Month: September 2026 (Page 23 of 28)

Макинскіде nomad álemi заманауи көшпенділер фестивалі өтті

Макинскіде nomad álemi заманауи көшпенділер фестивалі өтті
А. ж. 5 қыркүйекте Макинск қаласында food-холдинг aitas компаниясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған алғашқы nomad álemi фестивалі өтті. Бір күн ішінде фестиваль 6 мыңнан астам қонақты жинап, музыка, заманауи өнер, тарих, гастрономия, ұлттық ойындар, білім беру бағдарламасы және бүкіл отбасыға арналған түрлі белсенділікті бір алаңға тоғыстырды.
Макинск nomad álemi фестивалінің үлкен сапарының алғашқы нүктесіне айналды. Фестивальдің келесі кезеңдері 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде және 19 қыркүйекте Алматы қаласында өтеді.
Фестивальдің дәл Макинск қаласында басталуы aitas үшін кездейсоқ емес. Бұл – холдинг қызметінің негізгі өңірлерінің бірі. Мұнда aitas компаниясының ірі кәсіпорындарының бірі – Макинск құс фабрикасы жұмыс істейді.
Сондықтан компанияның 30 жылдығын жабық корпоративтік іс-шара ретінде емес, қызметкерлерге, олардың отбасыларына және өңір тұрғындарына арналған ауқымды фестиваль форматында атап өту туралы шешім қабылданды.
«Ашық фестиваль форматы бүгінде холдингте жүріп жатқан өзгерістердің табиғи жалғасы ретінде пайда болды. Біз үшін мерейтой – бүгінгі кім екенімізді, қалай ойлайтынымызды және әрекет ететінімізді көрсетуге, сондай-ақ жолымыз бір адамдарды бір үлкен шаңырақтың астына жинауға мүмкіндік.
Макинск – aitas жолының маңызды бөлігімен байланысты өңірлердің бірі. Мұнда біздің адамдарымыз еңбек етеді, өндіріс дамып, әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда. Сондықтан бұл мерекені қаламен бірге бөлісіп, адамдарды мәдениет, шығармашылық және ортақ болашақ төңірегінде біріктіретін кеңістік құрғымыз келді. Біздің түсінігіміздегі заманауи көшпенді философиясы – тамырыңды ұмытпай, алға жылжу және қай жерде жүрсең де, сол жерде жасампаздық таныту», – деді aitas холдингінің негізін қалаушысы, инвестор және кәсіпкер Серік Толықбаев.
nomad álemi фестивалінің негізінде көшпенділердің дүниетанымына деген заманауи көзқарас жатыр. Бұл – мұраның бүгінгі күні өнер мен музыкада, жерге және еңбекке деген қарым-қатынаста, қонақжайлықта, жаңашылдыққа ашықтықта және адамның өз бағытын сақтай отырып, алға ұмтылу қабілетінде қалай өмір сүріп, шабыт беріп келе жатқаны туралы әңгіме.
Фестиваль аумағы Білім, Болашақ, Дастархан, Өнер, Ойын, Рух және Шаңырақ атты тақырыптық кеңістіктерге бөлінді. Олардың әрқайсысы көшпенділердің мәдени кодын заманауи тұрғыдан танытты.
Әр адам жүріп өтетін жол
Фестивальдің ерекше бөліктерінің бірі – «Мүшел жолы» иммерсивті кеңістігі болды. Бұл – адамның өмір жолын мүшел жас ұғымы арқылы танытатын авторлық жоба.
Театрландырылған саяхат форматында қонақтар өмірдің түрлі кезеңдерінен – есейу, өзгеріс, таңдау және бір өмірлік кезеңнен екіншісіне өту сәттерінен өтті. Әр адам бұл бағытты өзінің жеке жолы ретінде сезініп, ата-баба даналығына үңіліп, жеке өмірлік тәжірибесіне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік алды.
Кеңістіктің негізінде адам өмірінің циклдік сипаты және ұрпақтан ұрпаққа берілетін білім туралы түсінік жатыр. Бейнелер, әрекет және ерекше атмосфера арқылы «Мүшел жолы» дәстүр туралы жай ғана білуге емес, оны сезінуге және өзіне жақын мағыналарды табуға мүмкіндік берді.
