Бүгін Зеренді ауданындағы Айдабол ауылдық округінде әкім сайлауы өтіп жатыр. Бұл – ауыл тұрғындарының жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға, елді мекеннің болашағын айқындауға бағытталған маңызды саяси науқан.
Сайлау учаскелері таңғы сағат 07:00-де өз жұмысын бастап, тұрғындарды қабылдауда. Дауыс беру Қазақстан Республикасының қолданыстағы сайлау заңнамасына сәйкес, ашықтық пен жариялылық қағидаттары негізінде ұйымдастырылған. Учаскелік сайлау комиссиялары барлық қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп, сайлаушылардың өз таңдауын еркін жасауына қолайлы жағдай жасаған.
Айдабол ауылының №551 сайлау учаскесінің төрағасы Б.Дятловтың сөзінше ауыл тұрғындары азаматтық белсенділіктерін танытып, сайлауға белсене қатысып жатыр. Осы уақытта сайлаушылардың 382 адам, яғни 56% дауыс беріп, өз таңдауларын жасаған. Әрбір дауыс – ауылдың алдағы дамуына, әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне және жергілікті өзекті мәселелердің тиімді шешілуіне қосылған маңызды үлес.
Ауыл әкімін тікелей сайлау – халықтың мемлекеттік басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, жергілікті билік пен тұрғындар арасындағы өзара сенімді нығайтатын маңызды демократиялық тетік. Сондықтан бүгінгі саяси науқан ауыл тұрғындарының жауапкершілігі мен ел болашағына деген жанашырлығын айқын көрсетіп отыр.
Сайлау күні дауыс беру процесі қалыпты жағдайда өтіп, тұрғындар өздерінің конституциялық құқықтарын жүзеге асырып келеді.