Month: October 2026

Қазақстан Coursera-ның ЖИ және адами дағдыларды дамыту жөніндегі жаңа индексінде әлемде 55-орынға ие болды

Қазақстан Coursera-ның ЖИ және адами дағдыларды дамыту жөніндегі жаңа индексінде әлемде 55-орынға ие болды Қазақстан Coursera-ның ЖИ және адами дағдыларды дамыту жөніндегі жаңа индексінде әлемде 55-орынға ие болды
Қазақстан Coursera Global Skills Report 2026 жаһандық есебі аясында ұсынылған жаңа AI-Human Skills Synergy Index 2026 индексінде 98 елдің ішінде 55-орынға ие болды. Жаңа индекс білім алушылардың жасанды интеллект саласындағы дағдыларды оларды тиімді қолдануға қажетті сыни ойлау, көшбасшылық, коммуникация және күрделі міндеттерді шешу сияқты негізгі адами құзыреттермен қатар қаншалықты белсенді дамытып жатқанын бағалайды.

Индекс онлайн оқыту пайдаланушылары арасында дағдыларды дамыту динамикасын, сондай-ақ оларды ел деңгейінде қолдануға қажетті жағдайларды ескереді. Coursera әдістемесіне сәйкес қорытынды баға дағдыларды меңгеру деңгейі, зерделенетін құзыреттердің ауқымы және AI дағдылары мен адами дағдылардың үйлесімі жөніндегі көрсеткіштерге, сондай-ақ Oxford Insights Government AI Readiness Index деректеріне негізделеді. Аталған индекс мемлекеттердің жасанды интеллект әлеуетін пайдалану мүмкіндігін мемлекеттік саясат, инфрақұрылым, адами капитал, AI секторының дамуы және басқа да факторларды ескере отырып бағалайды.

«Қазақстан AI-Sana ұлттық бағдарламасын іске қосқанда цифрлық курстарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жеткіліксіз екенін түсіндік. Жүйелі өзгерістерге қол жеткізу үшін алынған білімді білім беру процесіне енгізіп, оны іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін жағдай жасау маңызды болды. Бүгінде бағдарламаға 100 жоғары оқу орны қатысып, курстарды білім беру процесіне енгізу, нәтижелерді бақылау және жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына сәйкес оқу мазмұнын тұрақты түрде жаңарту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар оқытушылардың цифрлық және педагогикалық құзыреттерін дамытуға ерекше мән беріп отырмыз. Қазірдің өзінде 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн оқыту әдістерін меңгеріп, сапалы 35 авторлық курс әзірлеуге қатысты. Бұл тәсіл жасанды интеллект саласындағы білімге қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай студенттерді өзгермелі еңбек нарығының талаптарына жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақстанның нәтижесі цифрлық оқытудың белсенді пайдаланушылары арасында жасанды интеллект саласындағы техникалық құзыреттерге ғана емес, оларды іс жүзінде тиімді қолдануға қажетті дағдыларға да тұрақты қызығушылық бар екенін көрсетеді. Жасанды интеллект білім беру үдерісіне, кәсіби қызметке және күнделікті жұмыс міндеттеріне кеңінен еніп жатқан қазіргі жағдайда мұндай дағдыларды қатар дамыту айрықша маңызға ие.

Бұл ретте AI-Human Skills Synergy Index көрсеткіштерін оның әдістемелік ерекшеліктерін ескере отырып қарастырған жөн. Coursera деректері негізінен платформа пайдаланушыларының білім алуға қатысты белсенділігін көрсетеді және елдегі барлық халықтың дағдылар деңгейін тікелей сипаттамайды. Сондықтан Қазақстанның нәтижесі цифрлық оқытуға қатысушылар арасында AI және адами дағдылардың даму динамикасын көрсететін халықаралық көрсеткіш әрі құзыреттерді дамытудағы жаһандық үрдістерді бағалаудың қосымша құралы.

Қазақстан прокуратурасының делегациясы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысты

Қазақстан прокуратурасының делегациясы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысты
 
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының делегациясы Бас прокурор Берік Асыловтың басшылығымен Қазанда өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің 36-шы отырысына қатысты.

Отырыста Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның қадағалау органдарының басшылары активтерді іздеу және шетелден қайтару саласындағы заманауи сын-қатерлер мен жаңа шешімдерді, сонымен бірге халықаралық құқықтық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Қылмысқа қарсы күрес саласындағы халықаралық шарттарды қолдану, бірлескен бағдарламаларды іске асыру және прокуратура органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасу жүргізілді.

Өз сөзінде қазақстандық қадағалау органының басшысы активтерді қайтару саласындағы жұмыстың нәтижелерін атап өтіп, соңғы 3 жылда мемлекетке 2,8 млрд АҚШ доллары көлемінде активтер қайтарылғанын, олар денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және білім беру салаларын қоса алғанда, 466 әлеуметтік және коммуналдық объектінің құрылысына бағытталғанын атап өтті.

Отырыс қорытындысы бойынша заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірқатар құжатқа, оның ішінде терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұдан бөлек, өткен іс-шара аясында Қазақстан делегациясының басшысы Ресей, Беларусь және Қырғызстанның бас прокуратураларының басшылығымен екіжақты кездесулер өткізіп, олар барысында өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланды.

Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясының бас прокуратураларымен 2027–2028 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламаларына қол қойылды, олар прокурорлық қызметтің түрлі бағыттары бойынша бірлескен іс-шаралар өткізуді және тәжірибе алмасуды көздейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының және Қырғыз Республикасының бас прокуратуралары арасында активтерді қайтару саласындағы Серіктестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен жұмыстың практикалық тетіктерін дамыту көзделді.

🌐 https://t.me/GenPr

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