Month: October 2026 (Page 25 of 37)

Зерендіде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар жаңа пәтерге көшті

Зерендіде тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар жаңа пәтерге көшті

Солардың бірі баспанасын 14 жыл күтсе, тағы бір отбасы үш жылдан кейін жаңа пәтерге көшті.

Жаңа үйлердің жылы әрі жайлылығына тұрғындар дән риза.

Өңірлердегі әлеуметтік нысандардың құрылысы туралы әр жұма 14:20-да «Qazaqstan» телеарнасынан көре аласыз.

Толығырақ: https://youtu.be/mi6UGYR3k-c

Жеті жылға дайджест. Қазақстан экономикасы қалай өзгерді?

Жеті жылға дайджест. Қазақстан экономикасы қалай өзгерді?
Қазақстан экономикасы соңғы жеті жылда айтарлықтай өзгерді. Елдің жалпы ішкі өнімі ұлғайып, жан басына шаққандағы табыс өсті. Шағын және орта бизнес экономиканың негізгі тіректерінің біріне айналды. Инвестиция көлемі артып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Ең бастысы, Қазақстан әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енді. Осы өзгерістердің ауқымын нақты сандар арқылы бағалап көруге болады.
Экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты
2018 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 61,8 триллион теңге болатын. Ал 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 159,6 триллион теңгеге жетті. Яғни жеті жыл ішінде экономиканың номиналды көлемі 2,6 есеге ұлғайды.
Доллармен есептегенде де өсім айтарлықтай. Қазақстан экономикасының көлемі 306 миллиард долларға жетіп, 2018 жылғы деңгейден 70,6 пайызға жоғары қалыптасты.
Бұл өзгерістер халықаралық рейтингтерден де көрініс тапты. Дүниежүзілік банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан әлемдегі ең ірі экономикалар рейтингінде 55-орыннан 48-орынға көтерілді. Осылайша еліміз жаһандық экономиканың алғашқы елу елінің қатарына қосылды.
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім де өсті. Егер 2018 жылы бұл көрсеткіш 9,8 мың доллар болса, 2025 жылы 15 мың долларға жетті. Өсім 52,9 пайызды құрады.
Бір қызығы, экономикалық өсім тек мұнай өндірісінің есебінен қалыптасқан жоқ. Соңғы жеті жылда құрылыстың көлемі 2,4 есеге ұлғайды. Өңдеу өнеркәсібі 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығы 25,6 пайызға, сауда 44,1 пайызға өсті. Байланыс қызметтерінің көлемі 56,4 пайызға, көлік қызметтері 38,4 пайызға артты.
Бұл сандар Қазақстан экономикасында нақты өндіріс пен қызмет көрсету салаларының да елеулі үлес қосып отырғанын көрсетеді.
Енді әрбір екінші жұмыс істейтін қазақстандық шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Соңғы жеті жылдың маңызды экономикалық өзгерістерінің бірі кәсіпкерліктің кеңеюі. 2018 жылы шағын және орта бизнес саласында шамамен 3,3 миллион адам еңбек етсе, бүгінде олардың саны 4,5 миллионнан асты. Жеті жылдағы өсім 36,7 пайызды құрады.
Қазір Қазақстандағы жұмыспен қамтылған халықтың 48,6 пайызы шағын және орта бизнес секторында еңбек етеді. Демек, еліміздегі әрбір екінші жұмыс орнына жуығын кәсіпкерлік қамтамасыз етіп отыр. Бұл саланың экономикадағы салмағы да күшейді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40,9 пайызға жетті. Жеті жылда көрсеткіш 9,2 пайыздық тармаққа өсті.
Елдегі жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2,2 миллионға жетті. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 63,5 пайызға көп. Ал олардың шығарған өнімінің көлемі 3,2 есеге көбейіп, 2025 жылы 104,8 триллион теңгені құрады.
Кәсіпкерлік құрылымында да назар аударарлық ерекшелік бар. Қазақстандағы шағын және орта бизнес субъектілерінің 48,1 пайызын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкерлер арасында бұл көрсеткіш тіпті 52,6 пайызға жеткен. Яғни кәсіпкерліктің дамуы тек экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, халықтың экономикалық белсенділігін де кеңейтіп отыр.
