Ұялы байланыс желісі жоқ жерде де байланыс қолжетімді.
Қазақстанда Starlink Mobile (Direct to Cell) спутниктік мобильді байланысы іске қосылды. Жобаны Қазақстандағы Beeline және Starlink Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асыруда.
Пайдаланушылар жерүсті мобильді желісі мүлде жоқ аумақтарда хабарламалар жіберіп, қабылдап, базалық интернет-сервистерді пайдалана алады.
Бұл тауда, далада немесе қала сыртындағы жолда жақындарыңызбен байланысып, орналасқан жеріңіз туралы хабарлауға мүмкіндік береді. Қосылу үшін үйлесімді смартфон және спутниктік сигналды қабылдауға қолайлы жағдай қажет.
Бүгін көрнекті қазақ жазушысы, драматург әрі ғалым Мұхтар Әуезовтің туғанына 129 жыл толды. Оның «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетінің жауһарына айналды.
Бүгін көрнекті қазақ жазушысы, драматург, ғалым әрі қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 129 жыл толды.
Оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің тарихында айрықша орын алады. «Абай жолы» роман-эпопеясы қазақ әдебиетінің ең танымал туындыларының біріне айналып, халқымыздың тарихы мен мәдениетін әлем оқырмандарына танытты.
Мұхтар Әуезовтің мол мұрасы кітаптарда, театр сахнасында, ғылымда және ұрпақ жадында жалғасын тауып келеді.
«Таза Қазақстан»: Астанада футбол ардагерлері мен жас чемпиондар ағаш отырғызды Астанада футбол ардагерлері, елордалық спортшылар мен жас чемпиондар «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадион аумағына 20-дан астам ағаш отырғызды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ағаш отырғызуға Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасарлары Азамат Ағзамов пен Бекзат Тамшыбай, Қазақстан футболының ардагерлері Владимир Глевич, Серік Асылбеков, Владимир Павлюк, Павел Демян, Амангелді Ашкенұлы, 2011, 2012 және 2013 жылы туған футболдан Қазақстан чемпиондары, олардың жаттықтырушылары және «Жеңіс» футбол клубының спортшылары қатысты.
«Бүгін футбол ардагерлері, қазіргі спортшылар мен жас буынның бір жерде бас қосқаны біз үшін өте маңызды. Біз де бұрындары футбол алаңына шығып, өз командаларымыздың намысын қорғадық. Бүгінде жанымызда жаңа чемпиондар өсіп келеді. Осындай кездесулер ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтады. Бүгін отырғызылған ағаштар ұзақ жылдар бойы осы жерде өседі. Сол ағаштармен бірге балаларымыз да өсіп, спортымыз дамып, қаламыз одан әрі көркейе берсе екен дейміз. Бұл – бәріміздің болашаққа қосқан ортақ үлесіміз», – деді Қазақстан футболының ардагері Амангелді Ашкенұлы.
Астана қаласы әкімдігінің «№8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Алдабергенов жас спортшылардың қоғамдық бастамаларға қатысуы маңызды екенін жеткізді. «Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қазақстан футболының ардагерлері, елордалық спорт өкілдері, қазіргі спортшылар және жас тәрбиеленушілер бір жерге жиналды. Шараға 2011 және 2012 жылы туған Қазақстан чемпиондары атанған 50 жас футболшы мен олардың жаттықтырушылары қатысты.
Біз үшін балалардың тек футбол алаңында жақсы нәтиже көрсетуі ғана емес, қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласуы да маңызды. Бүгін барлығымыздың ортақ күшімізбен 20-дан астам ағаш отырғыздық. Біздің спортшылар «Таза Қазақстан» бастамасын және басқа да қоғамдық маңызы бар шараларды үнемі қолдайды. Осындай акциялар арқылы біз болашақ чемпиондарды ғана емес, үлкенді сыйлайтын, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарайтын, туған қаласының тазалығы мен абаттандырылуына жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ тәрбиелейміз», – деді Еркебұлан Алдабергенов.
Футбол ардагерлері мен жас спортшылардың бірлесіп ағаш отырғызуы спорттағы аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын көрсетіп, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысудың үлгісін қалыптастырды. Ал отырғызылған 20-дан астам көшет елорданың жасыл желегін толықтырып, «Таза Қазақстан» аясындағы игі істің нақты нәтижесіне айналды.
«Атом энергетикасы – маңызды бағыт» Атом энергетикасы – тек электр өндіру емес. Ол энергетикалық қауіпсіздік, ғылым мен технология, жаңа өндіріс, кадр даярлау мен халықаралық әріптестікті қамтитын ұзақмерзімді бағыт. Осы саланы дамытуға жауапты Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Әсет Махамбетовпен атом саласының қазіргі жағдайы, алғашқы АЭС жобасы, технологиялық даму мен халықаралық ынтымақтастық жөнінде әңгімелескен едік.
