Month: September 2026 (Page 22 of 28)

Ақмола облысында ұрлықтың алдын алу және қылмыстарды ашу бойынша жұмыс күшейтілді

Ақмола облысында ұрлықтың алдын алу және қылмыстарды ашу бойынша жұмыс күшейтілді

Өңірде бөтеннің мүлкін ұрлау және мал ұрлығы фактілерінің саны азайып келеді. Биылғы сегіз айда облыста 650-ге жуық ұрлық тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға төмен. Мал ұрлығының саны үштен бірге азайды. Бұл туралы брифингте Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Сағындық Жантемиров мәлімдеді.

Оның айтуынша, жұмыс Ішкі істер министрлігінің ұрлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы аясында жүргізіліп, профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешенін қамтиды.

«Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бөтеннің мүлкін ұрлау мен мал ұрлығына қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық, ұйымдастырушылық және практикалық шараларды тұрақты түрде қабылдап келеді», – деді Сағындық Жантемиров.

Ұрлықтың едәуір бөлігі адамдар көп жиналатын орындарда – көшелерде, кіреберістерде, дүкендерде, базарларда, кафелерде және басқа да қоғамдық орындарда жасалады. Полицияның мәліметінше, кей жағдайда қылмысқа азаматтардың өз мүлкіне ұқыпсыз қарауы себеп болады. Атап айтқанда, жеке заттарды қараусыз қалдыру ұрлық жасауға мүмкіндік береді.

Қылмыстың алдын алудың негізгі құралдарының бірі – бейнебақылау. Бүгінде облыста 74 мыңнан астам камера бар, оның шамамен 25 мыңы жедел басқару орталықтары мен полицияның кезекші бөлімдеріне қосылған. Жыл басынан бері олардың көмегімен 278 қылмыс, оның ішінде жүзден астам ұрлық ашылды.

Мал ұрлығының алдын алуға да ерекше назар аударылуда. Биылғы сегіз айда мұндай қылмыстардың саны 18-ден 12 фактіге дейін төмендеген. Сонымен қатар жыл басынан бері шамамен 300 бас ауыл шаруашылығы жануары ұрланған.

Малдарды сәйкестендірудің болмауы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ұрланған малдың шамамен 260 басы «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» базасында тіркелмеген. Бұл олардың тиесілігін анықтап, іздестіру жұмыстарын жүргізуді едәуір қиындатады.

Полиция мал ұрлығының тағы бір себебі ретінде бақылаусыз жайылымды атап отыр. Жыл басынан бері тіркелген барлық фактіде жануарлар еркін жайылымда болған.

«Бұл жағдай осындай қылмыстардың жасалуына себеп болатын негізгі факторлардың бірі», – деп атап өтті Криминалдық полиция басқармасының бастығы.

Полиция мал иелерін жануарларға тиісті бақылау жүргізіп, оларды уақтылы сәйкестендіруге шақырады. Сондай-ақ қараусыз жүрген мал мәселесіне де ерекше көңіл бөлу қажет. Өйткені бұл тек ұрлыққа емес, жол-көлік оқиғаларына, егістіктердің бүлінуіне және басқа да құқық бұзушылықтарға себеп болуы мүмкін.

ІІМ: Жыл басынан бері мал ұрлығына күдікті 460-қа жуық адам ұсталды

ІІМ: Жыл басынан бері мал ұрлығына күдікті 460-қа жуық адам ұсталды

Мал ұрлығына қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл жұмыс «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың мүлкін қорғауға, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жасалған қылмыс үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері мал ұрлығына қатысы бар 460-қа жуық адамды ұстады, олардың қатарында 107 қылмыстық топтың мүшелері бар. Заңды иелеріне үш мыңнан астам мал қайтарылды.

Мал ұрлығы ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Себебі көптеген отбасылар үшін мал шаруашылығы негізгі табыс көздерінің бірі саналады. Сондықтан мал ұрлығымен айналысатын қылмыстық топтардың әрекетін анықтауға және жолын кесуге ерекше көңіл бөлінеді.

Тамыз айында Батыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлері жылқы мен ірі қара малын бірнеше рет ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады. Олардың тоғыз қылмыстық эпизодқа қатысы бар екені анықталды. Нәтижесінде 15-тен астам мал ұрланған.

