Month: September 2026 (Page 24 of 28)

Департаментке жүгінуден кейін тоңазытқыштың кепілдік қызметіне қатысты дау реттеліп тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды

Департаментке жүгінуден кейін тоңазытқыштың кепілдік қызметіне қатысты дау реттеліп, тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды

Күн сайын Көкшетау қаласының тұрғындары түрлі тауарлар сатып алып, әртүрлі қызметтерді пайдаланады: тұрмыстық техника сатып алады, сервистік орталықтарға жүгінеді, ұйымдармен келісімшарттар жасайды. Алайда кейде сатып алынған тауардың сапасы немесе көрсетілген қызмет күтілген нәтижеге сәйкес келмей жатады. Мұндай жағдайларда тұтынушы өз құқықтарын біліп, қайда және қалай көмек алуға болатынын түсінуі маңызды.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге және тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасындағы дауларды әділ шешуге бағытталған.
Ақмола облысында тұрғындардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Азаматтардың өтініштері мен мамандардың көмегінің арқасында көптеген даулы мәселелер сотқа дейінгі тәртіппен шешілуде. Жұмыс жүргізілген кезеңдердің бірінде өңір тұтынушыларына жалпы сомасы 53 млн теңге көлемінде қаражат қайтарылды. Бұл көрсеткіш азаматтардың құқықтарын қорғау тетігінің тиімділігін көрсетеді.
Нақты мысал: Көкшетау тұрғынына ақаулы тоңазытқыштың толық құны қайтарылды
Осындай мысалдардың бірі — Көкшетау қаласы тұрғынының өтініші. Азамат құны 199 990 теңге болатын тоңазытқыш сатып алған. Алайда сатып алғаннан кейін бірнеше ай өткен соң тұрмыстық техника істен шыққан. Кепілдік жөндеу жүргізілгеніне қарамастан, ақау қайта пайда болып, тауарды әрі қарай пайдалану мүмкін болмаған.
Тұтынушы өз құқықтарын қалпына келтіру мақсатында Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.
Департамент мамандары Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының нормаларын түсіндіріп, сатушыға қойылатын талаптарды ұсыну тәртібі және тауардан кемшілік анықталған жағдайда тұтынушының құқықтары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде дау реттеліп, сатушы тұтынушының талаптарын негізді деп таныды. Сатып алушыға сапасыз тауар үшін төленген қаражаттың толық сомасы — 199 990 теңге қайтарылды.
Бұл жағдай тұтынушының сапалы тауар талап етуге, ал заң талаптары бұзылған жағдайда тауарды жөндеуді, ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқығы бар екенін көрсетеді.
Тұтынушылардың құқықтарын бұзғаны үшін кәсіпкерлердің жауапкершілігі күшейтілуде
Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнама жетілдірілуде. Кәсіпкерлер сатып алушылардың заңды талаптарын орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылады.
2025 жылғы 15 наурыздан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң талаптарын бұзудың жекелеген түрлері бойынша ескерту орнына әкімшілік айыппұлдар қолданылуда. Атап айтқанда, тұтынушының өтінішін уақытылы қарамау, тауарды айырбастау немесе қайтару туралы заңды талаптарды орындаудан бас тарту сияқты жағдайлар үшін жауапкершілік қарастырылған.
Айыппұл мөлшері:
• жеке тұлғалар үшін — 5 АЕК;
• шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін — 10 АЕК;
• орта кәсіпкерлік субъектілері үшін — 15 АЕК;
• ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін — 25 АЕК.
Мұндай шаралар сатушылардың жауапкершілігін арттыруға және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға бағытталған.
Тұтынушылар өз құқықтарын қалай қорғай алады?
Мамандар Көкшетау тұрғындарына келесі қарапайым ережелерді сақтауды ұсынады:
• тауарды сатып алғанын растайтын чектерді, шарттарды, кепілдік талондарын және басқа да құжаттарды сақтау;
• тауарды сатып алу және қызмет көрсету талаптарын мұқият зерделеу;
• кемшілік анықталған жағдайда сатушыға немесе қызмет көрсетушіге жазбаша талап қою;
• ұйымдармен жүргізілген хат алмасуларды және жауаптарды сақтау;
• мәселені өз бетінше шешу мүмкін болмаған жағдайда тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгіну.
Заң тек азаматтардың қаржылық мүдделерін ғана емес, сонымен қатар олардың қауіпсіз, сапалы тауар алуға және тауар немесе қызмет туралы толық әрі нақты ақпарат алуға деген құқықтарын қорғайды.
Өз құқықтарын білу әділдікті қалпына келтіруге мүмкіндік береді
Көкшетау тұрғынының ақаулы тоңазытқыш үшін 199 990 теңгені қайтарып алуы — өз құқықтарын білу және уақтылы көмекке жүгіну арқылы тұтынушының мүддесін тиімді қорғауға болатынын көрсететін нақты мысал.
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау — тек заң талаптарының сақталуын бақылау ғана емес, сонымен қатар азаматтар мен бизнес арасындағы өзара сенімді қарым-қатынасты қалыптастыратын маңызды құрал.
Халықтың құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын, тауарлар мен қызметтер нарығындағы жауапкершілік те арта түседі.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінгеннен кейін кір жуғыш машинаны кепілдікпен қызмет көрсетуге қатысты дау оң шешімін тапты – тұтынушыға тауар жаңасына ауыстырылды

