық форматтағы мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы өзара байланысты нығайтып, ел дамуына ортақ жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді.

Ақмола облысында IT-білім беру мен стартаптарды қолдау бағыттары дамып келеді

Ақмола облысында IT-білім беру мен стартаптарды қолдау бағыттары дамып келеді

Көкшетауда тамыз және қыркүйек айларында Aqmola Hub базасында IT және технологиялық кәсіпкерлік бағыттары бойынша тегін білім беру бағдарламалары өтуде. Қатысушылар сұранысқа ие дағдыларды меңгеріп, өз стартаптарын инвесторларға таныстырып, жеке жобаларын іске қосуға дайындала алады. Бұл туралы брифинг барысында хаб директоры Асель Абдрахманова мәлімдеді.

Aqmola Hub Көкшетау қаласында 2023 жылдан бері Astana Hub-тың өңірлік алаңы ретінде жұмыс істеп келеді. Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп мұнда жобаларды басқару, ГАЖ-аналитика, деректерді талдау, Vibe coding және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша қарқынды оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады.

Стартап жобаларын әзірлеушілер үшін сарапшылар мен инвесторлардың қатысуымен Pizza Pitch кездесулері өткізіледі. Әр питчтің жүлде қоры – 450 мың теңге.

Сонымен қатар Digital Aqmola және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп Tomorrow School білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Қатысушылар командаларға бөлініп, практикалық міндеттермен жұмыс істейді. Бағдарламаға қатысу үшін IT саласында алдын ала дайындықтың болуы талап етілмейді.

Келесі кезеңде Көкшетауда алғаш рет сегіз апталық Smart City акселераторы іске қосылады. Оның аясында командалар қалалық ортаға арналған цифрлық шешімдер әзірлейді. Жобаларда, соның ішінде, жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік беріледі. Әзірленген шешімдер нақты қалалық мәселелер негізінде сынақтан өткізіледі. Финалға 10 стартапты іріктеу жоспарланып отыр. Олардың үшеуін пилоттық жоба деңгейіне дейін жеткізу көзделген.

Өңір тұрғындары үшін тағы бір мүмкіндік – Astana Hub жүзеге асыратын Tech Orda бағдарламасы. 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтар IT мамандықтары бойынша білім алуға грант иелене алады. Бағдарлама аясында бағдарламалық жасақтама әзірлеу, жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді талдау, UI/UX дизайны және басқа да бағыттар бойынша оқуға болады.

Осылайша, өңірде IT мамандары мен стартаптарды қолдаудың тұтас жүйесі қалыптасып келеді. Яғни азаматтардың алғашқы дағдыларды меңгеруінен бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу, оларды сынақтан өткізу және нақты жобаларға енгізуге дейінгі мүмкіндіктер қарастырылған.

Президенттің АӨК өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау:

Президенттің АӨК өнімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау: егін жинау науқаны өткен жылдан екі есе жылдам жүріп жатыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында Үкімет егін жинау науқанының тұрақты өтуін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда. Қазіргі көрсеткіштер өнімділіктің артып, салада қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.

Мұндағы соңғы жылдардағы негізгі құрал агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдауға деген көзқарасты өзгерту болды, салада жекелеген іс-шараларды қаржыландырудан бастап бүкіл өндірістік циклды кешенді түрде қамтамасыз етуге назар аударылды.

Алдын ала қаржыландыру, ресурстарға жеңілдікпен қол жеткізу, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемін ұлғайту, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізу диқандарға маусымға уақтылы дайындалуға және егін жинау жұмыстарының жоғары қарқынын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Егін жинау қарқыны былтырғыдан екі есе жоғары – орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнер Жаппай егін жинау науқаны еліміздің барлық негізгі аграрлық аймақтарында 2026 жылдың 15 тамызында басталды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бүгінгі таңда 2,6 млн гектардан дәнді дақылдар жиналды. Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 1,3 млн гектар болған еді.

