Ақтөбе қаласында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған игі бастама жүзеге асырылды. Жастар пластик қалдықтарын жинап, қоршаған ортаны қорғауға өз үлестерін қосты.
Ақмола облысы энергетикалық профицитке дайындалуда: алдағы үш жылда не өзгереді?
2029 жылға қарай Ақмола облысы электр қуатының профицитіне шығуды жоспарлап отыр. Ол үшін өңірде тозған электр желілері жаңартылып, жаңа қосалқы станциялар салынып, электр энергиясын өндіретін өз көздерін іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Жобалар Көкшетау, Қосшы қалаларын және бірқатар ауылдық елді мекендерді қамтиды. Нақты жоспарлар туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бақтбек Жапаев айтып берді.
Бүгінде өңірдегі электр желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 32 мың шақырымды құрайды. Соңғы екі жылда 5 мың шақырымнан астам электр желісі мен 1300-ге жуық қосалқы станция жөндеуден өтті. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 62%-дан 59%-ға дейін төмендеді. Алдағы уақытта тағы 75 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткішті 57%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Басты міндеттердің бірі – электр энергиясына деген сұраныстың артуын қамтамасыз ету. Әсіресе Көкшетау, Қосшы қалаларында, Бурабай, Аршалы және Бұланды аудандарында тұрғын үй құрылысы мен кәсіпорындардың дамуына байланысты электр тұтыну көлемі өсіп келеді.
Көкшетау қаласындағы «Көкше» қосалқы станциясының қуатын екі автотрансформаторды ауыстыру арқылы 250-ден 380 МВА-ға дейін арттыру көзделген. Жұмыстарды келесі жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл облыс орталығын, сондай-ақ Бурабай және Зеренді аудандарын қосымша электр қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қалада екі жаңа қосалқы станцияның жобасы әзірленуде, тағы екеуі жобалау сатысында.
Қосшы қаласында екі қосалқы станцияны реконструкциялау және алты тарату пунктін салу жобалары аяқталды. Сонымен қатар жаңа қосалқы станция салу көзделген. Бұл жобаларды іске асыру Астана агломерациясын дамыту жоспарларымен сабақтастырылады.
Ауылдық елді мекендерді электрмен қамтамасыз ету де жаңғырту жұмыстарының маңызды бағыты. Келесі жылы Аршалы ауданындағы Костомар, Целиноград ауданындағы Қажымұқан және Қоянды ауылдарында шамамен 400 шақырым электр желісінің құрылысын аяқтау жоспарланған. Жоба 27 мыңға жуық тұрғынды қамтиды. Зеренді ауданында 31 елді мекенге жаңа электр желілерін тарту көзделген. Бұл 17 мың тұрғынның электрмен жабдықталуын жақсартуға мүмкіндік береді.
Электр энергиясын өндіру көлемін арттыруға да ерекше назар аударылып отыр. Бұл бағыттағы негізгі жоба – қуаттылығы 240 МВт болатын Көкшетау жылу электр орталығының құрылысы. Оны 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар 2027–2028 жылдары алты жаңа жел электр станциясын іске қосу көзделіп отыр. Қазір облыста жаңартылатын энергия көздерінің 19 нысаны жұмыс істейді. Оның 18-і – жел электр станциясы, біреуі – күн электр станциясы.
«Көкшетау ЖЭО-сының және жаңа жел электр станцияларының құрылысы электр желілерін жаңғыртумен қатар өңірде қажетті қуат қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңа тұтынушыларды қосуға, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және өңірдің одан әрі дамуына жағдай жасайды. Біздің мақсатымыз – 2029 жылға қарай Ақмола облысында электр қуатының профицитіне қол жеткізу», – деп атап өтті Бақтбек Жапаев.
Зеренді ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Халық заңгері» акциясы өтті
Зеренді ауданында аудан әкімінің халықпен қорытынды кездесуінің аясында «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заңгерлік көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру.
Акция «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету, қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттыру және заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды қамтамасыз ету бағытында өткізілді.
