Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Еңбек дегеніміз – бүкіл өмірді билеп тұрған патша, бұл – өмірдің арқауы. Өмір, бұл – ғажапқа толы сиқырлы әлем емес. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанның өсіп-өркендеуі әрқайсымыздың қаншалықты үлес қосатынымызға байланысты.
Президент: «Көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады»
📚 Мемлекет басшысы еңбекқор, білімге құштар, ізденімпаз ұрпақ тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
– Еңбексіз ешқандай табыс та, жетістік те болмайды. Бұл – өмірдің қағидасы, заңы. Өмір жолын тек жан-жақты дайындалған, біліммен қаруланған адам ғана еңсере алады. Осы қарапайым түсінікті балаларға түсіндіріп айту маңызды. Стратегиялық мақсатымыз – биік шыңдарға көз тігетін, бәсекеден тайсалмайтын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қоғамда жаңа этика қалыптасып келе жатқанын атап өтіп, тазалық, еңбекқорлық, адалдық және өзара сыйластық қасиеттерінің маңызын айтты.
– «Таза Қазақстан» акциясы жалпыұлттық сипат алып, еліміздің келбетіне және ең бастысы, азаматтарымыздың болмысына оң әсер ете бастады. Табиғатты аялау, жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекетіміздің конституциялық міндеті саналады. Осындай елдік маңызы зор іске сіздер, жалпы ұстаздар қауымы мол үлес қосып жатсыздар.
Себебі көзі ашық, көкірегі ояу, тәрбиелі, заңға бағынатын адал азаматтар ең алдымен мектептегі мұғалімнен тәлім алады. Сондықтан мен еліміздегі барша ұстазға шынайы ризашылығымды білдіремін. Ұстаздық еткен әр адамның ерен еңбегі зор құрметке лайық деп санаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Президент педагог мамандығын таңдаған жастар санының артып келе жатқанын атап өтті
📚 Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалім мамандығын таңдаған жастар қатарының көбеюін жақсы үрдіс деп бағалады.
Биыл 12 мыңнан астам түлек, оның ішінде 2 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекеттік грантқа ие болды. Педагогикалық бағыттағы студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе өсті. Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлерде 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды, олардың жартысына жуығы – жас мамандар.
– Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Білікті мұғалімді мықты мемлекеттің тұғыры деп айтсақ, артық болмайды, – деді Президент.
🤖 Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне жоспарлы түрде енгізудің маңызын да атап өтті.
– Дұрыс пайдалана білсе, жаңа технология мұғалімдердің қызметін әлдеқайда жеңілдетеді, оларды артық жұмыстан босататын сенімді құралға айналады. Тәлімгерлікке ден қойып, оқушылармен тікелей жұмыс істеуі үшін ұстаздардың уақыты болуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент: «Соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды»
✔️ Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жас ұрпақ дамыған мемлекетте, қауіпсіз ортада, өркениетті қоғамда өмір сүруі керек. Қазір Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар.
– Осы мақсатпен біз баршаға бірдей мүмкіндік беретін, Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстанды құру ісін қолға алдық, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық. Конституцияда тұңғыш рет оқу-ағарту жүйесін дамытуға ықпал ететін нақты нормалар көрініс тапты. Атап айтқанда, адам капиталын, білім-ғылымды және инновацияны дамыту мемлекеттің міндеті, стратегиялық бағыты ретінде бекітілді. Түптеп келгенде, бұл – заман талабы, – деді Мемлекет басшысы.
✔️ Президент өркениетті елдің қуаты ең алдымен адам капиталының сапасымен өлшенетінін атап өтті.
– Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Мәселен, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынды. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан.
Мемлекет басшысы мұғалімдерді кәсіби мерекесімен құттықтады
📌 Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтті.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтерді мерекесімен құттықтап, Мұғалім күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.
– Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Ұлт ойшылы Абай адамның адамдығы жақсы ұстаздан болатынын айтқан. Халқымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов те «Ұстаз – ұлы есім» деп қадір тұтқан. Мұғалімдер қауымына зор құрметпен қарау, олардың ұлт болашағы үшін атқарып жатқан табанды еңбегіне алғыс айту – баршамызға ортақ парыз. Әсіресе, қазіргідей ақпараттар ағыны күшейіп, озық технология қарқынды дамыған заманда мұғалімнің рөлі әлдеқайда арта түскені ақиқат, – деді Президент.
✔️Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде ұстаздарды жан-жақты қолдау жұмысына айрықша мән беретінін жеткізді.
– Баршаңызға мәлім, біз «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақта әкімдер мұғалімдер қауымын марапаттап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады. Бұл – мемлекетіміз үшін мән-маңызы айрықша міндет, – деді Президент.
ШҚО-да Рахман қайнарына апаратын жаңартылған асфальт жолмен көлік қозғалысы ашылды. Жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде бұл бағыттағы жол жүру уақыты шамамен екі сағаттан 20 минутқа дейін қысқарды. Жол көлік жүргізушілері мен туристер үшін әлдеқайда қауіпсіз әрі жайлы бола түсті.
