Month: September 2026 (Page 8 of 28)

Атом энергетикасының болашағын кім қалыптастырады және әлем елдері қандай технологияларды таңдайды?

Атом энергетикасының болашағын кім қалыптастырады және әлем елдері қандай технологияларды таңдайды? Әлемдік атом энергетикасы жаңа даму кезеңіне кіріп отыр. Электр энергиясына сұраныстың өсуі, энергетикалық қауіпсіздік және төмен көміртекті генерацияға көшу қажеттілігі көптеген мемлекеттерді жаңа атом электр станцияларын салуға итермелеуде. Бүгінде Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Америкада ондаған энергоблоктың құрылысы мен жаңа жобалар жүзеге асырылуда. Бұл үдеріс атом энергетикасындағы технологиялық көшбасшылар арасындағы бәсекелестікті де күшейтіп отыр.

Ең ауқымды бағдарламалардың бірі Қытайда іске асырылуда. Елде бір мезгілде отыздан астам энергоблоктың құрылысы жүріп, Hualong One және CAP1000 реакторлары кеңінен қолданылуда. Сонымен қатар Қытай Ресеймен бірге ВВЭР-1200 технологиясы бойынша жобаларды жүзеге асыруда. Қытайдың тәжірибесі атом энергетикасының тек электр өндіру саласы емес, ұлттық инженерлік және өндірістік құзыреттерді қалыптастыру құралына айналып келе жатқанын көрсетеді. Ел шетелдік технологияларды игеруден өз реакторларын халықаралық нарыққа ұсынуға қарай бет алды.

Үндістан өзінің ауыр сулы реакторларын дамытып, «Куданкулам» АЭС-інде ресейлік технология негізіндегі блоктардың құрылысын жалғастыруда.

Бангладеште екі ВВЭР-1200 блогынан тұратын «Руппур» АЭС салынып жатыр. Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Барака» АЭС-інде төрт APR1400 блогын іске асырған Оңтүстік Корея да халықаралық нарықтағы орнын күшейтуде. 2025 жылы KHNP компаниясы Чехиядағы «Дукованы» алаңында екі APR1000 блогын салу жөніндегі келісімшартқа отырды.

Ресейлік технологиялар атом энергетикасын алғаш рет дамытып жатқан мемлекеттерде де кеңінен қолданылуда. Түркиядағы «Аккую» және Египеттегі «Эль-Дабаа» АЭС-терінде төрт-төрттен ВВЭР-1200 энергоблогы салынып жатыр. Мұндай жобалар реактор жеткізумен ғана шектелмейді. Олар нормативтік базаны жетілдіруді, мамандар даярлауды, өнеркәсіптік инфрақұрылым құруды және атом нысандарын қауіпсіз пайдаланудың ұлттық жүйесін қалыптастыруды талап етеді.

Еуропада технологиялық таңдау әртүрлі. Франция EPR2 реакторлары негізіндегі бағдарламасын дамытып, EDF компаниясы Ұлыбританиядағы Hinkley Point C алаңында екі EPR блогын салуда. Венгриядағы «Пакш II» жобасында ВВЭР-1200 технологиясы таңдалса, Польша алғашқы АЭС үшін Westinghouse компаниясының AP1000 реакторын таңдады. Бұл ретте жобаның таңдалуы, лицензиялануы және нақты құрылысының басталуы әртүрлі кезеңдер екенін ескеру маңызды.

Солтүстік Америкада ірі энергоблоктармен қатар шағын модульдік реакторларға қызығушылық артып келеді. Канададағы Дарлингтон алаңындағы GE Hitachi компаниясының BWRX-300 жобасы модульдік технологияларды және сериялық өндіріс мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған. Бұл бағыт атом энергетикасының болашақ моделін өзгертуі мүмкін жаңа технологиялық шешімдердің пайда болғанын көрсетеді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, АЭС технологиясын таңдау тек реактордың техникалық сипаттамасына байланысты емес. Жобаның құны мен мерзімімен қатар, технология жеткізушінің инженерлік тәжірибесі, жабдық өндіру мүмкіндігі, кадр даярлау, жергілікті кәсіпорындарды тарту және станцияға ұзақ мерзімді қызмет көрсету қабілеті де маңызды. Сондықтан АЭС құрылысы белгілі бір технологияны сатып алумен шектелмей, ондаған жылға есептелген өнеркәсіптік және инженерлік серіктестікке айналады.