Іс-шараға прокуратура, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, адвокаттар мен жеке сот орындаушылары қатысты. Мамандар тұрғындарға тікелей кеңес беріп, өзекті құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Азаматтарды қабылдау барысында олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндіру, сондай-ақ күнделікті өмірде кездесетін құқықтық мәселелерге ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселесі негізгі бағыттардың бірі болды. Мамандар тұрғындарға интернеттегі алаяқтықтың кең таралған тәсілдері, жеке деректерді қорғау жолдары, банк қызметтерін қауіпсіз пайдалану және онлайн операциялар кезінде сақтық шараларын сақтау жөнінде кеңес берді.
Акция барысында аудан тұрғындары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, атқарушылық іс жүргізу, құқық қолдану тәжірибесі және басқа да құқықтық мәселелер бойынша мамандардан нақты жауаптар алды.
Мұндай кездесулер азаматтарға қажетті құқықтық көмекті қолжетімді форматта алуға, күрделі құқықтық мәселелерді дер кезінде шешуге және өз құқықтарын қорғаудың заңды тетіктерін білуге мүмкіндік береді.
«Халық заңгері» акциясын өткізу мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты нығайтуға, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда заңға деген құрметті қалыптастыруға бағытталған. Бұл — «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асырудың маңызды бағыттарының бірі.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 827,8 мың тонна өсімдік майы өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,2%-ға артық. Өткен жылдың осы кезеңінде 661,0 мың тонна өнім өндірілген. Осылайша, өндіріс көлемі 166,8 мың тоннаға өсті. Өсімдік майының негізгі өндіріс көлемі Шығыс Қазақстан, Абай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларына тиесілі. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында өсімдік майының экспорты 704,7 мың тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 39,7%-ға артық. Экспорттың оң динамикасы байқалды. Осы кезеңде өсімдік майының импорты 128,3 мың тоннаны құрап, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға азайды. Ал ішкі нарықта 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында 176,9 мың тонна өсімдік майы сатылды.
Жолдау жүктеген міндет: білім сапасын арттыру жайы талқыланды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша республикалық үгіт- насихат тобының мүшелері Қонаев қаласындағы орта мектеп-гимназиясында білім саласы қызметкерлерімен кездесті.
Жиында Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Қайрат Жұманов ашып, бүгінгі басқосу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басым бағыттарын түсіндіруге және Қазақстан Халық Кеңесінің І сессиясының қорытындыларын талқылауға арналып отырғанын жеткізді.
Ол өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда білім беру сапасын арттыруға, мектеп инфрақұрылымын дамытуға, инклюзивті білім беруді жетілдіруге және педагогтердің кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға ерекше назар аударғанын атап өтті. Мұғалімдердің артық жүктемесін азайту, қағазбастылықтан арылту, ұстаздардың абырой-беделін қорғау және білім беру жүйесіне заманауи технологияларды енгізу бойынша нақты міндттер белгіленіп отырғанына тоқталды. Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі айрықша маңызды екенін де айта кетті.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева Президент Жолдауындағы негізгі бағыттарға, оның ішінде білім саласының алдында тұрған міндеттерге тоқталып өтті.
«Мемлекет басшысы кезекті
Жолдауында ұстаз мәртебесін көтеру мәселесіне айырықша тоқталды. Бұл – тұтас қоғам алдындағы міндет. Ал екінші мәселе – ұстаздар жүктемесін азайту. Бүгінде білім беру саласындағы цифрлық платформалардың көбеюі жүктемені арттырып жіберді. Сондықтан кей мәселерді қайта зерделеу қажет. Бүгінде ерекше балаларға білім беруді тек мектепке міндеттеп қойдық. Бұл дұрыс емес. Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға денсаулық сақтау мен әлеуметтік қорғау мекемелері де қолұшын беруі қажет. Сондай-ақ мұғалімдердің жеке деректеріне де баса назар аударуымыз керек”, – деді білім беру саласындағы өзекті мәселелерді зерделеген Ләззат Әуесханқызы.
