Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова Азия ойындарының финалында белдеседі
ХХ Жазғы Азия ойындарының бүгінгі жарыс күнінде дзюдодан Қазақстанның төрт өкілі жүлдеге таласады. Ғұсман Қырғызбаев пен Меруерт Сарсенова қола медаль үшін белдессе, Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова алтын жүлде үшін татамиге шығады.
🖥️ Байрақты бәсекені сағат 12:55-тен бастап «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көріңіз. https://qazsporttv.kz/kz/live
Ақмола облысында жылу жеткіліксіз берілгені үшін тұтынушыларға жылу ақысы қайта есептеледі Өңірде 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымының қорытындысы бойынша жылу жеткіліксіз берілгеніне байланысты тұтынушылардың жылумен жабдықтау қызметіне төлемі қайта есептеледі. Есептеу жылу энергиясын есепке алу құралдары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін сыртқы ауаның нақты температурасы ескеріліп жүргізілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Андрей Шевченко мәлімдеді. Биыл қайта есептелетін сома өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70%-ға төмен болды. Сонымен қатар департамент реттелетін 150 қызметті көрсететін 69 табиғи монополия субъектісінің жұмысын бақылауды жалғастыруда. Олардың қатарында жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау және су бұру, сондай-ақ электр энергиясын беру қызметтері бар. «Біз көрсетілген қызметтердің нақты көлемін белгіленген нормативтермен салыстырамыз. Егер жылудың жеткіліксіз берілгенін анықтасақ, тұтынушыларға қайта есептеу жүргізіледі. Бұл тек есептелген төлемді ғана емес, көрсетілген қызметтің нақты сапасын да ескеруге мүмкіндік береді», – деді Андрей Шевченко. Сонымен қатар облыста тозу деңгейі жоғары коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Электрмен жабдықтау желілерінің тозуы орта есеппен 59%, сумен жабдықтауда 53%, су бұру жүйелерінде 61%, ал жылумен жабдықтауда 53% құрайды. Биыл 2,2 мың шақырымнан астам желі мен 600-ге жуық жабдықты жөндеу жоспарланған. «Біз үшін тарифтік қаражаттың тұтынушының игілігіне нақты жұмыс істеуі маңызды. Яғни қаражат желілерді жөндеуге, жабдықтарды жаңартуға және коммуналдық қызметтердің сенімділігін арттыруға бағытталуы керек. Сондықтан кәсіпорындардың шығындарын мұқият қарап, қабылданған бағдарламалардың орындалуын бақылауда ұстаймыз», – деп атап өтті спикер. Биыл сондай-ақ 2022–2026 жылдарға бекітілген ұзақ мерзімді тарифтердің қолданылу мерзімі аяқталады. Қазір мамандар инфрақұрылымның жағдайы мен тұтынушылардың мүдделерін ескере отырып, кәсіпорындардың келесі бес жылдық кезеңге арналған жаңа өтінімдерін қарастыруда.
✅Қазақстан Президенті мен Германия Канцлері БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді
🔹Jibek Joly телеарнасының тілшісі Ділназ Ерланова Мемлекет басшысынан дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 35 жыл толуы қарсаңында Қазақстан мен Германияның ынтымақтастығына қандай баға беретінін сұрады.
– Біз жүріп өткен жолымызды барынша жоғары бағалаймыз. «Жол мұраты – жету» деп бекер айтпайды. Қиын жолды еңсеріп, зор табысқа жеттік. Өзіңізге мәлім, біздің елімізде Германияға деген ықылас ерекше. Бұл елді жақсы көреміз, құрметтейміз, оның экономика мен өзге де салалардағы жетістіктеріне тәнтіміз. Германия – халықаралық аренада өте беделді мемлекет. Сондықтан мен осы елмен жаңа келісімдерге қол жеткіземіз деген үмітпен келдім. Біраз уағдаластық жасастық. Енді осы келісімдерді тиісті деңгейде жүзеге асыру міндеті тұр. Сондықтан мен келешекке үлкен үміт артамын. Бұдан да мол табысқа жететінімізге толық сенімдімін. Келіссөз барысында Канцлер Мерцті келесі жылы өзіне ыңғайлы кез келген уақытта елімізге мемлекеттік сапармен келуге шақырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сапарды қорытындылай келіп, Германия Федералдық Канцлерімен мазмұнды келіссөздер аясында тараптар маңызды келісімдерге қол жеткізгеніне назар аударды
🔹Президенттің айтуынша, бүгінгі кездесулер мазмұнды және табысты өтті деуге толық негіз бар.