Қазақстан үшін бұл тәжірибенің маңызы ерекше. «КАЭС» ЖШС-де мердігері «Росатом» мемлекеттік корпорациясы болып табылатын «Балқаш» АЭС жобасы бойынша жұмыс істей отырып, технология мен мердігерді таңдау станцияның техникалық сипаттамаларымен ғана шектелмейтінін көруге болады. Мұндай шешім жобалау мен құрылысты ұйымдастыруға, мамандарды даярлауға, отандық кәсіпорындардың қатысуына, жеткізу тізбегін қалыптастыруға және станцияны кейінгі пайдалануға тікелей әсер етеді.

Сондықтан Қазақстан үшін әлемдік тәжірибені ескерумен қатар, атом энергетикасындағы өзіндік инженерлік мектепті, өнеркәсіптік базаны және ұлттық құзыреттерді дамыту маңызды. Әлемде атом энергетикасының болашағын бір ғана технология немесе мемлекет қалыптастырып отырған жоқ. Бүгінгі бәсекелестік реакторлар арасында ғана емес, оларды игеріп, қауіпсіз пайдаланып, ұзақ мерзімде өз технологиялық әлеуетін қалыптастыра алатын ұлттық жүйелер арасында да жүріп жатыр.

Алкоголизмнің алдын алу – денсаулыққа жауапкершілікпен қараудан басталады

Алкоголизмнің алдын алу – денсаулыққа жауапкершілікпен қараудан басталады

Алкогольді шамадан тыс тұтыну – адамның денсаулығына ғана емес, оның отбасына, әлеуметтік ортасына және қоғамдағы белсенділігіне кері әсер ететін мәселе. Сондықтан алкогольге тәуелділіктің алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызы зор.

Алкогольді жүйелі түрде және шамадан тыс тұтыну адамның ағзасына кері әсерін тигізіп, жүйке жүйесінің жұмысына, есте сақтау қабілетіне, жүрек-қан тамырлары мен бауырдың қызметіне зиян келтіруі мүмкін. Сонымен қатар алкоголь адамның өзін-өзі бақылауын төмендетіп, түрлі жазатайым жағдайлар мен жанжалдардың туындау қаупін арттырады.

Алкоголизмнің алдын алуда отбасының рөлі ерекше. Әсіресе жасөспірімдермен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнату, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спортпен, шығармашылықпен және басқа да пайдалы істермен айналысуына жағдай жасау маңызды.

Баланың қоршаған ортасы мен оның мінез-құлқындағы өзгерістерге ата-ананың назар аударуы да профилактиканың маңызды бөлігі болып табылады. Балаға алкогольдің денсаулыққа тигізетін зияны туралы қорқытып немесе жазғырып емес, түсінікті әрі шынайы түрде ақпарат берген жөн.

Алкогольге тәуелділіктің алдын алу күнделікті өмірдегі қарапайым таңдаулардан басталады. Салауатты өмір салтын ұстану, дене белсенділігін арттыру, дұрыс тамақтану, жеткілікті демалу, жақындармен қарым-қатынасты нығайту және күйзелісті зиянды әдеттер арқылы жеңуге тырыспау – денсаулықты сақтаудың тиімді жолдары.

Егер адам алкогольді тұтыну мөлшерін бақылай алмай, оны жиі қолдана бастаса немесе алкоголь отбасылық және еңбек қатынастарына кері әсерін тигізсе, мамандардың көмегіне жүгінген жөн. Уақытылы көрсетілген кәсіби көмек тәуелділіктің асқынуына жол бермеуге мүмкіндік береді.

