Облыста өткен референдумдағы бақылаушылар жұмысының қорытындылары шығарылды. Қоғамдық ұйым өкілдері дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуін қалай қамтамасыз еткені туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Дауыс» РҚБ Ақмола облыстық филиалының төрағасы Ерлан Закирьянов мәлімдеді.

Сайлау процесінің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету – оңай міндет емес. Бұл ауқымды дайындық пен нақты үйлестіруді талап етті. Жұмыс 16 ақпаннан бастап қолға алынды. Осы уақыт ішінде бақылаушылар өңір бойынша 1400 нысанды тексеріп, 700 сайлау учаскесін қамтыды. Облыстың ең шалғай аудандары мен қалаларында 34 мобильді топ жұмыс істеді.

«Біз тек дауыс беру күні бақылаумен шектелген жоқпыз, оған дейін де ұзақ уақыт дайындық жұмыстарын жүргіздік. Аудандарды аралап, кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткіздік. Әрбір ықтимал жағдайды талқылап, кез келген сын-қатерге дайын болуға тырыстық. Біздің штаб тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істеді, біз әрдайым байланыста болдық», — деді Ерлан Закирьянов.

Сонымен қатар, «Дауыс» коалициясына басқа да ұйымдар қосылғаны маңызды. Атап айтқанда, Азаматтық альянс, сондай-ақ «Бурабай» және «Светлое сердце» қозғалыстарының жергілікті еріктілері атсалысты. Спикердің айтуынша, мұндай бірлік пен ұйымшылдық ортақ табысқа жетудің негізі болды.

«Өңіріміздегі барлық 700 учаскеде біз басқа да қоғамдық бірлестіктер мен еріктілермен иық тіресе жұмыс істедік. Бұл азаматтық сектордың бір мақсатқа — процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шынайы бірлескен еңбегі болды», — деп атап өтті Ерлан Закирьянов.

Осындай үйлесімді жұмыс пен еріктілердің белсенді қатысуының арқасында өңірде сенімді бақылау жүйесі қалыптасып, өткен референдумның әділ әрі ашық өтуіне кепілдік берілді.