Қазақстанда майлы дақылдардың 5 млн тоннадан астам рекордтық өнімі күтілуде
🌾 Қазақстанда егін жинау науқаны аяқталуға жақын: 23 млн тонна астық бастырылды, дәнді және бұршақты дақылдар алқаптарының 96%-ы жиналды. Майлы дақылдар өндірісі ерекше жоғары нәтижелерді көрсетіп отыр: бүгінгі күні өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есе көп майлы тұқымдар жиналды. Бұл туралы ҚР Үкіметінің отырысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов баяндады.
Вегетация кезеңіндегі күрделі климаттық жағдайларға және бидай егісінің алаңын 1,8 млн гектарға жоспарлы қысқартуға қарамастан, астықтың жалпы түсімі көпжылдық орташа деңгейден жоғары болады деп болжануда. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерден құрайды. Жоғары көрсеткіштер Алматы облысында – 53 ц/га, Түркістан облысында – 25,4 ц/га, Жамбыл облысында – 22,1 ц/га, Батыс Қазақстан облысында – 21,1 ц/га және Жетісу облысында – 27,1 ц/га деңгейінде тіркелді.
✔️ Вице-министрдің айтуынша, осы жылы астық сапасының жоғары екені байқалады: элеваторларға түскен бидайдың 72,4%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Жекелеген өңірлерде сапалық көрсеткіштер айтарлықтай жоғары. Мысалы, Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді. Қазақстандық астыққа деген жоғары сыртқы сұраныс та сақталуда. Осы жылдың қыркүйек айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,1 млн тонна құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 13%-ға жоғары.
«Майлы дақылдарды жинау жұмыстарының қарқыны да артып келеді. Бүгінгі таңда 3,7 млн тонна майлы дақыл тұқымы бастырылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 2,5 есе жоғары. Жинау қорытындысы бойынша майлы дақылдар тұқымының рекордтық өнімі – 5 млн тоннадан асады деп күтілуде», — деді Азат Сұлтанов.
Саланың оң нәтижелеріне аграрлық секторды мемлекеттік қаржыландыру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту және заманауи агротехнологияларды қолдану аясын кеңейту шаралары ықпал етуде. Осы жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 750 млрд теңгеге дейін, сонымен қатар жеңілдетілген лизинг көлемін 350 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда.
Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа егінді қабылдауға арналған элеваторлық инфрақұрылымның дайындығын қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
❗️Сондай-ақ қант қызылшасын өңдеу мәселесі де көтерілді. Бүгінде төрт қант зауыты іске қосылды. Оның ішінде Жамбыл облысындағы кәсіпорында қызылшаны өңдейтін жаңа желі жұмыс істей бастады. Премьер-министр қант қызылшасын өңдеу кезінде жыл сайын туындайтын мәселелерге жол бермеудің маңыздылығын атап өтіп, бұл мәселені бақылауға алуды тапсырды.
Қазақстандық тауарлардың міндетті үлесі бойынша жаңа талаптар сауда желілері үшін күшіне енеді
Отандық тауар өндірушілер еліміздегі дүкендердің сөрелерінде басымдыққа ие болады. Бұл туралы Үкімет отырысында сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді. Оның айтуынша, сауда нүктелерінің иелері үшін жаңа талаптар жергілікті өнімді ілгерілету жөніндегі шаралар кешені аясында қабылданып отыр.
«20 қазаннан бастап әрбір тауар санаты мен кіші санатында отандық тауарлардың міндетті үлесінің болуы жөніндегі жаңа талаптар күшіне енеді. Сауда желілерімен қазақстандық өнімді ілгерілету бойынша 72 меморандум жасалды», — деді министр.
✔️Тоғыз айдың қорытындысы бойынша еліміздегі сауда көлемі 61 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштерден 16%-ға артық. Мұндағы негізгі көлем көтерме саудада 40,7 трлн теңге, ал бөлшек саудада 20,5 трлн теңге болды.
Тауарлар еліміздің бес аймағында көбірек сатылған және сатып алынған, олар бүкіл сауда айналымының 70%-дан астамын құрайды. Бұл тізімге Алматы, Астана, Шымкент, сондай-ақ Атырау және Қарағанды облыстары кіреді.
🔺Сонымен қатар, олардың көп бөлігі автомобиль, тұрмыстық техника, фармацевтикалық өнімдер, сусындар, тамақ өнімдері және құрылыс материалдары сынды жоғары өңделген тауарлардан тұрады.
