Month: September 2026 (Page 4 of 28)

«Құқықтық дәріхана»: заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы

«Құқықтық дәріхана»: заңды білу – өз құқығыңды қорғаудың алғашқы қадамы

Ақмола облысында пробациялық бақылауда тұрған азаматтарға құқықтық және әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» профилактикалық акциясы өтті.

Іс-шараны облыс прокуратурасы мемлекеттік органдардың, «Отбасы банк» АҚ өкілдері, адвокаттар, нотариустар және заң консультанттарымен бірлесіп ұйымдастырды. Акция барысында 100-ден астам азамат мамандардан жеке кеңес алды.

Қатысушыларды негізінен жұмысқа орналасу, әлеуметтік төлемдерді алу, құжаттарды қалпына келтіру, тұрғын үй мәселелері және өзге де құқықтық сұрақтар қызықтырды. Әр азаматтың мәселесі жеке қаралып, оны шешу жолдары түсіндірілді.

Пробациялық бақылауда тұрған адам үшін мұндай көмек маңызды. Себебі қоғамға қайта бейімделу тек бақылаумен шектелмейді. Тұрақты жұмыс табу, қажетті құжаттарды ретке келтіру, әлеуметтік қолдауға қол жеткізу және өз құқықтарын білу адамның қалыпты өмірге оралуына ықпал етеді.

«Құқықтық дәріхананың» ерекшелігі де осында. Азамат бірнеше мекемеге жүгірмей, бір жерде әр сала мамандарынан кеңес ала алды. Қандай құжат қажет, қайда жүгіну керек, заң бойынша қандай мүмкіндік бар – осының бәрі түсіндірілді.

Мұндай жұмыстар «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда маңызды. Заң мен тәртіп дегеніміз – құқық бұзушылыққа жауапкершілікпен қатар, оның алдын алу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру және қиын жағдайға тап болған адамға заң аясында көмек көрсету.

Уақытылы берілген кеңес кей жағдайда мәселенің күрделенуіне жол бермейді. Ал өз құқығы мен міндетін білетін азамат заңды жолмен әрекет етуге мүмкіндік алады.

«Құқықтық дәріхана» акциясы осы бағыттағы профилактикалық жұмыстың бір көрінісі болды. Мұндай кездесулер пробациялық бақылаудағы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне, әлеуметтік мәселелерін шешуіне және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

ВАНДАЛИЗМ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЗИЯН

ВАНДАЛИЗМ – ҚОҒАМҒА ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА ЗИЯН

Қоғамдық орындардағы ғимараттар мен нысандарды бүлдіру, тарихи-мәдени ескерткіштерге жазу жазу, сурет салу, табиғи және мәдени нысандарды қорлау – жай ғана тәртіпсіздік емес, заңмен жауапкершілік көзделген әрекет.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 294-бабына сәйкес, вандализм – тарихи-мәдени мұра объектілерін, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекет қорғауындағы табиғи объектілерді жазулармен, суреттермен немесе қоғамдық имандылыққа нұқсан келтіретін өзге де әрекеттермен қорлау.

Мұндай әрекет үшін 100-ден 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.

Ал егер вандализм:

  • әлеуметтік, ұлттық, нәсілдік немесе діни араздық себебімен;
  • адамдар тобымен немесе алдын ала сөз байласу арқылы;
  • пайдакүнемдік мақсатта;
  • бірнеше рет жасалса,

онда жаза күшейтіледі: 500-ден 2000 АЕК-ке дейін айыппұл, 300-ден 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе үш жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.

Сонымен қатар бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру жағдайларында, әрекет қылмыстық құқық бұзушылық белгілеріне жетпесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 147-1-бабы қолданылуы мүмкін. Бұл бап бойынша әкімшілік айыппұл немесе әкімшілік қамақ көзделген.

Вандализмнің алдын алу – тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Қоғамдық орындарды, саябақтарды, ескерткіштерді, аялдамаларды, абаттандыру нысандарын сақтау – әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Ортақ мүлікке келтірілген зиян – бүкіл қоғамға келтірілген зиян.