17 тамыздағы мәлімет бойынша орташа өнімділік гектарынан 14,6 центнерді құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі түрлері бойынша оң динамика байқалады.

Әртараптандыру шеңберінде бидайдың егістік алқаптары 875 мың гектарға қысқартылды. Соған қарамастан жалпы өнім көлемі өсіп келеді. Бұл әр гектардан алынатын өнімнің артып, қолданыстағы егістік алқаптардың тиімдірек пайдаланылып отырғанын көрсетеді.

Басқа да негізгі дақылдар бойынша бүгінгі таңда 513 мың тонна картоп, 1,1 млн тонна көкөніс және 1,6 млн тонна бақша дақылдары жиналды.

АӨК-ті қаржыландыру үш жылда жеті еседен астам өсті Қол жеткізілген көрсеткіштер аграрлық секторды мемлекеттік қолдауды дәйекті түрде күшейтудің нәтижесі болып отыр.

Үш жыл ішінде АӨК-ті қаржыландыру көлемі 2023 жылғы 140 млрд теңгеден 2025 жылы 1 трлн теңгеге дейін өсті.

Бұл ретте өндірістік циклдің алғашқы кезеңдерінде қаржы ресурстарына қолжетімділікті арттыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.

Диқандар дала жұмыстарын алдын ала жоспарлауға және тұқым, тыңайтқыш, өсімдіктерді қорғау құралдары, жанар-жағармай мен техника сынды қажетті ресурстарды уақтылы сатып алуға мүмкіндік алды. Бұл егіс науқанын оңтайлы агротехникалық мерзімде жүргізуге және қажетті технологиялық операциялардың орындалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Бүгінгі таңда технологияны сақтау саланың өнімділігін арттырудың негізгі резервтерінің біріне айналуда.

Соңғы екі жылда минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі үш есеге, яғни 1,8 млн тоннаға дейін ұлғайды. Осы жылы көрсеткішті 2,3 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде 2 млн тонна тыңайтқыш жеткізуге шарттар жасалды, оның 1,9 млн тоннасы немесе жылдық жоспардың 83%-ы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жөнелтілді.

Тұқым қорының сапасын арттыру бойынша жұмыстар да жалғасуда. Элиталық тұқымдарды пайдалану үлесі 2023 жылғы 7,1%-дан қазіргі уақытта 11,6%-ға дейін өсті.

Сонымен бір мезгілде саланы техникалық қайта жарақтандыру шаралары да жеделдетілуде.

Жеңілдікті лизинг бағдарламасы аясында қаржыландыру көлемі 10 есеге артып, 2026 жылы 350 млрд теңгеге жетті.

Жыл басынан бері бағдарлама аясында 256,3 млрд теңге сомасына 6 790 өтінім қаржыландырылып, 7 718 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қолдау көрсетілді.

Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері шамамен 25 мың бірлік заманауи техника сатып алды, ал машина-трактор паркінің жаңару деңгейі 2024 жылғы 6%-дан 2025 жылы 6,5%-ға дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 8%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Негізгі астық егетін өңірлерде жүргізілген талдау шаруашылықтардың технологиялық қамтамасыз етілу деңгейі мен түпкілікті өнімділік арасындағы тұрақты байланысты көрсетеді. Агротехнологияларды сақтау және қажетті ресурстармен қамтамасыз ету неғұрлым жоғары болса, өндіріс тиімділігі соғұрлым жоғары болады.

Осыған байланысты саланы одан әрі дамыту әр гектардан алынатын өнімділікті арттыруға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және заманауи технологияларды жүйелі түрде енгізуге бағытталады.

Астық қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тонна: инфрақұрылым жаңа өнімді қабылдауға дайын Жаңа өнімді қабылдауға қажетті инфрақұрылымның дайындығы алдын ала қамтамасыз етілді.

Облыс әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, республикадағы астық сақтау қоймаларының жалпы сыйымдылығы 30,7 млн тоннаны құрайды. Оның 13,3 млн тоннасы жұмыс істеп тұрған лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарының, ал 17,4 млн тоннасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің сақтау қуаттарына тиесілі.

