Month: August 2026 (Page 32 of 40)

Құрылтай-2026: теледебаттан кейін партиялар өңірлерге қайта оралды

Құрылтай-2026: теледебаттан кейін партиялар өңірлерге қайта оралды

Дауыс беру күні жақындаған сайын партиялар өңірлердегі сайлауалды жұмысын жалғастырып жатыр. Науқан аясында жергілікті мәселеге ойысып, әр өңірдің өзекті түйткілдері алдыңғы қатарға шығады. Бір жерде – жұмыспен қамту, енді бірінде – экология, өнеркәсіп, әлеуметтік инфрақұрылым немесе ауылды дамыту мәселесі көтеріледі. Жергілікті жердегі кездесулер партия бағдарламасының ел тұрғындарының нақты сұранысына қаншалықты сәйкес келетінін бағалаудың маңызды алаңына айналды. Төменде 6 тамыз күні Құрылтай депутаттығына кандидаттардың қай өңірлерге барып, қандай аудиториямен кездескеніне шолу ұсынамыз.

«Әділет» партиясы өңірлердегі жұмысын «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуені аясында жалғастырды. Қостанай облысында керуеннің бағыты Ұзынкөл, Меңдіқара, Алтынсарин, Әулиекөл және Қарасу аудандарын қамтыды. 700-ден астам ауыл тұрғынымен өткен кездесуде жолдардың жағдайы, ауызсумен қамтамасыз ету, байланыс сапасы және жастарды жұмыспен қамту мәселесі талқыланды.

Келесі бағыт Жамбыл облысы болды. Мұнда ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер күнтәртібінде тұрды. Партия төрағасы Айбек Дәдебай бастаған керуен Жуалы ауданындағы шаруа қожалығы мен сүт өңдеу кооперативіне барып, Нұрлыкент ауылының тұрғындарымен жеке кездесу өткізді.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия күнді өткен теледебаттарды талдауға арнады. Партияның республикалық сайлауалды штабында «Жетінші арна» эфирінде партия атынан пікірсайысқа қатысқан Құрылтай депутаттығына кандидат Мақсұт Насибуловтың сөзі талқыланды.

Сайлауалды күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың бірі төрт күндік жұмыс аптасына көшу мәселесі болды. Бұл бастама қоғамда кең пікірталас туғызды. ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов Respublica партиясы өкілдерінің сын-пікіріне жауап беріп, төрт күндік жұмыс аптасы енгізілген немесе енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқан елдердің тәжірибесі ескеріліп отырғанын айтты.

«Байтақ» партиясы бірден бірнеше өңірде кездесу өткізді. Петропавлда еріктілер мен кандидат Алмаз Жакишев үй-үйді аралау форматында жұмыс жүргізіп, партия мәліметінше, 300-ден астам тұрғынмен тілдесті.

Жетісу облысының Мұқыры ауылында кандидат Темірлан Файзулин ауыл тұрғындарымен экотуризмді дамыту мәселесін талқылады. Кандидат Владимир Мартель Алматы ауыр машина жасау зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, өндірісті экологиялық жаңғырту тақырыбын көтерді.

Ал Шымкентте Түркістан көшесінің тұрғындарымен кездесуде жағымсыз иіс мәселесі сөз болды. Сонымен қатар партия өкілдері Алматыдағы №15 емханада медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайын, ал Ақтөбе облысындағы балабақшада экологиялық тәрбиені дамыту мәселесін талқылады.

Қазақстан халық партиясы бірнеше облыста еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Кандидаттар Болат Смағұлов пен Нұржан Бияқаев Еңбек мобильділігі орталығының ұжымымен кездесіп, жұмыспен қамту мәселесін талқылады.

Атырауда «Банк ЦентрКредит» филиалының қызметкерлерімен, Өскеменде автопарк ұжымымен кездесу өтті. Онда жүргізушілердің жалақысы, кадр тапшылығы және еңбек қауіпсіздігі мәселесі көтерілді.

Қарағандыда кандидаттар «ГорКомТранс» кәсіпорнының ұжымымен, Павлодар облысында дәрігерлік амбулатория мен «Ertis Su» кәсіпорнының қызметкерлерімен кездесті. Сондай-ақ партия Қарағанды индустриялық университетіндегі кездесуден кейін 40 адамның партия қатарына өткенін хабарлады.

