Көкшетау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясында өскелең ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыруға, жауапкершілік пен қауіпсіздік мәдениетін орнықтыруға бағытталған «Заң мен тәртіп – ортақ жауапкершілік: қауіпсіздік қыста басталады» атты интерактивті квест-фестиваль өтті.
Іс-шараға облыстың құқық қорғау және мемлекеттік органдарының өкілдері, білім саласының мамандары, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Салтанатты ашылу барысында сөз сөйлеген қонақтар заңға құрмет, тәртіпке бағыну және азаматтық жауапкершілік – тұрақты қоғамның басты тірегі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Адал азамат» тұжырымдамасының маңыздылығы жастар тәрбиесіндегі негізгі бағдар ретінде айқындалды.
Фестиваль бағдарламасының мазмұны тәрбиелік әрі танымдық бағытта құрылды. «Білім – сенің қорғаның» атты ойын бөлімінде оқушылар жол жүрісі қағидаларын, қауіпсіздік талаптарын интерактивті форматта қайталап, құқықтық сауаттарын шыңдады. Құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесе өткізілген ойындар мен тапсырмалар балалардың зейінін арттырып, алған білімдерін өмірде қолдануға үйретті.
Сондай-ақ іс-шара аясында зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мектеп-гимназия ұжымы мен оқушылары заманауи AR/VR технологияларын қолдану арқылы әзірленген профилактикалық жобаларын таныстырды. Жасөспірімдердің саналы таңдау жасауына бағытталған анимациялық мультфильм мен квест ойыны көрермендер тарапынан жоғары бағаланды.
Фестиваль соңында белсенді қатысқан оқушылар марапатталып, құқық қорғау органдарының көрсетілімдік қойылымдары ұсынылды. Іс-шараның әсерлі түйіні ретінде полиция департаменті мен «Жас сақшы» сыныбының бірлескен шығармашылық өнері көпшілікке жол тартты.
Мұндай тағылымды іс-шаралар жас ұрпақтың бойына заңға құрмет, тәртіпке адалдық пен ел болашағына деген жауапкершілік сезімін сіңіріп, қауіпсіз әрі саналы қоғам қалыптастыруға өз үлесін қосады.