Month: August 2026 (Page 35 of 40)

Respublica партиясы білім беру жүйесін дамытуға арналған бес бастамасын таныстырды

Respublica партиясы білім беру жүйесін дамытуға арналған бес бастамасын таныстырды

Жетінші арнадағы Құрылтай сайлауына арналған телевизиялық дебатта партия атынан сөз сөйлеген Мейрамгүл Мәдәлі Қазақстанның білім беру саласын дамытуға қатысты ұсыныстарын ұсынды.

Партия шетелдік талапкерлерге арналған цифрлық қабылдау жүйесін енгізуді, халықаралық және қос дипломды бағдарламаларды кеңейтуді, білімнің онлайн экспортын дамытуды, тәуелсіз аккредиттеу жүйесін жетілдіруді және жоғары оқу орындарының академиялық еркіндігін арттыруды ұсынды.

Жетінші арнада саяси партиялардың қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебаттар басталды

Жетінші арнада саяси партиялардың қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебаттар басталды

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығы» ғимаратында Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар өкілдерінің қатысуымен телевизиялық сайлауалды дебат басталды.
Жоба тікелей эфирде «Жетінші арнада» көрсетіліп жатыр. Дебаттар басталар алдында саяси партиялардың өкілдері өз жақтастарымен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ«Жетінші арнаның» тікелей эфирінде қатысушылардың сөз сөйлеу кезегін анықтайтын ашық жеребе тарту рәсімі өтіп, оның қорытындысы бойынша дебаттағы сөз сөйлеу реті белгіленді.
Дебаттардың негізгі тақырыбы – білім беру жүйесін дамыту.
Жоба интерактивті форматта өтіп, Қазақстандағы жеті саяси партияның өкілдерін біріктірді:

  1. Respublica партиясы – Мейрамгүл Мадали;
  2. «Ақ жол» партиясы – Дулат Тастекей;
  3. ЖСДП – Максут Насибулов;
  4. «Әділет» партиясы – Рауан Кенжеханұлы;
  5. «Байтақ» партиясы – Аслан Байзаханов;
  6. «Ауыл» партиясы – Шахмардан Байманов;
  7. Қазақстанның Халық партиясы – Бейбіт Құсайынов.

Дебаттар төрт кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде партия өкілдері өздерінің сайлауалды
бағдарламаларын таныстырып, ашық пікірталасқа қатысады.
Екінші кезең білім беру жүйесін дамытуға қатысты ұсыныстарды талқылауға арналған.
Үшінші кезеңде қатысушылар студиядағы көрермендердің сұрақтарына жауап береді. Соңында сайлаушыларға қорытынды үндеу жасайды.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – көрермендердің белсенді қатысуы. Тікелей эфир барысында QR-код арқылы онлайн дауыс беру ұйымдастырылған. Көрермендер «Қай партия өкілінің сөзі өтімді?» деген сұраққа жауап бере алады. Дауыс берудің аралық нәтижелері екінші кезеңнен кейін, ал қорытындысы тікелей эфир соңында жарияланады.
Телевизиялық дебаттың тікелей трансляциясы «Жетінші арнаның» эфирінде, сондай-ақ арнаның ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында көрсетіліп жатыр.

Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісі 17% өсті

Қазақстанда алкогольсіз сусындар өндірісі 17% өсті
2026 жылғы қаңтар-мамыр айларының қорытындысы бойынша Қазақстанда 1,6 млрд литр минералды су мен алкогольсіз сусын өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға көп.

Ішкі нарықтағы өткізу көлемі 1,7 млрд литрге жетіп, 21% артты. Сонымен қатар алкогольсіз сусындар импорты 29,6% өсіп, 217,1 млн литрді құрады. Ішкі нарықтағы импорттық өнімнің үлесі 11,4% болды.

Экспорттың негізгі бөлігін дәстүрлі түрде қант немесе өзге де тәттілендіргіштер, сондай-ақ хош иістендіргіш және дәмдік қоспалар қосылған сулар мен басқа да алкогольсіз сусындар құрады. Есепті кезеңде осы өнім түрінің экспорты 172,8 млн литрге жетіп, ақшалай көлемі 75,5 млн АҚШ долларын құрады.
Экспорттың ең ірі нарығы бұрынғысынша Қырғызстан болып отыр. Бұл елге 94,9 млн литр өнім экспортталып, оның құны 39,0 млн АҚШ долларын құрады.
Өзбекстанға экспорт көлемі айтарлықтай өсіп, 39,2 млн литрден 48,3 млн литрге дейін ұлғайды. Ал жеткізілім құны 28,1 млн АҚШ долларына жетті.

