«Жалпы, бұл сайлаудың мәні де, мазмұны да өзгеше болды. Себебі өткен сайлау ең алдымен Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа сапалы деңгейге көтерілгенін байқатты.
Партиялар өзінің әлеуетін толық көрсетті. Өз бағдарламасын жұртшылыққа жан-жақты түсіндіріп, жеткізе білді.
Науқанға қатысқан барлық партияның ұсыныстары жұртшылықтың назарын аударды, қоғамдық өмірге үлкен серпін берді. Көптеген байқаушылар партиялардың арасында ашық бәсеке болғанын айтты.
Шын мәнінде, әр партияның өз бағдары, ұстанымы және идеологиясы бар. Науқан барысында олардың қоғамдағы рөлі, саяси жүйедегі орны айқындала түсті.
Мұны Құрылтай сайлауының негізгі жетістігі деп бағалауға болады. Осындай оң өзгерістердің арқасында Қазақстандағы саяси-қоғамдық мәдениет үнемі дамып, жетіліп отырады.
Болашақта партиялардың билік жүйесіндегі ықпалы да күшейе түседі. Әр науқан сайын олардың рөлі арта бермек.
Сондықтан партиялар алған бағыттарынан таймай, сайлаушылармен жұмысты жалғастыра беруі керек. Сонда ғана саяси ұйымдардың беделі күшейе түседі.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, партиялар ұсынған бағдарламалардың мазмұнына ерекше тоқталғым келеді. Бұл құжаттарда тың идеялар, тиімді ұсыныстар бар. Оның бәрі де алдағы жұмыс барысында мұқият сараланады.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ең ұтымды шешімдер Үкіметтің жұмысында ескерілуге тиіс.
Сайлауда «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікті құрап отыр. Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары.
Осы орайда, қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды. Бұл міндет ойдағыдай орындалады деп сенемін».
«Азаматтар елімізде жүзеге асып жатқан ауқымды өзгерістерді жаппай қолдауда. Мұны Құрылтай сайлауы айқын аңғартты.
Осы науқанға азаматтарымыздың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берді. Халқымыз ел тағдырына әсер ететін тарихи таңдауын жасады.
Жұртымыз бұл іске зор жауапкершілікпен қарап, қоғамымыздың ауызбіршілігін паш етті. Осылайша, ел бірлігінің мызғымас тірегіне айналған «Әралуан пікір – біртұтас ұлт» қағидаты нақты жүзеге асты.
Құрылтай сайлауына шетел азаматтарының қызығушылығы өте жоғары болды. Қазақстанға беделді халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен 800-ге жуық байқаушы келді. Бұл – ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Сайлау ашық әрі әділ өтті, өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Бүгінде азаматтарымыз саясатқа оң көзбен қарап, қоғамдық істерге белсене араласатын болды. Бұл – жақсы үрдіс.
Мұны жұртшылықтың депутаттарға қоятын талабы әрдайым жоғары болады деп түсінген жөн. Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады.
Ел ішінде кәсіби Парламентке деген сұраныс артқанын көріп отырмыз. Құрылтайға білікті мамандардың келуі – осының айқын дәлелі. Әрине, бәсекенің аты – бәсеке. Біреу ұтады, біреу ұтылады.
Алайда елімізде өз пікірін білдіруге, өз көзқарасын айтуға неше түрлі тетік бар. Заңымызға сай келетін түрлі мардымды пікірлер, ұсыныстар неғұрлым көп айтылса, елімізге де соғұрлым тиімді болады, нақты пайдасы тиеді».
«Баршаңызға бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуы құтты болсын!
Бүгін еліміз өзінің даму жолында аса маңызды кезеңге аяқ басты. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-мағынасы айрықша оқиға, тарихи сәт. Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз.
Бүгін жалпыұлттық референдум кезінде Қазақстан халқы қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы – Құрылтай ресми түрде өз жұмысына кіріседі. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз.
Төл тарихымызға зер салсақ, Құрылтайда мемлекеттік маңызы бар мәселелер кеңінен талқыланып, ортақ шешімдер қабылданған. Бұл институттың жаңа кезеңде де жөні бөлек болары анық.