– Келіссөздер аясында жалпы құны шамамен 2 миллиард доллар болатын 30-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды. Келісімшарттар тиімді жүзеге асырылса, екі елдің ынтымақтастығы бекемделе түсетіні анық. Мен ертең Бавария қаласына барып, бірқатар жоғары лауазымды тұлғалармен кездесуді жоспарлап отырмын. Сапар барысында бірегей жиын – Қазақстан-Бавария технологиялық форумына қатысамын. Бұл басқосу да елдеріміздің ынтымағын нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🔹Қазақстан Президенті мен Германия Федералдық Канцлері аймақтық және жаһандық деңгейдегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқан.
– Біз кез келген шиеленісті бейбіт және дипломатиялық жолмен шешу қажет деп есептейміз. Бұл – екі елге де ортақ ұстаным. Сонымен қатар біз «Орталық Азия – Германия» форматындағы диалогті одан әрі дамытуға келістік. Қазақстан Германиямен ұзақмерзімді, өзара тиімді және нақты нәтижеге негізделген стратегиялық серіктестікті күшейте түсуге ниетті, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумына қатысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев және Франк-Вальтер Штайнмайер Қазақстан-Германия бизнес форумында сөз сөйледі. Басқосуға екі елдің іскерлік топ өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия ұзақ жылдар бойы өзара құрмет пен практикалық ықпалдастық негізінде берік байланыстарды жолға қойғанын айтты.
– Қазақстан Германияны уақыт тезінен өткен сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырады. Біз Германияның экономикалық жетістіктеріне және өнеркәсіп мәдениетіне зор құрметпен қараймыз. Қанша буын алмасса да, «Made in Germany» бренді сапаның, инженерлік кемелдіктің, дәлдік пен жауапкершіліктің символы болып келеді. Германияның экономикасы қуатты елге айналуына оның халықаралық корпорациялары ғана емес, сонымен қатар орта бизнес кәсіпорындары (Mittelstand), білікті кадрлары, ғылыми әлеуеті мен бірегей өндіріс мәдениеті үлес қосты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Германия Қазақстанның Еуропалық одақпен қарым-қатынасында айрықша рөл атқаратынына назар аударды. ЕО – Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі, ал Германия – еліміздің Еуропамен экономикалық ықпалдастығын өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес.
– Бүгінде аса маңызды материалдар, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, озық технология бағыттары күн тәртібіміздегі өзекті тақырыптар саналады. Қазақстан мен Германия дәл осы салаларда күш-жігер жұмылдырып, елеулі нәтижеге қол жеткізе алады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің қарым-қатынасын Орталық Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын көпірге балады.
Президенттің пікірінше, өнеркәсіп кооперациясы – қазақ-герман серіктестігінің маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде ортақ портфельде жалпы құны 54 миллиард доллардан асатын 40 инвестициялық бастама бар. Оның ішінде 21 жоба жүзеге асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев CLAAS, Horsch, Amazonen-Werke және Knauf секілді компаниялармен табысты ынтымақтастық жолға қойылғанын жеткізді. Соңғы бес жылда CLAAS компаниясы Қазақстанда 2100-ден аса ауыл шаруашылығы техникасын шығарған.