Тазалық пен тәртіпті сақтау, тарихи-мәдени мұраға құрметпен қарау және қоғамдық мүлікті қорғау – заң талаптарын орындаудың ғана емес, қоғамға деген жауапкершіліктің белгісі.

🇰🇿🇩🇪Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды

🇰🇿🇩🇪Қасым-Жомарт Тоқаев Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен Германияға ресми сапармен барды

🔹Сапар аясында Берлинде ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен және Федералдық Канцлер Фридрих Мерцпен келіссөздер жоспарланған.

🔹Тараптар Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды.

🔹Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхен қаласына барады.

🔹Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды компанияларының, қаржы және ғылыми институттарының жетекшілерімен, жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

🔹Президент Берлинде бизнес-форумға және Мюнхенде технологиялық бизнес-форумға қатысады.

Астанада Қазақстанның атом саласының ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілді

Астанада Қазақстанның атом саласының ардагерлері мен мамандарына құрмет көрсетілді Астана, 2026 жылғы 28 қыркүйек — Елордада Қазақстанның Атом саласы қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған сала ардагерлері, ғалымдар, инженерлер, бейінді ұйымдардың басшылары мен кәсіби қоғамдастық өкілдері қатысты.

Биылғы кәсіби мереке еліміздің атом энергетикасының дамуындағы жаңа кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан ірі жобаларды практикалық іске асыру кезеңіне көшуде. Заманауи Қазақстан тарихындағы алғашқы атом электр станциясын салу жөніндегі келісімшартқа қол қойылып, құрылыс жұмыстарын 2027 жылы бастау жоспарланған.

Сала қызметкерлері мен ардагерлерді құттықтаған Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасы еліміз үшін технология, ғылым, өнеркәсіп және кадр даярлау салаларында жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

«Атом энергетикасы — бір ғана энергетикалық нысан салудан әлдеқайда ауқымды ұғым. Бұл — жаңа құзыреттер мен технологияларды дамыту, отандық өндіріс пен ғылымды ілгерілету, жоғары білікті мамандар даярлау және заманауи инженерлік мектеп қалыптастыру», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Оның айтуынша, жаңа міндеттерді шешуде адамдардың білімі, тәжірибесі мен кәсіби жауапкершілігі шешуші рөл атқарады. Бұл ретте ұрпақтар сабақтастығы мен ардагерлердің жинақтаған тәжірибесін жас мамандарға жеткізуге ерекше мән беріледі.

Атом өнеркәсібін дамыту еліміз үшін стратегиялық маңызға ие. Бұл бағыт энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, жоғары технологиялық өндірістерді, ғылым мен инженерлік құзыреттерді дамытуға ықпал етеді. Атом саласы электр энергиясын өндірумен ғана шектелмейді. Ол уран өнеркәсібін, ядролық медицинаны, ғылыми зерттеулерді және білікті кадрлар даярлауды да қамтиды.

Осыған байланысты отандық білім беру және ғылыми базаны дамыту ерекше маңызға ие. Бүгінде Қазақстанда атом саласына мамандарды 12 отандық жоғары оқу орны «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалымен бірлесіп даярлайды. 2000 жылдан бері Қазақстанның жоғары оқу орындарында ядролық және атом энергетикасы саласы бойынша 4,5 мыңнан астам маман даярланды.

Іс-шара аясында марапаттау рәсімі өтті. Атом саласына қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар маман Қазақстан Республикасының «Атом саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Марапатталғандардың қатарында Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегіагенттігінің, Ұлттық ядролық орталықтың, Ядролық физика институтының, «Қазақстанның атом электр станциялары» ЖШС, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және басқа да ұйымдардың өкілдері бар. Олардың атом саласындағы еңбек өтілі 4 жылдан 47 жылға дейінгі аралықты құрайды.

Марапатталғандардың қатарында «Қазводоканалпроект» компаниясының инженерлік ізденістер бөлімінің бастығы Эриксон Цой, Ұлттық ядролық орталықтың «Атом энергиясы институты» филиалының нейтрондық физика зертханасының бастығы Ирина Прозорова, «Семізбай-U» компаниясының Иіркөл филиалының директоры Мұқанбетжан Салқынбаев, «Ұлттық ядролық орталық» Геофизикалық зерттеулер институтының Арнайы сейсмикалық ақпаратты жинау және өңдеу орталығының талдау және ғылыми зерттеулер тобының басшысы Ирина Аристова және Ядролық физика институтының бас маманы Заря Бөкенова бар.