– Әсет Кеңесбекұлы елімізде Атом энергиясы жөніндегі агенттік құрудың негізгі мақсаты қандай?
– Агенттіктің құрылуы атом саласын мемлекеттік басқарудың жаңа кезеңін бастады. Президентке тікелей бағынышты Агенттік атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саясатын іске асырады, уран өнеркәсібін, ядролық отын циклі мен ядролық ғылымды дамытуға, атом энергетикасын үйлестіруге жауап береді. Басты қағидат – қауіпсіздік. Радиоактивті қалдықтар мен пайдаланылған ядролық отынды басқару, ядролық материалдарды есепке алу, халықаралық міндеттемелерді орындау мен мемлекеттік реттеуді жетілдіру де осы міндеттер қатарына жатады. Атом саласының ұзақмерзімді басымдықтары 2050 жылға дейінгі Стратегияда айқындалған. Құжат атом энергетикасымен бірге ядролық ғылымды, өндірісті, жаңа технологияларды, кадр даярлауды, қауіпсіздік пен халықаралық ынтымақтастықты қамтиды.
– Елімізге атом электр стансасы неге қажет?
– Электр энергиясына сұраныс өсіп келеді. Энергетикалық инфрақұрылымның бір бөлігі ескірді. Сондықтан жаңа әрі тұрақты генерация көздері қажет. Атом энергетикасы ауа райына тәуелсіз базалық электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл өнеркәсіп, көлік, инфрақұрылым, цифрландыру мен жаңа өндірістерге сенімді энергетикалық негіз қалыптастырады.
Еліміз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Осы тұрғыдан атом энергетикасы – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. АЭС-ті тек электр өндіретін нысан ретінде қарауға болмайды. Оның айналасында инженерлік құзырет, жаңа өндіріс, ғылыми зерттеу, кадр даярлау мен технологиялық кооперация қалыптасуға тиіс.
– Алғашқы АЭС жобасын іске асыруда қандай жұмыстар атқарылды?
– Үкімет қаулысымен Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Балқаш көлі маңындағы аумақ алғашқы АЭС-ті орналастыру ауданы ретінде белгіленді. Белгіленген аумақта инженерлік-іздестіру мен алаңды таңдау жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан мен Ресей арасында алғашқы АЭС құрылысы бойынша үкіметаралық келісімдерге қол қойылып, жобаның негізгі қағидаттары айқындалды. Жобаны іске асыратын халықаралық консорциумға «Росатом» жетекшілік етеді. АЭС III+ буынды екі VVER-1200 энергоблогынан тұрып, жалпы қуаты 2 400 МВт болады. Қазір негізгі міндет – қабылданған шешімдерді іске асыру. Ол үшін үйлестіру тетіктерін қалыптастыру, келісімшарттық, қаржылық мәселелерді пысықтау, қажетті инфрақұрылымды уақтылы дайындау қажет.
– АЭС құрылысы еліміздің технологиялық және адам капиталына қалай әсер етеді?
– Мұндай ірі жоба көптеген салаға жаңа сұраныс қалыптастырады. Құрылыс, машина жасау, энергетикалық жабдық, автоматтандыру, цифрлық технология, материалтану бағыттарында жаңа құзыреттер қажет болады. Отандық кәсіпорындардың қатысуын кеңейту, өндірісті оқшаулау мен технология трансферін қамтамасыз ету арқылы инженерлік, өндірістік әлеуетті арттыруға болады.
Атом энергетикасына инженер, физик, энергетик, технолог, цифрлық технология маманы, құрылысшы, радиациялық және ядролық қауіпсіздік сарапшысы қажет. Сондықтан атом саласын дамыту – ең алдымен адам капиталын дамыту. Ұлттық ядролық орталық, Ядролық физика институты мен жоғары оқу орындарының бұл үдерістегі рөлі арта түседі. Болашақта еліміз дайын технологияны пайдаланушы ғана емес, өзінің ғылыми және инженерлік құзыретін қалыптастыратын ел болуы маңызды.
– Халықаралық әріптестіктің маңызы қандай?
– Атом энергетикасын қауіпсіз әрі тиімді дамыту халықаралық тәжірибеге сүйенуді талап етеді. Осы бағытта Ресей, Қытай, АҚШ, Корея, Финляндия мен Жапония секілді атом саласындағы елдердің мемлекеттік органдарымен, компанияларымен, ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастық жолға қойылған.