Қазіргі уақытта республикада 189 жұмыс істеп тұрған астық қабылдау кәсіпорны бар.

Qoldau.kz порталының деректеріне сәйкес, лицензияланған астық қоймаларының жүктемесі 2,5 млн тоннаны, яғни 18%-ды құрайды. Бос сақтау көлемі 10,7 млн тонна.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау мақсатында министрлік инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетеді. №21 «Астық қоймаларын салу және кеңейту» жобасының паспорты бойынша шығындарды өтеу мөлшері 25%-ды құрайды.

Келіп түсіп жатқан бидайдың сапасы да жоғары деңгейде сақталуда. Жаңа өнімнен лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 469,5 мың тонна астық түсті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 4 есеге жуық жоғары. Былтыр осы кезеңде қабылданған астық көлемі 120,5 мың тоннаны құраған.

Жаңа өнімнің сақтауға қабылданған жұмсақ бидайының 70%-ы 3-сыныпқа, 18%-ы 4-сыныпқа, ал 12%-ы 5-сыныпқа және сыныпқа жатпайтын бидайға тиесілі.

Егін жинау науқанының үздіксіз жүргізілуі шаруаларға дизель отынының тұрақты жеткізілуі арқылы қамтамасыз етілуде

Егін жинау науқанын өткізудің негізгі шарттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін дизель отынымен уақтылы қамтамасыз ету. Биыл Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жанар-жағармай жеткізу кестесін қалыптастырды.

2026 жылы аграрлық секторға қарастырылған дизель отынының жалпы көлемі 803 мың тоннаны құрады. Оның 402 мың тоннасы көктемгі дала жұмыстарына, 401 мың тоннасы күзгі жұмыстарға бағытталды.

Операторлардың (оның ішінде тасымалдау) шығындарын ескере отырып, негізгі астық егетін өңірлердегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының түпкілікті бағасы литріне 305–310 теңгені құрайды. Бұл нарықтағы бағадан 10%-ға төмен (ағымдағы жылдың тамыз айындағы жағдай бойынша жанармай құю стансаларындағы баға – 335–340 теңге/литр). Бүгінгі таңда дизель отынының 71 мың тоннасы тиелді.

Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін отынмен қамтамасыз ету мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында.

Егіс алқаптарын кеңейтудің орнына өнімділікті арттыру өсімнің негізгі факторына айналуда Ағымдағы егін жинау науқаны аграрлық сектордың неғұрлым өнімді модельге көшуін көрсетеді: онда өндіріс көлемінің өсуі ең алдымен тиімділік пен өнімділікті арттыру есебінен қамтамасыз етіледі.

Егіс құрылымындағы өзгерістер саланың технологиялық жаңаруымен қатар жүріп жатыр. Тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдарды қолдану көлемі артып, ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Мемлекеттік қолдау өндірістік циклдің негізгі кезеңдерінің барлығын қамтиды – алдын ала қаржыландыру мен қажетті ресурстармен қамтамасыз етуден бастап, шаруашылықтарды жаңғыртуға және қажетті инфрақұрылымды дамытуға дейін.

Үкімет қабылдап жатқан шаралардың жүйелілігі қол жеткізілген нәтижелерді бекітіп, агроөнеркәсіптік кешен өнімділігін одан әрі арттыру үшін тұрақты негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Алдағы жұмыс аграрлық сектордың өнімділігін арттыруға, заманауи технологияларды енгізуге, жер және су ресурстарын ұтымды пайдалануға, сондай-ақ шығындарды азайтып, ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігін арттыруға бағытталады.

Бұл Мемлекет басшысының ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін кезең-кезеңімен арттыруға, бәсекеге қабілетті, технологиялық әрі орнықты агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыру жөніндегі стратегиялық міндетіне сәйкес келеді. #Ауыл шаруашылығы #АӨК #Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы Дереккөз: primeminister.kz

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