Қазақы тазы мен төбет күні – ұлттық ит тұқымдарының тарихы мен ерекшелігін дәріптеуге арналған күн.
Тазы – жүйріктігімен, төбет – күші мен қырағылығымен танылған. Бұл тұқымдар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен ғасырлар бойы бірге қалыптасып, ұлттық мәдениеттің бір бөлігіне айналды.
Ақмола облысында жеті айдың қорытындысы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өңірде бірқатар инфекциялық аурулардың таралуы төмендеген, соның ішінде қызылша бойынша көрсеткіш азайған. Алайда балалар арасында көкжөтел жағдайларының өсуі вакцинацияның уақтылы жүргізілуі әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Вакцинамен басқарылатын инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай және иммундаудың тиімділігі туралы брифингте Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы, облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов айтып берді.
Жеті айда облыста полиомиелит, сіреспе, дифтерия, гемофильді инфекция және қызамық жағдайлары тіркелмеген. Сонымен қатар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда қызылшамен сырқаттану шамамен 20%-ға, желшешекпен — үштен бірге жуық, А вирустық гепатитімен сырқаттану 40%-ға төмендеген.
Серік Омархановтың айтуынша, мұндай динамика көп жағдайда ұзақ жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан иммунопрофилактиканың нәтижесі.
«Көптеген қауіпті инфекциялардың болмауы — кездейсоқтық емес және олардың біржола жойылғанын білдірмейді. Бұл — көп жылдық иммунопрофилактиканың нәтижесі», — деп атап өтті облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Вакцинацияның тиімділігін В вирустық гепатитіне қатысты көрсеткіштерден анық көруге болады. Егер 1998 жылы аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 29 жағдайға жуық болса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 0,09 жағдайға дейін төмендеген. Яғни аурушаңдық 300 еседен астам азайған.
Сонымен қатар қызылша халық арасында әлі де таралуда. Жеті айда 181 жағдай тіркелсе, өткен жылдың осы кезеңінде 225 жағдай болған. Осылайша аурушаңдық шамамен 20%-ға төмендеген. Науқастардың жартысына жуығы — 19 жастан асқан ересектер, үштен біріне жуығы — жасөспірімдер. Науқастардың жартысынан көбінің вакцинация мәртебесі белгісіз болған. Ал вакцина алмағандардың арасында профилактикалық екпеден бас тарту негізгі себептердің бірі болған.
Қызылшаға қарағанда көкжөтел бойынша кері динамика байқалады. Жыл басынан бері облыста 11 жағдай тіркелген, ал 2025 жылдың сәйкес кезеңінде 7 жағдай болған.
Ауырғандардың 90%-дан астамы — бес жасқа дейінгі балалар. Олардың шамамен 40%-ы — бір жасқа толмаған сәбилер.
Мамандарды балалардың вакцинация мәртебесі де алаңдатады. Көкжөтелмен ауырған балалардың 80%-дан астамы ата-аналарының бас тартуына байланысты вакцина алмаған. Сонымен қатар науқастардың 90%-дан астамы мектепке дейінгі ұйымдарға бармаған.
«Инфекция отбасында да, күнделікті қарым-қатынас кезінде де жұғады. Сондықтан қауіп тек балабақшаға немесе мектепке барумен байланысты деп санау қате», — деді спикер.
Қызылша мен көкжөтел жағдайлары анықталған кезде мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп, байланыста болған адамдардың шеңберін анықтайды, вакцинация мәртебесін тексереді және қажет болған жағдайда қызылшаға қарсы шұғыл иммундауды ұйымдастырады.
Мамандардың айтуынша, вакцинацияның арқасында қол жеткізілген аурушаңдықтың төмен деңгейін инфекциялардан біржола құтылу деп қабылдауға болмайды. Екпе алумен қамтудың төмендеуі иммундық қорғанысы жоқ адамдардың санын арттырып, жаңа ошақтардың пайда болу қаупін күшейтеді.
«Вакцинация — бұл тек жеке қорғаныс емес, сонымен қатар әр адамның отбасының, балалар ұжымының және тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қосқан үлесі», — деп атап өтті Серік Омарханов.
Орталық коммуникациялар қызметінің Жалған ақпаратқа қарсы іс-қимыл орталығы 2026 жылдың тамыз айында теріске шығарылған жалған ақпараттарға шолу дайындады. https://t.me/JAQortcomkz/272
Құрылтай депутаты Айдос Сарым астарға немесе жиын-тойға кешігіп келгенде, жұрттың бәрін аралап, жеке-жеке амандасу мәдениетін сөз қылды. Ол мұндай әдетті заңмен емес, қоғамдық ұят пен ортаның әдебі арқылы реттеу керек екенін айтады. Кешіккен адам жұрттың мазасын алмай, алыстан жалпы амандасып, өз орнына тыныш отыруы тиіс. Ал жақын араласатын немесе құрметті адамдармен жиын үзілісінде немесе тарағанда жеке амандасқан жөн.