Себебі Құрылтай билік жүйесін түбегейлі жаңғыртады, бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысына тың серпін береді. Құрылтай ұлттық заңнама сапасын арттыру арқылы еліміздің құқықтық негізін нығайта түседі.
Осы тарихи миссияны атқару сіздерге жүктеліп отыр. Құрылтайдың бірінші шақырылымының депутаты болу – ең алдымен, ерекше сәт. Бұл – үлкен бақыт деп айтсақ, қате болмас.
Осы аса абыройлы атқа сай лайықты қызмет етесіздер деп сенемін!»
ℹ️ Әлеуметтік желілерде Қазақстан азаматтарының банктік депозиттері бойынша төленетін сыйақыға 5% салық енгізу туралы ұсыныс пайда болды деген ақпарат тарап жатыр.
Жарияланымда әңгіме депозиттің негізгі сомасы емес, банк есептейтін пайыздар туралы болып отырғаны айтылады. Бұл хабарлама – шындыққа сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, жеке тұлғаларға банктердегі салымдары (депозиттері) бойынша төленетін сыйақыларға жеке табыс салығы салынбайды. Оның үстіне, бұл норманың күшін жою және салымдар бойынша сыйақыларға салық енгізу мәселесін Қазақстан Республикасының Үкіметі қарастырып жатқан жоқ. Демек, елде банктік салымдар бойынша пайыздарға 5% салық енгізу ұсынылды деген тұжырымдардың ешқандай негізі жоқ. Мұндай хабарламаларда бұл бастаманың авторы, ресми құжаттың атауы, датасы немесе осы ұсыныс айтылған алаң көрсетілмейді. Бұл – жалған әрі манипуляциялық ақпараттың басты белгілерінің бірі. ‼️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы азаматтарды салықтар, әлеуметтік төлемдер және басқа да маңызды өзгерістер туралы ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға, сондай-ақ әлеуметтік желілердегі тексерілмеген хабарламаларға сенбеуге шақырады.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған жиын өтті. Басқосуға Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасарлары Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бейбіт Сарыбай және жазушы Смағұл Елубай, сыншы Әлия Бөпежанова, жазушы Қанат Қайым, ақын Әділғазы Қайырбеков, ақын Пәтигүл Мақсатова, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, ақын Маралтай Райымбекұлы, ақын Ерлан Жүніс қатысты. Жиынды ашып берген Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:
– Әдебиет пен сөз өнерінің басты мұраты – адамды адалдыққа тәрбиелеу. Сондықтан «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» деген атаудың өзі біз үшін үлкен мәнге ие. Шын сөз айтылмайынша, әділетті қоғам да қалыптаспайды. Мемлекет басшысының әр жылдардағы сөздерінен ел тағдырына, ұлттық құндылықтарға, заң мен тәртіпке, ұрпақ тәрбиесіне қатысты азаматтық ұстанымын анық аңғаруға болады. Бұл жинақ – бүгінгі Қазақстанның даму жолын, қоғам алдындағы міндеттерді түсінуге мүмкіндік беретін маңызды еңбек. Қасым-Жомарт Кемелұлы – мемлекет басқару ісімен қатар, әдебиет пен мәдениеттің қоғамдағы айрықша орнын жақсы түсінетін мемлекет қайраткері. Оның қазақ әдебиетіне, жазушылар мен ақындарға деген құрметін біз үнемі көріп келеміз. Мемлекет басшысының аталған кітаптағы: «Мен Мемлекет басшысы және азамат ретінде қазақ әдебиетін әрдайым қолдаймын» деген сөзі – қаламгер қауым үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін әрі үлкен сенім білдіретін сөз. Бұл бізге, жазушыларға, үлкен міндет жүктейді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қаламгерлер де сапалы шығарма арқылы жауап беруі тиіс. Президент өз сөздерінде әділеттілік, заң үстемдігі, еңбекқорлық, жауапкершілік, ұлттық бірлік, қоғамдық келісім, білім, ғылым, мәдениет пен руханият мәселелеріне үнемі назар аударып келеді. Бұл мәселелердің барлығы әдебиет үшін де жат емес. Өйткені әдебиет қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Қоғамда қандай өзгеріс болса, оның ізі әдебиеттен де көрінеді. Әділетті қоғам, ең алдымен, әділетті сана қалыптасқан кезде орнығады. Ал әділетті сананы қалыптастыруда отбасы, мектеп, ғылыммен қатар әдебиеттің де рөлі зор. Жас ұрпақ кітаптан ел тарихын, адамгершілікті, отаншылдықты, достық пен адалдықты үйренеді. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау – мемлекеттің рухани қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Осы тұрғыдан алғанда, «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының қаламгерлер қауымы үшін де мәні ерекше. Әсіресе қазіргі жаһандану дәуірінде ұлттық әдебиетке деген жауапкершілік бұрынғыдан да арта түсті. Ақпарат ағыны күшейіп, жас ұрпақтың талғамы өзгеріп жатқан кезде қазақ әдебиеті өз биігін сақтап қана қоймай, жаңа заманның мәселелерін де батыл көтеруі керек. Біз әлемдік әдеби үдерістен тыс қалмауымыз қажет. Қазақ қаламгерлерінің шығармаларын шет тілдеріне аудару, ұлттық әдебиетті халықаралық кеңістікке шығару – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысының қазақ әдебиетін қолдау жөніндегі ұстанымы осы бағыттағы жұмыстарға жаңа серпін береді деп ойлаймын. Қазақстан Жазушылар одағы да осы міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуға дайын. Біз жас қаламгерлерді қолдау, әдеби аударманы дамыту, қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде насихаттау, кітап оқу мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра береміз», – деді. Жиын барысында өзге де ақын-жазушылар мен әдебиет өкілдері кітаптың мазмұны мен көтерген мәселелері жөнінде пікір білдіріп, Президенттің елдің болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтарға қатысты ойларына тоқталды. Қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» жинағын Мемлекет басшысының мемлекет құру мен қоғамды дамыту жөніндегі көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсететін маңызды басылым ретінде бағалады. Алқалы жиында айтылған пікірлер топтамасы оқырман назарында. Смағұл ЕЛУБАЙ: Құндылықтар тарау-тарау болып қамтылған Президенттің «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына тобықтай-тобықтай түйінді сөздер топтастырылған екен. Бұрын-соңды мұндай формадағы кітап шықпаған еді. Бүгінгі таңда ең көп айтылып жүрген асыл сөздеріміздің бірі – Тәуелсіздік болса, енді бір қатары – әділеттілік, адалдық, тазалық, мемлекетшілдік, патриотизм… Жинақта осы құндылықтардың бәрі тарау-тарау болып қамтылған. Кімде-кім Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөздеріне сүйенгісі келсе, іздегенінің бәрін осы кітаптан таба алады. Ерекше назар аударып айтқымыз келетіні, Президенттің қай сөзіне үңілсеңіз де шыншылдығы көрініп тұрады. Әрбірі жүректен шыққан. Кітаптың маңыздылығы да осында. Бұл – шындық, әділет іздеген кез келген қазақстандықтың үстелінің үстінде жататын кітап деп ойлаймын. Өйткені мұнда тілім, елім, әдебиетім, халқым деген әр қазақ азаматының жан дауысы бар.
Әлия БӨПЕЖАНОВА: Бәріміз үшін де керек кітап Қазақ өзі мақалдап сөйлейтін халықпыз ғой. Кез келген ұзын-сонар әңгімені қазақ екі ауыз сөзбен түйіндеп айтқан. Қолымыздағы кітапқа Мемлекет басшысының Жолдауларында, Үндеулерінде, түрлі маңызды сәттерде сөйлеген сөздерінен оймақтай ойлары жинақталып алыныпты. Жалпы, Президентіміз білімді адам ғой. Тегі де мықты екенін халқымыз жақсы біледі. Әкесі – жазушы Кемел ағаның көзін көрдік. Табиғатынан таза кісі болатын. Мемлекет басшысының мазмұны терең ойлары топтастырылған бұл кітап жастар үшін де, бәріміз үшін де керек кітап деп есептеймін.