Денсаулық – адамның ең қымбат байлығы. Салауатты өмір салтын таңдау және зиянды әдеттердің алдын алу – әр адамның өзіне, отбасына және болашағына деген жауапкершілігі.

Біржан сал ауданында «Тәртіппек» және «Тазабек» профилактикалық акциялары өтті

Біржан сал ауданында «Тәртіппек» және «Тазабек» профилактикалық акциялары өтті

Біржан сал ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау, тазалық мәдениетін қалыптастыру және жас ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Тәртіппек» және «Тазабек» профилактикалық акциялары ұйымдастырылды.

Іс-шараны аудан прокуратурасының қызметкерлері Үлгі ауылындағы негізгі орта мектептің бастауыш сынып оқушылары арасында өткізді.

Кездесу барысында балаларға қоғамдық тәртіп пен қоршаған ортаның тазалығын сақтаудың маңызы түсіндірілді. Сонымен қатар мектепте және қоғамдық орындарда өзін дұрыс ұстау, айналасындағыларға құрметпен қарау, өз іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарау мәселелеріне назар аударылды.

Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында тақырыпқа сай танымдық викториналар мен түрлі ойындар ұйымдастырылды. Оқушылар сұрақтарға белсенді жауап беріп, тапсырмаларды орындауға қатысты. Белсенділік танытқан балаларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Акция аясында мектептің еңбек ұжымымен де құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2026 жылғы 12 маусымдағы №88-НҚ нормативтік қаулысының негізгі ережелері таныстырылды.

Атап айтқанда, еңбек заңнамасына тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша келісу комиссиясына жүгінбестен, тікелей сотқа жүгінуге құқығы бар еңбек қатынастарына қатысушылар үшін сотқа жүгінудің бір жылдық мерзімі қолданылатыны түсіндірілді.

Профилактикалық акциялар оқушылардың құқықтық мәдениетін ерте жастан қалыптастыруға, қоғамдық тәртіп пен тазалыққа жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеуге бағытталды. Ал мектеп ұжымымен жүргізілген түсіндіру жұмыстары еңбек саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыруға мүмкіндік берді.

Полиция нотариустарға интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертті

Полиция нотариустарға интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы ескертті
Көкшетауда полиция қызметкерлері нотариустармен жұмыс кездесуін өткізіп, жылжымайтын мүлікті заңсыз иеліктен шығаруға және азаматтардың дербес деректерін пайдалануға байланысты интернет-алаяқтықтың кең таралған схемалары туралы ескертті.

Кездесу Көкшетау қаласының Полиция басқармасында Ақмола облысы Нотариаттық палатасының төрағасы Гүлжан Кубитаеваның қатысуымен өтті. Іс-шарада киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және тергеу бөлімшелерінің қызметкерлері сөз сөйледі.

Полиция қызметкерлері пәтерлер мен басқа да жылжымайтын мүлікке қатысты сатып алу-сату мәмілелерін рәсімдеу кезінде туындайтын тәуекелдерге ерекше тоқталды.

Алаяқтар әлеуметтік инженерия әдістерін пайдаланып, өздерін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарға психологиялық қысым көрсетеді. Олар түрлі сылтаулармен тұрғындарды мүлкін шұғыл сатуға, басқа адамға рәсімдеуге немесе ақша аударуға көндіруге тырысады.

Осыған байланысты нотариустарға азаматтың мәміле жасау кезіндегі жағдайына мұқият назар аудару қажеттігі айтылды. Әсіресе азамат асығыс әрекет етсе, психологиялық қысымға ұшырағаны байқалса немесе банк пен мемлекеттік орган қызметкері ретінде хабарласқан белгісіз адамдардың қоңыраулары туралы айтса, мәміленің мән-жайларын қосымша тексеру маңызды.