Келесі сөз кезегі Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, танымал журналист, Қазақстан Журналистер академиясының академигі Нұртөре Жүсіпке берілді.
«Мемлекет басшысы қашанда білім беру саласына ерекше көңіл бөліп келеді. Әрине бүгін білім беруде цифрлық технология мен жасанды интеллектіге басымдық беріле бастады. Бірақ бұл үрдістің кемшіліктері болуы мүмкін. Өйткені қазіргі жас ұрпақ жасанды интеллектіге тым иек артып кетсе сыни ойлау мен дербес шешім қабылдаудан қалуы мүмкін. Сондықтан ұстаздар арманына адал, елге қызмет ететін ұрпақ тәрбиелеуі керек. Президент бұған дейінгі Жолдауларында да ұрпақ тәрбиесі ел болашағы үшін маңызды екенін сан мәрте айтқан болатын. Өйткені адам капиталыннан асқан байлық жоқ», – деді Нұртөре Байтілесұлы.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов сөз алып, Президент Жолдауында ел экономикасына серпін беретін, қаржы нарығын реттейтін бастамаларға, сонымен қоса инвестиция тартуды үйлестіру мәселесіне баса назар аударылғанын атап өтті. Ал «Халықтық құрылыс» бастамасында әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға көңіл бөлініп, осы бағытта жаңа мектептер мен балабақшалар салынатынына, бұл өз кезегінде үшауысымды мектептер санын азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік беретініне тоқталды.
Кездесуде ұстаздар қауымы үгіт-насихат тобының мүшелеріне инклюзивті білім, мектептерді күрделі жөндеуге қатысты сұрақтар қойып, ашық пікір алмасты.
ІЛЕ АУДАНЫНДА ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫНДАҒЫ БАСЫМ БАҒЫТТАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Іле ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті. Жиында ел дамуының стратегиялық бағыттары, экономикалық өсім, әлеуметтік саясат және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды.
3 қараша күні Өтеген батыр ауылында ұйымдастырылған кездесуге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, білім беру және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, жастар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиынға Іле ауданының әкімі Қайыржан Жақсымбетов модераторлық етіп, Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің елдің тұрақты дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартудағы маңыздылығына тоқталды.
Аудан басшысы Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды жүзеге асыру жергілікті атқарушы органдардың күнделікті жұмысымен тікелей байланысты екенін атап өтті. Әсіресе, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, инфрақұрылымды жаңғырту, білім беру мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Кездесу барысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жолдауда көтерілген негізгі бағыттарға кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлікті қолдау, цифрлық технологияларды енгізу, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар адами капиталды дамыту, білім беру сапасын жақсарту, жастарға қолдау көрсету және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті нығайту бағытындағы міндеттерге ерекше мән берілді.
Жиында Президент бастамаларын жүзеге асыруда өңірлердің рөлі маңызды екені айтылды. Бұл ретте Іле ауданында өндіріс пен кәсіпкерлікті дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, жол және инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік нысандар салу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың маңызы атап өтілді.
Кездесу ашық диалог форматында жалғасты. Қатысушылар Жолдауда қамтылған бастамаларға қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері көтерілген сауалдарға жауап беріп, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары жөнінде түсініктеме берді.
Жиын қорытындысында Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерді тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен жұмысына негізделетіні атап өтілді.
Ақтөбеде Президент Жолдауының басым бағыттары талқыланды
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Жиынға Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин, Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан, университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттарына тоқталып, саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың маңызын түсіндірді.
Құрылтай депутаты Лаура Қарабасова білім мен ғылымды дамыту, білім сапасын арттыру және жас ұрпақтың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру мәселелеріне назар аударды. Сонымен қатар азаматтық жауапкершілік, жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы, инфрақұрылымды дамыту, инвестиция тарту, цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу бағыттары талқыланды.
