Month: August 2026 (Page 31 of 40)

Экологиялық керуен форум және саяси сын: партиялардың штабында бір күн қалай өтті

Экологиялық керуен, форум және саяси сын: партиялардың штабында бір күн қалай өтті

Сайлауалды науқанның сипаты біртіндеп өзгеріп келеді. Өңірлерге сапарлар, еңбек ұжымдарымен кездесулер және ауқымды форумдармен қатар, партиялар қарсыластарының мәлімдемелеріне пікір білдіріп, ашық саяси пікірталасқа жиірек шыға бастады. 7 тамыз күні партиялар елдің әр өңірінде бірқатар сайлауалды іс-шара өткізді.
«Әділет» партиясының республикалық штабы Шымкентте жұмысын жалғастырып, онда бастауыш партия ұйымдарының республикалық форумы өтті. Форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 3500-ден астам бастауыш ұйым өкілдері қатысты. Партия төрағасы Айбек Дәдебай сайлауалды науқанның барысы туралы баяндап, партия мүшелерінің саны 800 мыңнан асқанын айтты. Оның мәліметінше, бүгінде 3545 бастауыш ұйым (шамамен 650 мың мүшесі бар), 20 өңірлік және 226 аумақтық штаб жұмыс істейді. Науқанға 30 мыңға жуық сенімді өкіл тартылған. Кандидаттар цифрландыру, әлеуметтік саясат және өзге де бағыттарды қамтитын сайлауалды бағдарламаның жекелеген бөлімдерін таныстырды.
Сондай-ақ Шымкент қаласының мәдениет және өнер саласы өкілдерімен жеке кездесу өтті. Онда кітап оқу мәдениетін дамыту, театрлар мен креативті индустрияны қолдау мәселесі талқыланды. Сонымен бірге ұлттық мәдени құндылықтарды қорғау және конституциялық негіздерді сақтау мәселесі қозғалды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның төрағасы Асхат Рахымжанов журналистермен кездесуде Қазақстан халық партиясын сайлау науқаны басталар алдында партия төрағасын ауыстырғаны үшін сынға алды.
Партияның Алматы облыстық филиалы Қонаев – Жаңа Арна – Заречный – Арна – Алатау бағыты бойынша автокеруен ұйымдастырды. Партия белсенділері мен кандидат Р. Жүсіпова Павлодар облысының Аққулы ауылының тұрғындарымен кездесті. Ақмола облыстық филиалының өкілдері Сандықтау ауданындағы Балкашин мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздесті. Сонымен қатар Жезқазған қаласының тұрғындарымен де кездесу өтті.
Ақтөбе облыстық филиалы мүлік иелері бірлестіктерінің (МИБ) төрағаларының қатысуымен олардың даму перспективаларына арналған ашық диалог ұйымдастырды. Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында, Көкшетау және Рудный қалаларында партия мүшелері тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізіп, үгіт-насихат материалдарын таратты.
Аралдан басталып, Қызылорда және Түркістан облыстары арқылы өткен «Байтақ» партиясының экологиялық керуені Жамбыл облысына жетті. Партия мәліметінше, бұл сапар өңірлердегі табиғатты қорғау және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.
Астанада кандидат Сәуле Қамытбекова Center Concrete темірбетон бұйымдары зауыты мен Integrate Clinic медициналық орталығының ұжымымен кездесті. Кездесуде құрылыстағы энергия үнемдеу технологиялары мен экологияның адам денсаулығына әсері талқыланды.
Петропавлда кандидат Алмаз Жакишев «Мархабат» түзету балабақшасына барып, инклюзивті білім беру мен балалардың экологиялық қауіпсіздігі мәселесін көтерді.
Қазақстан халық партиясы бірнеше өңірде тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Атап айтқанда, Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы Түймекент ауылының тұрғындарымен, Алматы облысы Шелек ауылындағы Еңбекшіқазақ аудандық ауруханасының ұжымымен, Теміртаудағы №7 кітапхана қызметкерлерімен, шамамен 700 адам еңбек ететін «Имсталькон» АҚ ұжымымен, көмір разрезі мен электр станциясында 4,5 мыңға жуық адам жұмыс істейтін «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ қызметкерлерімен, сондай-ақ Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғындарымен жүздесті.