Атом саласына қосқан үлесі және қоғамдық диалогты дамытуға атсалысқаны үшін Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Агенттіктің Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сәлімбай Шүнеев және кеңес мүшелері Евгений Больгерт, Қасым Жұмаділов пен Дәурен Әбен марапатталды.

Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлкен жәрмеңкесі өтеді

Көкшетауда ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлкен жәрмеңкесі өтеді

3 қазанда Халықаралық қарттар күні қарсаңында Көкшетау қаласындағы «ЦУМ» сауда үйінің аумағында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қатысуымен жәрмеңке өтеді.

Жәрмеңкеге облыстың 9 ауданы мен Көкшетау қаласы, сондай-ақ 21 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қатысады. Тұрғындарға ет және шұжық өнімдері, балық, сүт өнімдері, жұмыртқа, ұн, көкөніс, жарма және өсімдік майы сияқты 30-дан астам өнім түрі ұсынылады.

Жәрмеңкеге жалпы көлемі 200 тоннадан астам өнім шығарылады. Барлығы шамамен 100 сауда орны ұйымдастырылады.

Сонымен қатар «НК СПК Kokshe» АҚ-ның тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері төмендетілген бағамен сатылады.

📍 Мекенжайы: Көкшетау қаласы, «ЦУМ» сауда үйінің аумағы
📅 Күні: 3 қазан
💰 Бағасы: нарықтағы бағадан 10–15%-ға төмен

Тұрғындарды жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға шақырамыз!

Ақмола облысының 35 мыңға жуық тұрғыны «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды

Ақмола облысының 35 мыңға жуық тұрғыны «Кітап оқитын ұлт» марафонына қосылды

Ақмола облысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» ұлттық марафонына қатысу үшін 35 мыңға жуық адам тіркелді. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және өңір тұрғындары қатысып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дауешов және өңірлік жобалық кеңсе жетекшісі Жанар Жунусова мәлімдеді.

Облыста марафон тамыз айында басталып, қыркүйек айынан бастап барлық 20 аудан мен қалада қатысушыларды белсенді тіркеу жұмыстары жүргізілді. Жоба «Оқитын мектеп», «Оқитын университет», «Оқитын отбасы», «Кітап оқитын зияткер» сияқты жеті негізгі бағытты қамтиды. Қатысушылар тізімге енген отандық және әлем әдебиетінің 330 кітабынан 15 шығарманы оқып, кейін тестілеу мен зияткерлік квиздерден өтеді.

«Кітап оқу – жаңа білім алудың ғана емес, ой-өрісті кеңейтудің, талдау жасауды және өз бетінше қорытынды шығаруды үйренудің де мүмкіндігі. Сондықтан марафонға әр жастағы және әртүрлі салада еңбек ететін адамдардың қатысқаны біз үшін маңызды», – деді Досұлан Айтбаев.

Жобаны ілгерілетуде кітапханаларға да ерекше рөл беріліп отыр. Өңірдің аудандық және ауылдық кітапханаларында қажетті кітап қоры жасақталған. Сонымен қатар барлық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Зерделі ұлт» атты 288 бұрыш ашылды. Кітап оқуға қызығушылықты арттыру үшін кітапханалар жанында клубтар жұмыс істейді. Бүгінде олардың 35 отырысы өткізілді. Әлеуметтік желілерде өңірге танымал тұрғындардың сүйікті кітаптары мен оқу мәдениетінің маңызы туралы айтатын 200-ге жуық бейнесұхбат жарияланды.

«Бүгінде кітапхана кітап алатын орын ғана емес, адамдардың пікір алмасып, әдебиетті талқылайтын және жаңа оқырмандық бастамаларға жол ашатын кеңістік болуы керек. Біз мұндай мүмкіндіктерді облыстың қалалары мен аудандарында да қалыптастыруға тырысып жатырмыз», – деді Нұрғиса Дауешов.