– Орайлы сәтті пайдаланып, өнеркәсіп саласындағы серіктестігіміз екіжақты үдеріске айналып келе жатқанын айтқым келеді. Оны Қазақстаннан Германияға өнеркәсіп тауарларының экспорты артқанынан аңғарамыз. Мәселен, осы сапар барысында отандық машина жасау саласының өнімдерін, соның ішінде неміс құрал-жабдығын қолдану арқылы шығарылған теміржол көлігі дөңгелегін Германия нарығына жеткізу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізілді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан германиялық компаниялармен автоматтандыру, станок, өнеркәсіпке арналған роботты техника, машина жасау, озық өндіріс және үдерісті цифрландыру салаларында ынтымақтастық аясын кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
– Бұл мысалдар экономикалық байланыстарымыз алдағы уақытта қай бағытта дамитынын көрсетеді. Жекелеген табысты жобалармен шектелмей, өнеркәсіп саласындағы жүйелі серіктестікке көшкеніміз жөн. Еліміз осы мақсатта Қазақстан-Германия инвестициялық-өнеркәсіп бастамасын қолға алуға әзір. Оның негізінде үздік жобалардың бірыңғай тізімі жасақталады. Мақсатымыз айқын: Қазақстанда жаңа салалардың пайда болуына септігін тигізетін, коммерциялық тұрғыдан өміршең жобаларды іріктеп алу, неміс технологиясы мен білімін меңгеру, өңірлік және әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығару. Бұл ретте немістің Mittelstand, яғни орта бизнес кәсіпорындары айрықша рөл атқара алады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы аса маңызды материалдар саласындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Қазақстанда Еуропалық одақ стратегиялық ресурс ретінде таныған 34 шикізат түрінің 21-і бар.
– Германияға сенімді және бір бағытқа тәуелді болмайтын шикізат жеткізу жолдары қажет. Ал Қазақстан қосылған құны жоғары өнім тізбегін қалыптастыру үшін инвестиция мен озық технологияға мүдделі. Осыған арқа сүйеп, мықты стратегиялық синергия жасауға болады. Геологиялық барлаудан және кен өндіруден бастап оны өңдеу және Қазақстанда жоғары технологиялық материалдар шығару сатыларын толық қамтитын ірі жобаларды айқындау ынтымақтастықтың келесі кезеңі болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президенттің пікірінше, ауыл шаруашылығындағы серіктестікті кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар.
– 2025 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің алыс-берісі 23 пайызға ұлғайған, ал Қазақстаннан Германияға экспортталатын аграрлық өнімдер 38 пайызға артқан. Ендігі қадам – қосылған құны жоғары өнім шығарудың бүкіл тізбегі енетін ортақ жобаларды іске асыру. Яғни ғылыми негіздегі егін шаруашылығы мен су үнемдейтін өндірістен бастап, өнімді қайта өңдеу, сақтау және экспорт сатылары толық қамтылуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бірлескен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – энергетика. Президенттің айтуынша, Қазақстан Еуропаға мұнай жеткізуші елдердің бірі ретінде энергетикалық қауіпсіздікке елеулі үлес қосып келеді.
– Siemens Energy компаниясымен ынтымақтастығымыз, соның ішінде KEGOC ұлттық электр желілерінің операторымен бірлесе атқарып жатқан жұмысы бұл бағытта айтарлықтай әлеует бар екенін көрсетеді. Біз аталған саладағы серіктестік аясын кеңейтіп, энергетика инфрақұрылымын жаңғырту бойынша бірлескен жобалар тізімін жасақтауды ұсынамыз. Егер аталған жобалар экономикалық тұрғыдан тиімді болса, кейбір құрал-жабдықтарды сырттан әкелмей, Қазақстанда өндірген жөн. Нақты инвестициялық жобаны іске асыру арқылы Орталық Азия елдері нарығына шығуға болады, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жасанды интеллектіні енгізу және цифрлық трансформация ұлттық басымдық ретінде айқындалғанына назар аударды. Сондай-ақ елімізде «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру қолға алынғанын айтты. Аталған жоба келешекте ірі есептеу қуаты бар хабқа айналады.
