Алматы қаласында «Туризм және Саяхат» атты Қазақстан халықаралық көрмесі — KITF 2025 табысты өтті. Бұл шараға әлемнің 30 елінен 500-ден астам қатысушы жиналды. Олардың қатарында туристік ұйымдар, туроператорлар, әуе компаниялары, қонақ үй бизнесінің өкілдері мен туризмнің болашағына серпін беретін IT-компаниялар болды.

Ақмола облысы көрмеге мазмұнды экспозиция ұсынып, аймақтың туристік әлеуетін жан-жақты таныстырды. Басты назар Қазақстанның інжу-маржаны саналатын Бурабай курортына аударылды. Бурабай көркем табиғатымен, ерекше микроклиматымен, көлдері мен тауларымен танымал. Бұл мекен отбасылық демалысқа да, сауықтыру, экологиялық және белсенді туризм түрлеріне де таптырмас орын саналады.

Сонымен қатар, Ақмола облысы өзге де курорттық аймақтардың мүмкіндіктерін, этнотуризм бағыттарын, шипажай-курорттық емдеу орындары мен маусымдық туристік маршруттарын таныстырып, олардың жыл сайын шетелдік және отандық туристер арасында сұранысы артып келе жатқанын көрсетті.

Туризмді дамыту бағытында Ақмола облысының туризм басқармасы мен Ташкент облысының туризм басқармасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы келісім аясында мамыр айында өзбекстандық туроператорлар Бурабайға келіп, бірлескен туристік бағыттарды әзірлеу жоспарланған.

Сонымен бірге, Kazakh Air, Fly Arystan және SCAT әуе компанияларымен туристер ағынын қамтамасыз ету шартымен қосымша әуе рейстерін ашу туралы келісімге келді. Бұл жұмыстар туроператорлармен бірлесіп жүзеге асырылады.

KITF 2025 көрмесіне қатысу Ақмола облысы үшін халықаралық әріптестікті нығайтып, жаңа жобаларды таныстырып, өңірдің бірегей табиғи және мәдени мұрасын инвесторлар мен саяхатшыларға кеңінен насихаттауға үлкен мүмкіндік берді.