Өңірдегі марафонды арнайы құрылған жобалық кеңсе үйлестіреді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім, мәдениет салаларының және жоғары оқу орындарының өкілдері кірді. Аудандарда ақпараттық кездесулер мен түрлі іс-шаралар өтіп, жобаны насихаттауға жазушылар, қоғам белсенділері және өңірдің басқа да өкілдері тартылуда.

Жанар Жунусованың айтуынша, қазір қатысушылар санын көбейтіп қана қоймай, олардың марафон бойы кітап оқуға деген қызығушылығын сақтау маңызды.

«Біздің міндетіміз – жобаға қатысуды тек тіркелумен шектемеу. Адамның кітапты шынымен оқып, алған әсерімен бөлісіп, айналасындағыларды да осы үдеріске тартқаны маңызды. Сондықтан кездесулер өткізуді, клубтардың жұмысын дамытуды және оқырман мәдениетін насихаттау үшін әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырамыз», – деді ол.

Марафонның негізгі кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Одан кейін қатысушылар қорытынды тестілеу мен квиздерден өтеді. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Ақмола облысын республикалық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болады. «Кітап оқитын ұлт» марафонының финалы 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Астана қаласында өтеді. Қорытынды бойынша еліміздің үздік он оқырманы анықталады.

Ақмола облысында суару маусымы су тапшылығынсыз аяқталды

Ақмола облысында суару маусымы су тапшылығынсыз аяқталды

Биыл Ақмола облысында суару маусымы су тапшылығынсыз өтті. Вегетациялық кезеңде су тұтынушыларға 5,4 млн текше метр су беріліп, шамамен 2,9 мың гектар ауыл шаруашылығы алқабы суарылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде «Қазсушар» РМК Ақмола филиалының директоры Ербол Әскербеков пен Есіл бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Айбек Серәлі мәлімдеді.

Биыл филиал су тұтынушылармен 45 келісімшарт жасасты. Суармалы жерлерде картоп, көкөніс, дәнді дақылдар және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдары өсірілді. Ал алқаптардың басым бөлігінде суды үнемдейтін технологиялар – тамшылатып суару және жаңбырлатып суару қондырғылары қолданылды.

«Маусымның басты нәтижесі – су тұтынушылардың су тапшылығына тап болмауы. Су беру үздіксіз жүргізілді. Соның арқасында шаруашылықтар алқаптарды уақытында суара алды», – деді Ербол Әскербеков.

Көктемгі су тасқыны да апатсыз өтті. Су тасқыны аяқталғаннан кейін филиалдың су қоймалары жобалық көлеміне дейін толтырылды. Су шаруашылығы саласының жұмысы тек суарумен шектелмейді. Жалпы ұзындығы шамамен 680 шақырым болатын екі топтық су құбыры Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының 270 мыңнан астам тұрғынын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар су қоймалары Көкшетау, Степногорск және Астана қалаларын сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылады.

Мамандар гидротехникалық құрылыстардың жағдайын да тұрақты бақылауда ұстайды. Биыл 14 нысан тексеріліп, олардың бірқатарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Мұндай тексерулер проблемалы учаскелерді дер кезінде анықтап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің міндетіміз – құрылыстардың сенімділігін төмендетпеу және оларды нығайту мен жөндеу жұмыстарын алдын ала жүргізу», – деді Айбек Серәлі.

Инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жалғасады. Қазір су шаруашылығының сегіз нысанын реконструкциялау жобалары әзірленіп жатыр. Ал 2028 жылға дейін Есіл контрреттегішін салу жоспарланған. Филиал жаңа арнайы техникамен де қамтылды. Бұл өз күшімен жөндеу және су тасқынына қарсы жұмыстар жүргізуге мүмкіндік береді. Жалпы аталған шаралар халық пен ауыл шаруашылығы өндірушілеріне суды тұрақты жеткізуді қамтамасыз етіп, өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

Қазақстанда өңделген сүт өндірісі артты

Қазақстанда өңделген сүт өндірісі артты
2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында Қазақстанда 441,3 мың тонна өңделген сүт өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,2%-ға артық (440,5 мың тонна).

