Ақмола облысында сайлау күні аға буын өкілдеріне құрмет көрсетуге бағытталған «Алтын жас» акциясы ұйымдастырылды. Сайлау учаскелеріне дауыс беруге келген қарт тұрғындарға естелік сыйлықтар табысталып, олардың ел өміріне белсенді араласуына алғыс білдірілді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметінен.
Акцияның басты мақсаты – өмірлік тәжірибесі мол азаматтарға құрмет көрсету, олардың қоғамдағы маңызды орнын атап өту және сайлау күнінің мазмұнын ізгілік пен өзара сыйластық құндылықтарымен толықтыру.
Ақ жаулықты әжелер мен ақсақалды қариялар сайлау учаскелеріне ертемен келіп, өз таңдауын жасады. Олардың арасында қоғамдық өмірге белсенді араласуды азаматтық парызы санайтын жандар аз емес. Әрқайсысы үшін сайлауға қатысу – ел болашағына деген көзқарасын білдірудің маңызды мүмкіндігі.
«Біз үшін бұл сыйлықтан да бұрын үлкенге деген құрметтің белгісі. Жас ұрпақтың бізді назардан тыс қалдырмай, осындай жылы ықылас танытқанына қуаныштымыз. Еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы әрдайым маңызды. Сондықтан бүгін келіп, өз таңдауымды жасауды азаматтық міндетім деп білдім», – деді акция қатысушысы Кабдулин Серикпай.
Аға буынның сайлауға белсенді қатысуы жас ұрпаққа да үлгі болары сөзсіз. Өйткені азаматтық жауапкершілік пен ел тағдырына бейжай қарамау – жасқа қарамай әр адамға ортақ құндылық.
«Аға буын – қоғамның үлкен өмірлік тәжірибесін бойына жинақтаған маңызды бөлігі. Олардың әрқайсысының ел тарихында өз орны бар. Бүгінгі акция арқылы біз тек сыйлық табыстауды емес, олардың қоғамдық өмірге араласуын, азаматтық белсенділігін құрметтеуді мақсат еттік», – деді акция ұйымдастырушылары.
«Алтын жас» акциясы сайлау күніндегі жағымды бастамалардың біріне айналды. Сыйлықтың өзі шағын болғанымен, оның астарындағы құрмет пен ықыластың мәні зор.
Бүгінгі қоғамда ұрпақтар сабақтастығының маңызы ерекше. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жастардың жаңашыл көзқарасы тоғысқанда ғана ортақ құндылықтар нығая түседі. Ал үлкенге құрмет көрсету – қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрі.
Сайлау учаскелерінде ұйымдастырылған «Алтын жас» акциясы да осы дәстүрдің заманауи көрінісін көрсетті. Аға буынның белсенділігі мен ел болашағына деген жанашырлығы – кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.