Осылайша фестивальдегі жол философиясы әр адамның жеке тарихына айналды.
Көшпенділер тарихынан болашақ туралы әңгімеге дейін
Фестивальдің негізгі алаңдарының бірі Білім кеңістігі болды. Мұнда күні бойы дәрістер, пікірталастар және зерттеушілермен, бизнес пен креативті индустрия өкілдерімен кездесулер өтті.
Әңгіме фестивальдің басты сауалынан басталды: заманауи көшпенді деген кім? Ол қандай?
Тарихшы-медиевист Айболат Көшкімбаев көшпенділер мен жаһандану туралы айтты. Журналист әрі петроглифтерді зерттеуші Юрий Дорохов сақталған мәдени кодтар арқылы туған жер тарихын қалай тануға болатынына тоқталды. Креативті индустрия өкілдері көшпенділік феноменіне және оның қазіргі мәдениеттегі көрінісіне қатысты өз көзқарастарымен бөлісті.
Бағдарламада сөз құдіреті, дәстүрлі музыкалық аспаптар, тамақтану мәдениеті және гастрономиялық мұра тақырыптары да қамтылды.
Сонымен қатар aitas компаниясының өз даму жолына да ерекше назар аударылды: өндірістік бизнестен ұлттық food-холдингке дейінгі өсуі, бизнес пен әлеуметтік қызметтің үйлесімі және компания үшін жол философиясының ең алдымен жасампаздықпен, жауапкершілікпен және даму мүмкіндіктерін көре білумен байланысы сөз болды.
Осылайша Білім кеңістігі тек өткен тарих туралы емес, мәдени мұраның қазіргі адам өміріндегі орны туралы да диалог алаңына айналды.
Дала өнеріне жаңа көзқарас
Өнер кеңістігі өнерді, қолөнерді және таныс мәдени бейнелерді жаңа қырынан біріктірді.
Галереяда қазақстандық суретшілер Дәурен Тасболатовтың, Шынар Қоғабайдың және Риза Есентаевтың жұмыстары ұсынылды. Әр суретші өзіндік көркем тіл арқылы мәдени мұра, дала және заманауи көшпендінің болмысы тақырыптарына назар аударды.
Мұнда арт-шеберхана жұмыс істеп, перформанстар мен тәжірибелік шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. Қонақтар шығармашылық үдерісті сырттай бақылап қана қоймай, оның бір бөлігіне айналды: әшекейлер мен аксессуарлар жасап, этникалық нақыштармен жұмыс істеп, дәстүрлі және заманауи техникалармен танысты.
Күннің басты оқиғаларының бірі nomad álemi фестивалінің үш символының алғашқысы – «Бұлан» ұжымдық арт-нысанының жасалуы болды.
Бұлан бейнесі аумақтың танымал символдарының бірі ретінде таңдалды. Нысанның негізін Астанадан келген суретшілер командасы дайындады, ал оны фестиваль қонақтары аяқтады: күні бойы олар конструкцияны жиналған пластик қақпақтармен толықтырды.
Арт-нысан жүздеген адамның бірлескен еңбегінің нәтижесіне айналып, үлкен өзгерістер әр адамның үлесінен құралады деген қарапайым ойды еске салды.
Фестивальден кейін «Бұлан» Макинск қаласында қалады.
Макинск nomad álemi фестивалінің үш арт-нысаннан тұратын сериясын бастады. 12 қыркүйекте Қасым Қайсенов кентінде «Марал», ал 19 қыркүйекте Алматыда «Тазы» арт-нысаны пайда болады.
Ұлттық ойындар мен тірі дәстүрлер
Ойын кеңістігінде мәдениетті тек тамашалап қана қоймай, оған тікелей қатысуға мүмкіндік болды.
Қонақтар арқан тарту мен асық атудан жарысып, садақ атып, басқа да дәстүрлі ойындармен танысты.
Бағдарламаның бір бөлігі ретінде тазы, бүркіт, түйе және жылқымен интерактивті бағдарламалар ұйымдастырылды. Бұл жануарлар ғасырлар бойы дала өмірінің ажырамас серігі болған.
Театрландырылған қойылымдар дәстүрді музейлік реконструкция ретінде емес, әлі де шабыттандырып, адамдарды біріктіретін тірі мәдениет ретінде көрсетуге мүмкіндік берді.
Даланың дәмі және бірге болу мәдениеті