Осы кезеңде өндірістің ең жоғары көлемі Солтүстік Қазақстан облысында (120,8 мың тонна), Ақмола (96,2 мың тонна), Алматы (64,7 мың тонна) және Қостанай (43,0 мың тонна) облыстарында тіркелді.

Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 671,0 мың тонна өңделген сүт өндірілді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,2%-ға артық.

2026 жылғы қаңтар-шілде айларында өңделген сүт экспорты 2,9 мың тоннаны құрады, бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,0%-ға жоғары (2,8 мың тонна). Экспорттың негізгі бағыттары Ресей (2,24 мың тонна), Өзбекстан (307,9 тонна) және Тәжікстан (194,0 тонна) болды.

Алматыда KIOGE 2026 30-шы мерейлі халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді

Алматыда KIOGE 2026 30-шы мерейлі халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді 30 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Алматыда «Мұнай және газ» – KIOGE 2026 30-шы мерейлі халықаралық конференциясы мен көрмесі өтеді. Іс-шараға Энергетика министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, «KAZENERGY», «ҚазМұнайГаз», PSA, IMBC, Energy Monitor, KazService және Petrocouncil ресми қолдау көрсетеді.

Отыз жыл бойы KIOGE мұнай-газ саласындағы негізгі кәсіби алаңдардың бірі болып келеді. Ол мемлекеттік органдарды, ұлттық және халықаралық компанияларды, ірі жобалардың операторларын, жабдық өндірушілерін, технология жеткізушілерін және мұнай сервистік ұйымдарды бір алаңға біріктіреді.

Мерейлі жыл KIOGE 2026 халықаралық қатысу аясын кеңейтеді. Көрмеге Қазақстан, Әзербайжан, Австрия, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Италия, Қытай, Малайзия, Нидерланд, БАӘ, Оман, Ресей, Румыния, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Түркия және Өзбекстанды қоса алғанда, 30 елден 500 компания қатысады.

Іскерлік бағдарламаның басты оқиғасы – 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері «Мегажобалардан нарықтардағы көшбасшылыққа: Қазақстан жаһандық энергетикалық теңгерімде» тақырыбында өтетін 30-шы KIOGE халықаралық конференциясы.

Конференция барысында әлемдік энергетикалық нарықтың өзгеріп жатқан архитектурасындағы Қазақстанның стратегиялық рөлі, ірі мұнай-газ және энергетикалық жобаларды дамыту, халықаралық технологиялық ынтымақтастық және заманауи шешімдерді енгізу мәселелері талқыланады.

Конференцияның алғашқы күні саланың өзекті мәселелерінің кең ауқымын қамтиды. «Жаһандық интеграция: Қазақстанның жаңа энергетикалық тізбектердегі рөлі» пленарлық отырысы аясында Қазақстанның 2030 жылдан кейінгі кезеңдегі жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі орны, халықаралық технологиялық әріптестік және стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар мәселелері талқыланады.

Жекелеген сессиялар интеллектуалды upstream, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту және жасанды интеллектіні қолдану, экспорттық логистика мен тасымал бағыттарының геосаясаты, мұнай-газ саласын цифрлық трансформациялау, ESG және төмен көміртекті даму, сондай-ақ мұнай-газ машина жасау және мұнай-химия салаларына арналады.

Конференцияның екінші күні газ саласы мен газ химиясын дамытуға, ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне, энергетикалық теңгерім мен салалық саясатқа бағытталады.

Көрме аясында компаниялар технологиялық шешімдерін, практикалық кейстерін, сатып алу бағдарламаларын және мұнай-газ секторымен ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырады. Экспозиция заманауи технологияларды таныстыруға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналады.

KIOGE 2026 халықаралық көрмені, кәсіби тәжірибе алмасуды және жоғары деңгейдегі стратегиялық диалогты бір алаңда тоғыстырады. Мерейтойлық іс-шара мұнай-газ және энергетика кешенінің даму перспективаларын талқылауға, заманауи технологияларды таныстыруға, іскерлік байланыстарды дамытуға және халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Дереккөз: gov.kz

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