Қанат ҚАЙЫМ: Білімдарлық тұнып тұр Кітаптың ең ұнаған тұсы – Президент сөздері 21 тақырып бойынша жүйеленіп топтастырылған екен. Іздегеніңді жылдам тауып алуға өте ыңғайлы. Сөздерді оқи отырып Мемлекет басшысының Жолдаулары мен Үндеулерін ойға оралтып қана қоймай, білімдарлық пен тереңдіктің де тұнып тұрғанын түйсіндік.
Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ: «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды» Мен кітаптың «Тарих. Мәдениет. Руханият» деген бөліміне ерекше назар аудардым. Осы бағыттағы Президенттің тұжырымдамалары, стратегиясы көңілімізден шығады. Бір тараудың өзіндегі «Мәдениет – ұлттың рухани дербестігінің кепілі», «Рухани кемелденуге ұмтылмай өркендеу болмайды», «Домбыра – қазақтың жаны, болмысының айнасы», «Тарихи-мәдени мұрамызды XXI ғасырға сай жаңғыртып, жүйелі түрде дәріптеуіміз қажет», «Абай ілімі ұлттық бірегейлігіміздің, ұлттық болмысымыздың өзегі болуға тиіс» деген қадау-қадау ойлары үлкен ойларға жетелейді. Жалпы, Мемлекет басшысының ұлтқа, мемлекетке, халыққа қатысты көзқарастарының жинақталып бергені қуантты.
Қасымхан БЕГМАНОВ: Әділетті Қазақстан құрудағы бір бағдаршамымыз іспетті «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын зор қызығушылықпен оқып шықтым. Жинақтың әр бөлімі бір-бірін толықтырып тұр екен. Ең алғашқы «Ұлт саясаты» тарауында «Халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады» деген тұжырымды айтып, халыққа арқа сүйейді Президентіміз. Бұның астарында үлкен ой жатыр. «Халқы мықты болмай – салты мықты болмайды, салты мықты болмай – халқы мықты болмайды» деген аталы сөзбен астасып тұр. Кітап Әділетті Қазақстан құрудағы бір бағдаршамымыз іспетті боларына сенемін. Сонымен қатар жинақты оқи отырып, Мемлекет басшысының халқын шынайы жақсы көретінін, елге жанашыр екенін анық көреміз. Президент осы кітабы арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, адам капиталын дамыту, мемлектшілдік пен білімділікті дәріптеу мәселелерін де орынды қозғаған. Өйткені адамның тағдыры – мемлекеттің тағдыры екені рас.
Патигүл МАХСАТОВА: Ой өрбітуімізге серпін беретіндей еңбек Халқымызда «Даналар сөзі – ақылдың көзі» деген мақал бар ғой. Осы кітапты мен ақылдың көзі деп санаймын. Мемлекет басшысының ғылым мен білім, цифрландыру, жасанды интеллект, таза Қазақстан туралы ойлары қатты ұнады. Бүкіл әлем қол созған цифрландыру жүйесінен біз де кешеуілдеп қалмауымыз керек екенін де қадап айтқанын өте дұрыс деп есептеймін. Жинақты парақтай жүріп, өзіміздің де осында қамтылған тақырыптар аясында ой өрбітуімізге серпін беретіндей еңбек. Президент білімді ұрпақ болмаса, елдің келешегі де бұлыңғыр екенін дәйекті жеткізген. Ұстаздар мен ғалымдар, жазушылар жайлы ойлары да ұнады. Таза Қазақстан тұжырымын алға тартқанда сыртқы тазалыққа ғана емес, ішкі адамдық тазалыққа, мәдениетке баса назар аудартқаны да өте өзекті. Кітаптағы Президенттің әр ойы – афоризмге айналатын сөздер.
Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК: Жасқа да, жасамысқа да пайдалы жинақ Кітаптың басты құндылығы – халықтың мемлекеттің басты қозғаушы күші екенін нақтылап берген. Мемлекет басшысы әр тұжырымы арқылы мықты халық – мықты мемлекеттің тетігі екенін жеткізген. «Аққу, шортан һәм шаян» сынды қоғамда түрлі тартыстар орын алып тұр ғой. Соның әрбірінде ұлттың рөлі алға шығу керек. Президенттің келеңсіздіктерге жол бермеу туралы тұжырымдары да әр азаматтың қаперінде жүретіндей сөздер. Президент қоғамның барлық саласында Толық адам іліміне бас ұрсақ, кемдік көрмейтініміз турасында да жан-жақты жеткізген. Соның ішінде дін бағытында да дұрыс реформа жүргізген жөн. Кітапта Президенттің көп дүниеде «оққа кеудесін тосып тұрғаны» байқалады.Талай шетін тақырыптарға барып, ашық түрде жауабын берген. Жасқа да, жасамысқа да пайдалы жинақ.
