Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанаты
📍Астана қаласы, Конгресс орталық





Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанаты
📍Астана қаласы, Конгресс орталық





Іс-шара барысында Мемлекет басшысы халықаралық олимпиаданың құрылымымен, байқау тапсырмаларымен және автономды роботтың мүмкіндіктерімен танысты
➡️Астана қаласында 2-8 тамыз аралығында өтетін Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадаға 106 елден келген 500-ден астам дарынды оқушы қатысуда. Олар ЖИ үлгілерін әзірлеу және автоматты роботтарды бағдарламалау сайыстарында бақ сынайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз сапалы білімге, дарынды балаларды жан-жақты қолдауға баса назар аударатынын айтты
– Былтыр Бейжіңде өткен Жасанды интеллект бойынша олимпиададан Қазақстан оқушылары үш алтын, бір күміс және үш қола медаль жеңіп алды. Ел мерейін асыратын бұл жетістік жастарымыздың зияткерлік және шығармашылық әлеуетінің зор екенін көрсетеді. Орайлы сәтті пайдалана отырып, талантты өрендерімізге бағыт-бағдар беріп жүрген ұстаздар мен тәлімгерлерге алғыс айтамын, – деді Мемлекет басшысы.
✔️Президент бұл олимпиада жасанды интеллектіні зерттеуші жастардың халықаралық қауымдастығының дамуына үлкен серпін беретініне сенім білдірді.
– Білім қай заманда да халықты біріктіріп, адамзатты өркениеттің шыңына жетеледі. Сіздердің қарым-қабілеттеріңіз медицина, білім, экология және басқа да өте маңызды салалардағы тың шешімдерге негіз бола алады. Дәл осы олимпиадада әлемді өзгертетін жаңа идеялар мен жобалар дүниеге келуі мүмкін, – деді Мемлекет басшысы.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев олимпиада қатысушыларына сәттілік тілеп, осы маңызды шараны ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматқа шынайы ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатына қатысты
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан Жасанды интеллект бойынша ІІІ халықаралық олимпиаданың ашылу салтанатында сөз сөйледі.
✔️Президент сөзінде еліміз цифрлық даму тұрғысынан стратегиялық таңдау жасағанына тоқталды.
– Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электронды үкіметті дамыту индексінде 193 мемлекеттің арасынан 24-орын алады. Жаңа технологияларды енгізуге әзірлік деңгейі бойынша еліміз Орталық Азияда көш бастап тұр. Біз бірыңғай инновациялық экожүйе құрып жатырмыз. Мұнда жасанды интеллект мемлекетті, экономиканы, бизнесті басқарудың маңызды тетігі ретінде қоғам өмірінің барлық саласына дендеп енеді. Былтырғы Жолдауымда алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрлық мемлекетке айналдыру бойынша нақты міндет жүктедім. 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау да – осы стратегиялық бағдарды жүзеге асыруға бағытталған қадам. Бұдан бөлек, инновацияға иек артатын ел дамуының негізгі бағыттары 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясында анық көрсетілген. Бұл – барлық үдерістің басы ғана, – деді Мемлекет басшысы.
t.me/aqorda_resmi