Сонымен қатар, жыл басынан бері республикада «Дала дәмі» ортақ атауымен 5,6 мың ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
❗️Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарықтарға анағұрлым белсенді шығуының маңыздылығын атап өтті. Ішкі нарықтың сыйымдылығын ескерсек, өндірістің одан әрі артуы мен экономикалық өсім көбінесе экспорт көлемінің ұлғаюына байланысты. Осыған байланысты отандық өнімді шетелде ілгерілету, жаңа өткізу нарықтарын игеру және экспорттық жеткізілімдер географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жандандыру тапсырылды.
1 800 шақырым, 59 ауыл, 5 мың жас: «Таза Qazaqstan» эстафетасы Ақмоладан басталды
Бірі жол жиегіндегі қоқысты жинаса, енді бірі ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдап, тарихи орындарды вандализмнен қорғауға атсалысады.Бүгін 5 мыңға жуық жасты ортақ мақсатқа жұмылдырған «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы Ақмола облысындағы Қоянды ауылы маңынан жолға шықты. 13-16 қазан аралығында Астана – Өскемен бағытымен өтетін бастама төрт облыстың 10 ауданы мен 59 ауылын қамтып, 1 800 шақырымға жуық жол бойын тазартуды көздейді. Экологиялық акциямен шектелмейтін бұл сапар аясында қоғамдық қабылдаулар, жастар кездесулері мен спорттық іс-шаралар да ұйымдастырылмақ. Тазалық жол жиегінен емес, санадан басталады. Туған жердің тазалығы – тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес, әр азаматтың ортақ жауапкершілігі. Осы ұстанымды негізге алған «Таза Qazaqstan» жалпыұлттық акциясы аясында «Әділет» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты биыл үшінші жыл қатарынан Road-эстафетасын ұйымдастырып отыр. Биылғы сапардың алғашқы аялдамасы – Ақмола облысының Қоянды ауылы маңындағы кемпинг алаңынан бастау алды. Эстафетаның ашылу салтанатына «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев, «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов және жастар қатысты. Жиында Ержан Жылқыбаев табиғатқа жанашырлықпен қарау халқымыздың бойына сіңген қасиет екенін айтып, туған жерге қамқорлық таныту күнделікті әрекеттен көрінуі керектігін атап өтті.
– Қоғамдағы өзгеріс әрқайсымыздың ісімізден басталады. Туған жерге қамқорлық таныту күнделікті ісімізден көрінуі керек, – деп атап өтті Ержан Жылқыбаев. Партия өкілі экологиялық жобаларға жастарды кеңінен тарту, еріктілер қозғалысын дамыту және қоршаған ортаны таза ұстау мәдениетін қалыптастыруға басымдық берілетінін жеткізді. Ал Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану елдің экологиялық саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Бұл іске мемлекеттік органдармен қатар қоғамның әр мүшесі де үлес қосуы қажет. Астана – Өскемен бағытындағы эстафета Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумағымен өтеді. Төрт күн ішінде жол бойындағы 1 800 шақырымға жуық аумақты қоқыстан тазарту жоспарланған. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бастамаға 5 мыңға жуық жас қатысып, 10 аудан мен 59 ауылда түрлі іс-шара өткізеді.Дегенмен эстафетаның мақсаты жол жиегін тазартумен ғана шектелмек емес. Жоба экологиялық акциялар, ауыл тұрғындарымен кездесулер, Құрылтай депутаттарының қатысуымен қоғамдық қабылдаулар, жастармен пікір алмасу және тарихи-мәдени мұраны вандализмнен қорғау сияқты бес бірдей бағытты біріктірмек. Бұған қоса, «Чемпиондық рух» жобасы аясында спорттық іс-шаралар өткізіледі. «Жастар Рухы» жастар қанаты төрағасының міндетін атқарушы Ержан Хамитов бастаманың жастарды ортақ іске жұмылдырып, экологиялық жауапкершілікті нақты әрекет арқылы көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты. – Таза Қазақстан – жасампаз ұлттың ортақ ісі. Ал тазалық, ең алдымен, сана тазалығынан басталады. «Әділет» жастары үшін туған жердің тазалығын сақтау, табиғи және тарихи-мәдени мұраны қорғау – жай ғана акцияға қатысу емес, азаматтық жауапкершіліктің көрінісі», – деді ол. Қоғамдық қабылдаулар