Ғалым ҚАЛИБЕК: Ұлттық идеологияны негіз еткен тұжырымдар Кітапта қазіргі Қазақстанның өткені, бүгіні, келешегі, жүргізіп отырған саясаты жайлы Мемлекет басшысының ойлы тұжырымдары жинақталып, «кім боламыз?», «қайда бара жатырмыз?», «қандай ел боламыз?» деген сұрақтарға жауап береді. Президенттің: «Менің өмірлік ұстанымым – туған елімнің мүдделерін қорғау. Бұл міндетті айқай шығармай, ұстамдылық танытып, сабырлылықпен дәйекті түрде орындауға болады», – деген сөзінің өзі көптің көкейіндегі мың-сан сұраққа орынды жауап. Ұлттық идеологияны көп айтамыз. Ал оның тереңіне үңіле бермейміз көбінде. Бұл жайында Мемлекет басшысы: «Әділетті, таза, қауіпсіз, қуатты Қазақстанды құрып жатырмыз», – деп бір ауыз сөзбен ұлттық идеологияны негіз еткен болашағымызды айқындап берген.
Маралтай РАЙЫМБЕКҰЛЫ: Әр қазақтың төрінде тұратын құнды еңбек Ешнәрсенің кездейсоқ болмайтыны сияқты «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабының жарық көруі тегін емес. Бұл игіліктің Құрылтайдың құрылуымен қатар келіп жатқаны да – заңдылық. Аталған кітап – әкім-қаралардың үстелінде ғана емес, әр қазақтың төрінде тұратын, кітапханасына қосылған құнды еңбек. Біздің міндетіміз – жинақтың ішіндегі барын базарлап, қажетке жарату. Кітап не үшін шығады? Халыққа қызмет ету үшін шығады ғой. Халықтың қолында тозсын деп тілеймін.
Ерлан ЖҮНІС Елдік ұстанымның эволюциясы бар мұнда Кітапқа Президенттің бірнеше жылғы ой-пікірлері жинақталған ғой. Әсіресе Президент өміріндегі әке тағылымы ерекше көрініс тапқанын аңғардым. Алғаш Қытайға оқуға аттанғанда «Не істейсің? Не үйренесің?» деген әке сұрағына «Қытай тілін үйренем», – деп тіл қатқан екен Мемлекет басшысы. Сонда: «Шегіне, кемеліне жеткізіп үйрен», – деп ғұмырлық ақыл айтқан екен жазушы Кемел Тоқаев ұлына. Ел Президентінің кейінгі ғұмырындағы барлық саяси ұстанымдарында болсын, саяси бастамаларында болсын, яғни бастаған дүниені соңына жеткізу жолында әке ұлағаты айрықша сақталған секілді. Президентіміздің кешегі студент шағынан бүгінгі биігіне дейінгі қалыптасу тұжырымдамасын көреміз бұл кітаптан. Әрбір жас көруі керек, сезінуі керек, білуі керек елдік ұстанымның эволюциясы бар мұнда. Мемлекеттің әр кезеңдегі күрделі шақтарында Мемлекет басшысы сөйлеген сөздерден, Үндеулерден, Жолдаулардан, өзге де маңызды тұжырымдардан алынған ойлар, санада тиктоникалық қозғалыс туғызған тезистер жинақталған. Мемлекетшіл тұлғаның болмысы танылады кітаптан.