Тергеу нұсқасы бойынша күдіктілер еркін жайылымда жүрген малды ұрлап, оны шалғайдағы елді мекенге айдап әкеткен. Кейін малды сойып, етін одан әрі сату мақсатында Ақтөбе облысына жеткізген. Күдіктілер қамауға алынды.

ІІМ мал ұрлығының алдын алу тек полицияның жүйелі жұмысына ғана емес, мал иелерінің жауапкершілігіне де байланысты екенін атап өтеді. Ауыл тұрғындарына малды қараусыз қалдырмау, бақыланатын жайылым ұйымдастыру, GPS-трекерлерді пайдалану, малды дер кезінде таңбалау, чиптеу және мал басын есепке алу ұсынылады.

Мұндай шаралар мал ұрлығының алдын алуға, ал қылмыс жасалған жағдайда ұрланған малды іздестіру мен сәйкестендіру жұмыстарын едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді.

ІІМ мал ұрлығы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да еске салады. «Заң және тәртіп» қағидаты қылмыс жасаған әрбір адамның заң алдында жауап беруінің бұлтартпастығын көздейді. Өзгенің мүлкін ұрлауға қатысы бар тұлғалар анықталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Мал ұрлығының алдын алу, мал иелерінің жануарлардың сақталуына жауапкершілікпен қарауы, азаматтардың полициямен өзара іс-қимылы және заң бұзғандар үшін жауапкершіліктің бұлтартпастығы ауылдық жерлерде заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.

Полиция мал ұрлығының алдын алу және оны ашу, азаматтардың мүлкін қорғау және кінәлілерді заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.

Заң және тәртіп: жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің жолдағы қауіпсіздігі

Заң және тәртіп: жаяу жүргіншілер мен велосипедшілердің жолдағы қауіпсіздігі

Жол қауіпсіздігі – барлық жол қозғалысына қатысушылардың ортақ жауапкершілігі. Көлік жүргізушілері, жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер күн сайын бір жол кеңістігін пайдаланады. Сондықтан жол қозғалысы ережелерін сақтау – адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі.

Жолдағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру – «Заң және тәртіп» қағидатының маңызды бөлігі. Себебі тәртіп әр адамның өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауынан, белгіленген талаптарды сақтауынан және айналасындағылардың қауіпсіздігін құрметтеуінен басталады.

Жол қозғалысына қатысушылардың ішінде жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер ерекше назар аударуды қажет етеді. Олар жол-көлік оқиғасы болған жағдайда ең осал қатысушылардың қатарына жатады.

Жаяу жүргінші жолда мұқият болуы керек

Жаяу жүргіншілер жолды тек белгіленген жерлерден, яғни жаяу жүргіншілер өткелдері арқылы кесіп өткені дұрыс. Жолға шықпас бұрын тоқтап, жан-жағына қарап, жолдың қауіпсіз екеніне көз жеткізу қажет.

Көліктердің арасынан немесе көріністі шектейтін басқа да кедергілердің тасасынан жолға кенеттен шығу қауіпті.

Жолды кесіп өту кезінде ұялы телефонға алаңдау немесе құлаққап пайдалану да қауіпті жағдайға әкелуі мүмкін. Бір сәттік назарсыздық орны толмас салдарға себеп болуы ықтимал.

Қараңғы уақытта жаяу жүргіншілердің киімінде немесе сөмкесінде жарық шағылыстыратын элементтердің болғаны маңызды. Бұл жүргізушілерге адамды алыстан байқауға мүмкіндік береді.

Велосипед – жауапкершілікті талап ететін көлік құралы

Велосипедшілер де жол қозғалысының толыққанды қатысушылары және белгіленген Жол қозғалысы ережелерін сақтауға міндетті.

Жолға шығар алдында велосипедтің техникалық жағдайын, әсіресе тежегішін, дөңгелектерін және рөлін тексеру қажет. Қараңғы уақытта басқа жол қозғалысына қатысушыларға анық көріну де өте маңызды.