«Ауыл» партиясы Қарағанды облысындағы Шахтер ауылдық округінде сайлауалды жұмысын жалғастырды. Мұнда партия өкілдері «Шахтерское» ЖШС ұжымымен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен танысты.

Кездесулер барысында элиталық тұқым шаруашылығын дамыту, аграрлық секторды мемлекеттік қолдау, заманауи агротехнологияларды енгізу, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл инфрақұрылымын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды.

Сондай-ақ партия өкілдері Нұра ауданындағы Шахтер ауылына барып, тұрғындармен және шаруашылық ұжымымен кездесті. Олар егістік алқаптарын, суару жүйелерін және өндірістік нысандарды аралады. Кездесу барысында ауылдық аумақтарды дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау мен өңдеу, сондай-ақ ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мәселелері көтерілді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы төраға Дания Еспаева бастаған делегациямен Алматыдағы «Үркер-АШ» ЖШС еңбек ұжымымен және логистика саласының өкілдерімен кездесті. Онда өндірісті дамыту және кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.

Кандидат Виктор Микрюков партияның Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде азаматтардың жеке шоттарын енгізу жөніндегі ұсынысын таныстырды. Түркістан облысында партия филиалының өкілдері «Атлант» шипажайының ұжымымен кездесті.

Respublica партиясы Шымкенттегі жұмысын алюминий профильдері мен кабель өнімдерін шығаратын Alutech кәсіпорнына барудан бастады. Кандидаттар өндіріс барысымен танысып, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.

Партия өкілдері Шымкент пен Түркістан облысындағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті. «Алтын дән» кәсіпорнында өндірісті дамыту, кәсіпкерлік, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мәселесі талқыланды.

Леңгір ауданында партия өкілдері «Балмұздақ» ЖШС-не барып, электрмен жабдықтаудың сенімділігі, инженерлік инфрақұрылым және өндірісті дамыту мәселелерін қарастырды. Сондай-ақ отандық шикізаттан өнім өндіретін «Шымкентмай» АҚ-да болып, отандық өндірісті қолдау, экспортты дамыту, цифрландыру, жасанды интеллект технологияларын енгізу, студенттік жатақханалар салу және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады.

Осылайша, сайлауалды науқанның кезекті кезеңі ірі қалалар мен ауылдық елді мекендерді қатар қамтыған өңірлік кездесу форматында жалғасып жатыр. Көтерілген мәселелер әр өңірдің ерекшелігі мен кәсіпорындардың қызмет бағытына қарай әртүрлі болғанымен, басым бөлігі экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, инфрақұрылым, әлеуметтік сала, денсаулық сақтау, экология және халықтың өмір сүру сапасын арттыру тақырыптарына арналды.

Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» акциясы күнделікті өмір салтына айналуда