Жаңартылған учаске өңірдегі негізгі туристік нысандардың бірі – Катонқарағай ұлттық паркінің аумағында орналасқан Рахман қайнарына көлік қатынасын жақсартты. Жол инфрақұрылымының жаңаруы жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары үшін де қолайлы жағдай жасап, Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі орта бизнестің үлесін 20%-ға дейін арттыру жолдарын ұсынды
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі орта бизнестің үлесін 20%-ға дейін арттыру жолдарын ұсынды
«Әділет» партиясының Іскерлік кеңес отырысында Қазақстандағы орта бизнесті дамыту және отандық компаниялардың өсуіне жағдай жасау мәселелері қаралды. Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен жиынға бизнес, салалық қауымдастықтар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, компаниялардың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен оларды шешу жолдарын талқылады.
Орта бизнестің экономикадағы үлесін арттыру – негізгі міндеттердің бірі. Бұл мәселені бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та көтерген болатын. Президенттің айтуынша, әрбір кәсіпкер қолдау шаралары туралы толық біліп, оларды қалай алуға болатынын түсінуі керек. Сонда шағын бизнестің орта бизнес санатына өтуге ынтасы артады.
«Әділет» партиясының бағдарламасында орта бизнестің үлесін 7%-дан 20%-ға дейін арттыру және бес жыл ішінде 1 миллион жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Бұл үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, лайықты жалақысы бар жұмыс орындарын көбейту және қазақстандық компаниялардың өнімін шетел нарықтарына шығару қажет.
Отырысты ашқан «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай шағын және орта бизнес субъектілерінің саны бойынша айырмашылық бар екенін атап өтті. Қазір елімізде шағын және орта бизнеспен айналысатын 2 миллионға жуық кәсіпкерлік нысан бар. Алайда орта бизнеске жататын заңды тұлғалардың үлесі шамамен 0,2% ғана. Оның айтуынша, Іскерлік кеңес бұған дейін түрлі саланың өкілдерімен бірнеше кездесу өткізген. Кәсіпкерлерден түскен ұсыныстардың бір бөлігі партия бағдарламасының экономикалық бағытына енгізілді.
«Әрбір шара нақты деректерге сүйеніп, кәсіпорындардың мүмкіндіктері мен шектеулерін ескеруі тиіс. Нәтижесі де нақты көрсеткіштермен бағалануы керек. Инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, жұмыс орындарын көбейту, отандық өндірісті дамыту және экспортты ұлғайту маңызды», – деді Айбек Дәдебай.
Партия төрағасы Іскерлік кеңестің жұмысына қатысты жаңа тәсілді де тілге тиек етті. Оның сөзінше, мәселелер нақты деректерге сүйеніп талқыланып, ұсынылатын шешімдердің экономикалық тиімділігі есеппен негізделуі керек.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылы шағын бизнестен орта бизнес санатына 429 кәсіпорын өткен. Бюроның Ақпараттық-есептеу орталығы директорының орынбасары Наурыз Байзақовтың айтуынша, өсіп келе жатқан компаниялармен жүйелі жұмыс жүргізу үшін «Өсу картасы» әзірленген. Платформа статистикалық және әкімшілік деректерді біріктіріп, орта бизнес санатына ресми түрде өтпей тұрып-ақ өсу әлеуеті бар кәсіпорындарды анықтауға мүмкіндік береді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмірин компанияның көлемін анықтағанда, оның басқа компаниялармен байланысын ескеріп, ең алдымен табыс мөлшеріне сүйенуді ұсынды. Сондай-ақ ол «Өссең – қолдаймыз» қағидатын енгізіп, шағын бизнестен орта бизнеске өтетін кәсіпорындарға арнайы қолдау шараларын қарастыру бастамасын көтерді.
Отырысқа қатысушылар кәсіпкерлердің компанияларын әдейі өсірмей ұстауына себеп болатын мәселелерді де талқылады. Қазақстан салық кеңесшілері қауымдастығының мүшесі Айжан Балакешева басқа санатқа өткен кезде айыппұлдардың көбейіп, қосымша салықтық тексерулер қаупі артатынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл жағдай кәсіпкерлердің бизнесті кеңейтуге деген ынтасын төмендетуі мүмкін. Сондай-ақ ол жеңілдетілген салық режимі қолданылатын кезде заңды тұлғалар арасындағы операциялар бойынша шығындарды шегеруге қойылған тыйымдарды қайта қарауды ұсынды.
