«Экспресс-камера» алаңында IT-кәсіпкер, цифрландыру саласының сарапшысы, бірнеше стартаптың авторы Олжас Бегалы.
Онлайн трансляция – Qazaqstan TV
#Онлайнмарафон2026
«Экспресс-камера» алаңында IT-кәсіпкер, цифрландыру саласының сарапшысы, бірнеше стартаптың авторы Олжас Бегалы.
Онлайн трансляция – Qazaqstan TV
#Онлайнмарафон2026
Сыни ойлау мен шығармашылық ЖИ дәуіріндегі басты құндылыққа айналады
PhD, профессор, жасанды интеллект саласындағы әлемнің үздік 100 әйелінің қатарына енген Тамара Жұқабаева онлайн-марафон алаңында ЖИ дәуіріндегі адам қабілеттерінің маңызы туралы айтты.
Маманның сөзінше, жасанды интеллект дамыған сайын табиғи интеллектіні күшейту маңызды. Болашақта сыни ойлау, шығармашылық, эмпатия және метатаным секілді қабілеттердің рөлі арта түседі.
«Жасанды интеллект ұсынған жауапты дайын күйінде қабылдамай, оған өз ойыңды қоса білу керек», – деді Тамара Жұқабаева.
«Ұлы дала заңдары адамды заңнан қорқуға емес, өз ұятының алдында есеп беруге тәрбиеледі»
Яссауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Ұлы дала өркениетіндегі құқықтық мәдениет туралы айтты.
«Ұлы даланың құқықтық мәдениетін ар мектебі деп атар едім. Ол адамды заңнан қорқуға, жазадан қашуға емес, өз арын аттамауға және ұятының алдында есеп беруге тәрбиеледі. Дәл осы дүниетаным уақыт өте келе ұлы ойшылдарымыздың еңбегінің негізінде терең философиялық жүйеге айналды. Хакім Абай бабалар аманаттаған мыңжылдық өсиетті «Адам бол» деп бір-ақ ауыз сөзге сыйғызды. Бүгінде біз оны халықаралық мінберлерде адам құқықтары, адам капиталы деп айтамыз», – деді ол.
Сайлау бюллетенін фото-видеоға түсіріп таратқан алматылық тұрғын жауапқа тартылды
Бұл туралы жалпыұлттық онлайн-марафонда Бас прокуратура Аппаратының басқарма басшысы Ерлан Жанпейсов айтты.
«Бұған дейін ескертілгендей бүгін кез келген үгітке тыйым салынады. Толтырылған бюллетеньдерді фото-бейнежазбаға түсіру және тарату да үгіт жүргізу ретінде есептелінетіні бірнеше рет хабарланды. Алайда соған қарамастан бүгін дәл осындай заң бұзушылық фактісі анықталды. Алматы қаласының тұрғыны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауапқа тартылды. Ол кінәсін мойындап, жариялаған жазбасын алып тастады», – деді Ерлан Жанпейсов.
📌Қазақстандық жастардың интеллектуалдық әлеуеті жоғары
PhD, профессор Тамара Жұқабаева жастардың ЖИ мен жаңа технологияларды дамытудағы рөліне тоқталды.
«Жасанды интеллект – адамның бәсекелесі емес, серіктесі. Қазіргі жастар технологияны сырттай бақыламайды, оның дамуына тікелей қатысып жүр», – деді ол.
Профессордың айтуынша, қазақстандық жастардың интеллектуалдық әлеуеті жоғары, ал елдегі стартап мәдениеті мен технологиялық кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.
Ермахан Ибрагимов: Қазақстанмен бірге қазақ спорты да алға ілгерілеп келеді
«Туризм және спорт министрлігі Астанада Спорт университетін, Алматыда аумағы 40 гектарды құрайтын Алматы олимпиадалық даярлау орталығын ашты. Спортшылардың жан-жақты дайындалуына барлық жағдай жасалған. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан дамып жатса, қазақ спорты да алға ілгерілеп жатыр», – дейді Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибрагимов.
Петровка ауылында Садвакасовтар отбасы сайлауға бірге қатысты
Петровка ауылындағы №168 сайлау учаскесіне Садвакасовтар отбасы сайлауға бірге келіп, өздерінің азаматтық таңдауын жасады. Үлкен отбасы үшін бұл күн – ел өміріндегі маңызды қоғамдық оқиғаға ортақтасып, азаматтық белсенділігін танытудың тағы бір мүмкіндігі.
Бұл сайлаудың Қазақстанда алғаш рет өтуі де оның маңызын арттыра түседі. Әр азаматтың дауыс беруі – елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысып, өз ұстанымын білдірудің бір жолы.
Садвакасовтар отбасы сайлау учаскесіне ұйымшылдықпен келіп, дауыс беру рәсіміне қатысты. Отбасы мүшелері үшін мұндай сәттер бір-біріне қолдау көрсетіп, маңызды күндерді бірге өткізудің дәстүрлі жалғасы саналады.
«Біз үшін отбасы болып бірге келіп, дауыс беру маңызды. Әр адам өз таңдауын өзі жасайды, ал отбасымызбен бірге келу – бірлігіміз бен өзара қолдауымыздың белгісі. Елдің болашағына бейжай қарамай, азаматтық міндетімізді орындауды жөн көрдік», – деді отбасы мүшелері.
Садвакасовтар отбасының сайлауға бірге қатысуы – отбасылық бірлік пен азаматтық жауапкершіліктің сабақтастығын көрсететін жақсы мысал. Ел өміріндегі маңызды оқиғаларға белсенді қатысу – әр азаматтың ортақ болашаққа қосар үлесі.

