Month: August 2026 (Page 37 of 40)

Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау тетіктері күшейтілуде

Қазақстанда азаматтарды қаржылық алаяқтардан қорғау тетіктері күшейтілуде

Қаржылық алаяқтық бүгінде азаматтардың қауіпсіздігіне төнетін өзекті қатерлердің бірі болып отыр. Алаяқтар банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде хабарласып, түрлі психологиялық тәсілдерді қолданып, азаматтарды несие рәсімдеуге көндіреді, жеке деректерін иемденіп, заңсыз қаржылық операциялар жасайды. Осыған байланысты елімізде азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға бағытталған жаңа тетіктер кезең-кезеңімен енгізілуде.

Соңғы жылдары іске қосылған тиімді құралдардың бірі – «Стоп-кредит» қызметі. eGov порталы арқылы кез келген азамат өз атына банк несиелері мен микроқарыздарды рәсімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Тыйым туралы мәлімет барлық банктер мен микроқаржы ұйымдарына автоматты түрде жолданады. Егер қаржы ұйымы бұл шектеуді елемей несие рәсімдесе, жауапкершілік сол ұйымның өзіне жүктеледі.

Алаяқтардың ықпалымен рәсімделетін несиелердің алдын алу мақсатында елімізде «салқындату кезеңі» енгізілді. Ірі көлемдегі онлайн несие мақұлданғаннан кейін қаражат бірден берілмейді. Осы уақыт ішінде банк қосымша тексеру жүргізіп, клиенттің несие алуға деген ниетін қайта растайды. Бұл тәсіл алаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған азаматтарды қорғауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар алғаш рет ірі көлемдегі кепілсіз несие рәсімдейтін азаматтарға, сондай-ақ 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан тұлғаларға қатысты қосымша қауіпсіздік талаптары қарастырылған. Кейбір жағдайларда мұндай несиелерді қашықтан рәсімдеу шектеліп, банк бөлімшесіне жеке келу немесе мемлекеттік цифрлық сервистер арқылы қосымша растау қажет болады.

Қазіргі таңда биометриялық сәйкестендіру де міндетті қауіпсіздік шарасына айналды. Онлайн несие алу кезінде азаматтың жеке басы міндетті түрде биометриялық деректер арқылы расталады. Сонымен қатар банктер өтінім берілген құрылғыны, күмәнді әрекеттерді және телефонды қашықтан басқару белгілерін талдап, алаяқтық тәуекелі анықталған жағдайда операцияны тоқтата алады.

Қаржылық қылмыстардың алдын алуда 2024 жылдың шілде айынан бері жұмыс істеп келе жатқан Қазақстан Ұлттық Банкінің Антифрод орталығы маңызды рөл атқарады. Бұл жүйе банктерді, байланыс операторларын және құқық қорғау органдарын біріктіріп, күмәнді операцияларды жедел анықтауға, заңсыз ақша аударымдарын бұғаттауға және ұрланған қаражаттың шығарылуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар SIM-карталарды тіркеу тәртібі де күшейтілуде. Жаңа нөмірлерді рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру қолданылады. Байланыс операторлары алаяқтық мақсатта пайдаланылатын телефон нөмірлерін анықтап, бұғаттау жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ өз банк карталары мен шоттарын үшінші тұлғаларға пайдалануға берген азаматтарға, яғни дропперлерге қатысты бақылау да күшейтілді.

Егер алаяқтар азаматтың атына заңсыз несие рәсімдеп үлгерсе, ең алдымен банкке және құқық қорғау органдарына дереу хабарласу қажет. Тергеу жүргізілген кезеңде өсімпұлдар мен айыпақыларды есептеу тоқтатылуы мүмкін. Ал қаржы ұйымы заңмен белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтамаған жағдайда, заңсыз рәсімделген берешек есептен шығарылуға жатады.

Мамандардың айтуынша, қаржылық алаяқтықтан қорғанудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттыру. Азаматтарға банк картасының деректерін, SMS арқылы келетін растау кодтарын, жеке мәліметтерді бөгде адамдарға бермеу және күмәнді қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, банкпен тек ресми байланыс арналары арқылы хабарласу ұсынылады.

Дереккөз: Fingramota.kz қаржылық сауаттылықты арттыру порталының материалдары негізінде дайындалды.