Ең жоғары өсім Ресейге экспортта байқалды. Жеткізілім көлемі 2,5 еседен астам артып, 9,2 млн литрден 23,5 млн литрге дейін өсті. Сондай-ақ Арменияға экспорт көлемі шамамен 10 есеге ұлғайып, 548,5 мың литрге жетті. Әзербайжан мен Грузияға жеткізілімдер 12 еседен астам өсіп, тиісінше 342,1 мың және 393,5 мың литрді құрады.

Бұдан бөлек, Тәжікстанға экспорт 2,5 млн литрден 2,9 млн литрге дейін, Моңғолияға 802,1 мың литрден 930,2 мың литрге дейін, ал Корея Республикасына 117,7 мың литрден 171,5 мың литрге дейін артты.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда алкогольсіз сусын өндірісімен 145 кәсіпорын айналысты. Дереккөз: stat.gov.kz

Жедел жәрдемнен бастап аяқкиім фабрикасына дейін: партиялар сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін не істеп жатыр?

  • Жедел жәрдемнен бастап аяқкиім фабрикасына дейін: партиялар сайлаушылардың қолдауына ие болу үшін не істеп жатыр?

Елордада сайлау стратегиялары талқыланып жатқанда, өңірлерде ветеринариялық станциялар, аяқкиім фабрикалары мен тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау сияқты күнделікті мәселелерге толы өмір жалғасуда. Құрылтай депутаттығына кандидаттардың қай өңірлерге барып, тұрғындармен қандай тақырыптарды талқылағанына шолу жасаймыз.

«Әділет» партиясы студенттермен, оқытушылармен, кәсіпкерлермен және креативті индустрия өкілдерімен тікелей диалог жүргізу тактикасын таңдады. Қостанай облысының Боровское ауылында кандидат Еділ Хамза жергілікті тұрғындармен кездесіп, өңір үшін өзекті мәселелерді талқылады. Ал Батыс Қазақстан облысында тұрғындар, кәсіпкерлер, шығармашылық сала өкілдері, жастар мен еңбек ұжымдарымен кездесу өтті. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау және қайта өңдеу мәселелерін талқылады. Бұл тақырыптар ауқымды саяси мәлімдемелерден гөрі қарапайым көрінгенімен, әрбір тұрғынның өміріне тікелей қатысты. Таныстырылымға экологтер, мүлік иелері бірлестіктерінің өкілдері мен қала тұрғындары қатысты. Сонымен қатар Құрылтай депутаттығына кандидат Анаргүл Әбенова жер үлесі иелерімен кездесіп, жер қатынастарына қатысты мәселелерді талқылады.

«Байтақ» партиясы әртүрлі өңірлерде экологиялық ұйымдар мен кәсіпорындар өкілдерімен бірқатар кездесу өткізіп, табиғатты қорғау саласының сарапшы мамандары қатысқан талқылау ұйымдастырды. Кездесулердің күн тәртібіне қарағанда, партия қоршаған ортаны қорғау мәселесін басты назарда ұстап отыр.

Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік саясат мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Астанада кандидаттар Ләззат Ақтаева мен Нұржан Бияқаев қалалық жедел медициналық жәрдем станциясына барып, дәрігерлер мен фельдшерлермен кадр тапшылығы, еңбек жағдайы және шұғыл медициналық көмекті ұйымдастыру мәселесін талқылады. Кездесу барысында жедел жәрдем қызметінің жұмысы, кадрлық қамтамасыз ету, медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы және шұғыл медициналық көмек көрсету жүйесі қамтылды.

«Ауыл» партиясының өкілдері партия төрағасы Қайрат Айтуғановтың бастауымен Солтүстік Қазақстан облыстық ветеринария басқармасының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ветеринариялық қызметтің жұмысына қатысты мәселелер талқыланып, саланың қызметіне қатысты өзекті мәселе көтерілді.