Бейбіт САРЫБАЙ: Тұтас халық оқитын ойлар қағбасы Кітапта Мемлекет басшысы тарапынан айтылған мәйек сөздер, түрлі шақтарда сөйленген сөздердің тобықтай түйіні, ең бір маржандары теріп алынған. Жинақты оқи отырып, Президентіміздің ұстанған ұстанымын, көңіл күйін, парасат-пайымын, бағыт-бағдарын, түгел сезіне аламыз. Сол тұрғыдан қараған кезде бұл кітапты, ең бірінші, мемлекеттік қызметкерлер түйсініп оқыса дейміз. Бағыт-бағдар, мақсат ортақ болғандықтан жауапты қызметтегі тұлғалар да Мемлекет басшысымен бір рухта болғаны дұрыс қой. Сонымен қатар «Бүгін саналы ұрпақты тәрбиелей алсақ, ертең заман көшінің басында жүреміз» дейді ел Президенті. Болашағымызды тәрбиелеп отырған ұстаздар, біліммен сусындап жүрген студенттер, тұтас халық оқитын кітап.
Ақмола облысында қоғамдық бақылаудың тиімді тетіктері талқыланды
Макинск қаласында қоғамдық кеңестердің өкілдері бас қосып, әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылау жүргізудің тиімді жолдарын ортаға салды
Макинск қаласында «Қоғамдық бақылау: құралдар, тетіктер және үздік тәжірибелер» тақырыбында диалог алаңы өтті. Іс-шара Ақмола облысының ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырылды.
Жиынның басты мақсаты – қоғамдық бақылауды жүзеге асырудың тиімді құралдарын талқылау, өңірдегі қоғамдық кеңестер арасында тәжірибе алмасу және әлеуметтік әрі коммуналдық инфрақұрылым нысандарына бақылау жүргізу тетіктерін жетілдіру.
Диалог алаңына Ақмола облысы мен Көкшетау қаласының Қоғамдық кеңес мүшелері, аудан-қалалардағы қоғамдық кеңестердің төрағалары мен хатшылары, мемлекеттік органдардың, мердігер ұйымдар мен техникалық қадағалау өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысты.
Іс-шараның практикалық бөлігінде қатысушылар екі жұмыс тобына бөлініп, Макинск қаласындағы білім беру нысаны мен Орталық саябақта қоғамдық бақылау жүргізді. Олар нысандардағы жұмыстардың орындалу барысымен танысып, атқарылып жатқан жұмыстың сапасы мен белгіленген мерзімдерге сәйкестігін талқылады. Сонымен қатар жауапты мамандарға сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді.
Мұндай форматтың маңызы – қоғамдық бақылаудың тек есеп немесе пікір алмасу деңгейінде қалмай, нақты нысанға барып, атқарылған жұмысты көзбен көріп, туындаған мәселелерді жауапты тұлғалармен бірге талқылауға мүмкіндік беруінде.
Жиында «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Қоғамдық бақылаудың негізгі міндеттерінің бірі – заң талаптарының сақталуына, мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына, әлеуметтік нысандардағы жұмыстардың сапалы әрі белгіленген талаптарға сәйкес орындалуына азаматтық қоғамның қатысуын қамтамасыз ету.
– Қоғамдық бақылаудың мақсаты тек кемшілік анықтау емес. Ең маңыздысы – мәселені дер кезінде байқап, оны заң аясында шешуге ықпал ету. Бұл ретте мемлекеттік органдар мен қоғам арасында ашық әрі сындарлы диалог болуы қажет, – деген пікірлер айтылды жиын барысында.
Диалог алаңының екінші бөлімінде қоғамдық кеңестердің қоғамдық бақылаудағы рөлі, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл, анықталған мәселелерге ден қою және азаматтардың әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысу мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар Ақмола облысының аудандары мен қалаларындағы қоғамдық кеңестер өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар қоғамдық бақылаудың тиімді құралдары, мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс және оң тәжірибелерді басқа өңірлерде қолдану мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Жиын соңында қоғамдық бақылау тетіктерін одан әрі жетілдіру, азаматтардың әлеуметтік жобаларға қатысуын кеңейту және қоғамдық кеңестер мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты күшейту жөнінде бірқатар ұсыныс айтылды.