Елордалық бүлдіршіндер Тазабекпен бірге танымал селфи-трендті қолдады

Елордалық бүлдіршіндер Тазабекпен бірге танымал селфи-трендті қолдады

Тазалықтың символы Тазабек Астанадағы балабақшалардың біріне барып, экологиялық іс-шара аясында тәрбиеленушілермен бірге танымал селфи-трендке қатысты, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Түсірілім барысында Тазабек балалардың қасына кадрға күтпеген жерден шығып отырған. Ерекше формат бүлдіршіндердің ерекше қызығушылығын оятып, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс-шара бағдарламасына тәрбиеленушілердің ата-аналары ұйымдастырған «Бақша өнімдері» табиғи өнімдерінің қайырымдылық жәрмеңкесі мен қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдардың «Қалдықтан құндылыққа» көрмесі де енді.
Іс-шара ерекше көңіл күйде өтті. Ойын түрінде балаларға тазалық сақтаудың, табиғатқа ұқыпты қараудың, қалдықтарға жауапкершілікпен қараудың және жануарларға қамқорлық жасаудың маңызы түсіндірілді.

Ең төменгі жалақы алимент экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?

  • Ең төменгі жалақы, алимент, экология: жеті партия сайлаушылармен нені талқылап жатыр?

Сайлауалды науқан аясында саяси партиялар еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шара өткізіп жатыр. Кездесулерге еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлер, сарапшылар қауымы мен тұрғындар қатысады. Іс-шара барысында әлеуметтік қорғау, экономиканы дамыту, отандық өндірісті қолдау, құқықтық мемлекетті нығайту және мемлекеттік саясаттың өзге де басым бағыттары талқыланып жүр.
«Әділет» партиясы Ақтөбе облысында бірқатар іс-шара өткізді. Республикалық сайлауалды штаб өкілдері еңбек ұжымдарымен, кәсіпкерлермен, жастармен және қоғам белсенділерімен кездесті. Кездесулерде отбасыны қолдау, ана мен бала денсаулығын қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық және мемлекеттік істегі белсенділігі талқыланды. Сонымен қатар форумға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қолдау, құқықтық мемлекетті дамыту, сот жүйесінің тәуелсіздігі, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және заңға құрметпен қарау мәселесін көтерді. Кездесу барысында қатысушылар ұсыныс білдіріп, бастамаларын ортаға салды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия Өскемен қаласында кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сарапшылардың, Құрылтай депутаттығына үміткерлердің қатысуымен республикалық кәсіподақтар конгресін өткізді. Іс-шарада ең төменгі жалақы мөлшері, тұтыну себеті, өндірісте жарақат алған қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, зиянды өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлердің зейнетақы алуы және кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігі мәселесі талқыланды. Сонымен қатар инклюзия мен әлеуметтік қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Байтақ» жасылдар партиясы экология және халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне арналған іс-шараларын жалғастырды. Алматы облысында мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен экологтардың қатысуымен Іле өзені мен Балқаш көлінің экожүйесін сақтау мәселелері бойынша дөңгелек үстел өтті. Кездесу барысында су ресурстарының қазіргі жай-күйі және алдағы бірлескен жұмыстың ықтимал бағыттары талқыланды. Сонымен қатар партия кандидаттары Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының мүшелерімен және Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың ұжымымен кездесіп, экологиялық мәселелерді талқылады. Қызылорда облысында партия өкілдері Қызылорда – Арал бағыты бойында тұрғындармен кездесу өткізді.

Қазақстанның Халық партиясы әлеуметтік қорғау, инклюзия және отбасыларды қолдау мәселелеріне арналған кездесулерін жалғастырды. Партия өкілдері «Чувствуя жизнь» зағип және нашар көретін балалар орталығында барып, қолжетімді орта қалыптастыру және мүмкіндігі шектеулі жандарды қажетті қолдаумен қамтамасыз ету мәселесін талқылады. Сондай-ақ «Қорғау» дағдарыс орталығында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, балаларды қорғау және алимент төлеу мәселесіне арналған кездесу өтті.
«Ауыл» партиясы республикалық сайлауалды штаб өкілдерінің Құрылтай депутаттарын сайлауды бақылау үшін Қазақстанға келген ТМД-ға қарасты мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы делегациясымен кездесуін өткізді. Кездесу барысында сайлауалды науқанның барысы, штабтың жұмысы, сайлау науқаны аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар, партия бағдарламасының негізгі бағыттары, сондай-ақ сайлаушылармен өзара іс-қимыл және сайлауалды жұмысты қолданыстағы рәсімдерге сәйкес жүргізу мәселесі талқыланды.

«Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы сайлауалды науқан аясындағы іс-шараларын жалғастырды. Қостанай қаласындағы Kostanay Plaza сауда-ойын-сауық орталығында ақпараттық-түсіндіру акциясы өтті. Сонымен қатар Меркі қант зауытының еңбек ұжымымен кездесу ұйымдастырылып, онда өнеркәсіпті дамыту, өндірісті мемлекеттік қолдау және әлеуметтік саясат мәселелері сөз болды.