«Ақ жол» демократиялық партиясы өндіріс орындарын аралау бағытын таңдады. Таразда партия төрағасы Дания Еспаева «ТаразКожОбувь» кәсіпорнына барып, жұмысшылармен өндіріс цехында жүздесті. Ал Атырауда кандидат Ермекқали Юсупов ITC WEST логистикалық орталығында болды. Еңбек ұжымдарымен кездесулер Жамбыл, Атырау, Ұлытау облыстарында, Қостанай мен Шымкентте де өтті. Партия өкілдері еліміздің өзге өңірлерінде де тұрғындармен және еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды. Сонымен қатар «Ақ жол» кандидаттары Respublica партиясы өкілдерінің мәлімдемесіне пікір білдірді. Мәжілістің бұрынғы депутаты Меруерт Қазбекова экс-депутат Олжас Көпбековтің депутаттық сауалдарға қатысты мәлімдемесіне өз көзқарасын білдірді.

Respublica партиясы төрағасының орынбасары Жанат Ысқақов ТМД халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Тараптар сайлау науқанына дайындықты, сайлауалды штабтың жұмысын, үгіт-насихат жүргізу ерекшеліктерін, цифрлық платформаларды пайдалануды, сондай-ақ партиялық тізімді жасау мен кандидаттарды іріктеу мәселелерін талқылады. Халықаралық байқаушылар миссиясының өкілдері өз кезегінде жұмыстың қағидаттары мен әдістері туралы айтып берді. Түркістанда партия басшылығының, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың және партия жақтастарының қатысуымен форум өтті. Форум барысында әлеуметтік-экономикалық күн тәртібі, заңнама және өзге де мәселелер талқыланып, партия өкілдері қатысушылардың сұрағына жауап берді. Сонымен қатар Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Қазақстанның Халық партиясының бұрынғы төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың мәлімдемесіне пікір білдіріп, партияның бұл мәселеге қатысты бұдан ары жария пікірталасқа қатыспайтынын айтты.

Осылайша, партиялар өздерінің дәстүрлі бағыттары бойынша жұмысын жалғастырып жатыр. Бірі экология мен әлеуметтік сала мәселелеріне басымдық берсе, енді бірі өндіріс орындары мен өңірлерде халықпен тікелей диалог орнатуға назар аударды. Сонымен қатар сайлау науқанының тағы бір қыры – партиялардың бір-бірін сынауы, қарсы тараптың мәлімдемелеріне жауап беруі және өз ұстанымдарының ара-жігін айқындауға ұмтылысы қатар өрбіп жатыр.

Еленовка ауылында Конституциялық құндылықтар талқыланды

Еленовка ауылында Конституциялық құндылықтар талқыланды
Зеренді ауданының Еленовка ауылында «Конституциялық құндылықтар және ауылдың дамуы» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу өтті.
Кездесуді Бұлақ ауылдық округі әкімінің м.а. Т.Усин жүргізіп, іс-шара барысында Конституцияда бекітілген негізгі құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.
Жиында заң үстемдігі, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ әр азаматтың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуы мәселелері сөз болды.
Сонымен қатар ауылдың қазіргі жағдайы мен алдағы даму перспективалары талқыланып, абаттандыру, инфрақұрылымды жақсарту, ауыл аумағын көркейту, тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру бағыттары бойынша пікір алмасылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салып, ауылдың дамуына қатысты ұсыныстарын білдірді. Округ әкімі тарапынан көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, ұсыныстар назарға алынатыны айтылды.
Жиын соңында қатысушылар Конституциялық құндылықтарды құрметтеу, заң талаптарын сақтау және туған ауылдың дамуына белсенді атсалысу – ортақ жауапкершілік екеніне тоқталды.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

ТазаҚазақстан

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.

ТазаҚазақстан

Әлемдегі әрбір жиырма бесінші шам Қазақстан уранынан қуат алады.

Әлемдегі әрбір жиырма бесінші шам Қазақстан уранынан қуат алады. Уран өндірісі бойынша жаһанда көш бастап тұрған ел тарихи олқылықтың орнын толтыру үшін атом станцияларын салу жөнінде шешім қабылдады. «АЭС: Инвестиция энергиясы» деректі фильмінде ірі жобаны жүзеге асырудың кезеңдері мен маңызы туралы баяндалады.