Велосипедшілер жаяу жүргіншілер өткелі арқылы жолды кесіп өткен кезде ерекше сақ болуы тиіс. Жолды велосипедпен жүріп өтуге болмайды. Өткелге келгенде велосипедтен түсіп, оны жанында жетектеп өту қажет. Мұндай жағдайда адам жаяу жүргінші ретінде жол қозғалысы ережелерін сақтайды.

Бұл талап ең алдымен қауіпсіздік үшін қажет. Велосипедтің жылдамдығы жаяу жүргіншіге қарағанда жоғары болғандықтан, жүргізуші өткелге кенеттен шыққан велосипедшіге дер кезінде әрекет етіп үлгермеуі мүмкін.

Құрмет пен жауапкершілік – жолдағы тәртіптің негізі

Жол қауіпсіздігі тек жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге ғана байланысты емес. Көлік жүргізушілері де жаяу жүргіншілер өткелдерінде, мектептер мен аулалардың маңында, саябақтарда және балалар көп жүретін жерлерде ерекше мұқият болуы тиіс.

Жол қозғалысы ережелерін сақтау – жай ғана талап емес. Бұл – өз өміріңе, жақындарыңа және айналаңдағы адамдарға деген жауапкершілік.

Күнделікті осындай қарапайым әрекеттерден «Заң және тәртіп» мәдениеті қалыптасады. Әрбір жол қозғалысына қатысушы белгіленген ережелерді сақтап, өзара құрмет танытып, жауапкершілікті сезінген жағдайда жолдарымыз қауіпсіз болады.

«Заң және тәртіп» әрқайсымыздан басталады. Ережені сақта – өмірді сақта!

Күмәнді жеткізу: алаяқтар сатып алушылар мен сатушыларды қалай алдайды

Күмәнді жеткізу: алаяқтар сатып алушылар мен сатушыларды қалай алдайды

Онлайн сауда мен жеткізу қызметтері күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналды. Осыны пайдаланатын алаяқтар өзін курьер, сатып алушы немесе жеткізу қызметінің өкілі ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін қолға түсіруге тырысады.

Олардың басты мақсаты – адамды асықтырып, ақпаратты тексермей әрекет етуге мәжбүрлеу.

«Жеткізуді растау үшін кодты айтыңыз»

Алаяқтар қоңырау шалып немесе хабарлама жіберіп, сіздің атыңызға сәлемдеме келгенін, жеткізу кешіккенін немесе оны растау қажет екенін айтуы мүмкін.

Одан кейін SMS арқылы келген кодты сұрайды.

Есте сақтаңыз: SMS-кодты ешкімге айтуға болмайды. Ол сәлемдемені растауға емес, банк қосымшасына немесе басқа аккаунттарға кіруге арналған болуы мүмкін.

Кей жағдайда алаяқтар «қайта жеткізу үшін» төлем жасауды ұсынып, сілтеме немесе QR-код жібереді. Мұндай сілтемелер жалған сайттарға апарып, банк картасының деректерін ұрлауға бағытталуы мүмкін.

Егер сіз шынымен тапсырыс күтсеңіз, оның мәртебесін тек ресми қосымша немесе сайт арқылы тексеріңіз.

Жалған «қауіпсіз жеткізу»

Алаяқтар хабарландыру сайттарында сатушыларды да алдайды.

Өзін сатып алушы ретінде таныстырған адам тауарды жеткізу арқылы алғысы келетінін айтып, сатушыға арнайы сілтеме жібереді. Онда «төлемді алу» немесе «жеткізуді рәсімдеу» үшін карта деректерін енгізу сұралады.

Сондай-ақ алаяқтар «комиссия», «сақтандыру» немесе басқа төлемді алдын ала төлеуді талап етуі мүмкін.

Нақты сатып алушы сізден ақша алу үшін комиссия төлеуді талап етпейді.

Сондықтан мәмілені ресми сауда алаңының ішіндегі төлем және жеткізу қызметтері арқылы ғана жүргізген дұрыс.

Қайтарылған тауардың орнына басқа зат

Алаяқтық сатушы тауарды жібергеннен кейін де болуы мүмкін.

Мысалы, сатып алушы смартфонды алып, кейін оны қайтарып жібереді. Бірақ сатушыға басқа, ақаулы немесе арзанырақ құрылғы келуі мүмкін.