Ең көп келуші жиналған алаңдардың бірі – Дастархан кеңістігі болды. Мұнда гастрономия көшпенділер мәдениетімен танысудың тағы бір тәсіліне айналды.
Ғалым-этнограф, «Қазақ асханасы. Дәмдер. Дәстүрлер» кітабының авторы Айгерім Мұсағажинова көшпенділер асханасы, тағамдар мен өнімдердің тарихы және олардың қазіргі гастрономиядағы орны туралы дәріс пен шеберлік сабағын өткізді.
Қонақтар көшпенділердің ұмыт қалған және көпшілікке таныс емес тағамдарын танып, дәстүрлі дәмдер мен рецептердің бүгінгі күні қалай жаңа сипат алып жатқанын білді. Күні бойы гастрономиялық бағдарламаны аспаздық шеберлік сабақтары толықтырды.
Бағдарламаның ерекше бөліктерінің бірі «Дастархан – Көрісу» әлеуметтік перформансы болды. Ортақ дастархан басында бұрын таныс емес адамдар бір-бірімен танысып, әңгімелесіп, дала мәдениетінде дастарханның неге тек ас ішетін орын ғана емес, кездесу, ашықтық және адамдар арасындағы байланыстың кеңістігі болғанын талқылады.
Болашақ балалар көзімен
Болашақ кеңістігі балалар мен болашаққа арналды.
Жас қонақтар өздерінің болашақ ауылын құрып, ғылыми шоуларға, шығармашылық және музыкалық шеберлік сабақтарына, ұлттық ойындарға, интерактивті қойылымдарға және «Алға дэнс» Silent Disco бағдарламасына қатысты.
Мамандықтар қалашығында балалар агроном, инженер, зертхана маманы, технолог және ветеринар рөлінде өздерін сынап көрді. Бұл – өндірістің, ауылдық аумақтардың және елдің азық-түлік саласының дамуына тікелей әсер ететін мамандықтар.
Жаңа даланың әуені
Рух сахнасында этникалық үн мен заманауи музыка тоғысты.
Фестиваль бағдарламасында Steppe Sons, Арқайым, Тенгри, Dudeontheguitar, Arshat, Nasia from Asia, Yenlik, Үркер және басқа да өнерпаздар өнер көрсетті.
Ұлттық аспаптар, заманауи музыка және сахналық коллаборациялар мәдени мұраның өз болмысын сақтай отырып, әртүрлі буын үшін өзекті әрі заманауи бола алатынын көрсетті.
Жанды музыка қонақтарды баурап, өзіне тартты. Музыканы тек тыңдап қана қоймай, жүрекпен сезінді. Дауыстар мен аспаптардың үні кеңістікті кернеп, сахна маңына адамдарды жинады және музыка ортақ сезімге айналатын ерекше атмосфера сыйлады.
aitas жолы: дәннен отбасылық дастарханға дейін
Фестивальде aitas холдингіне және компанияның дамуына үлес қосып жүрген адамдарға да ерекше назар аударылды.
aitas киіз үйінде қонақтар дәннен дайын өнімге дейінгі интерактивті жолдан өтіп, өнімнің жасалу кезеңдерімен және холдингтің даму тарихымен танысты.
Бұл сапардың соңғы нүктесі – дегустация болды. Макинскідегі nomad álemi қонақтары aitas компаниясының дүкен сөрелеріне шықпай тұрып-ақ жаңа өнімдерімен алғаш болып танысты. Бұл гастрономиялық саяхатқа шамамен 4 мың қонақ қатысты.
Қонақтардың талғамы мен отбасы дәстүрлерінің жалғасы ретінде «Халық рецептер кітабы» жасалды. Онда фестиваль қатысушылары холдинг өнімдерін пайдалана отырып дайындалатын отбасылық тағамдары мен сүйікті рецепттерімен бөлісті.
Компанияның 30 жылдығына орай қатысушылар aitas ұжымына өз тілектерін де қалдырды.
Осылайша компания тарихы өндірістік көрсеткіштер арқылы емес, әр адамға түсінікті жолмен баяндалды: жерден, дәннен және әр адамның үлесінен отбасылық дастархандағы өнімге дейінгі жол.
Макинск – ортақ жолдың бір бөлігі
Алғашқы nomad álemi фестивалі aitas үшін қызметкерлерді, олардың отбасыларын және компанияны ортақ тарих пен ортақ болашақ байланыстыратын өңір тұрғындарын бір алаңға біріктіруге мүмкіндік берді.