Кездесу барысында полиция қызметкерлері дербес деректерді, SMS арқылы келетін кодтарды, банк карталарының деректемелерін және басқа да құпия ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын еске салды. Нотариустарға алаяқтықтың алдын алуға арналған ақпараттық жадынамалар таратылды.

Кездесу қорытындысы бойынша полиция мен нотариаттық қоғамдастықтың өзара іс-қимылын күшейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Ықтимал алаяқтық әрекеттерге жедел ден қою мақсатында бірлескен жұмыс тобы құрылды.

Ақмола облысының полициясы азаматтарды белгісіз адамдардың қысымына берілмеуге, күмәнді ақпаратты ресми дереккөздер арқылы қайта тексеруге және алаяқтық белгілері байқалған жағдайда 102 нөміріне хабарласуға шақырады.

ERTIS PROMENADE 2026 26 қыркүйек күні сағат 19:00-де ERTIS PROMENADE 2026 шығармашылық маусымының жабылуы өтеді.

ERTIS PROMENADE 2026 26 қыркүйек күні сағат 19:00-де ERTIS PROMENADE 2026 шығармашылық маусымының жабылуы өтеді.

Маусымның қорытынды кеші танымал қазақстандық және шетелдік өнерпаздардың қатысуымен өтетін үлкен гала-концертке ұласады.

Кештің хедлайнерлері:
МИРАС ЖҮГІНІСОВ • ALPHA • DARICORN • RAHMAN SATI

Арнайы қонақтар:
МАКСИМ • LYRIQ • JAY SEAN

Кеш соңында көрермендерді мерекелік отшашу күтеді.

2026 жылғы жазғы маусымда ERTIS PROMENADE сахнасында 300-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Көрермендер алдында Қазақстанның және шетелдің 40-тан астам танымал әншілері, сондай-ақ Павлодар облысының қалалары мен аудандарынан 2 700-ден астам өнерпаз бен шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті.

Жаз бойы ERTIS PROMENADE-та өткен концерттер мен іс-шараларға 1 миллионнан астам көрермен қатысты.

«Ertis Promenade» — Павлодардың Орталық жағалауындағы үлкен ашық сахна. 2018 жылдан бері ол қаланың басты көрікті орындарының біріне айналды. Жазғы маусым бойы мұнда концерттер, жастарға арналған және мәдени іс-шаралар, спорттық жаттығулар, көңілді тапқырлар ойындары, ашық аспан астындағы отандық кино көрсетілімдері және қала тұрғындары мен қонақтарына арналған түрлі іс-шаралар өтеді.

Бүгінде ERTIS PROMENADE — павлодарлықтардың ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келетін қонақтардың да басын қосатын ерекше орын. Ауқымды іс-шараларға Қазақстанның әр қаласынан, сондай-ақ жақын шетелдің шекаралас өңірлерінен көрермендер келеді.

Алаңдағы барлық концерттер мен іс-шаралар тегін өткізіледі. Бұл ERTIS PROMENADE-ты қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолжетімді мәдени демалыс кеңістігіне айналдырып отыр.

Бай мазмұнды бағдарламасы мен танымал өнерпаздардың өнер көрсетуінің арқасында жоба Павлодардың жазғы өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Сонымен қатар ол туризмнің дамуына серпін беріп, жайлы демалуға, жылы кездесулерге және өңір мәдениетімен танысуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырды.

Ақмола облысында кене шаққаннан кейін энцефалиттің алты жағдайы анықталды

Ақмола облысында кене шаққаннан кейін энцефалиттің алты жағдайы анықталды

Ақмола облысында эпидемиологиялық маусым басталғалы бері кене шағуына байланысты 900-ден астам жағдай тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 10 пайызға көп. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте Ақмола облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Ғалымбек Алин мәлімдеді.

Мамандар жүгіну санының артуын күннің ерте жылынуымен байланыстырады. Қардың ерте еруіне байланысты кенелер де әдеттегіден ертерек белсенді болған.