Сондықтан қымбат тауарды жібермес бұрын оның:

сыртқы көрінісін;
жинақтамасын;
сериялық нөмірін;
қаптау процесін фото немесе бейнеге түсіріп алған жөн.

Қайтарылған тауарды алған кезде мәміленің аяқталғанын бірден растамаңыз. Алдымен тауарды мұқият тексеріңіз.

Алаяқтардан қалай қорғануға болады?

Қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:

SMS-кодтарды, парольдерді және PIN-кодтарды ешкімге бермеңіз;
жеткізу туралы ақпаратты тек ресми сайттар мен қосымшалар арқылы тексеріңіз;
күмәнді сілтемелер мен QR-кодтарға өтпеңіз;
сатып алу-сату мәмілесін ресми платформадан тыс жүргізбеңіз;
күтпеген «комиссиялар» мен «сақтандыру» төлемдерін жасамаңыз;
қымбат тауарларды жібермес бұрын фото және видеоға тіркеп алыңыз.

Ең бастысы: егер сізден SMS-кодты айту, белгісіз сілтемеге өту немесе шұғыл ақша төлеу сұралса – асықпаңыз. Ақпаратты өзіңіз ресми арналар арқылы тексеріңіз.

Дереккөз: Fingramota.kz

Алғашқы курс студенттеріне пайдалы ақпараттар берілді.

Алғашқы курс студенттеріне пайдалы ақпараттар берілді.

Оқу маусымы басталып, облыс орталығына өңірімізден және өзге өңірден студенттер оқуға түсіп жатыр. Жаңа оқу жылының басталуына орай оқу орындарында, соның ішінде Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және басқа да жоғары оқу орындарында бірінші курс студенттеріне арналған «Заң және тәртіп» қағидаты бойынша түсіндіру жұмыстары мен құқықтық кездесулер өткізу жоспарлануда.
Аталған шара Ақмола облысы полиция департаменті, Көкшетау қаласы полиция басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен, Көкшетау қаласы, Ш.Уәлиханов атындағы университетінің қабырғасында өткізілді.
«Заң және тәртіп» нарративінің мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін нығайту, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру, құқықтық теңдікті қамтамасыз ету және заң талаптарын сақтау норма болып табылатын тұрақты қоғам үшін жағдай жасау болып табылады.
Іс-шараға ювеналды полиция, жол патрульдік полициясы, киберқауіпсіздік және есірткіге қарсы бөлімінен полиция қызметкерлері спикер ретінде қатысып, жастарға қылмыс пен тәртіп бұзушылықтың алдын-алу шаралары бойынша мағлұматтармен бөлісті.
Шара барысында жастар арасындағы құқық бұзушылық пен заңға қайшы келетін әрекеттер жайлы тақырыптар қозғалып қана қоймай, олармен еркін форматта ашық диалог алаңы жүзеге асырылды.
«Есірткі қылмыстарына тарту тәсілдеріне ерекше назар аудару керек. Жасөспірімдерге «курьер болып жұмыс істе», «бір затты апарып бер», «ештеңе болмайды», «бәрі заңды» деген сияқты ұсыныстардың артында заңсыз әрекеттер пайда болып, жаза. Заң білместік – жазаланудан босатылмайды. Сол себептен, осы жерде айтылып жатқан барлық ақпараттарды мұқият тыңдап, достарыңызбен бөлісу абзал болады» – дейді Ақмола облысы ПД, есірткіге қарсы басқармасының жедел аға уәкілі, полиция подполковнигі Курсанова Разия Талғатқызы.
«Мемлекеттің дамуы үшін мызғымас тәртіп пен отаншылдық қажет. Қоғам тұрақтылығы мен бейбіт өмірдің кепілі – заңның үстемдігі мен тәртіптің сақталуынан бастау алады. Сол себептен бүгінгі өткізіп жатқан кездесудің жастармен жасөспірімдерге берері мол деп санаймын.
Алдағы уақытта өзге оқу орындарында аталмыш бағдарламамен кездесулер ұйымдастыру жоспары әзірленген» – дейді өз сөзінде облыстық ЖРО маманы Ақжайық Қоныс.
Шара соңында жастар сұрақтар қойып, сапалы әрі нақты жауаптарын алды.

Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы

2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім

2026 жылғы қаңтар-маусым айларындағы өндіріс әдісімен есептелген жалпы ішкі өнім
2026 жылғы қаңтар-маусым айларында өндірілген жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) көлемі, жедел деректер бойынша, 70 948 693,3 млн теңгені құрады.

Нақты мәнде ЖІӨ өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,1%-ға өсті.

Нақты мәнде ең жоғары өсім мына салаларда байқалды: құрылыс – 15,2%, өңдеу өнеркәсібі – 9,8%, көлік және қоймалау – 7,1%, көтерме және бөлшек сауда; автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеу – 5,7%, ауыл, орман және балық шаруашылығы – 4,4%.

2026 жылғы қаңтар–маусым айларында ЖІӨ-дегі тауарлар өндірісінің және қызметтер өндірісінің үлесі тиісінше 36,4% және 55,4% құрады. ЖІӨ өндірісіндегі негізгі үлесті өнеркәсіп – 28,6% құрады.

ЖІӨ өсіміне ең жоғары үлесті өңдеу өнеркәсібі – 1,25 пт, көтерме және бөлшек сауда – 0,93 пт және құрылыс – 0,79 пт қосты.

Жақын адамынан айырылу – кез келген отбасы үшін ауыр сынақ.

Жақын адамынан айырылу – кез келген отбасы үшін ауыр сынақ. Әсіресе қайтыс болған адам отбасының негізгі асыраушысы болып, отбасы табысының едәуір бөлігін қамтамасыз еткен жағдайда, оның салмағы одан әрі арта түседі. Осындай жағдайда отбасының өз күнкөрісін қамтамасыз ете алмайтын мүшелеріне мемлекет тарапынан асыраушысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлемдер қарастырылған.
Туа біткен мүгедектігі бар азаматтарға да жекелеген қолдау шаралары көрсетіледі. Атап айтқанда, оларға асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы мөлшерінде қосымша төлем белгіленеді. Бұл қосымша төлем кәмелет жасына толғанға дейін, ал оқуын жалғастырған жағдайда – оқу орнын аяқтағанға дейін, бірақ 23 жастан аспайтын мерзімге төленеді.
Белгіленген жасқа толғаннан немесе оқуын аяқтағаннан кейін аталған қосымша төлем заңнамаға сәйкес тоқтатылады. Алайда белгілі бір төлемнің тоқтатылуы мемлекеттік қолдаудың толық тоқтағанын білдірмейді.
Азаматтың жеке қажеттіліктеріне қарай заңнамада көзделген әлеуметтік қорғау шаралары одан әрі де көрсетіле береді. Олардың қатарында абилитациялау мен оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес ұсынылатын оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтері бар.
Тұрақты күтімді қажет ететін азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызметтер де көрсетіледі. Олар арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсынатын ұйымдарда да, үй жағдайында да көрсетілуі мүмкін.
Осылайша, әлеуметтік қорғау жүйесі азаматтың өмірлік жағдайын, денсаулық жағдайын және жеке қажеттіліктерін ескере отырып, қолдаудың түрлі тетіктерін қарастырады.
Төлемдерді ұсыну тәртібі және әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары туралы толығырақ бейнематериалдан көріңіз.

ℹ️ Әлеуметтік желілерде Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда

ℹ️ Әлеуметтік желілерде Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянның Қазақстанға қатысты мәлімдемелері туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таралуда.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде аталған дәйексөздің бұрмаланғаны анықталды. Никол Пашинян мұндай сөздер айтпаған.

Манипуляцияға Армения Үкіметі басшысының 3 қыркүйекте өткен брифингте журналистің сұрағына берген жауабы негіз болған. Ереванның шешімдеріне сыртқы ықпалдың болуы туралы болжамға түсініктеме бере отырып, Никол Пашинян: «Сіздердің алдарыңызда Армян КСР Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы тұрғандай әсер қалыптасады», – деп мәлімдеген.

Осылайша, оның сөзі Арменияның мемлекеттік шешімдерді өз бетінше қабылдау мәселесіне қатысты болған. Бұл контексте Қазақстан туралы ешқандай сөз айтылмаған.