Ұлытау облысында партия штабының өкілдері Жезқазған көпбейінді ауруханасының ұжымымен және «ҚазТрансОйл» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Өскеменде партия кандидаттары мен белсенділері қала тұрғындарымен трамвай ішінде бейресми кездесу өткізді.
Талдықорғанда өткен үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобалар көрмесінде ҚХП кандидаты Ирина Смирнова ЖСДП-ны сынға алып, қарсылас партияның бағдарламасында азаматтық секторды қолдау мәселесі жоқ екенін айтып, ЖСДП-ны «бір адамның партиясы» деп атады.
«Ауыл» партиясы Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ұжымдары және ауыл тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Партия өкілдері құс фабрикасында, қайта өңдеу кәсіпорнында, Якорь ауылындағы ветеринарлық пунктте және «Есіл Су» филиалында болды. Кездесулер барысында салалық мәселелермен қатар, ауылдағы кадр тапшылығы бірнеше рет көтерілді.
Шығыс Қазақстан облысында партия төрағасы Қайрат Айтуғанов кандидаттармен бірге инклюзивті қоғам өкілдерімен, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен және ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-аналарымен кездесті. Онда қолжетімді орта, инклюзивті білім беру және кәсіби даярлық мәселесі талқыланды.
Семей қаласында Абай облыстық штабының жетекшісі Қайрат Смағұлов пен кандидат Балнұр Ахметова KondiZ кондитер фабрикасының ұжымымен кездесу өткізді.
«Ақ жол» партиясы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде Ақтөбе облысынан кәсіпкер, партияның облыстық филиалының төрағасы әрі жергілікті мәслихат депутаты Ұлан Қозыбақовты таныстырды.
Партияның республикалық сайлауалды штабы төрайым Дания Еспаеваның жетекшілігімен Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттары таныстырылып, ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап берілді.
Штаб сондай-ақ осы аудандағы макарон өнімдерін шығаратын ANSAR FOODS ЖШС-на барып, еңбек ұжымымен кездесу өткізді.
Сонымен қатар партия Respublica өкілдерінің сынына ұшырады. Партия кандидаты Ерболат Мұхамеджан сайлауалды уәделер нақты нәтижемен дәлелденуі тиіс екенін айтып, бұл пікірін «Ақ жол» партиясына бағыттады.
Respublica партиясы Шымкент қаласында еңбек ұжымдарымен кездесуін жалғастырды. Үгіт жұмысына партия тең төрағасы Қуаныш Шонбай да қатысты. Делегация Alutech кәсіпорны мен MDS Doors ЖШС-на барып, жұмысшылармен еңбекке салынатын салық жүктемесі, отандық өндірушілерді қолдау және әлеуметтік-экономикалық мәселені талқылады.
Қалада кәсіпкерлердің, өнеркәсіп өкілдерінің, жастардың және партия белсенділерінің қатысуымен сайлауалды форум өтті. Онда партияның тең төрағалары мен кандидаттары бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырды.
Сонымен қатар ReTalks форматындағы ашық пікірталас алаңы ұйымдастырылып, оған бизнес өкілдері, жастар және қоғам белсенділері қатысты.
Делегация еліміздегі 80 жылдан астам тарихы бар, экспортқа 130-ға жуық өнім түрін шығаратын «Шымкентмай» АҚ-на да барып, кәсіпорын ұжымымен кездесті. Кездесуде отандық өндірісті қолдау және цифрлық технологияларды дамыту мәселесі сөз болды.
Осылайша, 7 тамыз күні партиялар өңірлердегі сайлаушылармен кездесулерін жалғастырып, бір-бірінің мәлімдемелеріне ашық пікір білдіре бастады. Елдің әр өңірінде өткізілген сайлауалды іс-шарасымен қатар, ақпараттық күн тәртібінде партияаралық пікірталас та айқын көрініс тапты.

Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты.

Жаңа Конституция ел дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Ауқымды реформалардың заңды жалғасы ретінде бір палаталы Құрылтай құрылып, сайлау пропорционалды жүйеге көшті. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Конституциялық реформа Қазақстанның саяси жүйесінің барлық құрылымын өзгертті.

Конституциялық реформа Қазақстанның саяси жүйесінің барлық құрылымын өзгертті. Жуырда біз жаңа жоғары өкілді орган – Құрылтай депутаттарын алғаш рет сайлаймыз. Оның құрамына 145 депутат енеді.

Неліктен 120 балл грант алуға әрдайым кепілдік бермейді, ал 100 балл жеткілікті болуы мүмкін?

Неліктен 120 балл грант алуға әрдайым кепілдік бермейді, ал 100 балл жеткілікті болуы мүмкін?

ҰБТ-дан жоғары балл жинау — маңызды артықшылық. Алайда грант тек жинаған балл санына байланысты автоматты түрде берілмейді.

Білім беру гранттары нақты білім беру бағдарламасы бойынша конкурс негізінде бөлінеді. Сондықтан нәтиже тек талапкердің жинаған балына емес, сонымен қатар:

🔹 таңдалған білім беру бағытына;
🔹 бөлінген гранттар санына;
🔹 конкурсқа қатысушылар санына;
🔹 конкурс деңгейіне;
🔹 жекелеген санаттарға арналған квоталардың болуына байланысты.

Мысалы, 120 балл жинаған талапкер жоғары бәсекелестік бар білім беру бағдарламасын таңдаса, грант санына қарағанда талапкерлер саны айтарлықтай көп болған жағдайда грант иегері болмауы мүмкін. Ал 100 балл жинаған талапкер бәсекелестігі төмен бағыт бойынша грантқа ие болуы мүмкін.
Маңызды: шекті балл конкурсқа қатысуға мүмкіндік береді, бірақ грант алуға кепілдік бермейді. Ал өту балы конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша қалыптасады.
Сондықтан білім беру бағдарламасын таңдау кезінде тек ҰБТ нәтижесін ғана емес, таңдалған білім беру бағдарламасы бойынша бөлінген гранттар санын және конкурс деңгейін де ескеру маңызды.
Грант — бұл жоғары баллдың ғана емес, нақты конкурс нәтижесінің қорытындысы.

Бүгін желілік кестеге сәйкес Зеренді ауданының «Дене тәрбиесі және спорт бөлімі»

Бүгін желілік кестеге сәйкес Зеренді ауданының «Дене тәрбиесі және спорт бөлімі» ММ ұйымдастыруымен ауыл жастарына арналған «Мықты жастар – мықты ел» атты спорттық фестиваль өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, дене шынықтырумен тұрақты айналысуға ынталандыру, сондай-ақ ауыл жастарының белсенділігін арттыру және достық қарым-қатынасты нығайту.
Фестиваль барысында қатысушылар спорттың бірнеше түрінен өзара бақ сынап, күш-жігері мен ептіліктерін көрсетті. Жарысқа қатысушылар жоғары спорттық дайындықтарын танытып, тартысты әрі қызықты сайыстар өткізді.
Шара соңында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар мен командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар мұндай спорттық іс-шаралар жастардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың ұйымшылдығы мен патриоттық рухын қалыптастыруға да оң ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстандықтар Құрылтай сайлауынан жақсылық күтеді – қоғамдық пікір зерттеуі