Кене шағу жағдайларының ең көбі Бурабай ауданында және Көкшетау қаласында тіркелген – шамамен 250-ден. Сандықтау ауданында 170-ке жуық адам медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің шамамен 250-і – 14 жасқа толмаған балалар. 600-ден астам адамға иммуноглобулинмен профилактикалық ем жүргізілді.

Биыл облыста кене энцефалитінің алты жағдайы анықталды. Оның екеуі Бурабай ауданында, екеуі Сандықтау ауданында және екеуі Көкшетау қаласында тіркелген. Сонымен қатар кене боррелиозының екі жағдайы анықталды. Салыстыру үшін, өткен жылдың осы кезеңінде энцефалиттің төрт және боррелиоздың екі жағдайы тіркелген.

«Биыл кенелер белсенділігін ертерек бастады, соған байланысты шағу бойынша жүгінулер санының өскенін көріп отырмыз. Мұндай жағдайда уақыт жоғалтпау маңызды. Егер кене шақса, мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну қажет. Себебі алғашқы 72 сағат кене энцефалитінің алдын алу үшін аса маңызды», – деді Алин Ғалымбек.

Кене шаққаннан кейінгі алғашқы 72 сағат – иммуноглобулинмен шұғыл профилактика жүргізу үшін маңызды кезең. Егер адам медициналық көмекке кеш жүгінсе, препаратты енгізу көрсетілмейді.

Облыста кене энцефалиті бойынша эндемиялық аумақ ретінде Сандықтау ауданы қалып отыр. Сондықтан аудан тұрғындарына, сондай-ақ эндемиялық аумақта кене шаққан адамдарға мүмкіндігінше тезірек медициналық көмекке жүгіну ұсынылады.

Адамның денесінен алынған кенені зертханада тегін тексеруге болады. Маусым басталғалы мамандар 370-тен астам кенені зерттеген. Зерттелген үлгілерден кене энцефалитінің антигені анықталмаған.

Қазір облыста иммуноглобулиннің 200-ге жуық дозасы бар. Препараттың қосымша партиясы қазан айында жеткізіледі деп күтілуде.

Мамандар табиғатқа шыққанда жабық киім киіп, репелленттер қолдануға, серуеннен кейін денені, киімді және балаларды мұқият тексеруге кеңес береді. Үй жануарларын да қарау қажет. Олар да кенені үйге алып келуі мүмкін.

Егер кене шақса, белгілердің пайда болуын күтпеген жөн. Адам медициналық көмекке неғұрлым ертерек жүгінсе, қажетті профилактикалық шараларды соғұрлым тез жүргізуге болады.

ОЛЬГА ШМЕЛЕВА МЕН ТАТЬЯНА ТОКАРНИЦКАЯ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

ОЛЬГА ШМЕЛЕВА МЕН ТАТЬЯНА ТОКАРНИЦКАЯ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

🇰🇿🥈 Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкая Жапонияның Айти–Нагоя қалаларында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Қазақстандық спортшылар байдарка мен каноэде есу жарысында әйелдер арасындағы 500 метрлік қашықтықта байдарка-екілік сайысында өнер көрсетті. Финалдық бәсекеде Шмелева мен Токарницкая екінші нәтиже көрсетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір күміс медаль салды.

Соңғы жылдары Қазақстанда есу спортын дамытуға, соның ішінде заманауи спорт инфрақұрылымын нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Түркістанда салынған халықаралық деңгейдегі ескек есу каналы. 2025 жылы пайдалануға берілген кешеннің аумағы шамамен 100 гектарды, ұзындығы 2,2 шақырымнан асады. Заманауи нысан спортшылардың толыққанды жаттығуына, оқу-жаттығу жиындарын ел аумағында өткізуге және есу спортынан ірі халықаралық жарыстар ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жаңа спорт инфрақұрылымы ұлттық құраманың сапалы дайындығына жағдай жасап, Қазақстанда есу спортын одан әрі дамытуға қосымша серпін беріп отыр.