Кәсіпкерлікке 10,2 триллион теңгенің несиесі берілді. Бизнестің дамуына мемлекеттік қолдау бағдарламалары елеулі үлес қосты. 2019–2026 жылдар аралығында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының жеңілдетілген несие беру, субсидиялау және кепілдендіру құралдары арқылы 176 716 бизнес-жоба қамтылды. Осы жобаларға берілген несиелердің жалпы көлемі 10,2 триллион теңгені құрады. Мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысқан кәсіпорындар 2019–2025 жылдары шамамен 695 мың жұмыс орнын сақтап, қосымша 60,5 мың жаңа жұмыс орнын ашты. Олар 128 триллион теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке 8,5 триллион теңге салық төледі.
Қазақстанға 162 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды.
Экономиканың кеңеюінде инвестицияның орны ерекше. Қазақстанда негізгі капиталға салынған жылдық инвестициялар көлемі 12,6 триллион теңгеден 23,5 триллион теңгеге дейін өсті. Ал 2019 жылдан 2026 жылдың бірінші тоқсанына дейінгі кезеңде елге келген тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 162 миллиард доллардан асты.
Бұл қаражат өндіріс орындарын дамытуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, өнеркәсіп пен басқа да экономикалық салалардағы жобаларды іске асыруға мүмкіндік беретін маңызды қаржы көзі саналады. Осы жылдары Қазақстанның шикізаттық емес экспорты да едәуір ұлғайды. Оның көлемі 15,8 миллиард доллардан 28,8 миллиард долларға дейін жетіп, 1,8 есеге өсті.
Еңбек өнімділігі жалпы экономика бойынша 21,7 пайызға артты. Әсіресе, ауыл шаруашылығында өнімділік 66,3 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 32 пайызға көтерілді. Бұл экономикалық дамуды тек өндіріс көлемінің өсуімен емес, еңбек тиімділігінің жақсаруымен де бағалауға мүмкіндік беретін көрсеткіш.
Әлеуметтік төлемдер де ұлғайды.
Экономикалық өсімнің халыққа тікелей қатысты тұстарының бірі – әлеуметтік стандарттардың өзгеруі. Жеті жылда Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 85 мың теңгеге дейін өсіп, екі есеге артты. Ең төменгі зейнетақы 36,1 мың теңгеден 69 мың теңгеге дейін көбейді.
Әрине, әлеуметтік төлемдердің номиналды өсуі халықтың нақты сатып алу қабілеті де дәл сондай қарқынмен артты дегенді білдірмейді. Мұнда инфляцияның әсерін міндетті түрде ескеру қажет. Дегенмен ең төменгі әлеуметтік кепілдіктер көлемінің ұлғаюы – соңғы жеті жылдағы маңызды өзгерістердің бірі.
Жеті жылдағы экономикалық көрсеткіштер Қазақстанның даму ауқымы кеңейгенін көрсетеді. Жалпы ішкі өнім ұлғайды, кәсіпкерлік экономикадағы орнын нығайтты, инвестиция көлемі артты, жаңа жұмыс орындары құрылды.
Алайда келесі кезеңнің міндеттері бұрынғыдан күрделі болмақ. Енді экономикаға тек көлем жағынан өсу жеткіліксіз. Өнімділігі жоғары өндірістерді көбейту, шикізатқа тәуелділікті төмендету, сапалы жұмыс орындарын ашу, инвестицияның тиімділігін арттыру және халықтың нақты табысын өсіру алдыңғы қатарға шығуы тиіс.
Үкіметтің 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру бағдарламасында жыл сайынғы экономикалық өсімді кемінде 5 пайыз деңгейінде ұстап тұру және 2028 жылға қарай инфляцияны 5–7 пайызға дейін төмендету көзделген.
Қазақстан жеті жыл ішінде әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына қосылды. Ендігі үлкен мақсат – экономикалық ауқымды халықтың әл-ауқатына, жоғары өнімді еңбекке және тұрақты табысқа айналдыру. Өйткені экономиканың шынайы жетістігі оның қанша триллион теңгеге өскенімен ғана емес, сол өсімнің әрбір қазақстандықтың өміріне қаншалықты әсер еткенімен өлшенеді.