Жалған ақпарат авторлары бастапқы жауаптағы жекелеген сөздерді өзгертіп, түпнұсқада болмаған сөз тіркестерін қосқан. Нәтижесінде мәлімдеменің бастапқы мәні өзгертіліп, ол Қазақстанға қарсы бағытталған пікір ретінде әдейі ұсынылған. Жауаптың түпнұсқалық мазмұны брифингтің бейнежазбасымен расталады. Толық жауап VERELQ жарияланымында берілген.

Мұндай манипуляциялар теріс көңіл күй қалыптастыруға және Қазақстан мен Армения халықтары арасында жасанды түрде түсініспеушілік тудыруға бағытталған.

⚠️ Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы әлеуметтік желі қолданушыларын тексерілмеген дәйексөздер мен жарияланымдарды таратпауға, ақпараттың бастапқы дереккөзіне, жарияланған күні мен мәнмәтініне назар аударуға шақырады. Сондай-ақ, бұған дейін жарияланған жалған жазбаларды өшіріп, тиісті теріске шығаруды жариялауды сұрайды.

Естеріңізге сала кетейік, жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 456-2-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған (250 АЕК-ке дейінгі айыппұл немесе заңда көзделген жағдайларда әкімшілік қамаққа алу).

Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе заңмен қорғалатын құқықтар мен мүдделерге елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін ҚР ҚК-нің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылық (7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру) қарастырылған.

Ақпараттық манипуляциялардың құралына айналмаңыз. Ақпаратты жарияламас және таратпас бұрын оның шынайылығын тексеріңіз.

🔵Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық басталды

🔵Қазақстанда Отбасы күніне арналған апталық басталды

📌Қазақстанда 7-13 қыркүйек аралығында өтетін Отбасы күніне арналған апталық басталды. Елімізде Отбасы күні дәстүрлі түрде қыркүйектің екінші жексенбісінде аталып өтеді.

Апта бойы еліміздің өңірлерінде отбасы құндылықтарын дәріптеуге, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар өтеді.

Апталықтың әр күні жеке тақырыпқа арналады. Бағдарлама ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі және ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі секілді маңызды тақырыптарды қамтиды.

Сондай-ақ әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі өтеді.

📍🦩🌊Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді

📍🦩🌊Қоқиқаздардың мекен ету ортасын сақтау үшін Қорғалжын қорығына 40 млн текше метр су жіберілді

«Қазсушар» РМК Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінің су теңгерімін сақтау және биологиялық әртүрлілікті қорғау мақсатында жыл сайын жүргізілетін табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жүргізді. Осы мақсатқа 40 млн текше метр су жіберілді. Жұмыстарға кәсіпорынның үш филиалы – «Қ. Сәтбаев атындағы канал» филиалы, сондай-ақ Қарағанды және Ақмола филиалдары қатысты.

Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесі Қорғалжын қорығының аумағында орналасқан және қоқиқаздар мен басқа да құстардың мекен ету ортасы.

Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл сайын Қазақстанның барлық аумағында табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарын жүргізеді. Су нысандарын сақтау және жергілікті экожүйелерді қолдау үшін миллиардтаған текше метр су бағытталады.

Табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстары кезінде «Қазсушар» РМК мамандары гидротораптар мен су қоймаларында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырады, судың өтуіне тұрақты мониторинг жүргізіп, бақылауды қамтамасыз етеді.

Еске сала кетейік, су нысандарының сарқылуының алдын алу мақсатында былтыр қабылданған Су кодексіне алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізілді. Бұл – өзендер, көлдер мен теңіздердің экожүйелерін сақтау үшін қажет судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі. Құжатта шағын өзендер мен көлдерді қорғауға қойылатын талаптар да кеңейтілді. Сонымен қатар сулы-батпақты алқаптар мен мұздықтарды қорғаудың ерекше режимі көзделген.

🗣️«Су нысандарын сарқылу мен ластанудан қорғау – шаруаларды суармалы сумен қамтамасыз етумен қатар, жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Министрлік экологияға зиян келтірмей, ауыл шаруашылығы алқаптарына судың тұрақты берілуін қамтамасыз ету үшін үлкен күш жұмсауда. Су үнемдеу технологиялары мен заманауи су есептеу құралдарын енгізу экономика мен қоршаған ортаның қажеттіліктері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, суды тиімді бөлуге мүмкіндік береді»,

  • деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