Бұл байланыстар азаматтық атом энергетикасын, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, ғылыми зерттеулерді, технологияны әрі кадр даярлауды қамтиды. Біздің ұстаным – халықаралық әріптестікті технология немесе жабдық алумен шектемеу. Бірлескен зерттеу, тәжірибе алмасу, маман даярлау мен ұлттық құзырет қалыптастыру маңызды.
АЭХА-мен ынтымақтастықтың да орны ерекше. Қазір агенттікпен 6 ұлттық, 40 өңірлік және 7 өңіраралық техникалық ынтымақтастық жобасы іске асырылып жатыр. Маман даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламаларына қатысуда. Халықаралық бақылау да жалғасып келеді. Былтыр еліміздің атом саласы нысандарында АЭХА-ның 19 инспекциясы өткізілді. Қорытындысында бұзушылықтар анықталған жоқ.
– Атом энергетикасының қауіпсіздігіне қатысты қоғам алаңдайтын мәселелерге көзқарасыңыз қандай?
– Ядролық және радиациялық қауіпсіздік – жұмысымыздың абсолютті басымдығы. Фукусима-Дайити апаты секілді оқиғалар қауіпсіздік талаптарын үнемі жетілдірудің маңызын көрсетті. Қауіпсіздік тек технологиямен шектелмейді. Ол тиімді мемлекеттік реттеуді, тәуелсіз бақылауды, білікті персоналды, қауіпсіздік мәдениетін, төтенше жағдайға дайындықты әрі халықаралық ынтымақтастықты қажет етеді.
Бейбіт атомның мүмкіндігі электр энергетикасымен ғана шектелмейді. Ядролық және радиациялық технологиялар медицинада, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, ғылыми зерттеулерде қолданылады. Радиоизотоптар мен радиофармпрепараттарды, материалтану мен радиациялық технологияларды дамыту жаңа ғылыми әрі өндірістік мүмкіндіктерге жол ашады.
Интернеттегі алаяқтық тәсілдері күн сайын өзгеріп, күрделене түсуде. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіру үшін жалған сайттарды, әлеуметтік желілерді, мессенджерлерді, бейнеқоңырауларды, жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын пайдаланады. Олар өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстыруы мүмкін.
Алайда ең бастысы — алаяқтардың сөзіне сеніп қана қоймай, олардың қылмыстық әрекетіне қатысып кетпеу.
Қазіргі кезде азаматтарды заңсыз схемаларға тартудың кең тараған тәсілдерінің бірі — банк картасын немесе шотын басқа адамдарға беру. «Картаңды бер, ақша табасың», «шотыңа ақша түседі, ары қарай аударып жібересің», «тек картаң керек» деген сияқты ұсыныстардың артында қылмыстық схема тұруы мүмкін.
Мұндай жағдайда адам өзінің банк картасын немесе шотын заңсыз мақсатта пайдалануға берген болса, жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде заңсыз жолмен алынған ақшаны немесе өзге де мүлікті аударуға, қабылдауға және басқа да қаржылық операцияларға қатысуға байланысты әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.
Сондықтан бейтаныс адамдардың өтініші бойынша банк картасын, шотын, интернет-банкингке кіру деректерін, SMS арқылы келген кодтарды немесе өзге де құпия ақпаратты беруге болмайды.
Сондай-ақ «қауіпсіз шотқа ақша аудару», «ақшаны сақтау үшін басқа шотқа жіберу», «несие рәсімдеп, қаражатты қайтару» туралы талаптар да алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
Егер күмәнді қоңырау немесе хабарлама келсе, әңгімені дереу тоқтатып, ақпараттың шынайылығын ұйымның ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз тексеріңіз.
Егер азамат алаяқтардың құрбаны болса немесе өзінің банк деректерін бөгде адамдарға беріп қойғанын түсінсе, дереу банкке хабарласып, құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет.
Есте сақтаңыз: өзгенің өтініші бойынша ақша қабылдау, аудару немесе банк шотын пайдалануға беру — жай ғана «табыс табу тәсілі» емес, қылмыстық схемаға қатысуға әкелуі мүмкін. Мұндай әрекет заң алдында жауапкершілікке әкеп соғады.
Алаяқтардың құрбаны болмаңыз. Өз шотыңызды бөтен адамдарға бермеңіз және күмәнді қаржылық операцияларға қатыспаңыз.
Заң және тәртіп: мал ұрлығының алдын алу – ортақ міндет
Мал ұрлығы – азаматтардың мүлкіне қарсы жасалатын қылмыстардың бірі. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде мал ұрлығы үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстың жасалу тәсіліне, келтірілген залал көлеміне және басқа да мән-жайларға байланысты кінәлі тұлғаға жаза тағайындалады.
«Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуде қылмыстың алдын алу маңызды орын алады. Осы бағытта құқық қорғау органдары мал ұрлығының жолын кесуге, оның алдын алуға және қылмыстарды ашуға бағытталған профилактикалық және жедел-іздестіру шараларын жүргізеді.
Мал иелері де қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтауы қажет. Атап айтқанда:
малды қараусыз қалдырмау;
жайылымда жүрген малды тұрақты бақылауда ұстау;
қора-жайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
малды уақытылы бірдейлендіру және есепке қою;
малдың құжаттарын ретке келтіру;
мал сатып алу немесе сату кезінде оның құжаттары мен шығу тегін тексеру;
мүмкіндігінше мал ұсталатын орындарға бейнебақылау немесе GPS-трекер орнату.
Малдың жоғалғаны анықталған жағдайда уақыт өткізбей полицияға хабарлау қажет. Сонымен қатар күдікті адамдарды, көліктерді немесе малдың заңсыз тасымалдануына қатысты деректерді байқаған жағдайда да құқық қорғау органдарына хабарласқан жөн.
Заң талаптарын сақтау, мүліктің қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау және күдікті жағдайларға бейжай қарамау – мал ұрлығының алдын алуға және қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.
Профилактикалық жұмыс аясында жаттықтырушылар мен спорт саласының өкілдерінің қатысуымен «Дұрыс таңдау жаса. Спорт есірткіге қарсы» атты диалог алаңы өтті.
Кездесуде Ақмола облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының өкілі, Аналар кеңесінің мүшесі Разия Курсанова спикер ретінде сөз сөйледі.
Кездесудің негізгі тақырыбы – балалар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алудағы жаттықтырушының рөлі болды. Өйткені жаттықтырушы бала үшін спорттағы тәлімгер ғана емес, сонымен қатар сенім артатын ересек адамға айналады.
Диалог барысында қазіргі заманғы қауіп-қатерлер, жасөспірімдердің есірткі ортасына тартылу себептері және ересектер назар аударуы тиіс белгілер талқыланды. Жаттықтырушылардың ата-аналармен өзара байланысына және баламен дұрыс сөйлесудің маңыздылығына ерекше назар аударылды.
Қатысушылар профилактика тек тыйым салу мен ескертуден тұрмайтынын атап өтті. Жасөспірімнің қызығушылықтарын қолдау, салауатты орта қалыптастыру және оны саналы түрде шешім қабылдауға үйрету маңызды. Бұл **«Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды профилактикалық бағыттардың бірі.
Бұл бағытта спорттың рөлі ерекше. Спорт тәртіпті, мінезді, нәтижеге ұмтылысты қалыптастырады және жасөспірімнің күш-жігерін дұрыс арнаға бағыттауға көмектеседі.
Кездесудің басты мақсаты – балаларға мұқият болу, олармен ашық сөйлесу және дұрыс таңдау жасауға бірге көмектесу.
Астанада Қайрат Нұртастың концерті экоакциямен аяқталды Астанада белгілі әнші Қайрат Нұртас концерт берді. Іс-шара аяқталғаннан кейін көрермендер бірден тарамай, трибуналарда қалған қоқысты жинауға көмектесті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Акцияға қатысушылар концерт аяқталған соң қоқысты жинап, аумақты ретке келтірді. Олар өз үлгісі арқылы ауқымды мәдени іс-шаралар кезінде қоршаған орта тазалығына әркімнің жауапкершілікпен қарай алатынын көрсетті.
«Бүгін достарыммен бірге сүйікті қазақстандық өнерпазымыздың концертін тамашалауға келдік. Кештен жақсы әсер алдық. Концерт аяқталған соң аумақты тазартуға өз үлесімізді қосуды жөн көрдік. Бұл – қала тазалығына қосқан шағын үлесіміз», – деді көрермендердің бірі.
Мұндай бастамалар қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Сондай-ақ қала тазалығын сақтау әрқайсымыздың күнделікті әрекетімізден басталатынын көрсетеді.
Адамның өз еңбегімен жеткен әрбір жетістігінің орны бөлек. Еңбек — тек табыс көзі ғана емес, ол адамның дамуына, өз мүмкіндігін ашуына және қоғамға пайдасын тигізуіне жол ашады.
Қандай мамандық иесі болмасын, адал еңбек пен жауапкершілік әрқашан құрметке лайық. Себебі елдің дамуы мен жарқын болашағы — маңдай термен жасалған еңбектен басталады.
Еңбек ет, ізден, дамы — өз бақытыңды өз қолыңмен жаса! 🇰🇿