https://www.facebook.com/share/1DSr3QUvGd/?mibextid=wwXIfr

✍️ Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды

✍️ Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды
 
🔹Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясы 88-бабының 5 тармағына сәйкес Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебаймен консультация өткізгеннен кейін «Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы» Жарлыққа қол қойды.
 
🔹Орталық сайлау комиссиясына барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау, оның дайындығы мен өткізілуін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды қабылдау тапсырылды.

🔹Жарлық жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

t.me/aqorda_resmi

Тазалықтан басталған тағылым: Қосшыда республикалық айтыс өтті

Тазалықтан басталған тағылым: Қосшыда республикалық айтыс өтті
Қосшы қаласында «Тазалық – мәдениеттің бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы мен қаланың бес жылдығына арналған сөз додасында еліміздің әр өңірінен жиналған ақындар тазалық, туған жерге деген жауапкершілік пен қоғам мәдениеті тақырыптарын жырға қосты. Алты сағатқа жуық уақытқа созылған өнер сайысы көрерменге ұлттық сөз өнерінің тағылымын тағы бір мәрте танытты.
Тазалық ұғымы көбіне қоршаған ортаны күтіп ұстаумен байланыстырылғанымен, оның мәні әлдеқайда кең. Ол адамның ішкі мәдениетінен, қоғамдық ортаға құрметінен және туған жерінің тағдырына бейжай қарамауынан басталады. Айтыс барысында ақындар осы ойды өлеңмен өріп, тазалықты адамгершілік пен азаматтық жауапкершіліктің өлшемі ретінде көрсетті.
Қазақтың дәстүрлі өнерінде қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, елді ізгілікке үндеу айрықша орын алады. Бұл жолғы айтыста да қоғамдық орындарды таза ұстау, ортақ мүлікке ұқыпты қарау, адалдық пен өзара құрмет секілді құндылықтар сөз болды. Осы тұрғыдан алғанда, «Таза Қазақстан» бастамасының ұлттық өнермен сабақтасуы қоршаған ортаға жанашырлықты ғана емес, қоғамдық сананы қалыптастыруды да көздейді.
Өнер додасы Қосшы қаласының бес жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Қаланың дамуы мен рухани-мәдени өмірінің сабақтастығына Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дәуешев тоқталды.
«Қосшы қаласы биік ғимараттарымен ғана емес, осындай рухани-мәдени шаралар арқылы да көркейіп, дамуы керек. Бұл бағытта алдағы уақытта да көптеген жұмыс атқарылатын болады. Бүгінгі республикалық айтыс – соның айқын дәлелі», – деді ол.
Оның айтуынша, қаланың өркендеуі инфрақұрылымдық өзгерістермен ғана өлшенбейді. Рухани-мәдени шаралардың ұйымдастырылуы да тұрғындардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, қоғамдық өмірді жандандыруға ықпал етеді. Әсіресе жас қаланың мерейтойы аясында республикалық деңгейдегі айтыстың өтуі Қосшының мәдени кеңістігін кеңейте түседі.
Ал айтыскер ақын Мұхаммед Қонқаев тазалықты адамның ішкі мәдениетімен байланыстыра отырып, мұндай тақырыптардың өнер мінберіне шығуының маңызын атап өтті.
«Тазалық – тек қоршаған ортаны күтіп ұстау емес, ол адамның ішкі мәдениеті мен тәрбиесінен басталады. Осындай маңызды тақырыптың айтысқа арқау болуы – ұлттық өнер арқылы қоғамға ой салудың тиімді жолы», – деді ол.