Respublica партиясының өкілдері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды. «Вега-Пром» ЖШС-де өткен кездесуде отандық өндірісті қолдау, өнеркәсіпті дамыту, «Өрлеу» мемлекеттік бағдарламасы, кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ экономиканы цифрландыру және өндіріс секторын дамыту мәселелері талқыланды.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

♻️ Тазалық – күнделікті өмір салты.

Қоғамдық орындарда тәртіп сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз.

ТазаҚазақстан

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.

Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.

ТазаҚазақстан

Айналаңды мәдениетпен нұрландыр!

Айналаңды мәдениетпен нұрландыр! Әдептілік, сыйластық және жауапкершілік – мәдениетті қоғамның басты белгілері. Жақсы қарым-қатынас пен игі іс өзіңнен басталады.

Елімізде сайлауалды науқан қызу жүріп жатыр.

Елімізде сайлауалды науқан қызу жүріп жатыр.

Дегенмен сайлауға тек саяси партиялар ғана емес, сайлаушылар да алдын ала дайындалуы қажет.

Ең алдымен, өзіңіздің сайлаушылар тізімінде бар-жоғыңызды тексеріңіз. Мұны 7 тамыздан бастап жасауға болады. Сонымен қатар өзіңіз тіркелген сайлау учаскесінің мекенжайы мен жұмыс уақытын нақтылап алған жөн.

Барлық саяси партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен танысып шығыңыз.

23 тамыз күні сайлау учаскесіне келіп, ел болашағы үшін дауыс беріңіз! Әрбір дауыс маңызды!

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары Құрылтай депутаттарының сайлауына қатыса алады.

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары Құрылтай депутаттарының сайлауына қатыса алады.

Ол үшін Қазақстан Республикасы азаматының паспорты болуы керек әрі құжаттың жарамдылық мерзімі өтпеуі шарт. Одан кейін өзі жүрген елдегі Қазақстанның шетелдік мекемесі жанынан құрылған учаскелік сайлау комиссиясына жүгінуі керек.

Шетелдегі сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізіміне шет мемлекетте тұрақты тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген, Қазақстан Республикасы азаматының жарамды паспорты бар барлық азамат енгізіледі.
Шетелдегі сайлау учаскелерінің тізімі Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің және Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурстарында жарияланған.

Ақмола облысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен тұрғын жауапкершілікке тартылды

Ақмола облысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен тұрғын жауапкершілікке тартылды

Целиноград ауданының Қараөткел ауылында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу орны анықталды, деп хабарлайды prosud.kz.

Ауылдық округ әкімдігі мен құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде заңсыз қоқыс үйіндісін ұйымдастырған адамның жеке басы қысқа мерзімде анықталды. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, ресми ескерту берілді.

Айта кету керек, сол күні аталған аумақта ауқымды санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Қоқысты тазалауға еріктілер, волонтерлер және жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Бірлескен күш-жігердің арқасында барлық қалдықтар жиналып, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған мамандандырылған полигонға шығарылды. Ластанған аумақ толықтай ретке келтірілді.

Бүгінде ауылдық округ аумағында күн сайын жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында мұнда тұрақты түрде экологиялық акциялар ұйымдастырылады. Соңғы сенбіліктер барысында бірлескен күшпен шамамен алты тонна қоқыс жиналды. Бұл шаралар халық санының артуына байланысты ерекше маңызға ие. Ресми түрде ауылдық округте 27 600 тұрғын мен бес мың заңды тұлға тіркелгенімен, белсенді құрылыс пен көші-қонды ескергенде нақты тұрғындар саны қазірдің өзінде 40 мың адамға жуықтап қалды.

Әкімдіктің айтуынша, ауыл аумағында заңсыз қоқыс үйінділеріне жол берілмейді. Елді мекеннің тазалығын сақтау әрбір түскен хабарламаға жедел ден қоюдың арқасында мүмкін болып отыр.

– Ең алдымен біз тұрғындармен жұмыс жүргіземіз. Ауыл халқына экологиялық мәдениет пен туған жерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруға күш саламыз. Бірлескен экологиялық акциялар мен сенбіліктер осы мақсатқа қызмет етеді. Сонымен қатар тұрақты рейдтер өткізіліп, бақылау күшейтілген. Табиғатқа қарсы жасалған кез келген құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, заң аясында жауапкершілікке тартылуы тиіс. Бұл өзгелерге сабақ болуы қажет, – деді Қараөткел ауылдық округінің әкімі Даурен Жеңіс.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders NorenUp ↑