– Германия өнеркәсіпке арналған бағдарламалық қамтамасыз ету, автоматизация, киберқауіпсіздік, инженерия және қолданбалы зерттеулер салаларында мықты. Осы артықшылықтары біздің өршіл мақсатымызға сай келеді. Неміс компанияларын деректерді өңдеу инфрақұрылымын дамытуға атсалысып, қазақстандық серіктестермен бірге тау-кен, энергетика және логистика салаларына арналған жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге шақырамын, – деді Президент. Мемлекет басшысы адам капиталын дамыту тақырыбын да қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның дуалды кәсіптік білім беру жүйесін жоғары бағалап, академиялық және кәсіби байланыстарды тереңдетуге негіз барын еске салды.
– Қазақстан-Германия өндірістік құзыреттер орталығының желісін құруды ұсынамыз. Оны озық жобаларды жүзеге асырумен тікелей байланыстыруға болады. Яғни әрбір ірі инвестициялық жоба кадр даярлайтын алаң болуға тиіс деген қарапайым қағидатқа сүйенген жөн. Сонда ғана капитал білімге, ал білім орнықты экономикалық өсімге ұласады, – деді Президент.
Форумда сөз сөйлеген Германия Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге айтарлықтай мүмкіндік бар екенін атап өтіп, стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытудың маңызына назар аударды.
– Қазақстан – Орталық Азиядағы басты сауда серіктесіміз. Оған осы кездесу қорытындысы бойынша қол қойылатын келісімдер дәлел. Федералдық Президент ретінде дамып келе жатқан өңірлік державалармен, соның ішінде Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайтуға ұмтыламын. Германия капиталын, технологиясы мен өнеркәсіптегі тәжірибесін ұсына алады. Ал Қазақстанда табиғи ресурстардың мол қоры, орасан зор өсім әлеуеті бар. Ең бастысы, бұл ел Еуропа пен Азия арасында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан, – деді Франк-Вальтер Штайнмайер.
Келіссөз қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Германия Федеративтік Республикасы Президенті Бірлескен декларация қабылдады Қазақстан Республикасының Президенті мен Германия Федеративтік Республикасы Президентінің Бірлескен Декларациясы
Германия Федеративтік Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Франк-Вальтер Штайнмайер мырзаның шақыруы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Жоғары Мәртебелі Қасым-Жомарт Тоқаев мырза 2026 жылғы 29-30 қыркүйекте Германия Федеративтік Республикасына ресми сапар жасады. Осыған орай екі Президент мынадай Бірлескен декларацияны қабылдайды:
Президенттер Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасында қалыптасқан табысты ынтымақтастықты жоғары бағалайды.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде орныққан табысты ынтымақтастық тәжірибесін, өзара сенім және жоғары деңгейдегі саяси диалог қарқынды ілгерілеп келе жатқанын негізге ала отырып, олар тығыз ынтымақтастықтың жалғасуын оң бағалайды.
Олар қол жеткізілген прогресті мойындап, демократия, құқық үстемдігі, адам құқықтарын қорғау, инвестициялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сот жүйесінің тәуелсіздігі және орнықты даму қағидаттарын сақтай отырып, тұрақты құқықтық және қолайлы экономикалық орта қалыптастыру үшін өз елдеріндегі реформаларды жалғастырудың және одан әрі жаңғырту жұмыстарының маңыздылығын атап көрсетеді.
Президенттер 2023 жылғы 29 қыркүйекте Берлинде өткен «Орталық Азия – Германия» бірінші саммитінде негізі қаланған және 2024 жылғы 17 қыркүйекте Астанада өткен екінші саммитте одан әрі дами түскен Орталық Азия мен Германия арасындағы Стратегиялық өңірлік әріптестікті қолдайтындарын растайды. Олар осы форматта 2026 жылғы 11 ақпанда Берлинде өткен Сыртқы істер министрлері кездесуінің қорытындыларын жоғары бағалап, жақын арада үшінші саммитті өткізу жоспарын құптайды.