Қазақстан инвесторлар одағының басқарма төрағасы Рүстам Жүрсінов салықтан жалтару үшін бір бизнесті бірнеше компанияға бөліп тіркеуді шектеу мақсатында бір-бірімен байланысты компанияларды біртұтас бизнес ретінде қарастыруды ұсынды. Сонымен қатар, ол кәсіпорындарды шағын бизнестен орта бизнеске өткізу ғана емес, олардың әрі қарай дамуына жағдай жасау маңызды екенін айтады. Бұл үшін бизнес көлемін анықтау кезінде әр саланың ерекшелігін ескеріп, орта бизнес санатына өткен компанияларға жаңа талаптарға бейімделуге уақыт беру қажет.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Қанат Ибраев бизнесті қолдауға арналған қолданыстағы шараларды үйлестіріп, бір жүйеге келтіруді ұсынды. Кәсіпорындар өз өнімдеріне деген сұранысты алдын ала білуі үшін алдағы 3-5 жылға арналған өнеркәсіптік сұраныс картасын әзірлеу бастамасын көтерді. Сондай-ақ шикізатты шетелге сатудан гөрі, оны ел ішінде өңдеу тиімді болатындай жағдай жасау қажеттігін айтты.
Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец ұзақ мерзімді келісімшарттар болған жағдайда инвесторлардың қаржы салуға дайын екенін жеткізді.
«Егер ұзақ мерзімді келісімшарттар мен нақты даму перспективасы болса, біз мұнда зауыттарды нөлден бастап салуға дайынбыз», – деді ол.
Сонымен бірге жерді пайдалану мақсатын өзгерту тәртібін жеңілдетіп, артық бюрократиялық кедергілерді жоюды ұсынды.
Бизнестің өндірістік кооперацияны дамыту жөніндегі бастамаларын қолдаған Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев отандық өндірушілерді кеңінен тарту үшін өнеркәсіптік кластер ұғымы енгізілгенін айтты. Министр ірі өндіріс орындарының айналасында қажетті инфрақұрылым құрудың маңызына тоқталды.
«Ірі инвестициялық жобаның тиімділігі инвестиция көлемі мен ашылған жұмыс орындарының санымен ғана өлшенбейді. Жоба аясында жаңа отандық жеткізушілер тартылып, шағын және орта бизнестің дамуына да мүмкіндік берілуі керек», – деді министр.
Кәсіпкерлердің ұсыныстарын одан әрі пысықтау үшін «Әділет» партиясының Іскерлік кеңесі тұрақты жұмыс істейтін форматқа көшеді. Кеңес бизнестің мәселелерін жинақтап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын әзірлейді. Кейін бұл ұсыныстар заңнамалық бастамаларға, депутаттық сауалдарға немесе Үкіметке жолданатын ұсыныстарға айналуы мүмкін.
Іскерлік кеңестің жұмысына тең төрағалар жетекшілік етеді. Олардың қатарына «Alageum Electric» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Еркебұлан Ілиясов кірді.
Экономиканың негізгі секторлары бойынша 13 салалық кеңес жұмыс істейді. Олардың құрамы салалық қауымдастықтардың ұсыныстары, қатысушылардың кәсіби тәжірибесі мен тиісті салалардағы практикалық жұмысы ескеріле отырып жасақталған.
Өңірлерде бұл жұмысты партия филиалдары жанындағы Іскерлік кеңестер жалғастырады. Олар кәсіпкерлердің жергілікті жердегі мәселелерін жинақтап, пысықтайды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлерге әкімшілік қысым көрсету мәселелерін қарау үшін Бизнесті қорғау кеңесі құрылды.
«Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, бірнеше мемлекеттік органның қатысуын қажет ететін мәселелерді шешу үшін Үкімет жанынан Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі жобалық кеңсе құрылады.
«Жобалық кеңсе кәсіпкерлік мәселелеріне жетекшілік ететін вице-премьер деңгейінде жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда өнеркәсіп саласына жауапты вице-премьер де қатысады. Салалық кеңестерде көтерілген барлық мәселе осы деңгейде қаралып, шешімін табады», – деді Эльдар Жұмағазиев.
Жиын соңында Айбек Дәдебай қатысушыларға нақты ұсыныстар әзірлеп, оларды есеп-қисаппен негіздеуді тапсырды.
«Мәселені шешу жолын ұсынбай, оны жай ғана көтеріп, соза берудің қажеті жоқ. Бизнес тарапынан нақты шешімдер мен есептер қажет», – деп түйіндеді партия төрағасы.
Мақұлданған ұсыныстардың барлығы оларды іске асырудың нақты қадамдары мен орындалуын бақылау тәртібі белгіленген ортақ жол картасына енгізіледі.
Сағат 20:00-де барлық сайлау учаскелерінің есігі жабылып, учаскелік комиссия мүшелері әр кандидатқа берілген дауыстарды санауға кірісті.
Аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алмат Балтағарин: -Учаскелік комиссиялардың жұмысы күні бойы нақты әрі ұйымдасқан түрде, дауыс беру күнін өткізу бойынша бекітілген алгоритмге сәйкес жүргізілді. Заңнамада көзделген барлық рәсімдер сақталды. Комиссия мүшелері дауыс берудің ұйымдасқан түрде өтуін қамтамасыз етіп, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру аяқталғаннан кейін дауыстарды санауға кірісті.
Дауыстарды санау қорытындысы бойынша Зеренді ауданының Ақкөл және Күсеп ауылдық округтері әкімдерін сайлаудың нәтижелері анықталады.