— Еліміздің технологиялық дамуы білікті ғалымдар мен сапалы ғылыми зерттеулерге тікелей байланысты. Сондықтан жас мамандарды ғылымда ұстап қалу, ғылыми ұжымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету және қаржыландыру тетіктерін жетілдіру маңызды. Осыған байланысты іргелі ғылымдарға арналған гранттық қаржыландыру конкурстарының мерзімін үш жылдан бес жылға дейін ұзарту туралы депутаттық сауал жолдадым. Бұл ұзақ мерзімді зерттеулерді жүйелі жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар гранттық конкурстардың өткізілу мерзімін нақты бекітіп, қаржыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету қажет. Ғылымның дамуы мемлекет, уәкілетті органдар, университеттер мен ғылыми қауымдастықтың ортақ жауапкершілігіне байланысты. Біздің мақсатымыз — ғалымдарға тұрақты жағдай жасап, отандық ғылымның әлеуетін елдің технологиялық және экономикалық дамуына бағыттау, — деді Лаура Қарабасова.
Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан энергетика саласының ел экономикасындағы стратегиялық маңызына тоқталды. Ол энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жаңа қуат көздерін дамыту және қолданыстағы нысандарды жаңғырту мәселелерін қозғады.
— Мемлекет басшысының Жолдауында экономиканы жаңғырту, білім сапасын арттыру, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні дамыту міндеттері белгіленді. Әсіресе, энергетика саласындағы жаңа жобаларды жүзеге асыру үшін білікті инженерлер мен заманауи технологияларды меңгерген мамандар қажет, — деді ол.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сағынғазы Құрманалин жастарға сапалы білім алудың маңызын атап өтіп, ел дамуына үлес қосу үшін білімді әрі белсенді болуға шақырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, осы бағыттардағы жастар бастамаларының маңызын атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар Жолдауда белгіленген міндеттерді іске асырудағы білімді, бастамашыл және белсенді жастардың рөлі жөнінде пікір алмасты.
ЖОЛДАУ ЖҮКТЕГЕН МІНДЕТ: БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Қаскелең қаласының Мәдениет үйінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 28 қазанда жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаев, «Әділет» партиясынан Қазақстан Республикасы Құрылтайының I шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Арман Серікұлы Жансенгіров және Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров қатысты. Сонымен қатар кездесуге ауданның білім саласының өкілдері мен жастар қатысты.
Кездесу барысында спикерлер Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен қоғам алдындағы өзекті міндеттер жөнінде пікір білдірді.
Алғашқы болып сөз алған Энергетика вице-министрі Қайырхан Серікұлы Тұтқышбаев энергетика саласын дамыту, елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту және саланың тұрақты дамуы бағытындағы міндеттерге тоқталды.
Өз кезегінде Құрылтай депутаты Арман Серікұлы Жансенгіров әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға бағытталған бастамаларға тоқталып, білім беру жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және педагогтердің мәртебесін арттыру мәселелерін атап өтті.
Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұрсұлтан Жұмабайұлы Орынбасаров өз сөзінде Жолдауда белгіленген экономикалық және әлеуметтік реформалардың маңыздылығына назар аударды. Атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында мектептер, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік нысандар салу, ауыл шаруашылығын қолдау, өңірлердің инфрақұрылымын дамыту және азаматтардың табысын арттыру бағыттарын атап өтті. Сонымен қатар реформаларды жүзеге асыруда қоғамдық бірлік, заң мен тәртіп және адал еңбектің маңызын жеткізді.
Жиында білім беру саласына қатысты міндеттер де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру, білікті мамандар тапшылығын азайту, мұғалімдердің жұмыс жүктемесін оңтайландыру және артық есептілік пен қағазбастылықты жою мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтіп, педагогтердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін тапсырған болатын.
Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, тиісті мамандармен қамтамасыз ету және балалардың даму ерекшеліктерін ерте жастан анықтау жұмыстарының маңыздылығы айтылды.
Кездесу соңында қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, арнайы келген спикерлермен ашық пікір алмасты. Жиын барысында көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, өзекті сұрақтарға жауап берілді.