Қазақстандықтар Құрылтай сайлауынан жақсылық күтеді – қоғамдық пікір зерттеуі
Еуразиялық интеграция институты БАҚ өкілдеріне арналған онлайн-брифинг барысында қазақстандықтардың электоралдық мінез-құлқының түрлі аспектілерін зерттеу аясында 2026 жылғы 16-26 шілде аралығында жүргізілген әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін жариялауды жалғастырды.
Бұған дейін хабарланғандай, азаматтар арасында жүргізілген жаппай сауалнамаға (face-to-face) Қазақстанның 17 облысынан және Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 4 000 респондент қатысты.
Сауалнама қоғамда сайлау науқандары, саяси партиялардың рөлі мен функциясы туралы нақты және байыпты түсінік қалыптасып отырғанын, сондай-ақ жүргізіліп жатқан саяси реформалардың жағымды әсері туралы пікір басым екенін көрсетті.
Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында зерттеу аясында анықталған бірқатар көрсеткіштер арнайы назар аударуға тұрарлық.
Бірінші. Сайлау белсенділігіне орай жүргізілген жалпы өлшем бойынша, сауалнамаға қатысқан азаматтардың 78,2%-ы сайлаулар мен референдумдарда дауыс беруге қатысатынын көрсетті.
Оның ішінде атап өтерлігі, әрбір науқан өткен сайын дауыс беруге қатысатын азаматтардың саны артып отырған. Респонденттердің жауаптарына сәйкес, 2023 жылғы парламенттік сайлауға азаматтардың 53,4%-ы, 2024 жылғы референдумға 63,4%-ы, 2026 жылғы референдумға 75,3%-ы қатысқан. Сауалнама нәтижелері ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми деректерімен барынша сәйкес келетінін атап кеткен жөн.
Екінші. ҚР жаңа Конституциясын қабылдау бойынша өткен референдумға қатысқан азаматтар өздерін дауыс беруге ынталандырған мынандай себептерді атап өтті:
Азаматтардың 71%-ы дауыс беруді өздерінің азаматтық борышы деп санайды.
Респонденттердің 69,6%-ы жүргізіліп жатқан саяси реформаларды маңызды деп санайды.
Ал 31,4%-ы дауыс беруді өзінің ажырамас демократиялық құқығы деп есептейді.
Сауалнамаға қатысқандардың 18%-ы дауыс беруге құқылы жасқа жетуіне байланысты қатысқан.
(респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады)
Сайлау белсенділігінің осы факторлары 23 тамыздағы референдумда шешуші рөлге ие болуы мүмкін.
Үшінші. Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтар жүргізіліп жатқан сайлау процестері туралы хабар алатын ТОП-7 негізгі ақпарат көзі анықталды: теледидар – 51,6%, Instagram – 44,5%, жаңалық таратушы интернет-порталдар – 32,5%, отбасы мүшелері және туыстары арқылы – 27,4%, TikTok – 23,8%, жұмыс орнында, ұйымда – 22,5%, достары арқылы – 21,7%.
(респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады)
Бұл нәтижелер саяси контентті жалпы медиа тұтынуда телеарналардың әлі де өзекті екенін және әлеуметтік желілердің ішінде Instagram және TikTok желілерінің кеңінен танымал екенін көрсетеді. Азаматтар сайлау барысы туралы тұрақты түрде хабар алып отырады және оны күнделікті өз ортасында талқылайды.
Төртінші. Қазақстандықтардың басым көпшілігінің пікірінше жаңа Конституцияны қабылдау сияқты палаталы Құрылтайдың құрылуы да оң өзгерістермен байланысты. Сауалнама нәтижелері азаматтардың Құрылтай сайлауынан жақсылық күтетінін көрсетеді.
Респонденттердің 68%-ы Құрылтай сайлауынан кейін өмірінде жақсы өзгерістер болатынына үмітті.
Қоғамдық пікірді нақтылау мынаны көрсетті.
Сауалнамаға қатысқандардың 48,8%-ы сайлаудың әділ өтетініне сенімді.
Респонденттердің 43,3%-ы Құрылтайға сайланатын депутаттар азаматтардың мүддесін қорғайды деп күтеді.
Респонденттердің 35,9%-ы жаңа депутаттардың келуімен халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарады деп санайды.
23,8%-ы – жаңа депутаттар саяси мәдениет деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді деп сенеді.
Азаматтардың 22,3%-ы депутаттардың халыққа жақын болуын және өз сайлаушыларымен ашық сөйлесуін қалайды.
(респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады).
Бесінші. «Қазақстандағы саяси партия тиімді қызмет етуі үшін ең алдымен не істеуі керек?» деген сұраққа респонденттердің жауаптарын тізбелесек.
Азаматтардың партияларға қойылатын ТОП-3 талаптары:
44%-ы – партия елдің экономикалық өсуі мен өркендеуіне атсалысуы керек екенін атап өтті,
32,4%-ы – елдің алдағы дамуы жайлы нақты түсіндіре алуы керек деп есептейді,
33,2%-ы – өз жұмысында әлеуметтік бақуаттылық пен теңдікті қамтамасыз етуге баса назар аударуы тиіс дейді.
Сондай-ақ, респонденттер партия көшбасшылары мықты, тартымды тұлға болуы (29,9%), заңдармен сауатты жұмыс істей білуі және халыққа тікелей пайда әкелетін заң жобаларын ғана насихаттауы (29,8%), демократияға адал болуы (20,1%), сайлаушылармен тұрақты байланыста болуы, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілері арқылы байланыс ұстауға (20%) тиіс екенін атап өтті.
(респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдау мүмкіндігіне ие болғандықтан, жауаптардың жиынтық көрсеткіші 100%-дан асады)