Жалпы, мұндай кездесулер қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі ашық жүзеге асуына ықпал етеді. Ал бұл – заң талаптарын сақтау мен «Заң мен тәртіп» қағидатын күнделікті өмірде орнықтырудың нақты көрінісі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының объектілеріне техникалық турлар
Семей сынақ полигонының тарихы және Қазақстанның оның ядролық мұрасын еңсеру жөніндегі бірегей тәжірибесі ел ішінде де, шетелде де үлкен қызығушылық тудырып келеді. ҚР Ұлттық ядролық орталығы жыл сайын көптеген делегацияны, халықаралық ұйымдардың өкілдерін, ғалымдарды, қоғам қайраткерлері мен журналистерді қабылдайды, деп хабарлайды Arasha.kz.
Биыл да солай болды. Соңғы айларда Ұлттық ядролық орталыққа 100-ден астам адам келді. Орталықтың қызметімен танысуда көпшіліктің қызығушылығын тудыратын форматтардың бірі — техникалық турлар. Олардың барысында ССП тарихына қатысты объектілерді ғана емес, Қазақстанның ядролық қауіпсіздік, ядролық қаруды таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану технологияларын дамыту саласындағы нақты жұмысын да көруге болады.
Көптеген делегация үшін Ұлттық ядролық орталықтың қызметімен танысу Семей сынақ полигоны тарихының экспозициялық залынан басталады.
Экспозиция сынақ бағдарламасының ауқымын бағалауға, сондай-ақ ССП жабылғаннан кейін атқарылған ауқымды жұмыстарды түсінуге мүмкіндік береді. Архив құжаттары, фотосуреттер, жабдықтардың үлгілері және басқа да материалдар кезіндегі сынақтар туралы ғана емес, олардың салдарын жою бағытында Қазақстан тарапынан атқарылған жұмыстар туралы да мәлімет береді.
Ядролық қаруды таратпау мәселесі жөніндегі әңгімені дәл осы жерден бастаған жөн. 1991 жылы сынақтар тоқтатылғанымен, аумағы шамамен 18,3 мың шаршы километр болатын полигон аумағында ондаған жылдар бойы қалыптасқан аса күрделі инфрақұрылым сақталып қалды. Штольнялар мен ұңғымалар, техникалық алаңдар және басқа да объектілер енді сынақ кешенінің элементі ретінде емес, ықтимал қауіп көздері ретінде мүлдем жаңа тәсілді талап етті.
Осылайша, техникалық тур жай ғана ССП тарихымен танысу емес, полигонды жабу туралы саяси шешімнің нақты инженерлік, ғылыми және ұйымдастырушылық шаралармен қалай қамтамасыз етілгенін қадағалауға мүмкіндік береді.
Техникалық турлар Семей сынақ полигонының тарихына қатысты объектілермен ғана шектелмейді. Бұдан кем түспейтін тағы бір маңызды бөлігі — қазіргі Ұлттық ядролық орталықпен, оның ғылыми базасымен, зерттеу қондырғыларымен және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға бағытталған технологияларымен танысу.
Техникалық турға қатысушылар радиациялық-экологиялық зерттеу жүргізілетін зертханаларға барады. Онда қоршаған орта объектілерінен алынған сынамаларды талдау қалай жүргізілетінін, техногендік радионуклидтерді анықтау, олардың топырақта, суда және биологиялық объектілерде таралу процесін зерттеу қалай жүзеге асырылатынын тікелей көруге болады.
Дәл осы көпжылдық зерттеулердің нәтижесі бұрынғы полигон аумағындағы радиациялық жағдайды нақты көрсетуге, ерекше бақылауды қажет ететін учаскелерді анықтауға және Семей ядролық қауіпсіздік аймағын қалыптастырудың ғылыми негізін жасауға мүмкіндік берді.
Қазақстандық КТМ материалтану токамагы бағдарламада ерекше орын алады. Бұл — басқарылатын термоядролық синтез саласындағы міндеттерді орындауға арналған бірегей зерттеу кешені. КТМ-мен танысу Ұлттық ядролық орталық қызметінің мүлде басқа қырын — жоғары технологиялық зерттеулерді дамыту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту және болашақтың энергетикасына қажетті ғылыми-техникалық құзыретті қалыптастыру бағыттарын айқын көрсетеді.