Тараптар өңірдің дербестігін, орнықтылығын және әл-ауқатын нығайтуға ықпал ететін Орталық Азия мемлекеттері арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың кеңеюін қуаттайды.
Президенттер көпжақты ынтымақтастыққа, сондай-ақ барлық мемлекеттердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтеуді қоса алғанда, халықаралық құқықтың негізгі қағидаттары мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына бейіл екендерін растайды. Олар даулар мен қақтығыстарды бейбіт, саяси және дипломатиялық құралдармен реттеудің маңыздылығын атап көрсетеді.
Мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының қағидаттарына сәйкес Украинада жан-жақты, әділ және берік бейбітшілікке тезірек қол жеткізу қажеттігін атап көрсетеді.
Президенттер сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты ықпалдастықтың басты негізінің бірі ретінде қарастырады. Олар өзара тауар айналымын ұлғайтуға, жеткізілетін өнімдер номенклатурасын кеңейтуге, инвестициялар көлемін арттыруға және өндірісті жергіліктендіруге мүдделілік танытатынын растайды.
Мемлекеттер басшылары Қазақстандағы герман компанияларының, оның ішінде шағын және орта кәсіпорындардың қызметіне қолайлы жағдай жасау мақсатында қабылданған шараларды құптап, осы бағыттағы реформаларды одан әрі жалғастыруды қолдайды. Олар герман, еуропалық және халықаралық нормаларды ескере отырып, стандарттау саласындағы тәсілдерді жақындастыруға ортақ мүдделілік танытатынын атап өтеді.
Президенттер Қазақстан-Германия сауда-экономикалық ынтымақтастығы жөніндегі үкіметаралық жұмыс тобының, Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесінің, Берлин Еуразиялық клубының, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің, сондай-ақ Германия экономикасы Шығыс комитетінің іскерлік байланыстарды дамытуға және өзара экспорт көлемін арттыруға қосып отырған елеулі үлесін атап өтеді.
Өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету мақсатында тараптар 2026-2028 жылдарға арналған Өнеркәсіптік, технологиялық және шикізаттық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі бірлескен жол картасын құптайды. Бірлескен өндірістер құруға, аса маңызды шикізат материалдарын өндіру мен өңдеуге, ел ішінде өндірілетін өнімнің қосылған құнын арттыруға, сондай-ақ сенімді әрі орнықты жеткізу тізбектерін қалыптастыруға басымдық беріледі.
Президенттер энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және энергия ресурстарын, оның ішінде мұнай мен газды Еуропаға жеткізу көздері мен бағыттарын әртараптандыру мақсатындағы тығыз өзара іс-қимылды құптайды. Тараптар энергиямен жабдықтаудың сенімділігін арттыру, энергетикалық дәліздерді дамыту, өнеркәсіпті көміртегіден арылту, жаңартылған энергия көздерін және «жасыл» сутегіні пайдалануды арттыру мақсатында Қазақстан-Германия энергетикалық диалогы аясында және Астанадағы H2-Diplo кеңсесі арқылы ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
Мемлекеттер басшылары Транскаспий көлік дәлізінің Азия мен Еуропа арасындағы көлік және сауда байланысын нығайтудағы стратегиялық маңызын атап өтеді. Олар оның көлік бағыттарын әртараптандыруға, сауданы кеңейтуге және экономикалық орнықтылықты нығайтуға ықпал ететін сенімді әрі бәсекеге қабілетті бағыт ретінде одан әрі дамуын құптайды. Осыған байланысты Президенттер Қазақстанның, Германияның және Еуропалық Одақтың көлік инфрақұрылымын дамытуға және өзара байланысты нығайтуға бағытталған бастамаларын қуаттайды.