Осылайша, қазақстандықтардың қоғамдық-саяси және сайлау процестеріне атсалысу белсенділігі артып келеді деп айтуға болады. Жалпы, қоғамның саяси оқиғаларға құлағы түрік.
Осы әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелері қазір сайлау жарысына қатысып жатқан саяси партияларға пайдалы болуы мүмкін. Бұл үгіт-насихат әдістерін, арналарын және мазмұнын, сондай-ақ үгіт-насихат кезінде аса маңызды жалпы сайлауды белгілеу стратегиясын түзетуге мүмкіндік береді.
Іріктеме 18 жастан асқан халықтың әлеуметтік-демографиялық құрамының тиісті пропорцияларына жақын (Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы сәуірдегі деректеріне сәйкес) бөлінген параметрлер (облыс, тұрғылықты жері (қала/ауыл), жынысы, жасы, этникалық тегі) бойынша репрезентативті үлгіде жасалған. 95% сенімділік ықтималдығы бар іріктеменің статистикалық қателігі ±1,54%-дан аспайды.
Еуразиялық интеграция институты Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-С-30 жазбаша хабарламасынан алынған деректерді жариялап отыр.

Қауіпсіз атом ғылымнан басталады: Қазақстанның зерттеу реакторлары қандай рөл атқарады

Қауіпсіз атом ғылымнан басталады: Қазақстанның зерттеу реакторлары қандай рөл атқарады

Ұлттық ядролық орталықтың инфрақұрылымы ядролық отын мен материалдарды сынауға, ауыр апаттарды модельдеуге және жаңа буындағы реакторларға арналған технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Атом энергетикасын дамыту өзіндік ғылыми-зерттеу базасынсыз мүмкін емес. Бұл туралы ҚР Ұлттық ядролық орталығы РМК «Атом энергиясы институты» филиалының директоры Виктор Бакланов мәлімдеді. Оның айтуынша, дәл зерттеу реакторлары мен тәжірибелік қондырғылар технологияларды алдын ала сынауға, түрлі жағдайларда ядролық отын мен материалдардың қасиеттерін зерделеуге және сол арқылы Қазақстандағы атом энергетикасын қауіпсіз дамытудың ғылыми негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде атом энергетикасы көптеген дамыған елдерде төмен көміртекті электр энергиясының негізгі көздерінің бірі ретінде қарастырылады. Қазақстан да өз атом энергетикасын дамыту бағытын таңдады. Алайда заманауи атом электр станцияларын салу үшін тек технологиялардың болуы жеткіліксіз. Ол үшін ауқымды ғылыми жұмыстар, сынақтар, есептеулер, инженерлік шешімдерді тексеру және қауіпсіздігін жан-жақты негіздеу қажет.

«Кез келген заманауи атом жобасының артында тек электр станцияларын салу технологиялары ғана емес, сонымен қатар көпжылдық ғылыми зерттеулер, сынақтар, тексерулер және қауіпсіздікті негіздеу жұмыстары тұрады. Дәл осы жұмыстар зерттеу реакторлары мен тәжірибелік қондырғыларда жүргізіледі», – деді Виктор Бакланов.

Зерттеу реакторлары – ғылыми зертхана

Электр энергиясын өндіруге арналған энергетикалық реакторлардан айырмашылығы, зерттеу реакторлары ең алдымен ғылыми және тәжірибелік жұмыстар жүргізуге пайдаланылады. Онда мамандар ядролық отын мен конструкциялық материалдардың қасиеттерін зерттеп, реакторлардың әртүрлі жұмыс режимдерін, оның ішінде штаттан тыс жағдайларды модельдейді, жаңа технологияларды сынақтан өткізіп, инженерлік шешімдерді тексереді.

