Berlin Today сарапшылары: Қазақстан Тоқаевтың басшылығымен Орталық Азияның ірі экономикасы мәртебесін сақтап келеді
Мұндай тұжырымды танымал Berlin Today басылымының сарапшылары жасап отыр. Өз мақаласында олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгеннен бергі жеті жыл ішінде Қазақстанның қалай өзгергенін талдаған.
Табыстың басты факторы ретінде авторлар ел экономикасының өңірде салмақты ұстанымын жалғастыруын және сонымен бірге дамудың келесі кезеңі үшін экономикалық және әлеуметтік негіздердің қалыптасуын көрсетеді.
Мысал ретінде мақала авторлары Дүниежүзілік банктің зерттеулерін келтіріп отыр, оған сәйкес 2025 жылы Қазақстанның номиналды ЖІӨ шамамен $306 млрд-ты құрады. Салыстыру үшін айтсақ, Өзбекстан экономикасы шамамен $147 млрд-қа, ал Қырғызстан экономикасы $22,6 млрд-қа бағаланды. Сонымен қатар Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің анағұрлым жоғары көрсеткіші, жинақталған инвестициялық капиталы, дамыған қаржы секторы және халықаралық бизнес үшін инфрақұрылымы бар.
Мұның бәрі Қазақстанның өңірлік экономикадағы ерекше рөлін айқындайды. Орталық Азияның бірнеше нарықтарымен бір мезгілде жұмыс істегісі келетін компаниялар үшін бұл елдің алаң ретінде қызмет еткен кездері аз емес.
Неміс сарапшылары Қазақстанның географиялық жағынан тиімді орналасқанын атап өтті. Республика Қытай, Ресей, Каспий аймағы, Кавказ және Еуропа арасында еуразиялық көлік маршруттарын дамытуға қатысып отыр. Бұл өз кезегінде Қазақстанның өңірлік экономикалық және логистикалық алаң ретіндегі рөлін айтарлықтай нығайта түседі.
Berlin Today сарапшылары: Қазақстан Орталық Азиядағы позициясын нығайтты
Ірі неміс басылымының сарапшылары соңғы 7 жылда Қазақстандағы оң өзгерістердің негізгі драйвері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясат екенін атап өтті.
2019 жылдан бері Қазақстан сыртқы әлеммен байланысты нығайта түскен экономикалық жағынан ірі, анағұрлым кәсіпкер мемлекетке айналды. Мұның бәрі бұл елдің табанды түрде жеңіп шыққан қиындықтарға, айталық, жаһандық пандемияның салдарына, жеткізу тізбегінің үзілуіне және геосаяси ортаның уақыт өткен сайын ыдырап бара жатқанына қарамастан жүзеге асты. Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасының өсіміндегі басты көрсеткішті статистикадағы құрғақ сандар арқылы емес, адамдардың әл-ауқаты арқылы тікелей өлшеуге болады.
Тоқаев президенттік етіп келе жатқан жеті жылда Қазақстанның жан басына шаққандағы ЖІӨ көлемі жартысынан астам өсті. Бұл сыртқы тұрақсыздықтар мен халық санының көбеюіне қарамастан экономика өсімі арта түскенін көрсетеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл – Қазақстанды Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде ерекше орынға шығаратын маңызды факторлардың бірі. Дүниежүзілік банктің өткен жылғы мәліметтеріне сәйкес, елдегі жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен $14 700 құрады. Салыстыру үшін айтсақ, аталған көрсеткіш Өзбекстанда шамамен $4 000, ал Қырғызстанда шамамен $3 100. Бұл Қазақстан экономикасының қазір қарқынды түрде кеңейіп келе жатқанының айқын дәлелі, әрі іскерлік белсенділіктің артуына және инвестициялардың ұлғаюына тікелей әсер етеді. Сарапшылар неғұрлым айқын өзгерістер жеке кәсіпкерліктің рөлі өсіп келе жатқанынан байқалатынын айтып отыр. Қазақстанда шағын және орта бизнесте шамамен 4,5 млн адам жұмыспен қамтылған. Жеті жыл ішінде өсім 31,6%-ды құрады. Бүгінгі таңда экономиканың осы секторында Қазақстанның бес тұрғынының біреуі жұмыс істейді. Халықтың кәсіпкерлік белсенділігінің жоғары болуы ШОБ саласы Қазақстанның жұмыспен қамту және экономикалық өсудегі негізгі көздерінің біріне айналатынын айғақтайды.