Ольга Шмелева мен Татьяна Токарницкаяның күміс жүлдесі Қазақстан құрамасының XX жазғы Азия ойындарындағы кезекті медалі болды.

ВЛАДИСЛАВ ЯКОВЛЕВ ПЕН ИВАН ЧЕРНУХИН АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕСКЕК ЕСУДЕН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

ВЛАДИСЛАВ ЯКОВЛЕВ ПЕН ИВАН ЧЕРНУХИН АКАДЕМИЯЛЫҚ ЕСКЕК ЕСУДЕН АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНЫҢ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ

🇰🇿🥇 Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Жапонияның Айчи–Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының чемпионы атанды.

Қазақстандық экипаж академиялық есуден ерлер арасындағы рульшісіз қос қайық (M2−) бәсекесінде алтын медаль жеңіп алды.

А финалында Владислав Яковлев пен Иван Чернухин мәреге бірінші болып жетіп, басты қарсыластары Қытай экипажын 2,09 секундқа басып озды.

Қазақстандық спортшылар бұған дейін ірі халықаралық жарыстарда да жүлделі нәтижелер көрсеткен. 2025 жылы Яковлев пен Чернухин ересектер арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанса, биыл Оңтүстік Кореяның Чхунджу қаласында өткен Азия кубогында алтын медаль жеңіп алды. Азия ойындарындағы жеңіс олардың халықаралық аренадағы табысты нәтижелерінің жалғасы болды.

Айта кетейік, академиялық есуден жарыстар Қазақстан құрамасы үшін жалғасуда. Бүгін Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Ярослав Мельников және Тимур Фомичевпен бірге ерлер арасындағы рульшісіз төрттік сында А финалында да бақ сынайды.

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдің болашағына күмәнмен емес сеніммен қарау керек деп есептейді.

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдің болашағына күмәнмен емес, сеніммен қарау керек деп есептейді. Оның айтуынша, келешекте Қазақстанның қандай ел болатыны әр азаматтың бүгінгі ісіне байланысты.

«Бүгін Президентіміздің ұстаздарды қабылдаған кезде айтқан сөзін оқыдым. Мемлекет басшысы болашақты бұлыңғыр етіп елестетпеуге үндеді. Меніңше, біз де Қазақстанның келешегін бұлыңғыр ойламауымыз керек. Егер өркениетті, бүгінгіден де жақсы Қазақстанды көргіміз келсе, әрқайсымыз елге пайдамызды тигізуіміз қажет. 2030, 2035, 2040 немесе 2070-2080 жылдары біздің ұрпағымыз жақсы Қазақстанда өмір сүрсін десек, оған бүгіннен бастап әрбіріміз үлес қосуымыз керек», – деді Сырымбек Тау.

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдегі кемшілікті сырттан сынай бергеннен гөрі әр адам қоғамға қандай пайда келтіре алатынын ойлағаны дұрыс деп есептейді.

Белгілі кәсіпкер Сырымбек Тау елдегі кемшілікті сырттан сынай бергеннен гөрі, әр адам қоғамға қандай пайда келтіре алатынын ойлағаны дұрыс деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанның жақсы жағын көре білу және елдің дамуына қолдан келгенше үлес қосу маңызды.

«Сыртта жүріп те, елдің ішінде жүріп те өз еліңді жамандау дұрыс емес. Жақсы болса да, жаман болса да, Қазақстан – сенің елің. Сондықтан жамандағанша, өзің сол жерін түзетуге тырыс. Шетелде жүріп елімізді сынайтын өз азаматтарымыз да, басқа елдің азаматтығын алып кеткендер де бар. Елдің ішінде жүріп сынайтындар да кездеседі. Бірақ бұл ел бәрімізге ортақ. Сондықтан оны жақсарту үшін ең алдымен жақсы жағын көре білуіміз керек», – дейді кәсіпкер.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