кезінде ауыл тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, депутаттар мен тиісті сала өкілдеріне ұсыныстарын жеткізе алады. Ал жастар кездесулері жергілікті бастамаларды талқылауға және қоғамдық белсенділікті арттыруға бағытталған. Баянауыл мен Жидебайда тарихи мұраға назар аударылады Эстафетаның маңызды бағыттарының бірі – табиғи және тарихи-мәдени нысандарды қорғау. Павлодар облысындағы Баянауылдың көрікті жерлері – Кемпіртас пен Қоңырәулие аумақтарында «Вандализмге жол жоқ!» акцияларын өткізу жоспарланған. Мұндағы мақсат – бірегей табиғи нысандарды бүлдірмеу мәдениетін қалыптастырып, оларды сақтаудың маңызын түсіндіру. Абай облысында да тарихи мұраға құрмет көрсетуге басымдық беріледі. Жидебай-Бөрілі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы аумағында тазалық жұмыстары жүргізіліп, Абай мен Шәкәрім кесенелері маңын күтіп ұстауға үлес қосу көзделген. Сонымен қатар Қарауыл ауданындағы Орталық саябақта ағаш отырғызу және экологиялық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тарихи орындарды ретке келтіру ғана емес, жас ұрпақтың ұлттық мұраға құрметін арттырып, табиғи байлыққа жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру. «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасының тағы бір бағыты – «Чемпиондық рух» жобасы аясындағы спорттық іс-шаралар. Олар жастарды салауатты өмір салтына баулып, командалық рухты нығайтуға бағытталған. Осылайша, бір бағытта жол бойындағы қоқыс жиналып, екінші бағытта ауыл тұрғындарының мәселелері тыңдалады, ал спорттық және ағартушылық кездесулер жастардың белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба қоршаған ортаны қорғауды қоғамдық өмірдің басқа салаларымен ұштастырып отыр. Үш жылда 300 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге жіберілген «Таза Qazaqstan» Road-эстафетасы алғаш рет 2024 жылы ұйымдастырылды. Сол жылы Астана – Алматы бағыты бойынша жол бойындағы 1 200 шақырымға жуық аумақ тазартылды. 2025 жылы эстафета Алматы, Жамбыл және Шымкент қалаларын, сондай-ақ Түркістан мен Қызылорда облыстарын қамтып, тағы 1 200 шақырымға жуық жол бойын тазартуға бағытталды. Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, алғашқы екі жылда шамамен 2 500 шақырым жол қамтылып, 300 тоннадан астам қоқыс қайта өңдеуге жіберілген. Биыл үшінші жыл қатарынан қолға алынған бастама географиясын кеңейтіп, Астана – Өскемен бағытына ойысты. Бұл жолы ұйымдастырушылар экологиялық жұмыстармен қатар, ауылдардағы қоғамдық диалогты дамытуға, тарихи орындарды қорғауға және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға мән беріп отыр. Қояндыдан басталған сапардың алдында Ержан Жылқыбаев жастарға жол қауіпсіздігін сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп, барған жерлерінде пайдалы істер атқаруды тапсырды. Расында, табиғатты қорғау бір күндік акциямен шектелмеуі керек. Қоқысты белгіленген орынға тастау, тарихи нысандарды бүлдірмеу, қоғамдық кеңістіктерді таза ұстау – күнделікті дағдыға айналғанда ғана қоршаған ортаның жағдайы өзгереді. Ал мыңдаған жасты ортақ іске жұмылдырған эстафета осы жауапкершілікті нақты әрекетпен көрсетуге мүмкіндік береді. Төрт облысты жалғайтын бұл сапардың нәтижесі тазартылған шақырымдармен ғана өлшенбейді. Оның маңызы – туған жерге жанашырлықты сөзден іске айналдырып, табиғатты қорғауды ортақ міндет ретінде орнықтыруында болса керек.
2026 жылдың 9 айында мемлекеттік бюджеттің кірісі 20 трлн теңгеден асып, 16,3%-ға өсті
Қаржы министрі Мәди Такиев Үкімет отырысында мемлекеттік бюджетің кіріс бөлігінің атқарылуы туралы баяндады.
⏺Оның айтуынша, 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру қамтамасыз етілді, өңірлерге және экономиканың нақты секторына қолдау көрсетілді. Бюджеттік түсімдердің өсуімен қатар инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және мемлекеттік шығыстарды бақылау үшін цифрлық құралдарды енгізу жалғасуда.