Республикалық айтысқа еліміздің әр өңірінен он ақын қатысты. Олардың қатарында Қарағанды облысынан Бейбіт Байжігіт, Қызылорда облысынан Сырым Әділбек, Астанадан Мейірбек Сұлтанхан, Абай облысынан Рүстем Қайыртай, Шымкенттен Нұртілеу Төленбек, Ұлытау облысынан Сырым Нығызбай, Шығыс Қазақстан облысынан Айғаным Балғабай, Ақмола облысынан Мұхаммед Қонқаев пен Ерлан Дәулет және Қосшы қаласынан Сәттібек Серікболат болды.
Айтыстың тізгінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев ұстады. Ақындардың өнерін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Дәулеткерей Кәпұлы, Қойлыбай Асанов, Айтақын Бұлғақов және Мәдениет саласының үздіктері Құдайберлі Мырзабек пен Еркебұлан Қайназардан құралған қазылар алқасы бағалады.
Сахнада әр өңірдің өзіндік үні мен сөз саптауы тоғысып, ақындар тапқырлық пен суырыпсалмалықтың үлгісін көрсетті. Көрермен залы лық толып, жұртшылық алты сағатқа жуық уақыт бойы айтысты ықыласпен тамашалады. Бұл ұлттық өнердің бүгінгі қоғамда да маңызын жоғалтпағанын аңғартты.
Сөз сайысының қорытындысы бойынша бас жүлде Астанадан келген Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Бірінші орынды Мұхаммед Қонқаев, екінші орынды Сырым Әділбек, үшінші орынды Рүстем Қайыртай иеленді.
Бас жүлде иегері Мейірбек Сұлтанханға 1 миллион 500 мың теңге табысталды. Бірінші орын алған Мұхаммед Қонқаев 1 миллион теңге, екінші орын иегері Сырым Әділбек 700 мың теңге, үшінші орын алған Рүстем Қайыртай 500 мың теңге сыйақы алды. Қалған қатысушылардың әрқайсысына 300 мың теңгеден ынталандыру сыйлығы берілді.
«Тазалық – мәдениеттің бастауы» республикалық айтысы ұлттық өнер арқылы қоғамға маңызды ой салды. Қоршаған ортаны күтіп ұстау мен рухани құндылықтарды сақтау өзара тығыз байланысты. Екеуінің де негізінде құрмет, жауапкершілік және ортақ игілікке деген жанашырлық жатыр.
Қосшыдағы айтыстың негізгі тағылымы да осында: қаланың шынайы дамуы оның сыртқы келбетімен ғана емес, тұрғындарының мәдениетімен, рухани байлығымен және туған жер алдындағы жауапкершілігімен өлшенеді.

Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді

Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен консультациялар өткізді

🔹Мемлекет басшысы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізді.

🔹Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың заңды мүдделерін қамтамасыз ету, жергілікті бюджеттерді бекіту және өңірлердің дамуын бақылау үшін мәслихаттардың толыққанды жұмысының маңызды екенін атап өтті.

🔹Президент депутаттық корпусты жаңарту жергілікті өкілді органдардың қызметін едәуір күшейтетініне сенім білдірді.

🔹Қазақстан Республикасы Конституциясының 88-бабының 5-тармағына сәйкес жүргізілген консультациялар барысында Премьер-министр Олжас Бектенов пен Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қарастырылып отырған мәселеге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

🔹Кездесу қорытындысы бойынша Президент Конституцияның негізгі ережелеріне толық сәйкес және айтылған пікірлерді ескере отырып, түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты.

t.me/aqorda_resmi

🇰🇿🇧🇪Әуежай залында Қазақстан Президенті құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесті

🇰🇿🇧🇪Әуежай залында Қазақстан Президенті құрметті қонақтармен аз-кем әңгімелесті

Мемлекет басшысы Король мен Патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи мәнге ие екеніне назар аударды.

– Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады, – деді Президент.

🇧🇪Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі жоғары деңгейде өтетін келіссөздер табысты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудің маңызын атап өтті.

– Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін, – деді Король Филипп.

🇰🇿🇧🇪Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алды

🇰🇿🇧🇪Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайым Матильданы қарсы алды
 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Патшайым Матильданы елорда әуежайынан қарсы алды.

Қазақстан Республикасы Әскери әуе күштерінің ұшақтары мемлекет шекарасынан Астанаға дейін Король мен Патшайым мінген бортқа қапталдаса ұшты.

Мәртебелі меймандарды салтанатты түрде қарсы алу үшін ұшу алаңында Құрмет қарауылы ротасы мен Президенттік оркестр сап түзеді.

Конституция қолданыста: әлеуметтік бастамалар экологиялық жауапкершілік және Зеренді ауданының дамуы

Конституция қолданыста: әлеуметтік бастамалар, экологиялық жауапкершілік және Зеренді ауданының дамуы

Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің құқықтық негізін айқындайтын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін басты құжат. Оның қағидаттары әрбір адамның күнделікті өмірінен көрініс табады. Білім мен медициналық көмектің қолжетімділігі, ауылдық аумақтардың дамуы, елді мекендердің абаттандырылуы, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуы – Конституцияның өміршеңдігін айқындайтын маңызды бағыттар.

Зеренді ауданында да конституциялық құндылықтар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және туған өлкенің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған нақты істер арқылы жүзеге асуда.

Әлеуметтік мемлекет – адамға қамқорлық жасаудан басталады

Конституцияның негізгі қағидаттарының бірі – Қазақстан Республикасының әлеуметтік мемлекет ретінде орнығуы. Бұл, ең алдымен, адам өмірі мен денсаулығына, оның құқықтары мен бостандықтарына басымдық беруді, әрбір азаматтың сапалы білім алуына, медициналық көмекке қол жеткізуіне, еңбек етуіне және өзін-өзі дамытуына қажетті жағдайлар жасауды білдіреді.

Халқының едәуір бөлігі ауылдық жерлерде тұратын Зеренді ауданы үшін әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту айрықша маңызға ие. Білім беру, мәдениет және спорт нысандарын жаңғырту, жолдардың жағдайын жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар.

Ауылдық аумақтарды дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен бастамалар елді мекендердің әлеуетін арттыруға, әлеуметтік игіліктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге және ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жұмыстар жастардың туған жерінде білім алып, еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына да жол ашады.

Сонымен қатар жас ұрпақты қолдау, жастар бастамаларын дамыту, мәдени-көпшілік және спорттық іс-шараларды ұйымдастыру бағыттарына да ерекше мән беріледі. Өйткені білімді, белсенді әрі отаншыл жастардың қалыптасуына жағдай жасау – ауданның ғана емес, тұтас еліміздің болашағына салынған инвестиция.

Экологиялық жауапкершілік – туған өлкенің болашағына қосылған үлес

Табиғи байлықтарды сақтау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау – тұрақты дамудың маңызды шарттарының бірі. Орман-тоғайларымен, көркем көлдерімен және қайталанбас табиғи ландшафтарымен ерекшеленетін Зеренді ауданы үшін экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен табиғи мұраны келер ұрпаққа аман жеткізудің маңызы зор.

Осы бағытта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы ерекше мәнге ие. Бұл акция қоршаған ортаны қорғауға, елді мекендерді абаттандыруға және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Ауданда тазалық акциялары, сенбіліктер, көгалдандыру және аумақтарды абаттандыру жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Оларға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдары, жастар, еріктілер, ардагерлер және белсенді тұрғындар қатысады. Осындай ортақ іске жұмылу көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға ғана емес, азаматтардың туған жерге деген жауапкершілігін арттыруға да ықпал етеді.