Тараптар цифрландыруды, жасанды интеллектіні, ғылыми зерттеулер мен ғарыш қызметін ынтымақтастықтың перспективті бағыттары ретінде қарастырады.
Президенттер жинақталған оң тәжірибеге сүйене отырып, ауыл шаруашылығы және азық-түлік саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың әлеуетін атап өтеді. Олар осы саладағы екіжақты және өңірлік жобаларды іске асыруға, сондай-ақ жеке бизнес бастамаларына үлкен мән береді.
Мемлекеттер басшылары денсаулық сақтау саласындағы, атап айтқанда медицина ғылымы саласындағы ынтымақтастықтың жанданғанын қанағаттанушылықпен атап өтіп, оны одан әрі кеңейтуді құптайды.
Климаттың өзгеруінің су ресурстарының қолжетімділігіне және экожүйелердің жай-күйіне елеулі әсерін ескере отырып, Президенттер су ресурстары, климат, қоршаған ортаны қорғау, биоәралуандықты сақтау және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану салаларындағы ынтымақтастыққа баса мән береді. Олар осы салалардағы өзара іс-қимылды екіжақты ынтымақтастықтың және Орталық Азия мен Германия арасындағы Стратегиялық өңірлік әріптестіктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырып, Германия Федералдық үкіметінің «Green Central Asia» бастамасының үлесін атап өтеді.
Трансшекаралық климат және экология проблемаларын шешуде өңірлік тәсілдің қажеттігін мойындай отырып, Президенттер Орталық Азия мемлекеттері мен Германия Сыртқы істер министрлерінің 2026 жылғы 11 ақпандағы Берлин декларациясында көзделген Германия мен Орталық Азия мемлекеттері арасында қоршаған орта және климат саласындағы әріптестік құру жөніндегі іс-қимылды қолдайды.
Президенттер Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрлігі мен герман «German Water Partnership» салалық қауымдастығы арасындағы ынтымақтастықты құптайды. Тараптар су саласындағы бірлескен жобаларға үлкен мән береді.
Президенттер мәдениет, жастар саясаты, спорт, ғылым және білім салаларындағы ынтымақтастықты тереңдетуді қолдайды. Олар ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланыстарды кеңейтуді, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруды, академиялық ұтқырлыққа жәрдемдесуді және жоғары білікті мамандар даярлауды құптайды. Алматыдағы Қазақстан-Неміс университетін одан әрі дамытуға, оның ішінде жаңа кампус құру мүмкіндігіне, Астанада Қазақстан-Германия мектебін құруға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастыққа ерекше мән беріледі. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның мектептері мен жоғары оқу орындарында неміс тілін оқыту мен үйренуді кеңейтуге мүдделіліктерін растайды.
Мемлекеттер басшылары орнықты даму, энергетика, цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері бойынша жас мамандар мен болашақ басшылардың диалог алаңы ретінде Қазақстан-Германия болашақ форумын құру бастамасын құптайды. Олар алғашқы форумды 2027 жылдың жазында Саар федералдық жерінде өткізуге және келесі форумды 2028 жылы Қазақстанда өткізу мүмкіндігіне қолдау білдіреді.
Президенттер екі елдің азаматтық қоғамдары арасындағы байланыстарды нығайтуды қолдап, Қазақстандағы неміс қауымының халықтарды жақындастырудағы және мәдени әрі азаматтар арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызды рөлін атап өтеді. Осы тұрғыда олар Қазақстан Республикасында тұратын Этникалық немістер мәселелері жөніндегі үкіметаралық комиссияның қызметін жоғары бағалайды.
Мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасы мен Еуропалық Одақ арасындағы визаларды беруді жеңілдету туралы келісім бойынша келіссөздердің табысты аяқталуын азаматтар арасындағы байланыстарды нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалап, Реадмиссия туралы келісімді іске асыру жөніндегі жұмысты құптайды.