«Болашақтан келген қонақ»: Көкшетаудағы сайлау учаскесіне Warhammer әлемінің космодесантнигі келді
Көкшетаудағы №9 сайлау учаскесіне бүгін ерекше сайлаушы келді. «Болашақтан келген қонақ» акциясы аясында косплей қауымдастығының өкілі Warhammer 40,000 әлеміндегі космодесантник бейнесінде дауыс беруге қатысты.
Ақ түсті сауыт, жарықдиодты элементтер және кейіпкерге тән ерекше бейне бірден жұрт назарын аударды. Ол алыстағы болашақтан Көкшетауға келгендей әсер қалдырды. Кейіпкердің киімі Warhammer 40,000 әлеміндегі «Ақ тыртықтар» («Белые Шрамы») легионының бейнесіне негізделген.
«Ақ тыртықтар» – ғарыштық теңіз жаяу әскерлерінің бесінші легионы. Оның бейнесінде көшпелі мәдениетке, жылдамдық пен жауынгерлік дәстүрге тән элементтер бар. Сондықтан бұл образ фантастика әлемінің жанкүйерлеріне жақсы таныс.
Көкшетаулық Тимур Қожахметов үшін бұл акция сүйікті хоббиін қоғамдық маңызды оқиғамен ұштастыруға мүмкіндік берген.
«Warhammer әлеміндегі әр легионның өзіндік ерекшелігі бар. «Ақ тыртықтар» дала көшпенділерімен байланысты, сондықтан оларды бейнелі түрде «ғарыштағы қазақтар» деп атауға болады. Бұл костюмді жасауға, оны басып шығарып, тегістеп, бояуға бір жылдай уақыт жұмсадым. Қаруымен бірге салмағы шамамен 40 келі», – деді Тимур Қожахметов.
Ерекше кейіпкер әсіресе жастардың қызығушылығын тудырды. Тұрғындар онымен суретке түсіп, костюмінің бөлшектерін тамашалап, оның қай әлемнен келгенін сұрады.
Осылайша, №9 сайлау учаскесіндегі дауыс беру күні фантастикалық бояуға ие болды. Әдеттегі сайлау атмосферасына болашақтың кейіпкері қосылып, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал «болашақтан келген қонақ» бұл жолы шайқасқа емес, өз азаматтық таңдауын жасауға келді.

Ақмола облысында дауыс беру белсенді түрде жалғасуда.
Аумақтық сайлау комиссияларының ресми мәліметтеріне сәйкес, сағат 16:00-дегі жағдай бойынша өңірдегі сайлаушылар тізіміне енгізілген азаматтардың 73,69%-ы өз азаматтық борышын орындап, дауыс берді.
Еске салайық, Ақмола облысы бойынша сайлаушылар тізіміне барлығы 518 548 адам енгізілген. Азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында тіркелген жері бойынша, сондай-ақ уақытша болатын орындарда орналасқан сайлау учаскелерін қамтитын ауқымды сайлау инфрақұрылымы жұмыс істеуде.
Сайлау учаскелері штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Әлі дауыс беріп үлгермеген облыс тұрғындары өздерінің сайлау құқығын жүзеге асыра алады.

«Оқжетпес» футболшылары Көкшетауда сайлауға қатысты
Көкшетаулық «Оқжетпес» футбол клубының ойыншылары бүгін спорттық жаттығуларынан уақыт бөліп, №22 сайлау учаскесіне келіп, дауыс беруге қатысты. Футболшылар №2 орта мектеп ғимаратында орналасқан сайлау учаскесіне спортшылардың қоғамдық өмірге қатысуына арналған акция аясында келді.
Футболшылардың сайлау учаскесіне келуі басқа сайлаушылардың да назарын аударды. Спортшылар учаскеге команда болып келгенімен, әрқайсысы өз таңдауын жеке жасады.
«Оқжетпес» ойыншылары үшін сайлауға бірге қатысу – футбол алаңынан тыс жерде де командалық рухты танытудың бір көрінісі болды. Егер алаңдағы нәтиже бүкіл команданың бірлескен әрекетіне байланысты болса, қоғамдық өмірде әр адам өз таңдауы үшін жеке жауап береді.
«Біз өз шешімдерімізге жауап беруге және нәтижеге әр адамның әрекеті әсер ететінін түсінуге үйренгенбіз. Бүгін командамен бірге дауыс беруге келдік. Себебі ел өміріне тек спортшы ретінде емес, азамат ретінде де қатысу маңызды деп есептейміз», – деді футболшылардың бірі.
Клуб өкілдерінің айтуынша, спорт адамды тәртіпке, жауапкершілікке және ортақ нәтижеге жұмыс істеуге тәрбиелейді. Бұл қасиеттер жаттығу мен жарыс кезінде ғана емес, күнделікті өмірде де маңызды.
«Оқжетпес» ойыншыларының сайлауға қатысуы Көкшетаудағы дауыс беру күнінің назар аударарлық сәттерінің біріне айналды. Спортшылардың бұл қадамы азаматтық белсенділіктің кәсіби қызметпен шектелмейтінін және әр адамның ел өміріне өзіндік үлесін қоса алатынын көрсетті.

© 2026 ЗЕРЕН
Theme by Anders Noren — Up ↑