Елде дәстүрлі салалармен қатар кәсіпкерлік экономиканың да кең қанат жая түскені – Президент Тоқаевтың тұсында қолға алынған экономикалық мүмкіндіктерді тар аяда шоғырлануына жол бермеуге қозғау салған ауқымды әрекеттің бір бөлігі ғана. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстанның дамуына байланысты айқындаған стратегиясының экономикалық маңызы өте зор: өсім оған көп адамдар қатыса алатын кезде ғана орнықты бола түседі. Бұған жаңа кәсіпорындар ашуға, өнеркәсіпті, құрылысты және мемлекеттік қызметтерді дамытуға бағытталған саясат ықпал етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке ұлттық компаниялармен және жеке бизнеспен бірге индустриядағы өзекті ЖИ-міндеттерді айқындау және ұдайы жаңарту тәртібін әзірлеуді тапсырды
🔹Содан кейін Президент бірқатар басты міндеттерді атады.
– Бізге жасанды интеллектіні пайдалана отырып, өндірістік үдерістерді кешенді түрде трансформациялау қажет. Қазіргі кезде көптеген кәсіпорында цифрландыру жұмыстары шашыраңқы жүргізіліп жатыр. Жекелеген операцияларды автоматтандырып, жаңа қызметтерді енгізгенімізге қарамастан, өндіріс моделі көп жағдайда өзгеріссіз қалады. Мұндай тәсіл өзін өзі ақтамайды. Кәсіпорындар бүкіл өндіріс тізбегін қайта қарап, қай тұста ЖИ көмегімен тиімділікті барынша арттыруға болатынын айқындауы керек. Үкімет «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, негізгі бизнес-үдерістері жасанды интеллект арқылы жан-жақты трансформацияға ұшырайтын кәсіпорындарды анықтағаны жөн. Жаңа технологиялар өндірісті басқару жүйесіне тікелей кірігуге тиіс. Анағұрлым сәтті модельдерді бүкіл ел аумағында таратуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
🔹Мемлекет басшысы қолданбалы ғылымды күшейтуге үндеді. Ол Кеңестің осыған дейінгі отырысында ЖИ саласына маманданған зерттеу университетін құру туралы шешім қабылданғанын еске салды.
– Qazaq AI Research University жоғары санатты мамандар даярлайтын орталық қана емес, қолданбалы зерттеулер жүргізілетін жетекші алаңдардың бірі болуға тиіс. Оның бүкіл ғылыми-зерттеу бағдарламасы экономикалық дамудың нақты қажеттіліктеріне бейімделуі керек. Бұл үшін өнеркәсіп саласындағы жасанды интеллектіге қатысты өзекті міндеттер тізімін жаңартып отырамыз. Аталған істе бюрократияға жол беруге болмайды. Мұндай міндеттерді өндірістің алдыңғы шебінде жүрген инженерлер, технологтар, шеберлер мен операторлар анықтауы қажет. Қай жерде шығын барын, қандай құрылғы тоқтап тұрғанын, қай тұста олқылықтар орын алып, қатерлер пайда болғанын осы мамандар біледі. Осылайша, басшылық өндірістегі проблемадан жан-жақты хабардар болады. Ал бұл, өз кезегінде, жасанды интеллектіні қай жерде, қалай пайдалану жолын белгілеуге көмектеседі. Qazaq AI Research University, сондай-ақ басқа да университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары осы тізімді басшылыққа алуға тиіс. Сонда ғана ғылым мен өндіріс арасында тікелей байланыс орнайды. Үкіметке ұлттық компаниялармен және жеке бизнеспен бірге индустриядағы өзекті ЖИ-міндеттерді айқындау және ұдайы жаңарту тәртібін әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.
Қорғалжын ауданында «Таза өлке – жарқын болашақ!» акциясы өтті
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза өлке – жарқын болашақ!» жалпыұлттық акциясы ұйымдастырылды. Экологиялық шараға 200-ден астам аудан тұрғыны қатысты.
2 қазан күні Қорғалжын ауылының А. Шабатов атындағы орталық алаңында өткен шараға аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғам өкілдері, жастар, волонтерлер, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты.