Департаментке жүгінгеннен кейін кір жуғыш машинаны кепілдікпен қызмет көрсетуге қатысты дау оң шешімін тапты – тұтынушыға тауар жаңасына ауыстырылды

2026 жылғы 14 шілдеде Ақмола облысының тұрғыны құны 219 990 теңге тұратын кір жуғыш машина сатып алды. Алғашқы кір жуудан кейін техника қосылмай қалды. Сатып алушы тауарды ауыстыруды немесе төленген ақшалай қаражатты қайтаруды талап етіп, дүкенге жүгінді, алайда бастапқыда бас тарту алды.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Сатушымен түсіндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін дау сотқа дейінгі тәртіппен реттелді: сатушы ақаулы кір жуғыш машинаны жаңасына ауыстырды, ал тұтынушының құқықтары толық қалпына келтірілді.
Егер тұтынушы ретінде сіздің құқықтарыңыз бұзылса, жүгінуді кейінге қалдырмаңыз. Кассалық чекті, кепілдік талонын және сатып алуды растайтын басқа да құжаттарды сақтаңыз.
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтардың өтініштерін қарайды, консультациялық көмек көрсетеді және өз құзыреті шегінде тұтынушылар мен сатушылар арасындағы дауларды реттеуге ықпал етеді.
Өз құқықтарыңызды қорғау — әрбір тұтынушының заңды құқығы!

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінгеннен кейін смартфонға кепілдік қызмет көрсетуге қатысты дау шешіліп тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды

Департаментке жүгінгеннен кейін смартфонға кепілдік қызмет көрсетуге қатысты дау шешіліп, тұтынушыға тауардың толық құны қайтарылды

Ақмола облысының тұрғыны 420 000 теңгеге смартфон сатып алған. Алайда бірнеше күн пайдаланғаннан кейін құрылғы өздігінен өшіп, заряд қабылдамай қалған.
Сатып алушы сатушыға ақшасын қайтару туралы талаппен жүгінген, алайда оның өтініші қанағаттандырылмаған. Осыдан кейін ол Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш жолдады.
Департамент мамандары тұтынушыға оның құқықтарын түсіндіріп, дауды сотқа дейінгі тәртіппен реттеуге жәрдем көрсетті. Нәтижесінде сатушы сатып алушының заңды талабын орындап, тауардың толық құны – 420 000 теңгені қайтарды.
Бұл жағдай тұтынушылардың құқықтары бұзылған кезде мәселені назардан тыс қалдырмау қажеттігін көрсетеді. Уәкілетті органға уақтылы жүгіну өз заңды мүдделеріңізді қорғауға және әділ шешімге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінгеннен кейін ас үй гарнитурына қатысты дау реттеліп тұтынушыға сапасыз элементтер қосымша ақысыз ауыстырылды

Департаментке жүгінгеннен кейін ас үй гарнитурына қатысты дау реттеліп, тұтынушыға сапасыз элементтер қосымша ақысыз ауыстырылды

2026 жылғы 12 маусымда азамат жиһаз дүкенінен құны 480 000 теңге болатын ас үй гарнитурын сатып алған.
Тауар жеткізіліп, орнатылғаннан кейін тұтынушы бірқатар кемшіліктерді анықтаған: жиһаздың алдыңғы беттерінде зақымдар болған, сондай-ақ кейбір жиһаз элементтері тапсырыс кезінде көрсетілген өлшемдерге сәйкес келмеген.
Сатып алушы анықталған кемшіліктерді жою туралы сатушыға талап қойған. Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінгеннен кейін азаматқа өз құқықтарын қорғау тәртібі бойынша консультациялық көмек көрсетілді.
Өтінішті қарау нәтижесінде сатушы тұтынушының талаптарын қанағаттандырып, 2026 жылғы 20 маусымда ас үй гарнитурының сапасыз элементтерін қосымша ақысыз ауыстырды.

