Көкшетауда қала дамуына арналған технологиялық шешімдер әзірлейтін стартаптар мен командаларға арналған екі айлық Smart City Accelerator бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Жобаны «Aqmola Hub» өңірлік IT-хабы Digital Aqmola-мен бірлесіп жүзеге асыруда. Бағдарлама туралы ӨКҚ брифингінде «Aqmola Hub» директоры Асель Абдрахманова мәлімдеді.

Қатысушылар өз жобаларын төрт бағыт бойынша ұсына алады. Олар: ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстар, қалалық инфрақұрылым және мемлекеттік қызметтер, экология және қоршаған ортаның жай-күйін мониторингтеу, сондай-ақ көлік, мобильділік және туризм.

Акселератордың басты ерекшелігі – қатысушыларға сарапшылардың көмегімен өз идеяларын жетілдіріп, оларды нақты жағдайда қолдануға дайындауға мүмкіндік беріледі. Бағдарлама барысында командалар трекерлермен, сондай-ақ бизнес-модельдеу, юнит-экономика, өнімді дамыту, маркетинг, PR, жобаны таныстыру және қорғау, көпшілік алдында сөз сөйлеу бағыттары бойынша мамандармен жұмыс істейді.

«Біз командаларға өз идеяларын ұсынып қана қоймай, өнімдерін қалалық ортаның нақты қажеттіліктеріне бейімдеуге мүмкіндік бергіміз келеді. Нәтижесінде үздік шешімдер әзірлеу кезеңінен пилоттық жоба ретінде іске асыруға дейін жетуі мүмкін», – деді Асель Абдрахманова.

Бағдарлама сарапшыларының қатарында Андрей Крюков, Мейірбек Мұқатов, Марат Шәкен, Ақбота Мұса, Ильяс Батыров және басқа да тәжірибелі мамандар бар.

Бағдарлама 10 қарашада өтетін Demo Day шарасымен қорытындыланады. Онда қатысушылар өз жобаларын қалалық қызметтер мен мемлекеттік органдар өкілдеріне, сондай-ақ инвесторларға таныстырады. Ең перспективалы жобалар Көкшетауда пилоттық режимде енгізілуі мүмкін.