Жаңа-Қима ауылындағы Қабдеш Өскенбаев атындағы орта мектеп жанында 15 жылдан бері «Родник» атты экологиялық жасақ жұмыс істеп келеді. Құрамында 20 белсенді оқушы бар бұл ұйым ауылдың тазалығын сақтауға, табиғатты қорғауға және экологиялық мәдениетті насихаттауға үлес қосуда.
Жасақ алғаш жұмысын ауыл маңындағы бұлақтарды тазалаудан бастаған. Осы себептен оған «Родник» атауы берілген. Жаз айларында орта буын оқушылары жасақ құрамына тартылып, мектеп айналасын, ауыл көшелерін және өзен жағалауын қоқыстан тазартады. Демалыс күндері олар адамдар жиналатын орындарды ретке келтіріп, қалдықтарды арнайы қаптарға жинап шығарады.
Қыс мезгілінде жасақ мүшелері экологиялық жобалармен айналысады, ал бос уақыттарында жалғыз тұратын қарттарға көмектеседі: үйлерінің ауласын тазалап, су әкеліп, отын дайындайды. Биыл олар мектеп аумағына пирамидалы теректер отырғызды. Көшеттерді ауыл тұрғыны, демеуші Светлана Қаражігітова сыйға тартқан.
-Біздің міндетіміз тек қоқыс жинау емес, ауыл тұрғындарына табиғатты аялаудың маңызын түсіндіру. Шағын қадамдар үлкен өзгерістерге алып келеді деп сенеміз, – дейді жасақ белсендісі Никита Обухов.
Мектеп ұжымы мен жасақ жетекшісі Нина Пасарардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятып, ерте жастан экологиялық мәдениетті қалыптастырады. Оқушылар табиғи ресурстарды үнемдеуді, қоқысты сұрыптауды, орманды қорғауды үйренеді.
«Родник» жасағының үлгісіндегі осындай ұйымдар ауылдың көркін сақтап қана қоймай, жас буынға туған жерге жанашыр болуды үйретеді.