Қоқиқаздан халық өнеріне дейін: Қорғалжындағы Flamingo Fest немен таңғалдырады Қорғалжын ауданында өңір тұрғындары мен Астана және Қазақстанның басқа да қалаларынан келген қонақтарды жинаған екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтуде деп хабарлайды

Қоқиқаздан халық өнеріне дейін: Қорғалжындағы Flamingo Fest немен таңғалдырады Қорғалжын ауданында өңір тұрғындары мен Астана және Қазақстанның басқа да қалаларынан келген қонақтарды жинаған екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі өтуде, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Фестиваль Қорғалжын ауылының орталық алаңында ашылды. Салтанатты бағдарламаны Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі «Фламинго» хореографиялық қойылымымен бастады. Ашылу бағдарламасын Қорғалжын ауданынан келген «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.

Фестивальдің маңызы туралы айта келе, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев оның өткізілуі өңірдің табиғи және мәдени мұрасына назар аударуға ықпал ететінін атап өтті. Оның айтуынша, Қорғалжын өңірінің бірегей экожүйесін сақтау ерекше маңызға ие.

«Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы — әлемдегі қызғылт қоқиқаздардың ең солтүстік ұялайтын мекені ретінде ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік табиғи мұра тізіміне енген бірегей экожүйе. Осындай табиғи байлыққа ие болу — біз үшін үлкен мақтаныш. Оны сақтап, келер ұрпаққа аманат ету — әрқайсымыздың парызымыз», — деп атап өтті Досұлан Айтбаев.

Мұраны сақтау тақырыбын Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман жалғастырды. Ол мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға, тұрғындар мен қонақтарды туған өлкенің ерекшеліктерімен таныстыруға және оның туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретінін айтты.

«Бүгінгі салтанатты іс-шара — өңіріміздің табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, ұрпақтар сабақтастығы мен халық бірлігін нығайтатын игі бастама», — деп түсіндірді Ермек Нұғыман.

Оның айтуынша, жыл сайын мыңдаған қызғылт қоқиқаздың Қорғалжын өңіріне келуі әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар мен туристердің қызығушылығын арттырады. Сонымен бірге табиғи көрікті жерлерді тек туризмді дамытуға негіз болатын нысан ретінде ғана емес, сақталуы баршаға ортақ міндет болып табылатын мұра ретінде қарастырған маңызды.

Бұл идея Flamingo Fest бағдарламасында да жалғасын тапты. Қазірдің өзінде орталық алаңда көрме алаңдары жұмыс істеп тұр. Flamingo Art аясында облыстың әр ауданынан келген суретшілер өз туындыларын таныстырса, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қонақтарға қолөнер бұйымдарын ұсынып, көрме-жәрмеңке өткізуде.

Бағдарламаның жеке бөлігі қонақтарды табиғи көрікті жерлермен таныстыруға арналған. Фестиваль қатысушылары үшін қызғылт қоқиқаздар мекендейтін жерлерге экскурсия ұйымдастырылды. Гидтер мен мамандар қорық аумағының ерекшеліктері, оның табиғи маңызы және табиғатты қорғау аймағында өзін-өзі ұстау ережелері туралы әңгімелейді.

Күні бойы фестиваль бағдарламасы концерттік қойылымдармен жалғасады. Сахнада фольклорлық ұжымдар мен жас домбырашылар өнер көрсетеді. Сондай-ақ «Ұлы дала әуені» халық музыкасы фестивалі өтеді.

Еске сала кетейік, биылғы Flamingo Fest Қорғалжын ауданы үшін екінші рет ұйымдастырылып отыр. Фестиваль алғаш рет былтырғы жылы Бытығай тарихи кешені аумағында өткізілген болатын. Биыл негізгі іс-шаралар ауыл орталығына көшіріліп, фестиваль алаңы аудан тұрғындары мен қонақтары үшін барынша қолжетімді бола түсті.