Экологиялық акцияның ресми ашылуынан кейін қатысушылар орталық алаң мен оған іргелес аумақтарды тазалауға кірісті. Сенбілік барысында тұрмыстық қалдықтар жиналып, қоғамдық орындар ретке келтірілді. Сондай-ақ елді мекен аумағындағы бірқатар учаскелер абаттандырылды.
Шара барысында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да ерекше мән берілді. Қорғалжын ауылындағы №1 мектеп-гимназиясында «Тазалық – өзіңнен» тақырыбында экологиялық дәріс өтті. Кездесуде қоршаған ортаны қорғау, табиғатты аялау және әр азаматтың тазалыққа деген жауапкершілігі туралы айтылды.
Оқушылар мен жастар алдында аудан әкімінің орынбасары Ақылбек Хамзеұлы, сондай-ақ білім саласының үздігі, облыстық мәслихат депутаты Тәжин Нұрлан Есіркепұлы сөз сөйледі.
Кездесу барысында табиғи ресурстарға ұқыпты қарау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру мәселелері талқыланды.
«Таза өлке – жарқын болашақ!» акциясы аудан тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, туған жердің тазалығы мен көркейуіне үлес қосуға мүмкіндік берді.
«Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы мұндай шаралар елді мекендерді абаттандырумен қатар, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға бағытталған.
Мемлекеттік қызметшілер пікірсайыс алаңында сынға түсті: Ақмолада үздіктер анықталды Көкшетауда мемлекеттік қызметшілер әдеттегі жұмыс орнындағы ресми пікір алмасудан бөлек, бұл жолы пікірсайыс алаңында өзара сынға түсті. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты турнирде 24 командадан құралған 72 мемлекеттік қызметші өз білімін, шешендігін және жылдам ойлау қабілетін ортаға салды. Ақмола облысының 9 ауданы, 12 облыстық басқармасы мен 6 департаментінің өкілдері қатысқан додада басты талап — көп сөйлеу емес, өз ойын нақты дәлелдеп, қарсы тараптың уәжіне сауатты жауап беру болды. Турнир басталған сәттен-ақ пікірсайыс алаңында қызу талқы қалыптасты. Жеребе арқылы қарсыласын анықтаған командалар қысқа уақыт ішінде тақырыпты талдап, өзара міндеттерін бөлісті. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті, Ақмола облысы әкімдігінің Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі және облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Аталған мемлекеттік органдардың мұрындық болуымен ұйымдастырылған турнир мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және коммуникативтік дағдыларын жетілдіруге бағытталды. Турнирдің бас төрешісі Сырым Беген ойын тәртібі мен бағалау талаптарын түсіндіріп, әр кезеңде командалардың аргументациясына, логикасына, сөйлеу мәдениетіне, сұрақтарға жауап беру шеберлігіне және командалық жұмысына баға берді. «Пікірсайыстың ерекшелігі — дайын жауаптың болмауында. Әр қатысушы тақырыпты қысқа уақытта саралап, өз ойын жүйелеп, оны қарсы тарапқа түсінікті түрде жеткізе білуі керек. Бұл мемлекеттік қызметші үшін де маңызды дағды. Өйткені күнделікті жұмыста азаматтардың сұрағына жауап беру, әртүрлі пікірді тыңдау және нақты шешім ұсыну қажет», — деді Сырым Беген. Пікірсайыс барысында қатысушылар «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» қағидаттары аясындағы өзекті мәселелерді талқылады. Командаларға тек өз позициясын қорғау жеткіліксіз болды. Олар қарсы тараптың сұрағына жауап беріп, айтылған пікірді жоққа шығаратын дәлел келтіріп, ойының логикалық негізін көрсетуі керек. Бірнеше сағатқа созылған іріктеу кезеңдерінен кейін үздік командалар жартылай финалға өтті. Ал финалда бәсеке одан әрі күшейді. Командалар соңғы мүмкіндігін пайдаланып, өз позицияларын барынша дәлелдеуге тырысты. Нәтижесінде бірінші орынды «Ақиқат» командасы жеңіп алды. Команда құрамында Ақмола облысы білім басқармасының Атбасар ауданы бойынша білім бөлімінің басшысы Мейрамбек