«Трансферттерді есептемегенде мемлекеттік бюджеттің кірісі 20,2 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда түсімдер 16,3%-ға немесе 2,8 трлн теңгеге өсті. Бұл ретте, өткен жылмен салыстырғанда салық түсімдері 3 трлн теңгеге өсті, өсу қарқыны – 130,3%», — деп баяндады Мәди Такиев.
Сонымен бір мезгілде бизнеске ҚҚС-ты қайтару шарасы да жүзеге асырылды: есепті кезеңде 2025 жылдың тоғыз айындағы 988 млрд теңгемен салыстырғанда 811,5 млрд теңге ҚҚС қайтарылды. Кедендік төлемдер бір жыл бұрынғы 3,2 трлн теңгемен салыстырғанда 706 млрд теңгеге өсіп, 3,9 трлн теңгені құрады. Үшінші елдермен тауар айналымы 14,3%-ға, оның ішінде экспорт 22,5%-ға, импорт 1,4%-ға, ал ЕАЭО елдерінен импорт 11,5%-ға өсті.
Мемлекеттік бюджет шығыстары 26,2 трлн теңгені құрады. Атап айтқанда, республикалық бюджеттен 5,3 трлн теңге зейнетақы мен жәрдемақыға, 4,4 трлн теңге өңірлерді қолдауға, 2 трлн теңге нақты секторды қолдауға бағытталды.
❗️Мемлекеттік шығындарды бақылауды цифрландыруға ерекше назар аударылуда. Мониторингті күшейту және әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне антифрод-бақылау енгізу шараларының арқасында 9 ай ішінде 23,4 млрд теңге қаржылай шығынға жол берілген жоқ. 6 634 мектепті цифрлық қаржыландыру жүйесіне көшіру тағы 34 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді.
Үкімет отырысында осы жылдың 9 айындағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралады
📍Үкімет отырысында 2026 жылдың тоғыз айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы қаралады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық өсу және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Үкіметке экономиканың орнықты әрі сапалы дамуын қамтамасыз ету үшін барынша белсенді жұмыс істеуді тапсырды», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиында қаржы-экономикалық блокқа қарасты министрліктердің басшылары баяндама жасады. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындылары бойынша ЖІӨ өсімі 4,2%-ды құрады. Өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік қызметтерінде дамудың ең жоғары қарқынын көрсетуде, сондай-ақ сауда, ауыл шаруашылығы және байланыс саласында оң динамика қалыптасып отыр.
Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ өсімі 4,2%-ды құрады
🔺Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында осы жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму туралы баяндады. Оның деректері бойынша өсім шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, бағалау бойынша 5,4%-ға өсті.
«Қазақстан экономикасы өсуін жалғастыруда және оң динамиканы көрсетуде. Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 4,2%-ды құрады. Экономиканың өсуі шикізатқа қатысты емес сектор есебінен қамтамасыз етілді, ол бағалау бойынша 5,4%-ға өсті. Салалар арасында құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, көлік қызметтері және сауда ең жоғары қарқын көрсетуде. Осы салалардың жалпы ішкі өнімнің өсуіне қосқан жиынтық үлесі 75%-дан асады», — деп атап өтті вице-премьер.
✔️Серік Жұманғарин экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандырудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім құрылымындағы мұнай өндіру үлесі 7,8%-ға дейін қысқарғанын атап өтті. Осы жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің үлесі 14,1%-ға дейін ұлғайды, ал тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ды құрады.
Мирас Төлебаев: Қазақстандағы ішкі туризм көлемі 84,4%-ға өсті
Соңғы жеті жылда Қазақстанның ішкі туризмі келушілер саны бойынша 84,4%-ға өсті. Елімізде жаңа әуежайлар салынып, теміржол вокзалдары жаңартылды. Заманауи қонақүйлер ашылып, нарыққа халықаралық желілер мен отандық жаңа брендтер келіп жатыр. Тұрғындар ел ішінде демалуды жиі таңдай бастаған.
Ал туристік сала экономиканың маңызды бөлігіне айналып келеді. Осы жылдар ішінде не өзгерді және әлі де қандай түйткілдерді шешу қажет? Бұл туралы бізге Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев айтып берді.
– Мирас Қалиұлы, жеті жыл ішінде елімізде туристік сала қаншалықты өзгерді?