Ақмола облысында екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі басталды

Ақмола облысында екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалі басталды

Бүгін Қорғалжын ауылына Ақмола облысының түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Астана мен көршілес өңірлерден келген қонақтарды жинады. Олар екінші мәдени-туристік Flamingo Fest фестивалінде бас қосты. Қатысушылар өлкенің мәдениетімен танысып, оның табиғи мұрасы туралы көбірек білуге және өңірдегі ең таңғажайып құстардың бірі – қызғылт қоқиқазды көруге жиналды.
Фестивальдің дәл осы жерде өтуі кездейсоқ емес. Қорғалжын өңірі ұлан-ғайыр даласымен және көптеген көлдерімен танымал. Дәл осы жерде әлемдегі қызғылт қоқиқаздардың ең солтүстіктегі ұялайтын мекені орналасқан. Бұл әсем құстар өңірдің символдарының біріне айналып, жыл сайын туристерді, фотографтар мен жабайы табиғат әуесқойларын қызықтырады.
Фестивальдің алғашқы шымылдығын өнерпаздар ашты. Мерекелік бағдарламаны Атбасар ауданынан келген «Молодость» халық ансамблі бастады. Ұжым құстардың жеңілдігі мен әсемдігін би арқылы жеткізген «Фламинго» хореографиялық қойылымын ұсынды. Музыкалық бағдарламаны Қорғалжын ауданының «Нұрлы саз» квартеті жалғастырды.
Алайда Flamingo Fest – тек өнерпаздардың өнерін тамашалау мүмкіндігі ғана емес. Қонақтар жергілікті шеберлердің өнері мен шығармашылығымен де танысады.
Бағдарламада Flamingo Art көрмесі ерекше орын алады. Ақмолалық суретшілер туған өлкені өз туындылары арқылы бейнелейді. Олардың жұмыстарында кең дала, көлдердің айнадай жарқыраған беті және көпшілікке таныс табиғат көріністері көрініс табады. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда қонақтар қолөнер бұйымдарын тамашалап, жергілікті шеберлердің шығармашылығымен таныса алады.
Одан кейін қонақтардың назары көпшілікті Қорғалжынға алып келген басты мақсатқа – қызғылт қоқиқаздарға ауады. Фестивальдің негізгі шараларының бірі – осы құстар мекендейтін жерлерге экскурсиялар. Қатысушыларға тәжірибелі гидтер мен қорық мамандары жетекшілік етеді. Сапар барысында олар жергілікті экожүйенің ерекшеліктері, қоқиқаздардың мекендейтін орындары және табиғи аумақта өзін ұстау ережелері туралы әңгімелейді.
Еске сала кетейік, Flamingo Fest алғаш рет өткен жылы Қорғалжын ауданында ұйымдастырылған болатын. Фестиваль идеясы мәдениет, экологиялық ағарту және туризмді дамыту бағыттарын бір арнаға тоғыстырды. Облыс тұрғындары мен қонақтарының қызығушылығы бұл форматтың сұранысқа ие екенін көрсетіп, биыл фестивальді қайта өткізу туралы шешім қабылданды.
Бүгінде Flamingo Fest Қорғалжын өңірін оның басты байлығы – табиғаты, мәдениеті мен дәстүрлері арқылы танытуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып келеді. Ал жыл сайын осы өңірге қайта оралатын қызғылт қоқиқаздар Ақмола облысының бұл бірегей өлкесінің басты символдарының бірі болып қала береді.
Фестиваль бағдарламасы кешке дейін жалғасады. Қонақтарды шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетуі, көрмелер, шеберлер жәрмеңкесі және Қорғалжын өңірінің мәдениеті мен табиғатымен жақынырақ танысуға мүмкіндік беретін экскурсиялар күтеді.

🇰🇿🌍 Қазақстанның экологиялық күн тәртібін қолдаудағы тағы бір маңызды қадамы!

🇰🇿🌍 Қазақстанның экологиялық күн тәртібін қолдаудағы тағы бір маңызды қадамы!

БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстан бастамасымен ұсынылған қарарды қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады. 🌱

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын 32 мемлекет қолдады.

🌿 Бұл күн табиғат пен планетаның болашағына ортақ жауапкершілігімізді тағы бір еске салсын!

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні»

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады.

Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірталастары барысында ұсынған болатын.

Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды.

Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі.