Тұтынушыларға кеңес: тауарға тапсырыс беру кезінде шарт талаптарын мұқият тексеріңіз, төлемді растайтын құжаттарды және тауарды қабылдап алғаныңызды растайтын құжаттарды сақтаңыз.
Өз құқықтарыңызды білу даулы жағдайларды шешуге және өз мүдделеріңізді қорғауға көмектеседі.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінгеннен кейін қонақүйді брондаудан бас тартуға байланысты туындаған дау реттеліп тұтынушыға брондау құны толық көлемде қайтарылды

Департаментке жүгінгеннен кейін қонақүйді брондаудан бас тартуға байланысты туындаған дау реттеліп, тұтынушыға брондау құны толық көлемде қайтарылды

20 шілде күні Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне қонақүйдің брондалған нөмірі үшін төленген ақшаны қайтарудан бас тартуына байланысты облыс тұрғынынан шағым келіп түсті.
Өтініш берушінің айтуынша, ол алдын ала қонақүйден нөмірді брондап, тұру қызметі үшін 25 000 теңге төлеген. Алайда жеке жағдайларға байланысты сапарға шыға алмай, брондаудың күшін жоюға мәжбүр болған. Соған қарамастан, қонақүй әкімшілігі төленген қаражатты қайтарудан бас тартқан.
Өз құқықтарын қорғау мақсатында тұтынушы Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Департамент мамандары өтінішті қарап, тараптарға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, дауды реттеуге жәрдем көрсетті.
Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде мәселе тұтынушының пайдасына шешіліп, қонақүй өтініш берушіге брондау үшін төленген 25 000 теңгені толық көлемде қайтарды.
Ақмола облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті азаматтарға сатушылармен немесе қызмет көрсетушілермен дау туындаған жағдайда өздерінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін уәкілетті органға жүгінуге құқылы екенін еске салады. Уақытылы жүгіну дауды заң аясында тиімді шешуге және тұтынушылардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінгеннен кейін сынақ емтиханының күшін жоюға байланысты ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі дау реттеліп тұтынушыға қаражат толық көлемде қайтарылды

Департаментке жүгінгеннен кейін сынақ емтиханының күшін жоюға байланысты ақшалай қаражатты қайтару жөніндегі дау реттеліп, тұтынушыға қаражат толық көлемде қайтарылды

Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүргізу бойынша сынақ емтиханы үшін төленген ақшалай қаражатты қайтару мәселесі бойынша азаматшадан өтініш келіп түсті.
Өтініш иесінің айтуынша, ол жүргізу бойынша сынақ емтиханын тапсыруға өтінім беріп, көрсетілетін қызмет үшін 6 111 теңге көлемінде ақы төлеген. Кейіннен автокөліктің техникалық ақауына байланысты өтінімнің күші жойылған. Алайда төленген қаражат қайтарылмаған. Осыған байланысты өтініш иесі өтінімді қайта беру үшін қайтадан төлем жасау қажеттілігі туындағандықтан, төленген қаражатты қайтаруға жәрдем көрсетуді сұраған.
Өтінішті қарау барысында Департамент төленген ақшалай қаражаттың қайтарылуға жататынын анықтады. Өтініш иесіне ақшалай қаражатты қайтару тәртібі түсіндіріліп, сондай-ақ қайтаруды рәсімдеу үшін қай ұйымға жүгіну қажет екендігі туралы ақпарат берілді.
Өтінішті қарау нәтижесінде тұтынушының құқықтары қажетті түсіндірмелер беру арқылы қалпына келтірілді. Бұл өтініш иесіне төленген ақшалай қаражатты қайтару құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінуден кейін ұялы телефонды жөндеу қызметіне қатысты дау реттеліп тұтынушыға төленген қаражат қайтарылды

Департаментке жүгінуден кейін ұялы телефонды жөндеу қызметіне қатысты дау реттеліп, тұтынушыға төленген қаражат қайтарылды

Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген Көкшетау қаласының тұрғыны өз құқығын қорғап, сервис орталығымен туындаған дауды сотқа дейінгі тәртіппен шешті.
Азаматтың өтініш беруіне сапасыз көрсетілген қызмет себеп болған. Ол қаламыздағы сервис орталықтарының біріне ұялы телефонын жөндету, атап айтқанда дисплейін ауыстыру үшін жүгінген. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орындаушы көрсетілген қызметке кепілдік берген.
Алайда біраз уақыт өткен соң құрылғыда қайтадан ақау пайда болған. Тұтынушы сервис орталығына қайта хабарласып, анықталған кемшіліктерді жоюды немесе көрсетілген қызмет үшін төленген қаражатты қайтаруды талап еткен. Бірақ бастапқыда мәселе оң шешімін таппаған.
Осыған байланысты азамат өзінің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді.
Департамент мамандары тұтынушыға қажетті консультациялық және құқықтық көмек көрсетіп, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңының нормаларын, сондай-ақ қызмет көрсету кезінде кемшіліктер анықталған жағдайда тұтынушының орындаушыға қоятын талаптарын түсіндірді.
Жүргізілген жұмыстар мен құқықтық қолдау нәтижесінде дау сотқа дейінгі тәртіппен реттелді. Сервис орталығы тұтынушының талаптарын негізді деп танып, сапасыз көрсетілген қызмет үшін 24 500 теңге көлеміндегі қаражатты қайтарды.
Бұл жағдай тұтынушылардың өз құқықтарын білуі және уақтылы тиісті органдарға жүгінуі бұзылған құқықтарды қалпына келтіруге және даулы мәселелерді заң аясында тиімді шешуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрғындарға тауар сатып алу және қызмет алу кезінде төлемді растайтын құжаттарды, түбіртектерді, шарттарды, кепілдік міндеттемелерін және басқа да дәлелдерді сақтауды еске салады.
Қызмет көрсету барысында кемшіліктер анықталған жағдайда тұтынушы заңнамада көзделген тәртіппен орындаушыға талап қоюға құқылы.
Өз құқықтарын білу азаматтарға өз мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді, ал кәсіпкерлер үшін көрсетілетін қызмет сапасын арттырып, тұтынушылардың сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Департаментке жүгінуден кейін су жылытқыштың кепілдік қызметіне қатысты дау реттеліп тұтынушыға толық құны қайтарылды

Департаментке жүгінуден кейін су жылытқыштың кепілдік қызметіне қатысты дау реттеліп, тұтынушыға толық құны қайтарылды

Анықталғандай, 2025 жылғы 22 маусымда облыс тұрғыны Ozon интернет-платформасы арқылы Oasis VZ-80 маркалы электрлі жинақтаушы су жылытқышын 256 476 (екі жүз елу алты мың төрт жүз жетпіс алты) теңгеге сатып алған.
Тауарды пайдалану барысында ақау пайда болып, азаматтың айтуынша, құрылғыны электр желісіне қосқан кезде автоматты қорғаныс жүйесі іске қосылып, су жылытқышты әрі қарай пайдалануға мүмкіндік болмаған.
Сатушыға жүгінгеннен кейін тұтынушыға сервис орталығы туралы ақпарат берілген. 2026 жылғы 04 мамырдағы техникалық жағдай актісіне сәйкес сервис орталығы аталған жағдай кепілдікке жатпайды деген қорытынды жасаған.
Бұл қорытындымен келіспеген азамат 2026 жылғы 10 мамырда Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне шағымданып, ақаудың өндірістік сипатта болуы мүмкін екенін және тауардың ішкі багына өндіруші тарапынан кепілдік берілгенін көрсеткен.
Департамент өз құзыреті шегінде өтінішті қарау жұмыстарын жүргізіп, сондай-ақ субъектіге Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын сақтау қажеттілігі туралы тиісті түсіндірулер жолдады.
Нәтижесінде тараптар арасындағы дау сотқа дейінгі тәртіпте реттелді. Тұтынушыға 256 476 (екі жүз елу алты мың төрт жүз жетпіс алты) теңге көлеміндегі қаражат толық көлемде қайтарылды. Өтініш беруші тарапынан талап-шағымдар жоқ.
Ақмола облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыларға тауар сапасына немесе кепілдік қызмет көрсетуге байланысты даулы жағдайлар туындаған кезде өз құқықтарын заңнамада белгіленген тәртіппен қорғауға құқылы екенін еске салады.

Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігінің
Ақмола облысы бойынша
Сауда және тұтынушылардың
құқықтарын қорғау департаменті

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін жариялады

Қазақстанның бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Халықаралық планетаны көгалдандыру күнін жариялады Нью-Йорк, 2026 жылғы 31 тамыз – Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы Қазақстан Республикасының бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады.

Халықаралық күнді белгілеу туралы бастаманы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының жалпы пікірталастары барысында ұсынған болатын.

Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды. Бұл аталған бастаманың халықаралық қоғамдастық үшін сұранысқа ие әрі өзекті екенін көрсетеді.

Қарардың қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге және қоршаған ортаны қорғау, экожүйелерді қалпына келтіру, жасыл желектер аумағын кеңейту және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосып келе жатқан дәйекті үлесін көрсетеді.

Құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды тиісті іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған.

Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға, аумақтарды абаттандыруға және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі.

Қарардың қабылдануы Мемлекет басшысының тағы бір халықаралық бастамасының іс жүзінде жүзеге асырылуы болды және Қазақстанның орнықты даму мен болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған көпжақты ынтымақтастықты нығайту жөніндегі тәсілдерінің сұранысқа ие екенін растайды.

Ақмола облысында жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа тәртібі түсіндірілді

Ақмола облысында жалпыға бірдей декларациялаудың жаңа тәртібі түсіндірілді

Өңірде жалпыға бірдей декларациялау тәртібіне енгізілген өзгерістер түсіндірілді. Өткен жыл үшін декларацияны кімдер тапсыруға міндетті, қандай мерзімдер белгіленген және талаптарды бұзған жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылғаны туралы РСК брифингінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бөлімінің басшысы Нұрлан Махамбет айтып берді.

Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау жүйесі 2021 жылдан бастап кезең-кезеңімен енгізілуде. Бұл ретте 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төртінші кезеңге жататын азаматтар үшін декларация тапсыру міндеті жойылды. Олардың қатарында зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер және жеке сектор қызметкерлері бар. Шетелде мүлкі және жекелеген активтері бар тұлғалар бұған кірмейді.

«Жалпыға бірдей декларациялау – азаматтардың табыстары мен мүлкін декларацияларды мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну арқылы бақылау тетігі», – деді Нұрлан Махамбет.

Биыл 2025 жыл үшін 270.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары, банктердің, бағалы қағаздар нарығының және сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары, квазимемлекеттік сектор ұйымдарының 10 пайыздан астам қатысу үлесіне ие басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар тапсыруы тиіс.

Сонымен қатар декларацияны өз бетінше салық салуға жататын кірістер алған, шетелдік және цифрлық активтері, сондай-ақ шетелдік банктердегі шоттарында жиынтығы 1000 АЕК-тен асатын қаражаты бар азаматтар тапсыруға міндетті. Тағы бір негіз – есепті кезеңде жалпы құны 20 000 АЕК-тен асатын мүлікті сатып алу.

«Кірістер мен мүлік туралы декларацияда Қазақстанда және шетелде орналасқан кірістер мен мүлік, өз бетінше салық салуға жататын кірістер, сондай-ақ мүлікті сатып алу, иеліктен шығару және өтеусіз алу, шығыстарды жабу көздері туралы мәліметтер көрсетіледі», – деп түсіндірді спикер.

Бұдан бөлек, 250.00 нысаны – активтер мен міндеттемелер туралы декларация қолданылады. Оны, атап айтқанда, шетелде мүліктің белгілі бір түрлері бар кәмелетке толған Қазақстан Республикасының резидент азаматтары тапсырады.

250.00 нысанын міндеттеме туындаған жылы 15 қыркүйектен кешіктірмей тапсыру қажет. 2025 жыл үшін 270.00 нысанындағы декларация 2026 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірмей тұрғылықты жері бойынша ұсынылуы тиіс.

Декларацияны алғаш рет тапсырмаған жағдайда ескерту жасалады, ал талапты қайталап бұзған кезде 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Толық емес немесе анық емес мәліметтерді қайталап ұсынғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған. Шетелдегі мүлікті немесе шетелдік банктердегі шоттардағы қаражатты декларацияда көрсетпеу арқылы жасыру 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Нұрлан Махамбеттің айтуынша, жүйенің басты міндеті – азаматтардың кірістері мен мүлкінің ашықтығын қамтамасыз ету және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