– Меніңше, бұл өзгерістер Қазақстан бойынша саяхаттайтын кез келген адамға байқалады. Бүгінде демалуға арналған мүмкіндіктер әлдеқайда көп: жаңа қонақүйлер, демалыс базалары, қызықты маршруттар пайда болып жатыр, сервис дамып келеді. Бұл сандармен де расталады. 2019 жылы орындарды орналастыру қызметтерін 4,7 млн ішкі турист пайдаланған. 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 8,66 млн адамға жетті. Олай болса, жеті жыл ішінде өсім 84,4%-ды құрады. Жалпы, өткен жылы қонақүйлер, демалыс базалары және басқа да орналастыру объектілері шетелдік қонақтарды қосқанда 10,09 млн келушіге қызмет көрсетті. Оң динамика биыл да сақталып отыр. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында орналастыру орындарының қызметін 4,77 млн адам пайдаланса, оның 4,13 млн-ы – ішкі туристер. Алайда біз үшін тек туристік ағын көрсеткіштері маңызды емес. Жеті жыл ішінде туристік саладан түсетін салық түсімдері 160-тан 630 млрд теңгеге дейін, ал бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 460-тан 650 мың адамға дейін артты. Яғни, бүгінгі туризм – бұл тек демалыс пен саяхат қана емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, бизнесті дамыту және өңірлерге арналған қосымша кіріс көзі. – Тұрғындар ел ішінде жиі саяхаттай бастады. Ал қонақүй бизнесі мұндай сұранысқа ілесіп үлгеріп жатыр ма?
– Соңғы жылдары қонақүй нарығы шынымен де айтарлықтай өсті. 2019 жылы Қазақстанда 3 592 орналастыру нысаны болса, 2025 жылдың соңына қарай олардың саны 4 482-ге жетті. Бұл – бұрынғыдан соңғы көрсеткішке қарағанда 25%-ға дерлік артық. Сонымен қатар қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының сыйымдылығы 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін көбейді. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елде жалпы сыйымдылығы 243 мыңға жуық төсек-орынды құрайтын 4 687 нысан жұмыс істеді. Мұнда тек саны емес, нарықтың өзі де өзгеріп жатыр. Қазақстанда Hilton, Marriott, Accor және басқа да халықаралық қонақүй желілері кеңейіп жатыр. Заманауи қалалық отельдерден бастап қала сыртындағы кешендер мен глэмпингтерге дейінгі жаңа орналастыру форматтары пайда болуда. Туристер үшін бұл – үлкен таңдау деген сөз. Ал нарық үшін – жоғары бәсекелестік пен қызмет көрсетудің жаңа стандарттары. Отандық компаниялардың дамуы да қуантады. Бүгінде бізде мейрамхана бизнесі саласында қызықты жобалар пайда болды. Мысалы, Pana Asia, Sun Group Asia, Auyl және өз тұжырымдамаларын ұсынып, қонақжайлық мәдениетін дамытып жатқан өзге де қазақстандық брендтерді атауға болады. Бұл – елде сапа тұрғысынан бәсекеге түсе алатын және қызықты өнімдер жасай алатын өз индустриямыздың қалыптасып келе жатқанының жақсы көрсеткіші.
– Ал туризм саласы инвесторлар үшін қаншалықты тартымды бола түсті? Нақты сезілетін экономикалық нәтиже бар ма?
– Бизнестің туризмге деген қызығушылығы шынымен де артып келеді және бұл инвестициядан айқын көрінеді. 2019 жылы салаға 502 млрд теңге салынса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 1,26 трлн теңгеге жетті. Яғни, жеті жыл ішінде инвестиция көлемі 2,5 есе өсті. Тек өткен жылдың өзінде жалпы құны 345 млрд теңгені құрайтын 95 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылды. Орналастыру нысандарының табысы да артып келеді. 2019 жылы олар көрсеткен қызметтер көлемі 121 млрд теңге болса, 2025 жылы 350,6 млрд теңгеге жетті. Бұл – іс жүзінде үш еселік өсім. Ең маңыздысы – туризм тек қонақүйлерге ғана емес, басқа салаларға да табыс әкеледі. Демалушы адам көлікпен жүреді, дәмханаларға барады, жергілікті өнімдерді сатып алады, экскурсияларға тапсырыс береді. Сондықтан туризмді дамыту әсіресе өңірлер үшін өте маңызды. Тіпті бір жаңа туристік нысанның өзі жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кәсіпкерлердің қызметіне қосымша сұраныс тудыра алады.
– Сонымен қатар қонақүй ашу немесе туристік кешен салу – арзан шаруа емес. Мемлекет бизнеске қалай көмектеседі?