Виктор Баклановтың айтуынша, мұндай зерттеулердің нәтижелері қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге, инженерлік есептеулердің дұрыстығын растауға және III+ және IV буындағы реакторлар, сондай-ақ шағын модульдік реакторлар (SMR) үшін жаңа технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Зерттеу реакторлары – бұл өзіндік ғылыми зертханалар. Мұнда кейін атом электр станцияларын жобалау мен пайдалану кезінде қолданылатын технологияларды тексеруге болады. Осындай зерттеулер отын мен материалдардың қасиеттерін бағалауға ғана емес, қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге және жаңа буындағы реакторларға арналған технологияларды әзірлеуге мүмкіндік береді», – деді ол.

Ұлттық ядролық орталықта қандай зерттеулер жүргізіледі

Қазақстан үшін өзіндік зерттеу инфрақұрылымының болуы ерекше маңызға ие. ҚР Ұлттық ядролық орталығы ядролық және болашағы зор термоядролық технологиялар саласында кешенді зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық базаға ие.

Орталықтың негізгі тәжірибелік қондырғыларының бірі – импульстік графитті реактор (ИГР). Ол көп жылдан бері ауыр апат жағдайларына барынша жақын ортада ядролық отынның қасиеттерін зерттеу үшін қолданылып келеді. Алынған нәтижелер қазіргі атом электр станцияларының есептеу кодтарын және қауіпсіздік жүйелерін жетілдіруге пайдаланылады.

«ИГР-де біз ауыр апат сценарийлеріне жақын жағдайларда ядролық отынның қасиеттерін зерттей аламыз. Алынған тәжірибелік деректер есептеу модельдерін жетілдіруге және қауіпсіздік жүйелерінің сенімділігін арттыруға қажет», – деді «Атом энергиясы институты» филиалының директоры.

Тағы бір маңызды нысан – құрамына ИВГ.1М зерттеу реакторы кіретін «Байкал-1» реакторлық кешені. Оның базасында ядролық отын мен конструкциялық материалдар сыналады, жылуфизикалық үдерістер зерттеледі және атом энергетикасына арналған инженерлік шешімдер тәжірибе жүзінде тексеріледі.

Реакторлық сынақтар аяқталғаннан кейін үлгілер материалтану кешеніне жіберіледі. Онда мамандар нейтрондық сәулелену мен жоғары температура әсерінен материалдардың құрылымы мен қасиеттерінде болған өзгерістерді талдайды. Бұл конструкциялық материалдардың қызмет ету мерзімін бағалауға, жаңа материалдарды әзірлеуге және олардың қауіпсіз қолданылуын растауға мүмкіндік береді.

Ауыр апаттардан термоядролық технологияларға дейін

ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми инфрақұрылымына арнайы тәжірибелік стендтер де кіреді. Атап айтқанда, EAGLE стенді жылдам нейтрондар реакторларындағы белсенді аймақтың балқуы кезінде болатын ауыр апаттардың үдерістерін зерттеуге арналған.

Бұл стендте балқыған ядролық отынның конструкциялық материалдармен өзара әрекеттесуі, сондай-ақ балқыманы оқшаулау және салқындату тетіктері зерттеледі.

«Лава-Б» тәжірибелік стенді жоғары температуралы балқыманың жылулық нейтрондар реакторының қорғаныс құрылымдарының материалдарымен өзара әрекеттесуін зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл зерттеулердің нәтижелері есептеу модельдерін жетілдіруде және атом электр станцияларының заманауи қауіпсіздік жүйелерін әзірлеуде пайдаланылады.

Жеке бағыттардың бірі – термоядролық энергетика. KTM материалтану токамагы – Орталық Азиядағы осындай бағыттағы алғашқы әрі жалғыз мамандандырылған тәжірибелік қондырғы. Онда жоғары температуралы плазманың конструкциялық материалдармен өзара әрекеттесуі зерттеліп, болашақта термоядролық энергетикалық қондырғыларда қолданылуы мүмкін материалдар сыналады.