Мемлекеттер басшылары Стратегиялық өңірлік әріптестіктің негізгі бағыттары, оның ішінде экономика мен энергетика, көлік және өңірлік ынтымақтастық, орнықтылық, климат пен қоршаған орта, сондай-ақ азаматтық қоғамдар арасындағы байланыстар бойынша қол жеткізілген табысты атап өтеді. Олар «Орталық Азия – Германия» форматын нақты нәтижелерге бағдарланған ұзақмерзімді ынтымақтастық платформасы ретінде одан әрі нығайтуға бейіл екендерін растайды.
Президенттер сондай-ақ сенімге негізделген саяси диалогты жалғастыру және ең алдымен сауда-экономика саласындағы, сондай-ақ ғылым, білім және мәдениет салаларындағы қатынастарды кеңейту арқылы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екенін атап өтеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді Мемлекет басшысы Германияға шақырғаны үшін Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтып, жоғары деңгейдегі қарқынды байланыс екіжақты әріптестіктің стратегиялық және жан-жақты сипат алғанын айқындайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Германия Қазақстанның Еуропадағы негізгі серіктесі екеніне назар аударды. Елдерімізді берік достық пен өзара сенім байланыстырады. Сондай-ақ ынтымақтастықты дамытуға мол әлеует бар.
– Бүгінде ауқымды бағытты қамтыған қарым-қатынасымыз сенімді түрде дамып келеді. Оған үкіметтеріміз бен екі ел іскерлік топтарының дәйекті байланысымен беки түскен жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сапарымның қарсаңында Берлинде Үкіметаралық жұмыс тобының отырысы мен Стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия іскерлік кеңесінің өтуі қос тараптың өзара тиімді серіктестікті жандандыруға ынталы екенін көрсетті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.
– 2025 жылы екіжақты тауар айналымы 4,5 миллиард долларға жетті. Биыл да оң қарқын сақталып отыр. Жыл басынан бергі 7 айда өзара сауданың көлемі 2,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда неміс капиталы бар 1400-ден астам компания тіркелген. Жиырма жыл ішінде Германиядан тартылған инвестицияның жалпы көлемі 8 миллиард долларды құрады. Германияның CLAAS Group, Rhenus Logistics, Siemens Energy, Linde секілді жетекші компанияларымен байланыс – ықпалдастығымыздың жарқын үлгісі, – деді Қазақстан Президенті.
Келіссөз барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту мәселесіне айрықша мән берілді. Атап айтқанда, мемлекеттер басшылары білім, медицина және мәдениет салаларындағы ықпалдастықты одан әрі жандандыруға бейіл екенін растады.
Қазақстан мен ГФР президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді Германия Федеративтік Республикасының Қорғаныс министрлігінде Берлинге ресми сапармен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франк-Вальтер Штайнмайер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды.
Салтанатты іс-шара аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары келіссөз жүргізу үшін Германия Федералдық Президентінің резиденциясына барды.
Қасым-Жомарт Тоқаев резиденциядағы Құрметті қонақтар кітабында естелік жазба қалдырды. Мемлекет басшысы Германияға сапармен келуге шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Франк-Вальтер Штайнмайерге алғыс айтты.
Қазақстан Президенті Германия еліміздің Еуропадағы басты стратегиялық серіктесі саналатынына, ал екіжақты ынтымақтастық өзара сенімге, құрметке және ортақ мүддеге негізделгеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы дипломатиялық қатынас орнағанына 35 жыл толатынын еске салды. Осынау кезеңде екі ел серіктестіктің барлық бағытында елеулі табысқа қол жеткізді.
Өз кезегінде Президент Франк-Вальтер Штайнмайер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана мен Берлин арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты кеңейтуге қосқан үлесін жоғары бағалайтынын жеткізді. Ол Қазақстан Президентінің бұл сапары екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін беріп, мүлдем жаңа деңгейге шығаратынына сенім білдірді.