Экологиялық мәдениет әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Өз ауласын таза ұстау, қоқысты белгіленген орындарға тастау, жасыл желекті қорғау және табиғи нысандарға жанашырлықпен қарау – ортақ міндеттің ажырамас бөлігі. Әрбір тұрғын қоршаған ортаның тазалығы өзіне де байланысты екенін түсінгенде ғана нақты әрі тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Осылайша, «Таза Қазақстан» бастамасы абаттандыру шараларымен шектелмей, қоғамда табиғатқа жанашырлықпен қарау мен азаматтық жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде.

«Заң мен тәртіп» – қоғамдық келісім мен қауіпсіздіктің негізі

Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтар заң талаптарын сақтау, өзге адамдардың құқықтарын құрметтеу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жауапкершілігімен тығыз байланысты. Сондықтан «Заң мен тәртіп» қағидатының құқықтық мәдениетті қалыптастырудағы және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі ерекше.

Зеренді ауданында тұрғындармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстар, жастармен кездесулер, ақпараттық-түсіндіру шаралары мен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Әсіресе нашақорлықтың, интернет-алаяқтықтың, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың және өзге де өзекті мәселелердің алдын алуға ерекше назар аударылады.

Мұндай жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қоғамдағы қауіпсіздік деңгейін нығайтуға бағытталған. Өйткені қоғамдық тәртіпті сақтау тек мемлекеттік органдардың ғана емес, әрбір азаматтың да жауапкершілігіне байланысты.

Ауданның тұрақты дамуы үшін тұрғындар мен жергілікті атқарушы және өкілді органдар арасындағы ашық диалогтың да маңызы зор. Халықтың ұсыныстарын тыңдау, өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау, қоғамдық бастамаларды қолдау және елді мекендердің даму жоспарларын ортақ қарастыру тұрғындардың нақты қажеттіліктерін ескеруге мүмкіндік береді.

Азаматтық белсенділік қоғамдық талқылауларға қатысумен ғана шектелмейді. Ол – туған ауылының дамуына үлес қосу, игі бастамаларды қолдау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау және ортақ іске жауапкершілікпен қарау.

Ортақ мақсат – ауданның тұрақты дамуының кепілі

Зеренді ауданының өркендеуі оның тұрғындарының адал еңбегімен, қоғамдық бірлестіктердің бастамашылдығымен, жастардың белсенділігімен және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылмен тығыз байланысты. Абаттандырылған әрбір қоғамдық кеңістіктің, өткізілген экологиялық акцияның, жүзеге асқан әлеуметтік жобаның артында туған өлкенің игілігіне бейжай қарамайтын азаматтардың еңбегі жатыр.

Конституция осындай өзара ынтымақтастықтың құқықтық негізін қалыптастырып, қоғамдық өмірдің басты қағидаттарын айқындайды. Алайда оның шынайы мәні осы қағидаттар нақты істерден көрініс тапқанда ашылады. Адамды құрметтеу, табиғатқа қамқорлық жасау, заң талаптарын сақтау, адал еңбек ету және қоғам игілігі үшін белсенділік таныту – конституциялық құндылықтардың күнделікті өмірдегі көрінісі.

Зеренді ауданының дамуы – баршамызға ортақ міндет. Әрбір тұрғын өз елді мекенінің өміріне белсенді араласып, туған жерінің көркеюіне үлес қосқан сайын оң өзгерістердің нәтижесі де айқындала түседі.

Конституцияның қолданыста болуы – халық игілігі үшін күнделікті еңбек ету, туған жерге қамқорлық таныту және болашаққа сеніммен қарау. Осындай нақты істер арқылы Зеренді ауданының әл-ауқаты артып, қоғамның бірлігі нығаяды және еліміздің тұрақты дамуына берік негіз қаланады.

« Older posts Newer posts »

© 2026 ЗЕРЕН

Theme by Anders Noren — Up ↑