Ақмола облысында жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды

Ақмола облысында жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысы басталды

Бурабай ауданындағы Райгородок кен орнында Zijin RG Gold компаниясының жаңа алтын өндіру фабрикасының құрылысына орай естелік капсула салынды. Капсулаға болашақ ұрпаққа арналған жолдау салынып, оны 2076 жылы ашу жоспарланып отыр.

Жаңа фабриканың қуаты жылына 10 млн тонна кенді құрайды. Жоба іске асқаннан кейін кешеннің жалпы өңдеу қуаты жылына 16 млн тоннаға жетіп, алтын өндіру көлемі 12 тоннадан асады.

Жоба аясында өндірістік және көлік инфрақұрылымы дамып, заманауи автоматтандыру жүйелері енгізіледі. Өндірістің кеңеюі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті бизнес пен мамандар үшін қосымша мүмкіндіктер қалыптастырады.

Бүгінде Zijin RG Gold компаниясында 1,8 мыңнан астам адам еңбек етеді, олардың 51%-ы – Ақмола облысының тұрғындары.

Райгородоктағы жаңа жоба – өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, инвестиция тартуға және экономиканы әртараптандыруға бағытталған маңызды қадам.

Шортандыда «Таза мекен – таза сана» экологиялық акциясы өтті

Шортандыда «Таза мекен – таза сана» экологиялық акциясы өтті

Ақмола облысының Шортанды ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза мекен – таза сана» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараға 200-ден астам адам қатысып, елді мекеннің тазалығы мен абаттандырылуына өз үлестерін қосты.

Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ туған өлкені абаттандыруға және оның тазалығын сақтауға қоғамның белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

4 қыркүйек күні Шортанды кентінің орталық саябағында өткен акцияның ашылуына Шортанды ауданының әкімі Сағындық Шабаров қатысты. Іс-шара барысында «Жасыл ел» еңбек жасағының белсенді қатысушылары марапатталды.

Экологиялық акцияға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам өкілдері, жастар, еріктілер, мектеп мұғалімдері мен оқушылары, сондай-ақ «Жасыл ел» еңбек жасағының қатысушылары атсалысты.

Акцияның ашылуынан кейін қатысушылар орталық саябақтың аумағын және оған іргелес учаскелерді тазалап, тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сондай-ақ қоғамдық орындар ретке келтірілді.

Сол күні сағат 12:00-де Шортанды кентіндегі №2 мектепте экологиялық мәдениет пен жеке жауапкершілік мәселелеріне арналған «Тазалық – өзіңнен» атты экологиялық дәріс өтті. Жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Шолпан Ахметова және қазақ күресінен бапкер, «Дала қырандары» бастамашыл тобының үйлестірушісі Орал Айдын Ғабитұлы сөз сөйледі.

Кездесу барысында қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әр азаматтың тазалықты сақтаудағы жеке жауапкершілігі туралы айтылды.

«Таза Қазақстан – таза мекен – таза сана!» ұраны аясында өткен акция тұрғындарды туған өлкенің тазалығын сақтауға, елді мекендерді абаттандыруға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.