– Бұл шынымен де мол шығынды талап ететін жобалар, әсіресе ірі қалалардан тыс, инженерлік желілері дамымаған жерлердегі құрылыс туралы айтатын болсақ. Сондықтан Қазақстанда туристік бизнесті мемлекеттік қолдаудың жеті шарасы қолданылады. Олар туристік нысандарды салу мен реконструкциялауға, жол бойындағы сервисті дамытуға, туристік автобустар мен тау-шаңғы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуді, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды күтіп ұстауды субсидиялауды қарастырады. Бұдан бөлек, кәсіпкерлер «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген қаржыландыру құралдарын, соның ішінде шағын және орта бизнестің инвестициялық жобаларын қолдайтын «Өрлеу» бағдарламасын пайдалана алады. Инвесторлар үшін инвестициялық келісімшарттар мен келісімдер шеңберінде жеңілдіктер де қарастырылған. Жобаның шартына байланысты бұл салықтық және кедендік жеңілдіктер, мемлекеттік заттай гранттар және басқа да құралдар болуы мүмкін. Инфрақұрылым мәселесінде де маңызды өзгерістер бар. Енді жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден тыс жерлерде және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік нысандарға дейін инженерлік желілерді жобалауға, салуға және оларға қызмет көрсетуге құқылы. Бұл әсіресе ұлттық парктер мен шалғайдағы туристік аймақтар үшін маңызды. Егер инвестор сапалы нысан салуға дайын болғанымен, электр қуатының, судың немесе жолдың болмауы үлкен кедергіге айналатын сәттер кездесетін. Сондықтан біздің міндетіміз – бизнеске тек қаржылай қолдау көрсету емес, жаңа жобалар нақты жұмыс істей алатын жағдай жасауға көмектесу.
– Көптеген туристер Қазақстандағы демалыстың басты түйткілі – межелі жерге жетудің қиындығы екенін айтады. Бұл бағытта не өзгеріп жатыр?
– Келісемін, көлік қолжетімділігі – түйінді мәселелердің бірі. Елімізде көрікті жерлер көп, бірақ олардың бәріне бірдей жылдам әрі ыңғайлы жету мүмкін емес. Сондықтан қазір бұл жағдайды өзгертуге бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кендірлі, Катонқарағай және Зайсан туристік аймақтарында үш жаңа әуежай салынып жатыр. Кендірлі әуежайы Каспий теңізінің жағалауына қатынайтын жолды жақсартуға және Маңғыстау облысындағы курорттық аймақты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады. Катонқарағай мен Зайсан әуежайлары Шығыс Қазақстанның табиғи көрікті жерлерін қолжетімді ете түседі. Бұл экологиялық туризмді дамыту үшін өте маңызды. Сонымен қатар қолданыстағы әуежайлар да модернизацияланып жатыр. Соңғы жылдары Алматы, Қызылорда және Шымкент қалаларында жаңа терминал кешендері бой көтерді. Телекоммуникация мен теміржолда да үлкен жұмыс жүргізіліп жатыр. Елде 124 теміржол вокзалын қайта жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2026 жылғы тамыздағы мәліметтерге сәйкес, 72 нысанда жұмыстар аяқталды. Ғимараттар, күту залдары, платформалар, навигация жүйелері жаңартылып, жолаушылар үшін жайлы жағдай жасалып жатыр. Бұдан бөлек, 2026 жылы Балқаш, Үржар және Үшарал бағыттары бойынша әуерейстерді субсидиялау қарастырылған. Бұл Балқаш пен Алакөл көлдерінде демалуды жоспарлағандар үшін өте маңызды. Түптеп келгенде, біз Қазақстан бойынша саяхаттың жолдағы қиындықтардан емес, жайлы сапардан басталғанын қалаймыз.
– Ал туристік өңірлердің өзінде не өзгеріп жатыр? Өйткені жайлы демалыс тек қонақүй мен жолдан тұрмайды ғой.