Жарқайың ауданында «Таза Қазақстан» акциясы күнделікті өмір салтына айналуда
Жарқайың ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасуда. Акция басталғалы бері экологиялық мәдениетті қалыптастыру, елді мекендерді абаттандыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау бағытындағы жұмыстар аудан тұрғындарын, мемлекеттік мекемелерді, кәсіпкерлерді, еріктілерді және жастарды ортақ мақсатқа жұмылдырған маңызды қоғамдық бастамаға айналды.
Акцияның кезекті кезеңі Державинск қаласының орталық алаңында салтанатты түрде ашылды. Одан кейін орталық саябақтың амфитеатрында «Туған жерге тағзым – ортадан басталады» атты экологиялық квест ұйымдастырылды. Қатысушылар түрлі танымдық тапсырмаларды орындап, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоғамдық орындардың тазалығын сақтау мәселелерін талқылады.
Іс-шара «Таза болашақ» экологиялық акциясымен жалғасты. Оның аясында қоршаған ортаны қорғаудың, елді мекендердің тазалығын сақтаудың және туған жердің экологиялық ахуалы үшін әр азаматтың жауапкершілігінің маңызы кеңінен түсіндірілді.
Шараларға 400-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сыздық, Ақмола облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Милана Подрезова, Республикалық балалар омбудсмендері кеңесінің мүшесі, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, жастар ұйымдары, еріктілер, кәсіпкерлер, еңбек ұжымдары мен аудан тұрғындары болды.
«Тазалық – әрқайсымыздан басталады. Тек бірлескен еңбектің арқасында ғана қалаларымыз бен ауылдарымызды көркейтіп, келер ұрпаққа жайлы әрі таза орта қалыптастыра аламыз», – деді Жарқайың ауданы әкімінің орынбасары Дулат Сыздықов.
Акция аясында экологиялық ағартумен қатар абаттандыру жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Ауданда көше жарығын жаңғырту және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Державинск қаласында облыстық маңызы бар Державинск – Қима автожолы жағынан кіреберісте автономды көше жарығы іске қосылып, Ишимская көшесінде жарықтандыру жұмыстары жалғасуда.
Ауылдық елді мекендерде де абаттандыру қарқынды жүргізілуде. Жаңа көше шамдары Тассуат, Гастелло, Пятигорское, Львовское, Бірсуат, Достық, Зерноград, Далабай, Пригородное, Отрадное және Шойындыкөл ауылдарында орнатылды. Сонымен қатар аудан орталығындағы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбеттері жаңартылып, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.
Гастелло ауылында жергілікті бюджет қаражаты есебінен жаңа жарықтандырылған демалыс беседкасы пайдалануға берілді. Сондай-ақ Гастелло, Шойындыкөл, Львовское ауылдарының және Жаңадала ауылдық округінің кіреберіс стелалары жаңартылып, елді мекендердің келбеті жақсара түсті.
Экологиялық шаралар қалалық ипподром аумағында да ұйымдастырылып, жастар тазалық жұмыстарын жүргізді. «Біздің аула» бастамасы аясында «Жастар» шағын ауданының тұрғындары белсенділік танытты. Әсіресе №5 тұрғын үйдің тұрғындары өз аулаларын бірлесіп абаттандырып, өзгелерге үлгі көрсетті.
Сенбіліктермен қатар ауданда абаттандыру қағидалары мен санитарлық тазалық талаптарының сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Оның негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, тұрғындардың жауапкершілігін арттыру және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Жарқайың ауданында бұқаралық іс-шаралардан кейін аумақтарды бірлесіп тазалау игі дәстүрге айналып келеді. Спорттық жарыстардың, мәдени іс-шаралардың және ашық аспан астындағы кино көрсетілімдерінің қатысушылары шара соңында өткізілген орындарды бірге тазалап, қоғамдық орындардың тазалығына деген жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетуде.
2026 жылдың басынан бері Жарқайың ауданында 76 сенбілік ұйымдастырылып, оған 2 780-нен астам адам қатысты. Көктем мезгілінде 3 670 көшет отырғызылып, анықталған 7 заңсыз қоқыс орны толықтай жойылды.
Бүгінгі жалпыаудандық сенбіліктің қорытындысы бойынша 80 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы полигондарға шығарылды. Тазалық жұмыстарына Державинск қаласы мен ауданның барлық ауылдық округтерінің тұрғындары белсене қатысып, қоғамдық орындарды, аулаларды, көшелерді, саябақтарды және өзге де аумақтарды бірлесіп тазартты.
Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бүгінде бұл бастама аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып қана қоймай, тазалық пен қоршаған ортаға жанашырлықты күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал етуде.

Табиғатты қорғау – болашаққа деген қамқорлық.

Табиғатты қорғау – болашаққа деген қамқорлық.

Демалыс орындарында, көшеде және қоғамдық аумақтарда тазалықты сақтайық. Қазақстанда табиғатты ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленген. Табиғатты бірге қорғайық!

ТазаҚазақстан

Қазақстанда «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітап жарық көрді.

Қазақстанда «Әділетті қоғамға шыншыл сөз» атты кітап жарық көрді. Жинаққа Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таңдаулы ой-тұжырымдары мен қанатты сөздері енгізілген.

Басылым 1994 жылғы архивтік материалдардан бастап Мемлекет басшысының кейінгі жылдардағы сөйлеген сөздеріне дейінгі отыз жылдан астам кезеңді қамтиды. Кітапқа Президенттің Қазақстандағы және беделді халықаралық алаңдарда айтқан негізгі тезистері мен маңызды мәлімдемелері топтастырылған.

Кітап Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет құру және қоғамды дамыту мәселелеріне қатысты көзқарастарының қалыптасуы мен сабақтастығын көрсетуге мүмкіндік береді. Әр жылдары айтылған ой-пікірлер Президенттің әділеттілік, заңдылық, жауапкершілік және ұлттық бірлік қағидаттарын өз сөзінде тұрақты түрде ұстанып келе жатқанын айқындайды.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