Құрылтай депутаты Айдос Сарым қоғамдық және жеке психологиядағы «виктимизация» феноменіне тоқталды. Оның айтуынша, басынан қиындық немесе қиянат өткерген адам өзін үнемі кінәлап, барлық энергиясын кек алуға немесе қорғануға жұмсап, өзін-өзі әлсіретуі мүмкін. Салыстырмалы түрде, ажырасқан отбасыда өскен балалардың бұл жағдайды қайталауға бейім болатыны сияқты, кейбір ұлттар да өз тарихындағы қиындықтарды идеяға айналдырып, айналасының бәрін жау көре бастайды. Өзін тек құрбан санайтын, мұңды әрі қорғаныс позициясындағы психологиямен елдегі үлкен реформаларды, экономикалық мақсаттар мен цифрлы мемлекет құруды жүзеге асыру мүмкін емес. Президенттің көздеген басты идеясы – осы ішкі психологиялық кедергіні еңсеріп, даму жолына түсу.
Құрылтай депутаты Айдос Сарым тарихты, оның ішінде қасіретті беттерін, кек алу немесе өкпе-ренішті сақтап қалу үшін емес, одан сабақ алып, өткен қателіктерді қайталамау үшін зерттеу қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, үнемі жеңілістер мен қайғылы оқиғаларға басымдық беру қоғамда құрбан психологиясын қалыптастырып, өз күшіне деген сенімсіздікке әкеледі. Сондықтан жастарды қазақ халқының жасампаз, өзге ұлттармен бәсекеге қабілетті ұлт екеніне сеніммен тәрбиелеу маңызды. Сондай-ақ тарих пен әдебиетке деген көзқарасты қайта қарап, кеңестік кезеңнен қалған өзімізді төмендететін стереотиптерден арылу қажет. Негізгі ойы – тарих қоғамның өткенге байланып қалуына емес, одан сабақ алып, болашаққа сеніммен қадам басуына қызмет етуі керек.
⭐️Атом саласы — бұл тек технология мен энергия емес. Бұл — білім, идея және болашаққа деген ұмтылыс.
Бүгінгі кейіпкеріміз — «ҚАЭС» ЖШС энергетика тобының жетекші инженері Асет Торғаев.
Асет Томск политехникалық университетін «Физикалық қондырғылар электроникасы және автоматикасы» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2006 жылы Калинин АЭС-інде бастап, автоматика және өлшеу құралдарына қызмет көрсету жөніндегі электр слесарінен I санатты инженерге дейінгі кәсіби жолдан өтті. Сондай-ақ Калинин АЭС-інің 4-энергоблогын салу жұмыстарына белсенді қатысты.
Қазақстанға оралғаннан кейін Өскемен ЖЭО-да еңбек жолын жалғастырды. Ал 2023 жылдан бері Асет Торғаев «ҚАЭС» ЖШС-де қызмет атқарып келеді.
Атом энергетикасындағы тәжірибесі мол маманның кәсіби жолы — «Атом маманы» рубрикасында.
Тарихи сана мен білім – қоғамдық жауапкершіліктің негізі
Қоғамдағы масылдық психологиядан арылып, «Мемлекет маған не береді?» емес, «Мен мемлекетке не бере аламын?» деген ұстанымды қалыптастыруда тарихи сана мен білімнің маңызы зор.
Тарихшы Еркін Әбілдің сөзінше, ел басынан ауыр кезеңдер өткенде де қазақ қоғамы рухани бағытынан жаңылған жоқ. «Зар заман» кезеңінен кейін Абайдың ғылым мен білімге үндеген ойлары жаңа жол көрсетті. Бүгінде де осы құндылықтар қоғамның дамуына негіз болуы тиіс.
Ал білім сарапшысы Нұрбек Ерікұлы Қазақстандағы жалпы орта білімнің 100 пайызы тегін әрі міндетті екенін атап өтті. Оның пікірінше, сапалы білімге қолжетімділік – азаматтың өз мүмкіндігін арттырып, қоғамға пайда әкелуіне жол ашатын маңызды фактор.
Қоғам қайраткері, тарихшы, профессор Еркін Әбілдің айтуынша, жасампаз қоғам қалыптастыру үшін жастарға ең алдымен адал еңбек құндылығын сіңіру қажет. Байлыққа ұмтылу қалыпты құбылыс, бірақ ол тек адал еңбекпен келуі тиіс.
«Балаларға адал еңбектің мағынасын қайта түсіндіруіміз керек. Байлық – жақсы нәрсе, бірақ ол тек адал еңбекпен табылған байлық болуы тиіс. Мен үшін бірінші орында – адал еңбек, екінші орында – білім. Қай салада жүрсең де, кәсіби білімді болу маңызды», – деді ол.
Бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді – Тоқаев Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы айтты
Қазақстан Қытаймен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға дайын – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек, 1 қыркүйек, Синьхуа Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас қазіргі таңда бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті дәйекті түрде нығайтуға, оны жаңа мазмұнмен толықтырып, ынтымақтастыққа жаңа жол ашуға әзір. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Синьхуа агенттігіне берген жазбаша сұхбатында осылай деді. Президент Қытай мен Қазақстанды ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын атап өтті. «Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», – деді ол. «Стратегиялық серіктестігіміздің шын мәнінде жан-жақты сипат алғанын ерекше атап өткім келеді. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, цифрландыру, медицина, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр», – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты сауда жаңа рекордтық көрсеткішке жеткеніне тоқталды. Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орында тұр. Тағы бір стратегиялық бағыт – көлік және логистика. Қазақстан – Шығыс пен Батысты тоғыстырып жатқан өңір. «Қытайлық серіктестерімізбен бірге осы географиялық артықшылықты Еуразия ауқымындағы заманауи көлік-логистика инфрақұрылымына айналдырып келеміз», – деді ол. – «Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын ілгерілету, жаңа теміржол желілерін салу, құрғақ порттар мен логистикалық терминалдарды кеңейту, шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту Азия мен Еуропа арасындағы көлік байланыстарының мүлде жаңа жүйесін қалыптастырып келеді». Қазақстан басшысының айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын, яғни, бүгінде Қытай мен Еуропа арасындағы көлік қатынасының аса маңызды буынына айналып келе жатқан Орта дәлізді дамыту – ынтымақтастық аясындағы басымдықтардың бірі. «Ортақ міндетіміз – осы бағыттың бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыру. Сондықтан «ақылды кеден» жүйесін енгізуге, құжат айналымын цифрландыруға, ақпараттық жүйелерді өзара үйлестіру мен шекаралық рәсімдерді автоматтандыруға айрықша мән береміз», – деді Мемлекет басшысы. «Қазақстан мен Қытай арасында ықпалдастықтың жаңа белесі басталды. Бүгінде ынтымақтастық нақты сектордағы дәстүрлі бағыттардан бастап, цифрлық экономика саласындағы серіктестікке дейінгі кең ауқымды қамтиды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 2026 жыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. «Жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысу үшін Шанхайға барған сапарымда Қытайдың жетекші технологиялық компанияларының басшыларымен мазмұнды кездесулер өткіздім. Цифрлық экономика, зияткерлік өндіріс, электрондық коммерция, ғылыми зерттеулер және кадр даярлау салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қос тарап та мүдделі. Дәл осы технологиялық ынтымақтастық қазақ-қытай қарым-қатынасының жаңа кезеңіндегі маңызды бағыттардың біріне айналуы мүмкін», – деді ол. Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект бүкіл адамзаттың игілігіне қызмет етуге тиіс екенін атап өтті. Мемлекет заманауи технологияларға, білім мен есептеу ресурстарына әділ қол жеткізуі қажет. «Бұл мәселеде біздің ұстанымымыз Қытайдың көзқарасымен үндеседі. Биыл шілде айында Шанхайда Қазақстан Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді халықаралық жүйе қалыптастыру жолындағы маңызды қадам», – деді ол. Қазақстан мен Қытай халықаралық аренада да белсенді әрі қарқынды ықпалдастық орнатып отыр. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық рөлін нығайту, халықаралық құқық қағидаттарын қорғау, медиация мен шынайы көпжақтылықты ілгерілету, сондай-ақ қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеу мәселелері бойынша ұқсас ұстанымдарды басшылыққа аламыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Қазақстанның «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанатынын және мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатының бұзылуына қарсы екенін атап өтті. Қазақстан БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында Қытаймен өзара үйлесімді жұмысты жалғастырады. Сондай-ақ «Орталық Азия – Қытай» форматындағы ынтымақтастықты толық қолдайды. Президент биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылғанына 25 жыл толғанына назар аударды. Оның пайымдауынша, Ұйым ең басты құндылығы – өзара сенімге, тең құқық пен диалогқа, мәдени әралуандықты құрметтеуге және бірлескен дамуға ұмтылатын «Шанхай рухын» сақтап қалды. Қазақстан Президенті бұл қағидаттарды халықаралық ынтымақтастықтың өзіндік «стандарты» ретінде бағалайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толатынына тоқталды. Бұл ретте саяси және экономикалық байланыстармен қатар, екі ел азаматтары арасындағы тікелей қарым-қатынастар да белсенді дамып келеді. 2026 жылы Қазақстан мен Қытайдың «Мәдениет жылын» өткізуі осы үрдістің жарқын дәлелі болды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Сонымен қатар Қазақстан университеттерін таңдайтын Қытай азаматтарының саны да артып келеді. Қазақстанда Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары, «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп жатыр. Академиялық ұтқырлық, сондай-ақ, жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастық бағдарламалары да кеңейе түсуде. Өзара визасыз режимнің енгізілуі туризм саласының дамуына айтарлықтай серпін берді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жетті. Бұл 2024 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 47 пайызға көп. «Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Заманауи елордамыз бен көне Түркістанды, Алматының асқарлары мен Маңғыстаудың бірегей бедерін, Ұлы дала мен Ұлы Жібек жолының мұрасын, музыкамызды, ұлттық дәм мен аспаптарымызды, қонақжай қалпымызды көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар Қазақстан да ежелгі өркениет елі әрі бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп сөзін түйіндеді Президент.