Толығырақ: https://youtu.be/v-t_WNDw5os?si=d4jZ3mcSvBnutAs1

Шығыс Қазақстандағы сарапшылар алаңында жаңа Құрылтайдағы өңірлердің өкілдігі талқыланды 4 тамыз күні

Шығыс Қазақстандағы сарапшылар алаңында жаңа Құрылтайдағы өңірлердің өкілдігі талқыланды 4 тамыз күні Өскемен қаласында Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің алаңында «Сайлау-2026: жаңа саяси конфигурациядағы өңірлер» тақырыбында «КИСИ GPS: Gylym. Pikir. Sayasat» ұлттық сарапшылық алаңының отырысы өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастырды.

Талқылауға жетекші талдау орталықтарының, ғылыми-сарапшылық қауымдастықтың, жоғары оқу орындары мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты. Сарапшылар Құрылтай сайлауын, жаңа саяси жүйедегі өңірлердің рөлін, партиялық және қоғамдық өкілдіктің дамуын, сондай-ақ өңірлік күн тәртібін мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне енгізу тетіктерін талқылады.

Отырысты ашқан ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Жандос Шаймарданов қазіргі сайлау науқаны Қазақстанның жаңа конституциялық моделін іске асырудың алғашқы практикалық кезеңі екенін атап өтті.

ҚСЗИ директоры сайлаушылардың электоралдық көңіл күйіндегі өзгерістерге де тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, бүгінгі таңда азаматтардың 70–76%-ы дауыс беруге дайын екенін мәлімдесе, ал шешім қабылдамаған сайлаушылардың үлесі маусымдағы 22%-дан шілде айының соңына қарай шамамен 8%-ға дейін төмендеген.

Жандос Шаймарданов өңірлік күн тәртібінің маңызы артып келе жатқанына ерекше назар аударды.

«Сайлау қоғамдық көңіл күй мен азаматтардың нақты сұраныстарын көрсетеді. Әр өңірдің өз басымдықтары бар: өнеркәсіпті дамыту, ауылдық аумақтар, экология, су ресурстарымен қамтамасыз ету, көлік немесе демография. Сондықтан болашақ Құрылтай жұмысында өңірлік күн тәртібінің маңызы арта түседі», – деп атап өтті.

Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Басқарма төрағасы – ректоры Сәуле Рахметуллина конституциялық реформалар өңірлердің өз дамуына деген жауапкершілігін күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысындағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,3 трлн теңгеден асып, өңірдің ел экономикасындағы стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындады.

«Бүгінде өңірдің бәсекеге қабілеттілігі оның өнеркәсіптік, ғылыми, инвестициялық және адами әлеуетін қаншалықты тиімді пайдалана алатынына байланысты», – деді Сәуле Рахметуллина.

Саясаттанушы Талғат Қалиев бір палаталы Парламентке көшу жағдайында өңірлік өкілдіктің маңызына ерекше тоқталды. Оның пікірінше, бұрын бұл міндетті негізінен Сенат атқарса, енді негізгі жауапкершілік елдің барлық өңірлерінің мүддесін кеңінен танытуға мүдделі саяси партияларға жүктеледі.

«Тізімдерінде әртүрлі өңірлерден шыққан беделді әрі мықты кандидаттар болмаса, ешбір партия жалпыхалықтық қолдауға ие бола алмайды. Сондықтан саяси бәсеке партияларды шын мәнінде бүкіл елдің мүддесін білдіретін командалар қалыптастыруға ынталандырады», – деп атап өтті Талғат Қалиев.

Оның айтуынша, мұндай модель өңірлердің мүддесін жекелеген депутаттар емес, сараптамалық және парламенттік әлеуеті бар партиялық топтар арқылы тиімді ілгерілетуге мүмкіндік береді.

«Өңірлердің мүддесі бір депутаттың емес, тұтас саяси партияның күшімен қорғалатын болады. Бұл өңірлік өкілдікті неғұрлым тұрақты әрі тиімді етеді», – деп атап өтті сарапшы.

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – проректоры Индира Рыстина пропорционалды сайлау жүйесіне көшу саяси партиялардың, олардың бағдарламалары мен командаларының рөлін күшейтетінін атап өтті. Оның айтуынша, барлық саяси партиялардың өңірлік өкілдіктері бар және жергілікті жерлерде жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Сондықтан сайлау бәсекесінде партиялық бағдарламалардың сапасы шешуші мәнге ие болады.