«Бүгінде ғылыми инфрақұрылым тек қазіргі атом энергетикасының ғана емес, болашақ технологиялардың да міндеттерін шешуі тиіс. Сондықтан KTM токамагында, тәжірибелік стендтерде және реакторлық қондырғыларда жүргізіліп жатқан зерттеулер ядролық және термоядролық энергетиканы дамыту үшін аса маңызды», – деп атап өтті Виктор Бакланов.

Қазақстандық зерттеулерге шетелде де сұраныс бар

ИГР және ИВГ.1М зерттеу реакторлары, материалтану кешені, EAGLE және «Лава-Б» стендтері, сондай-ақ KTM токамагы ҚР Ұлттық ядролық орталығының бірыңғай тәжірибелік базасын құрайды. Бұл база ядролық отын мен материалдарды сынаудан бастап, ауыр апаттарды модельдеуге және атом мен термоядролық энергетикаға арналған технологияларды әзірлеуге дейінгі толық циклді зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

Орталықтың ғылыми әлеуеті халықаралық ынтымақтастық аясында да дамып келеді. Оның базасында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ), сондай-ақ Франция, АҚШ, Жапония, Ресей және басқа да елдердің ғылыми ұйымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда.

Виктор Баклановтың айтуынша, қазақстандық ғалымдардың зерттеу нәтижелері жаңа буындағы реакторлық технологияларды жасау барысында сұранысқа ие болып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың дамуына ықпал етуде.

Сонымен қатар зерттеу реакторларының қолданылу аясы тек энергетикамен шектелмейді. Мұндай технологиялар медицинада, экологияда, материалтануда, радиоизотоптар өндіруде және жоғары білікті мамандар даярлауда да кеңінен пайдаланылады.

«Қазақстан үшін өзіндік зерттеу базасының болуы бүгінде стратегиялық маңызға ие. Ол қауіпсіздікке тәуелсіз ғылыми баға беруге, отандық ғылыми құзыреттерді дамытуға, мамандар даярлауға және әлемдік ядролық ғылымның өзекті мәселелерін шешуге қатысуға мүмкіндік береді», – деді Виктор Бакланов.

Оның айтуынша, ғылыми зерттеулердің, тәжірибелік тексерулердің және жинақталған тәжірибенің үйлесімі атом энергетикасын қауіпсіз дамытудың берік негізін қалыптастырады.

«Атом энергетикасының қауіпсіз дамуы ғылымнан, заманауи зерттеулерден және технологияларды тәжірибелік тексеруден басталады», – деп түйіндеді ҚР Ұлттық ядролық орталығы РМК «Атом энергиясы институты» филиалының директоры Виктор Бакланов.

Дереккөз: rus.azattyq-ruhy.kz

ӨЗ САЙЛАУ УЧАСКЕҢІЗДІ ҚАЛАЙ ОҢАЙ ТАБУҒА БОЛАДЫ?ОНЛАЙН-СЕРВИС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ӨЗ САЙЛАУ УЧАСКЕҢІЗДІ ҚАЛАЙ ОҢАЙ ТАБУҒА БОЛАДЫ?
ОНЛАЙН-СЕРВИС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда дауыс беру үшін Қазақстан Республикасының азаматтары өз сайлау учаскесін алдын-ала біле алады.
GOV.KZ платформасында өз сайлау учаскесінің нөмірі мен орналасқан мекенжайын білуге мүмкіндік беретін онлайн-сервис іске қосылды.
Азаматтарға ыңғайлы болуы үшін бір мезетте үш сервис әзірленді. Көрсетілген гиперсілтемелердің кез-келгеніне өту арқылы сайлаушы өзінің өңірін таңдап, ЖСН енгізіп, сайлау учаскесінің нөмірін, сондай-ақ оның мекенжайын біле алады.

  • https://www.gov.kz/sailau?lang=kk
  • https://sailau.gov.kz/kk
  • https://sailau2026.gov.kz/kk
    Сонымен қатар, өзінің сайлау учаскесін іздеуге арналған онлайн-сервис eGov Mobile қосымшасының «Танымал қызметтер» бөлімінде де қолжетімді.
    Аталған сервистерді QR-кодтарды сканерлеу арқылы да пайдалануға болады.
« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