Рахимжанов, Шортанды ауданы бойынша білім бөлімінің қызметкері Нұркен Шахметов және Ақмола облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасының қызметкері Халида Жолдасхан бар. «Ақиқат» командасының мүшесі Мейрамбек Рахимжанов үшін турнирдің нәтижесі қос жеңіспен аяқталды. Ол командалық есепте бірінші орынға ие болып қана қоймай, «Үздік спикер» атанды. «Пікірсайыс адамның өз ойын жеткізу қабілетін ғана емес, тыңдай білу мәдениетін де қалыптастырады. Турнир барысында әр тақырыпқа әр қырынан қарауға тырыстық. Жеңіске жетуде командалық жұмыстың маңызы зор болды. Біз дайындық кезінде бір-біріміздің ойымызды толықтырып, әртүрлі пікірлерді талқыладық. Бірінші орынға ие болғанымызға қуаныштымыз», — деді Мейрамбек Рахимжанов. Ал «Тіл жанашыры» номинациясы Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының «Серпін» командасына берілді. Сонымен қатар «Үздік төреші» номинациясы Мұратбек Шұғылаға табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сертификаттар табысталды.Бұл турнирдің мәні жүлде қорытындысымен ғана өлшенбейді. Мемлекеттік қызметшілер үшін пікірсайыс — күнделікті қызметте қажет дағдыларды шыңдайтын практикалық алаң.
«Жасыл даму» АҚ-мен серіктестік аясында Sparklo фандоматтары арқылы 5 миллионнан астам бөтелке мен банка жиналды
«Жасыл даму» АҚ және Sparklo Қазақстанда пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған фандоматтар желісін бірлесіп дамытуда. Бүгінде тұрғындар осы фандоматтар арқылы қайта өңдеуге 5 миллионнан астам бөтелке мен банка тапсырды. Бағдарламаға 100 мыңнан астам адам қатысты.
Қазіргі уақытта Астана, Алматы, Көкшетау, Ақтөбе және еліміздің басқа да қалаларында 46 фандомат орнатылған. Олар сауда орталықтарында, кеңселерде, мектептерде және қоғамдық орындарда, соның ішінде Астананың Орталық саябағында орналасқан. Фандоматтардың осылай орналасуы тұрғындарға бөтелке мен банкаларды жұмысқа бара жатқанда, сауда жасау немесе серуендеу кезінде ыңғайлы тапсыруға мүмкіндік береді.
Жоба қалдықтарды бөлек жинау жүйесін дамытуға бағытталған және Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасының мақсаттарына сай келеді. Sparklo мен «Жасыл даму» АҚ арасындағы ынтымақтастық қайталама шикізатты тапсыруды тұрғындар үшін қолжетімді етіп, қалдықтарды қайта өңдеуге жіберу әдетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Фандоматтар машиналық оқыту технологиясының көмегімен пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды автоматты түрде таниды. Тапсырылған ыдыс үшін пайдаланушылар Sparklo мобильді қосымшасында ұпай жинайды. Жиналған ұпайларды бағдарлама серіктестері ұсынатын жеңілдіктер мен бонустарға айырбастауға болады. Мұндай ынталандыру жүйесі тұрғындарды қалдықтарды бөлек жинауға тұрақты қатысуға ынталандырады.
Желіні дамытуға қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және тасымалдау операторы Zero Waste компаниясы да қатысуда. Оның қатысуымен 9 фандомат орнатылды. Тағы 5 фандоматты жергілікті серіктеспен бірлесіп Ақтау қаласында орналастыру жоспарланып отыр.
Алдағы уақытта «Жасыл даму» АҚ мен Sparklo жобаның географиясын кеңейтіп, фандоматтар санын арттыруды жоспарлап отыр. Бұл тұрғындарға күнделікті бағыттарында пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды ыңғайлы жерлерде тапсыруға көбірек мүмкіндік береді.
Анықтама үшін: Sparklo — БАӘ-де құрылған халықаралық технологиялық компания. Компания пластик бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинауға арналған фандоматтарды әзірлеп, өндіреді және пайдаланушыларды ынталандыру жүйесін дамытады. Қазақстандағы Sparklo компаниясының өкілі — «Sparklo Kazakhstan» ЖШС.
🎓 Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру қызметкерлері күні құтты болсын!