– Әрине. Турист үшін барған жерінде қарапайым қолайлы жағдайлардың болуы маңызды: таза жағажай, санитарлық тораптар, түсінікті навигация, ақпарат пен көмек алу мүмкіндігі. 2021–2025 жылдары Қазақстанда 483 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды. Тек соңғы жылдың өзінде курорттық дестинацияларда 10-ға жуық жағажай аймағы абаттандырылды. Бүгінде елде 23 визит-орталық пен 11 туристік ақпараттық орталық жұмыс істейді. Мұнымен қоса, 10 негізгі өңірде дербес туризм басқармалары құрылды. Жеке мәселе – қауіпсіздік. 2019 жылдан бастап Қазақстанда туристік полиция жұмыс істейді. Оның қызметкерлері саяхатшыларға көмектеседі, қонақтарға кеңес береді және танымал туристік орындарда тәртіпті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар қазақстандықтардың табиғатта демалуды жиілеткенін де байқап отырмыз. Егер 2019 жылы ұлттық табиғи парктерге 1,38 млн адам барса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 3,6 млн-ға жетті. Бұл – 2,6 еселік өсім. Сондықтан жаңа бағыттарды дамытып қана қоймай, табиғатты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және келушілерге қолайлы жағдай жасау маңызды. Биыл сондай-ақ 18 жасқа дейінгі балаларға ұлттық табиғи парктерге тегін кіруді, гидтердің қызметін реттеуді жетілдіруді және туристік автобустар үшін «жасыл дәлізді» енгізуді қарастыратын заңнамалық өзгерістер қабылданды.
– Қазір Қазақстанда фестивальдар, концерттер мен гастрономиялық шаралар жиі өтеді. Олар туризмнің дамуына қаншалықты әсер етеді?
– Бүгінде адамдар тек көрікті жерлерді тамашалау үшін емес, әсер алу үшін де саяхаттайды. Ірі концерттер мен фестивальдардың Қазақстанға келуге өз алдына бөлек себепке айналып жатқанын көріп отырмыз. Әлемдік жұлдыздардың өнер көрсетуі – мұның жақсы мысалы. 2025 жылы Қазақстан Дженнифер Лопес пен Backstreet Boys тобын қабылдады. Музыкалық шараларда сонымен бірге Робби Уильямс, Алан Уокер және Крейг Дэвид өнер көрсетті. 2026 жылы концерттік афиша одан да мазмұнды бола түсті. Халықаралық әртістердің арасында – Deep Purple, Megadeth, Рики Мартин және Энрике Иглесиас бар. Мұндай оқиғалар тек қазақстандықтардың емес, шетелдік қонақтардың да назарын аударады. Көпшілігі арнайы концертке келіп, сонымен бірге қаламен танысады, мейрамханаларға, көрікті жерлерге барып, бірнеше күнге аялдайды. Сондықтан ірі концерттердің әсері іс-шара өтетін алаңның шеңберінен әлдеқайда алшақтайды. Қонақтардың қосымша ағынына қонақүйлер, мейрамханалар, көлік компаниялары және бизнестің басқа да өкілдері ие болады. Бұл ретте біз тек концерттік қана емес, жалпы оқиғалық туризмді дамытып жатырмыз. 2026 жылы министрліктің үйлестіруімен 55 ірі іс-шара жоспарланған. Олардың ішінде 43-і өтіп, 1 млн-нан астам қатысушының басын қосты. Ақпараттық қамту 250 млн пайдаланушыдан асты. Бұл – қонақтарды өңірлеріміздің дәстүрлерімен және ерекшеліктерімен таныстыратын музыкалық фестивальдар, гастрономиялық мерекелер мен мәдени оқиғалар. Біз үшін әрбір өңірдің адамдар арнайы жоспарлап келетіндей өзіндік танымал іс-шараларының болуы маңызды. Елімізде қызықты оқиғалар неғұрлым көп өтсе, туристердің бізге келуіне және қайта айналып соғуына соғұрлым көп себеп болады.
– Жаңа қонақүйлер, мейрамханалар, туристік кешендер мамандарды талап етеді. Қазақстанда кәсіби кадрлар жеткілікті ме?
– Бұл ең маңызды мәселелердің бірі. Әдемі отель салып, заманауи жабдықтар сатып алуға болады, бірақ қонақтың әсері оны қарсы алатын және қызмет көрсететін адамдарға байланысты. Бүгінде Қазақстанның 60-тан астам жоғары оқу орны туризм саласы үшін мамандар даярлайды. Жалпы алғанда, бейінді бағыттар бойынша 15 мыңнан астам студент білім алып жатыр. Соңғы жылдары туристік білім беру мүмкіндіктері кеңейді. Түркістанда Қазақстандағы осы бағыттағы алғашқы мамандандырылған жоғары оқу орны – Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ашылуы маңызды қадам болды. Бүгінде мұнда 2 772 студент пен магистрант білім алып жатыр. Университет қонақүй және мейрамхана бизнесі, туристік компаниялар және меймандостық индустриясының басқа да бағыттары үшін мамандар даярлайды. Біз үшін түлектердің салаға тек дипломмен ғана емес, практикалық дағдылармен, тілдерді меңгерумен және қызмет көрсетудің заманауи стандарттарын түсінумен келгені маңызды. Өйткені турист сапардың кейбір егжей-тегжейін ұмытуы мүмкін, бірақ жақсы қарым-қатынас пен сапалы сервис ұзақ уақыт бойы есінде қалады.