«Сайлауалды үгіт-насихат науқаны барысында партиялар өз бағдарламалары мен сайлаушыларға беретін міндеттемелеріне басымдық беруі тиіс. Бұл ретте өңірлік саясат пен аумақтардың өзекті мәселелері бағдарламалардың ажырамас бөлігіне айналуы қажет. Өйткені сайлаушылардың негізгі бөлігі өңірлерде тұрады», – деді Индира Рыстина.

Сарапшының айтуынша, жаңа модель саяси бәсекені жекелеген кандидаттардың танымалдығынан партиялардың бағдарламалары, идеялары мен командаларының бәсекесіне көшіреді. Бұл саяси партияларды өңірлерде тұрақты жұмыс жүргізуге және жергілікті күн тәртібін жалпыұлттық саясатпен ұштастыруға ынталандырады.

Қазақстан қоғамдық даму институты Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Байғалиев Құрылтай сайлауы Қазақстандағы жаңа саяси мәдениетті қалыптастырудың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау мен референдумдарды тұрақты өткізу еліміздің қоғамдық-саяси өмірінің жаңа нормасына айналып келеді.

Соңғы әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, алдағы сайлаудағы сайлаушылардың қатысу деңгейі шамамен 75%-ды құрайды деп күтілуде. Сонымен қатар азаматтардың 84%-ы елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақты әрі қолайлы деп бағаласа, 80%-дан астамы болашаққа сеніммен қарайды.

«Бүгінде сайлаушының талабы күшейді. Азаматтар енді ұрандарға емес, инфляцияны тежеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты және жол сапасын жақсарту сияқты нақты мәселелердің кәсіби шешімдерін күтеді», – деп атап өтті Азамат Байғалиев.

Павлодар облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Борис Поломарчук 2016, 2021 және 2023 жылдардағы сайлаулардағы партиялық тізімдер мен әлеуметтанулық зерттеулердің нәтижелерін таныстырды. Оның айтуынша, кандидаттардың географиясы кеңейгенімен, алдыңғы парламенттік науқандарда партиялық іріктеу орталықтандырылған сипатта болды: кандидаттардың шамамен 43%-ы астаналық бола отырып, депутаттық мандаттардың 65%-дан астамын елорда өкілдері иеленді. Ал кандидаттардың шамамен 40%-ын ұсынған өңірлер депутаттық орындардың 20%-ға да жетпейтін үлесін ғана иеленді. Сарапшының пікірінше, бұл теңгерімсіздікті жою үшін саяси партиялар өңірлердегі өз өкілдіктерінің жұмысын күшейтуі қажет.

«Өңірлік филиал тек әкімшілік кеңсе емес, өңірдің өзекті мәселелерін зерттеп, сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайтын және өңірлік бастамаларды ұлттық деңгейде ілгерілететін саяси-сараптамалық орталыққа айналуы тиіс», – деп атап өтті Борис Поломарчук.

Alikhan Bokeikhan University Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі Аман Рахметуллин өз баяндамасын конституциялық реформалар жағдайындағы саяси мәдениеттің дамуына арнады. Оның айтуынша, азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуының кеңеюі сайлау белсенділігінен де, жергілікті өзін-өзі басқару институттарының дамуынан да көрініс табуда.

«Саяси мәдениеттің дамуын тек құқықтық өзгерістер арқылы емес, азаматтардың саяси белсенділігі, қоғамдық өмірге қатысу деңгейі және мемлекеттік институттарға деген сенімі арқылы бағалау қажет», – деді Аман Рахметуллин.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзянов азаматтардың қатысуы тек дауыс беру күнімен шектелмеуі тиіс екеніне тоқталды.

«Қоғамдық кеңестер, жергілікті өзін-өзі басқару органдары және қоғамдық талқылаулар мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз етіп, өңірлердің өзекті сұраныстарын дер кезінде жеткізуі қажет», – деді ол.