Ақмола облысында жыл басынан бері 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды
Биылғы жылдың жеті айында Ақмола облысында 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9 мыңнан астамы – тұрақты жұмыс орындары. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматуллина баяндады.
Спикердің айтуынша, жұмыс орындарын құру жөніндегі жылдық жоспардың орындалуы бүгінде 51 пайызға жеткен. Өңір тұрғындарын жұмыспен қамту ұлттық жобалар, мемлекеттік бағдарламалар, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шаралары және жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындары аясында жүзеге асырылуда.
«Негізгі бағыттардың бірі – инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру. Қазіргі таңда мемлекеттік тұжырымдамалар аясында 145 жоба жүзеге асырылып жатыр, соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары құрылуда. Оның жартысынан астамы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға тиесілі», – деді Шолпан Рахматуллина.
Ірі жұмыс берушілер қатарында Бурабай ауданындағы «Веденовка» агрофирмасы бар. Мұнда 22 жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ Бұланды ауданындағы «Журавлевка-1» кәсіпорны 29 адамды жұмыспен қамтыды.
Жастарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері облыстың 4 мыңға жуық жас тұрғыны жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, өңірдегі жеті оқу орталығында 203 адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби оқытудан өтуде. Тағы 74 адам кәсіпорындарда өндірістік тәжірибе арқылы практикалық дағдыларды меңгеріп жатыр.
Субсидияланатын жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Қоғамдық жұмыстарға мыңнан астам адам жіберілді. «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 50 жастан асқан 215 тұрғын жұмысқа орналастырылды. Әлеуметтік жұмыс орындарында 209 адам еңбек етуде, ал жастар практикасына 96 түлек қатысуда.
Өңірде жұмыссыз азаматтармен атаулы жұмыс та күшейтілуде. Бүгінде басым санатқа жататын 1 703 адам бар, олардың 900-ден астамы жұмыспен қамту шараларымен қамтылған. Сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аударылуда.
«Біз мансап орталықтарының жұмысын жетілдіруді жалғастырып келеміз. Негізгі басымдық – азаматтарды жеке сүйемелдеу және цифрлық технологияларды пайдалану. Әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарды жұмыспен қамтуға ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті спикер.
Жаңа бағыттардың бірі – Қазақстанда алғаш рет Ақмола облысында іске қосылған «Кедейсіз округтер» пилоттық жобасы. Жобаның мақсаты – әлеуметтік көмек көрсетумен қатар, отбасылардың табысын арттыруға жағдай жасау. Қазіргі таңда облыстың 125 ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар жоқ. Ал жыл басынан бері тағы 34 ауылдық округке «Кедейсіз округ» мәртебесі берілді.
Сонымен қатар өңірде отбасыларды қолдау жүйесі де дамып келеді. Облыста жұмыс істейтін 12 Отбасын қолдау орталығы жыл басынан бері 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетті. Кешенді көмек 3,1 мыңнан астам тұрғынға ұсынылып, оның ішінде заңгерлік және психологиялық кеңестер, жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу бойынша қызметтер көрсетілді.

Ақмола облысында «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы басталды
Тамыз айының басынан бастап 30 қыркүйекке дейін өңірде дәстүрлі республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – жаңа оқу жылына дайындық барысында әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан балаларға қолдау көрсету. Акцияның өту барысы туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанаргүл Баймақова баяндады.
Спикердің айтуынша, акцияның басты мақсаты – аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету, сондай-ақ әлеуметтік себептерге байланысты балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу.
«Облыстың барлық аудандары мен қалаларында акцияны өткізу жоспарлары бекітілді. Білім басқармасы, білім бөлімдері мен білім беру ұйымдары кәсіпкерлерге, бизнес өкілдеріне, меценаттарға және мемлекеттік органдарға қайырымдылық бастамаға қосылып, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету жөнінде үндеу жолдады», – деді Жанаргүл Баймақова.
Қайырымдылық көмектен бөлек, әлеуметтік осал санаттағы отбасылардан шыққан оқушыларға жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Бұл қолдау бес санаттағы балаларға беріледі: атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккен отбасылардың балаларына, сондай-ақ білім беру ұйымының алқалы органының шешімімен көмекке мұқтаж деп танылған балаларға.
Биыл мектеп формасы мен оқу құралдарын сатып алуға берілетін біржолғы төлемнің мөлшері әр балаға 50 851 теңгені құрайды.
Қаражат ата-аналардың банктік шоттарына аударылады. Бұл оларға мектеп формасын, аяқ киім мен қажетті кеңсе тауарларын өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қызметті алу үшін ата-аналар мектепке өтініш беріп, көмек алуға құқық беретін құжаттарды ұсынуы қажет. Материалдық қолдау отбасы және балалар саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларына сәйкес көрсетіледі.
Білім басқармасында атап өткендей, «Мектепке жол» акциясы жыл сайын мемлекеттік органдарды, бизнес өкілдерін және өңірдің бейжай қарамайтын тұрғындарын біріктіріп, әрбір баланың жаңа оқу жылын тең мүмкіндіктермен бастауына жағдай жасайды.