– Соңғы жеті жылдың нәтижелеріне қарасақ, Қазақстан халықаралық туристік картада қаншалықты алға жылжыды? Және әлі де не істелуі керек?
– Меніңше, бұл жерде тек өзіміздің ішкі көрсеткіштерімізге ғана емес, халықаралық бағалауларға да қарау маңызды. Мысалы, 2024 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамыту индексінде бірден 14 сатыға көтеріліп, 119 елдің ішінде 52-орынға ие болды. Рейтингтің алдыңғы шығарылымында біз 66-позицияда болған едік. Бұл туристік саладағы өзгерістердің халықаралық бағалаулардан да көрініс табатынын білдіреді. Дегенмен, алда әлі де ауқымды жұмыстар тұрғанын түсінеміз. Инфрақұрылым, көлік қолжетімділігі, сервис сапасы және жекелеген туристік аумақтарды дамыту бойынша әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Қазақстанның Ұлттық даму жоспарына сәйкес, 2029 жылға қарай орналастыру орындарының қызметтерін пайдаланатын ішкі туристер саны 11 млн адамға жетуге тиіс. Ол үшін Туристік саланы дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жаңартылды, ол алты бағыт бойынша 66 іс-шараны қарастырады. Біз цифрландыруға да баса назар аударамыз. Келешекте туристік ағындарды нақтырақ есепке алу үшін мобильді операторлардың деректерін пайдалану жоспарлануда. Бұл қай бағыттардың көбірек сұранысқа ие екенін және кай жерде инфрақұрылымды дамыту қажеттігін жақсырақ түсінуге көмектеседі. Осы жылдар ішінде көп нәрсе өзгерді. Қазақстандықтар өз елінде жиірек саяхаттай бастады, бизнес туризмге белсенді түрде қаржы салуда, демалыстың жаңа бағыттары пайда болуда. Алайда мен үшін туризм дамуының басты көрсеткіші – тек статистика емес. Ең бастысы – адамның демалыс орнына артық қиындықсыз жете алуы, сапалы сервис алуы, өзін қауіпсіз сезінуі және қайта айналып келгісі келуі. Бiздің көздейтініміз де – осы.
🇰🇿🇧🇪Қазақстан Президенті Бельгиялықтар Королімен және Патшайымымен бірге Ұлттық музейге барды
✔️Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп және Патшайым Матильдамен бірге Ұлттық музейді аралады.
✔️Мәртебелі меймандар музей кешенінің сәулеттік ерекшеліктерін және Ұлы даланың мәдени-тарихи мұрасын паш ететін экспозициялар кеңістігін тамашалады.
✔️Әсіресе, бірегей археологиялық қазбалар, ежелгі зергерлік өнер үлгілері, соның ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» мен Берел, Талды-2, Тақсай, Шілікті обаларынан шыққан алтын бұйымдар қойылған Алтын залына ерекше назар аударылды.
✔️Этнография залында қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмысымен, материалдық және рухани мәдениетімен танысты.
✔️Сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсор шығармаларының көрмесі ұсынылды.
✔️Бельгиялықтар Королі мен Патшайымы Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.
2026 жылдың қаңтар-маусымындағы Қазақстанның жалпы өңірлік өнімі 2026 жылғы қаңтар-маусымдағы өндіріс әдісімен ЖІӨ көлемі (есепті деректер бойынша) 71 215 382,4 млн. теңгені құрады.
Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда ЖІӨ нақты мәнде 4,1%-ға өсті.
Жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсу қарқынының ең жоғары көрсеткіштері Ұлытау (15,3%), Түркістан (13,3%) және Солтүстік Қазақстан (11,4%) облыстарында байқалды.
2026 жылғы қаңтар-маусымда ЖІӨ құрылымында ең үлкен үлесті Алматы қаласы (20,2%), Астана қаласы (12,5%) және Атырау облысы (11,7%) иеленді.
ЖІӨ өсіміне ең жоғары үлесті Алматы қаласы (0,68 п.т), Астана қаласы (0,62 п.т) және Алматы облысы (0,47 п.т) қосты.