Отырысты қорытындылаған қатысушылар жаңа саяси модельде өңірлер жалпыұлттық күн тәртібін қалыптастырудың толыққанды қатысушысына айналуы тиіс екенін атап өтті. Бұл үшін мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, жоғары оқу орындарының, талдау орталықтарының және қоғамдық ұйымдардың өзара іс-қимылын нығайтып, мемлекеттік шешімдерді әзірлеу үдерісіне өңірлік сарапшылар қауымдастығын кеңінен тарту қажет. Дереккөз: kisi.kz

⚠️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

⚠️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық кезеңінде ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Дауыс беру күні жақындаған сайын әлеуметтік желілерде сайлауды әділ ұйымдастыруға күмән келтіретін жарияланымдар санының арта түсетіні белгілі. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай ақпараттың көпшілігі әрбір сайлау науқаны кезінде қайталанып отырады. Мақсат – азаматтарды ақпараттандыру емес, сайлау жүйесінің жұмысына қатысты теріс пікір қалыптастыру.

Ең жиі таралатын жалған мәлімдемелерді талдап көрейік.

1-миф. «Басқа қалада оқитын студенттер жазғы демалысқа байланысты дауыс бере алмайды».

Факт: Заңнамада уақытша жүрген жері бойынша дауыс беру тетігі қарастырылған. Жоғары оқу орындарымен бірлесіп студенттердің нақты тұрып жатқан жері анықталады, содан кейін олар осы мекенжай бойынша сайлаушылар тізіміне енгізіледі. Бұл жұмыс бүкіл сайлау науқаны барысында жүргізіледі.

2-миф. «Үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарының қызметкерлері мен вахталық кенттердің тұрғындары дауыс бере алмайды».

Факт: Мұндай жағдайлар үшін заңнамада үздіксіз өндіріс орындарында және вахталық кенттерде сайлау учаскелерін құру көзделген. Шешімдерді қалыптасқан жағдайларды ескере отырып, аумақтық сайлау комиссиялары қабылдайды.

3-миф. «Бір есептен шығару куәлігі арқылы бірнеше рет дауыс беруге болады».

Факт: Бұған заң жүзінде жол берілмейді. Әрбір куәліктің бірегей нөмірі болады. Ол жеке басты куәландыратын құжат пен жазбаша өтініш негізінде тек бір рет қана беріледі, ал оның берілгені туралы мәлімет сайлаушылар тізімінде тіркеледі. Заңнамада куәлікті қайта беру немесе жоғалған нұсқасын қалпына келтіру көзделмеген.

4-миф. «Сайлаушыларды тексеруге арналған онлайн-сервистерді деректерді өзгерту үшін пайдалануға болады».

Факт: Сайлау науқаны кезеңінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бақылау мен қорғау шаралары барынша күшейтіледі. Цифрлық инфрақұрылымның тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және сыртқы киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жасау үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.

5-миф. «Сайлау бюллетеньдерін қолдан оңай жасауға болады».

Факт: Сайлау бюллетеньдерінде заңнамада белгіленген арнайы полиграфиялық қорғаныс элементтері болады. Әрбір бюллетеньге учаскелік комиссия мүшелері қол қояды. Белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін бюллетеньдер жарамсыз деп танылады.

6-миф. «Сайлаушылар тізімдері жаңартылмайды және онда көптеген қателіктер кездеседі».

Факт: Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар қалыптастырады және ол тұрақты түрде өңделіп отырады. Азаматтар өз деректерін алдын ала «Электрондық үкімет» порталы арқылы тексере алады немесе еліміздің барлық өңірлерінде жұмыс істейтін колл-орталықтарға хабарласуына болады. Әрбір өтініш белгіленген тәртіппен қаралады.

7-миф. «Сайлау халықаралық байқаушылардың қатысуынсыз, бақылауынсыз өтеді».

Факт: Сайлау науқанына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары қатысады. Оларды аккредиттеуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы жүзеге асырады.

————

‼️ Дауыс беру күні жақындаған сайын мұндай мәлімдемелер жаңа жарияланымдарда, бейнероликтерде немесе әлеуметтік желілердегі жазбаларда қайта пайда болуы мүмкін. Сондықтан ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруді және жекелеген жарияланымдар мен анонимді аккаунттардың хабарламалары негізінде қорытынды жасамауды ұсынамыз.

🔎 Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы ақпараттық кеңістікке мониторинг жүргізуді жалғастырады және сайлау науқанына қатысты мәселелер бойынша тексерілген ақпаратты дер кезінде жариялап отырады. t.me/JAQortcomkz/242

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