#ТазаҚазақстан #ЧистыйКазахстан #TazaQazaqstan #TazaChallenge

ҮШІНШІ КҮННІҢ НӘТИЖЕСІ: 12 АЛТЫН 7 КҮМІС 5 ҚОЛА

ҮШІНШІ КҮННІҢ НӘТИЖЕСІ: 12 АЛТЫН, 7 КҮМІС, 5 ҚОЛА

Әлемнің 113 елінен 3000 спортшы қатысып VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының додасы тартысты ойындармен, жарқын жеңістермен, жаңа рекордтармен толығуда. Қазақстан құрамасы ойындардың үшінші күнінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль жеңіп алды. 
Аударыспақтан (эр эңиш) 100 келі салмақта ел намысын қорғаған әлем чемпионы, осы ойындардың екі дүркін жеңімпазы Ізбасаров Сырым байырғы қырғызстандық қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, үшінші рет жеңіс тұғырына көтерілді. Аударыспақтың алтын салмағы 90 келіде ел үмітін ақтаған Өткелбай Дарын қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, алтын жүлде иегері атанды. Аса ауыр салмақта жарыс жолына шыққан Еркінұлы Нұржан қола жүлдені қанағат тұтты. 
Құсбегіліктен (куш салуу, далба, буркут) ел құрамасы сапында 9 спортшы келген болатын, соның төртеуі жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, «қаршыға» бойынша Жалғасұлы Серікболсын «Жебе» деген құсымен алтын, «бүркіт» бойынша Қошқаров Арман «Алғыр» атты қыранымен күміс, «ителгі» бойынша Бабажан Бақдәулет «Ұшқыр» атты құсымен күміс, «ителгі» бойынша Кенжетаев Ерлан «Ақбалық» атты құсымен қола медаль алды. 
Ойындар бағдарламасына көшпенді елдердің 14 түрлі күресі енсе, жарыстың үшінші күнінде отандастарымыз самбо мен қырғыз күресінен (кыргыз курөш) өнер көрсетті. Самбодан Сапар Болат (+98 келі) алтын, Нығметов Еркебұлан (79 келі) мен Бейсенбаев Жандос (64 келі) қола жүлдеге ие болды. Қырғыз күресінен ауыр салмақтағы балуанымыз Жұмағали Алмас (+100) ақтық сында қырғыз елінің спортшысына есе жіберді. 
Жанкүйерлердің ерекше ықыласына ие болған арқан тартыстан (аркан тартыш) құрама мүшелері бүгін де алтын жүлде олжалады. Кеше спортшыларымыз «8×8» бағдарламасы бойынша ақтық сында қырғыз елінен басым түсіп, алтын алса, бүгін «4×4» бағдарламасының ақтық сынында ирандық  спортшыларды жеңді. 
Сондай-ақ, қол күрестен (армрестлинг) ұлттық құрама мүшелері 7 алтын, 4 күміс, 1 қола алып, медальдар қоржынын толтырды. Білек күшін алтынға айырбастаған спортшылар: Айдархан Нұрдәулет (-90, оң қол, сол қол), Құттымұратов Медет (+90, оң қол, сол қол), Устинов Данил (-80, сол қол), Сыдыкжан Малена (+65 келі, оң қол, сол қол) (оң қолдан бөлек, сол қолдан бөлек медаль жиынтығы бар).
Ертең, 4 қыркүйекте, спортшыларымыз 21 спорт түрінен жарыс жолына шығады: көкпар, көкбөрі, аламан бәйге, құнан бәйге, жорға, ұшқыр бәйге, дөнен бәйге, қазақ күресі, гюлеш, гуштини милли гамарбанди, хапсағай, овари, мангала, тоғызқұмалақ, ат марафоны, ордо, жамбы ату, дәстүрлі садақ ату, арқан тартыс, стронгмэн, тазы жарысы  бойынша жарыстар өтеді.

🥇🇰🇿 ЕРНҰР СҮЛЕЙМЕН – ЧЕМПИОН!

🥇🇰🇿 ЕРНҰР СҮЛЕЙМЕН – ЧЕМПИОН!
VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қазақ күресінен 60 келі салмақта сынға түскен қазақстандық спортшы Ернұр Сүлеймен жеңімпаз атанып, алтын медаль иеленді! 🏆

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеді
2026 жылғы 2 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.

Апта ішінде пияз – 7,2%-ға, сәбіз – 4,6%-ға, картоп – 3,2%-ға, ақ қауданды қырыққабат – 3,1%-ға, алма – 1%-ға төмендеді.

Өңірлер бөлінісінде еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағалар деңгейі бір апта ішінде Жезқазғанда – 0,4%-ға, Қостанайда – 0,2%-ға, Ақтау мен Қарағандыда 0,1%-ға төмендеді.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы килограмына 166 теңгені құрады. Ең төмен баға Түркістан қаласында тіркеліп, килограмына 135 теңге деңгейінде тіркелді.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы килограмына 238 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – килограмына 155 теңге.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы килограмына 234 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодарда – 169 теңге және Қостанайда – 183 теңге деңгейінде қалыптасты.

Қызанақтың республика бойынша орташа бағасы килограмына 546 теңгені құрады. Ең қолжетімді баға Тараз қаласында тіркелді – килограмына 315 теңге.

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы килограмына 3 804 теңгені, тауық етінің бағасы 1 746 теңге деңгейінде тіркелді.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

*Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