Техникалық турдың бағдарламасына қарай қонақтарға Орталықтың басқа да зерттеу реакторлары мен эксперименттік қондырғылары, зертханалық кешендері және ғылыми-техникалық инфрақұрылымы таныстырылады. Бұл оны тек Семей полигонының мұрасымен жұмыс істеу міндеті жүктелген ұйым ретінде ғана емес, ең алдымен, атом энергетикасы, термоядролық зерттеулер, радиациялық материалтану, радиоэкология, ядролық және радиациялық қауіпсіздік салаларында бірегей біліктілігі бар көпсалалы заманауи ғылыми орталық ретінде көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазақстанда тұрғын үй қорын жаппай түгендеу басталады
Елдің барлық көппәтерлі үйлері мекенжайы, қабаты, пәтерлер мен тұрғын емес үй — жайлар саны, үйдің жай-күйі, лифтілер мен есепке алу аспаптары бар бір тізілімге жинақталатын болады. Жұмыс «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңды орындау және «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы, сондай-ақ күрделі жөндеу мен техникалық тексерудің мемлекеттік бағдарламаларын жоспарлау шеңберінде жүргізіледі.
Түгендеу «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 2-бабы бойынша көппәтерлі тұрғын үйдің анықтамасына сәйкес келетін барлық ғимараттарды қамтиды: кондоминиум объектісінің ортақ мүлкінен және екі немесе одан да көп пәтерден немесе тұрғын емес үй-жайлардан тұратын жеке тұрған ғимарат. Есепке қабатына, меншік иелерінің санына, тіркелген кондоминиум объектісінің болуына және басқарудың таңдалған нысанына қарамастан, ауылдық елді мекендердегі екі және төрт пәтерлі үйлерді және басқару нысаны әлі анықталмаған үйлерді қоса алғанда, үйлер жатады.
Әрбір үйде тізілімде бірыңғай кілт бар — мекенжайдың тіркеу коды (МТК). Осы код бойынша үйге басқа көздерден алынған мәліметтер: ғимараттың техникалық сипаттамалары, сандық және сапалық көрсеткіштер, Үй-жайлар туралы деректер, басқару нысаны мен лифттердің жай-күйі туралы мәліметтер, желілер мен есептеу құралдарына қосылу туралы деректер «бекітіледі». Мәліметтерді беру тәртібі Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы ақпаратты қалыптастыру, өңдеу, орталықтандырылған жинау және сақтау қағидаларында белгіленген. Олар деректерді беруге міндетті ұйымдардың шеңберін анықтады: жергілікті атқарушы органдар, табиғи монополиялар субъектілері, мүлік иелерінің бірлестіктері, мүлік иелерінің кооперативтері, басқа басқару субъектілері. Меншік иелерінің дербес деректері-тегі, жеке сәйкестендіру нөмірлері, құқық белгілейтін құжаттар және берешек туралы мәліметтер-түгендеу кезінде жиналмайды.
Тізілім не береді: лифттерді күрделі жөндеуге және ауыстыруға арналған үйлердің нақты тізімдері, үйлердің есепке алу құралдарымен жабдықталуының нақты деңгейін түсіну, орташаланған бағалаулар емес, нақты деректер негізінде желілерді жаңғыртуға өңірлердің қажеттілігін есептеу. Коммуналдық төлемдер түбіртектерінде есептеудің дұрыстығы ПИК пен МИБ, басқарушы компаниялар арасында атқарушылық құжаттаманы жүргізу және жұмыс тәртібін арттырады.
Мәліметтерді жинауды облыстардың әкімдіктері аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тұрғын үй инспекциялары арқылы ұйымдастырады. Хабарламалар мен жұмыс нысандары мүлік иелерінің бірлестіктеріне, тікелей бірлескен басқарудағы үйлердің өкілдеріне, басқару субъектілеріне және коммуналдық қызметтерді жеткізушілерге жіберіледі.
Ел бойынша жаңа үйлер, мектептер мен медициналық мекемелер бой көтеруде. Әлеуметтік нысандардың құрылысы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және заманауи жағдай жасауға бағытталған.
Белсенді құрылыс жұмыстары Қазақстанның дамуының маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды іске асыру қалаларды жаңғыртуға, өңірлерді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.