Жұлдыздар, косплей және мыңдаған жанкүйер: Comic Con Astana биыл қалай ерекшеленеді
Астанада 6-9 тамыз аралығында Орталық Азиядағы ең ірі гик-мәдениет фестивалі – Comic Con Astana 2026 өтеді. Биыл алғаш рет шараға бірден төрт халықаралық хедлайнер қатысады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұған дейін фестивальдің басты қонақтары ретінде Николай Костер-Вальдау, Иньяки Годой және Таз Скайлар таныстырылған болатын. Енді бұл жұлдызды құрамға «Peaky Blinders» («Острые козырьки») сериалындағы Артур Шелби рөлі арқылы танылған британиялық актер Пол Андерсон да қосылады.
Фестиваль барысында актер басты сахнада өнер көрсетіп, шығармашылық жолы мен әйгілі киножобалардағы жұмысы туралы әңгімелейді. Сондай-ақ жанкүйерлердің сұрақтарына жауап беріп, фото және қолтаңба сессияларына қатысады.
Пол Андерсон бұдан бөлек «Шерлок Холмс: Көлеңкелер ойыны» (Sherlock Holmes: A Game of Shadows), «Аңыз» (Legend), «Тірі қалған» (The Revenant), «Теңіздің қақ жүрегінде» (In the Heart of the Sea), «Қорқыныш аллеясы» (Nightmare Alley) және басқа да халықаралық фильмдерде ойнаған.
Comic Con Astana жылдар бойы Орталық Азиядағы заманауи поп-мәдениеттің ең ірі фестивалі ретінде танылды. Әр жылдары оның хедлайнерлері қатарында Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт, Пьер Спенглер және Александр Кузнецов болды.
Фестивальдің дәстүрлі бағдарламасына халықаралық косплей байқауы да енген. Ол жыл сайын түрлі елдерден келген үздік қатысушылардың басын қосады. Биыл байқаудың жүлде қоры 20 миллион теңгені құрап, өңірдегі ең ауқымды косплей турнирлерінің біріне айналмақ.
Биылғы Comic Con Astana дәстүр бойынша екі алаңда – Barys Arena мен «Алау» мұз сарайында өтеді.
Фестиваль билеттерін comicconastana.kz ресми сайтынан сатып алуға болады.

Таза қоршаған орта – жайлы өмірдің кепілі.
Қоршаған ортаны ластауға жол бермейік. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес табиғатты ластағаны үшін айыппұл салынады. Табиғатқа құрмет – өзімізге деген құрмет.
Таза Қазақстан – әрқайсымыздан басталады!
Табиғатты таза ұстау – үлкен іс емес, күнделікті әдет. Қоқысты жерге тастамаңыз, демалған жеріңізді жинап кетіңіз, айналаңызға жанашыр болыңыз.
Таза көше, таза аула, таза қала – бәрі өзімізден басталады. Бір кішкентай әрекет үлкен өзгеріске себеп болады.
Қазақстандағы инфляция деңгейінің төмендеу үрдісі жалғасуда
Шілде айында бағаның ең көп төмендеуі маусымдық жеміс-көкөніс өнімдерінің жекелеген түрлерінде тіркелді. Атап айтқанда, қиярдың бағасы 22,6%, қызанақ – 17,7%, сәбіздің бағасы – 5,3%, банан – 4,0%, алма – 2,7%, апельсин – 2,3%, лимон мен картоп – 1,6%-ға арзандады. Сонымен қатар, жұмыртқа 1,4%, арпа жармасы 1,3% төмендеді.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында пайдаланылған жеңіл автомобиль бағасы 3,8%, электр еттартқыш 2,2%, кір сабын 1,5%, смартфондар мен көзілдіріктер 1,3%, шаш бояуы 0,7% арзандады.
Жылдық мәнде 2026 жылғы шілдеде инфляция деңгейі 10,2% құрады (2026 жылғы маусымда – 10,3%). Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 11,7%, азық-түлік тауарларының бағасы 10,1%, ақылы көрсетілетін қызметтердің бағасы 9,2% өсті.
Өткен жылдың шілде айымен салыстырғанда жеміс-көкөніс өнімдерінің жекелеген түрлері бойынша бағаның төмендеуі жалғасты. Атап айтқанда, қияр бағасы 31,6%, қызанақ – 26,5%, пияз – 10,9%, сарымсақ – 8,1%, апельсин – 7,8%, алма – 4,7%а төмендеді. Сонымен қатар, азық-түлік тауарлары арасында күріш бағасы 4,1%-ға арзандады.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында 2025 жылғы шілде айымен салыстырғанда отандық құрастырылған жаңа жеңіл автомобильдің бағасы 16,2%, кондиционер 10,8%, медициналық термометр 7,5%-ға, медициналық бинт 6,4%-ға төмендеді.
Тұтыну бағаларының индексі инфляция деңгейін сипаттайтын көрсеткіш болып табылады және ай сайын есептеледі. Бақылау 537 тауар мен қызмет түрі бойынша жүргізіледі. Инфляция динамикасы бойынша деректер 2018 жылдан бастап қамтылған арнайы интерактивті дашбордта қолжетімді.
*2026 жылғы қаңтардан бастап тұтыну бағалары индексін есептеу құрылымында азық-түлік тауарларының үлесі 41,1%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 28,4%, ақылы қызметтер 30,5% құрайды.

© 2026 ЗЕРЕН
Theme by Anders Noren — Up ↑