Бүгінгі мереке — ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлерінің еңбегін атап өтетін ерекше күн.
ТжКБ жүйесінде жастар сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп, практикалық дағдыларын қалыптастырады. Жас ұрпаққа білім беріп, кәсіби жолын таңдауға бағыт-бағдар көрсетіп жүрген барша маманға алғыс!
«Әділет» партиясы еліміздің барлық өңірінде «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» фестивалін өткізіп жатыр
1-4 қазан аралығында Халықаралық қарттар күніне орай «Үш ұрпақ – ортақ мұрат» республикалық фестивалі өтеді. «Әділет» партиясы ұйымдастырған бағдарлама аясында 3,5 мыңнан астам адам қатысатын 20 іс-шара жоспарланған.
Фестивальдің мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, аға буынның өмірлік тәжірибесі мен білімін жастарға жеткізу. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та аға буынның қоғамдағы орнына, жастарға тәлім-тәрбие берудің және өмірлік тәжірибені кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына бірнеше рет тоқталған еді.
Астанадағы «Жетісу» саябағында өткен орталық іс-шарада «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев үлкенге құрмет мерекелік күндермен шектелмеуі тиіс екенін атап өтті.
«Еліміздің бүгінгі жетістіктерінің негізін аға буын қалады. Оның артында ондаған жылдық еңбек, білім мен мол өмірлік тәжірибе тұр. Біздің міндетіміз – осы байланысты үзбеу. Жастар өз тамырын біліп, үлкендердің еңбегін құрметтеп, тәжірибесін бойына сіңіруі керек. Ал аға буын қоғам өміріне белсенді араласуын жалғастырғаны маңызды. Ұрпақтар сабақтастығы құрмет, жауапкершілік, еңбекқорлық, ынтымақ пен отансүйгіштік сияқты ортақ құндылықтарымызды нығайтады», – деді Ержан Жылқыбаев.
Фестиваль аясында дәстүрлі концерттермен шектелмей, әр өңірде түрлі буын өкілдері бас қосатын ашық алаңдар ұйымдастырылды. Қатысушылар спортпен шұғылданып, ұлттық ойындар ойнайды, шығармашылық кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасады.
Мәселен, Шымкенттегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 30-ға жуық қарт шахмат, дойбы, бильярд және үстел теннисінен жарысты. Павлодарда еңбек ардагерлері арасында бильярдтан турнир өтті. Оған Павлодар мен Ақтоғайдан келген 65-88 жас аралығындағы 17 адам қатысты.
Фестивальдің тағы бір бағыты – ұрпақтар диалогы. Қатысушылар отбасы, тәрбие, еңбек пен жауапкершілік, ұлттық дәстүрлер және кейінгі ұрпаққа аманат етілуге тиіс құндылықтар туралы пікір алмасады.
«Цифрлық ата, цифрлық әже» алаңында жас волонтерлер қарттарға цифрлық сервистерді қолдануды үйретіп, интернеттегі қауіпсіздік пен алаяқтықтан қорғану жолдарын түсіндіреді. Ал «Болашаққа бағдар» алаңында қатысушылар келер ұрпаққа арнап тілектерін жазып, бейнеүндеу жолдайды.
Фестиваль бағдарламасына тоғызқұмалақ, асық ату, дәстүрлі қолөнермен танысу және бірлескен шығармашылық қойылымдар да енген. Астанада 65-81 жас аралығындағы өнерпаздардан құралған «Есіл толқындары» халықтық ардагерлер ансамблі өнер көрсетті. 2017 жылы құрылған ұжым Қазақстанның әр өңірінде гастрольдік сапармен концерттер өткізеді.
Фестивальге аға буын өкілдері мен жастар, депутаттар, партия белсенділері және волонтерлер қатысып жатыр. Өңірлердегі іс-шараларды ұйымдастыруға партияның «Жастар Рухы» жастар қанаты мен «Жас Ұлан» ұйымы да атсалысып жүр.
Аға буын өкілдерін қолдау «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі. Бағдарламада белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын дамыту, ауруларды ерте анықтау мен ұзақ мерзімді күтім жүйесін жетілдіру көзделген. Сондай-ақ тәжірибелі зейнеткерлерді тәлімгерлікке, волонтерлікке және қоғамдық жұмыстарға тартуға мән беріледі.